1 дәріс. Психологияның қазіргі жүйелері



бет14/16
Дата07.02.2022
өлшемі185 Kb.
#96293
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Дәрістер-қаз пс мект-1

Сонымен, Қазақстанда психология ғылымының дамуында А.П.Нечаевтың сіңірген еңбегін ерекше бағалауға болады.
Қазақстан педагогикалық институттарында педология 1936 жылғы 4 шілдедегі партияның қаулысы қабылданғанға дейін пән ретінде оқытылып келді. Жоғары педагогикалық оқу орындарында педагогика және психология пәндерімен қатар педологиядан белгілі ғалымдар, мәселен, қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында педагогика және педология кафедрасының меңгерушісі Шарапи Әлжановтың, дарынды әмбебап ғалым, Қазақстанда жоғары педагогикалық мектепті белсенді ұйымдастырушылардың бірі, профессор Халел Досмұхамедовтың, Орал педагогикалық институтында психология және педагогикадан дәріс берген, Орта Азия мемлекеттік университетінің түлегі, кейіннен Қазақстанда жоғары педагогикалық білім беруді дамытуға ат салысқан, белгілі психолог-ғалымдардың бірі Абдолла Темірбековтың, Республикада психология ғылымын дамытуда ерекше еңбек сіңірген көрнекті психолог- ғалым Салкен Балаубаевтың есімдерін ерекше атауға болады. С.Балаубаев пен Ш.Әлжановтың басшылығымен 1934 жылы Залкиндтің «Педология» оқулығы қазақ тіліне аударылды.
30-жылдары А.Темірбеков Орал педагогика институтында педология мен психологиядан қазақ тілінде студенттерге дәріс оқыды, қазақ тілінде психология және педология курстарынан оқулықтар мен оқу құралдары болмады. Студенттер А.Х.Темірбековтың басшылығымен психологиядан К.Н.Корниловтың, педологиядан П.П.Блонскийдің орыс тілінде шыққан оқулықтарын пайдалануына тура келді.
30-жылдары педагогикалық институттарға арналған психология бағдарламасы профессорлар С.Л.Рубинштейн мен К.Н.Корниловтың жетекшілігімен жасалды. Республика жоғары оқу орындарында профессор С.Л.Рубинштейннің «Жалпы психология негіздері» оқулығы мен профессор К.Н.Корниловтың «Психология» оқулығы қолданылған болатын.
«Психологияның қазақ бөлімдері педагогикалық институттардың жанынан кейінірек ашылды, білімді маман кадрлардың, ана тілінде психология оқулықтарының болмауы, ғылыми терминологияның әлі де жеткіліксіз жасалуы көп уақытқа дейін бұл маңызды шараны іске асыруды тежеген болатын»,-деп жазды белгілі психолог-ғалым, профессор Қ.Б.Жарықбаев.
1938-1939 оқу жылынан бастап, жалпы психология курсы студенттерге ана тілінде оқытыла бастады. Педагогикалық жоғары оқу орындарында психология курсын оқытуды дұрыс жолға қоюда қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика және психология кафедрасы, меңгерушісі Төлеген Тәжібаевтың еңбегінің мәні зор болды.
1947 жылғы 13 мамырда КСРО Жоғары білім министрінің жоғары және арнаулы орта оқу орындарын даярлау туралы бұйрығы жарияланды. Жоғары және арнаулы оқу орындары үшін логика және психология оқытушыларын даярлау мақсатында 1947-1948 оқу жылында Одақтағы басқа да 16 мемлекеттік университеттердің бірі болып, Қазақтың С.М.Киров атындағы университетінің филология факультетінің жанынан логика және психология бөлімі ашылды. Сол жылы Қазақтың мемлекеттік университеті жанынан логика және психология мамандығы бойынша аспирантура ашылды. Алғашқы кезде бөлім ұйымдасқанда логика және психология мамандықтары бойынша ғылыми кадрлар жетіспеді. Психология кафедрасы ашылып, белгілі маман кадрлармен бірте-бірте толықты.
Психология бөлімін ашуда және психологиядан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде, қазақ психология ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан белгілі ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, дипломат Т.Тәжібаевтың(1910-1964) ұйымдастырушылық жұмысын ерекше атаған жөн. Ол Шымкенттің педагогикалық техникумын үздік тамамдаған кейін (Ж.Аймауытов Шымкент педтехникумының директоры, педагогика және психологиядан дәріс берді) Мәскеудің Н.К.Крупская атындағы коммунистік тәрбие академиясын 1935 жылы ойдағыдай бітірді.Т.Тәжібаевты Академия ұжымы аспирантураға қалдырады. Аспирантурада оқыған кезінде Т.Тәжібаевтың әлемдік психологияның көрнекті өкілдерімен жете танысады.
1939 жылы Ленинград қаласында «К.Д.Ушинский – Ресейдегі педагогикалық психологияның негізін салушы» тақырыбында бұрынғы Одақта бірінші рет орыс педагогикасының классигі К.Д.Ушинскийдің психологиялық мұрасын зерттеген тұңғыш ғалым-психолог. Ол Алматыда Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ университетінде психологиядан қазақ тілінде дәріс берді, психология кафедрасын басқарды.
Соңғы жылдары Т.Тәжібаевтың әр жылдарда республикалық педагогикалық басылымдарда жарияланған мақалалары жарық көрді. Бұл ғылыми мақалалар мен дәрістердің студенттер мен мұғалімдердің психологиядан бір жүйелі білім алуына септігі тиді.
Осы еңбектерінде белгілі жүйеге түспей жүрген ұлттық психология ғылымының терминдерін жан-жақты зерттеп, бір жүйеге келтіруде біршама еңбектенді.
Т.Тәжібаевтың «Жалпы психология» оқулығы «Қазақ университеті» баспасынан 1992 жылы жарық көрді. Еңбекте психология ғылымының теориялық негіздері жан-жақты баяндалады.
Еліміздің белгілі психолог-ғалымы, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы, Саратов университеті медицина кафедрасының меңгерушісі Иосиф Лазаревич Стычинский(1896-1969) 1946 жылы Алматыға келіп, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында психология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды, соңғы жылдары оның профессоры болып жұмыс істеді. Ол Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында психолог-аспиранттарға ғылыми жетекшілік етті. И.Л.Стычинскийдің ғылыми жетекшілігімен психологиядан бірнеше рет ғылым кандидаттары даярланды. Бірінші рет Республикада жоғары жүйке қызметі зертханасы жұмыс істеді. И.Л.Стычинский И.П.Павловтың іліміне байланысты бірнеше ғылыми еңбектер жариялады.
Қазақ психология ғылымының қалыптасуында өзіндік орны бар көрнекті психологтарымыздың қатарына Сәлкен Балаубаевты(1902-1972) жатқызуға болады. Ол Орта Азия мемлекеттік университетінің түлегі, кейіннен Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында оқытушы, Қазақ ССР Халық ағарту комиссириаты жанындағы әдістемелік кеңесте жұмыс істеді.
С.Балаубаев еңбектері қазақ психологиясы тарихында елеулі орын алады. С.Балаубаев біраз жыл қуғын-сүргінге ұшырады. 1937-1938 жж. Заңсыздық пен жеке адамға табынудың салдарынан көп жылдар үзілістен соң Қарағандыда ұзақ жылдар студенттерге психологиядан дәріс оқыды, ғылыми жұмыспен айналысты. 1966 жылы Абдолла Темірбековпен бірлесіп, университеттер мен педагогикалық институттарға арналған «Психология» (Алматы, 1966 ж.) оқулығын жазды.
Республикада психологиядан алғаш рет кандидаттық диссертациялар қорғала бастады. Олар: Е.Суфиев, А.Темірбеков, М.Мұқанов, А.Асылбеков, Қ.Жарықбаев және т.б.
Қазақстан психологтарының ғылыми тұрғыдан өсуіне Ресей ғалымдарының көмегі орасан зор болды. Москва мен Ленинградтың жоғары оқу орындарының психология кафедрасында психологиядан бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды (Н.Айғабылов, А.Көсеубаев, Г.Айманов және т.б.).
Қазақстанда психология ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан психолог- ғалымдардың ішінен Абдолла Темірбековты(1904-1972), Елеш Суфиевті(1919-1980), Мажит Мұқановты(1920-1985) атауға болады. А.Темірбеков 30-40 жылдары Орал, Қызылорда пединституттарында директордың орынбасары, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында факультет деканы, Өскемен педагогикалық институтының ректоры, кейінгі жылдары Алматы шет ел тілдері институтының педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет