ШӘКӘрімнің ДҮниетанымдық КӨЗҚарастырының Қалыптасуы



Дата31.12.2019
өлшемі54,5 Kb.
#54204
ӘОЖ 140.8:821.512.122
ШӘКӘРІМНІҢ ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ

КӨЗҚАРАСТЫРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Саяси ғыл.докт. Ә.С.Жақсыбеков

Фил.ғыл.канд. А.А.Айтпаева



Бұл мақалада қазақтың рухани мәдениетіне өзіндік үлес қосқан ойшыл, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниетанымдық көзқарастарының қалыптасуы мен даму тарихы нақты мысалдармен, ғылыми тұрғыда баяндалады.

Қазақ елі егемендігін жариялағалы бері халқымыздың рухани қазынасының тарихи тамырларына, олардың нәр аларлық жалпыадамдық және ұлттық құндылықтарына деген қызығушылық, ынта мен талап жоғары дәрежеге көтеріліп келеді. Өркениетті елдердің қатарына қосылуды, әлеуметтік өмірді гуманизациялап, саяси өмірді демократияландыруды пір тұтқан мемлекетіміздің мақсаты тұлғаның қадір қасиетін көтеріп, қазақ халқының рухани мәдениетін түлетіп, одан әрі дамуды, жеке адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруды көздейді.

Осындай маңызды міндеттерді атқару үшін халықтың өзіндік рухани тәжірибесінен туындайтын жетістіктерді және бұл міндеттерді өз мойнына алған ойшылдардың мұраларын игеру қажет. Қазақтың рухани мәдениетіне өзінің үлесін қосқан ойшылдардың бірі - Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ол Шығыс мәдениеті мен Еуропа елдерінің философиялық ойларына үңіліп дүниетанымымызды дамыта түскен ойшыл тұлға.

ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ ойшылдары түрлі философиялық ізденістер жасады. Ғасыр басында әлеуметтік-тарихи жағдайлардың қалыптасуы әртүрлі қайшылықтарға да толы болды. Енді Шәкәрім дүниетанымының, оның ішінде діни көзқарастарының дамуына себеп болған құбылыстар жөнінде бірер ауыз сөз.

Біріншіден, Шәкәрім көзқарастарының пайда болуына қазақ ұлтының ауыз әдебиеті, ертегілер, аңыз әңгімелер әсер етті. Қазақ халқының ұлттық мәдениетіндегі қиссалар, мақал-мәтелдер ауыздан-ауызға жетіп, рухани жетілуге өз әсерін тигізгені анық. Шәкәрім өзінің атасы Құнанбай қажының тәрбиесін көрген. Құнанбайдың қаталдығы мен діншілдігі, оның берген тәрбиесі Шәкәрімде де сақталған. Ат үстінде Құнанбай атасымен ел аралап, жер көріп, ел өмірімен араласқан. Қолына домбыра алып өлең жыр айтқан жыршылар мен әншілердің ортасында болған.

«Мені адалдық жағынан тәрбиелеп, ақыл берген үлкен әкем - Құнанбай», - деген Шәкәрімнің өзі. - Әсіресе, адалдық жағын үйрететін. Елге адал еңбек сіңірсең, адал болсаң абыройлы боласың. «Елге жақсаң құдайға да жағасың», «Көпті сыйласаң өзің сыйлы боласың» - деген сияқты нақыл сөздер айтады. Ата тәрбиесінен кейін Шәкәрімді қызықтырған ауыз әдебиеті болды. Ондағы айтылған халық мұңы, халықтың өмірге деген көзқарасы, қиыншылықты жеңе білуі - осының бәрі Шәкәрімнің дүниетанымын, философиялық ойын жетілдірді, оның өмірге деген көзқарасы халықпен ортақ, бірге болды. Шәкәрім өлеңдерінің көбісі төңкерістен бұрын шығарылған болуы керек. Себебі оларда қазақ өмірінің келеңсіз көріністері, мұң-зары, толғағы жеткен ауыр ойлар, қоғам бұқара үшін тебіреністері, идеялар айтылады. Шәкәрім жасынан «Мың бір түн» әңгімелерін оқып, ертегі айтып, парсы араб ақындарының өлеңдерін жатқа айтқан. Олармен бірге қазақтың «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек» сияқты қиссаларын жаттап алған. Ескі жыраулардын Бұхар жырау, Марқасқа, Үмбетбай, Асан секілді жыраулардың жыр-өлеңдерін, билердің мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін оқыған. Ақыл мен қуаты толыға бастаған шағында «Ләйлі-Мәжнүнді» жазды, сонымен қатар «Ромео-Джулеттаны» таныды. Сол кезде ел аузында елес, аңыз болып жүрген «Қалқаман-Мамырды» жазды. Ол қазақ даласының шындығын өз көзімен көрген адам. Міне, сол шындық Шәкәрім еңбектерінде тарихи тұрғыдан көрінді, екі ғашықтың өмірлік трагедиясы бүкіл халықтың трагедиясымен жалғасқан. Өмірлері арман толы болған, бірақ сол арманды орындауға үміт жоқ, сатқындармен опасыздардың құрбаны болған «Еңлік-Кебек» поэмасын дүниеге әкелді.

Екіншіден, Шәкәрімнің көзқарасының дамуына себеп болған - Шығыс елдерінің мәдени байлығы. Ол арабша, парсыша және түрікше жақсы білгендіктен осы тілдерде жазылған трактаттарды, діни кітаптарды оқи білді. Бұл жерде Шәкәрімнің араб, түрік тілін білуіне шешесінің ықпалы болған. Сонымен қатар ол кісі өлең шығарған. Шәкәрімнің өзі де «араб тілін білуіме шешемнің көп пайдасы тиді» - дейді. Шешесінің жеке құран кітабы, «Ғибадат исламиясы», «Мұхтасар», тағы басқа кітаптары болған. Шәкәрім қазақ шежіресін жазу үшін «Тибри», «Тарих ғумими», «Тарих ғұсмани», «Тарих интишар слам», Абылғазы баһадүр хан жазған «Шежіре түрік», В.В.Радловтың «Ойғыр туралы», Н.А.Аристовтың «Түрік нәсілі туралы» дүниедегі әртүрлі жұрттың шежірелерінен Түріктің ескі замандағы шежіресі «Құдатқу білік», «Кушишидам», Қытайдың Юан-Шау-Ми-Ши деген тарихшыларының жазғандарын оқиды. Сөйтіп, өзінің «Қазақ, түрік Һәм хандар шежіресі» атты еңбегін жазып шығады. Оның ішінде Табари, Рабгузи, Раши-Эддин, Бабурдың эпостық жырларын еркін оқып таныған. Өзге елдер әдебиетінің озық шығармаларын тәржімеледі. Өзінен бұрын өмір сүрген басқа елдер ғалымдарының, ақындарының еңбектерімен танысып, пайдалы жағын зердесіне түйген. Шәкәрім басқа да жазушы, ақын ойшылдармен танысқанын былайша білдіреді:

Айтқан сөз ауруға ем, жаға құмар,

Тауып айтқыш тәтті тіл сайраушылар.

Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов,

Қожа Хафиз, Науаи, Физули бар.

Ақын осындай ұлағатты жандар әр елде бар, соларды біле жүрейік, олардан ғибрат алайық деген ойды алға тартады. Ол Шығыстың Қожа Хафиз, Физули, Бағдади, Науаи секілді жарық жұлдыздарын қастер тұтты. Әйгілі «Ләйлі-Мәжүн» хикаясының Физули жазған нұсқасын тәржімеледі. Олардың бәрі шебер, нәзік көркем жырдың иелері, шешен тілді ақындар, маңызды әңгімелерді жазушылар, - дейді ақын. Тіпті Мұхтар Әуезовтың өзі: «Шәкәрімдей сол кезде Шығыс әдебиеттеріне жүйрік адам жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себепші болған ұстазым Шәкәрім», - деген болатын. Ақын «Құран» мен «Суннаны» жақсы білген. Құранның, діннің халықты адамгершілікке, танымдылыққа жетелеп үйрететіндігіне көзі жетті.

Үшіншіден, Шәкәрімді Абайдың философиялық көзқарасы қызықтырды. Адам санасын ақын объективті дүние адамның сезім органдарына әсер ету арықылы миға беріледі де, мида оның нақты бейнесі пайда болады. Оның тұжырымдауынша, білім де, мәдениет те адам миының жемісі болып табылады. Шәкәрімнің бұл жерде көзқарасы материалистік көзқарас болып шығатынын тұжырымдауға болады.

Шәкәрім жасынан Абай сусындаған білімнен нәр алған. Оның Абайға туысқан екендігін былай қойғанда, Абайдың шәкірті екендігін білеміз. Абай мен Шәкәрімнің еңбектеріндегі ортақ мәселе - адам мәселесі. Абай адамды бөлінбейтін екі ненгізден: жан мен тәннен тұрады деп есептеген. Абай дуализмді қабылдамайтын, материализмді түсінбеген. Бірақ дүниенің бар екендігін материалистік жолмен мойындаған. Абай дуализмінің ерекше болатыны осыдан. Мұндай көзқарас Шәкәрімде де бар. Абайдың дүниетанымы жас кезінен бастап Шәкәрімге әсер еткен. Абайдың дінін алатын болсақ, сол заманғы молда, ишандар пікірінен емес еді. Абай діні - рационалдық сыншыл ақылдың шартты діні болғандықтан, ол ақиқат, жаратылыс сырын философия тілімен түсіндіреді. Шәкәрім де бүкіл табиғатқа орта тұлға етіп адамды қояды, философиялық ойларының көпшілігінде адам және адамгершілік мәселесіне көңіл бөледі. Осы мәселені сөз еткенде біз Абай да, Шәкәрім де Шығыс философиясының дәстүрін саналықпен жалғарстырған деп айтқан ғалым Ғ.Есімнің жан-жақты талдауын ұмытпауымыз қажет.

ХІІ-ХІХ ғасырдағы антропологизм, тіпті Фейербахтың өзі де адамды абстрактылы түрде ғана биологиялық тіршілік иесі ретінде қарастырып, оның барлық қасиеттерін өмір жағдайлары, дәуір қалыптастырады деп есептейді, ол объективті дүниенің құбылыстары адам басында сәулелененді де, оның психикалық қызметінен көрініс табады.

Адам мәселесін Шәкәрім философиялық, биологиялық, психологиялық, эстетикалық дүниетанымдық жағынан қарастырған. Абай мен Шәкәрім шығармашылығында иман сөзі жиі айтылады. Абайша иман екі түрлі: бірі якини иман, екіншісі такиди иман. Якини иман - шын иман, нану, сену. Бұл иман ақылдан, дәлелден, ғылымнан туады. Шын иман танымнан шығуы, тууы керек. Неге сенсең де, соның сырын, ішкі мәнін біліп сен, тіпті құдайға сенген де оған дәлел арқылы сен дейді. Абайдың иманға беріп отырған түсінігі - көптеген философтарға тән рационалдық түсінік. Такиди иман - еліктеуден шыққан иман, наным, сенім. Бұл иман ақылдан, ғылымнан, дәлелден туған, тек дін иелерінің айтқанына нанудан, соларға еліктеуден туған иман. Иманның екі түрін талдап, Абай біріншіден, шын иман таныммен барабар дегенді аңғартады. Екіншіден, иманды этикалық адамгершілік мәселесімен ұштастырып, иман дегеніміз ар мен ұят дейді. Ұлы ғұлама «он үшінші сөзінде» иман жөнінде бір емес, екі түрлі түсінік бар екендігін, иманның екі түрлі болатынын айтып, «иман» деген діни ұғымға ғылыми және моральдық мән-мағына беруге ұмтылғанын да білеміз. Ал, Шәкәрім өзінің «Үш анық» атты еңбегінде мұны былай түсіндіреді. Адам, - дейді Шәкәрім, - ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді. Өлімнен соң басқа тіршілік бар. екі өмірге де керекті іс - ұждан. Ұждан дегеніміз - ынсап, әділет, мейірім. Адам ынсап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда мұсылманша ұждан, орысша совесть бар.

Адам мен қоршаған орта арасындағы қарым-қатынас мәселесіне де Шәкәрім ерекше назар аударған. Өйткені адамның жан-жақты дамып, материалдық және рухани жағынан өсуіне әсерін тигізетін бізді қоршаған дүние. Адам бойында қайырымдылықты, ізгілікті, адамгершілік асыл мұраттарды қалыптастыруда ұжданды ескерген жөн. Осы ұждан туралы философиялық ой-тұжырымын ол былай деп жазды: «Ізін білдірместің айласын тапса болғаны, себебі өлген соң жан өміріне нана алмай ұждан, совесть жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғалым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екендігіне әбден нанса, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы - ұждан, совесть деумен ешнәрседен кемдік көрмейді. Бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы».

Шәкәрім де, Абай да философиялық жүйе ойлап тапқан жоқ. Адамды, оның өмірін зерттеп жақсылық пен жамандық, күшті мен әлсіз, қайырымдылық пен тоғышарлық туралы өздерінше ой қорытты. Олардың ойынша, оқыған, білімге ынтық, білімге құлаш ұрған жанның ақылы толық, ойлауы терең. Ол-иманды адам, жауапкершілікті сезінеді, ақ пен қараны ажыратады. Нағыз адам өзіне жағдай, бостандық сыйлайтын еңбекке сүйенеді, оған іссіздік, жатыпішерлік, алаяқтық жат. Нағыз адамның мұратына жетуінің тағы бір шартын олар еңбек, қызмет деп есептейді. Еңбекті өмір сүрудің құралы деп қарамағаны, оның адамды тұлға ретінде қалыптастырушы күші деп санағаны белгілі.

Адам болмысы мен оның әлемге қатынасының жалпы негізі - өзін-өзі тануы. Адам өз ілімінің негізгі әдістемелік принциптерін айқындайды. Осыған орай Шәкәрім Құдайбердіұлының біз тілге тиек еткен діни және дүниетанымдық көзқарастарының әлеуметтік және рухани қайнар көздерінің бастамасы ғана.
Әдебиет
1. Ахат Шәкәрімұлы «Менің әкем, халық ұлы-Шәкәрім» // Жұлдыз №11,1992.

2. В.В.Радлов. Түрік тұқымдас халықтардың әдебиет үлгілері. //Шу 1870. 32 бет.

3. Н.А.Аристов. Түрік халықтарының этникалық составы туралы заметкалар және

олардың саны туралы мәліметте. //1989. 3-4 беттер.

4. Шәкәрім. Шығармалар. Алматы. 1988.

5. Құдайбердіұлы Шәкәрім. Үш анық. Алматы. 1991. 6 б.

6. Абайдың қара сөздері

ФОРМИРОВАНИЕ МИРОВОЗЗРЕНЧЕСКИХ ВЗГЛЯДОВ ШАКАРИМА
Докт.полит.наук А.С.Жаксыбеков

Канд.фил.наук А.А.Айтпаева


В данной статье с научных позиций на конкретных примерах анализируется формирование и история развития мировоззренческих взглядов мыслителя, ученого Шакарима Кудайбердиева, внесшего огромный вклад в развитие духовной культуры казахов.

THE FORMATION OF SHAKARIM’S PHILOSOPHICAL VIEWS
Doct.polit.sci. A.S.Jaksybekov

Cand.phil.scie. A.A.Aitbayeva


In this article the forming and the history of development of philosophical views of a thinker, scientist, Shakarim Kudaiberdy, who made a great contribution to the development of Kazakh’s spiritual culture, on a concrete examples and from scientific points of views are analyzed.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет