Шет тілін үйренуде баспасөз материалдарын лингвистикалық талдаудың маңызы
Г.А. Қожахметова
Қазақстан, Астана
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Қазіргі БАҚ тілі мен стилі ғалымдардың назарын аударып келеді. Себебі БАҚ тілінің өзіндік тілдік және стильдік ерекшеліктерімен қатар тілді оқытудың лингво-мәдени жақтары да БАҚ тілінің мәселесін кеңейте түседі. Кейінгі жылдары ақпараттық кеңістік заманында ақпараттың көзі болып табылатын бұқаралық ақпараттық құралдарының шетел тілін оқытуда маңызы зор. Себебі БАҚ материалдарын қолдану тілді меңгеруде тек оқулықты қолданумен шектелуді жойды, яғни оқу аудиториядан тыс сипат алды деп айтуға болады. Бүгінгі күні БАҚ материалдарын қолданбайтын адам сирек кездеседі. Қажет ақпаратты тек ана тілімізде ғана емес шет тілінде де алу әсіресе қазіргі білім алушылардың өздік жұмыс жүргізу барысында маңызы артуда.
Алайда БАҚ материалдарын қолдана білуде үшін оның өзіндік стилі мен тілін қарастыру қажеттілігі туындайды. БАҚ тілі мен стилін қарастыру оның түрлеріне байланысты болады, яғни теледидар қолданатын сөйлеу түрі, баспасөзде басқаша сипат алуы мүмкін.
БАҚ мәтіндерінің ерекшеліктерін әдеби тілмен салыстыра отырып оның дәрежесі төмен деп есептеу қателік болып табылатындығын ғалымдар әлдеқашан анықтады. Баспасөз материалдарын пайдалануда оның өзіндік ерекшеліктерін білу шет тілінде ақпаратты пайдалануда тиімді болып табылады. Қазіргі кезеңде тілді үйретудің коммуникативтік талаптарының бірі - тілді түпнұсқалық материалдарды қолдана отырып үйрету. Бұл адамның тілді үйренуге деген ынтасын жоғарылатады, себебі бұл құралдар тілі тілді үйренушілер мен сол тілде сөйлеушілерге ортақ бола алады. Сонымен қатар әр елдің сөзді қолдануы, дүниетанымы олардың тілді қолдануынан көрінеді. Ағылшын тілді американдық, британдық т.б. газеттердің өз ерекшеліктерін білу қажеттігі туындайды.
Баспасөз тіліне тән болатын кейбір тілдік нормалардан ауытқушылық та тіл үйренушілер үшін қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан тіл үйренушілер үшін ақпараттық құрал материалдарын пайдалануда қажетті білімнің болуы біраз қиындықтарды жояды. Мұндай жұмыстың түрлеріне баспасөз материалдарын лингвистикалық талдау, мәтінді аударудың ерекшеліктері мен қиындықтарын анықтау, газет стилімен танысу, грамматикалық және лексикалық, пунктуациалық ерекшеліктері т.б. жатады.
Баспасөз материалы әр түрлі стилистикалық белгілердің жиынтығы болғанымен де, оның өзіндік стилистикалық белгілері мен сөздері бар деп айтуға болады. Газет материалдарының ішінде жаңалықтарды талдауда оның құрылымына мән беріледі. Бұл жерде ең маңызды ақпарат алдыңғы қатарда тұрады. Сонымен қатар газет жаңалықтарында басқа мәтіндердегі тәрізді хронологиялық тәртіп сақталмайды [2, 172].
Газет мақалаларын талдауда, ең алдымен, мақаланың тақырыбы (headline) мен қысқаша мазмұнына (lead) көңіл бөлінеді. Мұндағы мақаланың тақырыбының рөлі маңызды, себебі ол оқырманның назарын аударушы болып табылады. Басты тақырыптың жасалуының өзіндік ерешеліктері бар. Ол көбінесе зат есім фразаларынан тұрады және толық сөйлем түрінде болмайды. Мысалы, “India House death bid case dropped”. Мардхтың айтуынша, мақаланың басты тақырыбы орта есеппен жеті сөзден тұрады [4, 88].
Ван Дижктің айтуынша, макроқұрылым мәтіннің негізгі тақырыбын анықтауға көмектеседі [6,130]. Ол ақпаратты қысқартуға және ұйымдастыруға әкеледі, мәтіннің дискурстық сипатын көрсетеді. Оған қысқарту (маңызды емес ақпаратты алып тастау), жалпылау (бірнеше сөзді жалпылау) және конструкция (бірнеше сөйлемді біріктіру) жатады. Мәтінді бөліктерге бөліп оқыту оның құрылымын бұзып, ақпаратты толық меңгеруге мүмкіндік бермейді. Оқылған мәтіннен түсінгенін тексеру әр түрлі жаттығулардың көмегімен іске асырылады.
Кез келген газет жаңалықтарында сол мәселеге көзқарас беріледі. Фоулердің айтуынша, мәселенің айтылу жолы сол мәселемен бірдей маңызды болады. Идеология тек қана сөзбен емес, грамматика, синтаксис, пунктуация сияқты лингвистикалық құрылым элементтерімен де беріледі [3, 69].
Газет мақалаларымен жұмыс көбіне шетелдік мәтінмен жұмыс түрлерін негізге алады. Мәтінмен жұмыс істеудің алдында түпнұсқадағы газет мәтіндерін оқуда кездесетін лексикалық-грамматикалық қиындықтар туғызатын кедергілерді жою жұмыстары жүргізіледі.
Баспасөз мақалаларындағы негізгі элемент болып саналатын грамматикалық құрылым да өзгеше құрылады. Мұнда актив және пассив сөйлемдердің қолданылуы автордың басты ақпаратты беру мақсатына байланысты болады. Мысалы: The police shot a demonstrator. A demonstrator was shot by the police. Бірінші сөйлемде the police сөзі алдыңғы қатарға шықса, екінші мысалда a demonstrator сөзі негізгі тақырып болып саналады. Сонымен қатар, етістікті зат есімге ауыстырып қолдану да жиі кездесетін құбылыс. Мысалы: The shooting was investigated Мұнда бір shooting сөзі тұтас сөйлемді алмастыра алады. Ал егер негізгі орындаушыны қатыстырмайтын сөйлемдерде көбінесе non-finite infinitival clause қолданылады [7, 40]. Мысалы: To maintain this policy is hard.
Баспасөз материалдарын талдауда пунктуация ерекше қызмет атқарады. Мысалы қысқарған сөздерде апострофтың қолданылуы, үтірдің сөздің мағынасын дұрыс берілуі үшін мақсатты қойылуы, префикстер мен суффикстерді жалғаудағы сызықшаның, тырнақшаның қолданылуы, бас әріппен жазылатын сөздер т.б.
«Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық-саяси элементтер көп қолданылатын ақпараттан тұрады. Газеттердің басты қызметінің бірі – ақпарат беру мен үгіт-насихат жұмыстары негізінен қоғамдық-саяси лексикаға жататын сөздер тобы арқылы іске асатындықтан, ол газеттің төл лексикасы саналады» дейді Б.Момынова. Кез-келген басылымның оқырманға әсер етуге бағытталған ұстанымдары: оларды әлемде болып жатқан маңызды оқиғалардан хабардар ету және оқырманның газетке деген қызығушылығын ояту, яғни басылымға назар аударту, оқырманды оқиғалар мен фактілердің дұрыстығына, шынайылығына және оған берген бағаның объективтілігіне сендіру [1, 52].
Баспасөз мақалаларындағы көзқарас көбіне бейтарап, біржақты емес болып саналады. «Баспаcөз мақалаларына оқырманның пікіріне автордың пікірі әсер етпеуі тиіс» дейді Верлих [8, 64]. Газет мақалаларындағы сөздердің қолданысы оқырмандардың арасына кең таралымымен, бейнелілігімен, баяндаудың шеберлігімен, жағымды және жағымсыз мағынадағы мәнерлілігімен сипатталады.
Адамдарды, оқиғаны суреттеуші ретінде сын есімдер басты рөл атқарады. «Сын есімді қолдануға аса сақтықпен қарау керек» дейді Мерил. Себебі сын есімдердің қолданысы жағымды немесе жағымсыз әсер тудырады [5, 73]. Ол сын есімдерді субъективтік, объективтік және бұл екі түрге жатпайтын аралық деп бөлуді ұсынады. Мысалы: субъективтік – raving mad, объективтік – mentally unstable, аралық – insane.
Газет мақалаларында сөздердің тура мағынасында берілмеуі мәтінді оқуда түсінбеушілік тудырады. Аударма жұмысы кейде мәтіннің мағынасын түсінуге кедергі келтіреді, себебі білім алушының барлық ынтасы шетелдік сөздерді аударма жасауға жұмсалады. Мұндай қиындықтар болмас үшін, бастапқы этапта оларды мәтінді барлық сөздерін білмейтін, болжау арқылы аудармасыз түсінуге көздерін жеткізетін жеңіл газет мәтіндерін беру қажет. Мәтінді түсіну барысында кездесетін қиындықтардың бірі – барлық тілде формасы бірдей болғанмен мағынасында айырмашылық болатын сөздер. Бұған саяси терминдер, халықаралық сөздер мен неологизмдер жатады. Мысалы data – дата, institution – институт, speculation – спекуляция т.б.
БАҚ материалдары тек баспасөз материалдарын талдаумен қатар білім алушыларға өз бетімен атқаратын баспасөз материалдарын аудару, мақала, пресс-релиз жазу және басқа да шығармашылық жұмыстар жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстың түрлері білім алушының ізденуіне, көптеген ақпаратты өз бетімен зерттеуіне жағдай жасайды. Алайда мұндай жұмыс түрлерін орындауда олардың өзіндік талаптарын білуді қажет етеді. Мысалы, пресс-релиз немесе комментарий жазу жұмысын алатын болсақ, білім алушы егер пресс-релиздің мақсатын, құрылымының, тілдік ерекшеліктері туралы білімі болмаса оны дұрыс орындамауы мүмкін.
Мәтінмен жұмыс оны интерпретациялаумен аяқталады. Оған оқиғаның қоғамдық маңызы, себебі, адамдардың іс-әрекеті, оқығанын қорытындылау кіреді. Сонымен қатар, БАҚ материалдарын мазмұндау барысында білім алушының ондағы негізгі ақпаратты табуы, стилистикалық әдісін, тақырыбын, негізгі идеясы мен қарастырылған мәселені анықтауы және газет хабарламасы туралы өз пікірін білдіре алуы да баспасөз мәтіндерімен жұмыс істей алу қабілетін талап етеді.
Мәтінді талдау жасауда оны түсінуге оқиға болған елдегі саяси жағдайды білмеу де кедергі келтіреді. Мұндай кезде білім алушылармен алдын-ала жұмыс жүргізілуі керек. Газеттік мәтіндерді оқу формасы іштей оқу болғандықтан, оны дауыстап оқуға баса назар аударылмайды. Тек қиындық келтіретін термин сөздермен жұмыс немесе кейбір атаулардың дұрыс айтылуы бойынша жұмыстар жүргізуге болады.
Баспасөз материалдарымен жұмыс істеудің негізгі мақсаты шетел тілін үйренушілердің мәтіннің мағынасына көңіл қойып, іштей аудармасыз түсініп оқуға үйрету және мәтіннен ақпарат ала отырып оған талдау жасай білу. БАҚ мәтіндерін дискуссия жүргізуде қолданылуы ондағы мәселелер туралы ой-пікір білдіруге және мәселені тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. БАҚ материалдарын лингвистикалық талдау жасау, оның ерекшеліктерін білудің маңызды жақтары коммуникативтік сипаттағы лексикалық жаттығулармен жұмыста және проблемалық сұрақтарды талқылау, дөңгелек стол немесе конференцияларда талқылауға арналған мәселелерді, қоғамдық-саяси бағыттағы баспасөз мәтіндерін түсінуге және аударуға, ұсынылатын тақырыптық материалдар бойынша әңгіме жүргізуге және қысқаша мәлімдемелер жасауға үйрету болып табылады.
Шет тілдік баспасөз материалдарын шетел тілін оқытуда қолдануда білім алушыға БАҚ тілі мен стилінің жалпы ерекшеліктерін білудің, мақалаға лингвистикалық талдау жасау, ұғымдардың мәнін контекстте түсінудің т.б. маңызы зор. Егер біз шет тілдік материалды қолдану барысында аталған жайларды ескермесек, оның тек жалпы мағынасы ғана белгілі болып қала береді және материалды мазмұндау үшін толық түсінудегі қиындықтарға әкеледі.
Тірек сөздер: шетел тілін оқыту, БАҚ тілі, стилі, лингвистикалық талдау
Қолданылған әдебиет тізімі:
Момынова Б. Газет лексикасы жүйесі мен құрылымы.- Алматы, 2003. -228б.
Bell, Allan. The Language of the News Media. - Oxford, U.K.: Blackwell, 1991. p. 104.
Fowler, Roger. “The intervention of the media in the reproduction of power.” In Approaches to Discourse, Poetics and Psychiatry, ed. Diaz-Diocaretz, Van Dijk and Zavala. – Amsterdam: Benjamins, 1987. p. 67-80.
Mardh, Ingrid. Headlinese: On the Grammar of Front page Headlines, 1980.
Merrill, John C. “How Time stereotyped Three U.S. Presidents”, 1965. Reprinted in Language Power, ed. Boltz&Seyler, - New-York: Random House, 1982. p.71-82.
Van Dijk, Teun A. Text and Context: Explorations in the semantics and pragmatics of discourse. - London: Longman, 1977.
Van Leeuwen, Theo. “The representation of social actors.” In Texts and Practices: Readings in Critical discourse Analysis, ed. Caldas-Coulthard&Coulthard. - London: Routledge, 1996. p. 32-70.
Werlich, Egon. A text Grammar of English. - Heidelberg: Quelle & Meyer, 1976.
Аннотация
The article considers some problems as the knowledge of the peculiarities of press language and style in teaching foreign languages. It also views the importance of the ability to make linguistic analysis of the foreign news materials and interpreting the text.
Достарыңызбен бөлісу: |