10-11 Дәрістің тақырыбы: Көркем шығарманы оқыту барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру.
1. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру
2. Көркем шығарманы оқытуға баулу, оны оқырман ретінде қалыптастыру
Мектептегі оқу мен тәрбие, сыныптан тыс жұмыстардың барлығы да оқушылардың жас ерекшелігі, психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, балаларға көркем шығарманы оқыту, кітапқа деген құмарлығы, сөз өнеріне деген ынтасы мен құлшынысын дамыту мектептерде әдебиетті оқыту, одан білім берудің аса маңызды, әрі күрделі жұмыстарының бірі болып табылады. Бұл мәселелерде де оқушылардың психологиялық ерекшелігі, жасы, оқып жүрген сыныбы ескеріледі. Тиімділік идеялары, саралап даралап оқыту, оқушылардың бүкіл ой еңбегін, оқу еңбегін оған ерекше күш түсірмейтіндей, қонымды, қолайлы, нақтылы, белгілі бір уақыттарда нәтижелі, жемісті болатындай етіп ұйымдастыру, жүргізу туралы сөз етеді. Көптеген ғалымдар, психологтер, мұғалімдер зерттеулері, пікірлер бойынша, оқушыларды көркем шығарманы оқытуға баулу, оны оқырман ретінде қалыптастыру бірнеше сатыдан тұрады.
1. Кіші жастағыларға 5-7 сыныптардағы 10-12-дегі жасөспірімдер.
2. Ересек жастағыларға 8-9 сыныптардағы 13-14-дегі жасөспірімдер.
3. Үлкен жастағыларға 9-11- сыныптардағы 15-17-дегі жастар жатқызылды. Балаларды топқа бөлу, әрине, қатып қалған дүние емес. Қабілеті, дарыны, ынтасы, еске ұстауы, алғырлығы, ойлылығы жағынан бір сыныптағы бір жастағы балалардың өзі әр түрлі болып келетіні тәжірибеден белгілі.
Кіші жастағылар психологиясы, мінез-құлқы, физиологиялық жағынан балалықтан кетсе де, әлі де қалыптасып, толысып жетпегендер. Олар қимыл-қозғалысы жағынан шапшаң, өте әсершіл, әрі не нәрсеге де сенгіш, барлығын шындық деп қабылдайтын, жақсылыққа да, жамандыққа да құлай берілетіндер. Бұл жастағыларды ертегілер әлі қызықтырады, фантастикалық, қиял ғажайып оқиғалары бар шығармаларды беріле оқиды. Кино, көгілдір экран алдынан кетпейтіндер де осылар. Қиялдары ұшқыр, қабылдаулары алғыр болып келеді. Дегенмен, алаңғасырлық, тез қабылдап, тез ұмыту да осыларда жиі кездеседі. Мектепте көп шулайтындар да, тез қимылдап, тез шешім қабылдайтындар да 10-12 жастағылар. Әдеби шығармаларды оқу, қабылдау ерекшеліктеріне келсек, поэзиядан, драмалық туындылардан гөрі әңгімелерді, қарасөзбен жазған шығармаларды оқуға ынталы болып келеді. Әсіресе, оларды соғыс, шпиондар, қылмыскерлер жайындағы шығармалар ерекше қызықтырады. Оқыған шығармаларының мазмұнына қарай әр түрлі эмоциялық көңіл күйді бастарынан кешіріп, соны ұмыта алмай, делсалдыққа түсушілік, алаңдаушылық оларда өте жиі кездеседі. Жалпы осы үш топтағы оқушылар ішінен кітапты көп оқитындар да, ондағы бас кейіпкерлерге, әсіресе, барлаушыларға, батырларға еліктеушілер де осы жастағылар. Олар оқып