Егемен Қазақстан, 06 Мамыр 2010 | Замана
Ел мен жер, қоғам ортақ болғанымен, әр адамның өмірдегі жолы өзінше бір әлем. Демек, әр заманның өз кейіпкері, өз тұлғасы болатыны заңдылық. Пешенесіне екі түрлі қоғамда, қос ғасырда өмір сүру мүмкіндігі жазылып, мұның өзі жалындаған жастығы мен ғұмырының салиқалы, салмақты іс-әрекет, зерделі ойымен өлшенетін тұсына тура келсе сынақтың үлкені сол деңіз. Мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі осындай мың сан өзгерістерге өлшем болған егемен Қазақстанның тұңғыш Президенті, туған халқын тәуелсіздіктің сара жолымен бастап келе жатқан азаттығымыздың авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенінде дау жоқ.
Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Елбасының кіндік қаны тамған, “іңгәләп” дүние есігін ашқан Мысыр шаһары – Жетісу. “Адамның екі анасы болады: бірі ақ сүт беріп ауыздандырады, екіншісі нан беріп әрлендіреді. Ол – өз анаң және Жер-анаң”, деуші еді әкем. Кеудесі – асқар, аяғы – көл, қоңы – құм, әжімі – өзен, айбары – Алатау, айдыны – Балқаш сол жер-ана – Жетісу – менің де туған мекенім.
“Өмір – өзен, ағады да өтеді, бәрі өзгереді”. Қай кезде кімнің айтқаны белгісіз осы даналықты зымыран уақыт күн сайын, минөт сайын дәлелдеп, сәулелі санаға қалтқысыздығын салмақтайды. Халқының ұлымен алғашқы таныстығым былай басталған еді.
“Терін төксе жеріне, Жер тілеуін береді. Елін сүйген еріне, Ел тілеуін береді”, деген. Жетісуда қант қызылшасын өсірумен керемет өзгеріс ере келді. “Тәтті түбір” тек тәтті өмір әкелген жоқ, ерен еңбекті де ала келді. Қызылшадан мол өнім алып, рекорд жасаған бір ұжымшардың он тоғыз адамы Социалистік Еңбек Ері атанды. Осы биік атақты екі рет иеленген дала академигі Нұрмолда Алдабергенов те Жетісудың перзенті. Еткен еңбек, төккен тердің арқасында 1959 жылы 23 жасымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайландым. Содан кейін де үш шақырылымға, бас-аяғы он жеті жылымды депутаттыққа арнадым. Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасарлығы да біз өткен жолдың бірі. Мемлекет және қоғам қайраткері, біртуар жан Дінмұхамед Қонаев ағамен сонау 1959 жылы танысып, өмірімнің соңына дейін тағылым алуым тағдыр сыйы деп бағалаймын.
Көксу аудандық партия комитеті мені экономикасы тұралаған “Еңбекші” кеңшарына 1971 жылдың наурызында директорлыққа тағайындады. Үш мыңнан астам халқы бар шаруашылықты азаматтар алға апара алмағанда әйел басымен енді қайтер екен деген күдік пен күмән аралас сөз де айтылмай қалған жоқ. Жұмысқа жарамдының бәрін еңбекке тартып, өзім де күні-түні егістік пен мал қораларында жүрдім. Көп ұзамай қызылшадан мол өнім алып, сүт бұлағын ағыздық. Жаңа типтегі мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, сауда орталығы, дәрігерлік қосын, монша бой көтерді. Еңбегім еленіп, маған 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Орталық комитетке шақырып, Дінмұхамед Ахметұлы кеудеме Ленин ордені мен “Орақ пен балға” Жұлдызын тақты. Сол сәтте Орталық комитет пен Үкімет мүшелерінің ортасынан Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш көрдім. Жүрегінің оты бар, қайратты, жігерлі, білім-білігі жан-жақты жан екендігі бірден аңғарылды. Баспасөз арқылы бұған дейін өмірбаянымен таныс едім. Ал кездескендегі әсерім тіпті өзгеше болды. Қазақтың маңдайы жарқыраған бір азаматы өсіп, қалыптасып келе жатқанын бәрі де мойындады. Халық қалаулысы ретінде жылына екі мәрте сессияға барамын. Сондай бір күні Министрлер Кеңесінің төрағасын сайлау күн тәртібіне қойылды. Дінмұхамед Қонаев “Төрағалыққа Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынамын”, деп кескінді жанары оттай жанған азаматты таныстырғанда халық қалаулылары бірден қол соғып, қуаттады. Кеңестер Одағындағы ең жас Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болғанын әлі күнге ұмытпаймын. Кейін сессияда Дінмұхамед Ахметұлы екеуі қатар отырғанда бейне бір әкелі-баладай әдемі үйлесімділік құратын. Бәрі сүйсіне, қызыға қарайтынына көзім жетіп жүрді.
Төраға болып сайланғаннан кейін кабинетіне кіріп құттықтап, “Жер туралы жыр” деген кітабымды сыйладым. Кітапқа “Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақ елі үшін атыңызға лайық күн шығыстан шыққан нұрдай болыңыз”, деп қолтаңба жазғаным әлі күнге есімде. Нұрекең шығармамды ілтипатпен қабылдап, ізет көрсетті. Кейде үлкен кісінің жинаған кітаптарының ішінде менің сол кітабым бар ма екен деп ойлаймын. Кейін де жұмыс бабымен, үлкен-үлкен жиындарда жүздестік. Сол кезде бұрылып келіп амандасатыны бар. “Ұлық болсаң, кішік бол” деген халқымыздың даналығы осыдан.
…Тәуелсіздік бізге қантөгіссіз, соғыссыз келді, бірақ оңай келмеді. Ұзақ уақыт “ағаның” рөлінде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болғандар Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін оңайлықпен мойындаған жоқ. Желтоқсан ызғары бойларынан шыға қоймаған, кімнің соңынан ерерін анықтай алмай жүрген жастар да толқулы еді. Мен ол кезде ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутатымын. Сол сәтте жастармен де, артықшылықтан қол үзіп қаламыз деп жанталасып, неше түрлі қитұрқыға салған орекеңдермен де қазақтың Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев сияқты тағы басқа жігіттері орысша-қазақша заң тілімен, дерек-дәйекпен, білім-білігімен жан алып, жан берісті. Нәтижесінде тәуелсіздікті заңдастырды. Сүйсіндік, жүрегіміз жарылардай қуандық.
Тәуелсіздіктен кейін бүкіл қоғамның әлеуметтік-экономикалық жүйесі еш дайындықсыз өзгеріп шыға келді. Халық өмір сүруіне, еңбек етіп, табыс табуына жауапкершілікті мойнына алған, білім алу, денсаулық сақтаудың тегіндігін қамтамасыз еткен кеңестік жүйеге иек артып үйренгендіктен абыржыды да қалды. Нарықтық қатынастың негізі саудаға үйренбеген, икемделмеген халық қиындыққа тап болды. Жаппай жекешелендіру асығыс жүргізілді дегенге қосылсам да тәубе деуіміз керек. Төзімді, бейімделгіш, алғыр халықпыз ғой. Қиындыққа қайыспай, қоғамның жаңа жүйесінің белгісіз тұстарынан сүрінсек те сағымыз сынбай, икемделе бастадық. Өйткені, өздері сайлаған, үміт артқан Елбасының адастырмайтынына, жақсылыққа бастайтынына халық нық сенімде болды.
Тәуелсіздікті армандап, сол жолда талай құқайды басынан өткерген ата-баба білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына мұра еткен, жан-жағымыз қызғана да қызыға қарайтын ұлан-ғайыр жерімізді көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпақтың парызы. Ол үшін қажетті білім-білігі мықты, ұлттық мүддені көздейтін жүректі ұрпақ тәрбиесіне Елбасымыз әріден ойлап, тереңнен қозғап жүйелі, нақты жұмыс жүргізіп келе жатқаны үміт отын жағады. “Болашақ” бағдарламасы, Астанадан үстіміздегі жылы ашылғалы отырған жаңа университет соның айқын дәлелі.
Қазақ халқының басқа ұлттан артықшылығы елінің, жерінің тарихын біліп, ата-бабаның қалыптасқан дәстүрлік ерекшелігін қасиеттеуі, қадірлеуі болып табылады. Екі мыңжылдық тарихты бүгінгі ұрпаққа дейін жеткізіп, сайын даланың самалын сүйіп, төсін емген қасиетті қазақ халқының даналығының, даралығының бүгінгі күнге жалғасуы соның айғағы. Бұл халқымыздың басты ерекшелігі десек, осы асыл қасиеттерді жүрегімен түсініп, ұлтының тілі мен ділін, дінін қастерлейтін жан ғана халқын алға бастайды. Сондықтан Президент сайлауы қарсаңында (1991 жылы) Алматыдағы Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы ғимаратта Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысындағы әкімшілік басшыларымен және жұртшылық өкілдерімен кездесуінде өзім сөз сұрап, былай дегенім есімде: “Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Халық Сіздің жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей, ел қамымен жүргеніңізді жақсы біледі. Бұған дейін қазақ деген халықты кім білуші еді. Аз уақытта елімізді таныттыңыз. “Өлген қазақтың жаманы жоқ, тірі қазақтың өсектен аманы жоқ”, “Болар елдің арманы көп”, деген атадан қалған сөз бар. Біз осындай әр адамға өнеге болатын өсиетті ұмытпайық. Қазақ халқының болашағына бағытталған арманыңыз, бастаған ісіңіз ұлан-ғайыр. Сондықтан, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттыққа өзіңіздің түсуіңізді сұраймын. Еліміздің егемендік алуына, тәуелсіз Қазақстандағы саяси тұрақтылығына бүкіл Жер шарының өркениетті елдеріне қазақтың Көкбайрағын желбіретіп таныстыруға Сіздің қажыр-қайратыңыз жететініне туған халқыңыз сенеді”.
Жиын соңында Нұрсұлтан Әбішұлы Зәкең айтпақшы деп мен айтқан тәмсілдерді мысалға келтірді. Елді бірлік пен ынтымаққа шақырды. Сайлау нәтижесінде қолдауға ие болған Нұрекең Қазақ елінің Елбасы атанды. Олай болмағанда ше?! Оның бүкіл өмір жолы, тағдыры, ой-мұраты, арман-тілегі Отанымен, Қазақстан атты туған елімен еншілес. Бөлінбейді, біртұтас. Даңқы, қуанышы, қиындығы мен қызығы, жеңілісі мен жеңісі – бәрі, бәрі ортақ. Ол бәрін елімен бірге көріп, халқымен бірге жеңіске жетуде. Қазақ елін өркениетке бастап келеді. Оған, әрине, тәубе дейміз.
Жасым жетпістен асса да “Еңбекші” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығында отырмын. Қимағаннан емес, ана бір жылдары алмағайып уақытта қолұшын созған азаматтардан алған қарызымды қайтарған жоқпын. Жақында ертеректе түсірілген “Ее время пришло” атты деректі киноның жалғасын жасаймыз деп “Қазақфильмнен” жігіттер келді. Ауылдың тыныс-тіршілігін, бір ағашы сынбаған, бір кірпіші құламаған сырт келбетін көріп, таңданыстарын жасырмады. Өткен 2-3 жылда облыс әкімінің қамқорлығымен көптеген нысандарды күрделі жөндеуден өткізген едік. Кезінде жобалаудан бастап, әрлеу жұмысына дейін басы-қасында жүрген Мәдениет үйі, жобасы Прибалтикадан алынған дәрігерлік қосын, су құбыры, көшенің асфальты, жарығы бәрі сол баяғы қалпында ел игілігіне қызмет етуде.
