Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
«Социалистік режимнің екі үлкен күнәсін кешіруге болмайды: бірі – ашаршылық, енді бірі – қуғын-сүргін», - дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов.
Айта кетейік, атаулы күнге орай 2014 жылы еліміздің әр аумағында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Айталық, 28 мамырда Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Тауқымет пен тағзым» атты жиын өтті. Жиын барысында 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған дискісілерідің тұсауы кесілді. 29 мамырда Астанадағы «Іскер» бизнес орталығында ғылыми тәжірибелік конференция өтті.
«1997 жылы жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы ретінде аталып өтті, оған қоса Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялау туралы жарлық шығарды. 2011 жылы Жарлыққа толықтырулар енгізіліп, 31 мамыр қазақстандықтар үшін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болды. Белгілі ғалым, саяси қайраткер, бүгінгі күні ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтың басшылығымен «Болашақ» академиясы ұзақ уақыт бойы ауқымды мемлекет тарихында бұрын-соңды болмаған ең бір аласапыран кезеңдердің бірі - саяси қуғын-сүргін фактілерін зерттеумен айналысып келеді. Академия ғалымдары «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасын жүзеге асыруға зор үлес қосты. Бүгінгі таңда Академия ғалымдары зерттеу сипатындағы 3 тілде 40-тан астам кітап шығарды», - деп еске алды шараның модераторы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, «Болашақ» академиясының бірінші проректоры, з.ғ.к., профессор Гүлнара Рысмағамбетова.
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы аясында деректі фильмдер мен телехабарлар түсіруді және көрнекті саясаткер, заң шығарушы талантты тұлға туралы кітаптар шығаруды, Достық үйінің жанынан арнайы орталық ашуды ұсынды. «Бүгінгі күнге дейін бізде ол туралы бірде-бір мазмұнды монография жоқ. Бұл өте өкінішті, орны толмас олқылық. Біздер, туған халқы үшін отқа да, суға да түскен халқымыздың біртуар азаматын жастардың білуі үшін барлық күш - жігерді біріктіруіміз қажет», - деді ол. Өз кезегінде қатысушылар Нұрсахан Ахметқызының ұсынысына бірауыздан қолдау білдірді.
Президент шешімімен 1998 жыл Қазақстан халқының бірлігі мен ұлттық тарих жылы болып жарияланды. Зиялы қауым ел халқын осы екі маңызды рухани салаларға назар аударуға шақырды. Кеңестік тоталитарлық жүйедегі интернационалдық тәрбие, кеңестік патриотизм мен отаршылдық тарихи сана күн тәртібінен түсірілді. Тәуелсіздіктің рухани факторларын нығайтудың маңызы артты. Әсіресе, қазақ ұлтының өз тарихындағы нақты орнын ел халқына түсіндіру керек болды.
Сайын Борбасов, саяси ғылым докторы, профессор
Евроцентристік тарихи сана қазақ халқының еңсесін түйірді. Қазақ халқы барлық жетістіктер мен жақсылықтарды Батыстан, Ресейден алды деген түпкілікті қате түсінік басым болып келді. Сондықтан тарих жылының мақсаты – ел халқының дұрыс тарихи санасын тәрбиелеу болды. Дұрыс ойлайтын халықтың, дұрыс жолды, әділетті пиғылды таңдайтыны ақиқат. Осындай мақсаттарды шешу үшін Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты 1998 жылдан бастап «Отан тарихы» журналын шығара бастады. Қазақ тарихшылары 260 жыдан астам отарлық езгіде болған қазақ халқының жаңаша рухани жаңаруы үрдісін бастады. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тереңде екендігі айтылды. 3 ғасырға жуық өмір сүрген Қазақ хандығының тарихы жаңаша жазыла бастады. Қытай, Иран, Мысыр, Ресей т.б. елдердегі мұрағаттардағы Қазақстан тарихына қатысты тарихи деректер, қолжазбалар, кітаптар жинау жұмысы басталды. Тек қана Қытай елінен қазақ тархына байланысты 5500-дей тарихи деректер әкелінді. Тарих жылында Зейнолла Самашев бастаған археологиялық экспедиция Шығыс Қазақстан облысының Берел мекені аумағынан Қазақстандағы екінші «алтын адамды» тапты. Сақ дәуірінің патшаларының бірі болған «алтын адам» қасында бірнеше жылқының сол кездегі ертоқымы мен айыл-әбзелдеріне дейін сақталған мүрделері табылды. Табытта мифтік, таңғажайып құс-буфлонның мүсіні де жақсы сақталған. Бұл археологиялық артефактілер қазақ халқының тарихының тым тереңде екендігін, өркениеттің ошағының бірі қазақ жері болғандығын әлемге паш етіп дәлелдеді. Қазақстанның тарих ғылымы мен қоғамдық-саяси ойы кеңестік жүйе ұстанған маркстік-лениндік теория мен коммунистік идеологиядан бас тартты. Оның орнын өркениеттілік теорияларына сүйенген мүлдем жаңа көзқарастар жүйесі алмастыруы керек болды. Бірақ та, қоғамда тарихты біржақты, жекелеген адамдар мен топтардың мүдделеріне бағындыру, жекелеген эгоистік мүдделерге, мақтаныш пен дақпыртқа бағындыру әрекеттері орын алды. 1998 жылы 6 шілдеде Ресеймен екі арада «Мәңгілік достық және одақтастық туралы» декларацияға қол қойылды. Қазақстан үшін аса маңызды Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын бөлісу туралы Ресеймен келісім жасалды. 1998 жылдың 26 маусымында «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі туралы Заң» қабылданды. Аталған құжаттардың заңдық күшіне еніп жұмыс істей бастауы Қазақстанның шикізаттық әлеуетін едәуір күшейтті, мемлекеттің қауіпсіз дамуына үлкен игіліктер әкелді. Елордаға айналған Ақмола қаласы зор құрылыстар алаңына айналды. Бұл қаланың қарыштап дамуы елдің құрлыс материалдары өндірісінің кеңеюіне, жол-көліктік қуатының жақсаруына игі әсер етті. 1998 жылдың 6-шы мамырында Президент Ақмола қаласын Астана деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Әлем картасында Қазақстанның жаңа Астанасы пайда болды. 1998 жылы Астананың тұсаукесер рәсімі өтті. Алыс және жақын шетелдерден келген қонақтар Евразия континентінің кіндігінде пайда болған жаңа Астанаға ерекше қызығушылық танытты. Қаланың қарыштап дамуы бүкіл елді алдыға тартатын локомотивке айналды. Осы жылдан бастап Қазақстан қоғамында тәуелсіз мемлекет болу экономикалық тұрғыдан және саяси-әлеуметтік тұрғыдан орнықты даму жолына түсті. Реформалар арқылы орнықты эволюциялық даму Қазақстанның жалпы өсуін тездетіп ел әлемдегі даму динамикасы ең жоғары 10 елдің қатарынан көріне алды. Бұл сапалық өзгеріс елдің әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың қайталана беруіне төтеп беруге қабілеттілігін қалыптастырды. ХХ ғасырдың аяқ кезі мен ХХІ ғасыр басындағы дағдарыс циклдары Қазақстанның іргетасын шайқалта алмады. Елдің халқы, саяси күштері белсенді бола түсті. 1998 жылғы қарашада «Ақ жол» қоғамдық қозғалысы құрылып саяси үрдістерге либералдық идеологияның тереңдей түсуіне ықпал ете бастады. Осы жылы шетелдерде тұрып жатқан этникалық қазақтардың Қазақстанға қайтып келуі мәселесі Үкіметтік деңгейде талқыланды. Оралман қазақтарды қабылдау, оларға жаңа жағдайға үйренуге көмектесу, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Үкіметте отандақ тауар өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды. Бұл жұмыстың Қазақстанның индустриалдық келбетін қалыптастыруда шешуші маңызға ие болатындығы ескерілді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төріндегі ұлт мәселесіне қатысты сұхбатынан кейін қолға алынған бірден бір маңызды шара - Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын тойлау болатын. Мәселен, республика бойынша ағымдағы жылы Қазақ хандығының құрылу мерейтойына арналған 700-ден астам аса ірі шаралар қарастырылған. Жыл басынан бері республика көлемінде 50-ден астам халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар өткізілген. Ел ішінде 300-ден астам мәдени-спорттық шаралар да мерейтой айшығына айналған. Ал айтулы оқиғаның негізгі бөлігі бүгін Астанада бастау алды. Бас қалада бүгін үш күнге ұласатын той бастау алып, барша қазақстандықтар Қазақ хандығының 550 жылдығын ресми тойлауға кірісті. Бұл шараның шымылдығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Салтанатты жиынмен ашылған еді. Президент Н. Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен шын жүректен құттықтай отырып, әлемді күйзеліске ұшыратып отырған алмағайып заманда той тойлаудың өзіндік себептерін де түсіндірген болатын. «Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент бұдан ары «Тәуелсіздік» атты киелі дүниеге тәу ете отырып, оның ұлтымызға бергенін әлі де беретіні мол екенін алға тартты. «Тәуелсіздік - қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді-мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты», - деді Елбасы. Бұдан соң, Мемлекет басшысы ұлтымыздың тарихына тағы да назар бұрып, бабалар мұрасының даңғыл жолына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. «Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда - 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды», - деді Н. Назарбаев. Айта кетерлігі, Салтанатты шараға Түркі кеңесі ынтымақтастығының саммитіне келген түркі тілдес мемлекеттер делегацияларының басшылары, соның ішінде Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев, Түркия Ұлы Мәжілісінің төрағасы Исмет Йылдыз да мәртебелі мейман ретінде қатысқан еді. Сондықтан да сөз арасында Елбасы түркі мемлекеттерінің бірлігі туралы да сөз қозғады. «Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері - Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік - біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады», - деді Н. Назарбаев. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректеріне сүйене отырып, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде болған тарихи оқиғаға да тоқталды. «Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді», - деді Н. Назарбаев. Айта кетерлігі, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрын: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Салтанатты жиында сол сөзінің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» деп бөлісті. «Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы торқалы тойға қатысты өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. «Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол -қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол - Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік - біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол - ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол - Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын! Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз - солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз - ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл - біздің тағдырымыз! Бұл - біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!», - деп аяқтады сөзін Елбасы. Айта кетерлігі, Астана мен ел өңірлерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар әлі де жалғасады. Мәселен, шараны ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты ойын-сауық және концерттік бағдарлама ұсынбақ. Еліміздің әр өңірі үздік хореографиялық ұжымдардың, ансамбльдердің, халық және эстрада өнерінің солистерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламадан басқа, көрермендер назарына «Қазақстанның ежелгі қалалары» бейнепрезентациясын, «Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу» атты сән фестивалін, «Сиқырлы би әлемі» би фестивалін, «Бірлігіміз жарасқан» атты Қазақстан халқы достығы концертін, «Ғасырлар үні» этно-концертін ұсынады. Сосын қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақ, бұқа тартыс, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |