1-дәріс. Кіріспе: салааралық және ғылымаралық байланыс



бет3/3
Дата27.01.2022
өлшемі43 Kb.
#129949
1   2   3
Байланысты:
1-тақырып. Фонетика ғылымының қалыптасу, даму кезеңдері және қазіргі күйі

о, а, ы, ұ, и, е), жарты дауысты (у, й), дауыссыз дыбыстар деп бөлген. Автор қ, ғ, к, г дауыссыз дыбыстарын жуан-жіңішкелік белгісіне қарай тоң дыбыстар деп таниды. Ғалымның бұл еңбегі 1925 жылы Қызылорда қаласында қайтадан басылып шығады. Онда дыбыстарды екіге бөліп, дауыстылардың а, о, ұ, ы, е түрлерін көрсетсе, дауыссыздарды беске топтайды: жарты дауысты дыбыстар: р, л, и, у; қатаң: б, п, т, с, ш, қ, к; ұяң: м, н, ң; ымыралы: з, ж; ымырасыз: д, ғ, г.

А.Байтұрсынұлы еңбектерінде халықаралық деп жүрген терминдерді мүлде пайдаланбай, қазақ тілінде өзінше атаулар жасап, тіл дыбыстарын талдайды. Оның 1914 ж. мен 1925 ж. жарық көрген «Тіл - құрал» атты кітаптарында өзгешелік кездеспесе де, 1927 ж. шыққан «Дыбыстарды жіктеу туралы» деген мақаласы мен 1928 ж. шыққан «Тіл жұмсар» атты кітабы бүгінгі таңдағы дыбыстарды топтастыруға біршама жуық еңбек болып табылмақ.

А.Байтұрсынұлынан кейін қазақ тіл білімінің зерттелуіне өз үлестерін қосып, құнды мұра қалдырған Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, С.Жиенбаев, Қ.Басымұлы сынды ғалымдарымыздың еңбектері тіл білімінің алға басуына септігі тигені анық. Олардың заман талабымен жазылған зерттеулері соңғы кезде де өз қолдауларын тауып келеді. Қазақ тілінің дамуына татымды еңбек етіп, елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері – Х.Досмұхамедұлын да айта кету орынды. Оның «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» (1924) атты еңбегі қазіргі кезде де өз құндылығын жойған жоқ. Сингармонизмге арналған осындай ірі зерттеулердің бірі – 1941 ж. «Халық мұғалімі» журналының 3-4 сандарында шыққан Ғ.Бегалиевтің «Сингармонизм деген не?» деген 10 беттік мақаласы.

Қазақ тіл білімінің арнаулы бір қалыпқа түсіп зерттелуі 30-шы жылдардан басталады. Бұл кезең ғалым Қ.Жұбанов есімімен байланысты. Оның 1935ж. 6-сыныпқа арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулығының 4-5 тараулары фонетикаға арналған. Автордың еңбегі жоғарыдағы талданған зерттеулермен салыстырғанда, бір жүйеге түскен, яғни дыбыстар, дыбыстау мүшелері, буын, екпін, дыбыстардың үндесуі рет-ретімен қарастырылған.

Фонетика 40-шы жылдардың аяқ кезіне дейін арнайы зерттелмей, мектеп оқулықтары көлемінде ғана сөз болып келді. Олардың қатарына М.Балақаевтың 1941 ж. шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы», С.Кеңесбаев пен С.Жиенбаевтың «Қазақ тілі грамматикасы» (1950), С.Кеңесбаев пен К.Ахановтың «Қазақ тілі грамматикасы» (1951), А.Ысқақов мен К.Ахановтың «Қазақ тілі грамматикасы» (1953), Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев «Қазақ тілі грамматикасы» (1948), педучилищеге арналған Н.Сауранбаевтың «Қазақ тілі» (1953) еңбектерін жатқызуға болады.

Жинақтай келе, қазақ тілі фонетикасының төл тілінде алғашқы соқпақ салып зерттелуі мектеп грамматикасы тұрғысында жүзеге асады. Мектеп оқулықтары көлемінде жазылған еңбектер қазіргі ғылыми фонетиканың қол жеткен биік шыңынан көрінуіне септігі тигені анық.

Жоғары оқу орындарының ашылуы, кадрлардың сапалы білім алу үшін, оқу құралдарын қажет етті. Сондай туындылардың бірі – 1954 ж. шыққан «Қазіргі қазақ тілі» атты монография. Оның фонетика бөлімін І.Кеңесбаев жазған. Ол еңбек 1962 жылы әрі қарай толықтырып, дамытылып баспа бетін көреді. Оқулық лексика және фонетика пәндеріне арналып «Қазіргі қазақ тілі» деп аталды. Лексиканы – Ғ.Мұсабаев, фонетиканы – І.Кеңесбаев жазды. Бүгінгі таңда қазақ тілінің фонетика саласының зерттелуі айтарлықтай жоғары дәрежеге жетті. Оның зерттелуіне зор үлес қосып, еңбек сіңірген ғалымдар: С.Мырзабеков, Ә.Жүнісбеков, М.Жүсіпов, С.Татубаев, Н.У.Түрікбенбаев, Ж.Әбуов, З.М.Базарбаева, А.Есентемирова т.б. Аталмыш ғалымдар фонетика саласының кейбір мәселелерін жаңа қырынан қарап, зерттеу үстінде.



2. Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Тіл дыбыстары - әрбір тілдің өмір сүру тәсілі. Тілдің дыбыстық жағы – сөздер мен грамматикалық тәсілдердің өмір сүруінің формасы болып танылады.

Тілдегі лексикалық және грамматикалық құбылыстар тіл дыбыстарымен, тілдің дыбыстық жүйесіндегі фонетикалық құбылыстармен әрдайым байланысты, қарым-қатынаста болады. Лексикалық элементтер болсын, грамматикалық элементтер болсын, белгілі бір дыбыспен немесе дыбыстардың тіркесімен айтылады, сол арқылы өмір сүреді. Мұнымен бірге тілдің дыбыстық жағының өзіне тән қасиеттері мен ерекшеліктері және әр түрлі заңдары болады, сондықтан тіл дыбыстары, дыбыс заңдары тіл білімінің арнаулы бір саласы – фонетиканың зерттеу нысаны болып саналады.

Фонетика лингвистика ғылымының арнаулы бір саласы бола отырып, тілдің лексикасымен де, грамматикасымен де астарласып, байланысып жатады. Бұлай болатындығы фонетикалық құбылыстар мен үрдістер тілдегі сөздерден тыс емес, қайта әрдайым сөздердің ішінде болады, ал сөздер грамматикамен тығыз байланыста, әрқашан қарым-қатынаста болады. Омонимдерді қоспағанда, тілдегі сөздер бір-бірінен дыбыстық айырмашылықтары арқылы ажыратылады.

Фонетика грамматиканың морфология саласымен де, синтаксис саласымен де байланысты. Морфология сөздердің өзгеру, түрлену ережелерін белгілей отырып, фонетиканың қағидаларынан аулақ кете алмайды. Дыбыстардың алмасуы морфологиялық қызмет атқаруы да мүмкін.

Фонетиканың синтаксиспен байланысы мынадай жайлардан көрінеді: сөйлемдердің әрбір түрі өзіне тән интонациямен айтылады. Сөйлем пауза, фразалық екпін және мелодика арқылы мүшеленеді.

Фонетиканың теориялық жағымен қатар, тәжірибелік жағының да үлкен мәні бар. Фонетиканың тәжірибелік мәні әр саладан көрінеді. Мектептерде дұрыс оқытудың да, дұрыс жаздырудың да методикасының көптеген мәселелері фонетикаға негізделеді. Сауаттылыққа үйрету тілдің жазба түрі мен ауызша түрінің арасындағы айырмашылықтар мен күрделі байланысты бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мәселелерді оқып меңгеру – ең алдымен, тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен фонетикалық заңдарды жете білуді қажет етеді.


ӘДЕБИЕТ:

  1. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. –Алматы, 1999

  2. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –Алматы, 1987

  3. Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер. –Алматы, 1988

  4. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы, 1975

  5. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. –Алматы, 2003

  6. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы, 1966


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет