40. Аулалық клубты ұйымдастыру
1. Жалпы ақпарат. Аулалық клубтар аймақта тұратын балалар мен жасөспірімдердің бас қосатын, шығармашылық идеяларын жүзеге асыратын және бос уақыттарын өткізетін негізгі орынға айналып келеді. Қызығушылықтар бойынша клубтар балалар мен жасөспірімдерге арнап мәдени шаралар мен бос уақыттарын өткізуді ұйымдастыру арқылы оларды даладағы зиянды нәрселерден аулақ ету үшін құрылады. Аулалық клубты ашу – пайдалы бизнес-идеялардың бірі, өйткені оның басты мақсаты жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын өткізуді, шығармашылық қызығушылықтарын қолдауды, салауатты өмір салтын насихаттауды, жастарды ұлттық өнерге баулуды, мәдени шараларды өткізуді ұйымдастыру болып табылады.
2. Ғимарат. Егер өзіңіздің жеке орын-жайыңыз болса, тіптен жақсы. Ал жоқ болса, онда жалға алуға тура келеді. Бұл бизнесті ұйымдастыру үшін шамамен 60 м2 көлемді орын қажет. Ең дұрысы – тұрғын үйден бір орын-жайды жалға алу, бұл балалардың келіп тұруына жеңіл болады. Оған қоса, ғимараттың көлемі мен балалардың санына байланысты үстелдер, орындықтар, ойыншықтар (доптар, секіргіштер және т.б) керек.
3. Технология. Балалар мен жасөспірімдер тұрып жатқан аймақтағы аулалық клуб жақсы жұмыс істесе, онда балалар үшін ол демалатын, достарымен бас қосатын тиімді орын болмақ. Өз бос уақытын дұрыс өткізу олардың тұлға ретінде қалыптасуы мен шығармашылық және спорттық жағынан дамуына көп септігін тигізеді.
Клубтың басты бағыттары мынадай бола алады :
Дамыту бағыты – үйірмелер: «Шебер қолдар», вокал, сурет, шет тілдерін оқыту;
Шахмат, шашка, үстел теннисі мен футбол сынды спорт түрлерінен жарыс өткізу дәстүрлі бағыт болып табылады;
Аталған клубтағы істермен балалар шама-шарқынша айналысуы керек, яғни олардан аса бір білімділік, физикалық дайындық, эмоционалдық толқу мен шеберлілік талап етілмеуі тиіс. Өткізілетін іс-шаралардың балаларға қызық, нақты көрінетін нәтижесі бар, жаңалыққа толы болуы керек. Сонда ғана балалардың шығармашылық қабілеті артып, ішкі сұраныстары қанағаттандырылады.
Үйірмелерге келетін балалардың жасы 7 мен 18 аралығын қамтиды.
Қыста есік алдына мұзайдын, ал жазда спорттық ойындарға арналған стадион жасауға болады.
4. Қызметкерлер. Балалар мен жасөспірімдерді аулалық клубта дамыту мен оңалту сапасы олармен күнделікті жұмыс жасайтын тәрбиешілер пен педагогтардың дайындығына байланысты болады. Педагогикалық білімі бар 3-4 қызметкер алу керек.
5. Өткізу. Сіз жарнаманы қала бойынша сауда орталықтарына, балалар емханаларына іліп, визиткалар таратуыңызға болады. Сонымен қатар, жарнаманы жергілікті газет пен журналдарға да берген дұрыс. Жергілікті мектептерге барып, клубыңыз жайлы хабарлап айтуыңызға болады.
6. Болжамды есептеулер.
6.1. Шығыстар:
Орын-жайды жалға алу, 60 м² * 1 000 теңге = 60 000 теңге.
Балаларға арналған үстелдер мен орындықтар, 1 жиынтық = 10 000 теңге * 10 жиынтық = 100 000 теңге.
Кеңсе тауарларын жаппай сатып алу – 30 000 теңге.
Сананы дамытуға арналған ойындар мен ойыншықтар (шахмат, шашки, паззл және т.б) – 40 000 теңге.
Қызметкерлердің жалақысы – 4 қызметкер * 40 000 теңге = 160 000 теңге.
Барлығы: 390 000 теңге.
Болашақта спорттық жабдықтар сатып алып, оларды жалға беріп тұруға болады (коньки, шаңғы және т.б).
6.2. Табыс:
Орталықтың жұмыс тәртібі - 12.00-20.00 сағат, яғни күніне 8 сағат.
Сабақтар аптасына 3 рет 1-1,5 сағат өтеді, онда айына 12 рет. Үйірмелердің бір айға ақысы шамамен 5 000 – 6 000 теңге деп білгілеуге болады (аймаққа байланысты).
Айына клубқа 30-35 бала келсе, онда * 5 000 теңге = 150 000-175 000 теңге шығады.
7. Пайдалы сілтемелер:
http://www.drugdetstva.kz/news/detail/654
http://www.uchi.kz/blog/v-astane-otkrylis-novye-dvorovye-kluby-dlya-detei
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «аулалық клуб ұйымдастыру» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
41. Шаштараз
Жалпы мәлімет. Шаштараз барлық уақытта болған және бола бермек, себебі шаш адам сұлулығын анықтайтын сыртқы бейненің негізгі элементі болып табылады. Ерлер, әдетте, екі аптада бір рет шаштарын қысқартады, сондықтан да шаштараз бизнесін табысты ету қиын мәселе емес. Маңыздысы барлығын дұрыс ұйымдастыру және «айналдыру».
Неден бастау керек? Ғимарат пен жалдамалы қызметкерлер таңдаудан бастау керек. Егер сіз өзіңіз шаштараз өнерімен айналысамын деп шешсеңіз, онда оқу курстарынан өтіп, сәйкесінше сертификат алу қажет. Сіз үшін уақытша шаштаразға жұмысқа орналасу тәжірибе жинақтауға көмектесетін болады. Бұлай істесеңіз, сіз «қолыңызды жаттықтырып», болашақ өзіңіздің шаштаразға келетін клиенттерді осы бастан таба бастар едіңіз. Шаштараздың кез-келген класы (элитарлы, орташа бағалы) жақсы табысқа қол жеткізе алады. Орташа деңгейлі шаштараз ашқан жөн, себебі қолжетімді бағадағы қызметке сұраныс әрдайым жоғарырақ, сондай-ақ алғашқы инвестициялық салымдар да, элиталы шаштараздармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Негізінен, шаштараздың күрделі дизайнды болуы керек емес, жалдауға немесе қаланың айтулы ауданында ғимарат сатып алуға көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Бастапқы кезде екі кресло мен екі әмбебап маманға арналған шаштараз ашу ең жақсы таңдау болып табылады. Клиенттерге ыңғайсыздық туындатпау үшін ер кісілерге ер шаштараздың, әйел кісілерге әйел шаштараздың болуын қадағалаңыз.
Ғимаратты таңдауға ерекше мән берген дұрыс, орташа бағадағы шаштараз үшін ең жақсысы – автобус аялдамасына жақын орналасқан тыныш аудандағы ғимаратты жалға алу. Шаштараз жеке тұрған ғимаратта немесе тұрғын үйлерде, қоғамдық ғимараттарда орналасуы мүмкін. Пәтерде шаштараз ашуға болмайды. Тек пәтер тұрғын емес үй қорына өтіп, оның кіретін есігі бөлек болған жағдайда ғана шаштараз ашуға болады. Шаштараз тұрғын үй ғимаратының бірінші немесе цокольдік қабаттына ғана орналаса алады. Өжіреде (подвал) шаштараз ашуға болмайды. Ескеретін жайт, шаштараз ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан және өртке қарсы инспекциядан анықтама алу бойынша стандартты процедуралардан өту қажет. Толығырақ мәліметті Сіз «Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау Министрінің 2004 жылғы 18 тамыздағы № 632 бұйрығын оқу арқылы ала аласыз.
Қызметкерлер. Жалдамалы қызметкерлерді таңдауда олардың кәсібилігіне және психологиялық дайындығына, сондай-ақ шаштараз адамдармен, әсіресе, әйелдер қауымымен жұмыс істейтіндіктен коммуникативтілігіне де мән беріңіз. Қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін дамыту мақсатында, сондай-ақ коммуникативтіліктерін жақсарту үшін оларды оқытуға уақыт және ақша бөлуге кеңес береміз. Қызметкерлерді салалық оқу орындарынан іздеген жөн, баспа беттеріне, интернетке жарнама беру немесе кадрларды таңдау агенттілігіне хабарласуға да болады.
Шаштараздың қызмет көрсету спектрі өте ауқымды - бұл шаш қысқартудың, бұйралаудың, сәндеудің, емдеудің әртүрлілігі.
Шаштараздың бизнестің аралас түрлерін ұйымдастыру үшін қолайлы орын екенін естен шығармау керек, мысалы, онда шаш және тырнақ күтімі үшін қажетті тауарларды сатуға әбден болады. Сонымен қатар, қосымша табыс табу үшін шаштараз ішіне өз кезегін күтіп отырғандарға арналған кофе және басқа да сусындары бар сауда автоматтарын қоюға болады.
Сіздің шаштаразды бәсекелестерден ерекшелейтін, клиенттеріңізге жағымды, ұнайтын ұсақ-түйектерге де мән беріңіз. Клиенттеріңізге сапалы қызмет көрсету, жақсы, жылы шырайлы мамандардан басқа не ұсынуға болады? Клиенттер үшін екі параметр өте маңызды: қолайлылық және өзіндік қайталанбас атмосфера, яғни телефон арқылы жазылуға мүмкіндік, желдеткіш, күтіп отыруға ыңғайлы орындықтар, теледидар, жаңа журналдар, жағымды әуен, қызықты безендіру, тірі гүлдер, плакаттар және т.б.
Шаштаразға арналған құрал-жабдықтар. Жабдықтарды таңдауда баға мен сапаның оптималды сәйкестігіне сүйену керек. Дегенмен, клиенттер үшін қолайлы жағдай туғызуда үнемдеудің қажеті жоқ, ыңғайлы креслолар, шаштараз жуғыштарын, сенімді электр құралдарын таңдаңыз. Мысалы итальяндық айна сатып алу міндетті емес, қытайлық сапалы айнаны да қолдануға болады.
Сізге құрал-жабдықтардың ішінен мыналар қажет: құрғатқыш, шаш қысқартатын машинка, фен, айнасы бар шкаф-тумбочка, гидравликалық кресло, креслосы бар жуғыш, айна.
Сондай-ақ, Сіз мынадай жабдықтар мен заттарды алуыңыз керек: әртүрлі формадағы тарақтар, массажды тарақ, қайшылар, шаш бояулары, сабынсулар (шампунь), химиялық бұйралауға арналған заттар, бигудилер (ірісі, орташасы, ұсақтары), шаш сәндеуге арналған заттар (лак, воск, пенка), сүлгілер мен жамылғылар.
Жарнама. Маңдайша жазу өзінше жарнаманың бір түрі деуге болады. Ол қымбат болмай-ақ, бірақ міндетті түрде стильді, зейін аударарлықтай болуы керек. Жақын маңдағы үйлерге, адамдар легі көп жерлерде жарнамалық парақшалар таратуға болады. Шаштараз үшін ең жақсы жарнама – көрсететін қызметтің сапасы.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
ғимаратты жалдау – 30 м² * 1 000 теңге = 30 000 теңге.
құрал-жабдықтарды сатып алу – 150 000 теңге.
басқа да керекті заттар – 40 000-45 000 теңге.
Барлығы: 220 000 теңге.
6.2. Табыс:
Егер шаш қиюға бір сағат кетеді деп есептесек, онда бір күнде сіз 5-6 адамға қызмет көрсете аласыз * 1500 теңгеден бастап (шаш қиюдың орташа бағасы) = күніне 7 500 теңге.
Бастапқы кезде екі шаш шебері жұмыс істейді деп есептесек, онда 5 адам * 2 шебер * 1 500 теңге = күніне 15 000 тенге.
Пайдалы сілтемелер:
http://bizidei.ru/content/view/112/1
http://coolidea.ru/business-plan/services/salon-krasoty/
http://www.ceae.ru/biznes-plan23.htm
http://karpattour.narod.ru/87654320.htm
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «шаштараз» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |