Оқу сабағы – дене тәрбиесі жұмыстарының негізгі түрі,оның мазмұны мен құрылымы
Оқу сабағы жалпы білім беретін мектептерде басқа пәндермен қатар сабақтар кестесі бойынша аптасына үш рет жүргізіледі. Дене тәрбиесі сабағының бір-біріне байланысты сабақтың мазмұны және сабақтың құрылымы деген екі түрі болады.
Сабақтың мазмұны төрт негізгі элементтен тұрады:
1. Оқу сабағына кіретін дене тәрбиесі жаттығуларының құрамы
2. Оқушылардың іс-әрекеті. Оқушылардың іс-әрекеті ұсынылған жаттығуларды орындауымен байланысты. Олар: мұғалімді тыңдау, жаттығуды орындау, орындау техникасын бақылау, көрген немесе естігенді түсіне білу, орындайтын әрекеттің ойша жобасын құру, оны орындау, өз әрекетін бақылау, бағалау т.б. оқушылардың көптеген әр түрлі әрекеттерінен тұрады.
3. Мұғалімнің қызметі. Сабақ міндетін қою, оны орындауды ұйымдастыру, жаттығушылардың әрекетін бақылау, қателерін түзеу, орындауын бағалау, баға қою, талдау, жүктемені реттеу т.б.
4. Сабақ кезінде оқушылардың ағзасында болып жатқан физиологиялық, психологиялық үрдістер мен жаттығушылардың көңіл-күйлері. Физиологиялық үрдістер: жүрек соғысы, тыныс алу жиіліктері, зат алмасу жүйесінің жұмыстары. Психикалық үрдістер: ықылас, еске ұстау, ойлау, қозғалыс реакциясы жылдамдығы т.с.с. Жаттығушылардың көңіл-күйлері: дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысу, ойын ойнау барысындағы қуануы, күйінуі, ренжуі, рақаттануы, күлуі, жылауы. Жаттығушылардың көңіл-күйлері мен осы физиологиялық, психологиялық үрдістер қосылып білімде, қозғалыс ептілігінде, дағдысында жағымды, дұрыс өзгерістер тудырады. Ол өзгерістер оқу сабағы мазмұнының көрінбейтін жағын құрайды.
Уақыт бойынша бір-бірімен байланысты орналасқан сабақ мазмұнының барлық элементтерін сабақ құрылымы деп атаймыз. Дене тәрбиесі жүйесінде оқу сабағы үш бөлімге бөлінеді:
1. Кіріспе.
2. Негізгі.
3. Қорытынды.
Кіріспе бөлім. Кіріспе бөлімнің өзі сабақ өткізуге дайындық және таза кіріспе бөлімнен тұрады. Дайындық бөліміне: киім ауыстыру, спорттық жабдықтарды орналастыру, кезекшіге тапсырма беру, спорт залға кіріп сапқа тұру т.б. сабаққа дайындық әрекеттері жатады. Сабақ басталарда баянат беру, сабақ міндеттерін хабарлау арқылы сабақтың кіріспе бөлімі басталады.
Кіріспе бөлімнің негізгі міндеті оқушылардың ағзасын сабақтың негізгі бөлімінің қимыл-әрекеттеріне дайындау, денелерін қыздыру. Ол оқушыларға таныс жеңіл үйренетін, жеңіл мөлшерлейтін дене жаттығулары көмегімен орындалады. Жүру, жүгіру, жалпы дайындық сипатындағы гимнастикалық жаттығулар, би адымдары, қозғалмалы ойын элементтері, әр түрлі сипаттағы сапқа тұрулар және басқа біртіндеп көтерілетін, бірқалыпты орындалатын жаттығулар осы кіріспе бөлімде жиі қолданылады. Кіріспе бөлімнің жаттығулары негізгі бұлшық ет топтарына әсер етіп, оларды алдағы орындалғалы тұрған жүктемеге дайындайды. Ол мынадай реттілікпен орындалуы тиіс: керілу, мойын бұлшық еттеріне, жоғарғы иық белдеуіне, кеуде бұлшық еттеріне, бел-жамбас, аяқ бұлшық еттеріне арналған жаттығулар, секіру жаттығулары. Сабақтың кіріспе бөлімінде берілетін жаттығулар негізгі бөлімде орындалатын әрекеттер мазмұнына сай, сол әрекеттерге оқушы ағзасын толық, дұрыс дайындайтындай болуы тиіс. Кіріспе бөлімге сабақтың жалпы 45 минөт уақытының 20-30 пайызы, яғни оқу сабағына 10-12 мин, жаттықтыру сабағына 20-30 мин дейін уақыт бөлінеді.
Негізгі бөлім. Сабақтың негізгі бөлімінде оқу бағдарламасы және сабақ міндетіне сәйкес білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру міндеттері орындалады. Жаңа материалды меңгеру, жаттығулар техникасын үйрету, қайталау, жетілдіру секілді күрделі міндеттер сабақтың негізгі бөлімінің басында орындалады, соңында дене қасиетін дамытатын жаттығулар беріледі. Бұл бөлімде алға қойған міндеттерді орындау үшін әрбір сыныпта оқу бағдарламасында белгіленген әр спорт түрінің негізгі жаттығулары кеңінен қолданылады. Негізгі бөлімнің ұзақтығы оқу сабағында 28-30 мин, жаттықтыру сабақтарында 90 мин дейін созылады.
Достарыңызбен бөлісу: |