136 Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.
3.Жұртыма
Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа, ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым.
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ала керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!
4.Туысыма
Болармын нағып ырза туысыма?
Туыппын таршылықтың уысында.
Шамам жоқ жан-жағыма қол сөзарлық,
Тар көрдің тығылғандай қуысына.
Айта алмай шын сөзіңді, қорғалайсың,
Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да!
Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса,
Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда.
5.Кісі мен көлеңке
Айтайын бір тентектің әңгімесін,
Демендер:
«Сөз ғып жазған мұның несін?»
Есі ауыс көре салып, қуалады
Өзінің ұстаймын деп көлеңкесін.
Бұл қуса, көлеңкесі алыстады,
Жүгірсе, жүйріктігі қалыспады.
Қатты да, жай да қуды - ұстатпады,
Болғанша бар өнерін қарыштады.
Тентектің бір мезгілде кірді есі:
«Әуре боп қуып, маған қажет несі?»
Осылай ойлап, қайта жүріп еді,
Артынан қуды енді көлеңкесі.