17-бап. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның құзыреті Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
3) өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурулардың, кәсіптік уланулардың себептеріне талдау жүргізеді және олардың профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
4) өндірістегі жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеп-тексереді;
5) жұмыс берушілерде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін тексеруді жүргізеді;
6) өндірістік мақсаттағы объектілерді пайдалануға қабылдау жөніндегі қабылдау комиссиясының құрамына қатысады;
7) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өкілетті өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды;
8) қызметкерлердің, жұмыс берушілер мен олардың өкілдерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарайды;
9) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингін жүзеге асырады;
10) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексерулер жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi;
11) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбекті қорғау және еңбек қауiпсiздiгі жөніндегі ақпараттық жүйе базасында кезеңдік есептерді, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жай-күйі мониторингінің нәтижелерін ұсынады;
12) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажетті ақпаратты береді.
Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.