отырған кітаптарына, ондағы оқиғаларға толық сенеді, дегенмен, «шіркін, ол неге былай істеледі екен, әттең, олай істегенде” деген сияқты өз қиял ойларына да ерік беріп, толғанып жүреді, бірақ ол толғаныстары уақытша болады, тез ұмытады, себебі келесі кітапты оқығанда, ол басқаша толғанысқа тап болады. Әрине, 10-12 жастағылар оқығандарының барлығын, одан алған әсерлерін 2 3 айдан кейін қайта сұрағанда, олар басыңқы дауыспен, байыпты баяндай бастайды. Кейіпкерлер тағдырына да мойынсұнушылық қарауды сезуге болады. Бұның барлығы, яғни, сондай «тұрақсыздық” баланың жас ерекшелігі, психологиясынан туып отырған дүниелер. М.Мағауиннің «Бір атаның балалары” деген шығармасынан 6-сыныпта үзінді беріледі. Осы әңгімеде, әсіресе, оқушылардың эмоциясына әсер ететін екі үлкен жағдаят бар.Бірінші, Ертай мен Нұртайдың бір-бірін жібермей, бөлек кеткісі келмегендері (балаларды үй-үйге бөліп жатқанда), сонан соң ата аналарын іздеп, үсіп өлулері. «Ертай мен Нартайды бірге асырап алу керек еді, бөлмеу керек еді, солай болғанда, олар өлмес еді” деп, балалар бір ауыздан осындый пікір айтып, шуласып жатады. Балалар өліміне келіскісі келмейді. «Жазушы болсам, өзің қалай аяқтар едің әңгімені” деген сұраққа олар түгелдей қатысып, бір-ақ шешімге келеді. Яғни тірі қалдыру. Біреуі өз қиялына ерік беріп, оларды ауыл адамдары құтқарып қалады десе, екіншілері үлкендер сезіп қап, оларды жолға шығармай қояды дегендей, өз аңсауларынан туған «солай болса екен” деген пікірлерін айтып жатады. Олар осы кезде сезімге беріліп, балалар өліміне шынында да кім кінәлы екенін ажырата алмайды, әңгіме негізіндегі идеяны да, авторлық шешімді де аңғара алмайды. Оқушылардың осы шығарманы қабылдауларын, шығарма әсерін, оқырмандық дүниетанымын байқау мақсатында оларға шағын шығарма толғаныс жаздырылды. Жұмысты тексеру барысында барлығы да Ертай мен Нартай өліміне қайғырғандарын жазады, қыздар «жылағымыз келді”, не «жыладық” дейді. Ал олардың қайғылы тағдырларына кім кінәлы екенін ашып жаза алмаған. Көпшілігі, жоғарыда айтып кеттік, балалардың өздерін кінәлайды, асырап алған адамдарды кінәлайды. Бұдан шығатын қорытынды не? Қорытынды: 10-12 жастағы балалар көркем туынды негізінде идея жататынын, ол авторға байланысты болатынын ойлана бермейді. Тіпті, оның көркем туынды екенінде де шаруасы жоқ. Олар оқып отырған дүниесін өмірдің өзі деп қабылдайды және өз түсінігі, өз сезімімен қабылдайды. Сонымен осы жастағы балаларды кітап оқуға баулуда, оқырмандық мәдениетін қалыптастыруда мына мәселелерді басшылыққа алған жөн.
1. Кітапты қалай оқу керек, оқып отырып, неге назар аудару керек, яғни оқырмандық мәдениетін дамыту мақсатында үнемі басшылық жасау, ақыл-кеңес беру. Төмендегі үлгіде көмекші-нұсқау жазып, оны кабинетке іліп қою (үлестірме қағаз түрінде де қолдарына беруге болады).
Ересек, 13-14 жастағы жасөспірімдердің психологиясы, физиологиялық даму барысында өзіндік ерекшеліктер бар. Олар айналаға, соның ішінде өнер туындыларына өз көзқарастарымен қарай бастайды. Балалық, «шалалық” немесе ұшып-қонып тұрған көңіл, мінезден, байқағандарын, оқығандарын тек сезім жетегінде, байыбына бармай, айта салушылық, «бірбеттілік”, «қайтпастық” мінездерден арыла бастайды. Бірақ осы жастағы балалардың қай жағынан болсын, әлі қалыптасып болмағанын, сынаптай толқып тұрған шақтарын естен шығаруға болмайды. Бұл шақ, психолог ғалымдардың айтуы бойынша, өте жауапты, маңызды шақ. Балалықтан кету, үлкендікке жету арасындағы нәзік көпір. Білім беру, тәрбие істерінде де бұл жасқа ынтамен, ерекше қараған дұрыс. Төменгі, кіші сыныптардағы «мен айтам”, «мен оқимын” деген самсаған қолдардың сынып жоғарылаған сайын, сиреп кету себебі не? Немесе оқыған кітаптары туралы даурығысып, таласып жатқан балаларды олар өскен сайын, неге аз кездестіреміз? Қай жерде, қай мезгілде лепіріп тұрған, кемерінен асып-төгіліп тұрған бала көңілінің, ынтасының нәзік қолын үзіп аламыз? Әдеби шығармаларды оқытпас бұрын, оның тұрақты оқырмандарын қалыптастыру мақсатындағы жұмыстардан бұрын, осы мәселеге әр ұстаз аса абай болғаны жөн.
Балаларға әдеби шығармаларды жүйелі түрде оқыту, ынтасы, қызығушылығын арттырудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру жолдарын іздестіру керек. Бұл жұмысқа мектеп кітапханасы, бүкіл мұғалімдер қауымы, тәрбиешілер жұмыла кіріскені дұрыс. Тарих, география, тіпті математика пәндерінен де қызықты, әдеби кітаптар беріп, оны оқытып отыру, баланың сол пәнге деген ынтасын арттыру үшін, аса маңызды болып табылады. Бірақ мұндай жұмыстар аса сақтықпен істелінуі керек. Баланы көп шаршатпау, басы артық тапсырмалар беріп, уақытын алмауды ойластырған дұрыс. Ол үшін барлығына да әдебиетші мұғалім бағыт-бағдар береді. 13-14 жастағы балалар 10-12 жастағы балаларға қарағанда көркем шығармаға басқаша көзбен қарай бастайды. Тек оқиғасын қызықтап оқу, соған бар жан-тәнімен сену, кітаптағы дүниенің барлығын өмір шындығы деп қабылдау, барлығына күйіну, қуану бұл балаларда да болғанымен, ол басқадай сипат алады. Көркем туынды оқып отырып, жүрегіне жақын нәрселерді еркін қабылдайды, әдеби талдау кезінде өз пікірлеріне көбірек жүгінеді. Кітаптағының барлығына бірдей сене бермейді, барлығына бірдей қуана да, қайғыра да бермейді. Авторға келіспеушіліктерін білдіреді, «дұрыс емес, былай болу керек қой” деген сөздерді олардан жиі естуге тура келеді. Мысалы, 8-сыныпта М.Әуезовтің «Қараш-Қараш” оқиғасы атты шығармасынан үзінді беріледі. Талдау кезінде оқушылардың көбі Бақтығұлдың мына іс әрекетіне келіспейді:
а) Биені ұрлап алып, оны жасыра тұрмай, ұсталып қалуы.
ә) Жарасбайға барып, айтқанына жүре беруі, ұрлыққа түсуі.
б) Жуандар арасында өзін Жарасбайдың ұрлыққа жібергенін ашып айтпауы.
в) Болысты жасырып өлтірмей, өзінің өлтіргенін білдіріп қоюы.
Оқушылар неге Бақтығұлды осы мәселелерде ұнатпайды? Оның бір себебі, олар оқыған дүниелеріне көз салады, дұрыс па, бұрыс па ойланады, бұрынғыдай тек сезімге беріле бермейді, талдау жасап, саралап оқиды. Екіншіден, бұрынғы оқыған шығармалары, көрген киноларында бас кейіпкер жеңіп шығады, алданбайды, әсіресе, барлаушылар туралы шығармаларда. Бұған бұрын оқыған шығармалары, кинолары да әсер етуі мүмкін. Бірақ бұған қарап 12-14 жастағыларға көркем туындыны өз беттерімен толық оқитын оқырмандар деп қарауға болмайды.
Көркем туындыны өнердің бір саласы деп толық түсіну, оның тақырыбы, идеясы, көтерген проблемасы, тіл ерекшелігімен қоса, тұтас дүние деп қабылдау оларға әлі де ерте. Осы кезде, әсіресе, оларға мұғалім көмегі, ақыл-кеңесі ерекше қажет. Себебі, осы «тұрақсыз” жастағылардың ішінен көркем туындыға «салқындау” қарап, одан бой тарту жиі кездеседі. Оның себептері көп. Бір себебі, бұл жасмтағыларда кітаптан басқа да қызықтыратын дүниелер пайда болады. Біреуі спортқа ден қоюы, екіншісі әнге, не басқаға бой ұрады. Мұғалім оны да түсініп, баланың не себепті кітапқа салқындауын зерттеуі керек. Оқушының қызығатын дүниелеріне тоқтау салу кешірілмес күнә.
Олар осылай толқып жүргенде, әсіресе, сыныптан тыс оқитын кітаптар жайында жиі тексеру, жазалау педагогикалық әдепке, білімділікке сәйкес келмейді. Керісінше, шыдамдылық көрсетіп, көркем әдебиетті оқудың бала айналысып жүрген дүниелерге кедергі келтірмейтінін, әр түрлі кәсіп, өнер саласындағы ұлы адамдардың барлығы әдебиетті сүйгендеріне, өйткені әдебиет рухани азық, көл-көсір байлық, білім көзі екндігіне сендіре білу керек.
1.Бұл жастағы балалармен жұмыстың ең бір маңызды түрі әдеби, көркем тілдерін жетілдіру: «жазбаша, ауызша”.
2. Оқыған шығармаларын талдай білуге баулу.
3. Жоғары сыныптарда оқушылардың көркем туындыны қабылдаулары да жас ерекшеліктеріне байланысты болады. Бұл жастағылар өзін еркін сезінеді. Көп нәрсені өз беттерімен шешкенді ұнатады, «бас бостандықтарын” сүйеді, әрі оны қызғыштай қорғауға дайын тұрады. Өмірге, айналаға өзіндік көзқарасы қалыптаса бастайды. Бұл шақ, психолог тілімен айтқанда, адам болып қалыптасудың гүл атқан шағы, жастық щағының бастауы. Романтика, қиял, мұрат іздеу, алғашқы махаббат бәрі-бәрі, әсіресе, осы шақта құлпыра түседі. Күш жағынан болсын, ақыл жағынан болсын, сезім жағынан болсын, оларда жетілу, гүлдеу басталады. Бұл жаста көркем туындыға деген олардың көзқарасында да даму айқын көрінеді. Әр баланың өз сүйетін жанры, тақырыбы айқындалады.Мұғалім жетелеуінсіз ақ, өзі сүйетін тақырыптағы шығармаларды өз беттерімен оқи береді. Төменгі сыныптардағыдай, бар оқығандарына сеніп, қабылдай бермейді, қиял-ғажайып оқиғаларды қумайды, өзіндік талғамы, эстетикалық сезімі қалыптасқан оқырманға айнала бастайды. Оқығандарына сынмен қарайды, көркем туындыны тұтастай алып қарастырады. Оны өмірді түсінудің бір құралы деп қарайды, сондықтан одан «жоғын” іздейді. Міне, осындай жастағылармен мұғалім қандай жұмыс жүргізуі керек?
1. Әдеби шығармаларды талдауда, ең алдымен, оқушылардың өз пікірін, ойын, әсерін білу.
2. «Сенің пікірің, ойың қате” деп, кесіп айтудан сақтану, керісінше , талдау барысында олардың пікіріне ден қоя отырып, сенімді, ділелді түрде, шындыққа жетелеу.
3. Әдеби шығармалар айналасында жиі-жиі пікір таласын өткізу, тілдерін дамыта отырып, пікірлерін қорғай білуге де баулу.
4. Бұл жастағы оқушыларға «алдындағы бала” деп қарамай, оқырман ретінде қарым-қатынас жасау, тең дәрежеде әңгімелесу, өз пікірін, не оқулық пікірін тықпаламау. Өздеріне қорытынды жасауға жағдай туғызу. Ол үшін қосымша материалдардағы жазылған дүниелерді, ғалымдар пікірін, оқулықтағы мәселелерді ортаға салу. Осылар арқылы шындықтың, құбылыстың бетін ашуға еңбектендіру.
5. Өнерге, сөз өнеріне деген оқушылардың шынайы сезімін, талабын жетілдіру үшін, әр мұғалімнің өзі жоғары мәдениеті, әдебиеті терең білетін, әдістемесі шебер, білімі жан-жақты, әр баланың шынайы досы, пікірлесі болуы керек.
12-13. Дәрістің тақырыбы: Көркем шығарманы оқыту
1. Әдеби жанр
2. Әдебиеттегі тек пен түр
Әдеби жанр (французша - тек, түр) термин ретінде шартты түрде екі мағынада қолданылады. Біріншісі -әдебиеттердің қалыптасқан тектері - эпос, лирика, драма; екіншісі - әдеби туындылардың түрлері - әңгіме, повесть, роман, поэма, комедия т.б. Жанр - даму үстіндегі құбылыс. Әрбір тарихи дәуірде белгілі бір жанрдың түп негізі сақтала отырып, өзгеріске ұшырайды. Жанрлар туады, дамиды, өзгереді, жаңадан пайда болады. Поэзия - әдебиеттің көне саласы. Поэзиялық шығармада сезім басты орында түрады. Лириканы оқыту әдебиетті оқытудың басты талабынан туындайды.
Дәстүрлі түрде алғанда әдеби тек үшке жіктеліп, әрқайсысының белгілі бір қызметі қалыптасады.
Эпос - болмысты белгілі бір уақыт пен кеңістік аясында, оқиғалар шеңберінде, сюжеттік желі негізінде суреттейді.
Лирика - адамның ішкі сезім күйін, әр түрлі эмоционалдың жағдайын бейнелейді.
Драма - кейіпкерлердің тікелей қатысуымен олардың арасындағы тартыс, қақтығыстарды әлеуметтік-психологиялық сипатта беруімен ерекшеленеді.
Осылардың ішінде лирика өмірдің алуан түрлі құбылыстарына ақынның көзқарасын, күйініш-сүйініш сезімін, толғаныс тебіренісін көрсетеді. Лириканы талдау оқырманды өнерді эмоциялың эстетикалық жағынан түсінуге баулиды. Лириканы оқытуда мынадай мәселелер ескерілу керек:
- алдымен, лириканы оқуда эмоциялық, логикалық бірлікті сақтау керек;
- оқушының лирикалық шығармаға деген көзқарасы болуы шарт;
- өлеңнің әрбір бөліктерін өзара тұтастыру керек. Сол арқылы ақынның айтайын деген ойы анықталуы керек;
- ақын шығармасында қандай көркемдік құралдарды пайдаланғаны талдану керек;
- лирика мен ақынның бірлігі танылуы шарт. Лириканы терең түсіну үшін қайталап оқып, басқа ақынның соған ұқсас өлеңдерімен салыстыру керек. Одан соң, мәнерлеп оқудың мәні үлкен. Академик З.Қабдолов:« Лириканы тақырыбына қарай топтап талдау оны жазған ақынның творчестволық бітімін пайымдау үшін айырықша мәні бар нәрсе: оның әр түрінен ақынның бір қырын тануға болады» - десе, ғалым Ж.Дәдебаев: «Лирикалық шығармада ақын өмірден, айналасынан көргені мен білгендерін ғана жазып қоймай, сол құбылыстардан лирикаға арқау боларлықтай ең басты асыл қасиеттерін тани білу керек», - деген нақты ой түйеді.
«Өлең» үғымы ХІХ-ХХ ғасырларда нақты мазмұн иеленді. Өлең - өлең сөзбен жазылған, лирикалық сипаты басым шағын әдеби туынды. Өлең белгілі бір ырғаққа бағындырыла оқылады. Өлең шумақтан, тармақтан, бунақтан, буыннан, ұйқастан тұрады. Барлық тілдегі өлең тармағының негізгі өлшем бірлігі - буын. Буынның фонетикалық сипатына әуез, екпін секілді белгілер тән. Соған орай, өлең жүйесі метрикалық, силлабикалық, тоникалық, силлабо-тоникалың болып жіктеледі.
Көркем әдебиет өзінің бар болмысымен сол халықтың танымын, өткендегісі мен болашағын бейнелейді. Әдебиеттің ұлттық ерекшелігі халықтың тарихи дамуымен тығыз байланысты. Ал, оның қайнар бұлағы - фольклорлық мұра - көркемөнер дамуына ұдайы елеулі ықпал жасап отыратын шығармашылық фактор.
Фольклор мұраларында кездесетін мифологиялық кейіпкерлер адам танымының әр түрлі даму кезеңін көрсетеді.
Мыстан кемпір. Ол - айлакер әйел, қулықпен күн кешкен. Алдап-арбаудың небір түрлерін, амал-айласын білген. Өзімізге жақсы таныс «Алпамыс батыр» жырында батырдың алдын орап, майда тілмен оны дегеніне көндіріп, шырмауына түсіретіні белгілі.Мыстан бейнесінің жырларда берілуі жөнінде зерттеуші Ш.Ыбыраев мынадай пікір айтады: «Мифтік ұғымдардан қазақтың көне эпостарында көптеген белгілер сақталған. Жалпы, көне эпостарда ерекше жинақталып, тұтас көрінетін жауыздық бейне - мыстан кемпір. Ол бірде айлакер, барлық жағдайды күні бүрын болжагі отыратын, сөйтіп, батырдың жолына алдын ала тор құратын жауыз кемпірдің кейпінде суреттелсе, бірде жеті басты жалмауыз, нағыз дүлей күштің иесі ретінде суреттеледі». Яғни, мүндай сырт кейпі ұсқынсыз бейне жыр сюжетін ерекше қызықты, шытырманды ете түседі.
Албасты - мифологиялың көне кейіпкер. Бұл ретте ғалым С.Қасқабасов мынадай ой айтады: «көне мифологиядағы рух-иелер алғашқы қауым мифінде дүниені жаратушы өрі күллі өлемнің иесі болып көрсетіледі. Мүндай кейіпкерлердің қалдығы кейінгі заманда қалыптасқан жанрларда да, мысалы ертегі, эпостарда да көрініс береді».
Пері көбіне салқын жерде, көбіне су жағасын мекендейді. Ол сұлу қыз түрінде көрінеді. Перінің мұсылман жөне кәпір перісі болады. Мұсылман перісі көбіне адам үшін зиянсыз болады. Бұл бейне де ертегі-аңыздарда өйел бейнесінде беріледі де адамға тән. Міне, бұл кейіпкерлер адамның көне ойлаудағы танымынан хабар бере отырып, халықтың байырғы ұғымдардың менін ашады.
14-15 Дәрістің тақырыбы: Эпикалық шығармаларды оқыту
1. Әдеби тек жанрларының дамуы
2. Эпостық шығармаларды оқытудың жолдары
Қазақ әдебиеті дамуының желісінде әдеби тек жанрларының жаппай дамуы ХХ ғасырда өрістеді. Көркем әдебиеттің лирикалық, эпикалық поэзия жанрларының ауызша да жазбаша да үлгілер қалыптасуының, дамуының көп ғасырлық тарихи бар қазақ сөз өнері кәсіби сахна өнеріне арналған драмалық туындылар жазу үрдісін де де игере бастаған еді. Шығарманың өзегіне сюжеттік сипаттың шағынынан бастап мол көлемділерін қамтитын эпостық туындылар (күлдіргі сөз (анекдот), әңгіме, очерк, новелла, повесть, поэма, оқиғалы өлең, роман, роман-эпопея) бәрі де қазақ сөз өнерінің әлем әдебиеті үдерісіндегі классикалық деңгейдегі көтерілген биіктігін дәлелдеді. ХХ ғасырдағы қазақ прозасының романдары эпикалық сипатпен жазылатын көркем шындық поэтикасының көрнекті көрсеткіштері қатарын құрады. Ертедегі халық сүйген жанрдың бірі - эпикалық жырлар. "Эпос-идеялық, көркем мәні және композициялық құрлысы жағынан музыкалық- поэтикалық фольклордың ең күрделі, ең ірі жанры. Өйткені оның негізінде халық тарихындағы қиялы-қилы кезеңдер, халық тағдырына байланысты ірі проблемалық мәселелер алынған. Эпостарда қанатты философиялық сөздер жиі ұшырасады. Батырлар жырында кездесетін афоризмдер елге үлгі боларлықтай ерлік істі, каһармандықты бейнелесе, ғашықтық жырларындағы қанатты сөздер, жырдың ішкі мазмұнына сай әр алуан лирикалық сезімдерге құрылған. Бұған Асан, Қазтурған, Бұхар жыраулардан бастап, Махамбет, Базар жырау, Кашаған, Нұрым, Майлықожа, Нұралы, Жамбыл, Мұрын, Тұрмағамбет секілді сөз жүйріктерінің туындыларынан мол мысал келтіруге болады.
Қанипа Бітібаева Мұхтар Әуезов шығармаларын мектепте оқыту мәселесіне байланысты үш кітап жазған автор. Ұстаздың «Абай жолы» сияқты әлем таныған көркем эпопеяны оқыту жөніндегі әдістемесінің құндылығы өте жоғары. Әдіскер «Абай жолы» эпопеясын тереңдете оқыту идеясын ұсынады. Әр кітапқа қысқаша аннотация жазып қою, образдарды талдауға көмек-нұсқаулар ұсыну, мәтінге негіздей отырып талдау жүйесін алға тартады. Ол төрт томдық туындыны топтай, жинақтай оқытудың тиімділігін дәлелдеп көрсетеді. Ұстаз айтқан образдарды топтап оқыту ұстанымының өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Мысалы, Бітібаева «Құнанбайлар әлемі» деген ойды тарата отырып, тек Құнанбай емес, бүкіл үстем күш бейнесін оның айналасына жинақтайды. Әдіскер ғалым сол арқылы көркем әдебиеттегі жинақтау әдісінің табиғатын ашады. Еңбекте Құнанбай әлемі төмендегідей топтастырылып, әрқайсысы жеке-жеке танымдық ой қозғайды.
Әрбір халықтың әдеби, рухани байлығы оның әдеби мұрасының байлығымен өлшенеді. Халықтың ұлылығын, даналығын, тарихын танытатын көне мұралардың бірі- ауыз әдебиеті. Халық ауыз әдебиетіне жататын жанрдың бірі тарихи жырлар.
Классикалық эпос пен батырлық ертегісіне тән, типологиялық сипатта болып келетін «қаһарманның дүниеге келуінен бастап, оның өмірін толық қамтуды, яғни оның қайтыс болғанына дейінгі жәйтті баяндауды қажет ететін ғұмырнамалық (биографиялық) тұтастану перзентсіз ата-ана, болашақ батырдың ерекше тууы, оның тез өсіп жетілуі, алғашқы ерлігі, үйленуі, қаһармандық істері, қартаюы сияқты бірнеше кезеңнен тұрады. Жырларда көбінесе, батырдың ғажайып жағдайда тууы мен ерлік көрсеткен тұстары кең түрде, көтермеленіп суреттеледі. Батырлық жырларда Қобыланды, Алпамыс, Қамбар сияқты батырлардың ерлік қызметінде жалпы ұлттық мүдде бұлыңғыр да, ал оның есесіне рулық, тайпалық мүдде анық, ашық көрініп жатады. «Қобыланды батыр» жырын оқыту. Жыр мәтінін оқыту тәжірибесіне, ұйымдастыру шеберлігіне, ізденімпаздығына, жаңашылдығына, шәкіртінің даярлығына байланысты. Жыр мазмұнын таныстырғанды мұғалім жырдың өн бойында Қобыланды батырдың басынан өткен бір-біріне жалғаса дамыған төрт түрлі сюжеттік оқиғаны аңғартады.
Қобыландының дүниеге келуі, өсуі.Қызыл ерді жеңіп, Құртқаны елге алып келуі.
Қараманның тілегімен Қазанға аттанып, Көбіктіні жеңуі.
Қараманға ілесіп, біраз азап көріп, жеңіске жетуі.
Қобыландының Алшағырды жеңіп, елді азат етуі.
Жыр композициясындағы батырдың басынан өткен осы төрт оқиғаның шамасын аңғартқаннан кейін оның идеялық мазмұны азаттық үшін күрес екені тұжырымдалады. Осы сюжеттік оқиғалардың жоспарын жасаймыз десек, шамамен былай жіктелген болар еді:
1-сюжет жоспары:
Тоқтарбайдың байлығы, зары, перзент көруі.
Жас Қобыландының ермегі, жылқыға келуі.
Қобыландының Етемістен бата сұрауы.
Қобыландының Көктем Аймақ еліндегі өнері мен ерлігі.
Құртқаның көкала бині көруі және тілегі.
2-сюжет жоспары:
Қараманның Қобыландыға тілегі.
Қобыландының жауабы.
Құртқаның Тайбурылды алып шығуы.
Қобыландының Қазанға аттануы.
Қобыландының сырлы қаланы алуы.
Қобыландының Қазанмен жекпе-жегі.
Қобыландының жау тобын талқандауы.
3-сюжет жоспары:
Қараман мен Қобыландының Көбікті жылқысына тиюі.
Екеуінің Көбіктіге тұтқын болуы.
Қарлығаның қос батырды сынауы.
Қарлығаның Қобыландыға көмегі.
Қобыландының Көбіктіні жеңуі.
4-сюжет жоспары:
Қобыландының елін азат етуге аттануы.
Тоқтарбайдың баласын жоқтауы.
Қобыландыға көмекке келгендер.
Қобыландының Алшағырды жеңуі.
Қобыландының елін азат етуі.
Сабақта мұғалім жырдың оқырманды қызықтырып, еліктіріп отыру себебін анықтау үшін композициялық құрылысындағы компонентерге назар аудартады.Жырдағы көлемді монологтар : Естемістің Қобыландыға, Құртқаның Естеміске, Қобыландының Қараманға, Қарманның Қобыландыға, Қарлығаның Қараманға айтқандары жатады. Қалғандары шағын монологтар. Тайбурылдың шабысын суреттеуде ұлы даламыздың аң-құстарынан құлан, құлжа, көкқұтан, дуадақ, ақсұңқар атаулары да туған жеріміздің табиғатын еске салады. Аллаға, пірге, әулиеге сиынудың мәнінде жырда елеулі маңыз беріледі.Жыр мәтініндегі бейнелі сөздерден де ұлттық сананы қалыптасатыруға болады. Жырдағы теңеу, эпитет, ауыстыру (метафора) сияқты көркемдіктер төрт түлік малға қатысты болып, ұлттық табиғат аясының жан-жануарына, аң-құстарына теңеліп көркем бейне жасайды. «Тобылғы торы меңді ат, қылшық жүнді қара, қозы жауырын қу жебе, ақмоншақ ат, бөрі құлақ ен жылқы» сияқты эпитеттер, батырды «сұңқарға, жолбарысқа, арыстанға, көкжалға» балаған ауыстырулар,бейнелі теңеу сөздер ерлікті жан-жақты сипаттау, үдете суреттеу үшін қолданылады.
«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын оқыту.
Академик М.Әуезов: «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырында ғибрат беру сарыны күшті қаһарманының бір парасы жамандықтың үлгісі болса, екінші жақсылықтың үлгісі болып есептеледі.
16-17 Дәрістің тақырыбы: Драмалық шығармаларды оқыту
Достарыңызбен бөлісу: |