Сөйлемдердегі есімдіктердің синтаксистік қызметі.
Зерттеуші Б.А.Омарова «Абайдың қара сөздеріндегі есімдікті есімді сөйлемдер» деген мақаласында келтірілген талдауларда сілтеу есімдігінің сөйлемде баяндауыш қызметін атқаруы туралы айта келіп, былай дейді: «Ал екінші жағдайда сілтеу есімдікті баяндауыштың бастауышы есімше тұлғалы болып келеді. Мәселен, мына сөйлемдерге көңіл аударайық: Кітаптың айтқаны – осы. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Мұндағы бастауыштар – -ған, -ген формалы есімшелер де, баяндауыштар – атау күйіндегі сілтеу есімдіктері. Сондықтан да бұл сөйлемдер семантикалық тұрғыдан қимыл-іс пен оның объектісінің қатынасын білдіретін сөйлемдер қатарына жатады. Баяндауыш қызметіндегі осы, сол есімдіктері қимыл атауларының объектісін білдіріп, актуализацияланатын сөз дәрежесінде сөйлемдегі ойды тиянақтап тұр» [32, 91-б.]. Ал, Қыдырәлі Жазираның «Абай қара сөздеріндегі дербес сөйлемдердің байланысы» атты зерттеу жұмысында: «Кейде есімдік алдындағы сөйлемде ой жиынтығына, кейде күрделі ойға нұсқап тұрады (бірнеше сөйлемдегі). Мысалы, 29-сөзде: Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.
Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол - ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек - ол арлы адамның ісі.
«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.
«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.
«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек.
Бұл мысалда «осындай» есімдігі бүкіл үзіндіні (алты абзацты) қорытып тұр» [33, 26-б.], - деп мәтінге контекстік тұрғыда талдау жасайды. Сонымен, бірінші талдауда сілтеу есімдігі сөйлем шеңберінде ғана қарастырылса, екінші талдауда контекст шегінде анықталған.
Ж.А.Жақыпов: «...Есімдіктің синтаксистік қызметін оның сөйлемнің қандай мүшесінің қызметін атқаратынын анықтаумен ғана шектейді екенбіз. Бұл – жаңалық емес, өйткені есімдіктер есімдердің орнына жүретін сөздер болғандықтан, сөйлемің қандай да болмасын мүшесі бола береді» [31, 44-б.].
Ғалым: «Жай сөйлемдерді құрмаластыруда сілтеу есімдіктерінің қызметі айрықша. Бұл есімдік жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыра отырып, сол сөйлемдердің, яғни, құрмалас сөйлем сыңарларының арасында түсіндірмелі мағыналық қатынас жасайды. Басқаша айтқанда, сол, сонша, соншалық, сондай, соншама, осы т.с.с. сөздер келесі сыңардағы айтылатын құбылысқа, ойға сілтейді де, осы сөздердің мән-мазмұны сол келесі сөйлемде анықталады» [31, 45-б.].
«Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Ұят кімде болса, иман сонда. Іздеген еліміз сол ма? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Ендігі жұрттың ақылы да, тілеуі де, харекеті де сол» деген мысалдағы соларда, сонда, сол ма?, анау, сол деген сілтеу есімдіқтерін Б.Омарова жатыс септіктегі септік тұлғада жұмсалған сілтеу есімдікті баяндауыштар субъект заттың кімге тиесілі екенін меңзеп тұр» деп көрсетумен ғана шектеледі. Десе де зерттеуші пікірімен келіспейтін тұстарымыз бар. Жоғарыда талдауға түскен сөйлемдердегі ой аяқталмай қалған. Мысалы, еңбек қылып, мал табудың жөнін білетін солар, салтанат, әсем де соларда дейді. Бұндағы солары кім? Ол туралы айтылмаған. Яғни, сөйлемдегі ой тиянақсыз қалған. Мұның себебі, сөйлемдердің контекстен тыс алынуы. Егер аталған сөйлемдерді контекстік бірлікте қарайтын болсақ, былай болып шығар еді: Ұят кімде болса, иман сонда сөйлемі кездесетін 36-сөзде: Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Бұл үш сөйлемді ұштастырып тұрған – бірінші сөйлемдегі «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген хадис пен екінші сөйлемдегі «ұят кімде болса, иман сонда» деген мақалдың орнына үшінші сөйлемде анау сілтеу есімдігінің берілуі.
Сөйлемдерді контекст тұрғысынан зерттеуші профессор Ж.А.Жақыпов: «Адам өз ойын әрқашан бір сөйлеммен ғана жеткізе алмайды. Сондықтан ол мәтін кеңшілігін пайдаланады, ал мәтін, негізінен, бірнеше айтылыс-сөйлемдерден тұрады, ол сөйлемдер бір-бірімен құрылымдық-мағыналық іліктестікте болмаса, коммуникативтік әрекет мақсатына жете алмайды. ... Кез келген сөйлем мәтіннің құрамдас бөлігі болады да, сол сөйлемдер тұтас мәтінді құрау үшін бір-бірімен байланысты болып тұрады. Міне, осындай бір байланыстың белсенді құралы есімдік болады» [31, 46-б.]. Автор еңбегінде келтірілген талдауға сүйене отырып, 2-сөзді талдайық: «Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», - деп Омарова көрсеткендей сілтеу есімдігінің синтаксистік қызметін көрсетумен шектелсек, бұл сөйлемнің тиянақсыздығын бірден байқауға болады. Өйткені солар деп отырғаны кім екенін, кімге нұсқап, кімді меңзеп отырғанын біле алмаймыз. Демек, контекстке жүгіну керек болады. Мәтіндегі осы сөйлеммен байланысты сөйлемді бірге оқу арқылы ойды тиянақтаймыз: Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық - бәрі соларда. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Келтірілген сөйлемдердегі есімдіктерді жеке-жеке талдау еш нәтиже бермесі анық. Осы сөйлемдердегі ой жалғастығы бірінші сөйлемдегі сарттың деген сөзді екінші сөйлемде өзіменен өзі деген өздік есімдігі, үшінші, төртінші сөйлемдердегі сол сілтеу есімдігі, бесінші сөйлемдегі олар жіктеу есімдігі, алтыншы, сегізінші сөйлемдерде жатыс септік тұлғалы соларда сілтеу есімдігі, жетінші сөйлемде солар сілтеу есімдігі ауыстыру арқылы жүзеге асып тұр. Талдаудан көргеніміздей, сілтеу есімдіктері қатысқан сөйлемдер өзінің алдындағы сөйлемдердегі сөздерді нақтылай түседі. Яғни жоғарыдағы мәтінде келтірілген сілтеу есімдіктері сарттың барлық сипатын ашып тұтас мазмұн түзіп тұр.
«Сұраулық есімдік қатысқан сөйлем мағыналық жағынан тиянақсыз болады, оның басты себебі сұраудан адам ойы міндетті түрде жауап іздеуінде. Сондықтан бұндай сөйлем сұраудың жауабы табылатын я табылмайтын сөйлеммен тікелей қатысты болады» [31, 51-б.].
37-сөзде: Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал [22, 78-б.].
11-сөзде: Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе [22, 29-б.].
Достарыңызбен бөлісу: |