Туған жерге алғЫС



Дата03.03.2023
өлшемі51,13 Kb.
#171001
Байланысты:
ТУҒАН ЖЕРГЕ АЛҒЫС


ТУҒАН ЖЕРГЕ АЛҒЫС

Әр адам өз туған жерін құрметтеуі және сүюі заңдылық. Алыс сапарға шыққанда туған жеріңді қатты сағынасың. Осы орайда дарынды қаламгер Ж.Аймауытовтың: «Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірттеріңіз білмесе, кім білсін? Ыстық қой, шіркін туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды?» - деген сөздері ойға оралады.


Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген дана халқымыз. Осы қағиданы ұстанған әр адам атамекен – алтын бесігін естен шығармай, оған өзін мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні ақиқат. Туған жерінің қадірін ұғынып, балалық шағының естелігі қалған ыстық мекенге әркім әрқалай үлес қосқысы келеді. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі. Қазіргі таңда туған жерге алғыс айту мақсатында көптеген спорт кешендері мен ғимараттарды салып, басқа да көмек көрсетіп жүрген тұлғалар да жетерлік.
Тарих беттерін парақтасақ, туған жердің киелі де һәм құтты мекен екенін талай дәуір көшінде өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмір деректері дәлелдейді. Мысалы, аты аңызға айналған Асан қайғы бабамыз да халқының қамын ойлап, шұрайлы жер іздеп желмаясымен қазақ даласының түпкір-түпкірін шарласа да, өзінің туған жеріндей жайлы мекен табылмасына көз жеткізіп, туған топырағына барып дүние салғаны – туған жердей жер болмасының дәлелі емей немене? Қазақ халқының дарынды жазушысы Шерхан Мұртазаның Парижде болып, Париж түсіне кірмеуі, Мысырда болып, Мысыр түсіне кірмеуі, түсінде ылғи Мыңбұлағын, Ақсу-Жабағылыны көруі – «ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейтінінің» дәлелі сияқты.
Қорытындылай келе, туған жердің тұғыры перзенті үшін әрдайым биік, әрдайым асқақ болатынын айтқым келеді. Туған жер – өгейленсек те өзегіне теппейтін жалғыз мекен, әлемдегі жалғыз дара орда! Туған жер – ата бабамыз ірге тігіп қалдырған жәдігеріміз. Оны сүю, оған алғыс айту, түтінін аңсап, топырағына «тал» егу – адамзаттық парызымыз. Сондықтан да әр қазақ баласы өз туған жұртын, елін, атамекенін ұмытпай, қол ұшын берсе, еліміздің көркейері сөзсіз!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет