№ исх: 11-2/350 от: 30. 06. 2017 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


-2018 оқу жылы басталғанға дейін Бес күндік оқу аптасы аясында сабақ кестесін құру туралы әдістемелік ұсынымдама әзірлейді. «



бет3/14
Дата20.03.2020
өлшемі3,12 Mb.
#60602
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 2017-2018 оқу жылы басталғанға дейін Бес күндік оқу аптасы аясында сабақ кестесін құру туралы әдістемелік ұсынымдама әзірлейді.



«Дене шынықтыру» пәні бойынша оқу бағдарламасындағы «Спорттық ойындар» бөліміне бөлінген сағаттар аясында детті түрде оқу бағдарламасындағы материалдарды орындау кезінде барлық сыныптарда үнемі футбол, волейбол, баскетбол бойынша жарыстар өткізу ұсынылады. Ол үшін сабақ кестесін құру барысында біріншіден, қосарланған сабақтарды, екіншіден, бір параллелдегі екі сыныпқа дене тәрбиесі сабақтарын қатар өткізуді қарастыру қажет. Екі сыныптан артық сыныптарды қосып оқыту үшін оқыту айларына, футбол, волейбол және баскетболға арналған спорт алаңдарына, спорт залының көлеміне қарай және т.б. жағдайларға байланысты қарастыру қажет.

Сонымен қатар, дене шынықтыру сабақтарын сенбі күндері таза ауада спорттық жарыстар түрінде өткізу және ол жарысқа балалардың ата-аналарын шақыру ұсынылады.

Сабақ уақытында немесе сенбі күндері спорттық жарыстар түрінде өткізілген сабақтар дене шынықтыру мұғалімдерінің жүктемесіне енеді. Егер дене шынықтыру сабақтарын бір параллелдегі сыныптарға әртүрлі мұғалім өткізетін болса, онда бұл сағаттар әрбір мұғалімнің оқу жүктемесіне енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен бекітілген Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім) қызметінiң үлгілік қағидаларының 19-тармағына сәйкес білім алушылардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерінiң мүдделерiн ескере отырып және жергiлiктi білім берудi басқару органдарымен келісу бойынша білім беру ұйымдарында инклюзивті сыныптар (бір сыныпта ерекше білім беру қажеттілігі бар екі баладан артық оқытылмауы тиіс) және (немесе) бұзушылық түрлері бойынша арнайы сыныптар ашылуы мүмкiн.

Инклюзивтік сыныптарда оқитын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен ұсынымдары бойынша жалпы білім берудің оқу бағдарламасы немесе жеке бағдарлама бойынша білім алуы мүмкін.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 5-тармағына сәйкес денсаулық жағдайына қарай ұзақ уақыт бойы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін ұйымдарға бара алмайтын азаматтар үшін үйде немесе стационарлық көмек, сондай-ақ қалпына келтіру емін және медициналық оңалту көрсететін ұйымдарда тегін жеке оқыту ұйымдастырылады.

Мемлекет инклюзивті білім берудің мақсаттарын іске асыра отырып, даму мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың білім алуы, даму бұзылыстарының түзетілуі және әлеуметтік бейімделуі үшін жағдайды қамтамасыз етеді.

Ата-аналар қоғамдастығында адамгершілікті, толеранттылықты тәрбиелеу мақсатында инклюзия тәртібінде білім алушы ерекше білім беруді қажет ететін балалар бойынша әр мектептің әкімшіліктері жылына бір рет әр параллель сыныптарда барлық адамдарға бірдей қарым-қатынас жасау қамтамасыз етілетіндігі, алайда денсаулық мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше жағдай жасау қажеттілігі туралы және инклюзивті білім берудің идеологиясын түсіндіру мақсатында ата-аналар жиналысын өткізу ұсынылады. Мұндай жиналыстардың мақсаты – барлық ата-аналар инклюзивті білім берудің 8 принципін меңгеруге қол жеткізуі:



1. Адами құндылық оның қабілеті мен жеткен жетістіктеріне байланысты емес;

2. Әрбір адам сезінуге және ойлауға қабілетті;

3. Әрбір адамның қарым-қатынас жасауға, тыңдалуға құқығы бар;

4. Барлық адамдар бірін- бірі қажет етеді;

5.  Шынайы білім беру нақты контекстегі қарым-қатынас жағдайында ғана жүзеге асуы мүмкін;

6. Барлық адамдар құрдастарының қолдауы мен достығына мұқтаж;

7.  Барлық білім алушылардың прогреске қол жеткізуі үшін біреу жасай алмайтын нәрсені жасауы болар;

8. Адам өмірінің барлық жағын алуан түрлілік күшейте түседі  .

Жиналыс тақырыбы мен өткізу форматын мектептер өздері анықтайды.

Білім беру ұйымдары оқу процесін қашықтықтан білім беру технологиялары (бұдан әрі – ҚБТ) бойынша өз бетінше іске асыра алады.

Оқу процесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 61 бұйрығымен бекітілген Экстернат нысанында оқытудың ережесімен реттеледі.



ҚБТ Қағидалары барлық білім беру деңгейлерінде мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар, оның ішінде мүгедек балалар, I және II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедек болып табылатын білім алушылар үшін қолданылады. ҚБТ бойынша оқуға ниет білдірген білім алушылар білім беру ұйымы басшысының атына растаушы құжаттарды ұсына отырып, оқуда ҚБТ пайдалану мүмкіндігі туралы уәждемелі негіздемелері бар еркін түрде өтініш жазады. Мүгедек балалар ҚБТ бойынша оқу процесіне қатысу мүмкіндігі туралы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ұсынымдарын береді. Жалпы білім беру ұйымдарында ҚБТ бойынша оқыту бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу жоспарлары бойынша жүргізіледі.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экстернат - білім алушы сабаққа үнемі қатыспай-ақ тиісті білім беру бағдарламасының оқу пәндерін өз бетімен оқитын оқыту нысандарының бірі болып табылады. Жергілікті атқарушы орган негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ мамандандырылған және арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат береді.

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат беру және негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың төлнұсқаларын беру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 179 бұйрығымен бекітілген Орта білім беру саласында жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарымен реттеледі.

Жалпы білім беру мектептерінің әкімшілігі үшін оқыту процесін және мектепішілік бақылауды тиімді ұйымдастыруға арналған келесі нормативтер ұсынылады.


1-кесте – Оқу процесі мен мектепішілік бақылауды ұйымдастыруды жүзеге асыру нормативтері




р/с

Бақылау нысаны

Норма

1

Сабақтарға және сыныптан тыс іс-шараларға қатысу және оларды талдау

Айына 8-10 сабақ (директордың орынбасарлары үшін);

Айына 2-3 сабақ (мектеп директорлары үшін)



2

Сынып журналдарын тексеру

Тоқсанына 1 рет

3

Білім алушылардың күнделіктерін тексеру

Тоқсанына 1 рет

4

Пәндер бойынша оқу бағдарламаларының орындалуын тексеру

Тоқсанына 1 рет, жылына 4 рет

5

Білім алушылардың жеке істерін тексеру

Жылына 2 рет (сынып жетекшілері үшін)

6

Пәндер бойынша тақырыптық және күнтізбелік жоспарларды тексеру

Жылына 2 рет

Бақылаудың негізгі түрлері ауызша, жазбаша нысанда және олардың байланысы арқылы жүзеге асырылады. Бақылаудың формасын таңдау оқу пәнінің мазмұны мен ерекшелігіне, оқуға бөлінетін сағат санына, оқу кезеңіне, жопарланған оқу нәтижесіне, білім алушылардың жас және жеке ерекшелігіне байланысты.

Бақылау жұмыстары білім беру ұйымының жетекшісі бекіткен кестеге сәйкес өткізілуі қажет. Бақылау жұмыстарын дүйсенбі, жұма және соңғы сабақтарда өткізу ұсынылмайды.

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлеріндегі оқу процесіне қатысушыларды кешенді қолдауды Академия сайты (www.nao.kz) қамтамасыз етеді. Мұғалімдерге көмек ретінде сайттың келесі бөлімдері ұсынылады:



  • «Білім беруді оқу-әдістемелік қамтамасыз ету» (әдістемелік-нұсқау хат, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім), бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары, нормативтік-құқықтық база);

  • «Білім беруді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» (әдістемелік құралдар, ұсынымдар мен нұсқаулықтар, тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері, Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері);

  • «Семинарлар, конференциялар» (Академияда өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттар: ғылыми-практикалық конференциялар, тақырыптық семинарлар және т.б.);

  • «Журналдар» (Академияда шығарылатын «12 жылдық білім беру – 12-летнее образование», «Білім – Образование», «Қазақстан кәсіпкері – Профессионал Казахстана» ғылыми-әдістемелік журналдар туралы ақпараттар);

  • «Сұрақ-жауап» (оқыту мен тәрбиенің өзекті мәселелерін талқылау, Академия мамандарына сұрақтар қоюға болады).

Академия Жаңартылған білім мазмұнына көшу жағдайында 1-сынып мұғалімдеріне көмек ретіндегі Әдістемелік ұсынымдама дайындады. Ұсынымдама Академия сайтына орналастырылған.

Білім беру қызметін ұйымдастыру кезінде жалпы білім беру ұйымдары басшылыққа алатын нормативтік-құқықтық құжаттар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сайтындағы (http://www.adilet.gov.kz) «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйе» (http://adilet.zan.kz) блогында орналастырылған.

Жаңартылған білім мазмұнына көшетін мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету үшін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы НЗМ сайтында ұсынылған (sk.nis.edu.kz сілтемесі арқылы кіру) Жүйелі-әдістемелік кешенді (ЖӘК) әзірледі.
Оқу процесін ұйымдастыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдер, әдістемелер, технологиялар
Білім алушылардың оқу әрекетін ұйымдастыру және оның нәтижелерін бақылауды жүзеге асыру үшін педагог әртүрлі әдістер мен құралдарды пайдаланады. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқу процесі оқушылардың өздерінің белсенді қызметімен сипатталатынын атап өткен маңызды. Бұл жағдайда мұғалім білім алшылардың танымдық іс-әрекеттерінің ұйымдастырушысы ретінде болады.

Жаңа стандарттар құзыреттілік тәсіліне негізделген, соған сәйкес оқу бағдарламаларының құрылымы өзгерді: міндетті меңгерілуі тиіс белгіленген оқу материалынан емес, күтілетін нәтижеге қарай әрекет жасаймыз. Бұл білім алушының қабылдауы өзгергенін, яғни басым авторитарлықтан ынтымақтастық оқытуға көшуді білдіреді.

Мұғалім назар аударуы қажет мына бір сәтті атап өткен жөн.

Өйткені, кестеге сәйкес 2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар,
2018-2019 оқу жылында 3, 6, 8,10-сыныптар, 2019-2020 оқу жылында 4, 9 және 11-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Демек, мұғалім балаларды осы жаңартылған білім мазмұына көшуге дайындау керек. Оның бір жолы – білім алушы қызметін жандандыру тәсілдерін пайдалану, оларға барынша дербестік беру.

Практик-мұғалімге көмек ретінде оқу процесін ұйымдастырудың қазіргі заманғы тәсілдеріне, әдістеріне, технологияларына қысқаша сипаттама ұсынылған.

1. Зерттеушілік тәсілі.

Зерттеушілік тәсілі негізінде білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу іске асырылады.

Зерттеушілік тәсілі:

- оқу процесінің барлық кезеңдеріне ғылыми зерттеулердің жалпы және жеке әдістерін енгізуді (қабылдаудан практикада қолдануға дейін);

- шығармашылық-ізденіс қызметтерін оқу және оқудан тыс уақытта ұйымдастыруды жобалайды.

Зерттеушілік тәсілі «мұғалім – білім алушы» өзара қарым-қатынасы сипатының ынтымақтастық жағдайына қарай өзгеруіне, сондай-ақ танымдық қызығушылығына тәрбиелеуге, білім алу мен оқуға деген оң уәждеме құруға, терең, сапалы білім алуды қалыптастыруға ықпал етеді.

Зерттеушілік тәсілді қолдану жеке тұлғаның интеллектуалдық дамуына, өзіндік білім алу дағдыларын, белсенді танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

2. Құндылықтарға бағытталған тәсіл.

Оқытудағы құндылықтарға бағытталған тәсіл – ол оқу әрекетін белгілі бір құндылықтар тұрғысынан ұйымдастыру және жүзеге асыру, нәтижелерге қол жеткізу және пайдаланудың тәсілі. Құндылыққа бағытталған оқу процесі білім алушының бойында тұлғалық құндылықтар жүйесін қалыптастырады.

Құндылықты бағдарлау – тұлғаның өз әрекетінде жекелеген құндылықтарды (құндылықтарға бағдарлану қабілеттілігі) бағдар ретінде таңдап алу қабілеттілігі (қасиеті), сондай-ақ оларды өзінің жеке әлеуметтік маңызды құндылықтары ретінде сезіну және қабылдау қабілеттілігі.

Құндылықтарды іске асыру құндылықтардан шығатын талаптарға сай болу және күнделікті өмірді сол талаптарға бағындыру. Құндылықтардың мәні белгілі бір қоғамның сәтті әрекет етуі үшін қажетті ережелерді, дағдыларды, өмір салтын, мінез-құлық мәнерін қалыптастыруда көрініс табады.

Құндылықтар – қоғам қолдайтын және адамдардың көпшілігі бөлісетін белгілі нысандардың және құбылыстардың, адамдық қасиеттері мен өзін-өзі ұстау ережелерінің тұлғалық және әлеуметтік-мәдени маңыздылығы. Құндылықтар тұлғаны ынталанырудың өте маңызды факторы ретінде мінез-құлығы мен іс-әрекеттерін көтермелейді.

Орта білім берудің құндылықтары «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарына негізделген. Орта білім берудің құндылықтары ретінде:

1) қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік;

2) құрмет;

3) ынтымақтастық;

4) еңбек пен шығармашылық;

5) ашықтық;

6) өмір бойы білім алу белгіленді.

3. Тұлғаға бағдарланған тәсіл.

Тұлғаға бағытталған тәсілдің мақсаты оқу процесін дараландыру, оның жеке психикалық және дене бітімі ерекшеліктерін, қажеттіліктері мен мінез-құлық уәждерінінің әлеуетті мүмкіндіктерін ескере отырып білім алушыны тұлға ретінде үйлесімді қалыптастыру және жан-жақты дамыту, оның шығармашылық қабілеттерін толық ашу болып табылады.

