105-бап. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру тәртібі 1. Қызметкерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
2. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру ерекшеліктері осы Кодекстің 213-бабында белгіленеді.
3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін.
4. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы Кодекстің 108-бабының 3-тармағындағы талаптар сақтала отырып, осы Кодекстің 108 және 109-баптарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ауыстырылады, ұзартылады, үзіледі.
5. Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу ол басталардан күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы кестеден тыс берілген жағдайда - ол берілген күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Ескерту. 105-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.