СӨЖ:Тұлғаның қабілеттері мен мүмкіндіктері
Тұлға — жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерінің жиынтығы, қоғамның даму жемісі және белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі.
Жеке тұлға белгілі бір тәртіппен экономикалық қызметке қатысушы және толық құқықты қызмет субъектісі ретінде әрекет етуші адам. Жеке тұлға өз атынан әрекет етеді және ұжымдық құрылым болып табылатын заңды тұлға сияқты фирма құруға мұқтаж емес. Сондай-ақ ол құқық қатынастарына қатысушы адамды (азаматты) білдіретін термин ретінде де қолданылады.Психологияда “жеке тұлға” деген ұғымның әртүрлі түсіндірмелері бар, бірақ олардың көбісі мына түсінікке келіп тіреледі: “жеке тұлға” дегеніміз әлеуметтік қатынастар мен саналы іс әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид.
Жеке тұлғаның ең басты белгісі оның әлеуметтік мәнінің болуы және оның әлеуметтік функцияларды (қызметтерді) (болмысқа, адамдарға, өзіне,жалпы қоғамға қатысты) атқаруы. Жеке тұлға, сондай ақ, психологиялық дамудың белгілі бір деңгейіне ие (темперамент, мінез, қабілеттілік, мақсат-мүдделер).
Тұлға психологияда өзінің өмір жолын белгілей алатын, қайталанбас даралық ерекшелігін сезінетін субъект. Тұлға адам ұғымынан гөрі нақты мағынаға ие. Өйткені адам тұлғалық сипатты иелену үшін өз “менің” өзге “меннен” ажыратып, есейіп, өз бетінше дербес әрекет ету мүмкіндігін ашуы керек. Яғни, белгілі бір мәнді іспен айналысатын, азды-көпті білімі, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұлға деп атайды. Қазақ ұғымында бала мұндай азаматтық атқа бозбалалық шақта ие бола бастайтынын “Он үште отау иесі” деген мақалдан көруге болады. Халықта өзінің өнегелі істерімен, имандылығымен ерекшеленген адамды ерекше қастерлеп, кісілігі бар тұлға дейді. Тұлға бойындағы адамгершіліктің көрінісі ар-ұятқа кір келтірмеуінен, намысын жоғары ұстауынан байқалады.
Қабілеттілік – жеке адам туралы ілімнің құрамды бір бөлігі болып табылады. «Қабілеттілік» ұғымын ғылымға алғаш рет Платон енгізген əрі көптеген ғалымдар оның пікіріне сүйенеді. Яғни, қабілеттіліктің пайда болуы тұқымқуалаушылықтан болады. Ал оқыту жəне тəрбиелеу олардың ары қарай даму үрдісін жылдамдатады. Оған дəлел ретінде, ұлы танымал адамдарды мысал етті (Моцарт, Раффель т.б). Платонның ойынша, адамдар өздерінің қабілеттеріне қарай əртүрлі болады, біреулері басқару үшін, біреулері бағыну үшін дүниеге келеді. Дегенмен, бұл ойларды теріске шығарушылар да болды.ХІХ ғасырдың екінші жартысында қабілеттілікті зерттеудің жаңа кезеңі басталды, психологиялық тестілеу, онымен бірге ғылымның жаңа бағыты ретінде даралық ерекшеліктердің психологиясы (дифференциалды психология) пайда болды. Бұл мəселемен Францияда өзінің қызметкерлерімен бірге А. Бине, АҚШ-та Д. Кеттел мен С. Холл, Германияда – В. Штерн мен Э. Крепелин айналысты.
Қабілет мəселесіне терең талдау жасаған Б.М. Тепловтың пікірінше, қабілетті дамытпау, көрсете білмеу, біртіндеп айырылу дегенді көрсетеді. Ол эмпирикалық қабілеттіліктердің үш сипатын ұсынды:
1) қабілеттіліктер – бұл бір адамды басқадан айрықшалайтын жеке психологиялық ерекшеліктері;
2) бір немесе бірнеше ісəрекеттердің жетістікті орындалуына қатысы бар ғана ерекшеліктер;
3) білім мен біліктілікті меңгерудің жеңіл əрі жылдам болуының шарты бола тұрса да, қабілеттіліктер білімге, біліктілікке жəне іскерлікке теңелмейді. Əрине, іс-əрекеттің табысты болуын мотивтер де, тұлғалық ерекшеліктер де ықпалын тигізеді.
Мотивтердің жоғары болуы жəне еңбексүйгіштік сияқты тұлғалық ерекшеліктер де жетістікке жетуді жоғарылатады. Б.М. Тепловтың іс-əрекетті меңгерудің жеңілділігі мен жылдамдылығына іс-əрекеттегі жетістікпен бірге қабілеттілік те негіз болады жəне бұл үйрену жылдамдығы мотивтерге тəуелді болуы мүмкін, бірақ үйрену барысындағы жеңілдік сезімі (басқаша айтқанда, «субъективті баға беру», қиыншылықтарды бастан кешіру) ынталандыру мотивіне кері қатынаста болуы əбден мүмкін деген анықтаманың жағдайын өзгертеді. Б.М. Тепловтың ғылыми зерттеулерін одан ары қарастырған В.Д. Небылицин қабілеттерде жəне дарындылықта, ең алдымен жеке даралық айырмашылықтарға назар аудару керек деді.Сонымен, адамның қабілеттілігі неғұрлым дамыған болса, соғұрлым ол іс-əрекетті табысты орындап, оны тез меңгереді, ал іс-əрекеттің өзі жəне іс-əрекетті меңгеру үрдісі өзінің қабілеттілігі жетпейтін саладағы жұмысы немесе оқуына қарағанда субъективті оңай болады.
Достарыңызбен бөлісу: |