А.Нұрқатовтың өмірі мен шығармашылығы Айқын Нұрқатов бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Шұқыркөл ауылында 1928 жылы, 1 қарашада дүниеге келген. Оның балалық шағы туған ауылында туған-туыстарының арасында өтеді. 1934-1945 жылдар аралығында Шұқыркөл ауылында орта мектеп көлемінде білім алады.Айқынның ата-анасы колхозда жұмыс істейді. Әкесі – Нұрқат, анасы – Жанапия жанұяларында төрт бала болды. Айқын – отбасында кең үлкені еді, ол әке-шешесіне өзінен кейін туған інісі – Арыстанды, қарындастары – Мәрә мен Мәруані тәрбиелеуге көмектеседі. Балаларының оқуға деген құлшынысын байқаған ата-анасы оның оқуына ерекше көңіл бөледі.
1946 жылы Алматының Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оны 1950 жылы үздік бітіріп шықты. Әдебиетке ерте құмартып , институт қабырғасында озық оқыған Айқын бірден қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасына қалдырылады. Кейіннен атақты Жұлдыз журналының сын бөлімінде жұмыс істейді. Айқын әдебиетке 50-ші жылдардың бас кезінде келіп қосылды. Қазіргі Жұлдыз журналының сын бөлімін басқара жүріп, ол 1954 жылы В.Маяковский және қазақ поэзиясы деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
Алғашқы кезде республикалық баспасөз беттерінде бірлі-жарым өлеңдер жариялап, кейініректе аударма мәселесімен де біраз шұғылданған Айқынның өз талантын айқара ашып, жемісті еңбек еткен саласы – сын саласы еді.. Аталмыш салада Айқын қысқа ғұмырының ішінде қыруар еңбек беріп үлгерді. Күнделікті баспасөз бетінде ол жүзден аса әдеби-сын мақалаларын жариялады. Ш.Уәлиханов, В.Маяковский, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин шығармашылығы туралы шағын-шағын очерк кітапшаларын басып шығарды.
Сын саласында жеке кітап болып басылған алғашқы бағалы еңбектерінің бірі - М.Әуезов шығармашылығы жөнінде жазылған монографиялық очеркі. Бұл көлемді еңбек М.Әуезовтың мол салалы, кең арналы шығармашылық жолына шолу жасауға, оның басты-басты еңбектерін талдап, баға беруге жазушының қазақ әдебиетінде алатын орнын айқындауға арналған. Айқынның екінші көлемді еңбегі 1962 жылы жарыққа шыққан Идея және образ атты мақалалар жинағы. Бұған оның 1956-60 жылдар арасында жазған мақалалары енген. Бұл еңбектер қазіргі қазақ әдебиетінің келелі мәселелерін қозғауға, жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығын, суреткерлік шеберлігін, көркемдік ізденістерін талдауға арналған. Логикалық ойдың жинақылығы, айтылмыш пікірдің айқындылығы, батылдылығы, дәлелдің күштілігі, тілдің көркем де, өткірлігі-міне, жалпы алғанда, сыншы Айқынның, әдебиетші–ғалым Айқынның қаламына хас қасиеттер осындай еді [24,163] А.Нұрқатовтың жерлесі, филология ғылымдарының докторы Нығмет Ғабдуллин өз естелігінде А.Нұрқатов жайлы былай дейді: өнерінін қырлары жарқылдап, биікке самғап бара жатқан шағында, отыз жеті жасында қайтыс болды ол [6,140].
Айқын Нұрқатов 1950 жылы ҚазПИ-дің филология факультетін үздік бітіріп, осы жоғары оқу орны ғылыми кеңесінің ұйғаруымен институт жанындағы аспирантураға қалдырылады. Сол елуінші жылдан бастап, Айқын әдеби зерттеу, сын саласындағы алғашқы еңбектерімен баспасөз бетінде көріне бастады.Арада он үш жыл өтті. Осы аз мерзім ішінде ол Идея және образ, Абайдың ақындық дәстүрі, М.Әуезовтың творчестволық жолы атты үш үлкен монография және Ш.Уәлихановтың, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтың, Ғ.Мұстафиннің өмірі мен шығармашылық сапарлары хақында жеке-жеке очерк кітаптарын жазады, екі жүзге жуық сын мақала мен рецензия жариялайды; көркем аударма өнеріне араласып, венгер жазушыларының әңгімелерін ана тілімізге аударып, кітап етіп бастырады;
Қазақ ССР Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институты 60-жылдары шығарған үш томдық қазақ әдебиеті тарихын жазысуға қатысады; орта мектептің 9-10сыныптарына арналған қазақ әдебиеті оқулығы авторының бірі болады; 1954 жылы В.Маяковский және қазақ совет поэзиясы деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, 1963 жылы Абайдың ақындық дәстүрі атты докторлық диссертациясын тәмамдайды,бірақ қорғауға үлгермейді.
Ол Академияның әдебиет пен өнер институтында, Қазақстан Жазушылар одағында әдебиет мәселелерін талқылауға арналған мәслихаттарға қызу араласатын, сан талай баяндамалар жасап, әдеби шараларға әрқашан белсене қатысатын тамаша қызметкер жан еді. Қатар жүрген құрбылары Айқынның іскерлігіне таңданатын, алғырлығына сүйсінетін. Нығмет Ғабдуллин сонымен қатар, Айқын екеуінің бір ауылда туып-өсіп, бірге оқығанын, ауылдағы он жылдық мектепті бітірген соң, Алматыға бірге аттанып, қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны-ҚазПи-дің тіл-әдебиет факультетіне қатар кеп түскендерін еске алады. Бүгін ортамызда жоқ Айқынды есіме алған шақтарда, ол өзінің бала сияқтанаған сүйкімді, қызықты бір мінездерімен көзіме елестейді – деп еске алады Айқынның жерлес бауыры [4,142].
1946 жылдың шілде айы болатын Алматыға оқуға аттануға бел буған, екеуі паспорт алу үшін аудан орталығына жолға шығады. Аудан орталығы–Рузаевка біздің ауылдан қырық бес шақырым тұрады. Соғыстан кейінгі алғашқы жыл, ауылдың күйі онша мәз емес. Бригадирден ат-арба сұрап, ол көлік тауып беруге қиналған соң, жаяу тартып, түске тармыса ауданға жетеді. Паспортты сол күні алып үлгіреді. Олар аудан орталығынан шыққан кезде күн кешкіріп қалып еді. Әрі аспан бұлттанып, жел ызыңдап, жауын исі білініп тұрған. Бір кезде сытырлап жаңбыр жауа бастайды. Осы мезетте бір жүк машинасы қуып жетеді де қол көтерсе де, тоқтамай өте шығады. Жаңбыр күшейейін деді.
Таң ата басылған жаңбырдан кейін тұрған қос жолдас орындарынан тұрып, қарындарының ашқанына, үстерінің суына қарамастан ауылға қарай тартады.
–Ал, кеттік!
–Жүгірейік,-деді Айқын.
Екеуі етіктерін шешіп алып, балақты түріп тастап, суы көлкіп жатқан жолдың жиегімен бүлкілдеп жортып келіп, Көкшелі деп аталатын аласа шошақ таудың төбесі көрінгенін, ауылға жақындап қалады. –Көкшелінің төбесіне шыға кетейікші!-дейді Айқын біртүрлі құмарланып.
Жолдан бұрылып, боз көденің үстімен Көкшеліге төтелей тартады. Етегінен ұшар басына дейін сыңсып жасыл қарағай өскен кішкене тау, жап-жазық дала төсінде дөңгелек бөрік секілденіп, оқшау шошайып тұрғандықтан, аса биік сияқты көрінетін. Таудың дәл төбесінде өрт қарайтын мұнара бар. Бүкіл атырап, алақанда жатқандай, жайнап көрінетін. Бұл кезде аспан шайдай ашылған. Күн нұры төгіліп тұр. Түні бойы жаңбыр сіңген дала бусанып жатыр. Үстінде сағым ойнаған ылди беткейлер шалқып жатқан ақ теңіз секілденеді. Көңілдері тербетіле жолдастар тербетіліп:
–Қосылып бір ән салайықшы, Көкшелі қуанышымыздың мәнісін білсін, бұл да масайрасын! - дейді Айқын біртүрлі толқып, өңінде нұр ойнап:
Ауылым қонған Сырымбет саласына-а-ай...
Дауыстарын орман жаңғырықтырып көтеріп әкетіп, ән аспанда қалықтап, ән қанатынан ұстап, ұшып бара жатқан секілденеді...
–Біз Алматыға оқуға кетіп барамыз. Сау бол, тілектес бол, Көкшелі!-деп Айқын бар даусымен айқайлап қоштасады...
Сөйтіп, қос жерлес Алматыға оқуға аттанады. Бірақ астанаға жиырма күн дегенде, Көкшетау вокзалында он үш күтіп билет болмай, әрең дегенде 500 веселый деген қызыл товарнякпен Алматыға жол тартады. Астанаға келісімен олар институтқа келсе, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, олардың кешіккендіктерін емтихандардың аяқталуына бір күн қалғандығын айтады. Олар оқуға түсу қағаздарын алдын-ала поштамен жібергендерін айтып, себебін түсіндіргеннен кейін хатшының рұқсатымен бір күннің ішінде алты бірдей емтиханды тапсырып үлгереді. Жолдары болып ҚазПИ-дің филология факультетінде оқуға түседі. Әдебиетке елуінші жылдардың алғашқы жарымында келген бір топ талантты жастар: Т.Жабаев, Б.Соқпақбаев, С.Қирабаев, Б.Сахариев, Ғ.Қайырбеков, Ш.Сәтпаева, Ә.Дербісалин, М.Рашев бірер курс қана айырма бар, -бәрі ҚазПИ-де бір тұста оқиды. Шеттерінен өлең жазып, жолдастарға ұнаған өлеңдерін қалтаға салып алып, ептеп редакциялады жағалай бастайды. Баспасөз бетінде бірен-саран өлеңдері де басылған. Бір күні Айқын менің жастар газетінде жарияланған өлеңімді оқып отырып, күлімсіреп әзіл айтты.
– Сен өлеңді қойсаң қайтеді, ақындықтың жыны жоқ секілді сенде. Өлеңді ақылмен ғана жазасың. Ал ақылмен ойлап тапқан сөз, дарымас бойға сырғанар деп Абай атамыздың айтқаны бар ғой. Сенің өлеңнен гөрі әңгімең түзу көрінеді маған, оңтайың проза жағында сияқты.
Баспасөз бетінде Айқынның да бірнеше өлеңі жарияланған еді.
– Ал саған ақындықтың жыны қонған ба?-дедім күліп.
– Маған да қонбаған болу керек.
– Қайдан білесің?
– Өлеңімде қызу жоқ.
– Біреу айтты ма?
– Өзім ішімнен сезіп жүрмін [4,143] ...
Айқын өзінің не нәрсеге икемі барын тани білу, сол жолға бар ықыласымен шын беріліп түсіп, үлкен мұратқа ұмтылу - нағыз қабылетті адамға тән қасиет болса керек. Өзін өзі дұрыс тани алған кісі басқаға да түзу жөн айта алады. Жақсы іске ол әманда қуана білмек, кемшілікке қынжылмақ. Бірақ, біреудің мінін көзге ұрып, артылам демес өзгеден, кемшілікті сынағанда да жақсылық тілеп отырған көңілі өзгермес. Ең алдымен жылтыраған шыраққа көзі түсер, соған қуанар. Айқынның әдеби сынға араласып, алғашқы жазған мақалаларында-ақ оның сыншылдық ойларынан осы қасиеттер көрінген еді. Сыншының қаламы ұшталып, ойы биіктеген сайын сол сапа тереңдей берді... Айқынның әдеби еңбектерін оқығанда пікірінің кеңдігіне, қиялының жүйріктігіне, тілінің орамдылығына сүйсініп отырасың. Ол жадағай сөзден аулақ, мақтағысы келсе-лепілдетіп сөйлеп кетпейді, жақсыны дәл танып, шын қуанып айтады. Кемшілікті көрсе- көңілінде бүгіп қалмайды, тура сөйлейді. Біреулердің беделінен қаймығып, қаламы маймақ тартып кетпейтұғын, жауырды жаба тоқу секілді қылық онда болмайтын.
Сол мінезі кейде біреулерге жақпай қалып, шамшылдың тікен сөзі жанына батқаны да бар. Өнер туындысының сыр-сипатын нәзік жүрекпен терең сезіне білуінен мен Айқынның сыншы, зертеуші ретіндегі озық ерекшелігін көресің. Ол қазіргі қаламдастарының көбінің шығармашылығы хақында ой толғады ол. Сонда, жазушының жаңа шығармасына талдау жасағанда, барға баға беріп қана қоймай, қаламгердің өнер жолының бет алысына, алдағы өрісіне көз жіберетін. Көш жүре түзеледі дегендей, өнер сапарында мінеліп, қырланып өзі оңдалып кететұғын ұсақ міндерді қазбаламай, тамыры жайылыңқырап бара жатқан елеулі ақауларға айрықша назар салатын, қаламгерге достық кеңес беруге ұмтылып отыратын.
Айқынның сыншылдық ойларында, осындай сипат бар. Сондықтан араға жылдар түссе де, пікірлері ескірмей, сөздері айқын жарқырап, бұлардан бүгінгі әдеби өмірдің де тынысы сезіліп тұр. Айқынның сын мақалаларын, зерттеу еңбектерін оқығанда, оның әдеби ойларынан шыншыл сырлар ұғасың. Толғаған пікірлері тереңдігімен, сонылығымен сыншы ойының кең өрісін аңғартып отырады. Шынайы өнер туындысынан суреткер жанының бүкіл рухы танылмақ.Бұл сырлы күйді көру, ұғу үшін зерттеушіге жіті көз, сергек сезім керек. Домбыраның құлақ күйін, қос шекті бармағымен бір қаққанда-ақ дәл табатын шебер де нәзік қасиет иесіболуға керек. Айқын Нұрқатовта осындай қасиет бар еді. Сырт қарағанда елеусіз сияқтанып, жұпыны көрініп тұратын кішігірім бір суреттерден де ол терең сырлар түсініп, үлкен ойлар түйе білетін.
Мысалы, Абайдың Күз туралы өлеңін бәріміз білеміз де оқыдық. Бір рет қана емес, талай қайталап оқыдық. Ұлы реалист ақынның осы өлеңі жөнінде айтылған пікірлер де көп. Бірақ сол алты шумақ өлеңнің соңғы жағындағы екі жолдың сырына назар аударыла бермепті. ...Осы екі жолда қаншалықты терең мағына, ащы шындық жатыр. Тіпті итіне дейін қаңғырып, дала кезіп кеткен ауылдың көрер күні не болмақ! Бұл ретте де Абай нысаналы ойын өзіне тән асқан байқағыштықпен, тапқыр тұжырымдылықпен нағыз реалист суреткерше айта білген [6,111],-деп түйеді Айқын. Қандай байқағыштық!
Айқынның Абайдың ақындық дәстүрі деп аталатын соңғы монографиясында оның осындай нәзік байқағыштығы әсіресе мол көрінеді. Еңбектің ғылыми тереңдігін танытып тұрған бір сыры осында.
Айқын Нұрқатовтың арманы да үлкен еді, тындыруға тиісті ісі де көп еді... 15апрель... Сол күні Н.Ғабдуллин екеуі қызмет істейтін мекеме алдында жолығады. Әдеби жылдың қорытындысына арналып өткізілетін жиналыста баяндама жасауға тиісті кісінің бірі Н.Ғабдуллин болатын.
––Біздің ғылыми советте бір жас жігіт диссертация қорғайды, мен сонда боламын. Сен мәжілістерің біткен соң кетіп қалмай, тосшы мені, саған айтатұғын бір сөзім бар, - деді Айқын.
Біздің мәжілісіміз ұзаққа созылыңқырап кетті. Ал ғылыми советтің мәжілісі бұрынырақ бітті.
Есіктен Айқын көрінді. Тысқа шықтым.
––Әлі біткен жоқсыңдар ма?
––Менің баяндамам әлі қаралған жоқ.
––Көп сөйлейді екенсіңдер ,-деді ол күліп, - Жарайды ендеше, екеуміздің әңгімеміз ертеңге қалсын.
––Не айтпақ ең? Айта бер қазір.
––Жоқ ертең айтам...
Ертеңіне, таңғы сағат төртте мен оның қайғылы қазаға ұшыраған суық хабарын естідім. Осы күні ылғи ойлаймын: ол маған не айтқысы келді екен? [4,145].Айқын Нұрқатов 1955 жылы үйленеді.
Жарының есімі – Нәсипа. Дүние есігін үш сәби ашады. Үлкен ұлы -Айдар. Мәскеу қаласында ғылыми жұмыспен айналысады. Кіші ұлы - Рауан. Алматы қаласында бизнес саласында қызмет етеді. Қызы -Зайра КазГУ-де мұғалім болып қызмет атқарады. Әдебиет әлемінде, жауынгер сын саласында аз ған уақыт қалам тербеп, артына мол мұра қалдырған Айқын Нұрқатов есімі әдебиет сүйер қауымның әлі есінде. Бұл күнде жазушы есімімен аталатын Айқын Нұрқатов атындағы Шұқыркөл орта мектебінде ғалымға арналған мұражай жұмыс істейді. Мұражайда ғалымның естеліктері, әдебиет әлемінде алғаш қадам басқан шағындағы өлеңдері сақтаулы. Шоқан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай туралы аяқталмаған қолжазбалары да мұражайда орын алған. Айқын Нұрқатовтың қазақ әдебиетінің заңғар жазушылары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповпен жазысқан хаттары да сақтаулы.
Қаламгер досы, жазушы Ғафу Қайырбеков Айқын жайлы былай дейді: Жиырма бесте докторлық қорғаймын деп, Мына баспен қорғамай қоймаймын деп.Өнер-білім жөнінде айтысқанда, Орта жолда жете алмай қалушы еді [6,77]. Ендігі кезекте әдебиетші ғалымның ғылыми еңбегі игі істеріне кеңінен тоқталсақ.