1 ДƏРІС. Кіріспе. Қазақстан Республикасында, ТМД мемлекеттерінде жəне шет елдерде мұнай өндіру саласының даму болашағы жəне негізгі бағыттары
Курстың мазмұны, оның тағайындалуы, сабақтас пəндермен байланысы, Қазақстан Республикасындағы мұнайгаз өндіру кəсіпорындарының қалыптасуы жəне дамуының тарихы.
Қазақстан Республикасының мұнай өнеркəсібі экономиканың жетекші саласы болып табылады.
Қазақстан Республикасы қазіргі таңда дүние жүзіндегі ірі мұнай өндіруші елдердің қатарына қосылып, дүние жүзі бойынша мұнайдың дəлелденген қорынан – 13, газ жəне конденсаттан – 15, мұнай өндіру көлемі жағынан 28 орын алады. Қазақстан дəлелденген қоры жəне мұнай өндіру көлемі бойынша ТМД елдерінің арасында екінші, ал газ бен конденсаттың қоры бойынша – төртінші орын алады.
Еліміздің территориясында 200-ден астам мұнай жəне газ кен орындары бар.
Өнеркəсіптік категориядағы мұнай қоры Қазақстанның алты əкімшілік облысында шоғырланған. Еліміздің батыс аймағының төрт облысында алынатын мұнай қорының 90%-ы шоғырланған. Атап айтсақ осы аймақта: Теңіз, Қарашығанақ, Өзен, Жаңажол, Кенбай сияқты жəне мұнай-газ қоры 100 млн. тоннадан асатын ірі кен орындары шоғырланған.
Табиғи газдың негізгі қоры екі облыста шоғырланған: Батыс Қазақстандағы (Қарашығанақ) жəне Ақтөбедегі (Жаңажол). Мұнай кен орындарындағы ілеспе мұнай газының потенциялы зор.
Қазақстан Республикасындағы шикізаттардың дəлелденген мол қорымен қатар болжамды ресурстар көлемі де баршылық.
Республикамыздағы мұнайдың құрлықтағы болжамды алынатын қоры 7,8 млрд. тонна жəне оның 2/3 бөлігі Батыс Қазақстанда шоғырланған, ал табиғи газдың болжамды қоры 7,1 трил.м3 болып табылады.
Каспий теңізінің Қазақстандық секторындағы мұнай газ қоры да мол. Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі Шығыс Қашаған құрылымына бұрғыланған барлау ұңғыларның нəтижесінде мұнай мен газдың өнеркəсіптік мол қоры дəлелденген.
Қазіргі кезде Каспий маңы ойпатында, Солтүстік Үстіртте, Маңғышлақ пен Оңтүстік Торғай ойпатында орналасқан 60-қа жуық кен орны игерілуде. Қазақстан Республикасында мұнай жəне конденсатты өндіру көлемі 2004 жылы 60 млн. тоннадан асты, ал газ өндіру көлемі 14.5 млрд. м3 құрады.
Мұнай өнеркəсібінің қарқынды дамуына байланысты ұңғы өнімін кəсіпшілікте жинау, тасымалдау жəне дайындау жүйесін жетілдіру мəселесіне көп көңіл аудару қажет.
Мұнайгаз өндіру кəсіпорындары мұнай өндіруді; мұнайды жинау, дайындау жəне тасымалдауды; мұнай газын жинау жəне дайындауды; қабат қысымын ұстап тұру жүйесінде пайдаланылатын тұщы жəне қабат суларын қабатқа айдау үшін дайындауды қамтамасыз ететін негізгі жəне қосалқы міндеттерді атқаратын құрылымдардың күрделі кешені болып табылады.
Мұнай кен орындарының тұрғызу жобасын жасауда жəне мұнай мен газ кен орындарын игеру кезінде жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауға, топырақтың, судың жəне атмосфералық ауаның ластануынан сақтауға үлкен көңіл бөлінеді.
Мұнай ұңғыларының өнімдерін кəсіпшілікте жинау жəне дайындау жағдайында өтіп жатқан құбылыстардың, үрдістердің жəне туындайтын мəселелердің сан алуандығы сонша оны бір кітап көлемінде ашып көрсетіп, тереңірек үңілуге толық мүмкінді бермейді. Мұнай кен орындарын игерудің қазіргі таңдағы дүниежүзілік тəжірибесі əртүрлі жағдайларда мұнайды, ілеспе газды жəне суды тиімді жинау жəне сапалы дайындауды қамтамасыз ететін əртүрлі техникалық жəне технологиялық шешімдерді, тəсілдер мен жабдықтарды қолданумен сипатталады. Технологиялық үрдістерде өнімділігі жоғары, толығымен немесе бір бөлігі ғана автоматтандырылған, саңылаусызданған блокты аппараттар мен жабдықтар қолданылады. Химиялық реагенттердің кең спектрі қолданылады.
Негізгі əдебиеттер: 1[8-9].
Қосымша əдебиеттер: 5,6,7.
Бақылау сұрақтары:
1.Қазақстанды мұнай өндіруші ел ретінде сипатта.
2.Қазақстандағы ірі мұнай мен газ кен орындарын атап беріңіз.
3.Сіз, қандай теңіздегі мұнай-газ кен орындарын білесіз?
Достарыңызбен бөлісу: |