Сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне орай
Тыныс белгісінің сөйлемнің құрылысына, түріне, жасалу жолдарына орай қойылуы сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне байланысты қойылу деп аталады.
Құрамына қарай сөйлем, негізінен, екіге бөлінеді: жай сөйлем, құрмалас сөйлем. Бұлардың өзі бірнеше түрге бөлініп, алуан түрлі жолдармен жасалады. Міне, осымен байланысты сөйлемнің ерекшеліктеріне орай, қолдану сипатына қарай әр түрлі тыныс белгілер қойылады. Мәселен, хабарлы сөйлемнен соң нүкте қойылады, сондай-ақ, сұраулы сөйлемнең соң сұрау белгісі, лепті сөйлемнен соң леп белгісі қойылады.
Сөйлем құрамында кездесетін оңашаланған мүшелер, оқшау сөздер деп аталатын қаратпа, қыстырма сөздер - бұлар сөйлем құрамындағы өзге мүшелерден тиісті тыныс белгілері арқылы ажыратылады. Сондай-ақ, жалпылауыш сөз сөйлемнің бірыңғай мүшелерінен бұрын келсе, жалпылауыш сөзден соң қос нүкте қойылады да, ал керісінше келетін болса, жалпылауыш сөздің алдынан сызықша қойылады.
Тыныс белгісінің дұрыс қойылуы сөйлемдегі кейбір сөздердің мағынасына, сондай-ақ бүкіл сөйлемнің мағынасына тікелей байланысты.
Мәселен, Мен оның сөзінен байқаймын деген сөйлемді Мәлғұн шалдың сөздері, байқаймын, Пугачевті ойландырған сияқты (А. С. Пушкин)
деген сөйлеммен салыстыратын болсақ, мұндағы байқаймын сөзі екі түрлі мағынада жұмсалған. Бірінші сөйлемдегі байқаймын сөзі аңғарамын, білемін деген мағынада жұмсалып, белгілі бір сөйлем мүшесі болып тұр (баяндауыш), сондықтан да оған сөйлем мүшесіне тән сұрақ қойылады. Ал екінші сөйлемдегі байқаймын сөзінде ондай қасиет жоқ. Бұл - меніңше, байқауымша, тәрісзді мәнде қолданылып, жұмсалып тұр. Осыған орай қыстырма сөз сөйлем ортасында келгендіктен, оның екі жағынан бірдей үтір қойылады. Сондай-ақ көп нүкте, тырнақша, жақша, сұрау, леп белгілері сөйлемнің мағынасына негізделініп қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |