Қ.К.ТОҚАЕВҚА
2021 жылы көрнекті қайраткерлердің
мерейтойларын мерекелеуге қатысты
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Аса көрнекті тұлғалардың мерейтойлары мен атаулы күндер – азаматтардың ұлттық және тарихи өзіндік санасының дамуына елеулі ықпал ететін қоғамның мәдени өмірінің маңызды бөлігі. Ағымдағы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы осындай даталарды мерекелеудің идеологиялық шеңбері ретінде қызмет етеді, бұл қоғамды біріктіру тұрғысынан ерекше маңызды.
2021 жылға арналған оқиғалар жоспарын қалыптастыру шеңберінде атаулы күндер мен ұйымдардың мерейтойларының (1-қосымша), сондай-ақ Қазақстанның көрнекті қайраткерлері мерейтойларының (2-қосымша) тізімдері дайындалды. Бұған қоса, жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың жұмысы үшін 310 адамнан тұратын кеңейтілген тізім жасалды.
Мәселен, бірінші тізімде «Жас Алаш» газетінің 100 жылдығы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының 75 жылдығы, Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы және т.б. бар.
Көрнекті тұлғалардың мерейтойлары тізімінде 16 тұлға бар, олардың ішінде ақын Мұқағали Мақатаев (90 жыл), камералық және опера әншісі Ә.М.Дінішев (70 жас), тарихшы-ғалым, академик М.Қ.Қозыбаев (90 жыл) және т.б. бар.
Бұл ретте аталған даталардың әрқайсысын атап өте отырып, мемлекет мынадай қағидаттарды басшылыққа алады.
1. Барабарлық: іс-шаралар форматы атаулы күнге тарихи және мәдени тұрғыдан қатаң сәйкес болуы тиіс. Мысалы, Семей полигоны жабылуының 30 жылдығын жаппай қырып-жою қаруларының жан түршігерлік сынақтары құрбандарын еске алу, аза күні ретінде кез келген салтанат пен тойлау элементін толығымен алып тастау арқылы өткізген орынды.
2. Сәйкестілік. Бұл қағидат жекелеген мерейтойларды мерекелеуде басты назарды өңірлік немесе кәсіби деңгейге ауыстыру қажеттігін білдіреді.
3. Оқу-ағарту. Мерейтойлық даталардың негізгі миссиясы кең аудиторияның, әсіресе өскелең ұрпақтың Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің мұрасына шынайы қызығушылығын қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес рухани мәдениеттің дамуына, мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалардың мерейтойлары ұлттық деңгейде бір ғасырға толғаннан кейін және әрі қарай әрбір 25 жыл сайын атап өтіледі.
Мәселен, осы талап тұрғысынан 2021 жылы екі маңызды мерейтой атап өтіледі – суырып салма ақын, «қазақ даласының Гомері» Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы (Сіздің тапсырмаңыз бар), сондай-ақ ұлы қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы.
Әзірленіп жатқан жоспарларға сәйкес, Ж.Жабаев пен Қ.Мұңайтпасовты мәңгі есте қалдыру жөніндегі іс-шаралар тізбесіне олардың есімдерін еліміздің қалалары мен ауылдарының көшелеріне беру, кітаптар, мерейтойлық маркалар шығару, деректі және көркем фильмдер түсіру, тақырыптық спектакльдер қою, концерттер мен мұражай көрмелерін өткізу кіреді.
Жыл бойы БАҚ-та және Интернет желісінде талдау мақалалары мен лонгридтерді, мұрағаттық және кең аудиторияға онша танымал емес фотосуреттерді, бейне- және аудио-контентті жариялай отырып жұмыс жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, Жамбыл Жабаевтың мерейтойы поэзиялық фестивальдер ұйымдастыру және жас ақындарға гранттар беру арқылы қазақ поэзиясын жаңғырту жөніндегі жүйелі жұмыс үшін жақсы идеологиялық демеу бола алады.
Өз кезегінде, балуан Қажымұқанның мерейтойына қазақша күрестен ірі «Қазақстан барысы» жарысын өткізуді орайластыру ұсынылады.
Сондай-ақ Сіздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалаңызда қойылған жаңа идеологиялық міндеттер тұрғысынан көрнекті саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығын мерекелеу пысықталуда. Осы датаны мерекелеу шеңберінде Алаш Орда мұрасын және ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақтар тарихын зерделеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Бұған қоса, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған іс-шаралар тізімі дайындалуда, олардың негізгі бағыты – білімді, өзін-өзі тәрбиелеуді, мінез-құлықтың жоғары мәдениетін дәріптеу. Өзге іс-шаралар арасында қазақ тіліндегі жаппай диктант, педагогтар мен әдіскерлер арасында конкурстар, білім және тәрбие беру мекемелеріне ұлы ағартушының есімін беру және т.б. жоспарлануда.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес даңқты қазақ әншісі Роза Бағланованың 100 жылдығына дайындық ағымдағы жылы басталатынын атап өту қажет, себебі мерейтой датасы 2022 жылдың 1 қаңтарына сәйкес келеді.
Жалпы, аталған барлық мерейтойлық және атаулы күндер бойынша іс-шаралар Мәдениет және спорт министрлігі, басқа да бейінді министрліктер, сондай-ақ облыс әкімдіктері деңгейінде іске асырылатын болады.
Мемлекеттік идеологиялық саясаттың осы бағытын Президент Әкімшілігі (Д.А.Абаев) бақылайды, ал Қазақстан Республикасының Үкіметі (Е.Л.Тоғжанов) үйлестіреді.
Ақпарат ретінде енгізіліп отыр.
Қосымша: 3 парақта.
Қ.Көшербаев
Достарыңызбен бөлісу: |