Тақырыбы: Қазақстан тарихы бойынша ежелгі жазба деректер Жоспар



бет1/10
Дата09.10.2022
өлшемі52,39 Kb.
#152318
түріПоэма
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Деректану


Тақырыбы: Қазақстан тарихы бойынша ежелгі жазба деректер


Жоспар:
1. Ежелгі парсы, грек, рим, қытай жазбаларындағы мәліметтер. Ежелгі жазба түркі ескерткіштері: пайда болуын сынау, мәтінін оқу және түсіндіру.
2. Гомер поэмасы. Тарихнамасы. Зерттелу кезеңдері. Тарихи дерек ретіндегі ерекшелігі, маңызы және орыны, тарихи дерек көзі ретінде зерттеудің негізгі проблемалары.
3. Батыс Европа саяхатшылары Палано Карпиниди (1182-1252), Вильгелм Рубруктің, Марко Полоның т.б. жазбалары.


Әдебиеттер:
1. Атабаев Қ. Қазақстан тарихының дерек сөзі 1870-1918. А., 2000.
2. Әбілғазы Баһадүр. Түрік шежіресі. А., 1991.
3. Абусеитова М.Х., Баранова Ю.Г. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии в ХІІІ-XVIII вв. А., 2001.
4. Бимаканова З.Ш.Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы. А., 2015.
5. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. А., 1994.
6. Гумилев Л.Н.Хұндар. А.,1998.
7. Жеменей И., Дәулетхан Ә., Қатран Д. Деректану (қазақ тарихы мен мәдениеті парсы, қытай, монғол, түрік, мажар тілдеріндегі кейбір деректер бойынша): ғылыми ізденістер жинағы. А., 2002.
8. Сейткасымов А.А., Шапкенов А. Қазақстан тарихы деректану пәнінен оқу әдістемелік құрал. Кокшетау, 2013.

1. Парсы деректері: Бехистун жазбасы, ортаңғы Иран ескерткіштері.


2. Антикалық авторлардың еңбектері.
3. Қытай саяхатшылары мен тарихшыларының жазбалары.

Қазақстанның ежелгі дәуірдегі тарихы жөніндегі мәліметтер көне парсы, көне грек, латын, қытай, т.б. тілдерде жазып қалдырылған. Археологиялық ескерткіштермен қатар жазбаша деректер ежелгі дәуірдегі Қазақстанды мекендеген тайпалар мен тайпа одақтарының шаруашылық және әлеуметтік қатынастарын, мәдениетін, тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын зерттеуге мүмкіндік береді. Қазақстанның ежелгі дәуірдегі тарихы бойынша деректердің негізгі топтарының сипаттамасына тоқталайық.


1. Парсы деректері: Бехистун жазбасы, ортаңғы Иран ескерткіштері. Қазақстанның ежелгі дәуірдегі халықтарының тарихы жөніндегі жазбаша деректер І Дарий (б.з.б. 522-486 жж.) және Ксеркс (б.з.б. 486-465 жж.) патшалардың Ахеменид державасында қолданылған негізгі үш тілде: көне парсы, элам және аккад тілдерінде жазылған ежелгі парсы жазбалары болып табылады.
І Дарийдің билік басына келуінің және содан кейін болған азамат соғысының мән-жайы туралы баяндалатын Бехистун жазбасының зор маңызы бар. Жазбада «елдер» – тайпалардың мекендеген аймақтары көрсетіліп, Таяу және Орта Шығыстың, сондай-ақ Орталық Азияның тарихи географиясы жөнінде едәуір материал берілді. Қазіргі уақытта ғылыми әдебиетте сақ тайпалары – хаумаваргалар мен тиграхаудалар Қазақстан аумағына қатысты деген пікір орныққан, алайда Ахеменид әулеті кезеңінің басқа жазбаларын тарта отырып, жазба деректеріне мұқият талдау жасау бұл тайпалардың Хамун көлі ауданында, қазіргі Иран мен Ауғанстан шекарасында, кейіннен Сакистан (Сейстан) аталған ауданда орналасқанын көрсетеді.
Ахеменид әулеті кезеңіндегі мәдениет пен дінді зерттеу үшін маңызды басты ірі жазба болып Ксеркс патшаның «дәулер туралы» атты жазбасы табылады, онда Ксеркстің зороастризмді мемлекеттік дін ретінде енгізуімен байланысты діни реформасы баяндалады. Көне парсы жазбаларында тарихи-географиялық деректерден басқа, антик деректерінің мәліметтерін тексеруге және оларды едәуір нақтылай түсу үшін біраз материал беріледі.
Ортаңғы Иран ескерткіштері – парфяндар тілінен бастап, «ортаңғы кезең» дейтін иран тілдеріндегі эпиграфиялық және нарративтік деректердің атауы. Парфяндардың, ортаңғы парсы, соғды, хорезм, бактрия тілдері мен басқа да бірқатар тілдер соған жатады.
Тарихшылар үшін парфяндардың ортаңғы парсы және соғды тілдерінің өзге де диалектілерінде жазылған манихей дінінің мына шығармалары маңызды:
1) Бундахишн. «Әлем» – зороастрашылдардың ғарышнама және Ғаламның құрылысы туралы түсініктері айтылған көлемді шығарма.
2) Денкарт. «Наным негіздері» – зороастралық діни ілімнің бізге дейін жетпеген Авеста бөлімдері тізіп келтірілген және қайталап айтылған көп томды энциклопедиялық баяндалуы.
3) Арда-Вираз-намак – Александр Македонский жаулап алғаннан кейін құлдырап кеткен зороастралық наным туралы дұрыс түсінік алу үшін Вираз әулиенің жұмақ пен тозаққа саяхаты жөніндегі шығарма. Бұл кейінгі Сасанилер дәуіріндегі зороастризм реформацияларының бірін бейнелейтін өте қызықты шығарма.
4) Панд-намак-и Ардашир-и Панакан – Сасанилер әулетінің билік басына келуінің аңызға айналған нұсқасы айтылған ақсүйектік шығарма.
Ортаңғы парсы мәтіндеріне Орта Азия мен Қазақстан тарихшылары зор ынта қояды, өйткені онда ерте орта ғасырлардан бастап ХІІ-ХІІІ ғғ. дейінгі түпнұсқалық жазба деректер келтірілген. Оларда түріктер, эфталиттер, осы аймақтағы басқа да халықтар мен оқиғалар туралы деректер бар. Алайда осы кезге дейін бұл деректер өте нашар тартылып келді, мұның өзі бірінші кезекте иран тілдерінің фонотекасына өте нашар бейімделген арамей жазбасымен жазылған ортағасырлық мәтіндердің қиындықтарына байланысты болып келеді.
2. Антикалық авторлардың еңбектері. Қазақстанның ежелгі дәуір тарихын оқып-білуде антик тарихнамасы неғұрлым мазмұнды болып табылады. Қазақстанның сол кезеңдегі тұрғындары туралы мәліметтер ертедегі Грекияға Парсы елі арқылы, сондай-ақ Қара теңіз өңіріндегі грек отарлары арқылы жетіп тұрды. Геродоттың (б.з.б. 484-425) «Тарих» деген еңбегінің төртінші кітабында скиф тайпаларының орналасу географиясы, олардың тарихы, рухани мәдениеті, әдет-ғұрыптары туралы баяндалады. Геродот хабарларының негізінде деректі материалдар да, Қазақстан мен Орта Азияның сақ (скиф) тайпаларына барып тірелетін ауызша фольклорлық дәстүр де алынған.
Ктесийдің «Парсы тарихы» деген шығармасында Ахеменид әулеті кезеңінің тарихы жөнінде бірқатар құнды деректер жиналған. Бұл еңбекті Диодор (б.з.б. І ғ.), Үлкен Плиний (б.з.-ң І ғ.), Клавдий Элиан (б.з.б. ІІ-ІІІ ғғ.) сияқты авторлар дерек ретінде пайдаланған. Неғұрлым кейінгі авторлар Ктесийдің «тарихи романның атасы» деп атайды. Ктесийдің әңгімелерінде кейде анахронизм сарыны сезіледі. Дегенмен, ежелгі грек жазушысының ақпаратында ертедегі Қазақстан этностары, олардың орналасқан жерлері, қоғамның саяси ұйымдастырылуы туралы анық деректердің жекелеген маңызды ұшықтары әр жерде шашырап жатыр. Ктесийдің бірқатар қызықты новеллалары шын мәнінде жергілікті халық дәстүрінен мәліметтер береді.
Қазақстан тарихын зерттеу үшін грек тарихшыларының Александр Македонский жорықтарын суреттейтін шығармаларының бірсыпыра маңызы бар, олардың арасында Диодорды, Помпей Трогты, Полибийді атап өткен жөн. Олардың көшпелілер мен Парфия, Грекия мен Бактрия арасындағы кейбір қақтығыстар туралы жеткізген мәліметтері ерекше маңызды. Алайда, оларда Қазақстанның ертедегі тайпалары туралы нақты ақпарат көп емес. Оларда айтылған этностарды басқа деректердің мәліметтерімен ұқсастыру өте қиын.
Ертедегі Қазақстан тарихы үшін географиялық антик әдебиеті маңызды дерек болып табылады. Оның көрнекті өкілдерінің бірі – Страбонның (б.з.б. І ғ. – б.з.-ң І ғ.) «Географиясында» Қазақстан мен Орта Азияның табиғи жағдайлары мен халықтарының тұрмыс-салты туралы мәліметтер олардың саяси тарихының әр түрлі оқиғаларымен ұштастырылды. Страбон географиялық әдебиетті үстірт бағдарға ала отырып, кейде нағыз географиялық жағдайды онша біле бермеді. Мәселен, ол Каспий теңізін тұйық бассейн емес, мұхит шығанағы деп санады және Арал теңізі жөнінде ешнәрсе білмеді, мұның өзі, әлбетте, жалпы көріністің бұрмалануына әкеп соқты. Птолемейдің (б.з.-ң І ғ. аяғы – ІІ ғ.) «География» атты шығармасы күрделі болса да, бағалы дерек болып табылады. Мәтінде қалалардың, өзендердің, тау тізбектерінің, көлдердің географиялық орындары беріліп, әр түрлі аймақтардың, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның шекаралары көрсетілген. Птолемей сақтар елімен (Қазақстанның оңтүстігі, Сырдария алабының бойы болар) қатар Скифияны да біледі, ал Еділден Балқаш көліне дейінгі кең-байтақ жер Скифия деп қарастырылды. Бұл мәліметтердің құндылығы өте зор болғанымен, оларды абайлап пайдалану қажет, өйткені Птолемейдің түрлі деректерден алынған мәліметтерді сын көзбен байыптап тексеріп алмай, қоса салатыны да кездеседі.
3. Қытай саяхатшылары мен тарихшыларының жазбалары. Б.з.б. ІІ ғ. бастап Қазақстан тарихын зерттеуде қытай деректері айтарлықтай рөл атқарады. Антик авторларына қарағанда, қытай авторлары жалпы алғанда Қазақстандағы жағдайды жақсырақ білетін еді. Қытай экспансиясының батысқа жылжуы Шығыс Түркістандағы, Қазақстан мен Орта Азиядағы жағдайды дәл білу қажеттігін туғызды. Бұл орайда халықтар мен тайпалардың мінез-құлқы мен өмір салты, саяси құрылысы туралы материал мақсатты түрде жиналды. Бұл ақпарат елшілердің, саудагерлердің, саяхатшылар мен миссионерлердің Орта Азия иеліктеріне жасаған сапарларының нәтижесінде, қытай әскерлерінің жорықтары кезінде алынып, жеткізіліп отыратын.
Қазақстан халықтары туралы алғашқы анық мәліметтер император У-ди (б.з.б. 140-86 жж.) батыс облыстарға жіберген тұңғыш қытай елшілігінің жетекшісі Чжан Цяннан алынған. Чжан Цянь «батысқа» б.з.б. 138 ж. және б.з.б. 115 ж. екі саяхат жасады. Олардың көздеген бір мақсаты сюннуларға (ғұндарға) қарсы Орта Азия тұрғындары юэчжилермен және Жетісу усундерімен одақтасуға қол жеткізу еді. Чжан Цянь өз миссиясы барысында жат жерліктердің шаруашылығының жай-күйіне, олардың әскерлері санына, қару-жарақтарына ерекше назар аударды, сондай-ақ олардың әдет-ғұрпының, мінез-құлқының, киім-кешегінің ерекшеліктерін жазып алып отырды.
Әулеттік тарихтар ішінде Қазақстан мен Орта Азия халықтары туралы көлемді және бағалы деректер Сыма Цянның (б.з.б. 145-86 жж.) «Тарихи жазбалар» («Шицзи») деген тарихи еңбегінің «Өмірбаян» бөлімінің «Сюнну туралы хикая» және «Давань туралы хикая» деген екі тарауында, сондай-ақ Хань императорлары мен қолбасшыларының өмірбаяндық суреттемелерінде келтірілген. Мұнда Орталық Азия иеліктері, олардың өзара және Қытаймен қатынастары туралы маңызды мәліметтер жинақталған. Сыма Цянның еңбегінде аңызға айналған кезден бастап аса көрнекті тарихшы өмір сүрген кезге дейінгі бүкіл тарихи кезең қамтылады.
Б. з.-ң І ғ. Бань Гу жазып, оның оқымысты қарындасы Бань Чжао аяқтаған «Ежелгі Хань тарихы» («Цянь Ханьшу») еңбегі ортодоксалдық конфуциандық еңбектер қатарына жатады, ол тарихи шығармалардың жаңа жанрын – бір әулеттің басқару тарихын бастап берді. Қытай мен Орталық Азияның б.з.б. ІІ ғ. бастап жаңа заманға дейінгі тарихы баяндалатын 26 әулеттік тарихы Қытайдың бірегей тарихи мұрасы болып табылады. Бань Гудың шығармасында Орталық Азияның жат жерлік халықтары суреттелетін мәліметтерге «Сиюй чжуань» («Батыс өлке туралы хикая») деген арнаулы тарау бөлінген. Осы тарихи-географиялық жағынан жаңа аймақты бөліп көрсету қытайлардың географиялық білімінің кеңейгенін ғана емес, сонымен қатар Қытайдың сыртқы саясаты мен геосаясатында оған стратегиялық мән берілгенін де дәлелдейді. Хроникада Хань империясынан Орта Азияға апаратын негізгі жолдар көрсетіліп, оның этникалық топтары, олардың айналысатын жұмыс түрі, экономикалық және әскери жағдайы, Шығыс Түркістанның қалалары, олардың арасындағы соғыстар мен сауда, саяси одақтар суреттелген. Бань Гудың еңбегі 200 жылдай кезеңді қамтиды, онда Давань, Усунь, Кангюй, сондай-ақ Сюнну иеліктері туралы, оның ішінде сюнну билеушісі (шаньюй) Чжичжидің Солтүстік-Батыс Тянь-Шаньдағы иеліктері туралы мәліметтер бар. Алайда, Бань Гу өзінің еңбегінде өз кезіндегі оқиғалар туралы жазбаған, сондықтан оның еңбегі «Ежелгі Хань әулетінің тарихы» деп аталады.
V ғ. авторы Фань Е «Цянь Ханьшу» мәліметтерін толықтыра келіп, Бань Гудың еңбегіне баға берген. Фань Е Қытайдың сыртқы саясаты мен Орталық Азиядағы дипломатиясына, Қытайдың дәстүрлі «батыс» саясатының тұжырымдамаларына егжей-тегжейлі тоқталған. Бұл фактінің зор маңызы бар, өйткені ол Орталық Азия халықтары туралы материалдарды іріктеп алуға және олардың Қытай тарихнамасында көрсетілуі мен бағалануына ықпал жасады. Қытайдың феодалдық тарихында көршілес халықтардың тарихын баяндау ұлыхандық шовинизм мен қытайлық центризм тұрғысынан жүргізілген.
1. Көне түрік жазбаларының ерекшелігі.
2. Күл-тегіннің, Білге қағанның, Тоныкөктің құрметіне тұрғызылған
ескерткіштер.
3. Жетісу өңірінен табылған Талас эпитафиялары.

1. Көне түрік жазбаларының ерекшелігі. Біздің заманымыздың І мыңжылдығында ежелгі түрік және түркі тілдес тайпалар мекендеген жерлерден табылған көне түрік жазбаша ескерткіштерінің құны баға жеткісіз. Түрік авторлары жазған бұл жазбаша деректердің елеулі және даусыз екі қасиеті бар, олар – автохтондылығымен, яғни жергілікті сипатта болуымен және түпнұсқалығымен ерекшеленеді – автор өзінің көз алдында не болғаны немесе болғанынан көп уақыт өтпеген оқиғалар жайында, өзі жақсы білетін фактілер туралы жазған. Сол арқылы ежелгі түрік деректері түрік қоғамындағы этникалық, әлеуметтік және мәдени үрдістер туралы жат жерлік байқаушылар жазған мәліметтерге қарағанда неғұрлым дәл түсінік береді.
Көне түрік жазба ескерткіштері табылған аймақтарға Сібірдегі Енисей, Лена өзендерінің алқабы, Монғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сырдария бойы, Ертіс пен Іле қойнауы жатады. Орыс этнограф-ғалымы Н. М. Ядринцев 1889-жылы Монғолиядағы Орхон өзенінің құйылысынан қос тілдік жазуы бар ерекше үлкен екі тас тапты. Кейін біреуі Білге қағанға, екіншісі оның інісі Күл-тегінге қойылғаны белгілі болып, мазмұны толық анықталды. Бұл ескерткіштердің бір қырына Қытай иероглифтері ойылған, ал үш қырына ойылған жазу таңбалары «Сібір руналарына», Енисей бойынан табылған жұмбақ жазуларға ұқсас. Финн және орыс ғалымдары жүргізген арнаулы зерттеулер нәтижесінде Орхон және Енисей ескерткіштерінің нұсқалары (фотосурет, эстампаж) жинақталып жарияланған атластар жарық көрді.
2. Күл-тегіннің, Білге қағанның, Тоныкөктің құрметіне тұрғызылған ескерткіштер. Деректануда Енисей мен Таластан ашылған ескерткіштердің зор маңызы бар. Ең алдымен түрік қағандары Күл-тегін (732) мен Білге қаған (735) құрметіне қойылған ескерткіштер – Кошоцайдам тас тақталарын атап өту керек. Бұл жазбалардың авторы, қаған әулетінен шыққан Йоллығ-тегін түрік тілінде жазған есімі бізге белгілі тұңғыш жазушы. Осы екі ескерткіш басқа да руна жазбаларының бәрі дерлік салыстырылатын өзінше бір өлшемге айналды. Тоныкөк ескерткіші (716 ж.ш.), Күли-Шор құрметіне орнатылған ескерткіш (722), Онгин жазбасы қосылатын Кошоцайдамның мәнерлі мәтіні негізінен Шығыс Түрік қағанаты жөнінде мәліметтер береді. Сонымен бірге оларда Қазақстан мен Орта Азияның батыс түріктері тарихының оқиғаларына қатысты маңызды естеліктер бар, оларға талдау жасау тарихи-геогорафиялық, тарихи-саяси және этнографиялық мәселелердің тұтас кешенін зерттеу жолдарын белгілеуге мүмкінді береді. Ең құндысы – «он оқ» (он жебе) халқы, түргештер, қарлұқтар, оғыздар, кенгерестер, Жетісу соғдылары туралы мәліметтер.
Ұйғыр қағанатының негізін салушылардың бірі ­– Елетміш Білге қағанның (747-759) құрметіне жазылған эпитафия болып табылатын Селенга тасы (Шине Усу жазбасы) орхон ескерткіштеріне жатады. Бұл ескерткішті 1909-жылы финн ғалымы Г. Рамстедт Монғолияға жасаған саяхаты кезінде Селенга өзенінен оңтүстікке қарай, Могон Шине-Усу шұңқырынан тапты. Ескерткіштегі жазбаның басым бөлігінде ұйғырлардың 742-744 жж. түрік қағанаттарымен жүргізген соғыстары туралы баяндалады. Сонымен бірге, ұйғырлардың тайпалық бірлестігіне билік еткен түрік-қыпшақтар туралы уақыты жағынан алғаш рет айтылады.
Терхин құлпытасы да (756) Елетміш Білге қағанға арналған және көп жағынан мазмұны Шине Усу жазбасынан асып түседі, кейде оған жолма-жол сәйкес келеді. Ескерткіште Алтай-Тарбағатай қарлұқтарының Жетісуға қоныстану уақытына қатысты мезгілі көрсетілген маңызды тарихи оқиға айтылады. Ежелгі түріктердің руникалық ескерткіштерінде кейін Қарлұқ және Қарахан мемлекеттерінде елеулі рөл атқарған яғма тайпасының уақыты жағынан бірінші рет аталуы да құнды мәліметтердің бірі болып табылады.
VII-Х ғғ. деп белгіленген Енисей аңғарының жазбалары мен Суджа құлпытастарынан тұратын Қырғыз мемлекетінің ескерткіштері белгілі бір ынта-ықылас туғызады. Енисей аңғарынан табылған бір эпитафияда қырғыздар жерінде өлген түргеш бегі туралы айтылады. Басқа бір жазбада түргештердің Қара ханына елші болып кетіп, қайта оралмаған атақты қырғызды жоқтау мәтінінің үзінділері бар. Бұл оқиғалар 744 және 756 жылдарға жатқызылады.
3. Жетісу өңірінен табылған Талас эпитафиялары. Батыс түрік қағанатының Жетісудан (Талас өңірінен) 1932-жылы табылған ескерткіштері елеулі мәдени-тарихи қазына болып табылады, оған қабірлерге қойылған құлпытастарға, теңгелерге, тұрмыстық заттар мен ағаш таяқшаларға жазылған 12 жазба жатады. С. Е. Малов, Х. Н. Оркун, А. М. Щербак, т.б. таяқшалардағы жазудың түркі руникалық таңбаларымен ұқсастығын көрсетіп, оны көне түркі тілінде оқып көрді. Бұл ескерткіштердің жоғарғы мерзімі VIII ғ., ал төменгі хронологиялық шегі VI-VII ғғ. шебі болуы ықтимал. Талас эпитафиялары «қара рудан» шыққан түргеш қағандары – Сұлық Шабыт-шора мен оның ұлы билік етен кезге (716-740 жж.) жатады.
Ежелгі түркі ескерткіштерінің ерте ортағасырлық Қазақстанның тарихи географиясы мәселелерін талдап шешуге айқын жарық беретін дерек ретіндегі маңызын бағалау қиын. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін зерттеп, зор үлес қосқан ғалымдар – В. Томсен, В. Радлов, П. Мелиоранский, В. Банг, Г. Рамстед, А. Габэн, С. Малов және т. б.
4. Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы туралы араб деректері. Соңғы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы үшін араб тілді деректер парсы және түркі тілді тарихнамаға қарағанда онша маңызы емес. Дегенмен, бізге қажет нақты мәліметтер белгілі бір дәрежеде айтылатын бірқатар араб тілді туындыларды көрсетіп өтуге болады.
XIV ғ. басында белгілі филолог, тарихшы және саяхатшы Жамал Қарши жазған «Мулхакат ас-сурах» («Ас-сурах сөздігіне қосымша») деген тарихи шығармада Алмалықтағы түрік әулеті туралы егжей-тегжейлі мәліметтер келтіріледі. Монғол хандары мен олардың серіктері туралы қызықты деректер кездеседі. «Мулкахат ас-сурахта» XV-XVI ғғ. кейінгі авторлар Моғолстан халқын атаған «жете» термині бірінші рет айтылады.
Сол дәуірде жалпы түрік ортасында болған шаруашылық, әлеуметтік, этникалық және мәдени-тұрмыстық сипаттағы көптеген қыпшақ терминдері мен лексикалық айналымдар арабша түсіндірілетін немесе тура аударылып келтірілетін лингвистикалық еңбектер ерекше түпнұсқа деректер болып табылады. Бұл топтағы туындылардан 1245-жылы Мысырда құрастырылған «Китаб маджму тарджуман түрки ва аджамива мугули ва фарси» («Түрік, араб емес, монғол және парсы түсіндірме сөздері жинағының кітабы») сөздігін атап көрсеткен жөн. Оның негізіне қыпшақ тілі алынған. Авторы беймәлім сөздікте «үйсіз», «кезбе», «қуылған» деген мағынада, яғни этникалық емес, әлеуметтік сипаттағы «қазақ» термині тұңғыш рет айтылады.
Атақты саяхатшы Ибн Баттутаның (1304-1377) жол жазбалары – Дешті Қыпшақ тарихы жөніндегі маңызды деректердің бірі. Ол 24 жыл (1325-1349) саяхат жасап, Мысырда, Палестинада, Сирияда, Иракта, Үндістанда, Бенгалияда, Цейлонда, Қытайда, Ауғанстанда, Орталық Африкада болған. Ибн Баттутаның саяхаты суреттелген «Тухфат ан-нуззар фи ғараиб әл-амсар ва аджаиб әл-афсар» («Қалалардың ғажайыптары мен саяхат кереметтерін аңғаратындарға сыйлық») іс жүзінде оның шығармасы емес, оның әңгімелеріне 1356-жылы әл-Калби жасаған әдеби өңдеу болып табылады. Ибн Баттутаның Қырым арқылы Солтүстік Кавказ далаларына, Еділ Бұлғариясы мен Алтын Ордаға және сол жерден Хиуаға, Бұхара мен Ауғанстанға сапарын суреттеуінде құнды материал бар. Ғалым Астраханьнан Константинопольге барған, содан соң Алтын Ордаға қайтып келіп, хан ордасы Сарайда болған, Алтын Ордадағы халықтың күнделікті тұрмысының көріністері, әлеуметтік құрылыс, шаруашылық, сауда жолдары, даладағы қоныстар мен қалалар және түркі халықтарының тарихына қатысты өзге де мәліметтері ерекше құнды.
Ибн Халдун (XIV-XV ғғ.) аса көрнекті араб тарихшылары қатарына жатады. Оның үш кітаптан тұратын «Өсиеттер мен ғибратты үлгілер кітабы» деген тарихи еңбегінің екінші кітабында мұсылмандардың шығыстағы мемлекеттерінің, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орта Азияда билік еткен Қарахандар, Салжұқтар, Хорезмшахтар, Мәмлүктер, монғол әулеттері мемлекеттерінің тарихы баяндалады. Ибн Халдунның еңбегінде оғыздардың, қарлұқтардың, кимектердің, қыпшақтардың ерте ортағасырлық тарихы жөнінде де нақтылы материалдар кездеседі.
Араб тарихшысы әрі әдебиетшісі Ибн Арабшах (XV ғ.) «Абжаиб әл-макдир фи наваиб Тимур» («Темір жасаған қасіреттердегі алдын алу кереметтері») деген еңбегінде Темір өмірінің түрлі кезеңдерін қадағалай отырып, әр түрлі елдер мен халықтар, соның ішінде Қазақстан туралы көптеген маңызды мәліметтерді хабарлайды. Көптеген жағдайларда көзбен көргендердің әсерлеріне негізделген бұл мәліметтердің құндылығы зор.
Салоникиде туған түрік тарихшысы Мунаджжим-баши (XVII ғ.) «Жами ад-дувал» («Әулеттер жинағы») деген елеулі шығармасында араб, парсы және түрік тілдеріндегі деректерді кең көлемде пайдалана отырып, 1672-жылға дейінгі оқиғалардың тарихын қамтыған. Кітапта Алтын Орданың дәуірі, мұсылман әулеттері, орта ғасырлардағы мемлекеттер мен XIV-XV ғғ. Қазақстанның тарихи географиясы туралы маңызды материал бар.
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы туралы араб деректері авторларының көпшілігі өз баяндауларында бір-біріне байланысты екенін, кейде неғұрлым кейінгі авторлар өз мәліметтерін алдыңғы жазбаша деректерден алып, мұны еш жерде ескертпейтіндігін айтып өту керек. Ортағасырлық Шығыс авторлары құрастыру әдісін кеңінен пайдаланып, өз еңбектерінде жекелеген фактілерді анықтауда көрінеу қателіктерге ұрынады. Соған байланысты, ортағасырлық араб авторларының деректері қазіргі зерттеушілерден ыждаһатты деректанушылық жұмысты талап етеді.
1. Ерте орта ғасырлардағы қытай хроникалары Қазақстан тарихының деректері ретінде.
2. Мин әулетінің билігі тұсында жазылған тарихи еңбектердегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер.
1. Ерте орта ғасырлардағы қытай хроникалары Қазақстан тарихының деректері ретінде. Ұлы Жібек жолының толысып гүлденуі Қытайда Тан әулеті билік еткен кезеңге (618-907) тұстас келеді. Орталық Азия халықтары, олардың тарихы туралы мәліметтердің үлкен кешені сол дәуірге арналған екі хроникада бар. «Тан әулетінің ескі тарихын» («Цзю Таншу») Қытайдың бөлшектенуі кезеңінде – авторлар тобы, ал «Тан әулетінің жаңа тарихын» («Синь Таншу») Сун дәуірінде (1043-1060) Қытайдың көрнекті ғалымы әрі ақыны Суян Сю (1007-1072) бастаған авторлар ұжымы жазған. Тан әулетінің тарихы жөніндегі екінші еңбек біріншісінен жаңсақтықтар мен қателер көп табылуына байланысты жазылған. Хроникаларда батыс түріктер, түргештер, олардың этногенезі, Батыс түрік қағанатының, Түргеш қағанатының құрылуы мен олардың ыдырауы туралы саяси тарих пен этнологиялық мәліметтер берілген. Қарлұқтар, олардың Жетісуда және Қазақстанның оңтүстігінде, сондай-ақ қазіргі Қырғызстанда орналасуы туралы қытай материалдары өте құнды. Ертедегі дәуір мен біздің заманымыздың VIII ғ. дейінгі Орталық Азия тайпалары мен олардың мемлекеттік құрылымдары тарихының негізгі арқауын нақ қытай деректері бойынша біршама толық жасауға болады, бұл әсіресе усундердің, кангюйлердің, ежелгі түріктердің, түргештердің, қарлұқтардың саяси тарихына байланысты.
Орталық Азияға саяхатшылардың жазбалары Тан әулеті билеген кезеңде де, ХІІІ ғасырда да ең басты дерек болып қала береді. «Синь Таншу» мен «Цзю Таншуда» Жетісуға Шығыс Түркістан қалалары арқылы жүріп өткен қытай саяхатшыларының желісі: Шу, Талас өзендерінің аңғарлары, Ыстықкөл суреттелген. Алайда, олардың ішінде Буддаға тәуап етуші Сюань Цзан (596-664 ж.ш.) қалдырған жазбалар мейлінше толық болып табылады. Ол жазған шығарма «Ұлы Тан әулеті кезіндегі батыс өлкесі туралы жазбалар» («Да Тан Сиюйцзи») деп аталады және Сюань Цзанның Орта Азия арқылы Үндістанға саяхатына арналған. Сюань Цзан Суяб, Науакет, Талас арқылы жүріп өткен. Ол қаған сарайын, түрік тайпалары мен т. б. тайпалардың кәсібін және әдет-ғұрпын суреттеген.
Батысқа саяхат жасаушылардың жолжазба жанры монғол дәуірінде толыға түсті, бұл кезде қытайлардың география мен этнография бойынша түсініктері едәуір кеңейді. Бұл – «Сопы Чан Чунның Батысқа саяхаты туралы жазбалар» («Чжан Чунь чжэнь және Си юцзи»). Чан Чунь Солтүстік Қытайдан Орта Азияға 1220-1224 жж. Шыңғыс хан жорықтары кезінде саяхат жасаған, саяхатшы Жетісу, Шу және Талас аңғарларымен жүріп өтіп, жергілікті тайпалардың мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысуын суреттеген. Басқа бір «Батысқа саяхат суреттемесін» билік етуші Ляо (қидан әулеті) үйінің ұрпағы Елюй Чуцай жазған, ол Шыңғыс хан Орта Азияға жорықтар жасағанда оған еріп жүрген еді. Елюй Чуцай монғол ханы жаулап алған халықтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, мінез-құлқымен жақсы таныс болған.
2. Мин әулетінің билігі тұсында жазылған тарихи еңбектердегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер. Қытайда жергілікті емес әулет бес жүз жылға жуық билік еткеннен кейін Мин әулеті орнықты (1368-1644). Орталық Азияда Мин империясы жыл өткен сайын күшейе түскен Жоңғар хандығына қарсы, Хэси қуысы және Тянь-Шань арқылы әмір Темірдің иеліктеріне дейін баратын Жібек жолының бір бөлігін бақылау құқығы үшін күрес жүргізді. Қытай деректерінен «қазақ» этнонимі қытай мемлекетінің XVII ғ. алдындағы Орталық Азиядағы халықаралық қатынастарына байланысты ғана табылды.
Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстанның жекелеген жерлері әр түрлі мемлекеттердің құрамына кіріп, Қытайдың Мин және Цин империялары иеліктерінің ұлғаюына қарай олардың сыртқы саяси байланыстары аясына тартылып отырды.
Аталған кезеңнің негізгі деректері мыналар: «Мин әулетінің тарихы» («Мин ши»), «Мин әулеті билік етуінің анық жазбалары» («Мин шилу») және «Мин империясына жалпы шолу» («Мин хой яо»). Қалған деректер: Моғолияға, Моғолстанға, Темір мемлекетіне және Орталық Азияның басқа да елдеріне қытай елшілерінің, барлаушылары мен жолаушыларының, көпестерінің жазбалары, ортаазиялық елшілер мен мұсылман көпестерінен алынған мәліметтер қосымша материалдар болып табылады. Сонымен бірге олар өңделген түрінде Қытайдың ең басты ресми еңбектерінің бәріне кірген, олардың ерекшеліктері – Мин империясы күйрегеннен кейін жазылғаны.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет