§ 1. Біздің айналамыздағы ақпарат Айналаңа, қоршаған ортаға көз салшы. Табиғаттың, адамдардың тіршілігін, көліктердің қозғалысын көресің. Түрлі құбылыстарға куә боласың, яғни түрлі ақпарат аласың. Мысалы, біз терезеден қарап, бүгінгі ауа райының қандай екендігі туралы ақпарат бере аламыз. Еңбек ететін әрбір адамның қызметі де түрлі ақпараттарға толы.
Ақпарат деген не? Ақпаратты қабылдау және ұсыну бірнеше түрге жіктеледі. Ақпарат көру, есту, дәм сезу, иіс сезу және сипап сезу арқылы қабылданады. Адам бұл ақпаратты сезім мүшелері арқылы қабылдайды Ақпарат адамға не үшін керек? Адам ақпаратты пайдалана отырып, белгілі бір мәселелерді шешеді. Жаңа ұғымдар мен ақпараттар алады. Қажет болса, ақпаратты өңдейді. Мысалы, сен компьютерде мәтін жазасың, оны өңдейсің, қағазға басып шығарасың, пошта арқылы досыңа жөнелтесің. Демек, біз ақпаратты есімізде сақтап қана қоймай, өңдеп, тарата да аламыз. Бұл – ақпараттық үдерістер деп аталады.
«Ақпарат» ұғымы ғылымның барлық салаларында, мысалы, информатика, экономика, физика, философия, биология т.б. ғылымдарда кездеседі.
Информатика пәні компьютермен тығыз байланысты, себебі ақпараттардың көбін компьютердің көмегімен өңдейміз.
Ойлан • «Ақпарат» сөзін қалай түсінесің? • Адам ақпаратты қайдан алады? • Ақпарат қабылдау түріне қарай қалай жіктеледі? • Адам қабылдаған ақпаратын қалай ұсынуы мүмкін? Суретке қара • Суретте адамның ақпаратты қабылдауының қандай түрлері бейнеленген? Ойыңды ортаға сал. • Адам, жануар мен өсімдік қоршаған ортадан ақпаратты қалай қабылдайды? Суретке қарап, ақпараттың сезім мүшелері арқылы қабылдануы туралы айтып бер. Неліктен ақпараттың басым бөлігі көз арқылы қабылданады?
Себебін анықтайық! Талдап, салыстырайық Табиғаттың төрт мезгілінің суреттерін салыстырып, қандай ақпарат алуға болатынын талдап, зерттеп айт. Саған қандай жыл мезгілі ұнайды?
Аулаға шықпай-ақ ауа райы туралы ақпаратты болжап айтуға бола ма? Досыңмен әңгімелесіп, ой бөліс.
Үйде орындайық!