Қазір ауылда мұғалім, дәрігер, малдәрігері, тіпті механизатор да тапшы. “Дипломмен – ауылға” деген бастама көтеріліп жатыр ғой, қозғаушы болар мүмкін. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің жастарға арнап “Ауылға барғанда, қарақтарым, мамандықтарыңның ғана емес, сол жердің, сол ауылдың құлы болыңдар. Өйткені, сол ауылдың мәдениеті де, әдебиеті де, ұстазы да сендер”, деген керемет сөзі бар. Бүгінгі жас соны ескеріп жүрсе, нұр үстіне нұр.
Ауылға жас мамандарды шақырайын десең жағдайын жасауға әзірге қол қысқа. Дегенмен, келгендері қамқорлықтан шет қалмауда.
Бүгінгі табыстың сыры халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында орнығуда. Бөлінбегеннің арқасында жегеніміз алдымызда, жемегеніміз артымызда, бақуатты тіршілік кешудеміз. Еңбек етемін, тіршілік жасаймын дегенге ауылда да мүмкіндік көп. Бірақ оның ешқайсысы оңай келмейді, бейнетпен, бел жазбай тер төгу арқылы келеді.
Мемлекет алып бәйтерек десек, ауыл сол бәйтеректің су ішетін алтын тамыры, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың қайнар бұлағы. Елбасымыздың туған жердің табиғатымен, орман-көлі, өзен-суы, қырат-тауымен, халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен ғажайып тұтастығы таңғалдырады мені. Соның барлығының бастауы кіші Отаны – кіндік қаны тамған шағын ауыл Шамалғаны, ата-бабасының ізі қалған Үшқоңыры деп білемін. Ән мен жырға құмарлығы да оның тамырын тереңнен тартатын ұлттық қасиетінің қаймағы бұзылмағандығынан. Халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ән айтуды, тыңдауды ұнататынын, әрі ақынжанды азамат екенін “Елім менің”, “Жерім менің”, “Үшқоңыр”, “Сарыарқа” сияқты әндерінен де жақсы біледі. Әнұранымыздың мәтініне енгізген толықтыруларынан да ақындық сезім, азаматтық жүрек лүпілі айқын аңғарылады.
Жақсыны қазақ ай мен күндей деген. Сонау 1994 жылы ауылға келіп, аралап көріп, дастарқаннан дәм татып, қолына қазақтың қоңыр домбырасын ұстап, әу деп әуелеткен әніне тәнті болғанымыз бар. Жарқылдап отырып, айтқандары қандай шіркін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет халқымыздың қағазға жазылмаған, қанына сіңген қасиеті.
Ана жылдары сырқаттанып қалып, ауруханадан шыққан соң денсаулығымды түзетуге Көкшетауға бардым. Сол кезде Көкшетауға Нұрекең сапармен келіпті. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларының президенттері бас қосқан үлкен жиын өтті. Жанымыздағылар “Абылайдың алаңына бармайсыз ба?” дегенде “Нұрсұлтан Әбішұлы көрсе шаруа қызған тамыз айында мына кісі мұнда не істеп жүр деп ойлайды ғой. Ыңғайсыз болар”, деп бармай қалдым. Біраздан соң алаңға кеткен демалушылар да келді. Президентті көргендерін айтып, бәрі алған әсерлерінен айыға алмай жүрді. Әсерлерімен бөлісіп, әңгімелесіп отырғанда есікті біреу қағып “Сізге үлкен қонақ келе жатыр”, дегені. Сәлден соң Нұрсұлтан Әбішұлы кірді. Бәріміз таңдандық. Соншама қыруар шаруасын былай қойып, ат басын бұрыпты. Қысылып қалдым. Мемлекет басшысының ойламаған жерден келуі, тіпті адами қасиеттің биіктігін айғақтады. “Сіздің демалып жатқаныңызды естіп, амандасуға бұрылдым”, деді. Ел-жұрттың амандығын, хал-жағдай сұрасып, біраз бөгелді. Жүрген, тұрған әр минөті санаулы, белгіленген кестемен жұмыс істейтін Елбасының ұлтымыздың үлкенге сәлем беру дәстүрін аттап өтпей, уақыт тапқаны мені тәнті етті. Бұл үлкен парасаттылық.
Өмір үнемі кездесу мен жүздесулерден тұрады ғой. Елбасымен болған мына бір кездесу де ойымнан шықпайды. Сонау 1990 жылдары қоғам қайраткері Серік Әбдірахмановпен бірге ауылға бір қырғыз жігіті қонаққа келді. Кешке дастарқан басында қайта-қайта жарық сөне берді. Қырғыз қонағым: “Табиғаттың осынша байлығының, жағалай өзен-судың ортасында отырып, жарыққа жарымай отырғандарыңыз қызық екен. Мына өзен бойына шағын су электр стансасын орнатсаңыздар мәселе шешілмей ме”, деп сөкті. Әрі ақылға қонымды ұсыныс айтты. “Мәселенің барлығы қаражатқа тіреледі ғой”, дегеніме “мен беремін” деп жауап қатты. Жөн екен, кейін жігіттерге айтып, 3,5 мегаваттық, құны 55 млн. теңге болатын шағын ГЭС-тің жобасын жасаттық. Жоба дайын болған соң, ақша беремін деген қырғыз жігітіне телефон шалдым. Қайдағы оп-оңай дүние. “Мемлекеттік кепілдеме керек”, деді ол. Сәтіне қарай, дәл сол кезде Сара Алпысқызы Астанада әйелдердің жиынын өткізіп, оған Елбасы қатысты. Үзіліске шыққанда Нұрсұлтан Әбішұлына “Бұйымтайым бар еді, кабинетіңізге барайын ба, әлде осы жерде айта берсем бе екен?” дедім. Тағы да кішіпейілділік танытып: “Осы жерде айта беріңіз”, деді. Шағын су электр стансасы жайында баяндап, оған қаржы бермекші болған қырғыз азаматының мемлекеттік кепілдеме сұрағанын жеткіздім. Мұқият тыңдаған соң “Зәке, қазір мемлекеттік кепілдемені беруді тоқтаттық, қаржыны алып, қайтармай жатыр. Бірақ мен Заманбекке (Алматы облысының сол кездегі әкімі, марқұм Нұрқаділов) айтайын, көмектеседі”, деді. Айтқандай жобамызға 50 миллион бөлінетін болды, оның алғашқы 20 миллионына Ресейден қажетті жабдықтар алып, құлшынып іске кіріскен уақытта қалған қаржыны алудың қияметі басталды. Не керек әрі тарт, бері тартпен жүргенде облыс басшылығына өзге адам келді де әңгіме тіпті басқа арнаға түсті. Он, он бес жыл өтті. Тоқтап қалған құрылыстың басы-қасында жүрген жігіт сол істің орайын келтіруді қолға алып жүр. Мұның бәрін тізбектегендегі айтпағым, Елбасының қарапайым халыққа соншалықты жақындығы, еңбек адамының тілек-өтінішін тыңдаудағы сергектігі мен сезімталдығы. Есте сақтау қабілеті де керемет. Қазақстан сияқты алып мемлекеттің қай шетіне барса да өтініш айтатын жан табылатыны анық. Солардың арасынан мен айтқан осы өтінішті ұмытпай, тағы бір кездескенде мән-жайын сұрағаны бар. Бұған қалай риза болмайсың, қалай таңданбайсың!
“Ел билеуге керек – ақыл, жүрек, ой”, дегенді Баласағұн айтқан. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын”, деген сөзі қай қазақтың болсын жүрегін шымырлатып, жанын толқытады.
Ел мүддесі жолындағы көп тәуекелінің бірі – Елбасының төл перзентіндей, төлтума туындысындай жауһар қала Астана. Арғы-бергі заманаларда ұлан-ғайыр қазақ жерінде көркі көз арбап, таңдай қақтырған небір әсем қаланың бой көтергені, сән-салтанат құрғаны аз айтылып жүрген жоқ. Бүгінде көнеден сыр шертетін Қойлық, Іңкәрдария сияқты немесе Отырар, Сауран, Сарайшық сияқты қалалар еліміздің өткен уақытта өресінің зор, өрісінің кең болғанын айғақтайды емес пе?! Ал Астана болса дәуірді таңдандырған даналық белгісі, соның ескерткіші деп білемін.
Тағы да жүректе қалған жай Арқа төсінде бой түзеген елорданың он жылдығын тойлап, Астанада он күн жүрдік, одан кейін де жиі жолым түскенде ерекше бір сезімде боламын. Ғимаратынан елінің ғибраты, Елбасының көрегендігі мен сезім қылын шертетін көл-дария көңілі танылған бас қала Еуразиялық кеңістіктегі үлкен елордаға айналған. Бүкіл еліміз Астанаға қарап бой түзейді. Астана азаттық алған ұлтымыздың гүлденген болашағының айғағы. Жай ғана қала емес, Елбасының саяси ерік-жігерінің көрінісі, батыл қадам, үлкен тәуекелшілдігінің дәлелі десем де болады. Жүздеген жылдан соң келер ұрпақтың да бүгінгі оқиғаға берер бағасы да осы тектес болатыны кәміл.
Міне, қазақ халқы тәуелсіздік салған жаңа жолмен жиырма жылға жуық жүріп келеді. Ол оңай жол емес, жеңілістер де, жеңістер де бар. Жаңа жолдың, бейтаныс жолдың ой-шұңқыры көп болатыны белгілі. Алайда жаңаруға, жақсы өмірге апаратын көшбасшыға деген сенім әрдайым шамшырақ болып келеді. Оны алыс-жақын шетел, алпауыт мемлекеттер де мойындап, бағасын беруде. Солардың бірі АҚШ конгресмені Крис Кэнонның берген бағасын баспасөз бетінен оқығаным бар. Ол: “Қазақстан қарыштап алға басып келеді әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Президент Н.Назарбаевтың саяси көрегендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сынға қарамастан, елін қуатты экономикалық елдердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформаларға кірісті”, депті. “Сырт көз сыншы”, деген. Бұған алып-қосар ештеңе жоқ.
Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың: “Қазақтың да өзге ұлттармен жарысатын кезі келді”, дегені бар ғой. Сол кез дәл осы уақытта, тәуелсіздік таңымен, замана өсірген, дәуір тудырған тұлға Н.Назарбаев көшбасшымыз болғанда туды деп ойлаймын. “Ұлттың беделін қалпына келтірдік, қазақ баласы жердің негізгі иесі, даладағы ұлы тарихтың мұрагері екенін, осы елдегі жақсыға да, жаманға да жауапкер екенін толық сезінетін болды. Біз ұлттық рухты қастер тұтатын халықтық қалпымызға оралдық”, деп жазады Елбасы “Еуразия жүрегінде” кітабында.
Күні кеше АҚШ астанасы Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит Қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан жиын болды. Ядролық тажалға және оның сыналуына қарсы күресті қазақтардың бастағанын, жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартуда да біздің елдің көшбасшы екендігін, Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қауымдастық мойындады.
Қазақстанды жер бетіндегі бейбітшіліктің көшбасшысы деп әлем айта бастады. Елінің еңсесін биіктетіп, халқын дүние жүзіне танытқан Елбасына бұған дейін саусақпен санарлық қана саясаткерлер ие болған Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы табыс етілуі соның айқын көрінісі. Бараша қазақтың жүрегі қуаныштан тағы бір шалқыды, мақтанды, мерейленді. Тәубе делік, тәуелсіздігіміз баянды, тұғыры биік болғай делік.
Зылиха ТАМШЫБАЕВА, Еңбек Ері, “Еңбекші” ЖШС директоры.
Алматы облысы.
Достарыңызбен бөлісу: |