126-бап. Еңбекке ақы төлеу жүйелері 1. Қызметкерлердің еңбегіне уақыт бойынша, кесімді немесе өзге де еңбекке ақы төлеу жүйелері бойынша ақы төленеді. Ақы төлеу жеке және (немесе) ұжымдық еңбек нәтижелері үшін жүргізілуі мүмкін.
Еңбекке ақы төлеу жүйесі тарифтік, тарифсіз немесе аралас жүйелер негізінде қалыптастырылуы мүмкін.
Еңбекке ақы төлеудің тарифтік жүйесі: тарифтік ставкаларды (айлықақыларды), тарифтік торды, тарифтік коэффициенттерді қамтиды.
Еңбекке ақы төлеудің тарифсіз жүйесі еңбекке ақы төлеуге арналған қаражатты қызметкерлердің кәсіби қабілеттерін бағалаудың өлшемдері мен принциптеріне және олардың түпкі нәтижеге қосқан үлестеріне қарай үлестік бөлуге негізделеді.
Еңбекке ақы төлеудің аралас жүйесінде еңбекке ақы төлеудің тарифтік және тарифсіз жүйелерінің элементтері қамтылуы мүмкін.
2. Жұмыс беруші қызметкерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстың сапасын арттыруға мүдделілігін күшейту үшін сыйлықақы беру жүйесін және еңбекке ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады.
3. Қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу және еңбекке ынталандыру жүйелері ұжымдық шарттың, еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалады.
4. Еңбекке ақы төлеу жүйесі біржолғы ынталандырушы төлемдерді есепке алмағанда, қызметкерлердің орташа айлық жалақысының кемінде 75 проценті болатын негізгі жалақы үлесін (жалақының негізгі бөлігіне қатысты) қамтамасыз етуге тиіс.
5. Мемлекеттік бюджет және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының нормативтікқұқықтықактілерінде белгіленеді.
6. Акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдар басшыларының еңбегіне ақы төлеу және оларға сыйлықақы беру шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Үлгілік ереженің негізінде айқындалады.
7. Қызметтер көрсетуге (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қараудың және келісудің тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
8. Еңбек шартында, ұжымдық шартта, келісімдерде, жұмыс берушінің актілерінде айқындалған еңбекке ақы төлеу талаптары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптармен салыстырғанда нашар бола алмайды.