Адам және тұлға. Тұлға және оның қоғамдағы әлеуметтік рөлі.
Тұлға проблемасы бірқатар ғылымдардың-философия, социология, психология, педагогика және т.б ғылымдардың зерттеу обьектісіне жатады. Тұлғаның мәнін дұрыс түсіну үшін бұл ұғымды оған маңызы жағынан жақын «адам» және «индивид» ұғымдарынан ажырата білу керек.
«Адам» ұғымы адам баласына тән жалпы белгілерді білдіретін тектік ұғым болып табылады. Адам биоәлеуметтік жаратылыс болғандықтан, бұл ұғымға оның жалпы әлеуметтік, сондай-ақ биологиялық белгілері де кіреді, өйткені оның әлеуметтік мәнінің тасымалдауышы тірі адам ағзасы болып табылады.
Индивид жеке, нақты адам, оған Homo Sapiens-тің тектік белгілерімен қатар жекеше белгілер де тән. Бұл оның табиғи тума қабілеттеріне, психикалық қасиеттеріне (жады, қиялы, темпераменті, мінезі) және оның ойлау (көқарастары, пайымдаулары, пікірлері) ерекшеліктеріне, қажеттіктері мен сұраныстарына қатысты.
Тұлға — бұл нақты қоғамдық тарихи қатынастардың жай ғана тасымалдаушысы емес, оларға өзінің жеке-дара қабілеттерімен және бейімділіктерімен, саналылығымен және ұйымшылдығымен, еңбектік және саяси-қоғамдық белсенділігімен елеулі ықпал ететін адам.
Философия тұлғаны іс-әреткеттің, таным мен шығармашылықтың субъектісі ретіндегі дүниедегі орны тұрғысынан қарастырады.
Психология тұлғаны психикалық үдерістер, қасиеттер мен қатынастар: темперамент, мінез, қабілеттер, еріктік қасиеттерінің және т.б. біртұтастығы ретінде зерделейді.
Америкалық әлеуметтанушы-теоретиктер Т.Знанецкий мен Ч.Томас тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқының өздігінен реттелуінің диспозициялық (лат. disposito – орналасу) теориясын жасап,ұсынған. Бұл теория әлеуметтік және әлеуметтік-психологиялық мінез-құлық арасындағы байланысқа негізделген.
Тұлға диспозициясы дегеніміз – тұлғаның қызмет жағдайларын белгілі бір қабылдауға және бұл жағдайларда белгілі бір мінез-құлық танытуға бейімділігін білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |