1- дәріс. Кіріспе Мақсаты



Дата30.01.2022
өлшемі14,72 Kb.
#116312
Байланысты:
1-


1- дәріс. Кіріспе
Мақсаты: Өсімдіктер физиологиясы пәнінің ерекшеліктері, мақсат-міндеттері, салалары, басқа ғылымдармен байланысы жайлы түсінік қалыптастыру.
Қарастырылатын сұрақтар:

  1. Өсімдіктер физиологиясы- өсімдіктер ағзасында жүріп жатқан процестер туралы ғылым.

  2. Пәннің мақсат- міндеттері, басқа ғылымдармен байланысы. Негізгі бағыттары.

І. Өсімдіктер физиологиясы- өсімдік организміндегі тіршілік құбылыстарына байланысты процестерді зерттейтін ғылым. Өсімдіктер физиологиясының зерттеу обьектісі- фототрофты организмдер. Фототрофты организмдер әртүрлі эволюциялық деңгейлерде (балдырлар, жоғары сатыдағы споралылар және тұқыммен көбейетіндер) болады. Өсімдіктер бір клеткалы болса да, бүкіл тіршілік әрекетін дербес жүзеге асыра алатын төменгі сатыдағылар және көп клеткалы, белгілі тіршілік қызметін атқаратын, толып жатқан ұлпалардан, мүшелерден тұратын күрделі құрылымды жоғары сатыдағы өсімдіктер болып бөлінеді. Осыған байланысты өсімдіктер физиологиясы өзінің зерттеулерін жеке клеткадағы тіршілік әрекеттерінен бастайды. Содан кейін жеке мүшелердегі және тұтас организмдегі фотосинтез, минералдық қоректену, тыныс алу, заттардың тасымалдануы, су алмасу, өсу мен даму, мүшелердің қозғалысы, сыртқы орта жағдайларына бейімделу, т.б процестердің физиологиялық негіздерін зерттейді. Сонымен қатар осы процестердің өзара байланыстылығын, біріне-бірінің тәуелділігін және сыртқы орта жағдайларымен байланыстылығын зерттейді. Өсімдіктер физиологиясы- өсімдіктің қасиеттері мен ондағы процестерді сипаттап қана қоймай, өсімдік тіршілігі туралы заңдар жүйелері мен заңдылықтарды айқындайды.

ІІ. Өсімдіктер физиологиясының негізгі міндеті-өсімдік организмінің өміріндегі тіршілік әрекеттерінің ішкі механизмдерін, заңдылықтарын, сыртқы орта жағдайларына байланыстылығының негіздерін ашып, оларды адам қоғамының игілігіне байланысты өзгертіп, игерудің әдістерін қалыптастыруға бағытталған. Өсімдіктер физиологиясының дамуы химия, физика және математика ғылымдарының жетістіктерімен байланысты. Барлық физиологиялық зерттеулерде аталған ғылымдардың әдістері кеңінен қолданылады.

Өсімдіктер физиологиясын шартты түрде жалпы теориялық және қолданбалы физиология деп бөлуге болады. Жалпы теориялық физиология барлық өсімдіктерге тән ортақ қасиеттерді, мәселелерді, ал қолданбалы физиология өсімдіктердің жекелеген түрлерінің, мәдени сорттарының ерекшеліктерін зерттейді. Қолданбалы физиология тікелей көптеген агрономиялық ғылымдармен байланысты. Қазіргі кезде бидайдың, қант қызылшасының, картоп пен мақтаның, т.б өсімдіктердің физиологиясы жақсы зерттелген.



Өсімдіктер физиологиясының негізгі зертеу әдістері:

  1. Аналитикалық әдіс. Мысалы фотосинтез үшін жапырақтың құрылысын, морфологиясын зерттейді.

  2. Синтетикалық әдіс- аналитикалық әдісті қорытындылайды. Сонымен қатар соңғы кезде қолданылып жүрген фитотрон, таңбалы атом әдісі, далалық әдістерді атауға болады.

Осы заманғы физиологиялық ғылыми зерттеулер бірнеше бағыттар бойынша жүргізіледі.

  1. Биохимиялық бағыт- өсімдіктерде фотосинтез, тыныс алу процестерінде пайда болатын әртүрлі органикалық қосындылардың тіршіліктегі маңызын зерттеп, минералдық заттармен қоректенудің заңдылықтарын ашып, қарапайым минералдық қосындылардан күрделі органикалық қосындылардың пайда болу жолдарын зерттейді. Минералдық заттардың коллоидтар мен катализаторлардың күйлерін реттеушілік және клеткадағы электрлік құбылыстардың орталығы ретіндегі маңызын айқындайды.

  2. Биофизикалық бағыт- клеткадағы энергетикалық процестерді, өсімдік электрофизиологиясын, су алмасудың, тамыр арқылы қоректенудің, өсудің, тітіркенудің, фотосинтез бен тыныс алудың физико-химиялық заңдылықтарын зерттейді.

  3. Онтогенездік физиология- өсімдіктердің дамуының жасына байланысты заңдылықтарын, морфогенезді және өсімдіктің дамуын зерттейді.

  4. Эволюциялық немесе салыстырмалы физиология-өсімдіктің онтогенезіндегі өзгерістерді филогенезбен байланыстырып зертейді.

  5. Экологиялық физиология-сыртқы орта жағдайларының өсімдіктің тіршілігіне әсерін зерттейді.

  6. Синтетикалық н/е кибернетикалық физиология- өсімдіктердің өсуі, фотосинтез, тыныс алу, қоректену және өсімдік мүшелерінің қалыптасу процестерінің энергетикасы мен кинетикасының жалпы заңдылықтарын зерттейді.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет