128-бап. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу
Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа қызметкердің күндік (сағаттық) ставкасы негізге алына отырып, кемінде екі есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі.
129-бап. Түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу
Түнгі уақыттағы жұмыстың әр сағатына қызметкердің күндік (сағаттық) ставкасы негізге алына отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде ақы төленеді.
130-бап. Әр түрлі біліктілік жұмыстарын орындаған кезде еңбекке ақы төлеу
Қызметкер әр түрлі біліктілік жұмыстарын орындаған кезде оның еңбегіне неғұрлым жоғары біліктілік жұмысы бойынша ақы төленеді.
Жоғары біліктілік қызметкеріне өндіріс сипатын ескере отырып оған тағайындалған разрядтан төмен тарифтелетін жұмысты орындау тапсырылған жағдайда, еңбекке ақы төлеу оған тағайындалған біліктілік (разряд) бойынша жүргізіледі.
131-бап. Лауазымдарды қоса атқару (қызмет ету аймағының кеңеюі) және уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау кезінде еңбекке ақы төлеу
1. Бір ұйымда, өзінің еңбек шартында қарастырылған негізгі жұмысымен қатар басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын не уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындайтын қызметкерлерге қосымша ақы
төленеді.
2. Жұмыс беруші лауазымдарды қоса атқарғаны (қызмет ету аймағының кеңеюі) және уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындағаны үшін берілетін қосымша ақылар мөлшерлерін қызметкермен келісе отырып белгілейді.
Ескерту. 131-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |