Қорытынды
Ұрпақтардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына қазақ сөз өнерін
оқытатын ұстаздардың қызметі айрықша бағалылығымен ерекшеленеді. Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық сөз өнерін оқыту мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын тұтастыра жүргізудің үздігі атанған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның ұлағаты қазіргі республика ұстаздарына өнеге-үлгі мектебі болып отыр. Қанипа ұстаз ұлттық сөз өнері ұлағатын орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы оқу-әдістемелік шеберлігімен жүзеге асырды. Оның пәндері бойынша тек ғана озық үлгірім көрсеткіштерімен білім алған шәкірттері фольклор мұралары мен әдебиет туындыларының көркемдік-эстетикалық дүниетанымды тереңдететін тағылымын меңгерді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда – өзіндік жаңашыл ізденістерімен, шәкірттердің қабылдау психологиясына айрықша ықпал жасаған инновациялық-әдістемелік жаңашылдығымен оқыту мен тәрбиелеуде үздік нәтижелерге қол жеткізді.
Қ.Бітібаева бүкіл саналы ғұмырымын білім беру саласына арнаған адам. Ол өз сөзінде: «Әсіресе, данышпан Абай мен ұлы Мұхтар Әуезов
шығармаларын оқыту жөніндегі кітаптар жазу барысында ұлтымның асыл
қасиеттеріне, қажыр-қайратына ешкімге ұқсамайтын қадіріне, салт-дәстүріне,
бай тіліне тәнті боламын. Содан да болу керек, қазақ десе, қазақ
жұрты десе, оның абыройы десе, орнымнан тік тұрып, бетіне иненің жасуындай шаң-тозаң қондырмауға ант етіп жүретінім» [4] дейді.
Мен Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алудамын. Мектептерде іс-тәжірибеден өту барысында, сабақ беру кезінде жаңартылған білім мазмұнын да негізге ала отырып, Қ.Бітібаеваның әдістемесін жиі пайдаланамын. Себебі, Қ.Бітібаеваның әдістемесі, технологиясы оқушыларды оқытуда, әсіресе көркем шығармаларды оқытуда өте тиімді.
Іс-тәжірибе барысында оқушыларды тіл дамыту жұмыстары арқылы шығармашылық жұмыстарға, сауаттылыққа баулуға ерекше назар аударылады. Осы орайда Қ.Бітібаеваның «Ой тастау, ойланту» технологиясын пайдаланамын. Технологияның нәтижесі оқушылардың қызығушылығын туғызатын іскерлік ойындары күрделі де маңызды тапсырманы орындаудың жеңіл, оңтайлы жолын қарастырады:
Оқушыларды шығармашылық жұмыстарға, ғылыми ізеністерге жетелейді;
Сауаттылыққа баули отырып, тіл дамыту үрдісі жүзеге асады;
Алған теориялық білімін тәжірибеде өз беттерімен қолдана білуге түрткі жасайды;
Оқушылардың өзін-өзі оқытуы, ойлауы, ізденуі, табуы, пайдалануы сияқты іс-әрекеттерге дағдыландырады.
Әдебиет сабағындағы ең басты жұмыстардың біріне оқушылардың көркем
туындыны қабылдауы, одан әсер алуы, көркем туындыны бүкіл бітім-болмысымен түсіне білулері жатады. Яғни мұғалім осы мақсатпен ізденуі керек, осы мақсатта оны жүзеге асырудың ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптай отырып, пайдалануы керек. Ал бұл көркемдеп оқыту әдісі дара ұстаздың технологиясында айрықша байқалып, аталады.
Мен болашақ әдебиетші ретінде әдіскер ұстаз Қ.Бітібаеваның «Әдебиетті оқыту әдістемесі», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» т.б әдістеме кітаптарына сүйенемін. «Оқушыларды тіл мәдениетіне, ауызша және жазбаша тіл мәдениетіне баулу жолдары», «Оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру» тақырыптарымен берілген бөлімдерде оқушылардың дұрыс сөйлей білу үшін, ойын еркін бейнелі сөздермен жаза білуі үшін қолданылатын әдіс-тәсілдердің үлгісін көрсетеді.
Ұстаз туындыларының мазмұны, құрылымы, маңызы, көркемдік – эстетикалық құндылығы жағынан қазақ әдебиетін оқытуға, отандық педагогика ғылымына қосқан үлесі, жаңалығы орасан зор. Бір ғана «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» әдістемелік құралының өзінде тереңдетіп оқыту оқытылатын шығармалар санының көптігімен емес, оқушының икем – дағдысының дамуы, өзіндік пікір айтуға, әдеби таласқа қалыптасуы, тілінің шебер де шешен болуы мен шығармашылық әлеуетінің артуы арқылы жүзеге асатындығын ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан дәлелдеді.
Қанипа Бітібаева - қазақ педагогикасындағы теңдесі жоқ ерекше құбылыс. Ол қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін, технологиясын дамытуға айрықша үлес қосты. Қанипа Бітібаева – абырой мен беделге еңбегімен жеткен ұстаз. Менің бір түйгенім - ұстаздың бір еңбегінен-ақ телегей теңіз білімін, интелекті биіктігі мен ойының тұңғиық тереңдігін сезінгендей боласың. Қанипа Омарғалиқызының жоғарыдағыдай мәнді еңбектерін айтпағанда, күнделікті көзге көрінбейтін "қара жұмысымен" - ақ қазақтың педагогикасын өрге сүйреген өр тұлғаларымыздың бірі және бірегейі дер едім.
Дара ұстаз қазақтың ұлттық сөз өнерін оқытуда жаңаша көзқарас пен әрекеттің қажеттілігін, пәндерді интеграциялап оқыту идеясын негіздей отырып, нәтижені функционалды сауатты жеке тұлғаны қалыптастыруға бағыттауды ұсынды. Сондықтан да Қанипа Омарғалиқызының шығармашылығы жаңашылдығы мен өзектілігін ешқашанда жоғалтпайтындығына сенімдімін!
Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа толқын шәкірттерін
Отанымыздың өсіп-өркендеу мұраттары қызметіне лайықты етіп дайындауда
Қанипа Бітібаеваның үлесі қомақты деуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибелері. – Алматы, 1991.
Бітібаева Қ.О Әдебиетті оқыту әдістемесі. А:Рауан, 1997, 284
Қ.Бітібаева М.Әуезов туындыларын мектепте оқыту [23-30]
Достарыңызбен бөлісу: |