1.Орта мектепте химияны оқытудың мақсаттары. 2.Оқушыларға химиялық орта білім берудің міндеттері. 3.Оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастырудың міндеттері. 4.Химияны оқыту барысында оқушылардың ақыл ойын дамыту.
1. Жеке оқу пәндерінің мақсаты мектептің алдына қойған қоғамның әлеуметтік талабы бойынша анықталады.Халыққа білім беру ісін қайта құру көзқарастарының тұрғысынан қарағанда, жалпы білім беретін орта мектеп үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі буыны болып табылады.Оның алдына әржақты жетілген, өз ісіне сенімі күшті, қоғамдағы түбірлі өзгерістерді жүзеге асыруға қабілетті кісіні тәрбиелеу мақсаты қойылып отыр.Бұл мақсатқа жету үшін мектеп жасөспірімдерді табиғат, қоғам, адам және оның еңбегі туралы білім жүйесімен қаруландырады, ақыл ой, адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесін береді, ғылыми және ізгілік көзқарастарының, қабілеттерінің бпрынша дамуына қажетті жағдайлар жасайды.Мектеп жасөспірімнің бойына азаматтық борыш, елі мен жерінің тағдыры үшін жауапкершілік қасиеттерді сіңіреді, шығармашылықпен еңбек етуге өзін өзі басқаруға әзірлейді. Химия пәнінің мақсаттары әр кластың химия курсында, олардың жеке тақырыптарында, тақырыптар бойынша өткізілетін сабақтарда нақтыланады.
2.Оқушыларға химиялық орта білім берудің міндеттері. Оқытудың мақсаты дегеніміз−жорамал нәтижесі, ол оқытудың міндеттері арқылы жүзеге асады.Химияның негізі үш салалы білімнен тұрады:заттар туралы білім, химиялық теориялар мен заңдар туралы білім, химиялық өндіріс туралы білім. Химиядан орта білім берудің бірінші міндеті−жаратылыстану ғылымдарының арасындағы химияның алатын орнын көрсету. Әр түрлі күрделену сатысындағы заттарды, олардан түзілетін табиғи және жасанды денелерді жаратылыстану ғылымы зерттейді.
Химиядан орта білім берудің екінші міндеті−пәнаралық байланысты жүзеге асыру.
Химиялық орта білім берудің үшінші міндеті−табиғаттың тұтастығы, онда жүзеге асатын құбылыстардың бір−бірімен байланыстылығы, шарттылығы жөнінде ғылыми көзқарас қалыптастыру.
Химиядан орта білім берудің төртінші міндеті−орта мектептегі химияның негізіне кіретін заттар туралы оқу материалын іріктеу.Заттар туралы білім ұғымдардан тұрады, олардың негізгілері−химиялық әлемент, химиялық реакция, химиялық өндіріс.
Химиядан орта білім берудің бесінші міндеті− химия курсын құрайтын ұғымдар жүйесін, әр жүйеге кіретін жеке ұғымдарды анықтау, олардың оқылу ретін белгілеу.
Химиядан орта білім берудің алтыншы міндеті−орта мектепте оқылатын теориялардың мазмұнын, деңгейін және орнын негіздеу.
Химиядан орта білім берудің жетінші міндеті−орта мектептегі химия ғылымының негізіне кіретін өндірістік материалды анықтауарқылы оқушылардың политехникалық әзірлігін арттыру.
Химиядан орта білім берудің сегізінші міндеті−табиғатты аялай білуге баулу, химияны және химия өнеркәсібін өркендетуге байланысты ауаның, судың және топырақтың ластануые болдырмау, минералды тыңайтқыштарды қорғайтын заттарды пайдаланудың тиімді және тиімсіз жақтарын білу, соңғы кезге дейін химияны кілең мадақтайтын сыңаржақтылықты қойып, оның табиғатқа, организмдерге және адамның денсаулығына тигізетін әсері жөнінде екі жақты ақиқат пікір тудыру.
Химиядан орта білім берудің тоғызыншы міндеті− оқушылардың таным әрекетін жандандыру, білім мен білік алудағы белсенділігін арттыру.
Химиядан орта білім берудің оныншы міндеті− оқушыларға химияның ғылыми тілін жетік меңгерту;химиялық әдебиетттермен жұмыс істей білудің біліктері мен дағдыларын қалыптастыру;сөйлей білуге,өз ойын анық, дәл, жүйелі және дәлелді жеткізе білуге үйрету;химияның өзіне ғана тән тілдік құралдарын, химиялық символиканы, номенклатурасын және терминологиясын жетік білдіру;олардың мағынасы мен құрылысын нақтылы түсініп, қолдана білуге үйрету.
3. Жаратылыстану пәндерінің бірі ретінде химияның міндеті оқушыларда қоғам, табиғат және олардағы адамның орны туралы ғылыми көзқарас қалыптастыру екені айтылды.
Ғылыми көзқарас жеке пәндерден алған білімнің қорытылуынан туады.Дүниеге көзқарас тудыратын білімді қорытындылаудың үш деңгейі бар:философиялық деңгей, жаратылыстану ғылымының деңгейі және жеке ғылымдық деңгей.Осы деңгейлерге сәйкес дүниенің философиялық, жалпы ғылымдық және жеке ғылымдық (химиялық, физикалық,т.б.) бейнелері қалыптасады.
Химия материяның нақтылы бір түрі− заттарды және материя қозғалысының химиялық формасы− заттардың сапалық өзгерістерін зерттейтін ғылым.Химияны үйренгенде заттар мен құбылыстар туралы білімді жалпылап қорыту арқылы оқушыларда табиғаттың химиялық бейнесі қалыптасады.Химиядан алынған нақтылы білімді басқа жаратылыстану ғылымдарынан берілген біліммен ұштастыру нәтижесінде табиғаттың жалпы ғылыми бейнесі пайда болады.Дәлірек айтқанда, табиғаттың химиялық бейнесі дегеніміз− химиялық жалпы білімнің қоғамдық пәндерден алған біліммен бірігуі, біртұтас ой−пікірге, сенімге айналуы.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне, өтілетін материалдың мазмұны мен теориялық деңгейіне, пәнаралық байланыстың күрделенуіне қарай дүниетанымның қалыптасуы бірнеше кезеңде жүзеге асады.
Бірінші кезеңде, бейорганикалық химия курсын өткенде, заттармен және химиялық реакциялармен байланысты жеке көзқарастар химиялық ұғымдар деңгейінде, химиялық терминдер арқылы қалыптасады.Заттардың қасиеттері сезім мүшелері арқылы білінеді және құрамы мен құрылысына тәуелді болады.Заттар үздіксіз өзгеріске ұшырайды, бірақ ізсіз жойылмайды, бір заттар екінші заттарға айналады.Бұл айналулар кезінде затты құрайтын бөлшектер молекулалар бұзылады, ал атомдар сақталады.
Д.И.Менделеев ашқан периодтық заң мен периодтық жүйені қарастырғанда химиялық элементтердің барлық көрсеткіштері жүйедегі орнымен сипатталатыны, бір−біріне айналатыны және жойылмайтыны туралы түсінік қалыптасады.Периодтылық табиғаттың ақиқат заңдарының бірі екеніне, оның ашылмаған элементтерді алдын ала болжауға мүмкіндік бергеніне және олардың расталғанына оқушылардың көзі жетеді.Бұдан соң химиялық элементтердің топтарын, топшаларын, жеке элементтерді және олардың қосылыстарын өткенде өтілген заңдар мен теорияларды басшылыққа алып, заттардың қасиеттерін, реакция нәтижелерін болжай білуге үйренеді.
Екінші кезең органикалық химияны өтуге байланысты.Бұл кезеңде оқушылар заттардың сан алуандылығы олардың электрондық және кеңістіктегі құрылысына тәуелді екені, органикалық заттардың түзілуі, реакциялары, қасиеттері жалпы заңдылықтарға бағынатыны, ешқандай «тіршілік күшінің» жоқ екені жөнінде түсінік алады.
Үшінші кезең орта мектеп үшін жаңа қорытынды курс –жалпы химияны өткенде жүзеге асады.Жалпы химия курсында заттардың құрылысы, химиялық реакциялар, металдар және бейметалдар туралы оқушылардың білімі тереңдетіліп, бір жүйеге түсіріледі, қорытылып, жалпыланады.
Төртінші кезеңде бейорганикалық химиядан, органикалық химиядан және жалпы химиядан алған білімді қорытындылағанда әрбір химиялық ұғым диалектикалық ұғым ретінде қарастырылады.
4. Білім және тәрбие берумен бірге химияны оқытудың бір аса міндеті –оқушылардың ақыл−ойын дамыту.Педагогикалық теориялардың тұрғысынан қарағанда дамыту оқыту деңгейінің және қарқынының көтеріңкі болуына, соларға сәйкес оқушылардың таным әрекетінің белсенділігіне тәуелді болады.Мұның мәнісі− оқушылардың білім алудағы «ең таяу биігі» көрініп тұруы, оған жету жолында бойына біткен қабілеті мен күш−жігерін аямай, еңбек істеуі тиіс деген сөз.
Психологиялық жағынан алғанда дамыту білімді игеру мен жаңғырту, таныс және жаңа жағдайда қолдана білу, логикалық ойлануды қалыптастыру болып табылады. Оқушылардың ақыл−ойы білім мен білікті білікті игеру барысында дамиды.Жеке кластар бойынша теориялық және деректі материалдардан, химиялық тілден, химиялық эксперимент жасаудан, сан есептерін шығарудан қалыптасатын білім мен біліктердің тізбегі мемлекеттік бағдарламада көрсетілген.
Оқушылардың ой−өрісі алған білімнің мазмұны мен ауқымына, іске жарата білуінен айқын көрінеді.Мұның үш деңгейі бар.Бірінші деңгейі− алған білімді еске түсіріп жаңғырту.Бұл білімді мұқият қабылдап, жадында ұстай білуінен аңғарылады.Екінші деңгейі−алған білімді оның қалыптасуына ұқсас жағдайда қолдана білу.Мұнда білімді қайта жаңғырта отырып, тасымалдау және іске жарату жүзеге асады.Үшінші деңгейі− алған білімді бұрын кездеспеген жаңа жағдайда қолдана білу.Бұл жаңа жағдайды бұрынғымен жақындастыратын, байланыстарды ашатын, ойлау тәсілдерін жүзеге асыруды қажет етеді.
Білімді алу мен қолдану процесінде жүзеге асатын ойлау тәсілдері:салыстыру, анализ және синьез, жіктеу және жүйеге түсіру, себеп−салдар байланысын ашу, қорыту және жалпылау.Бұлар бір−бірімен ұштасып, жүзеге асырылғанда ақыл−ой әрекетінің негізгі тәсілдері деп аталады.Мәселен, нәрселер мен құбылыстарды салыстырудан қорытынды жасалады.Жалпылау кезінде елеулі белгілері таңдалып, жүйеге түсіріледі, қорытынды жасалып, мысалдармен нақтыланады.Қорытындылауда себеп− салдар байланысы, жіктелуі, жеке бөліктерінің арасындағы өзара байланысы ашылады. Оқушылардың ақыл−ой әрекетін қалыптастыру химияның алғашқы сабақтарынан басталып, біртіндеп дамытылады.Ол үшін әр тақырыпқа лайық сұрақтар, жаттығулар мен тапсыпмалар әзірленеді.Бұл орйда білімді жүйеге келтіру және қорытындылау сабақтарының маңызы зор.Бұл сабақтарда ақыл−ой әрекетінің айтылған тәсілдерін қолдану арқылы оқушылар мптериалды жаңа қырынан көруге үйренеді, жеке бөліктерінің арасындағы өзара байланысын тауып, алған білімді қолдана білуге дағдыланады.
Бақылау сұрақтары
1.Педагогикадан алған білімдеріңе сүйеніп, орта мектептегі оқу пәндерінің атқаратын қызметін айтып беріңдер.
2.Химиядан орта білімнің жеке бөліктерін сипаттандар.
3.Ғылыми көзқарас қалыптастыруды қалай түсінесің, оның деңгейлері туралы білетініңді еске түсір.
4.Диалектикалық материализмнің заңдары мен категорияларының жалпы сипаты болатынын дәлелдейтін химиялық мысалдарды келтір.
5.Химияны оқыту барысында тәрбие беру мәселелерін қалай түсінесің.
6.Химияны оқыту барысында оқушылардың дамуы қалай жүзеге асады.
2. Дәріс. Орта мектептегі химия курсының мазмұны мен құрылысы.
1.Химия курсының мазмұнын таңдауға және оқытуға қойылатын дидактикалық талаптар. 2.Орта мектептегі химия курсының мазмұнын сұрыптау негіздері. 3.Ұғымдарды дамыту негіздері. 4.Химиядан алған орта білім мазмұнының келешегі туралы.
1. Химия курсының мазмұны химия ғылымының қолы жеткен табыстарын дидактикалық талдау арқылы мына негіздерге сай анықталады және оқытылады: ғылымилығы, жүйелілігі, түсініктілігі, саналылығы мен белсенділігі, көрнекілігі, теорияның сарамандылыққа байланыстылығы.
Ғылымилығы.Орта мектептегі химияның негізіне ғылымда толық шешімін тапқан деректер мен көзқарастар кіреді.Олар ғылымдағы мәліметтерге толық сәйкес келіп, заттар мен құбылыстар туралы ақиқатты бұрмаламай жеткізуі тиіс.Ол үшін жетекші теориялардың орны дұрыс анықталып, жеткілікті деректі материалдың негізінде енгізілуі керек.
Жүйелілігі.Оқу материалы ғылымның логикасына сәйкес бірінен бірі туындайтын ретпен орналастырылады.Жаңа материал өтілгенде ескеріп беріледі де, өзі соңындағыларға негіз болады.Жүйелік негізі, әсіресе, химияның негізгі ұғымдарын қалыптастырғанда ескеріледі.Ол үшін деректі материалдарды заттар және химиялық реакциялар туралы ұғымдар жүйесіне біріктіреді.
Түсініктілігі.Бұл ғылыми негізге− кереғар, жүйелілікке тура қатысты болады.Оқу материалының түсінікті болуы көлеміне және ғылыми деңгейіне байланысты, сондықтан кейбір ғылыми ақпарды оңайлатып беруге тура келеді.Оңайлатудың дәрежесін тым төмендетіп жіберсе, бұрмалаушылыққа әкеліп соғады.
Саналылық және белсенділік негізі – оқыту барысында мұғалім мен оқушы еңбегінің ара салмағын оқушылар жағына ауыстырып, олардың пәнге қызығуын және білім алудағы белсенділігін арттыру.Ол үшін білімнің қажеттігі мен пайдасына оқушылардың көздерін жеткізіп, өздігінен жұмыс істей білуге үйрету керек.
Көрнекілік принципі –дидактиканың ертеден қалыптасқан түпкілікті негіздерінің бірі, химияны оқытуда маңызды орын алады.Оқушылар білімді заттар мен химиялық әрекеттерді тікелей қабылдау арқылы алуы тиіс.Бұл мүмкін болмаған жағдайда атом мен молекула құрылысының, өндірістік қондырғылардың модельдерін, суретерін, сызбанұсқаларын пайдаланады.Осының бәрінде оқушылар жан –жақты бақылау жасауға, әр көрнекіліктен барынша мол ақпар алуға, бақылау нәтижелерін қорытындылап, түсіндіре білуге үйренуі керек.
Теорияның сарамандыққа байланыстылығы.Бұл− оқушылардың ғылым негіздерінен алған білімін өмірмен, қоғамдық құрылыс сарамандығымен ұштастыру арқылы жүзеге асады, политехникалық білім беру мәселелерін қамтиды. Сөз болып отырған принципті жүзеге асыру үшін оқушылар химиядан .алған теориялық білімін сарамандық таным есептерін шығаруға қолдана дыбілуі тиіс.Бұл есептер өмірде, табиғатта, зертханаларда және өндірісте жиі кездесетін құбылыстарға негізделіп құрастырылады.
2.Орта мектептегі химия курсының мазмұнын сұрыптау негіздері. Химияны оқыту методикасының негіздерінде оқу материалының көлемін және қиындығын реттеудің мынадай жалпы педагогикалық талаптары келтірілген:мазмұнның тұтастығы, ғылыми дәлдігі және құндылығы, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келуі, оқу жоспарындағы сағат санының ескерілуі, көпшілік мектептің жағдайына сәйкестігі, халықаралық стандартпен үйлесімділігі.
Оқу материалының қазіргі ғылым деңгейіне сәйкес келуі.Қазіргі ғылыми−техникалық революция дәуірінде жеке ғылым салалары қарыштап дамыды.Қайсыбір топшылауларға қарағанда, әр 7−10 жылда ғылыми ақпараттың көлемі екі есе өскен екен.Мұның өзі оқу пәндерінің мазмұнын дүркін−дүркін қайта қарап, жаңалықтармен толықтырып отыруды қажет етеді.
Химия курсының мазмұнын таңдағанда және толықтырғанда білімнің жүйелі түрде орналасуы ескеріледі.Оқу материалының ішінен ең іргелі білім мен біліктерді іріктеп, жетекші идеяның төңірегіне топтастырады, олардың ішкі мәнін жалпы заңдылықтарды қамтитын теориялардың тұрғысынан түсіндіреді.
3.Ұғымдарды дамыту негіздері. Химия ғылымының даму барысында теориялық деңгейінің көтерілуіне байланысты негізгі ұғымдарының мағынасы кеңейіп, тереңдейді.Мектеп курсында әр ұғымның ғылым тарихындағы қалыптасу жолын айнытпай қайталау міндет емес.Дегенмен, оқушылардың әзірлігін, жас ерекшелігін ескеріп, ұғымның мағынасын біртіндеп ашып, дамытуға тура келеді.
Қиыншылықты бөлу негізі.Бұл негіз химия курсының мазмұнын анықтауда әр қилы шешім тапты.Мұндағы негізгі мәселе оқушылардың таным әрекетінің мүмкіндігін ескеріп, деректі материалдардың,теориялардың және химиялық ұғымдардың орнын тиімді анықтау.Оқушылар тікелей бақылауға негізделмеген теориялық материалдарды игеруге қиналады.Сондықтан оларды бір жерге топтастырмай, қиыншылықты бөлу негізіне сәйкес кластарға бөліп орналастырады.Деректі материалдар теорияның алдынан және соңынан қарастырылады да, бірінші жағдайда теорияны түсіндіру, екінші жағдайда бекіту, нақтылау және дамыту мақсатын көздейді.
Қиыншылықты бөле білу негізі ұғымдар дамытуға тығыз байланысты.Негізгі химиялық ұғымдар теориялық деңгейіне қарай курстың әр жерінде өтіліп дамытылады.Мәселен, валенттілік ұғымының жетінші класта эмпирикалық түсінігі, сегізінші класта электрондық түсінігі беріліп келді.Эмпирикалық ұғымның өзі, алдымен қосылу, соңынан орын басу реакциялары арқылы әр тақырыптарға бөлініп беріледі.
Политехнизм негізі.Бұл негізді жүзеге асыру үшін химия курсының мазмұнына енгізілетін материалдар:1) алдыңғы қатардағы химия өндірістерінің және негізіне химиялық әрекеттер жататын кейбір өндіріс орындарының шикізаттары, өнімдері, технологиялық барысы, қажет болған жағдайда қондырғылары мен аппараттары; 2) өндірістің жалпы және химияға тән ғылыми негіздері; 3) халық шаруашылығын химияландырудың негізгі бағыттары, басқа өндірістермен байланысы, ауыр индустриядағы алатын орны; 4) химия өнеркәсібінің дамуы, қазіргі жайы, өркендеу перспективалары;5) химия өндірістерінің экологиялық мәселелерін шешудегі мәні; 6) кәсіптік бағдар беретін материалдар;
Тарихи негіз.Бұл негізді жүзеге асыру дегеніміз− химия ғылымын дамыту бағытында көрсету, оның өткені, бүгінгісі және болашағы туралы оқушыларда пікір қалыптастыру.Тарихи негіз екі бағытта жүзеге асады.Біріншісі орта мектептегі химия курсының мазмұны мен құрылысын анықтағанда ғылымның тарихи даму логикасын ескеру, екіншісі− химиялық элементтердің, заттардың , химия ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың өмірі мен еңбектерінен мәліметтер беру.
Жалпы білім беретін орта мектептің алдына қойылған міндеттердің өзгеруіне сәйкес химия пәнінің мазмұны үздіксіз қайта қаралып, жаңарып отырды.
1920 жылы химияның шамамен екі бағдарламасының жобасы жарияланды.Шамамен алынған дейтініміз бұл бағдарламаларда әр класта өтілетін тақырыптардың тізбесі ғана берілді, мазмұны ашылмады, оны жергілікті жағдайға байланысты мұғалімнің өзі анықтау керек болды.Екі жоба химияны оқытудың өмірмен, қоғамдық сарамандыққа байланысын өздігімен істейтін сарамандық жұмыстар арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру негізіне сай құрылды.
1923 жылы қабылданған жинақты бағдарламада химияның жаңадан қалыптаса бастаған жүйелі курсы жойылып кетті.Оның орнына барлық пәндерді біріктіретін «табиғат», «еңбек», «қоғам» деген құрама тақырыптар енгізілді.Соларға сәйкес өндіріс және өндірістік әрекеттер оқылып, химиялық білім әр кластың соңында қарастырылды.Жүйелі білімі болмағандықтан, оқушылар өндірістік әрекеттерді жөңдеп түсінбеді, білімнің сапасы да төмендеп кетті.
Оқу пәндерінің бағдарламаларын жасауда орын алған бұрмалаушылықтарды түзетуде ВКП(б) Орталық Комитетінің 1932 жылғы тамыздағы «Бастауыш және орта мектептердегі оқу программалары және режимі» туралы қаулысының маңызы зор болды.Бұл қаулыда жалпы білім беретін пәндердің жүйелі бағдарламаларын жасау, пәнаралық жылдың соңында В.Н.Верховский басқарған комиссия химияның тұрақты бағдарламасын ұсынды.
4.Химиядан алған орта білім мазмұнының келешегі туралы.
Соңғы кезде жалпы білім беретін орта мектептің жұмысына жан –жақты талдаулар жасалып, оны қайта құрудың тұжырымдамалары ұсынылды.Оларда мемлекет, мектеп және оқушының өзара қарым –қатынасындағы мына үйлеспеушіліктер: мектептің біркелкілігі мен оқушылардың білімге ұмтылуының сан алуандылығы, оқыту мазмұнының бірдейлігі мен жүзеге асудағы алуан түрлілігі, жобаланған нәтиже мен іс жүзіндегі нәтиженің алшақтығы атап көрсетілді.Бұларды болдырмау үшін мектепке ізгілік сипат беру және демократияландыру, оқыту мазмұнын түрлендіру және оны таңдаудағы мұғалім мен оқушының дербестігін арттыру жолдары белгіленді.
Бірінші тұжырымдаманың авторлары осы кезге дейінгі химия пәнінің мазмұны деректер − қорытынды−теория сызбанұсқасына сәйкес логикамен баяндалғанын дәлелдеп, одан бас тартуды жөн көрді.Оның орнына бақылау –теория –қорытынды –жинақтап қорыту сызбанұсқасын ұсынды.Енгізілетін ұғымдар постулат ретінде дайын беріледі.Оның мазмұны қорытып шығарылатын ұғымдар арқылы толық ашылады.
Екінші тұжырымдаманың авторлары қазіргі қолданылып жүрген химия бағдармаласында деректі материалдың көптігін, өмірден алыстығын, мазмұны мен баяндалу ретінің осалдығын атап көрсетеді.Олар орта мектепте химияның барлық оқушылар үшін міндетті базалық курсы және тереңдетілген курсы болу керек деп есептейді, негізгі курстың бағдарламасын ұсынады.
Үшінші тұжырымдамада химиялық орта білімді үш курсқа жіктейді: 1. 5 −7 кластарда кіріспе білім беретін біріктірілген− жаратылыстану курсы.2. 5−9 кластарда жүйелі білім беретін негізгі курс. 3. 10−11 кластарда салалық және арнайы курстар.
Химияның негізгі жүйелі курсы деңгейінде білім алуға барлық оқушылар міндетті.Бұл курс бір бағытты немесе қайталанбалы болып құрылуы мүмкін.Бір бағытты курста 8−9 кластарда бейорганикалық, 10−11 кластарда органикалық химия оқылады, соңғы кластағы қазіргі жалпы химияның орнына білімді қорытып жинақтау жүзеге асырылады.Химияның жүйелі курсының теориялық мазмұны электрондық теорияның элементі кіретін атом мен молекулалар, химиялық элементтердің периодтық жүйесі туралы жалпы ұғымдардан тұрады.Периодтық жүйенің заңдылықтарына сүйеніп, ең маңызды металдар және бейметалдар, олардың қосылыстарының қасиеттері қарастырылады.
10−11 кластарда оқушылар қабілетіне қарай өз қалауы бойынша гуманитарлық салаға, жаратылыс ғылымдарының саласына, химияны терең үйренетін және т.б. салаларға бөлініп оқиды.
Гуманитарлық саланы қалаған оқушылар үшін химиялық білім негізгі жүйелік курс деңгейінде қалады.Жаратылыс ғылымдарын таңдағандарға химия одан гөрі көтеріңкі деңгейдің үстіне қосымша курстар өтіледі.Қосымша курстар есебінде физикалық химия, химиялық технология, агрохимия, аналитикалық химия, және т.б. химияның маңызды салалары оқылады.Талданған тұжырымдамалардың тиімділігін көпшілік талқысы және мектептерде өткізілетін байқаулар анықтап береді.
Бақылау сұрақтары.
Орта мектептегі химияның тұрақты бағдарламасын сипаттап, оны ең соңғы бағдарламамен салыстыру арқылы ұқсастығы мен айырмашылығын анықтаңдар.
Химия бағдарламасын жетілдіруге қандай жағдайлар әсерін тигізеді?
Химияның соңғы бағдарламаларын бағдарлама−методикалық құжат деп атайтыны неліктен?
Орта мектептегі химия курсы мазмұнының келешегі қандай?
3.Дәріс. Химияны оқыту әдістері.
1.Оқыту әдістері туралы түсінік. 2.Оқытуәдістерінің жіктелуі. 3.Түсіндірме− сурет бойынша түсіндіру әдісі. 4. Сөз – көрнекі әдістер тобы. 5.Сөз−көрнекі−сарамандық әдіс 6.Іздестіру және зерттеудің жалпы әдістері.
1.Химияны оқыту әрекетінің мақсаты және мазмұнымен таныстық.Оқыту әдістері дегеніміз− белгіленген оқу мақсатына жету үшін мұғалімнің іс−әрекеті мен оқушы іс−әрекетінің үйлесу түрлері, тәсілі.
Оқытудың мақсаттары мен құралдары тұрғысынан алғанда оқыту әдістері « мұғалімнің оқушыларды білім және білікпен қаруландыратын, адамгершілік көзқарас қалыптастыратын құралдары мен тәсілдерінің жиынтығы».
Оқытудың мақсаты мазмұнын игеру арқылы жүзеге асады: Оқытудың әдістері, құралдары, іс−әрекеті осы мазмұнды меңгеруге бағытталған.Бұл тұрғыдан қарастырғанда «химияны оқыту әдістері химия ғылымының махмұнымен анықталады, өйткені әдіс дегеніміз− мазмұнның ішкі қозғалысы».
2.Оқыту әдістерінің жіктелуі.
Оқыту әрекетінің бір бөлігі болғанымен, оқыту әдістерінің өздері күрделі жүйе құрайды.Олар жалпы әдістер, әдістер тобы және жеке әдістер болып үшке жіктеледі.Әдістер тобы одан әрі жеке әдістерег жіктеледі.
Түсіндірме−сурет бойынша түсіндіру−жалпы әдістің сөз әдістері тобына мына жеке әдістер жатады:а) баяндау (дәріс,әңгіме); ә) әңгімелесу;б) текспен өздігінен жұмыс; «Сөз әдістері» −тарихи қалыптасқан термин, оны «ғылыми тілге негізделген әдістер» десе жөн болар еді, өйткені білім жеке сөзбен емес тұтасынан алынған тіл арқылы беріледі.
Сөз− көрнекі әдістер тобына жататын жеке әдістер:а) көрнекі құралдарды көрнекі көрсете отырып баяндау; ә) көрнекі құралдарды көрнекі көосете отырып әңгімелесу; б) текст және көрнекі құралдармен өздігінен жұмыс;
Сөз− көрнекі−сарамандық әдістер тобына:
А) оқушылардың үлестіріліп берілген материалдармен жұмысы;
Ә) химиялық тәжірибелер орындау;
Б) құралдар құрастыру, модельдер жасау;
В) жазбаша және графикалық жұмыстар орындау жатады;
Химия ғылымының зерттеу әдістерін химияны оқытуға қолданғанда оқыту әдістерін бақылау, химиялық эксперимент, модельдеу, суреттеу, теориялық түсіндіру, теориялық болжаулар әдістері деп жіктейді.
3.Түсіндірме− сурет бойынша түсіндіру әдісі.
Бұл – ертеден қолданылып келе жатқан, кең таралған әдіс.Мұның мәнісі: мқғалім білімді дайын күйінде береді, оқушылар оны қабылдап, қайта жаңғыртып, ұқсас жағдайда қолданады.Бұл әдіс деректі және теориялық материалдарды баяндау үшін, құралдарды және өндірістік қондырғыларды ссипаттау, құбылыстардың мәнін түсіндіру үшін барлық кластарда қолданылады.
Түсіндірме−иллюстративті жалпы әдістің сөз әдістері тобын толығырақ қарастырамыз.
Ауызша баяндау.Методикалық әдебиеттерде ауызша баяндауды шартты түрде монологтық (әңгіме, дәріс), диалогтық (әңгімелесу), аралас (әңгімелесу элементі бар әңгіме не дәріс) деп үшке жіктеледі.
Әңгіме. 10−25 минутқа созылатын қысқа мерзімді баяндау.Оқу материалының мазмұнына қарай суреттеу, түсіндіру немесе мәселе тұрғысынан сипатты болуы мүмкін.Оның құрылымы үш бөліктен тұрады: кіріспе, баяндау және қорытынды.
Кіріспе бөлімге кіретіндер: мәселе қою, баяндаудың мақсатын және маңызын түсіндіру арқылы оқушылардың ынтасын және ықыласын тудыру.
Баяндау бөлімі: жоспарға сәйкес ретімен баяндау.
Қорытынды бөлімде баяндалған материал қорытылады және жүйеге келтіріледі.
Дәріс. Әңгімеден айырмасы ұзақ мерзімді (30−40 минут) баяндауға жатады, жоғарғы кластарда жиі қолданылады.Орта мектеп реформасында, жаңашыл мұғалімдер іс−тәжірибесінде, кейінгі методикалық әдебиеттерде дәріске көбірек көңіл бөлінеді, оның тиімділігі нақтылы дәлелденген.
Әңгімелесу. Диалогтық баяндауға жатады.Әдістің мәні – мұғалім сұрақтар қояды да, оқушылар жауап қайтарады, сондықтан кейде сұрақ− жауап әдісі деп те аталады.Баяндалғалы отырған материалдың кейбір мәселелері оқушыларға бұрынғы кластардан, басқа пәндерден, өмірден және т.б. таныс болғанда қолданылады.Мұғалім мен оқушы іс− әрекетінің сипаты және мақсатына қарай бұл әдіс хабарлама, эвристикалық және бақылау, қорытынды әңгімелесу әдістері деп жіктеледі.Әңгімелесу мұғалімнің шеберлігін және сезімталдығын қажет ететін күрделі әдіс.
Оқулықпен және басқа кітаптармен жұмыс. Қазіргі педагогиканың және мектеп реформасының негізгі талабы− оқушыларды оқи білуге үйрету, оларда оқу еңбегінің жалпы және әр пән үшін арнайы біліктері мен дағдыларын қалыптастыру.Осындай оқу біліктерінің ішіндегі ең маңыздысы – кітаппен жұмыс істей білу.Оқулықпен жұмыс істеу әдісі жаңа материалды игеру, алынған білімді бекіту, қолдану және тексеру үшін пайдаланылады.
4. Сөз – көрнекі әдістер тобы.
Көрнекі құралдарды көрнекі көрсету арқылы баяндау. Химияны оқыту барысында алуан түрлі көрнекі құралдар пайдаланылады, олар 5 топқа жіктеледі:1) заттар мен әрекеттер (заттар, құралдар, құбылыстар); 2) көлемді көрнекі құралдар (макеттер, нақпішіндер); 3) бейнелеу көрнекі құралдары (суреттер, картинкалар, плакаттар, диапозитивтер, фильмдер); 4) графикалық көрнекі құралдар (сызбанұсқалар, диаграммалар); 5) символикалық көрнекі құралдар;
Білімнің көзі осы көрнекі құралдар болып табылатын әдістер –көрнекі әдістер, ал сөзбен түсіндірілетіндері –сөз әдістері деп аталады.
5.Сөз−көрнекі−сарамандық әдіс.
Бұл әдістің мәні−оқушылардың сарамандық іс –әрекетін тиімді ұйыдастыру.Бұған жататындар: оқушылардың эксперименті, (зертханалық жұмыстар, сарамандық тәжірибелер), химиялық есептер шығару және жаттығулар орындау, кітаппен жұмыс, графикалық жұмыстарды орындау.Мұның бәрі оқушылардың өздігінен жұмыс істейтін жұмыстары, оны жаппай, топпен және жеке түрде ұйымдастыруға болады.
Оқушылардың эксперименті –заииар мен химиялық реакцияларды таңып білудің негізгі құралы.Ол арқылы оқушылар заттардың құрылысы мен қасиеттерінің арасындағы тәуелділікті, заттардың генетикалық байланысын, химиялық құбылыстардың мәнісін түсінеді,сарамандық біліктер мен дағдылар алады.
Зертханалық жұмыстардың мақсаты – жаңа білім алу, өтілетін оқу материалын саналы түрде игеру, сондықтан олар жаңа материалды оқып −үйрену сабақтарында жасалады.
Химияның сарамандық жұмыстары оқушылардың білімін нығайтумен бірге эксперименттік біліктер мен дағдылар қалыптастырады.
6.Іздестіру және зерттеудің жалпы әдістері.
Іздестіру әдістері мәселе қою, жорамал ұсыну, оны текскру және қорытынды жасаудағы оқушылардың белсенділігінің артуымен сипатталады.Оған мәселені баяндау, эвристикалық әңгімелесу, көрнекі құралдарды зерттеу әдісімен көрнекі көрсету, оқушылардың өздігінен істейтін тәжірибн жұмыстары, кітаппен жұмыс, т.б. жатады.
Зерттеу әдісінде қойылған мәселені шешкенде оқушылардың дәйектілігі арта түседі.Үлестіріліп берілетін материалдармен жұмысты, химиялық тәжірибелерді өздігінен орындайды, құралдар қарастырады, модельдер жасайды, графикалық жұмыстар және т.б. орындайды.Оқушылар әр зерттеудің жоспарын жасап, соған сәйкес іс –әрекеттерді жүзеге асырады.Кейде мәселені өзі қойып, қалай шешудің гипотезасын ұсынады, оны тексерудің жолдарын анықтайды.Ол үшін ғылыми, оқу және анықтама әдебиеттермен байсалды жұмыс істейді.
Бақылау сұрақтары
Оқыту барысында сызбанұсқаға сүйеніп, химияны оқыту әдістерінің мәнің түсіндіріңдер.
Химияны оқыту әдістерінің жіктелуін кесте арқылы (жалпы әдіс, әдістер тобы, жеке әдістер) жазыңдар.
Баяндау әдістерінің салыстырмалы сипаттамасын келтіріңдер.
Сөз−көрнекі әдістермен оқыту құралдарының байланысы қандай?Көрнекі көрсетулерге қойылатын талаптардың сызбанұсқасын сызып, сипаттап беріңдер.
Оқушылар экспериментінің түрлерін салыстырып сипаттаңдар.
Эвристикалық әдістердің ерекшелігі неде?
Зерттеу әдістерінің мәнін түсіндіріңдер.
Достарыңызбен бөлісу: |