315-бап. Қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы міндеттері Қызметкер:
1) өндірісте болған әрбір жазатайым оқиға, кәсіптік аурудың (уланудың) белгілері, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туралы өзінің тікелей басшысына дереу хабарлауға;
2) міндетті мерзімді медициналық тексеруден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан, сондай-ақ өндірістік қажеттілікке байланысты басқа жұмысқа ауысу үшін не кәсіптік аурудың белгілері пайда болған кезде медициналық куәландырудан өтуге;
3) жұмыс беруші беретін жеке және ұжымдық қорғану құралдарын қолдануға және мақсатқа сай пайдалануға;
4) медициналық мекемелер ұсынған емдік және сауықтыру іс-шараларын жұмыс беруші қаржыландырған жағдайда соларды орындауға;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, ережелердің және нұсқаулықтардың талаптарын, сондай-ақ жұмыс берушінің өндірістегі жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптарын сақтауға міндетті.