77-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы 1. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.
2. Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей төлемақымен ұзақтығы аз жұмыс уақыты көзделуі мүмкін.
78-бап. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы 1. Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 181-бабына сәйкес белгіленеді.
2. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 202-бабына сәйкес белгіленеді.
3. Бірінші және екінші топтардағы мүгедектер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 224-бабына сәйкес белгіленеді.
4. Еңбек шартында, ұжымдық шартта осы баптың 1 - 3-тармақтарында көрсетілгеннен кем жұмыс уақытының ұзақтығы көзделуі мүмкін.
5. Қызметкерлерге жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленген кезде еңбекке ақы төлеу осы Кодекске сәйкес жүргізіледі.