4. Іс-әрекеттік тәсіл.

Іс-әрекеттік тәсілдің негізгі мазмұнында білім алушының білімді дайын күйінде алмай, оны өзі өндіруі, өзінің оқу әрекетінің мазмұны мен түрлерін ұғынатыны, оның ережелер жүйесін түсінуі мен қабылдауы жатыр, бұл өз кезегінде оның білімінің, біліктерінің және кең ауқымды дағдыларының белсенді әрі табысты қалыптасуына ықпал етеді.

Білім алушылардың оқу әрекеттері «білу», «түсіну», «қолдану», «талдау», «жинақтау», «бағалау» сияқты категорияларға топтастырылған.

Іс-әрекеттік тәсіл өз бетінше ізденуді, түсіндіруді, талдауды, түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты тарату мен бағалауды, графикалық мәліметтер мен басқа үйретуші ресурстарды қолданады.

5. Саралап оқыту тәсілі.

Саралап оқыту тәсілі – білім алушылардың әртүрлі топтары үшін оқу процесін мамандандыруды, білім алушылардың ерекшеліктерін есепке алу мақсатында әртүрлі топтар үшін әртүрлі оқыту жағдайларын жобалайды.

Саралап оқыту тәсілі әртүрлі білім алушылар тобының оқу әрекетін ұйымдастыру үшін арнайы оқыту әдістерін және іс-әрекеттерді саралау тәсілдерін кіріктіреді. Күрделілігімен, оқу-танымдық қызығушылықтарымен, мұғалім тарапынан көмек сипатымен ерекшеленетін сараланған тапсырмаларды қолдану - сараланған оқу іс-әрекеттерін ұйымдастырудың шарты болып табылады.

6. Құзыреттілік тәсілі.

Құзыреттілік тәсілдің мақсаты дәстүрлі емес және типтік жағдаяттарда шешім қабылдау және іс-әрекет жасау, өз мақсатын анықтай алу дағдыларын меңгеру болып табылады.

Құзыреттілік тәсілінің басты міндеті білім алушылардың бастамашылдығы мен өз бетінше жұмыс істей алатынын көрсетуге деген ынтасы болып табылады. Ол білім алушылардың жеке әрекет ете алуына, өз қабілеті мен қызығушылығын ұйымдастыруына мүмкіндік береді.

Құзыреттілік тәсілі білім алушылардың білім, білік дағдыларын жеке-жеке емес, кешенді түрде меңгертуді жобалайды.

7. Жүйелі-әрекеттік тәсілі.

Жүйелі-әрекеттік тәсілі білім алушыының оқу әрекеттерін өз бетінше ұйымдастыру негізінде құрылады, оларда әмбебап оқу әрекеттері жүйесін қалыптастыру мен дамыту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ол өз бетімен оқу, өздігінен даму, өздік ұйымдастыру режимінде оқу процесін ұйымдастыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Жүйелі-әрекеттік тәсіл курстың тарауларын жеке-жеке емес, өзара байланыста оқуды ұсынады.

8. Коммуникативтік тәсіл.

Оқытудағы коммуникативтік тәсіл - ақпаратты тарату мен жариялау, екі немесе одан да көп адамдар өзара сөйлесім процесіне түскенде білім, білік және дағдымен алмасу. Коммуникативтік тәсілдің нәтижесі тілдік және сөйлеу нормаларын дұрыс пайдалана және коммуникативтік әрекетті дұрыс таңдай отырып, қарым-қатынасқа қатысушы басқа адаммен өзара әрекет ету процесінде тіл арқылы қарым-қатынасты жүзеге асыру қабілеттілігі болып табылады.

Оқыту процесінде коммуникативті тәсілдерге сәйкес қарым-қатынас жасай білуін қалыптастыруға ықпал ететін тапсырмалар және шынайы коммуникация шарттарына барабар жұмыс режимі (жұптық және топтық жұмыс) пайдаланылады.

9. Интегративтік тәсіл.

Білім алушыларды дамытуға арналған интегративтік тәсіл барысындағы оқыту процесі әртүрлі құралдар мен бірнеше іс-әрекеттерді біріктіру қағидатына сай құрылады. Интегративтік тәсілге көптеген белсенді қозғалыс түрлері жатады: сергіту сәттері, театрландырылған ойындар, қозғалыс үзілістері (кідіріс).

Интегративтік оқыту тәсілі білім алушылардың сөздік қорын кеңейтуге, коммуникативтік біліктіліктерін дамытуға, эстетикалық талғамдарын дамытуға, көркемөнер туындыларын түсіну және бағалауға мүмкіндік береді. Аталған оқыту тәсілі психикалық процестерге әсер етіп қиындықтарды жоюға, оқу материалын тиімді, қолжетімді, жаңа деңгейде қабылдауға мүмкіндік береді.

10. Ойын арқылы оқыту.



Оқыту әдісі ретінде ойын түрлерін қолдану білім алушылардың танымдық қызығушылық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ойын түріндегі оқыту технологиясының басты элементтері:

- ойын алдында нақты оқу мақсаты қойылады;

- ойын арқылы белгілі педагогикалық нәтижеге қол жеткізу жоспарланады, оқыту іс-әрекеттері ойын ережелеріне бағынады, оқу материалдары ойын құралы болып табылады.

Ұжымдық іс-әрекет түрлерін ұйымдастыруға бағытталған ойын тәсілдері арқылы білім алушылар басқа шағын топ мүшелерінің пікірін сыйлауды, соңғы нәтиже мен өзіндік іс-әрекетін жобалай алуды, мақсатқа жету әдістерін анықтауды үйренеді.

11. Жобалау тәсілі.

Оқу жобасы – білім алушылармен немесе білім алушылардың тобымен ғылыми-зерттеушілік, шығармашылық немесе практикалық сипаттағы проблемаларды шешуге бағытталған оқу-танымдық іс-әрекеті. Проблемаларды кең тұрғыда шешу әрекетімен және келісілген әдістерімен, жалпы ортақ мақсатының болуымен сипатталады.

Жобалау әдісінің элементтерін қолдану арқылы білім алушылар алға қойған проблеманы шешудің өзіндік жолдарын іздеп табады. Жобалау әдісі білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес іске асырылады. Жобалау әдісін қолдану барысында білім алушылардың ұжымдық, топтық жобалар дайындау бойынша атқаратын іс-әрекеттерін ұйымдастыру ұсынылады. Жобалау жұмыстарын ұйымдастыру сабақпен ғана шектелмейді, сабақтан тыс уақытта да бірлесіп жұмыс жасаулары қарастырылады.

12. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) қолдану құзыреттілігі базалық АКТ дағдылар негізінде құрылады және жұмысқа, қарым-қатынасқа, бос уақытқа арналған технологияларды дұрыс шығармашылықпен қолданудан тұрады. Білім алушылар өздерінің АКТ бойынша дағдыларын білім алу процесіндегі барлық оқу пәндері арқылы дамытады, яғни ақпаратты табу, құру, мәліметтермен, идеялармен алмаса отырып, кең спектрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы бірлесіп қызмет жасау барысында өзінің жұмысын бағалайды және жетілдіреді.

Орта мектепте АКТ-ні БАҚ және мультимедиялық құралдарды пайдалануға қойылатын талаптар:

- дерекқордан және интернеттен ақпаратты іздеу, табу;

- сандық, интернет жүйелері арқылы алынған ақпараттарды өңдеу және оның нақтылығын, сенімділігін, құндылығын бағалай алу;

- сандық, мәтіндік және визуалдық ақпаратпен және дерекқормен, оның ішінде гиперсілтемелерді, электрондық кестелерді, графикалық және басқа да қосымшаларды пайдаланып жұмыс істеу арқылы мәліметті жүйелеу;

- заңдылықтар мен үрдістерді зерттеу; модельдер мен модельдеуді пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу, сонымен қатар жылжымайтын және қозғалыстағы бейнелерді, дыбыстарды және мәтіндерді мультимедиалық таныстырылымдар құру үшін біріктіру, басқа нұсқаларды зерделеуде, нақтылауда және нәтижелерді жақсартуда сандық ақпараттың икемділігін толығымен пайдалану;

- электронды байланыс арқылы басқа білім алушылармен және оқытушылармен ынтымақтаса онлайн форумдарға, виртуалдық оқыту орталарына қатысып, қарым-қатынас жасау және ақпарат алмасу;

- интерактивті тақтаны белсенді оқытуға техникалық қолдау көрсету мақсатында қолдану;

- аяқталған жұмыс бойынша мектептің шеңберінде немесе одан тыс жерде мультимедиялық таныстырылым жасау.

13. Кейс-стади.

Кейс-стади - бұл нақты оқиға мен жағдаятты талдауға арналған іскерлік ойын. Кейс-стадиді қолдану барысында білім алушылар топтық сұрақ-жауап кезінде шығарылған мәселенің маңызын түсіндіріп, жағдайды бағалайды, оқиға немесе процеске талдау жасайды, өзіндік шешу жолдарын көрсетеді.

Кейс-стадиді қолдану:

- жүйелі, корреляциялық, факторлық, статистикалық және тағы басқа талдау біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік береді;

- білім алушылармен қосымша тапсырмалар жасау нұсқаларын жобалайды;

- «ми шабуылы» пікірталасын өткізу, ғылыми дауласу, негізгі және әр жақты шешім бойынша дебаттар дайындалып өткізіледі деп жобалайды.

Кейс-стадиді қолдану барысында білім алушылардың дайын білімді меңгеруі емес оны өндіруге, яғни теориялық білімін практикалық міндеттерді шешуге қолдану дағдыларын дамыту және мұғаліммен білім алушылардың ынтымақтаса шығармашылықпен жұмыс жасауына басты назар аударылады.

14. Дамыта оқыту.



Дамыта оқытудың мақсаты білім алушының күнделікті өмірге тәуелсіз, сонымен қатар ақиқатты іздей отырып, өзіндік оқуы арқылы білім алуға қол жеткізуі.

Дамыта оқыту әр білім алушының дербес танымдық әрекеттерге ұмтылуға құштарлығын, белсенді өмірлік қағидаттарын қалыптастырады. Білім алушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Ол оқытуда қолданылатын дидактикалық ойындар, пікірталастар, сонымен қатар шығармашылық қиялы мен ойлауына, есте сақтауына, сөйлеуіне бағытталған түрлі іс-әрекеттерге білім алушыларды рту түріндегі оқыту әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылады.



Дамыта оқыту білім алушының жан-жақты тұлғалық сапасының дамуына, өзіндік ой-тұжырымын жасауына, өзіндік оқу іс-әрекетіне талдау жасауға және оны басқара білуіне бағытталған.

15. Модульдік оқыту.

Модульдік оқыту – оқу ақпаратын блокты – модуль негізінде беру арқылы оқу процесін ұйымдастыру тәсілі. Оқу мазмұны ақпаратты блоктарда беріледі де меңгеру мақсатқа сәйкес жүзеге асырылады.

Модульдік оқыту барысында білім алушылар үшін оқытылатын білім көлемі ғана емес, оны меңгеру деңгейінің дидактикалық мақсаты тұжырымдалады. Модульдік оқыту білім алушылардың базалық дайындығының деңгейіне, жеке сұраныстары мен икемділігіне қарай оқытуды қамтамасыз етеді. Оқытуды дараландыруды: оқу мазмұнын, меңгеруін, өзіндік деңгейі, әдісі мен тәсілі, бақылау, өзін-өзі бақылауы бойынша қамтамасыз етеді.

16. Проблемалық оқыту.



Проблемалық оқыту – өзіндік дүниетанымын қалыптастырудың барынша өзекті құралы. Проблемалық оқытудың тиімділігі ол білім алушылардың сыни, шығармашылық, диалектикалық ойлауын қалыптастыру міндетін шешуден тұрады.

Проблемалық оқыту логикалық тәсілдер жүйесін немесе жекелеген шығармашылық іс-әрекеттерін, жаңа жағдаятта білімін шығармашылықпен қолдану біліктілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ол шығармашылық тәжірибесінің молаюына, зерттеушілік әдістерді меңгеруіне, практикалық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.



Проблемалық оқыту оқудың қажеттілігін, уәжін қалыптастыруға, яғни әлеуметтік құзыреттілігін, адамгершілік, танымдық қажеттілігін құруға мүмкіндік береді.

17. Дербес оқыту тәсілі.

Дербес оқу – оқу-тәрбие процесін дараландыруға, білім алушылардың жеке ерекшелігін ескеріп оқыту мен тәрбиелеуге, өзіндік танымдық іс-әрекеті тәжірибесін қалыптастыруға, өзіндік білімін көтеруге дайын болуы мен қажетсінуіне, білім алушылардың ұйымшылдығын, дербестігін тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Бәрі бірдей ортақ қарқынды жұмыс жасау арқылы барлық сыныпқа арналған тапсырманы білім алушының өзіндік орындау іс-әрекетін көрсетеді.

Білім, білік, дағдыларын жетілдіруде және қалыптастыруда өтілген материалды бекітуге дербес оқытуды тиімді пайдалануға болады. Дербес оқытуды тиімді пайдаланғанда әрбір білім алушының белсенді оқу әрекеті қамтамасыз етіледі. Ол әрбір білім алушының жеке қарқынды жұмыс істеуіне; білімде кеткен ақтаңдақтарды жоюға, саралап оқуға, әрбір білім алушының жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дербес оқыту білім алушының өзіндік бақылауын күшейтеді, өздігінен білім алуының негізі болып табылады.



18. Көркем-эстетикалық циклі пәндері бойынша оқу процесін ұйымдастыру барысында көркем-технологиялық тәсіл қолданылады.

Көркем-технологиялық тәсіл материалдар мен құралдардың негізін, композициялық заңдылықтарын, түстердің кіріспе негіздерін, көркем еңбек объектілерін құрастырудың технологиялық реттілігі туралы білімдерін қолдануға бағытталған білім алушының немесе топтың оқу-танымдық іс-әрекетін қамтамасыз етеді.

Нақты тәсілмен ресімделген іс-әрекеттің нәтижесін, реттілігін, келісілген оқыту әдістерінің көркем-технологиялық тәсілін қамтамасыз етеді.


Білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі
Білім беру мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалау жүйесіне көшу қарастырылған. 2017-2018 оқу жылында жаңа бағалау жүйесіне 1, 5, 7- сыныптар көшеді. 2-сыныптарда критериалды бағалау жүйесін енгізу жалғасатын болады, негізгі мақсаты сапалы бағалау мен тұлғаны дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, қоршаған әлеммен тиімді өзара әрекет етуге, өздігінен білім алуға және дамуға дайын, алдына ала белгілі және нақты критерийлер бойынша объективті бағалау болып табылады.

Жаңа бағалау жүйесі білім алушыда өз әрекетін бақылау мен бағалау, туындаған қиындықтардың себептерін анықтау мен қалпына келтіру қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Оқыту процесі білім алушылардың бойында функционалдық сауаттылықты және кең ауқымды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Бұл оқыту процесінде оқу процесін дәстүрлі ұйымдастырудан алшақтап, білім берудің 6 саласы бойынша айқындалып күтілетін нәтижелерге негізделеді және білім алушылар «біледі», «түсінеді», «қолданады», «талдайды», «жинақтайды», «бағалайды», яғни іс-әрекеттік аспектіні болжайтынын ескеру маңызды.

Оқыту мақсаттары күтілетін нәтижелер түрінде ұсынылып отыр. Әрбір бөлімшелерге дәйекті түрде енгізілген оқыту мақсаттары, мұғалімдерге өз жұмысын жоспарлауға және білім алушылардың жетістіктерін бағалауға мүмкіндік береді.

Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау оқыту мақсаттарымен жоспарланған, қол жеткізген нәтижелері дәрежесіне сай алдын ала белгіленген нақты критерийлерге сәйкес жүзеге асырылады.

Осыған байланысты, білім алушының жеке тұлғасы емес, оның жұмысы ғана бағаланады; білім алушының жұмысы басқа білім алшылардың жұмыстарымен емес, оларға алдын ала белгілі (өте жақсы орындалған жұмыс түрінде) эталонымен салыстырылады. Не нәрсеге үйретеді, соны ғана бағалауға болады, сондықтан бағалау критерийі – оқу мақсаттарының нақты көрсетілуі.

Мұғалімге критериалды бағалауды оқу процесін барынша тиімді ұйымдастыруға болатындай түрде пайдалану, білім алушыларға дер кезінде қолдау көрсету және олардың оқудағы алға жылжуын қамтамасыз ету, мүдделі тараптарға оқу нәтижелері туралы ақпаратты беріп отыру ұсынылады. Мұндай бағалау жүйесі алдымен білім алушыларды табысты оқуға ынталандыруға, білімдегі олқылықтарын анықтауға және олардың өсуін көрнекі түрде көрсетіп отыруға бағытталған.

Критериалды бағалау жүйесі қалыптастырушы бағалау мен ішкі жиынтық бағалаудан тұрады.

Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа жүйесін педагогтер мен ата-аналар әртүрлі қабылдады. Сол себепті, жыл бойы сұрақтар туындады.

Білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі:

- оқыту мен бағалаудың біртұтастығына негізделеді;

- білім алушылардың ілгерілеушілігі мен үлгерімін қамтамасыз етуде біртұтас тәсілді қалыптастыруға бағытталады;

- оқу бағдарламаларына сәйкес дағдыларды дамыту және білім алуға дәлелдемелер жинақтау мен оқыту мақсаттарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;

- әрбір сынып үшін пән бойынша оқу бағдарламасының мазмұны негізінде бағалау түрлері мен әдіс-тәсілдерінің алуан түрлерін қамтиды.

Критериалды бағалау жүйесі оқыту, оқу мен бағалаудың өзара байланысына негізделгенін есте сақтау маңызды. Критериалды бағалаудың нәтижелері білім беру процесін тиімді жоспарлау мен ұйымдастыру үшін пайдаланылады.

Критериалды бағалау білім алушылардың дағдыларының даму дәрежесін бағалауға мүмкіндік береді.

Әрбір сабақ оқыту мақсаттары мен оларға жету критерийлерін айту/көрсетуден басталуы керек. Білім алушы қойылған оқу мақсатын түсінуі, ұғынуы және оған қалай қол жеткізуге болатынын білуі тиіс.

Критериалды бағалау технологиясын пайдалану қандай да бір практикалық дағдының қалыптастырылғанын, оқу материалының қаншалықты табысты меңгерілгенін анықтауға мүмкіндік беретін анық айқындалған, алдын ала белгілі критерийлермен білім алушылардың жетістіктерін салыстыру. Осыған сәйкес, әрбір білім алушының жалпы дайындық деңгейінің өзгерістері сияқты, оның алдыңғы жетістіктерімен салыстырғандағы табыстарының динамикасын да тіркеуге мүмкіндік бар.

Мұғалімге критериалды бағалауды оқу процесін неғұрлым тиімді ұымдастыру, білім алушыларға уақытылы қолдау көрсету және олардың оқудағы жетістіктерін қамтамасыз ету, мүдделі тараптарға оқытудың нәтижелері туралы ақпарат ұсыну үшін қолдану ұсынылады. Бағалаудың бұндай жүйесі біріншіден балаларды табысты оқуға ынталандыруға, біліміндегі олқылықтарды анықтауға және олардың өсуін көрнекті түрде көрсетуге бағытталған

Критериалды бағалау жүйесінің үлкен артықшылығы білім алушыға түсетін күйзеліс жүктемесінің төмендеуі болып табылады. Бірлескен ынтымақтастықта өзіндік, жұптық, топтық жұмыс дағдыларын иелену процесі белгісінен, маңызды әлеуметтік құзыреттілікті дамытуға өзгереді.

Критериалды бағалау білім алушылардың оқуға деген қызығушылығын дамыту, оқытудың ізгілікті, достық ортасын құру, оқу процесінде білім алушыларды қолдау, білім алушылардың оқуға деген ынтасын одан әрі нығайту, зерттеу, шығармашылық іс-әрекеттерге қатысу үшін пайдаланылады.

Бағалаудың жаңа жүйесі мұғалімнің ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және ата-аналармен тығыз байланыс орнатуды талап етеді.

Білім алушылардың ата-аналарына бағалаудың жаңа жүйесінің мақсаты мен негізгі принциптері түсіндіріледі, ата-аналар үшін практикалық тренинг немесе шеберлік сыныптары өткізіледі.

Мұғалім ата-аналар жиналысын критерийлері алдын-ала белгілі тапсырмалар тарату, дескрипторларды талқылау және ата-аналармен топтық немесе жұптық жұмыс жүргізу арқылы, сабақ түрінде өткізуіне болады. Сабақта ата-аналарға да олардың балаларына берілген сияқты өзін-өзі бағалауға, өзара бағалауға, нәтижелерді талқылауға мүмкіндіктер беріледі. Мұндай жағдайда, ата-аналар жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша оқу процесімен танысады, бағалау механизмдерін түсінеді, өз балаларының жетістіктерімен бөліседі, жаңартылған бағдарлама туралы практикаға бағытталған нақты ақпарат алады. Бұл тәжірибе жаңа білім стандартын ата-аналардың түсінуі мен қанағаттануын қамтамасыз етудің үлгісі болып табылады.

Ата-аналарға бағалаудың жаңа жүйесі білім алушылар үшін қолайлы білім ортасын құруға ықпал ететінін түсіндірудің маңызы зор.

Мұғалім бағалауды өткізу кезінде тек мұғалімдерге ғана емес, сонымен қатар ата-аналар мен білім алушыларға да көмек ретінде әзірленген кешенді әдістемелік материалдарды міндетті түрде пайдалануы керек:


  • Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидалары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығы, 2017 жылғы 6 маусым № 265 бұйрығымен өзгеріс енгізілген);

  • «2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хат;

  • Бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық;

  • Сыныптар, пәндер және тілдер бөлінісінде қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы;

  • Сыныптар, пәндер және тілдер бөлінісінде жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинағы;

  • Сыныптар, пәндер және тілдер бөлінісінде жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдама.

Әдістемелік нұсқаулықтар, жинақтар мен басқа да материалдар мектеп кітапханаларында бар, олардың nao.kz, smk.edu.kz сайттарынан табуға болады. Барлық туындаған мәселелер бойынша өз басшыларыңызға, әдіскерлеріңізге, критериалды бағалау бойынша үйлестірушілеріңізге хабарласып әрқашан жауап алуға, көрсетілген сайттардағы қолданыстағы айдарларға сұрақ жолдауларыңызға болады.

Оқытудағы ілгерілік туралы деректер жинау үшін әр сабақ барысында қалыптастырушы бағалау жүзеге асырылады. Оны ағымдағы немесе қалыптастырушы бағалау деп те атауға болады.

Қалыптастырушы бағалау оқу процесінде білім алушылардың білімді меңгеруі мен дағдылары қалыптасуы деңгейін анықтау үшін қызмет атқарады, білім беру процесін түзетуге мүмкіндік береді, мұғаліммен кері байланысты жүзеге асыру үшін жүргізіледі. Кері байланыстың формаларын, түрлерін мұғалім өзінің жинақтаған тәжірибесін пайдаланып өз қалауы бойынша таңдайды. Осыған байланысты, кері байланыс ұсынуда тиімді және дұрыс түрлеріне көңіл аударған жөн.

Қалыптастырушы бағалауды өткізер алдында білім алушыларды оқыту мақсаттары және бағалау критерийлерімен таныстыру маңызды. Тапсырманы орындау кезінде неге назар аудару қажет екенін білім алушыларға түсінікті болу үшін бағалау критерийлерінің мағынасын түсіндіру қажет.

Оқыту процесінде білім алушының қойылған оқыту мақсаттарын түсінгендігін растау ретінде басқа да оқу міндеттері қойылып және тиімді сыныптық пікірталас қалыптасқаны маңызды. Мұғалімнің тұрақты түрде кері байланыс жасауы білім алушыларды алға қарай жылжуға, жақсы нәтижеге жетуге ынталандыратын болады.

Ойлау дағдыларын деңгейін дәл бағалай білу критериалды бағалаудың маңызды аспектісі болып табылады. Кестеде оқу бағдарламасына енгізілген ойлау дағдыларының деңгейлері және қалыптастырушы және жиынтық бағалау барысында қарастырылған даму немесе қалыптасу дәрежесі берілген.


2-кесте – Блум таксономиясы бойынша ойлау әрекетінің деңгейлері


Дағдылар

Сипаттамасы

Білім

Нақты фактілерді, ақпараттарды және олардың сипаттамасын білу және көрсету

Түсіну

Ақпаратты дұрыс көрсету, болжау немесе түсіндіру арқылы ұғынуды көрсету

Қолдану

Ақпаратты және бұрын алынған білімдерді жаңа немесе таныс емес мәнмәтінде немесе жағдаятта қолдану

Талдау

Ақпараттық материалдарды құрылымдық бөліктерге бөлу қабілетін көрсету, дәлелін немесе себебін анықтау арқылы түрлі қорытынды алу үшін ақпаратты зерделеу, жалпы ережелерді негіздеу үшін ой қорытындысын және/немесе дәлелдер табу

Синтез

Бұрын алынған білімдердің түрлі бөліктерін жаңа мәнмәтінде қайта қарау қабілетін көрсету

Бағалау

Белгіленген критерийлер бойынша идеялардың немесе фактілердің маңыздылығы туралы пікір қалыптастыру

Білім алушылардың дайындық деңгейі әрбір білім беру саласы бойынша жобаланған оқытудың күтілетін нәтижелері арқылы анықталады.

Төмендегі кестеде ойлау дағдыларының барлық деңгейлері бойынша күтілетін нәтижелерді анықтауға арналған етістіктерді қолдану үлгілері берілген (3-кесте).
3-кесте – Блум бойынша ойлау дағдылары деңгейінің таксономиясы


р/с

Ойлау дағдыларының деңгейі

Ойлау дағдылары деңгейіне сәйкес келетін етістіктердің тізбесі

1

Білім

Атап өту, есте сақтау, атау, көрсету, аяқтау, қайталау, елестету, әңгімелеу, еске түсіру және т.б.

2

Түсіну

Талқылау, анықтау, әңгімелеу, сұрау, түсіндіру, тұжырымдау, түрлендіру, көрсету және т.б.

3

Қолдану

Қолдану, есептеу, өзгерту, таңдау, жіктеу, аяқтау, көрсету, табу, сахналау, қатыстыру, зерттеу, эксперимент өткізу, суреттермен суреттеу, түсіндіру, сүйену, жаттықтыру, ара қатынасын белгілеу, жоспарлау, көрсету, нобай жасау, шығару, пайдалану және т.б.

4

Талдау

Талдау, топтастыру, есептеу, санаттау, жіктеу, салыстыру, байланыстыру, қарама-қарсы қою, талқылау, саралау, ажырату, бөлу, зерттеу, эксперимент жасау, түсіндіру, қорытынды шығару, реттеу, күдіктену, ара қатынасын белгілеу, таңдау, бөлу, тексеру және т.б.

5

Синтез

Топтастыру, жинау, араластыру, құрастыру, жасау, әзірлеу, тұжырымдау, жинақтау, біріктіру, ойластыру, түрлендіру, ұйымдастыру, жоспарлау, дайындау, ұсыну, қайта топтастыру, көшіру, белгілеу, алмастыру, қайта анықтау және т.б.

6

Бағалау

Дәлелдеу, таңдау, салыстыру, қорытынды жасау, сендіру, дәлел келтіру, шығару, негіздеу, түсіндіру, өлшеу, болжау, ұсыну, белгілеу, жинақтау, қолдау, тексеру, бағалау, кеңес беру, эксперименттеу, рецензиялау, зерттеу, шығару

Мұғалім білім алушылармен бірлесе отырып оқу мақсатына жетудің табыс критерийлерін талқылай алады және қажет болған жағдайда оларды толықтырады.

Қалыптастырушы бағалау барысында мұғалім белгілі дағдыларды бағалаудың тиімді тәсілі ретінде топтық жұмыстарды қолдана алады.

Топтық жұмыс барысында мұғалім әрбір топтағы білім алушылардың талқылауын тыңдайды және бақылайды: кейбір білім алушылар бағалау критерийлеріне сәйкес оқу мақсатына жеткендігін жылдам көрсете алады.

Мұғалім одан әрі оқу мақсатына жетуге ұмтылған білім алушылардың іс-әрекетін бақылауы және қосымша сұрақтар қоюы тиіс:


  • Бұл туралы не ойлайсыздар?

  • Сіздің топта не талқыланғаны туралы түсінік бере аласыз ба?

Егер білім алушылар практикалық жұмыс орындаса, онда сұрақты әр тапсырма бойынша қоюға болады:

  • Сіздер қазір не істеп жатырсыздар?

  • Сіздің ойыңызша бұдан әрі не болады?

  • Сіз бұл тапсырманы орындау барысында ерекше бірдеңені байқадыңыз ба?

Топтық жұмыс барысында мұғалім барлық топтардың жұмысын бақылауы тиіс. Топты бақылауды тапсырманы орындауға қатысумен бірге жүргізуге де болады.

Жауаптарды бағалаудан кейін мұғалім оқу мақсатына жетуге ұмтылған топтарға қайтадан келіп, олардың оқу мақсатына жетулеріне тағы бір мүмкіндік беруіне болады. Бұл жағдайда білім алушыларға:



  • жаңа идеяны тұжырымдауды;

  • екі (немесе одан да көп) идеяны салыстыруды;

  • идеяларды бағалауды;

  • топтық талқылаулар негізінде қорытынды жасауды;

  • сұрақтарға жауап беруді ұсынады.

Жоғарыда айтылған барлық тармақтар оқытудың нақты мақсатына жетудің дәлелі болады.

Осылайша, қалыптастырушы бағалау негізгі бес стратегиядан тұрады:



  • күтілетін нәтижелерді және бағалау критерийлерін түсіндіру;

  • білім алушылардың түсінігі туралы дәлел беретін сыныптағы тиімді талқылау және қарым-қатынасты қалыптастыру;

  • білім алушыларды нәтижеге жетуге ынталандыратын кері байланыс орнату;

  • білім алушыларды өзара оқытудың дереккөзі және ресурсы ретінде қатыстыру;

  • білім алушының өз білімінің «негізін қалаушы» ретінде қалыптасуы.

Қалыптастырушы бағалау барысында мұғалім бағалаудың жекелеген тәсілін қолдануы тиіс. Егер мұғалім кейбір білім алушыларға қандайда бір дағдыны дамыту үшін көп уақыт қажеттігін байқаса, онда оқудың бұл мақсатын бағалау туралы шешім қабылдауы және білім алушылардың жетістіктерін бағалау критерийлерін әзірлеу барысында түзетулар енгізуі тиіс.

Сонымен қатар мұғалім тілдік пәндер бойынша сөйлеу әрекетінің 4 түрін бағалауы тиіс екенін есте сақтауы қажет: тыңдалым, айтылым, жазылым және оқылым. Кестеде оқыту процесінде білім алушылардың жетуі тиіс тілдік дағдылар сипатталған.


4-кесте – Сөйлеу әрекетінің түрлері


Дағдылар

Сипаттама

Тыңдалым арқылы коммуникация

(тыңдалым)



Оқу бағдарламасы аясындағы түрлі тақырыптарға қатысты айтылған ауызша пікірлердің негізгі мазмұнын түсіну және олардан негізгі ақпаратты бөліп алу; сөйлеушінің пікірін түсіну; мәнмәтін бойынша сөздердің мағынасын анықтау; түрлі стратегияларды қолдану арқылы білім алушылардың деңгейіне сәйкес келетін әртүрлі мәтіндердің мазмұнын қабылдау және түсіну: тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсіну, таныс сөздерге, фразаларға және сөйлемдерге сүйенумен қажетті/нақты ақпаратты, мәтіннің бөліктерін таңдау және түсіну.

Жазылым

Оқу бағдарламасы аясындағы түрлі тақырыптарға байланысты жазбаша жұмыстарды жоспарлау, жазу, редакциялау және түзету; нақты және ойдан шығарылған оқиғалар туралы жаза білу, оқылғаны туралы сыни пікірлер беру білігі; орфографиялық және грамматикалық қателер жібермей барынша сауатты жазу; белгілі стильді ұстану; түрлі байланыстырушы сөздерді қолдану арқылы параграфтағы сөйлемдерді байланыстыру.

Оқылым арқылы коммуникация

Оқу бағдарламасы аясындағы түрлі тақырыптардағы әдеби және ғылыми мәтіндердің негізгі мазмұнын түсіну және олардан негізгі ақпаратты белгілеу, ақпаратты іздеудің түрлі стратегияларын қолдану; мәнмәтін бойынша сөздердің мағынасын анықтау; автордың қарым-қатынасын және пікірін түсіну; сөздердің мәнін тексеру және оқығанды терең түсіну үшін қағаз және электронды тасымалдағыштардағы түрлі дереккөздерді қолдану.

Айтылым

Оқу бағдарламасы аясындағы түрлі тақырыптардағы сұхбаттасу барысында ресми және ауызша сөйлесу стильдерін қолдану; қажетті ақпаратты алу үшін неғұрлым күрделі сұрақтар қоя білу білігі; өз пікірін айту; күтпеген түсінікке жауап беру; тапсырманы орындау барысында құрдастарымен қарым-қатынас жасау; арнайы лексиканы сауатты пайдалану; хикаялар мен оқиғаларды мазмұндау.

Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырманы мұғалім өздігінен құрастыра алады немесе қалыптастырушы бағалау бойынша ұсынылған тапсырмалар жинағын қолданады. Қалыптастырушы бағалау бойынша есептік құжаттама талап етілмейді.

Қалыптастырушы бағалаудың нәтижелерін тіркеу нысанын мұғалімнің өзі анықтайды (сандық, графикалық, балдық). Қалыптастырушы бағалаудың нәтижелері мұғалімнің есеп беру құжаттамасы болып саналмайды.

Тоқсандық және жылдық жиынтық бағалау өз кезегінде, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тәртібін қамтиды.

Жиынтық бағалау оқу бағдарламасындағы бөлім/ортақ тақырыптарды оқуды аяқтағаннан кейін және тоқсан соңында білім алушылардың ілгерілеуі туралы ақпаратты балл және баға қоя отырып, мұғалімдерге, білім алушыларға және ата-аналарға (білім алушыларды жетістіктерін бағалау 3-тоқсанда басталатын 1-сыныптан басқаларында) жеткізу мақсатында өткізіледі. Белгілеу процесінде білім алушылардың оқу бағдарламасы мазмұнына сәйкес білімдері мен дағдыларын көрсететін дәлелдер жинау жүзеге асырылады.

Бағалау тәсілдері пәннің мазмұнына және критериалды бағалаудың түріне байланысты ерекшеленуі мүмкін.



«Өзін-өзі тану», «Музыка», «Көркем еңбек», «Дене шынықтыру» пәндері бойынша қалыптастырушы бағалау өткізіледі. Оның қорытындысы бойынша «есептелінді»/«есептелінген жоқ» бағасы қойылады. Дене шынықтыру пәнінен әр тоқсанның және оқу жылының соңында, ал қалған үш пәннен жартыжылдықтың және оқу жылының соңында «есептелінді»/«есептелінген жоқ» бағасы журналға қойылады.

Бөлім/ортақ тақырыптар және тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың тапсырмалары білім алушылардың оқу бағдарламаларындағы тек өткен материалдарын қамтуы тиіс.

Жиынтық бағалау бойынша жұмыстарды орындау барлық білім алушылар үшін міндетті.

Бөлім/ортақ тақырыптар және тоқсан бойынша жиынтық бағалауды қайта орындауға рұқсат етілмейді.

Тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың тапсырмалары тоқсандық жиынтық бағалаудың ерекшеліктері негізінде әзірленеді. Ерекшеліктер барлық орта білім беру ұйымдары үшін тоқсандық жиынтық бағалаудың құрылымы мен мазмұнына және оны өткізуге қойылатын бірыңғай талаптар түрінде беріледі.

Ерекшеліктерде тоқсандық жиынтық бағалаудың мақсаты, шолу, өткізу бойынша нұсқаулық, тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларының үлгілері, тапсырмалардың орындалуына қойылатын балдардың кестесі қамтылады.

Жиынтық бағалаудың тапсырмаларын мұғалім өз бетінше дайындайды немесе «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген Жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдамаларда ұсынылған тапсырмаларды пайдаланады. Мұғалім жиынтық жұмыстардың бірнеше нұсқаларын пайдалана алады.

Тілдік пәндер бойынша жиынтық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) бойынша өткізіледі. Тыңдалым мен айтылымды бағалау жиынтық бағалауды өткізу жоспарланған апта ішінде сабақ барысында жүргізіледі.

Білім берудің барлық деңгейлеріндегі мұғалімдер үшін әзірленген Жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдама (НЗМ мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайтына орналастырылған) бөлімдер/ортақ тақырыптар және тоқсандық жиынтық бағалауды ұйымдастыру мен өткізудің тәсілдерін көрсетеді. Құжаттан келесі ақпаратты табуға болады:


  • бөлім/ортақ тақырыптар үшін жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу бойынша ұсынымдар;

  • дескрипторлары мен балдары берілген бөлім/ортақ тақырыптардан жиынтық бағалауға арналған тапсырмалардың үлгілері;

  • тоқсандық жиынтық бағалаудың тапсырмаларын әзірлеу және рәсімді өткізуге арналған ерекшелік;

  • балды қою кестесі берілген тоқсандық жиынтық бағалауға арналған тапсырмалардың үлгілері.

Тоқсандық жиынтық бағалау бойынша білім алушылардың оқу нәтижелерін бағалаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету үшін мұғалімдер модерация процесін өткізеді.

Модерацияны бағалауды стандарттау мақсатында бір пән және параллель сыныптар бойынша білім алушылардың жиынтық жұмысының нәтижелерін талқылау үшін мұғалімдер жүргізеді.

Модерация процесін пән мұғалімдері бір пәннің және бір сыныптың ішінде бағаны стандарттау мақсатында жартыжылдықтың соңында және жылдық қорытынды баға қоюдың алдында өткізеді. Жиынтық бағалауды өткізу мен модерацияны өткізудің арасындағы уақыт 3 жұмыс күнінен артық болмауы тиіс.

Модерация нәтиже мен білім беру процесінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Модерация бойынша өткізілетін отырыста мұғалімдер балл қою кестесіне сәйкес жиынтық жұмыстарды талқылайды, қажет болған жағдайда балл қою кестесіне ұжымдық түрде өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізеді. Модерация аяқталған соң хаттама толтырылады.

Модерация қорытындысы бойынша балдарын өзгертуге жататын білім алушылардың жиынтық жұмыстары қайта тексеріледі. Модерация қорытындысы бойынша жиынтық жұмысқа қойылған балл жоғары балға, сондай-ақ, төмен балға да өзгертілуі мүмкін.

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларына сәйкес жиынтық бағалауды өткізу күні белгілі себептермен (ауыруына, жақын туыстарының қайтыс болуына, конференцияға, олимпиадаға және ғылыми жарыстарға қатысуына байланысты) келмеген білім алушы мектепке келген соң екі апта ішінде жиынтық бағалаудан өтуі тиіс.

Білім алушы екі аптадан артық белгілі себептермен (ауыруына, жақын туыстарының қайтыс болуына, конференцияға, олимпиадаға және ғылыми жарыстарға қатысуына байланысты) болмаған жағдайда, мектеп құрған жеке кестеге сәйкес жиынтық бағалаудан өтуі тиіс.

Бөлім (ортақ тақырып) және тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың нәтижелері болмаған жағдайда білім алушы уақытша аттестатталмаған болып есептеледі.

Үлгерім бойынша есеп беру кезінде уақытша аттестатталмаған білім алушылар ескерілмейді, олардың үлгерімі бойынша есеп қосымша тапсырылады.

Білім алушылардың жиынтық бағалау бойынша балл түріндегі нәтижелері балдарды бағаға ауыстыру шкаласына сәйкес тоқсандық және жылдық бағаға ауыстырылады.

Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелері туралы ақпарат білім алушылар мен ата-аналарына немесе олардың өзге де заңды өкілдеріне қағаз немесе электрондық түрде беріледі (айдарлар, шолулар және т.б.).



1-сыныпта бірінші жартыжылдықтың оқу материалын меңгеру деңгейіне жиынтық бағалау жүргізілмейді, тиісінше тоқсандық бағалар тек 3-ші және 4-ші тоқсандарда қойылады.

Тоқсандық баға 50% де 50% пайыздық қатынасында бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелерінің негізінде қойылады. Бұл білім алушы тоқсандық бағаның 50%-ын бөлімдер/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелері, 50%-ын – тоқсандық жиынтық жұмыстың нәтижелері бойынша жинайтынын білдіреді. Осы екі бөліктің қосындысы тоқсанға қойылатын қорытынды бағаны көрсетеді.

1-сыныпта жылдық баға 3-ші және 4-тоқсандардағы бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау нәтижелерінің негізінде 50% де 50% пайыздық қатынасында қойылады. Жылдық бағаны есептеу үшін білім алушының бөлімдер/ортақ тақырыптар үшін алған жиынтық бағалауының және тоқсандық жиынтық бағалауының жалпы балдары қосылады. Бұдан әрі оқу жылының балдық пайыздық мазмұны пайыздық қатынаста (50%:50%) анықталады. Бағаларды санау электрондық журналға енгізілген формула бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.

Тоқсандық және жылдық бағаларды қайта қарауға рұқсат етілмейді.

Білім алушыларды денсаулығына байланысты дене шынықтыру сабағынан босату олардың келесі сыныпқа көшірілуіне әсер етпейді.

Электронды журналдың формасы кесте түрінде берілген, бұл кестеге білім алушылардың тоқсан барысындағы жетістіктері енгізіледі (бөлімдер бойынша және тоқсандық жиынтық бағалауының балдары), сонымен қатар балдарды бағаға ауыстыруды қарастыратын шкалаға сәйкес автоматты түрде бағаны санау жүзеге асырылады (тек тоқсан және оқу жылының қорытындысы бойынша) (1-сурет).



Білім берудің барлық деңгейлері бойынша әрбір оқу пәні үшін әр тоқсандағы бөлімдер бойынша жиынтық жұмыстардың саны көрсетілген электронды журналдың өзіндік форматы әзірленген.


Каталог: arc -> attach
attach -> Конкурс: «Жас ғалымдар»
attach -> Сабақтың мақсаты: М.Әуезовтің өскен ортасын, еңбек жолымен, шығармашылығымен таныстыру, тақырыбы мен идеясын ашу
attach -> 2018 жылдың 5-18 қыркүйегі аралығында Қазақстан халқы Тілдер күніне орай Қараөткел ауылы №2 орта мектебінде онкүндік аясында өткізілетін шаралар есебі
attach -> А. м са ожаева. Сабырова, М. бу азы, Г. изатова музыка
attach -> Сабақтың мақсаты: Өнер ордасы туралы түсінік беру
attach -> Көктерек негізгі мектебіндегі 2017-2018 оқу жылындағы тәрбие жұмысының жылдық сараптамасы
attach -> I тоқсан бойынша кітапханада жүргізілген іс-шаралар есебі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет