281-бап. Ұжымдық келіссөздер жүргізудің принциптері Ұжымдық келіссөздер жүргізудің принциптері:
тараптар мүдделерінің тең құқықтылығы және оларды құрметтеу;
ұжымдық шарттың немесе келісімнің мазмұнын құрайтын мәселелерді талқылаудағы таңдау еркіндігі;
тараптардың міндеттемелер қабылдау еріктілігі;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау болып табылады.
282-бап. Ұжымдық келіссөздер жүргізудің, ұжымдық шартты әзірлеу мен жасасудың тәртібі 1. Кез келген тарап ұжымдық шарт жобасын әзірлеудің және жасасудың бастамашысы бола алады.
Екінші тараптың ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы ұсынысы бар хабарламасын алған тарап оны он күндік мерзімде қарап, осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен келіссөздерге кірісуге міндетті.
2. Ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу үшін тараптар тепе-тең негізде комиссия құрады. Комиссия мүшелерінің саны, оның жеке құрамы, жобаны әзірлеу және ұжымдық шарт жасасу мерзімдері тараптар келісімімен айқындалады.
Жұмыс беруші тараптардың келісімі бойынша ұжымдық шартты әзірлеу мен жасасу үшін қажетті жағдай жасауды қамтамасыз етеді.
Кәсіптік одақтың мүшелері болып табылмайтын қызметкерлер шарттық негізде жұмыс берушімен өзара қарым-қатынастарда өз мүдделерін білдіру үшін кәсіподақ органына да, өзге өкілдерге де уәкілеттік беруге құқылы.
Ұйымда қызметкерлердiң бiрнеше өкiлдерi болған кезде комиссияға қатысу және ұжымдық шартқа қол қою үшiн олар бiртұтас өкiлдi орган құрады. Бұл ретте олардың әрқайсысына өздерi өкiлдiк ететiн қызметкерлердiң санына қарай пропорционалды өкiлдiк ету қағидаты негiзiнде келiссөздер жүргiзу жөнiндегi бiртұтас органның құрамында өкiлдiк ету құқығы берiледi.
3. Комиссия әзірлеген ұжымдық шарттың жобасын ұйым қызметкерлері міндетті түрде талқылауға тиіс. Жобаны талқылау нысанын қызметкерлердің өздері айқындайды. Комиссия келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны пысықтайды.
4. Тараптардың келісіміне қол жеткізілген кезде ұжымдық шарт кемінде екі данада жасалады және оған тараптардың өкілдері қол қояды.
5. Ұжымдық шарттың жекелеген ережелері бойынша тараптар арасында келіспеушіліктер болған кезде ұжымдық келіссөздер басталған күннен бастап бір ай ішінде тараптар бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген талаптармен ұжымдық шартқа қол қоюға тиіс.
6. Ұжымдық шартты өзгерту және толықтыру осы бапта оны жасасу үшін белгіленген тәртіппен тараптардың өзара келісімімен ғана жүргізіледі.
7. Егер алынған мәліметтер мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық және заңменқорғалатынөзге де құпияларды құрайтын болса, ұжымдық келіссөздерге қатысушылардың бұл мәліметтерді жария етуге құқығы жоқ.
8. Ұжымдық келіссөздерге қатысушылар келіссөздер жүргізу кезінде орташа айлық жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылуы мүмкін. Бұл мерзім олардың еңбек өтіліне қосылады.
9. Тараптар қол қойған ұжымдық шартты қол қойылған күнінен бастап бiр ай мерзiмде жұмыс берушi мониторинг үшiн еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органға ұсынуға мiндеттi.
10. Тараптардың өкiлдерi жарты жылда кемінде бір рет қызметкерлерге ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы ақпарат беруге мiндеттi.
Ескерту. 282-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2014 N 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.