Күн сәулесі болашақтың сарқылмас энергиясы
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған энергетикалық тапшылық – бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі. Жер қойнауында, әсіре Қазақстанның ұлан-ғайыр, әрі бай жер қойнауында қазба байлығының мол болғанына қарамастан, адамзат оны жылдан жылға игеріп жатыр. Алайда, шикізат көзі өлшеусіз емес, бір күні ол да шегіне жетеді.
Әсіресе, бүгінде жоғарыда айтылғандай,отынның таптырмайтын түрлері мұнай мен газдың қоры жыл санап кему үстінде. Ғалымдарымыздың жуықтаған есептеулері бойынша қазіргі қарқынды тұтыну екпіні жалғаса берсе, табиғаттағы газ қоры шамамен 50 жылға, мұнай қоры 40-50 жылға ғана жететін сияқты. Сондықтан Күн энергиясын қолдану өркениеттің дамуының негізгі факторы болып табылады. Біз энергияның қосымша көзінің бірі – Күн сәулесі деп ойлаймыз және осы ой аясында біраз зерттеулер жүргіздік.
Қосымша энергия қоры ретінде Күнді пайдаланудың мәні және пайдасы зор. Өйткені, оның экологияға зияны жоқ және Жер бетіндегі тіршілікке үйреншікті энергия көзі. Адамзат, күн энергиясының ағынын өз бақылауына алып, қолдану арқылы жердің климатын сақтап қана қоймай, сонымен бірге энергияны да көп мөлшерде үнемдейді.
Күн энергиясының дәстүрлі органикалық және ядролық отынның алдында талассыз артықшылығы бар. Бұл қоршаған ортаны ластамайтын, пайдаланылуының ешқандай биологиялық қауіптілікпен байланысы жоқ , энергияның ең таза түрі. Күн энергиясын үлкен масштабта пайдалану біздің планетамызда қалыптасқан эволюциялық энергетикалық балансты бұзбайды. Оны тікелей техникалық қондырғылар арқылы немесе жанама түрде Күн құбылыстары себеп болатын фотосинтез өнімдері, су айналымы, ауа массасының қозғалысы және басқа үдерістер арқылы қолдануға болады. Күн энергиясын пайдалану - энергетикалық мәселелерді шешудің ең қарапайым және арзан жолы. АҚШ - та үйді жылыту және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін елде өндірілген энергияның шамамен 25 % -ы жұмсалатыны есептелген. Солтүстік елдерде, соның ішінде Ресейде, Латвияда бұл үлес одан да жоғары. Осы мақсатқа қажет жылудың көп үлесін Күн сәулесінің энергиясын пайдалану арқылы алуға болады. Жер бетіне түсетін тікелей Күн радиациясы жоғары болған сайын, мұндай мүмкіндік те үлкен .
Достарыңызбен бөлісу: |