1 дәріс. Химияны оқытудың мақсаттары мен міндеттері



бет2/6
Дата18.02.2017
өлшемі1,17 Mb.
#10351
1   2   3   4   5   6

4.Дәріс. Химияның тілі− оқыту құралы.

1. Химия тілі және оның маңызы.

Методикалық әдебиеттерде оқыту құралдарына табиғи объектілер және олардың алуан түрлі бейнелері, оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар мен оқу құралдары, мұғалімге арналған методикалық әдебиеттер жатқызылады.Осылардың соңғылары химияның тілімен жазылады да, алғашқылары тіл арқылы білім көзіне айналды.

Білім− сананың қызметі, ол бақыланатын, зерттелетін объектіге айналу үшін тіл арқылы берілуі керек.Сонымен, химиялық тіл дегеніміз химиялық білімді тіркейтін, сақтайтын, бірден –бірге жеткізетін арнайы таңбалар жүйесі.

Химия тілінің бір−ірімен тығыз байланысты үш бөлігі бар. Химиялық тілдің бірінші бөлігі –ғылыми терминологиясы, жеке терминдер мен терминдер жүйесінен тұрады. Химиялық терминдер−ғылыми ұғымдардың атаулары.Химиялық элемент, атом, зат және химиялық реакция ұғымдары анықталғаннан кейін ғана химия ғылым ретінде қалыптасты.

Химиялық тілдің екінші бөлігі− химиялық номенклатура, заттарды атаудың белгілі негізге сүйенетін арнайы жүйесі.Ол кәдімгі және жүйелік, ұлттық және халықаралық номенклатура химиялық символикаға негізделеді.

Химиялық тілдің үшінші бөлігі−химиялық символика, химиялық таңба, формула және теңдеуден құралады.Оқулықтарда, кейбір методикалық әдебиеттерде химиялық тілге символика ғана жатқызылып келді.Химиялық символика−халықаралық шартты тіл, заттар мен құбылыстарды белгілеудің ең қысқа және тиімді құралы.Жүйелік номенклатура және химиялық символика ұлттық тілдің құрамына кірмейді, өзінше дербес қолданылады.

Химиялық тіл мектептегі химияны оқыту барысында жан−жақты дидактикалық қызмет атқарады.Химиялық тіл арқылы оқушыларға жаңа білім беріледі.

Химиялық тіл оқушыларға тәрбие берудің және оларды дамытудың ең тиімді құралы.Заттар мен құбылыстардың шарттастығын, олардың арасындағы себеп− салдар байланысын ашу, тікелей көзге түспейтін мәнін түсіндіру арқылы химиялық тіл оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастырады.Химияның қоғам өміріндегі маңызын, экологиялық мәнін түсінуге мүмкіндік береді.

2.Химиялық тілдің оқыту құралдары жүйесіндегі орны және атқаратын қызметі.





Тіл−қисындық құралдар

Бағдарлама,оқулық,оқу құралдары,басқа кітаптар

Химиялық эксперимент

Көрнекі құралдар, техникалық құралдар

Кестеде келтірілген оқу құралдары тікелей немесе жанама түрде химияның тілімен байланысады.Тіл−қисындық құралдарға құрылым формулалары, терминдер, символдар және номенклатуралық атаулардың қатысуымен жасалған құрылым− қисындық сызбанұсқалар жатады.

Химияның бағдарламалары, оқулықтары, оқу құралдары, мұғалімдер мен оқушыларға арналған басқа кітаптар ғылыми тіл арқылы жазылған.

Көрнекі құралдардың, мәселен кестелердің, диаграммалардың, суреттердің, фильмдердің және т.б. түсініктемелері ғылымның тілі арқылы жазылады.Олардың әрқайсысынан алынатын ғылыми ақпарат тілдік құралдар арқылы жүйеге келтіріледі.

3.Химиялық тілді қалыптастырудың теориялық негіздері.

Жалпы ғылыми тілдің, оның ішінде химия тілінің әр жақты түсінігі бар.Философиялық жағынан алғанда, ғылыми тіл−ғылыми білімнің біліну түрі, білім−мазмұнға, тіл−түрге жатады.Мазмұн мен түр арасында диалектикалық байланыс бар.Білім үздіксіқ өсіп молайып отырады, тіл жеке бөлікті тұрақты қалпында қалады.

Таңбалар туралы ілім− семиотика химиялық тілдің таңбалары үш жағынан қарастырады.

Біріншісі− химиялық тілдің сөз мәні, таңбаның бейнелейтін объектіге қатынасын көрсетеді.Химиялық символикада таңбамен атом, формуламен заттың құрамы, теңдеумен химиялық реакция белгіленеді.Олардың әрқайсысы өздері бейнелейтін объектілері жөнінде көптеген ғылыми мағлұматтар береді.

Химиялық тілдің екінші жағы− прагматика, таңбаның таным барысындағы пайдасын зерттейді.Химия саласында жинақталған қоғамдық тәжірибенің ұрпақтан− ұрпаққа берілуіндегі таңбалар жүйесінің мәнін қарастырады.Химиялық тілдің оқыту барысындағы пайдаланылуы да осы салағы жатады.

Химиялық тілдің үшінші жағы – синтаксисі, таңбалардың құрылысын және бірігу ережелерін қарастырады.Химиялық терминдердің жасалу модельдері, химиялық формулалар мен теңдеулерді құрастыру, химиялық теңдеулерге коэффициенттер қою, жүйелік номенклатураның негіздерін анықтау химиялық тіл синтаксисінің міндеттеріне жатады.

Әр таңба өзінің мағынасы арқылы әсер етеді, мағынасыз таңба болуы мүмкін емес.Таңбаның мағынасы дегеніміз− денотаты жөнінде білдіретін ақпараты.



4.Мектептің химия курсындағы тіл туралы білімнің мазмұны және оны игеруге қойылатын талаптар.

Жаңа бағдарламада оқушылардың жеке кластарда алуға тиісті білімі мен біліктеріне қойылатын негізгі талаптар бес салаға топтастырылатыны айтылды.Соның бірі –химиялық тілді игеруге қойылатын талаптар, негізінен химиялық символиканы қамтиды.



1−талап. Оқушылар элементтердің химиялық символдарын білуі тиіс.Оқушылар символдың жасалу тарихы, мағынасы және пайдаланылуы туралы мағлұмат алады.Химиялық символ элементті, атомдар молін және бір атомды таңбалайды, олар туралы көптеген сапалық және сандық мәліметтер береді.Оқушылар әр таңбаның таңбасына ауыса білуі керек.

2−талап.Оқушылар химиялық формулалар мен теңдеулердің мағынасын түсіндіре білуі керек.

3−талап. Валенттілікке сүйеніп, екі элементтен тұратын қосылыстардың формулаларын құрастыра білу.Бұл талап оқулықта және методикалық әдебиеттерде жеткілікті баяндалған дәстүрлі тәсілдермен іске асырылады.

4−талап. Металдардың және қышқыл қалдықтарының валенттіліктері бойынша негіздердің және тұздардың химиялық формулаларын құрастыра білу.Мұнда гидроксотоптың бір валентті, қышқыл қалдығының валенттілігі металмен орын алмастыратын сутегіне тәуелді екенін есте сақтау жеткілікті.

5−талап.Оксидтер, негіздер, қышқылдар және тұздарды атай білу.

6−талап.Электрон қабаттарындағы электрон сандарын көрсетіп, атом құрылысының сызбанұсқасын сыза білу.

7−талап.Қосылыстың формуласы бойынша элементтің тотығу дәрежесін анықтай білу.Тотығу дәрежесі валенттілікпен қатар қолданылатын ұғым.Ол теріс электрлік ұғымымен тығыз байланысты.Тотығу дәрежесі кез келген қосылысты шартты түрде иондардан тұрады деп есептегенде әр атомға тиесілі заряд шамасымен анықталады.Бос күйіндегі және жай зат құрамындағы атомның тотығу дәрежесі нөлге, иондық қосылыстарда иондар зарядына тең болады.

8−талап.Өтілген тотығу−тотықсыздану реакцияларының негізінде электрон балансын жазып, химиялық теңдеу құру.Оқушылар атомдардың электрон беру және қосып алу мүмкіндігін дәл басып анықтап, тотықтырғыш, тотықсыздандырғыш, тотықу әрекеті және тотықсыздану әрекеті ұғымдарын жете меңгеріп, тотығу дәрежесі ұғымын пайдалана білу керек.

9−талап.Келтірілген талаптарға сәйкес оқушылардың химиялық тіл туралы алған білімі 9− сыныпта нығаяды.Бұл класта жаңадан қосылатын талап қышқылдардың, сілтілердің және тұздардың диссоциациялану теңдеулерін, өтілген және соларға ұқсас реакциялардың толық және қысқартылған иондық теңдеулерін құра білу.

5.Химиялық тілді саналы меңгеру және пайдалана білу жағдайлары.

Орта мектептегі химияның мазмұны тіл арқылы баяндалып, оқыту құралдары мен әдістері тілге негізделетіндіктен, оқыту барысында мұғалім мен оқушы еңбегінің үйлесуін тіл мен сөйлеу арқылы көрсетуге болады.

Әлеуметтік тәжірибе болып табылатын білім мұғалімнен оқушыға заттар мен құбылыстар және оларды түсіндіретін тіл және сөйлеу арқылы беріледі.Бұл әрекет бірімен−бірі тығыз байланысты жүреді, сондықтан оқушылар химиялық тілді меңгереді,содан соң химия тілі арқылы заттар мен құбылыстар жөніндегі білімді игереді деп шартты түрде ғана айтуға болады.

Химияда төрт таңбалар жүйесі қолданылады:заттар мен құбылыстардың сыртқы белгілері, сөз таңбалар, символдар жүйесі және номенклатуралық таңбалар.Тұрақты ғылыми ақпарат осы жүйелердің бірінен екіншісіне ауысып отырады.Оның ауысу бағыты оқыту барысында таңбалардың қолданылу ретіне байланысты.Оқыту тиімді болу үшін әр нақтылы жағдайда пайдаланылу ретін дәл анықтауы керек.

6.Химиядан қазақша терминдердің қалыптасуы және оқытылуы.

Қазақ мектептерінде химияны оқыту ғылыми тілі арқылы еркшеленеді.Бұл тіл химия оқулықтарын, оқу методикалық әдебиеттерін орыс тілінен аудару және қолтума еңбектер жазу үстінде қалыптасты.Химия тілінің негізгі бөлігі− қазақша химияның терминдері қазіргі дәрежесіне жеткенге дейін бірнеше кезеңнен өтті.

1920−1930 жылдарда С.Т.Сазонов, В.Н.Верховский және П.П.Лебедов жазған химия оқу құралдарын қазақ тіліне аударғанда жеті жылдық мектеп көлеміндегі химия терминдері қалыптасты.

1930−1950 жылдарда В.Н.Верховский мен Л.А.Смаргонский жазған химияның тұрақты оқулықтарында бірсыпыра теориялық және технологиялық тың материалдар еңгізіліп, терминдер саны бұрынғыдан анағұрлым артты.Бұларды аударуда өткен кезеңдегі тәжірибе пайдаланылды, айтылып өткен қателіктер түзетілді.Қазақ сөздерінен баламасы табылмаған интернационалдық терминдер орыс тіліндегі жазылуы мен айтылуын сақтап қабылданды.Көптеген жаңа нақ көшірмелер жасалып, қазақтың байырғы төл сөздері терминдік мағынаға ие болды.

1950−1990 жылдарда химия мен химияны оқыту методикасынан орта және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдары, химияның орысша−қазақша сөздіктері басылып шықты, химия тілін зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарық көрді.Химия терминдерінің саны мен сапасы артып жоғары білімнің ауқымын қамтитын дәрежеге жетті.

Химия саласындағы ғылыми ақпараттың қаулап өсуіне байланысты химия тілін ұдайы жетілдіру және оны оқытудың тиімді әдістерін іздестіру күн тәртібіне түспейтін күрделі мәселе.

Бақылау сұрақтары


  1. Химияның ғылыми тілі дегеніміз не, ол қандай бөліктерден тұрады?

  2. Химия тілін түсінудің ғылыми негіздері қандай?

  3. Оқыту құралдарының ішінде химия тілінің алатын орны?

  4. Химиялық символиканы игеруде оқушылардың білімі мен білігіне қойылатын талаптар қандай?

  5. Химиялық номенклатураның түрлері және олар оқыту барысында қалай пайдаланылады?

  6. Химиялық тіл туралы білім қалыптасуының қандай теориялық негіздері бар?

  7. Химия тілінің оқу−тәрбиелік маңызы қандай?

  8. «Химиялық алғашқы ұғымдар» тақырыбындағы негізгі ұғымдардың атауларын теріп жазып, олардың арасындағы белгілі байланыстарды сызбанұсқа түрінде көрсетіңдер.

  9. Химиялық символика мен химиялық номенклатура арасында қандай байланыс бар?

  10. Қазақша химияның ғылыми тілі қалай қалыптасты?

5.Дәріс. Оқушылардың білімін және білігін тексеру.

1.Білім мен білікті тексерудің оқу−тәрбиелік маңызы.

Оқытудың нәтижесін шығару−оқыту барысындағы аса маңызды бөлік.Оқыту мақсатының орындалуы, мазмұны, құралдары, әдістері және ұйымдастыру формаларының тиімділігі оқушылардың білімі мен білігін тексеру арқылы анықталады.

Оқушылардың білімі мен білігін тексеру арқылы мұғалім өз ісіне талдау жасайды, қолы жеткен табыстарын молайтып, жіберген кемшіліктерінің себебін ашуға ұмтылады.Оқыту мазмұнына, ұйымдастыру формаларына, құралдары мен әдістеріне өзгерістер енгізеді, жетілдіреді.

Білімі мен білікті күнделікті, тоқсандық жылдық және қорытынды тексеру арқылы оқушылар кластан класқа көшіріледі, мектеп бітіру емтихандарында сыналады.Ата−аналар балаларының үлгірімі жөнінде хабар алады.Әр оқушының жетістігі ата−анасының қуанышқа кенелтетін болса, кемістігі және артта қалуы дер кезінде шаралар қолдануға мүмкіндік жасайды.

Тексерудің үйрету міндеті дамылсыз жүзеге асады.Жаңа материалды түсіндіру үшін мұғалім оқушылардың бұрыннан білетіндерін есепке алады.Түсіндіріп болғаннан кейін жаңа материалдың негізгі мәселелерін оқушылардың қалай игергенін қадағалайды.

Бақылау, бағдарлау, үйрету және тәрбие беру міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін білім мен білікті тексеруге бірнеше талаптар қойылады.Текскру оқушылардың барлығын толық қамтитын болуы керек.Сонда өтілген және тақырып бойынша әр оқушының білімі нақтылы анықталады.

Тексеру жүйелі және жоспарлы түрде жүзеге асырылуы тиіс.Тексеру үшін қажетті дидактикалық және техникалық құралдар, тексеру әдістері мен түрлері материалдың мазмұнына сәйкес алдын ала әзірленеді.

2.Оқушылардың білімі мен білігін тексеру әдістері мен түрлері.

Методикалық әдебиеттерде оқушылардың білімі мен білігін тексеруді дидактикалық мақсаттарын қарай күнделікті, дүркінді және қорытынды тексеру деп жіктейді.Күнделікті тексеру жеке сабақтарда, дүркінді тексеру бір тақырыпты өткен соң қорытынды тексеру тоқсанның соңында, жыл аяғында жүзеге асырылады.Бұлардың әрқайсысы өткізу әдістері немесе білімнің алыну формасы бойынша ауызша сұрау, жазба жұмыстар және эксперименттік тапсырмаларға бөлінеді.Бұлардың өзі одан әрі жекелеп сұрау, топтық сұрау және жаппай сұрау, химиялық диктант, қысқа мерзімді бақылау жұмыстары, ұзақ мерзімді бақылау жұмыстары, жазбаша үй тапсырмасы, жеке –дара көрнекі көрсету эксперимент, зертханалық жұмыс, сарамандық бақылау жұмыстары, үй эксперименті болып тарамдалады.Білім мен білікті тексеру құралдарына қарай машиналармен және машинасыз тексеру деп жіктеледі, соіғысына жататындар :карточкалар,перфокарталар, кодепленкалар, диафильмдер, үлестірілетін заттар, құралдар, модельдер, сызбанұсқалар, т.б.

Осы кездегі педагогикалық және методикалық әдебиеттерде айтылып жүрген оқушыларда қалыптасуға және тексеруге тиісті біліктер мен дағдыларды үш топқа біріктіруге болады.Біріншісі−оқу жұмысын ұйымдастырумен байланысты біліктер мен дағдылар:жоспарлау, оұқулықпен жұмыс істей білу, білімнің басқа құралдарын пайдалана білу, беретін жауабының жоспарын жасау, айтқанын дәлелдей білу, өзін өзі бақылау және талдау.Екіншісі−оқушылардың даму өресін көрсететін қисынды біліктер мен дағдылар:анализ және синтез жасай білу, салыстыру, жіктеу, жалпылау, негізгісін таба білу, аналогия жасау, себеп−салдар байланысын ашу, жорамал жасай білу, оны дәлелдеу, қорытындысын шығару.Үшіншісі−еңбек істей білумен байланысты біліктер мен дағдылар:еңбеке істеуге ыңғайы, жабдықтарды пайдалана білуі, реактивтермен жұмыс істей білуі, сақтық шараларын орындауы, тәжірибе жасау техникасын меңгеруі, құбылыстарды бақылау білуі, бақылауды тіркеп жазуға икемділігі, уақытты тиімді пайдалануы, жұмыс орнының тазалығы.

3.Ауызша сұрақ қою.

Оқушылардың білімі мен білігін тексерудің ең жиі қолданылатын негізгі түрі жекелеп және жаппай сұраудан тұрады.

Ауызша сұрақ қою кезіндегі ең маңызды методикалық мәселе−нені және қалай сұрайтынын анықтау.

Ауызша сұрау бірнеше кезеңнен тұрады, әр кезеңнің тиімділігін арттыратын әдістері бар.


  1. Сұрақ қою, жауап беретін оқушыны тыңдау.Сұрақ алдымен жалпы класқа беріледі, әр оқушы өзінің психикалық жағынан жауап қайтаруға әзірлейді.

  2. Оқушының жауап беруге әзірленуі. Сұрақтың мазмұнына сәйкес оқушы жауап берудің жоспарын жасайды, тақтаға химиялық формулаларды , реакция теңдеулерін, есеп шығару амалдарын жазады.

  3. Жауапты тыңдау.Бұл –ауызша сұрақ қоюдың ең жауапты, және қиын кезеңі.Әдетте оқушылар тақтада жауап берген оқушыны зейін салып тыңдамайды, бос отырады немесе өзіңе ұнайтын бірдеңемен айналысып кетеді.

4.Оқушылардың білімі мен білігін жазбаша тексеру.

Жазбаша тексерудің артықшылығы аз уақыт ішінде көп оқушының білімі мен білігін, химиялық сауаттылығын , алған білімін қолдану жайын анықтауға мүмкіндік береді.

