Денсаулықтарында ауытқушылығы бар оқушылардың дене тәрбиесі
Денсаулықтары және дене дайындығы деңгейіне байланысты мектеп оқушылары үш топқа бөлінеді: негізгі, дайындық және арнайы.
Негізгі топқа денсаулықтары мықты дене дайындықтары жақсы, әр түрлі спорт түрлерімен тұрақты айналысатын не айналыспайтын, бірақ мектептегі дене тәрбиесі сабағына қатысатын оқушылар жатады.
Дайындық тобына денсаулықтары аздап қана нашарлаған және дене дайындығы төмен оқушылар жатқызылады. Олар негізгі топтағылармен бірге дене тәрбиесі сабағына қатыстырылады. Бұл топқа жататын оқушыларға жүктеме қарқыны мен көлемі аздау беріліп, сынақ жаттығуларын тапсырғанда дайындық тобында екендігі ескеріледі. Оларға тапсырма топтық және жеке әдіс түрлерінде берілуі мүмкін.
Арнайы дәрігерлік топқа денсаулықтарында ауытқушылығы бар оқушылар жатқызылады да, олар негізгі мектеп бағдарламасымен оқу оқитын дене тәрбиесі сабағынан босатылады. Бұл топтағы оқушылар ауруларының сипатына байланысты осы топта тұрақты және уақытша болуы мүмкін.
Арнайы дәрігерлік топтардың негізгі жұмыс міндеттері: денсаулықты нығайту, тыныс алу органдарының жұмысын жақсарту, ағзаны шынықтыру, дене тәрбиесі жаттығулары арқылы дене жұмыс қабілеттілігін, ақыл-ой жұмыс қабілеттілігін жоғарылату, аурудан әлсіреген ағзаның дене қимыл белсенділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар теориялық білім беру және қимыл ептілігі мен дағдысын меңгеру жұмыстары жүргізіледі.
Арнайы дәрігерлік топтардың оқушыларына бағдарлама негізгі бағдарлама материалдарын есепке ала отырып, ауру түрлеріне байланысты көптеген дене тәрбиесі амалдарын, әдістерін азайту, кейбір арнайы жаттығуларды қосу түрінде жасалынады.
Бағдарламаға теориялық мағлұматтар және іс-тәжірибелік сабақтар кіргізіледі.
Теориялық білім мағлұматтары: гигиена негіздері, жаттығушының ағзасына дене тәрбиесі жаттығуларының әсері, дәрігерлік бақылау түрлері, дене тәрбиесі амалдарын денсаулықты нығайтуға қолдану, қимыл-әрекетті меңгеру жолдары және т.б.
Іс-тәжірибелік сабақтарға: гимнастикалық жаттығулар, қозғалмалы және спорттық ойындар элементтері, жеңіл атлетика және шаңғы дайындығын жүргізгенде негізгі орын гимнастикалық жаттығуларға беріледі. Гимнастикалық жаттығулар: сапқа тұру, саптық бұрылулар, саптық қозғалыс жаттығулары; жалпы дене дамыту жаттығулары, әр түрлі құралдармен орындайтын жаттығулар; әр түрлі снарядтарда орындайтын жаттығулар; тепе-теңдік жаттығулары; мүсін түзулігі жаттығулары; би жаттығулары; снарядтарда ілініп тұру, тіреліп тұру жаттығулары т.с.с.
Қозғалмалы және спорттық ойындар элементтері оқыс, тез орындалатын қимыл-әрекеттері жоқ, жеңіл ойналатын қозғалыстар болуы керек. Секіру, ауырлық көтеру, статикалық ширығу, күрес, бәсеке сияқты ойын элементтері оқушылардың денсаулықтарына зиян тигізуі мүмкін, сондықтан дене тәрбиесі мұғалімі қозғалмалы және спорттық ойындар элементтерін таңдағанда, оқушыларды ойнатқанда өте мұқият болуы керек.
Сабақты екі жолмен жүргізуге болады. Бірінші жолы, бірнеше жақын сынып оқушыларын біріктіріп, ауруларына байланысты А, В топтарына бөліп, денсаулықты нығайту топтарын ұйымдастыру. Сырқаттарына байланысты топтарға қалай бөлінетіндігі 1-кестеде көрсетілген (В.П. Русанов, А.М. Колкутин, 2004).
1-кесте. Оқушыларды ауруларына байланысты А, Б, В топтарына бөлу
Топтар
|
Дәрігерлік сипаттама
|
Жүктеме мөлшері
|
Қолдануға болмайды
|
А
|
Жүрек аурулары,
орталық жүйке
жүйесі, көз, гепатит,
ісік аурулары
|
Бастапқы кезде жүктеме
орта қарқында
беріледі, 130-150 ЖСЖ-біртіндеп көбейеді
|
Күш жылдамдығы
жаттығуларын,
қатты жүгіру, секіру,
тез еңкею, ауырлық көтеру
жаттығуларын
|
Б
|
Тыныс алу, ас қорыту
мүшелері, бүйрек,
бауыр аурулары
|
Жалпы дамыту жаттығуларын
бұлшық ет топтарына біртіндеп
енгізу
|
Жаттығуларды баяу
қарқында орындау
|
В
|
Қозғалыс-тірек
аппараты аурулары
|
Арқа, іш, қол, аяқ бұлшық
еттеріне жаттығуларды отыру, жату
түрлерінде беру. Жалпы және
күш төзімділігін дамыту
|
Үлкен жүктеме
беруге болмайды.
Жүктеме орташа және
жеңіл болсын
|
Екінші негізгі түрі – дене тәрбиесі сабағы. Дене тәрбиесі сабағы жақын сынып (1-2, 3-4, 5-8, 9-11) оқушыларын біріктіріп, аптасына үш рет, 30-45 минөттан жүргізіледі. Арнайы дәрігерлік топтарында жүргізілетін жылдық оқу мерзімі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең уақыты бірінші тоқсанда, екінші кезең уақыты екінші, үшінші, төртінші тоқсан уақыттарын қамтиды. Бірінші дайындық кезеңінде дене тәрбиесі сабағының уақыты 35 минөтқа созылады. Ол 35 минөт берілетін себебі, дене тәрбиесі мұғалімінің оқушыларға жүктемені байқап, азырақ беруі үшін, ауырған ағзаның берілген жаттығулар санына, ұзақтығына әсерін байқап, бақылауы үшін беріледі. Екінші негізгі кезеңде сабақтың ұзақтығы – 45 минөт. Дене тәрбиесі сабағын өткізер алдында ЖСЖ 80 соғу/минөттан жоғары болуы керек. Сабақ кезінде тұрақты түрде жүрек соғу жиілігін бақылап отыру керек. Тыныс алу жаттығуларына өте үлкен көңіл бөлінеді. Тыныс алу ырғағы, жиілігі бұзылса жүктемені азайту керек болады. Шаршаудың сыртқы белгілері 10-кестеде көрсетілген.
Негізгі қағида - әрбір оқушының ауруын, сырқатының ерекшеліктерін, ауру сипатын білу. Керек кездерде жеке тапсырмалар беру, сабақ кезіндегі жүктемені оқушының дәл сол кездегі денсаулық күйіне байланыстыра беру сияқты әдістемелік қағидаларды арнайы дәрігерлік топтың мұғалімі жақсы білуі керек.
Арнайы дәрігерлік топтағы оқушыларды мектеп мүмкіншілігіне байланысты жиі-жиі дәрігерлік бақылаудан өткізіп отыру керек болады. Дене тәрбиесі мұғалімдерінің денсаулықтары әлсіз оқушылармен жұмыстарының табысты өтіп жатқаны – арнайы дәрігерлік топтағы оқушылар дайындық тобына, дайындық тобындағы оқушылар негізгі топқа өтіп жатқан көлемінен білінеді.
1-кесте. Шаршаудың сыртқы белгілері
Сыртқы
белгілері
|
Шаршау дәрежесі
|
жеңіл
|
орташа
|
үлкен
|
Бет әлпетінің,
денесінің
қызаруы
|
Аздаған қызару
білінеді
|
Қызару белгілері
біршама
|
Тез қызару, бет әлпеті
ағару, ернінің
көгере бастауы
|
Терлеуі
|
Бетінің аз ғана
терлеуі
|
Басының, дененің
терлеуі
|
Өте көп терлеу, тұз пайда
бола бастауы
|
Тыныс алуы
|
Бірқалыпты дем алу
|
Жиі дем алу, кейде
ауыз арқылы
|
Өте жиі дем алу, ентігу
|
Қозғалуы
|
Қозғалысы дұрыс
|
Қозғалысы сенімсіз
|
Шайқалу, қимыл
үйлесімділігінің бұзылуы, аяқтың дірілі
|
Ықыласы
|
Қатесіз орындайды
|
Бұйрықты нақты орындай
алмауы
|
Тапсырмаларды ақырын,
екі-үш айтқанда орындау
|
Көңіл-күйі
|
Шағыну жоқ
|
Жүректің жиі соғуына,
ентігуіне шағынуы
|
Қатты шаршағанына,
аяғы ауырғанына,
басы айналуына, ентігуіне,
құлағы шулауына,
жүрегі айнуына шағынуы
|
№ 10 ДӘРІС.Мектептің бастауыш, орта, жоғары сыныптарындағы дене шынықтыру сабағы, ұйымдастыру түрлері, міндеттері
Жоспар:
1. Бастауыш, орта, жоғары сыныптарда дене тәрбиесі сабағын жүргізу әдістемесі
2. Оқушылардың дене дамуының морфофункционалдық және психологиялық ерекшеліктері
2. Оқушыларымен дене тәрбиесі сабағын жүргізудің әдістемелік ерекшеліктері
№ 10.1.Бастауыш сынып оқушыларының қатарына I-IV сыныпта оқитын 7-11 жастағы оқушылар жатады.
Бастауыш сынып жасындағы оқушылардың дене тәрбиесі міндеттері төмендегідей:
- денсаулықты нығайту, шынықтыру, жан-жақты дене дамуына көмектесу, жалпақ табандылықтың алдын алу, бала ағзасының жағымсыз сыртқы орта әсеріне қарсылық күшін қалыптастыру;
Таза ауада дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысу, ойнау, секіру, лақтыру, шаңғы тебу, жүгіру баланың бұлшық еттерін дамытады, жүрек-қан тамыры жүйесін, тыныс алу жүйесін, сүйек-тірек аппаратын т.б. ағза жүйелерін нығайтады, шынықтырады. Баланың мүсін, тұлға түзулігі қалыптасады. Сондықтан мектептің міндеті – балаларды дене тәрбиесімен жүйелі, белсенді шұғылдандыру;
- дене тәрбиесі жаттығулары, гигиеналық дағдылар, күн тәртібі туралы арнайы білім беру. Ол білімдер: дене тәрбиесі жаттығуларының ағзаға пайдалы әсері, гигиеналық ережелер. Тамақтану, демалу, жұмыс тәртіптері;
- оқушылардың өмірге керек қозғалыс ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, оларды жаңа қозғалыстарға, қимыл-әрекеттерге үйрету. Бағдарламада берілген барлық негізгі спорт түрлерінің жаттығуларын дұрыс орындай білу;
- дене қаситтерін дамыту. Гигиеналық дағдылар, күн тәртібі туралы арнайы білім беру. Ол білімдер: дене тәрбиесі жаттығуларының ағзаға пайдалы әсері, гигиеналық ережелер. Тамақтану, демалу, жұмыс тәртіптері;
- бастауыш сыныптарда қимыл үйлесімділігі, ептілік, икемділік қасиеттерін дамыту;
- жігерлікке, батылдыққа, қажырлылыққа, тәртіптілікке, еңбек сүйгіштікке, көпшілдікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу. Дене тәрбиесі жаттығулары, әр түрлі қозғалмалы ойындар осы қасиеттерді дамытады;
- қозғалыс кездерінде және қозғалмайтын статикалық жаттығулар кезінде мүсін түзулігін, тұлғаны қалыптастыру. Ол үшін отырғанда, тұрғанда, жүргенде, жаттығулар жасағанда тұлғаны түзететін арнайы жаттығулар беріп отыруымыз керек;
- оқушыларды бастауыш сыныптардан бастап Президенттік сынама сынақтары жаттығуларын меңгеруге, орындауға дайындай бастағанымыз жөн;
- оқушылардың дене тәрбиесі мен спортқа деген ынтасын, қызығушылығын оятып, оларды спортпен тұрақты, жүйелі шұғылдануға дағдыландыру керек.
Мектептің міндеті – оқушыларды дене тәрбиесі жаттығуларымен мектепте ғана емес, үйде де тұрақты айналысуға әдеттендіру. Ол әдет оқушылардың күн тәртібінде әбден қалыптасуы қажет. Осы кезден бастап дене тәрбиесі жаттығуларын орындау олардын өмір бойғы әдеттеріне айналуы керек. Ол үшін дене тәрбиесі сабақтары қызықты, әсерлі көңілді өтуі тиіс;
- оқушыларды ұйымдастыру, басқара білу дағдыларына дағдыландыру. Оқушылардың ішінен дене тәрбиесі белсенділерін дайындау
Достарыңызбен бөлісу: |