директивті жоспар (жабық жүйелерге тән жоспарлау әдісі);
индикативті жоспар (нарықтық экономика шарттарына байланысты өзгеріп отыратын жоспардың түрі. ҚР-ның экономикасының көрсеткіштік жоспарын индикативті жоспар деп айтады).
Жоспарлаудың белгілері Қиындықтың болуын жою. Күрделі үрдісті азайту:
инерциялау қызметі;
болжау қызметі;
басқарудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және т.б.
Жоспарлаудың құраушылары. Жоспарлау үрдісімен қатар бірге жүретін және оның механизмін жүзеге асыратын бірнеше экономикалық элементтер бар. Бұл элементтер жоспардың құраушылары болып табылады. Жоспарлаудың құрушылары мақсаттар, саясаттар, әдіс, бюджет, бағдарлама, нормативтер, ережелеры, әдістер және сметалар болып табылады.
Мақсаттар. Мақсат алдын ала күтілген нәтиже болып табылады. Жоспарлауда табысқа жету үшін ең алдымен мақсат айқын болуы керек. Кәсіпорынның барлық іс-шаралары мен жұмыстары осы мақсатқа сай жоспарланады.
Саясат. Саясат «басқарушылар шешім қабылдағанда басшылыққа алатын қағидалар тізбегі» болып табылады. Бұл қағидалар кәсіпорын басшылары атқаратын күнделікті іс-шараларда және қабылдайтын шешімдерде жетекшілік етеді. Мысалы, өндіріс үрдісінде тауардың сапасының жоғары деңгейлігін сақтап қалу кәсіпорынның саясаты болып есептелгендіктен оны жоспарға енгізу міндетті.
Әдіс. Әдістер, кәсіпорынның болашақтағы іс-шараларының қалай істелетінін көрсететін әдіс-амалдардан тұрады. Бұлар іс-шаралардың қалай істелетін хронологиялық ретпен талдап көрсетеді. Мысалы, экономикалық әдістер, психологиялық әдістер, әлеуметтік-психологиялық әдістер, өзін-өзі басқару әдістері және т.б. Бұлар жоспарды жүзеге асыруды басқару үшін аса қажет.
Бюджет. Бюджет, бір кәсіпорынның іс-әрекеттерін алдын-ала қарастырылған нәтижесін сандық жүйе арқылы белгілейтін жоспар. Бюджет жоспардың жүзеге асуы үшін жұмсалатын қаражаттардың кірісі мен шығыстарын көрсетеді.
Бағдарламалар. Бағдарламалар мақсаттардың, саясаттардың және кейбір міндеттердің байланысу (қарым-қатынастық) бөлімін құрайды. Жасалынуы жоспарланған іс-шаралардың және ол үшін бөлінетін ресурстардың нақты тізімінің дайындалуын, мекен-жайын және уақыттың белгіленуін, кімнің тарапынан және қай уақытта жасалатын қамтитын үрдіс. Бағдарламалар, кәсіпорындарда төменгі деңгейдегі басқарушылардың қызметі және бір рет қолданылатын жоспар болып табылады.
Стратегиялар. Нарықтық экономика және бәсекелестік жағдайда кәсіпорынның ішкі және сыртқы орталарына талдау жасай отырып, алдағы атқаратын жұмыстарын алдын ала болжау және келешектегі алатын орнын анықтау үрдісі оның стратегиясы болып табылады. Нақтырақ туралы айтар болсақ кәсіпорынның күшті және әлсіз жақтары мен сыртқы ортадан келетін қауіп-қатерлері мен мүмкіншіліктерге талдау жасай отырып кәсіпорынның алдағы уақытта бағыт-бағдарын анықтау және оны басқару стратегиялық басқаруды қажет етеді.
Тактика. Тактика - қысқа мерзімді шешімдерден тұратын іс-әрекеттердің түрі болып табылады. Стратегия мен тактика арасында өте жақын байланыс бар. Стратегия - қайда бару керектігімізді, әрі не үшін баратынымызды білдіреді. Ал, тактика болса, сол жерге қалай жететінімізді көрсетеді. Стратегиялар жалпы алғанда жалпылықты, әрі ұзақ уақытты қамтиды, тактика болса көбінесе қысқа уақытпен байланысқан әрі шектеулі функциялар болып табылады.
Нормативтер. Нормативтер жұмыстың қалай жасалу керектігін (қандай стандартпен, қандай көрсеткіштермен ) көрсетеді және заңдылық күші бар іс-әрекеттер болып табылады.
Смета. Белгілі бір жұмыстың бітуі үшін жұмсалатын шығындарды құрайтын бірлік өлшемдері мен бағасы белгіленген активтердің жиынтығын көрсететін тізімді смета дейміз.
Жоспарлаудың амалдары:
- төменнен жоғары қарай жоспарлау;
- жоғарыдан төмен қарай жоспарлау;
- шеңберлі амал жоспары.
Төменнен жоғары қарай жоспарлау кезінде төменгі (бөлімшелер) жоспарлардан жалпы жоспарлар жасалады. Бұл прогрессивті амал. Жоғарыдан төмен қарай жоспарлау жалпы жоспар негізінде төменгі (бөлімшелер) жоспарлар дайындалады. Шеңберлі амал жоспарда жоғарыдан төмен, сосын төменнен жоғары жоспарланады. Жоспарлау техникасы жоспар түрінің уақытша құрылуы қатынасын анықтайды.
Кезекті жоспарлау: жаңа жоспар ағымдағы жоспар біткенде жасалады. Келер жылдың жоспары осы жылдың желтоқсан айында жасалады.
Сырғанақты жоспарлау: бұл жағдайда жоспарлау кезеңінің бір бөлігі біткеннен кейін, жобадағы жоспарды орындаудың жаңартылған барысы құрылады, онда болашаққа кезеңнің бір бөлігі жоспарланады және өтілмеген уақыт қайта қаралады (жоспарды ревизиялау).
Қатаң жоспарлау: жоспар нақты және өзгерту мүмкін емес. Нақты көрсетілмегендік есепке алынбайды.
Икемді жоспарлау: болашақтағы шарттардың пайда болуын жаңа ақпараттар мен өзгерген шарттарды есепке ала отырып жоспарды қайта қарауға мүмкіндік береді.
Жоспарлау үрдісінің сатылары.
1- саты: Мақсаттардың анықталуы.
2-саты: Мақсатқа жеткізетін жорамалдардың анықталуы. Жоспарлау кезінде келешекте ұшырасуы мүмкін оқиға-құбылыстар және кәсіпорын саясаты жайында кейбір жорамалдар нақтылануы тиіс. Бұл жорамалдар келешекпен байланысты болжамдар болып табылады.
3-саты: Баламалардың анықталуы. Жоспарлаудың үшінші сатысы баламалардың анықталуы. Мұнда әсіресе, тасада қалған алтернативтердің назарға алынуы маңызды болып табылады. Кейде бұлар да өте маңызды шешімдерді бере алады. Таңдамалардың анықталуында ең қолайлы шешімді беретін таңдау саны белгіленіп, осы мөлшер бойынша таңдау зерттеліп анықталуы тиіс.
4-саты: Баламалардың салыстырылуы. Кәсіпорын мақсатына бағытталған барлық баламалар танылып анықталғаннан кейін, бұларды мақсатқа сай бір-бірімен салыстыру керек.
5-саты: Баламалардың арасынан ең лайықтысының таңдалуы. Бұл сатыда жоспарлаушы, анықталған және салыстырылған баламалардың арасынан кәсіпорын үшін маңызды әрі қолайлы болып табылатын баламаны таңдайды. Таңдалынып алынған балама кейде бірнеше болуы да мүмкін .
6-саты: Төменгі жоспарлардың жасалуы. Белгілі бір шешім қабылданып ең қолайлы әрі лайықты баламаның әрекет ету тәсілі белгіленгеннен кейін атқарылатын жұмыс – негізгі жоспарға жәрдемші ретінде таңдалынып алынған баламаның қолданылуы үшін көптеген төменгі жоспарлардың жасалынуы болып табылады. Негізгі жоспарды жүзеге асыру үшін кәсіпорынның барлық бөлімдерінің басқарушылары да төменгі жоспарларды жасайды.
7-саты: Жоспарларды жүзеге асыру және оның жалғасымын қамтамасыз ету. Жоспарлар әзірленгеннен кейін атқарылуы тиіс ең маңызды жұмыс, жоспардың жүзеге асуын және жалғасын қамтамасыз ету. Өйткені көбінесе әзірленген жоспарлар жүзеге аспай тұрып аяқтаусыз қалады немесе қолданысқа түскеннен кейін белгілі бір уақытан кейін жарамсыз болып қалады. Мұндай жағдайда жұмсалған барлық шығындар және атқарылған қызметтер босқа кететіні секілді кәсіпорынның өз мақсатына жету мүмкіншілігі де құрдымға кетеді.