Бір мезгілде өткізілетін жазбаша тексеру арқылы оқушылардың өтілген материалды қандай дәрежеде меңгергені, жіберетін қателерінің мазмұны және көлемі анықталады.Жазба жұмыстарын әзірлеуге, нәтижесін шығаруға және талдауға уақыт көп жұмсалады.Жеке тақырыптар бойынша бақылау жұмыстары жылдық тапсырмаларда көрсетіледі.

5.Оқушылардың білімі мен дағдысын эксперименттік тексеру.

Химияны оқыту барысында оқушыларда көптеген эксперименттік біліктер мен дағдылар қалыптасады, олардың тізбесі бағдарламада берілген.Бұларды оқушылардың қалай игергені көрнекі көрсету арқылы тәжірибелер жасату және зертханалық бақылау жұмыстарын өткізу арқылы анықталады.

Жаңа сабақты түсіндіру кезінде мұғалім көрсеткен тәжірибені білімді тексеру кезінде оқушы қайталайды, мұғалім мына мәселелерге көңіл аударады және бақылайды.

Оқушылардың эксперименттік білігі мен дағдылары, зертханалық тәжірибелер және сарамандық жұмыстар кезінде тексеріледі.Ол үшін мұғалім тәжірибенің мазмұнын талдап, оқушыларда болуға тиісті біліктер мен дағдылардың тізбесін жасайды.

Келтірілген біліктер мен дағдылардың орындалу сапасын талдау және зертханалық жұмыс кезіндегі бақылауларға сүйеніп әр оқушының жұмысы бағаланады.

6.Оқушылардың білімін, білігін және дағдыларын қорытып тексеру және бағалау.

Оқушылардың білімін, білігін және дағдысын қорытынды тексеру және емтихан қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

Химиядан орта мектепте зачет алу елуінші жылдардан бері қолданылып келе жатса, методикасы нақтылы талданбаған.Ең алдымен әр класта өткізілетін зачет санын және тақырыптарын анықтайды.Екінші кезекте тақырып бойынша тексерілетін білімнің, біліктің және дағдының мазмұны анықталады.Үшіншіден, оларды тексеретін сұрақтар мен тапсырмалардың тізбесі жасалады, бұған жай және мәселелі сұрақтар, сан және сапа есептері кірістіріледі.Төртіншіден, материалдың мазмұнына қарай зачет ауызша және жазбаша өткізіледі.

Химиядан мектеп бітіру емтихандары, оқушылардың білімінің, білігінің және дағдысының сапасын анықтап,мемлекеттік бақылау жасау үшін бірыңғай билеттер жүйесін қолдану арқылы өткізіледі.

Оқушының жауабында жіберген қателері елеулі және болымсыз деп есептеледі.Елеуліге оқушы жауабының таях және түсініксіз болуынан туындайтын мына қателіктер жатады:оқушы ұғымының негізгі белгілерін, заттардың маңызды қасиеттерін, заңның негізгі тұжырымын шатастырады, теориялық білімін құбылыстарды салыстыруға, жіктеуге, түсіндіруге, себеп−салдар байланысын ашуға және болжай білуге пайдалана алмайды.Болымсыз қателіктерге оқушының жаңылып кетуінен, өз жауабына мән бермей сөйлеуінен және жазуынан туындайтын қателіктер жатады, мәселен реакция теңдеуіне кейбір коэффициенттерді қоюды ұмытады, ион зарядтарын және санын дәл көрсетпейді, бірақ мұғалімнің ескертпесінен кейін оларды түзетеді.

Бақылау сұрақтары



  1. Оқушылардың білімі мен білігін тексеру не үшін керек?

  2. 8− класс бойынша оқушылардың білімі мен білігіне қойылатын талаптарды айтып беріңдер.

  3. Оқушылардың білімі мен білігін тексерк қандай негіздерге сүйеніп жіктеледі?

  4. Ауызша сұраудың түрлеріне мысалдар келтіріңдер.

  5. Галогендер тақырыбы бойынша жазбаша бақылау жұмысының екі нұсқасы берілді, қалған екі нұсқасын өздерің жазыңдар.

  6. Химиялық диктанттың орнын, мазмұнын өткізу әдістерін баяндар беріңдер.

  7. Қорытынды тексеруге қандай талаптар қойылады?

  8. Химиядан алған білім сапасының көрсеткіштерін сипаттаңдар.



6.Дәріс. Химиядан оқыту жұмысын ұйымдастыру.

1.Оқу жұмысын ұйымдастыру формаларының жалпы сипаттамасы.Сабақ туралы түсінік.

2.Химия сабақтарының жіктелуі.

3.Химия сабақтарының құрылымы.

4.Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру.

5.Сабақты талдау.

6.Сабақтарды жоспарлау.

7.Сабақтар жүйесін жетілдіру.

8.Химиядан топсеруен өткізу.

9.Химияның факультативтік сабақтары.



1. Мектептегі оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына сабақ, факультативтік сабақтар, топсеруендер, кластан тыс жұмыстар, өндірістік оқу сарамандығы және т.б. жатады.Осылардың ішіндегі ең негізгісі−сабақ.

Сабақ ұғымының негізгі белгілері:оқушылардың тұрақты құрамымен, оқу жоспарын сәйкес жасалған сабақ кестесімен өткізіледі;уақыты кесімді −45 минут;оқу бағдарламасына сәйкес дидактикалық міндеттерді шешеді;өткізу әдістері алуан түрлі.

Кез келген сабақ мақсаты, мазмұны, типі, құрылымы, құралдары және әдістері арқылы ерекшеленеді.Сабақ білім мен тәрбие беру және дамыту міндеттерін шешетіндіктен оның алдына жалпы−педагогикалық, дидактикалық және методикалық мақсаттар қойылады.Сабақтың жалпы педагогикалық мақсаты қоғамның жалпы орта білім беретін мектептерге жүктеген әлеуметтік сұранысы бойынша анықталады.

2.Химия сабақтарының жіктелуі.

Химияны оқыту методикасының оқулықтары мен оқу құралдарына химия сабақтары типтерге, түрлерге және нұсқаларға жіктеледі.

Химиядан сабақ беру методикасынан дидактикалық міндеті бойынша химия сабақтарын бес типке бөледі:1) жаңа білім мен білікті игеру(жаңа материалды оқып үйрену); 2) теориялық білім мен білікті жетілдіру және қолдану; 3) білімді қорыту және жүйеге түсіру;4) бақылау−есепке алу; 5) аралас сабақтар;

3.Химия сабақтарының құрылымы.

Әр типке жататын сабақтың өзіндік құрылымы болады, ол оқу барысы буындарының өзара байланысы бойынша анықталады.С.Г.Шаповаленко жаңа білім, білік және дағды қалыптастыру сабақтары 4−5 бөліктен тұрады деп есептейді, олар: 1) оқушыларды түгендеу; 2) сабақтың мақсатын айту, көрнекі көрсету жасау, зертханалық жұмыстар жүргізу немесе сөз әдістері арқылы жаңа материалды түсіндіру; 3) үйге тапсырма; 4) баяндалған білімді қорыту, оқушылардың қалай түсінгенін тексеру және бекіту. Жаңа сабақты түсіндіру оқушылардың кітаппен өздігінен істейтін жұмыстарымен ұштастырылғанда бес бөліктен тұрады.

Сабақтың мүшелері деп аталатын жеке бөліктерін таптауырынға айналдыру тиімсіз екені іс жүзінде де, теория жағынан да дәлелденеді.Сабақтың жалпы педагогикалық, дидактикалық және методикалық мақсаттары оқу барысының жеке буындарында жүзеге асады.Әр буын өзінен басқаларымен оқу барысының қисыны арқылы қабысып сабақтың құрылымын түзеді, ең басты дидактикалық мақсаттың төңірегіне топтасады.

Сабақтың тағы бір құрылымын анықтайтын мазмұны жеке деректерден, ұғымдардан, заңдылықтардан, біліктер мен дағдылар жиынтығынан тұрады.Мазмұндық құрылымның әр бөлігіне сәйкес қолданылатын әдістердің өзара байланысу реті әдістер құрылымын түзеді.Сабақтың мақсаттары, мазмұны және әдістерінен түзілетін үш құрылымы бір бірімен ұласып, байланысып жатады.

4.Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру.

Химия сабақтары баяндаудың хабарлама, көрнекі көрсету, безендірме әдістерімен өткізілгенде, зертханалық және сарамандық тәжірибелер нақтылы нұсқаулар бойынша жасалғанда,химиялық есептер бірыңғай жаттанды тәсілмен шығарылғанда, жаттығулар білімді қайта жаңғырту мақсатымен жүргізілгенде оқушылардың еліктеу−қайталау таным әрекеті жүзеге асады.

Эксперимент есептерін шығарғанда, қойылған мәселені шешу жолдарын іздегенде оқушының дербестігі артып, іздеу таным әрекеті жүзеге асады.Мәселені өзі қойып, оны шешудің жаңа жолын ойластырса, оқушының танымы зерттеу сипатына ие болады, бұл оқушы көрсетуі ықтимал белсенділіктің ең жоғарғы сатысы.

Еліктеу –қайталау, іздеу және зерттеу сабақ үстінде оқушылар жүзеге асыратын таным әрекетінің үш деңгейі.Осылардың соңғы екеуін қамтамасыз ету үшін хабарлама баяндаудың орнына мәселелік әңгіме, мәселелік дәріс, эвристикалық әңгімелесу, зерттеу сипаты бар зертханалық және сарамандық жұмыстар жүргізіледі.

Химия сабақтарында оқушылардың өздігінен істейтін жұмысы –оқыту әдісі ретінде қолданылады.Ол өзінен басқа әдістермен тиімді ұштастырылса, сабақтың дидактикалық мақсаттарына жетуіне, мазмұнын толық меңгеруге жәрдемдеседі.

Үй тапсырмаларын орындағанда оқушылардың өздігінен істейтін жұмысы оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына жатады.Мұғалімнің бақылауынсыз орындалатындығынан оның түрлері, мазмұны сабақтағыдан гөрі өзгеше болып келеді, тексерілуі кластағы өздігінен істелетін жұмыспен ұштастырылуы мүмкін.

5.Сабақты талдау.

Сабақ беру методикасын игерумен бірге оны жан жақты талдай білудің маңызы зор.Сабақты білгір талдау үшін химия курсының мазмұнын, құрылымын және сабақтар жүйесіне жіктелуін жетік білу қажет.

Сабаққа кірердің алдында мұғалімнің тақырыптық жоспарымен танысып, сабақтың типі,құрылымы және сипаттамаларын жазып алған жөн.

6.Сабақтарды жоспарлау.

Сабақты дайындаудың ең жауапты кезеңі− жоспарлау, ол екі түрлі:тақырыптық жоспар және әр сабақтың жоспары.Тақырыптық жоспар кластар бойынша бір жылға жасалады.Бағдарлама және оқулықты талдау арқылы әр тақырып сабақтарға бөлінеді, нәтижесінде пайда болған сабақтар жүйесінде әр сабақтың орны, өзіндік келбеті анықталады.Қосымша әдебиеттерді және методикалық құралдарды пайдаланып сабақтың мақсаттары, мазмұны, типі, әдістері мен құралдары белгіленеді.Қазірші методикада және мектеп сарамандығында тақырыптық жоспардың әр түрлі құрылымы пайдалануда.Химияны оқу методикасының сарамандық сабақтарында өтетін сабақтың уақыты, реттік нөмірі, тақырыбы, типі, химиялық диктанттың мазмұны, сан есептері, көрнекі көрсету және зертханалық эксперимент, ескертулер көрсетілген.

Студенттерге арналған методиканың тақырыптық жоспарында сабақтың реті, тақырыбы, білім беру мақсаттары, жасалатын тәжірибелері және пән ішіндегі байланыс, көрнекі құралдары қамтылады.

7.Сабақтар жүйесін жетілдіру.

Химиядан класс−сабақ жүйесінің методикалық әдебиеттерде көбірек талданған, мектеп сарамандығында жиі қолданылатын мәселелері баяндалды.Бұл жүйе оқушыларға жоғары оқу орындарында білім алуға, тікелеі сарамандық істерге арласуға мүмкіндік тудырады.

Дегенмен класс−сабақ жүйесінің бірқатар кемшіліктері де байқалып жүр.Сабақтың негізгі сипаттамалары біркелкі қайталанып, оқушылардың ынтасын азайтады.Біртұтас тақырып жеке сабақтарға майдаланып, олардың арасындағы мағыналық байланысын оқушылар жеткілікті түсіне алмайды.

Класс−сабақ жүйесін жетілдіру саласында ұмтылыстар, ізденулер аз емес.Мұғалімдерге арналған жеке сабақтардың методикасын талдайтын көптеген құралдар жарық көрді.

Оқушылардың білімі үш бақылаудан өтеді.Бірінші бақылау тақырыпты жалпы талдау сабақтарында, екінші бақылау семинарда, үшінші бақылау тақырыптың зачет сабақтарында жүзеге асырылады.Үш бақылау арқылы оқушының білімі және білігі жөнінде толық және ақиқат мағлұматтар алынады.

Оқушыларды оқи білуге үйрету үшін өздігінен жұмыс істеуін жеңілдететін методикалық нұсқаулар беріледі.Оларды оқушылар семинар сабақтары кезінде пайдаланады.

Өзіндік методикалық жүйе жасаған жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесі химияны оқыту методикасын байыта түседі, әріптестеріне жол−жоба көрсетеді.Бірақ ең озық тәжірибені де мұғалім өзінің, оқушылардың және жұмыс істейтін мектебінің ерекшелігіне қарай ыңғайластырып, шығармашылықпен пайдаланбаса, күткен нәтижеге жеткізбейтінін есте ұстаған жөн.

8.Химиядан топсеруен өткізу.

Химиядан оқу жұмысын ұйымдастырудың маңызды түрлерінің бірі−топсеруен.Химиялық топсеруендер оқытудың өмірмен, өндіріспен және қоғамдық құрылыстың сарамандығымен байланысын жүзеге асырады.Оқушыларға политехникалық білім, еңбек тәрбиесін және кәсіптік бағдар беруге жәрдемдеседі.

Топсеруен өткізетін объектілер химия бағдарламасының талабына сай, жергілікті ерекшеліктерге лайықты іріктеніп алынады.Химия өндірістері кездеспейтін жерлерде топсеруен негізіне химиялық бағдарда немесе химия өнімдері кеңінен қолданылатын өнеркәсіп мекемелеріне ұйымдастырылады.

Мектептің мүмкіндігіне сай осы объектілердің қайсысына топсеруен ұйымдастырылатыны тақырыптық жоспарда көрсетіледі, бір топсеруеннің мерзімі екі сағаттан аспауы керек.Топсеруеннің жоспарында даярлау, өткізу және қорытындысын шығару барысында жүзеге асырылатын ұйымдастыру және танымдық жұмыстардың барлық түрлері, орындалу мерзімі, тапсырылатын адамдары нақтылы көрсетіледі.Ол үшін мұғалім топсеруен объектісімен жан−жақты танысып, оқу−тәрбиелік маңызы бар заттар мен құбылыстарды, технологиялық әрекеттерді, қондырғыларды дәл анықтап, олармен таныстырудың методикасын анықтайды.Оқушыларға берілетін тапсырмалардың мазмұнын сұрыптайды.

Топсеруен тақырып бойынша немесе кешенді түрде өткізіледі.Кешенді топсеруен бірнеше пәннен−химия, физика, география, биология, тарих т.б. ұйымдастырылады.

9.Химияның факультативтік сабақтары.

Оқушылардың қабілеті мен икемділігі ескерілмей бірыңғай бағдарламалармен оқытылған кездің өзінде кейбіреулерінің жеке ғылымдар саласына деген құштарлығы, көбірек білгісі келетіні байқалып жүрді.Осындай оқушылар үшін 1966 жылдан бастап факультативтік сабақтар ұйымдастырылды.Бұлардың кәдімгі сабақтардан айырмасы тереңдетіп оқитын факультативтік пәндерді оқушылардың өздері таңдайды.

Химиядан екі түрлі факультативтік курстар өткізу ұсынылды.Біріншісі−орта мектепте өтіліетін химияның салаларынан білімді тереңдету факультативтері, олар: «Жалпы химияның негіздері», «Органикалық заттардың құрылысы мен қасиеттері».Екіншісі−химияның халық шаруашылығында қолданылуымен байланысты арнайы факультативтер: «Өнеркәсіптегі химия», «Ауыл шаруашылығындағы химия», «Химиялық анализдің негіздері».

Факультативтердің әрқайсысына бөлінетін уақыттарды «35сағ» бағдарламасын, оқу құралдарын халыққа білім беру министірліктері бекітеді.Факультативтік курстарды мұғалімдер, жоғары мектептің мұғалімдері, ғылыми қызметкерлер, өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының мамандары жүргізеді.

Факультативтік сабақтар оқу кестесі бойынша жүргізіледі, оларды мектеп басшылары бақылайды.Оқушылар факультативті өз қалауы бойынша таңдап алғанымен үзбей қатысуға және үлгеруге міндетті: мектеп бітіру аттестаттарында оқушының өткен факультативтері көрсетіледі.

Факультативтік сабақтар дәріс, әңгімелесу, оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары, т.б. арқылы өткізіледі.Мұнда іздеу, зерттеу әдістерін жиі қолдануға зор мүмкіндіктер туады.Сарамандық жұмыстарды, түрлі анализдерді өздігінен жасайды, мектеп мамаңдығы бөлінген жерде, колхоздар мен совхоздардың егіс даласында тәрбиелік жұмыстар жүргізеді.Оқушылар өздігінен жұмыс ретінде рефераттар, баяндамалар мен кестелер әзірлейді, құралдар құрастырады, оқулықтармен, оқу құралдармен, анықтамалармен және ғылыми көшілік әдебиеттермен танысады және қысқаша жазбалар жазады.

Бақылау сұрақтары


  1. Химиядан оқу жұмысын ұйымдастырудың формаларын санап шығыңдар.

  2. Сабақ қандай негіздереге сүйеніп жіктеледі?Галогендер тақырыбының сабақтарын типтерге және түрлерге жіктеңдер.

  3. Сабақтың құрылымы қалай анықталады?Жоғарыда келтірілген сабақ құрылымдарын сипаттаңдар.

  4. Қазіргі сабаққа қойылатын талаптарды қандай үш салаға біріктіруге болады?

  5. Сабаққа талдау жасаудың негізгі бағыттары қандай?

  6. Галогендер тақырыбы бойынша бір жаңа материалды түсіндіру сабағының күнделікті жоспарын жасаңдар.

  7. Хлордың химиялық қасиеттері сабағына қысқаша жазба дайындаңдар.

  8. Химиядан факультативтік сабақтардың негізгі сабақтарға ұқсастығы мен айырмашылығын айтып беріңдер.

  9. Химия өндірісіне ұйымдастырылатын бір топсеруенннің жоспарын жасаңдар.

  10. Сабақтар жүйесін жетілдіруге мұғалімдердің қосқан үлесі жөнінде білетіндеріңді баяндап беріңдер.

  11. Сабақтарда оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарының түрлерін және мазмұнын баяндап беріңдер.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет