Қ азақстан тарихы


-тақырып ЕЖЕЛГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАН



бет2/72
Дата29.10.2022
өлшемі2 Mb.
#155619
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   72
Байланысты:
Каражан - Курс лекций по ист. Казахстана 5 фор.Каз.Испр. (1) 2

1 -тақырып


ЕЖЕЛГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАН



  • Қазақстан тас ғасыры дәуірінде

  • Қазақстан аумағындағы қола дәуірі



1. Қазақстан тас ғасыры дәуірінде


Белгілі бір әлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына байла-нысты адамзат тарихы ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Көне тарихтың ұзақ уақытты қамтитын маңызды бөлігі археологиялық дерек көздері бойынша зерттеледі. Археологияда кезеңдендірудің өзіндік әдісі жасалған, оған сәйкес адамзат тарихы тас, қола, темір және ортағасырлар дәуірлеріне бөлінеді.
Алғашқы қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы ең алғашқы кезеңі. Ғылыми зерттеулерге қарағанда алғашқы қауымдық құрылыстың дамуы барлық жерде бірдей болған. Елімізде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстар өткен өмірдің даму тарихының алғашқы кезеңдерін ашып, дүние жүзілік адам қоғамының зерттелуіне өз үлестерін қосуда. Қазақстан жерінде алғашқы адамдардың тастан жасалған құрал-саймандары, қоныс-жайлары табылып отыр. Бұл архео-логиялық ескерткіштер Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың болғандығын дәлелдейді.
Алғашқы адамдардың өндіргіш күші біріншіден, алғашқы адамнан, екінші – оның тас құралынан тұрды. Археология ғылымы зерттеуді осы тас құралдардан бастайды.
Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыс ескерткіштерінің зерттелуінің азды-көпті өзіндік тарихнамасы бар. Қазақстан жеріндегі тас құралдар туралы алғашқы деректер ХІХ ғасырдың 50-жылдарынан басталады. 1862 жылы Гурьев облысының Александров портынан пышақ тәріздес тас құралдар табылса, ал 1883 жылы Абайдың досы Е.П.Михаэлстің тілегі бойынша Семей қаласында өлкелік музей ашылып, оның сөрелеріне 80-нен астам тас жебелер, тас найзаның ұштары, қырғыштар, пышақ тәріздес тас құралдар, тас балталар қойылады. Тастан жасалған құрал-саймандар, әсіресе, ХХ ғасырдың басында Қазақстанның әр жерінен табылып, ол туралы баспасөз беттерінде жазыла бастайды. 1895 жылы академик В.В.Бартольдтың бастамасы бойынша Түркістан әуесқой археологтар қоғамы құрылып, Қазақстан бойынша көне дәуірдің ескерткіштері туралы қамқорлық жасап, олар туралы хабар беріп отырған. Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың тас құралдарының нағыз ғылыми тұрғыда зерттелуі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін ғана қолға алына бастады. Кеңес дәуірінің алғашқы кезінде қазақ жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыстың ескерткіштерінің бетін ашуда С.И.Руденконың еңбегі атап айтарлықтай. Оның жазуы бойынша алғаш рет Қостанай облысындағы Қайранкөл маңынан мысты-тас дәуірінің қонысы белгілі болған. Сол сияқты көрнекті археолог ғалым М.П.Грязнов, И.В.Синициндер 30-жылдары Қарағанды, Батыс Қазақстан жерінен жаңа және мысты-тас дәуірінің қоныстарын тапқан.
Жерімізде алғашқы адамдардың құрал-жабдықтарын зерттеуде айтарлықтай еңбек сіңірген ғалым академик Ә.Х.Марғұлан болды. Ғалымның жетекшілігімен жүргізілген Орталық Қазақстан экспедициясы Бетпақдаланың орталық бөлігінен бірнеше жерден тас дәуірінің қонысын тапқан. Әсіресе, ғалымның басты бір көрнекті еңбегі Сарысу бойынан мысты-тас дәуірінің шақпақ тастан құрал жасайтын шеберхананың орнын табуы. Сонымен қатар Ә.Х.Марғұлан алғашқы адамдар мекендеген көптеген қоныстар мен үңгірлер тауып, оларға ғылыми сипаттама жазған.
Елімізде тас дәуірінің нағыз ғылыми тұрғыдан зерттелуі 50-жылдардың 2-ші жартысынан басталады. Қазақ Ұлттық академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ғылыми қыз-меткері тас дәуірінің маманы Х.Алпысбаевтың жетекшілігімен 1957 жылы құрылған «Қаратау отрядының» жүргізген жұмысы орасан зор болды. 20 жылдан астам мерзімнің ішінде ғалым тас дәуірінің төменгі кезеңінен бастап, оның соңғы кезеңіне дейінгі мезгілдерді дәлелдейтін ескерткіш-терді тапты. Бұл жұмыстың нәтижесі «Оңтүстік Қазақстанның төменгі тас дәуірі» атты монография болып жарыққа шықты. Сөйтіп, Қазақстандағы алғашқы адамдардың ескерткіштері біршама зерттеліп, игілікті жұмыс жолға қойылды. ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін палеолит дәуірін зерттеуді Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты, сонымен қатар Ж.К.Таймағамбетовтің жетекшілігімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары жүргізіп келеді. Ж.К.Таймағамбетовтың бастамасы және жетекшілігімен 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни-верситетінде ТМД елдерінің ішінде алғаш рет палеолит мұражайы ашылды.
Қазақстанның солтүстік аудандарында алғаш рет неолит дәуірінің қоныстарын 1926 ж. М.П. Грязнов пен М.Н. Комарова зерттеген. Шығыс Қазақстанда неолит кезеңінің ескерткіштерін тауып және оларға ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуде археолог ғалым С. Черниковтың еңбегі зор. Ол «Кіші Красноярск» және «Усть-Нарым» қоныстарына қазба жұмыс-тарын жүргізді. Сырдарияның төменгі ағысында Арал жағалауында, Қызылорда облысының жерінде неолит кезеңінің қоныстарын зерттеуде Хорезм археологиялық экспедициясының меңгерушісі С.П.Толстовтың сіңірген еңбегі айтарлықтай. Неолит ескерткіштерін зерттеуде академик Ә.Х. Марғұланның, тас дәуірінің маманы Х.А. Алпысбаевтың еңбегі зор.
Адамның алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Сондықтан да аса ұзаққа созылған алғашқы тарихи кезең – тас дәуірі деп аталады. Тас дәуірі мынадай 3 кезеңге бөлінеді:

  1. Палеолит – ежелгі тас дәуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан – 12 мың жылдыққа дейін).

  2. Мезолит – орта тас дәуірі (б.з.б. 12-5 мың жылдықтар).

  3. Неолит – жаңа тас дәуірі (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар).

Өз кезегінде палеолиттің өзі 3 кезеңге бөлінеді: 1) ерте палеолит (б.з.б. 2,5 млн. – 140 мың жылдықтар); 2) орта палеолит (б.з.б. 140 – 40 мың жылдықтар); 3) кейінгі палеолит (б.з.б. 40 – 12 мың жылдықтар).
Соңғы жылдары бұл схемаға кейбір өзгерістер енгізілді. Бірқатар авторлардың пікірі бойынша: олар палеолитті екі дәуірге – ерте және кейінгі дәуірге бөліп, мустье мен кейінгі палеолит арасына меже қояды. Бұл кезеңдеу бойынша ерте палеолит үш ірі дәуірге бөлінеді: олдувэй дәуірі (б.з.д. 2,6 млн. – 700 мың жыл), ашель дәуірі (б.з.д. 700 – 150-120 мың жылдықтар) және мустьер дәуірі (б.з.д. 150-120 – 30-25 мың жылдықтар). Кейінгі палеолит б.з.д. 30-25 – 12-10 мың жылдықтарды қамтиды.
Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріне жатады. Ежелгі адамның қалдықтары әзірше табылған жоқ, бірақ олардың мекен-жай, тұрақтары табылып, зерттелуде. Адамдардың қоныстануына қолайлы жердің бірі Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау жотасы болды. Осы жерден тастан жасалған ең көне еңбек құралдары табылды. Көне тас дәуірінің алғашқы кезеңінің ескерткіштері Қазақстанның оңтүстігінен, Арыстанды өзенінің бойынан Қызылтау, Тәңірқазған, Бөріқазған, Тоқалы және Ақкөл деген жерлерінен табылған. Шу өзенінің оң жағындағы Қазанғап шатқалынан осы дәуірге жататын ескерткіш табылды. Қарасу тұрағынан тастан жасалған 15 мыңға жуық заттар табылған.
Орталық Қазақстанда ежелгі палеолит адамы оңтүстікке қарағанда кешірек пайда болған. Ол көбінесе Балқаштың солтүстік жағалауын мекендеді. Бұл жерден сол уақыттағы адамдар тұрағы көбірек табылды.
Ерте палеолит кезінде адам тасты жару үшін екінші тасты пайдаланған – оларды бір-біріне соғатын болған. Мұндай тәсілді жарып түсіру техникасы яғни малтатас мәдениеті деп атап кеткен, өйткені шикізат ретінде көбінесе өзен малтатастары пайдаланылған. Ерте палеолитте адамдар тасты жару үшін жұмыр тас қолданды. Дайындалған құрал кейін шапқыш ретінде қолданылды. Бұл кезде қол шапқы қарудың аса оңтайлы, кең тараған түрі болды.
Ашель кезеңінің ескерткіштері Орталық Қазақстаннан табылды. Осындай тұрақтардың бірі – Құдайкөл Сарыарқаның теріскей-шығыс шетінде орналасқан.
Орта палеолит (мустьер) кезеңінде тас өңдеу әдістері жетілдіріле бастады. Енді еңбек құралдарын дөңгелек өзек тастан (нуклеус) жасау әдісі кең тарады. Сол кездегі қарулардың негізгі түрлері тілгіштер мен қырғыштар болды. Бұл кезеңде адам ағаш бұтағын бір-біріне үйкей отырып немесе шақпақ тастарды ұрып ұшқын шығарып, от алуды үйренді. Алғашқы діни сенім қалыптасты. Мустьерліктер өлген адамның аяғын бүгіп, бір қырымен жатқызып жерлеген. Өмір мен өлім туралы түсінік, өлгендерге құрметпен қарау белгілері пайда бола бастаған. Орта палеолит кезеңіндегі адамды неандертальдық деп атайды. Ежелгі адамдардың ұйымы – үлкен қауым орта палеолитте қалыптасты.
Орта палеолиттің белгілі тұрақтары мыналар: Қаратау аймағындағы Топалы шатқалынан табылған және Ақкөл көлінен оңтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқан Қызылрысбек тұрақтары. Осы кезеңге жататын тұрақтар сондай-ақ Арыстанды мекенінен де табылды. Солардың ішіндегі ең күрделісі Ш.Уәлиханов атымен аталды. Үшбұлақ қойнауынан аңшылардың шағын топтарының уақытша тұрағы табылды. Орталық Қазақстаннан табылған ескерткіштердің ең көнесі – Жезқазған облысындағы Обалысай тұрағы, сондай-ақ Сарысу өзенінің орта ағысындағы Мұзбел және Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы, яғни Қарағандының солтүстігіндегі Батпақ шатқалы, жоғары Ертіс өңіріндегі Қанай ауылы маңындағы тұрақтар. Мустьер кезеңінің жаңа ескерткіштері 1984 жылы Жезқазған облысының Ақадыр ауданынан табылды. Олар - Өгізтау І және ІІ, Үлкен Ақмая тұрақтары. Батыс Қазақстанның, әсіресе оның Маңғыстау түбегінде тұрған палеолиттік ескерткіштері айрықша қызғылықты. Бұрынырақ кезде А.Г.Медоев және кейінірек Ж.Қ. Таймағамбетов ашқан тұрақтардың бәрі Каспий теңізі жағалауының сөре алаңдарында орналасқан.
Кейінгі палеолит біздің заманымызға дейінгі 40 мың жылдан 12 мың жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл – адамзаттың жердің барша климаттық зоналарына тарап қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың құрылған кезі. Осы дәуірде дене бітімі қазіргі адамдарға ұқсас адамдар («саналы адам») қалыптасты. Мұндай адамның сүйегі бірінші рет Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылғандықтан, оны кроманьондық деп атайды. Бұл кезеңде пышақ тіліктер, қырғыштар т.б. тас құралдары пайдаланылды. Қарулар жетілдірілді. Аң аулауда найза лақтырғыш қолданылды.
Қоғамдық қатынастар жетіліп, адамдардың бірлескен ұйымының түрі – рулық қауым қалыптаса бастады. Оларда мықты аналық рулық қауым қарым-қатынасы орнады. Әйелдің қоғамдық өмірде биік орынға ие болуы қауымдық үй шаруасының ерекшелігімен, әйелдің ұрпақты жалғастырушы ретіндегі отбасылық рөлімен де анықталып қойылған.
Оңтүстік Қазақстаннан бірқатар кейінгі палеолиттік ескерткіштер табылды. Олардың ішіндегі ден қоярлығы Шолаққорған қалашығының батыс жағынан табылған Ащысай тұрағы. Орталық Қазақстандағы Батпақ тұрағынан ірі қырғыш тастар мен сүңгінің ұштары табылды. Үшінші Қарабас көмбесінен 172 порфириттен жасалған заттар табылды. Шығыс Қазақстанда Қанай, Свинчатка, Үңгір және Ново-Никольское тұрақтары белгілі.
Қазақстан жерінде кейінгі палеолиттің толық зерттеліп біткен ескерткіштері онша көп емес, бірақ қолдағы бар материалдар көне тас дәуірі адамдарының материалдық мәдениеті дамуының ешбір үзілмей, ұдайы жүріп отырғанына, сол сияқты Қазақстан аумағындағы қоныстану процесінің де үзілмегендігіне көз жеткізеді.
Кейінгі палеолит кезеңін мезолит (Б.з.д. 12-5 мыңжылдықтар) алмастырды. Бұл кезең аз зерттелген. Сондықтан Қазақстан жерінен табылған ескерткіштер де сирек. Бұл кезеңде жебелі садақ пен бумеранг дүниеге келді. Қазба жұмыстары кезінде садақ жебесінің доғал және домалақ ұштары да табылды. Олар терісі бағалы аңдардың терісін бүлдірмей аулау үшін қолданылды. Сондай-ақ уланған немесе өртегіш жебелер кеңінен пайдаланылды. Тас өңдеу әдісі де жетілді. Пышақ тәрізді тілгіштер басқа құралдардың бәрін ығыстырып шығарды. Адамдар тас тілгіштерге ағаштан қолға ұстайтын сап орнатуды үйренді. Балық аулау кең тарады.
Неолит кезеңі б.з.б. 5-3 мыңжылдықтар арасын қамтиды. Бұл тас өңдеу техникасының әбден жетілген кезі. Тасты өңдеудің жаңа технологиялық тәсілдері: тегістеу, бұрғылау, аралау пайда болады. Тастан балта, кетпен, келі, келісаптар, дән үккіштер жасалды. Микролиттер дайындау неолитте меңгерілді. Сүйек өңдеу жетілдіріле түсті. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының тууы, табиғаттың даяр өнімдерін пайдалану, аң аулау орнын өндіруші шаруашылықтың басуы – сол кезеңнің аса маңызды белгісі болып табылады. Ғылымда бұл құбылыс «Неолит төңкерісі» деп аталады. Адамдар жабайы жануарларды қолға үйретіп, жер өңдеудің қарапайым түрімен айналыса бастады. Шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуы адамзат қоғамының дамуына үлкен әсер етіп, адам еңбегінің ауқымы мен көлемін кеңейтті. Адам баласының бұдан былайғы экономикалық қам-қарекеті дамуының сан мың жылдық тарихы – едәуір дәрежеде шаруашылықтың осы екі түрінің өркендеп жетілу тарихы. Алғашқы қауым халқының өндіргіш күштерді дамытудағы неолит кезеңі тұсындағы қол жеткен деңгейі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың ашылуына ықпалын тигізеді. Осы кезде тау-кен ісі мен тоқымашылық пайда болып, керамикалық ыдыстар жасала бастайды. Сөйтіп, кен өндіру кәсібі қалыптасты. Адамдар саз балшықтан жасалып, отқа күйдірілген мықты қыш ыдыс – керамика жасауды үйренді. Ол ыдыстарға онша күрделі емес геометриялық өрнектер салынған.
Қазіргі кезде Қазақстан жерінде ғылымға белгілі 500-ден аса неолиттік ескерткіш бар. Неолит тұрақтары орналасу сипатына қарай төрт түрге бөлінеді: 1) бұлақ бойындағы; 2) өзен жағасындағы; 3) көл жиегіндегі; 4) үңгірдегі. Әдетте, өзен мен көл жиегіндегі тұрақтарда бұйымдар саны едәуір көп мөлшерде кездеседі, бұл жәйттен ол тұрақтарда адамдардың түпкілікті немесе ұзақ уақыт тұрып тірлік еткенін білеміз. Қазақстан жерінде бәрінен де көбірек тарағаны бұлақ бойындағы тұрақтар – олардың дені уақытша, маусымдық – кезбе аңшылардың орыны саналған. Қазақстанның шөл-дала аймақтарындағы неолит ескерткіштерінің бір ерекшелігі – олардың басым бөлігі – ашық (жер бетіндегі) тұрақтар. Бұл тұрақтардан оқтардың жебесі, сүңгінің ұшы, балталар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылған. Қазақстанның неолиттік ескерткіштері бірнеше территориялық топтардан тұрады. Арал өңірінде Сексеуіл тұрағы орналасқан. Бұл тұрақтың тұрғындары негізінен аңшылар мен малшылар болған. Солтүстік-Шығыс Балқаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. Қостанай облысындағы Ботай тұрағынан жабайы жылқының көптеген сүйектері табылды. Кейбір сүйектер жылқылардың біразы қолға үйретілгендігін көрсетеді. Сонымен, Қазақстанның далалық аймақтарында жылқыны қолға үйрету ісі басталған. Қараүңгір неолиттік тұрағы – Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында орналасқан. Шығыс Қазақстан облысындағы Қызылсу өзенінің оң жағалауынан Сатшақыз тұрағы табылды.
Батыс Қазақстанда Келтеминар мәдениетінің бір түрі – батыс-қазақстандық үлгісі оқшау көзге түседі, оны С.П. Толстов болжап айтқан. Келтеминар мәдениеті б.з. дейінгі 4 мыңыншы жылдардың аяғы мен 2 мыңыншы жылдың бас кезінде болған және Қазақстан мен Орта Азияның едәуір территориясын қамтыған. Батыс Қазақстанда Шаңдыауыл, Құлсары, Шатпакөл, Қайнар, Жыланқабақ, Сарықамыс, Шаянды және т.б. тұрақтар бар.
Солтүстік Қазақстандағы Железинка ауылының маңынан қазылып, зерттелген неолит қабірінде мәйіт қабірдің ішінде өртелген. Онда сонымен қатар өлген адам денесімен бірге қабірге әр түрлі әшекей заттар, тас қарулар, қыш ыдыстар, тамақ қойылған. Бұл заттар о дүниеге барғанда қажет болады деген ойды білдірсе, ал өртеп қою отқа табынуды көрсетеді.
Қоныстардан, молалардан табылған бұйымдар адам баласының өмірінде неолит кезеңінде үлкен өзгерістердің болғандығын байқатады. Жер кәсібі, қолөнер, мал шаруашылығы сияқты шаруашылықтың жаңа түрлері дами бастады. Неолит кезеңінде қоғамда аналық рулық құрылыс болды. Адамдардың күн көрісі, тіршілігінде ананың рөлі басым болған.
Сөйтіп, қорыта келгенде, тас дәуірінде адамның пайда болуы, қалыптасуы және алғашқы адамдардың Қазақстан аумағына қоныс аударуы мен игере бастауы үрдісі жүрді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   72




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет