Мұғалім еңбегінің гуманистік бастауының саналы түрде алдыңғы қатарға
шығарылуы барлық замандардағы педагогтарды сипаттайды. Фридрих Адольф
Вильгельм Дистервег XIX ғасырдың орта кезінде былай деп жазады: «Әрбір жеке
тұлғаның бойында, әрбір ұлтта гумандылық, ойшылдық деп аталатын ойлардың
образы тәрбиеленуі керек, ол жалпы адами игі мақсаттарға ұмтылушылық».
Л.Н. Толстой педагогикалық мамандықтың гуманистік бастауын балаларға
деген сүйіспеншілік деп қараған. «Егер мұғалім тек ісін ғана сүйетін болса, ол
жақсы мұғалім болады. Егер мұғалім әке-шеше сияқты тек баланы ғана сүйетін
болса, ол кітап атаулының барлығын оқыса да, не ісін, не баланы сүймеген
мұғалімнен артық мұғалім болады. Егер мұғалімде өз ісіне де балаға да
сүйіспеншілік сезімі болатын болса, ол – нағыз мұғалім».
В.А. Сухомлинский мектептің ең бірінші міндеті «әр оқушының бойындағы
қайталанбас бірегей дарынды тану, анықтау, ашу, әлдилеп, жетілдіріп, өсіру» деп
санаған.
Педагогикалық мамандық өзінің мәні жағынан – шығармашылық мамандық.
Ол педагогикалық құбылыстағы жаңалықтарды таба білуді, көзге көрінбейтін
заңдылықтарды анықтауды, қадағалай білуді, және қадағалай отырып
маңыздысын аша білуді, педагогикалық фактілерді талдауды ұдайы талап етеді.
«Мұғалімдік дегеніміз – өнер, ол жазушының немесе композитордың жұмысына
қарағанда шығармашылық тұрғысынан еш кем емес, бірақ анағұрлым ауыр және
жауапты іс. Мұғалім адам жанынан композитор сияқты музыка арқылы емес,
немесе суретші сияқты адамға бояулар мен түстер арқылы әсер етпейді, ол адам
жанына тікелей ықпал етеді. Өзінің тұлғасымен, өзінің білімімен, махаббатымен,
өзінің өмірге деген көзқарасымен тәрбиелейді» [11].
Педагогикалық шығармашылықтың көрініс беретін саласы педагогикалық
қызметтің негізгі қоспаларының құрылымымен анықталады және оның барлық
жақтарын қамтиды: жоспарлау, нәтижелерді ұйымдастыру және талдау. Қазіргі
ғылыми әдебиеттерде педагогикалық шығармашылық өзгеріп отыратын
жағдайларда педагогикалық міндеттерді шешу үдерісі деп қабылданады.
Осылайша, мұғалім мамандығы – ол биік те жауапты мұрат, оның мақсаты –
тұлғаны қалыптастыру және оның өздігінен анықталуына, адамның бойында
адамның бекуіне дем беру. Білім жүйесіндегі барлық реформалар мен
жаңғыртулардың басты тұлғасы мұғалім болып табылады, өйткені үнемі өзгеріп
отыратын әлеуметтік-мәдени жағдайларда жолды еркін таба білетін
шығармашыл, әлеуметтік тұрғыдан белсенді, білім беру үдерісінде
жауапкершілікпен және кәсіпқой әрекет ететін тұлғасыз пәрменді педагогикалық
жүйелер құру мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: