Алтын сақаның бас қаһарманы, идеялық нысанасы - халықтың арман-мұраты. Мұнда да халықтың аңсары ертегінің басты арқауы. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша бала, жалғыз бала және басқа әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі - халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер. «Алтын сақадағы» бала сондай кейіпкер. Онда классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Бала жұртта қалып қойған алтын сақасын алып келуге барып, жалмауыз кемпірге кез болған бала кемпірдің алдағанына сенбей, сақасын ат үстінен іліп алып, қаша жөнеледі. Мыстан кемпір тұра қуады. Осымен оқиға шиеленісе түседі. Бұл ертегіде де сайыста кейіпкер өз күшімен емес, керемет достарының арқасында жеңуі - батырлықтан гөрі қиял-ғажайып ертегінің заңдылықтарына жақындау.
Қазақ балалар ертегілерінің басты ерекшелігі есте жоқ ерте заманда туып, ежелгі дәуір құбылыстарын сақтап келсе де, олардың бәрі біріншіден, халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине, өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда бейнелейді. Өмірдегі тартыстар, болмыс-көріністер, әдет-ғұрып бәрі де халықтың эстетикалық рухына сай түзіледі. Екіншіден, ертегілердің бәрі дерлік бас кейіпкерлерін қиын да күрделі, азапты да аянышты кешулерге сала отырып, балаларды ерлікке, отансүйгіштікке баулиды. Мәселен, «Алтын сақада» сол сақасын алуға барған баланың ерлігінің арқасында оның ата-анасы ғана емес, тұтас туған елі жалмауыз кемпірдің қорлық-зорлығынан азат болады.
4.Халық ауыз әдебиетінің балаларға арналған түрлерін анықтаңыз
Халық ауыз әдебиетінің балаларға арналған түрлері
1.Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні
2.Ертегілердің танымдық, тәрбиелік сипаты.
3. Бала тілін дамытуда жаңылтпаш пен жұмбақтардың орны
4. Өтірік өлеңдер
1.Мақал-мәтелдер - ғасырлар шежіресі. Онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі мол көрініс тапқан.
Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшелінеді. Онда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі қорытылады.
Ғалым Ә.Табылдиев «Халық тағылымы» атты еңбегінде «Мақал мен мәтелге өз тұрғысынан анықтама берген. Мақалдар – нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері, сөз мәйегі. Мақалдар көбінесе өлеңдік өрнекпен, сабырлы, салмақты ырғақпен айтылады. Қара сөзбен яғни шешендікпен айтылатын мақалдар да бар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» т.б.. Мәтелдер негізінен тұжырымы тұспалы өлеңде сыңар тармақты, қара сөзде нұсқаулы сөз ретінде айтылады. «Өлең сөздің патшасы» т.б. Қазақ халқы – сөз қадірін біліп, қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен өрнектеп, зерлеп келе жатқына халық. Сөз зергерлерінің аузынан шыққан мақалдар мен мәтелдерді оқу-тәрбие үрдісінде үздіксіз пайдаланып, үлгі етіп ұрпақ тәрбиесіне шарықтап пайдалануды дәстүрге айналдырып отырмыз.
2.Халықтық ертегілер – халық өмірін бейнелейтін фантастикалық негізге құралған оқиғалы көркем шығарма. Онда еңбекші халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәдениеті мен салты, әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібінің түрлері, тілінің шебер ерекшеліктері қамтылған. Табиғаттың адам баласына жұмбақ болып келген неше алуан қызметі айтылады. Жағымсыз кейіпкерлердің зұлымдық, қастандық әркеттері әшкере етіледі, күлкі-мазаққа айналдырылады.
3.Халық ауыз әдебиетінде ұсақ жанрлар деп аталатын жұмбақ, жаңылтпаш, өтірік өлеңдер мен мақал-мәтелдердің балалар фольклорынан алатын орны ерекше. Бала тәрбиелеуде бұл жанрлардың атқаратын үздік орны барлығына халық зор мән берген.
Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та айқын сөйлеуге үйрететін, тілін дамытуға жаттықтыратын жанр – жаңылтпаш. С. Сейфуллин жаңылтпаш туралы: «Жастардың бала-шағаның жиналып ойын-күлкі құрған орнында айтылатын айтыстың бірі – жаңылтпаш. Бұл да ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрізді жастардың, балалардың тілге ұстануларына, ойнақы, қырлы сөздерді қақпақылша атқылап билеп, еркін сөйлеуге төселулеріне өз әлінше әдемі сабақ, тәжірибе болатын ойын. Ойнақы, қырлы, қиын дыбысты сөздерді билеп еркін сөйлеуге төселу ретінде балаларға, жастарға жас басынан ойын болатын нәрсе, әсіресе, осы – жаңылтпаш» дейді.
4. Өтірік өлеңдер – қазақтың халықтық шығармаларында ертеден орын алған жанр. Мұның түп нұсқасы әзіл-оспаққа, өткір сынға құрылған. Сонымен қатар, қиыннан қиыстырылған тапқырлық және ойдың өткірлігі мен логиканың күштілігі арта түседі. Сөз еткен тақырыптардың бәрінде де адам күлерлік, бой сергітерлік әдемі, жарастықты әзіл-оспақтардың болуымен қатар, үлкен ойға шомдыратын, өмір танытарлық құбылыстар да қамтылып отырған. І. Жансүгіров: «Қазақтың өтірік өлең, өтірік ертегі дегендері расында кенеуі жоқ босқа өтірік емес, өте шеберлікпен, тілдің орамдылығымен өзгеше өңделген сөз... Өтірік өлеңде өмір көп. Салғастыру бар, сықақ мол. Әр жануардың, әр айтылған нәрсенің тұрмысқа байланысы бар» деген болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |