Ақтау,2024 ж Сапалық деректермен жұмыс істеуді бір жағынан оңай, екінші жағынан қиын деп те айтуға болады. Оңай деп айтатын себебіміз математиканы, әртүрлі графиктерді, сандармен жұмыс істеуді жаны сүймейтін, ондай жолдармен жұмыс істеуді ауыр қиындық сияқты көретіндер үшін сапалық деректермен жұмыс істеу әлдеқайда оңай сияқты көрінеді. Ал қиын деп айтуымыздың себебі сапалық деректермен жұмыс істеу сандық деректердегі сияқты анық, тап-тұйнақтай, нақты бір сатылар арқылы жүзеге асырылуы қиын болуы мүмкін. Өйткені мәтіндермен, контентпен, мазмұнмен жұмыс істеген кезде, ақпараттардың көптігінен оларды басқара алу, оларды түсіндіре алу, олардан қандай да бір тұжырым жасап шығару қиын болуы мүмкін. Әдетте сапалық талдау тәсілін таңдаушылардың жинайтын деректері сандық дерекпен жұмыс істейтіндерге қарағанда әлдеқайда көп болып жатады. Сапалық деректермен жұмыс жасауда көп студенттер мынандай қателіктерге бой алдыруы мүмкін: 1) көптеген тәсілдермен және олармен байланысты әдебиеттермен жұмыс істеуге көп уақыт жұмсайды; 2) өз жобасына сәйкес келуі мүмкін немесе мүмкін болмайтын бір әдісті таңдап алады; 3) дұрыс анықталған методологиялық протоколдарсыз талдау жасайды; 4) осылардың бір комбинациясын қолданады. Ондай қателіктерге бой алдырмау үшін сіздің белгілі бір стратегияңыз болғаны дұрыс. Ол стратегияға мына сатылар жатуы мүмкін: (1) шикі деректерді ұйымдастыру – бұл сатыда сіз өзіңіздің зерттеу сұрағыңызбен байланысты болуы мүмкін деген әртүрлі ақпараттарды жинай бастайсыз. Жеткілікті деректерді жинап болған соң, оларды жүйелеп, олармен жұмыс істей бастайсыз. Осылайша екінші кезеңге өтесіз; (2) деректерді енгізу және кодтау – бұл туралы тағы да кеңірек тоқталып өтеміз; (3) тақырыптық талдау арқылы мағынаны іздеу – бұл кезеңге келгенде сіз әртүрлі деректерден жиналған материалдарыңыз арқылы солардағы ортақ бір мағынаны табуыңыз керек. Мысалы, егер сіз Қазақстандағы қазірргі діни ахуал тақырыбын зерттеп отырған болсаңыз, онда соған байланысты жиналған деректердің бәрін бір жүйелеп, сол деректердегі ортақ бір мәнге келесіз; (4) мағынаны интерпретациялау – ол мәнді енді өз түсінігіңізге салып түсіндіресіз және (5) қорытынды жасау – және ең соңында жасаған тұжырымыңыз туралы қорытынды жасайсыз. Жалпы көріністі ойға ала отырып, яғни зерттеу сұрақтары, мақсаттары мен міндеттері, әдіснамалық шектеулер мен теорияны ескере отырып, қорытынды жасау керек екенін естен шығармаңыз. Сапалық деректермен жұмыс істеу барысында өзіңізге мына сұрақтарды қоя отырыңыз: 1. Үміттеріңіз – не табамын және не таппаймын деп үміттенесіз; 2. Зерттеу сұрақтары, мақсаттары мен міндеттер – жобаңыздың мақсаттарына қол жеткізуге көмектесу үшін деректермен қалай жұмыс істей аласыз. Теория – деректеріңіз теорияларыңызды қалай дәлелдейді, теорияңыз деректеріңізді түсіндіруге қалай көмектеседі және деректеріңіз балама теорияларға сілтеме жасай ма; және 3. Әдістер – қолданылған әдістер нәтижелерге қалай әсер етуі мүмкін. Сапалық деректермен жұмыс істегенде жұмыс істеу тәртібін бір жүйеге келтіріп алу ең дұрысы. Сол жағдайда сіз жұмыстарыңызды тиімді басқара аласыз.
Сапалық деректерді талдауға арналған бағдарламалар не істей алады? Олар негізінен: (1) қолмен жасай алатын барлық нәрселерді бірақ тиімдірек жасай алады; және (2) қолмен өңдеуге мүлдем келмейтін үлкен деректер жиынтығын өңдей алады. Ондай бағдарламалардың ішінде ең кең тарағаны NVivo. Қажет болса онлайн түрде қысқаша курстардан өтіп алсаңыз болады. Бірақ дегенмен, сапалық деректермен жұмыс істеуге көп ізденушілер арнайы бағдарламаларды қолданбайды. Оның бірнеше себептері бар: 1) таныс болмау – зерттеушілер не істей алатындары былай тұрсын, бағдарламалар туралы білмеуі мүмкін; 2) оқуға жұмсалатын қаражат тым көп және/немесе оны табу қиын болып көрінеді; 3) олар сапалық деректері үшін мұндай бағдарламаларды қолданғысы келмеуі мүмкін. Мұнда артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Шағын дерек жинақтарымен жұмыс істейтін болсаңыз және сапалық деректерге талдау жасамайтын болсаңыз, онда деректерді қолмен жасау жеткілікті болады. Бірақ сапалы талдаудың анағұрлым терең деңгейіне жеткеннен кейін, басқару үшін үлкен деректер жинағыңыз болса немесе болашақта сапалық деректермен жұмыс істегіңіз келсе, онда ұзақ уақыт білім алуға тура келеді. Және кейінірек бұл еңбегіңіздің ақталғанына куә боласыз.
Индуктивті және дедуктивті ойлау арасында қозғалу
Сапалық деректермен жұмыс істеудің тағы ең жиі қолданылатын тәсілі бұл индуктивті және дедуктивті тәсілдермен жұмыс істеу. Индукция тәсілі дегеніміз жекеден жалпыға қарай өту. Мысалы, сіз соңғы уақытта елімізде қандай қоғамдық мәселелер өзекті болып жатыр деген сұрақты қарастыратын болсаңыз, онда бірінші жеке-жеке посттарды, видеоблогтарды немесе саяси бағдарламалардағы сұхбаттарға контент талдау жасау арқылы, содан соңында жалпы бір қорытындыға келесіз. Кейде осындай жолмен жасалған талдау нәтижесінде сіз негізделген теория жасап шығуыңыз мүмкін, оны ағылшынша “grounded theory” деп атайды. Негізделген теория бойынша сіз мысалы, осындай бір деректерді жекелей-жекелей алып жинақтай бересіз, жинақтай бересіз және соларды талдау арқылы бір негізді теория ұсынасыз. Мысалы, Қазақстанда діни секталардың күрт көбеюіне қандай себептер болды деген сұраққа жауап табу үшін индуктивті зерттеуге жүгінуіңіз мүмкін. Ол үшін сұхбат аласыз, бақылау жүргізесіз, жарияланған еңбектерге контент талдау жасайсыз т.с.с. Нәтижесінде оның басты себептері мынадай, мынадай деген сияқты тұжырымдар бересіз. Яғни осыдан сіз мынадай негізделген теория жасап шығара аласыз. Мысалы, белгілі бір жағдайларда адамдар дінге бет бұруға бейім келеді, мынадай тарихи жағдайлар адамдардың дінді медет тұтынуына әкеледі деген сияқты. Ал дедуктивті тәсіл болса, керісінше жалпыдан жекеге қарай жылжуды білдіреді. Мысалы, сіз жалпы мектептерде білім деңгейі жақсы емес деген жалпылама тұжырым жасайсыз және оны дәлелдеу үшін жеке-жеке мектептерді қарастырып, соның дұрыс не бұрыстығын дәлелдеп шығасыз.
Сапалық деректерді талдаудың әдістері
Сапалық деректерді талдаудың өзіндік әдістері бар. Оларға мыналарды жатқызамыз: (1) сыңаржақ пікірлерді анықтау және жалпы әсерлерді атап көрсету; (2) деректерді редукциялау (мен білетін ащы сөз, бірақ ретсіз шикі деректерден толық түсінікке өтудегі маңызды этап), ұйымдастыру және кодтау; (3) паттерндер мен өзара байланыстарды іздеу; (4) тақырыптардың картасын жасау және құру; (5) теорияларды құру және тексеру; және (6) қорытынды жасау. Сапалық деректермен жұмыс істеудің екі ерекшелігі бар. Сапалық деректермен жұмыс істегенде бір сызықпен жүрген сияқты жоспармен жүру қиын болады, әртүрлі деректерді тауып, біліміңіз толыққан сайын қайта-қайта артқа шегініп қайтып отыруы керек болуы мүмкін. Екіншіден, редукциялық процесті іске асыруыңыз керек. Редукция дегеніміз қысқарту немесе азайту, немесе тазалау деген мағынаға келеді. Мысалы, сіз біршама мол деректерді жинадыңыз делік. Сізде жеткілікті ақпарат бар сияқты көрінеді. Бірақ кейін көбірек біле түскен сайын, жинаған деректердің біразын алып тастауға, немесе қысқартуға тура келеді. Сонда сіздің бастапқыда көп болып көрініп тұрған еңбегіңіз, редукциялық тәсілден соң қайтадан азайып қалып отырады. Осы процесс бірнеше рет қайталануы мүмкін. Және кейде оның соңына дейін жетуі мүмкін емес сияқты көрінетін кездер болады. Сондықтан бара-бара сіз ең құнды материалдарды ғана қалдырып отыратын боласыз. Сапалық деректермен жұмыс істеу кезеңдерін былай келтіруге болады: Шикі деректер, Ұйымдастырылған деректер, Редукцияланған деректер, Өзара байланыстырылған деректер, Тақырыптық деректер, Теориялық мағыналы түсініктеме беру. Сапалық деректермен жұмыс істегенде кез келген басқа зерттеу түріндегідей өзіңіздің жаңсақ пікірлеріңізді басқара білуіңіз тиіс. Субъективті пікірлерге бой алдырып қоймаңыз. Екінші этап – Жазған еңбегіңізге шолу жасап шығыңыз. Тақырыптарды редукциялау және кодтау Талдаудың келесі кезеңі – тақырыпты редукциялау. Бұл жоғарыда айтылып өткен зерттеуіңізге байланысты болады-ау деп жолма-жол қосып отырған деректерден жұмысыңызды тазалап шығу. Бұл біршама уақытты қажет ететін еңбек. Тағы бір жағынан сіз сондай мұқияттылықпен жинаған деректерді алып тастауға көзіңіз қимауы мүмкін
Қорытындылай келе, сапалық деректер адамдардың сезімдерімен, эмоцияларымен, басынан өткізген тәжірибелерімен байланысты болғандықтан, оны талдаудың жалғыз жолы интерпретация беру дегенге келуге болады.