Тыныс белгілері (не пунктуация) - тіл білімінде жазуға тән шартты белгілер жүйесі. Тыныс белгілері айтайын деген ойды нақтылы, дәл түсінікті етіп жеткізу үшін, сондай-ақ баяндалмақшы пікірді ала-құла етпей, айқын білдіру үшін қолданылады. Бұл - тыныс белгілерінің басты қасиеті.
Тыныс белгілері сөздер тіркесі мен сөйлемдерді айтқанда, немесе оқығанда тілде байқалатын кідірісті де, дауыста аңғарылатын әркелкі құбылысты да білдіреді. Бұл - тыныс белгілерінің қосымша қасиеті.
Жазба тілде болсын, сондай-ақ ауызекі тілде болсын тыныс белгілерін дұрыс қолдана білудің үлкен мәні бар. Тыныс белгілері мүлде қойылмаған, немесе дұрыс қойылмаған мәтінді сөйлемді түсінікті етіп оқу да, мағынасын түсіне білу де қиын. Тыныс белгілері дұрыс қойылмайтын сөйлемдерде ой күңгірттеніп, екі ұшты болып, тіпті сөйлем құрамындағы сөздер синтаксистік қызметі жағынан (бастауыш, баяндауыш, анықтауыш т. б.) өзгеріске түсуі мүмкін.
Мысалы: Бұл келген - сол Есіл бойындағы Қарасарт ауылының жиені, Жүсіп баласы Қожаш (С. Көбеев)
Бұл сөйлемде есімше тұлғалы келген соң сызықша қойылмаса, келген сөзі бастауыш қызметін емес өзге мүше қызметін атқарған болар еді де, нәтижесінде сөйлемде берілетін ойға нұқсан келер еді.
Тыныс белгілерді қою үшін үш түрлі белгі негізге алынады:
сөйлемнің синтаксистік ерекшелігі
сөйлемнің мағынасы
сөйлемнің интонациясы
Достарыңызбен бөлісу: |