ЖАНР ЖІКТЕУІ
“Поэтика деген сөз, – академик З. Қабдолов дәйектегендей, – біздің бүгінгі теориялық түсінігімізде көркем творчество немесе сөз өнері туралы ғылым” /Сөз өнері: өңделіп, толықтырылып төртінші басылым. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 49 б./. Демек, соның бір негізгі бөлігі есебінде фантастика жанры поэтикасы турасындағы ой-толғам, іздестіру-зерттеу мәселелерін қарастыру – толғағы жеткен, күн тәртібіндегі проблема.
Саналы адамзаттың мыңдаған ғасырлар қаншама өткелектен өткен сан қилы замандарында қандай да бір әтібірлі жетістіктерге ие болса, бәрінен бұрын өз бойындағы қасиетті қиялдағыш күшінің арқасы деп білу керек. Өйткені: ғұлама әл-Фараби айтпақшы, “өткен кездегі бір затты түсіну үшін не болмаса қиялдағыш күш арқылы бейнеленген затты білу үшін ол (адам. – А.-Х.М.) әуелі қиялдау күшін іске қосады… Қиялдағыш күш – сезімтал күш пен ойлаушы күштің арасындағы дәнекер” /Трактаты о музыке и поэзии. –Алматы: Ғылым, 1993. – 288 б./. Сол “дәнекер” қызметін баяғыдан бері, қазірде де фантастикалық әдебиет мойнымен көтеріп келе жатқаны белгілі. Демек, осы әдебиет феномені – фантастикалық жанрдың қатпар-қатпар қыртысты табиғатын ашу жолында зерттеулер жүргізу – бүгінгі метағылымның бір сыңары – әдебиет теориясы немесе фантастикатану саласының міндеті болса керек.
“Жазушы атаулының бәрінің де творчествосында қиялгерлік желі болуы тиіс” десек, артық айтқандық емес. Ал, ол қиял сарындары, детальдары, көріністері, желілері қанша мөлшерде ұшырасатыны – мәселе, міне, осында. Ұлы Абай өлеңінің классикалық жолының бір-ақ сөзін өзгертіп, “қиялға әркімдердің бар таласы” десек, шындықтан қашық кете қоймаспыз. Дегенмен, қиялдың да қиялы бар. Олардың ырабайда бірен-сараңы ғана әдеби-көркем қиял әлемінің босағасынан аттауы мүмкін.
Бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрын туғызып, қалыптастырып, өркендетіп, қазірде ауыз толтырып айтатындай дәрежеге жеткізген – сол бірен-сараңдардан әдебиет қазынасына қосылғандары. Олардың сапынан роман, повесть, әңгіме, драма, поэмаларды көре аламыз. Фантастикатану ғылымының ендігі парызы – сол әдебиеттегі жанр поэтикасын саралау.
Орындалуы тиісті сан алуан міндеттер атқаратын, кез келген тақырыпқа мұрындық бола алатын әмбебап аталмыш жанрдың тылсым табиғатын ашу үшін әр тұсынан келуге болады. Соның әр сәтінде де зерттеуші алдынан әдебиеттің осы бір сиқырлы құбылысы жаңаша кең өріс ашып отырады. Сондықтан да күні бүгінге дейін тіпті күллі әлем қабылдаған фантастиканың әдеби-теориялық анықтамалары жоқ. Рас, фантастиканың ішкі механизмдерін айқындауға талаптанушы авторлар жеткілікті. Алайда тұтастай жанр табиғаты жөнінде күллі фантастикатанушылар болып, кейбір теориялық пайымдаулары бір нүктеде қиылысып немесе бірін екіншісі толықтырып жататындай ортақ пайымдаулар байқалмайды.
Қазақ фантастикатану әлемінде ондай құбылыс өткен ғасырдың екінші ширегінен басталған-ды. Әлі де ауыз толтырып айтарлықтай әтібірлі туындыларымыз жүзеге шыға қоймаған кезде-ақ творчестволық интуициясымен қазақ әдебиеті теориясын қалыптастырушы-патриарх А. Байтұрсынов: “Қиял жолы әліптемесі деген әліптеменің бір түрі бар. Ондай әліптемелер жолаушының жазған сөзі емес, қиял кезуінің сөзі болады. Жазушының қиялын жазушы жүргізіп, қиял көзімен көргенін сөйлейді. Ондай жол әліптемесі ғылым мағлұматын беру мақсатпен де жазылады”/Шығармалары, өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1988. – 218 б./, – деп, көрегендік танытып, жанр теориясына жол сілтегенін аңғарамыз.
Осы дәйектемеден он бес жыл бұрынғы: “Тән көмілер, көмілмес өткен ісім, // Ойлайтындар мен емес бір күнгі ісін. // Жұрт ұқпаса, ұқпасын – жабықпаймын. // Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін” /Сонда. – 39 б./, деген өлең жолдары әлгіндей түйіндемелерінің алғашқы нышаны есепті.
Аталмыш ұлы ойшылдың замандасы: “Ақыл құсы адаспай аспандаса, // Әлемде нәрсе болмас көзден таса. // Жеті көк жерден оңай басқыш болып, // Ғарышқа қол жетеді қармаласа” /Шығармалары. (өлеңдер, дастандар, қара сөздер) , – Алматы: Жазушы, 1988. – 259 б./, – деп жырлаған Шәкәрім де әдбиетке енді-енді бой көрсетпек бір ғажайып та сиқырлы құбылысты сезген. Оның мәтіндік сипатын былай береді: “Жай қиял дейтін бір ауру бар «…» барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған. Адам – осы жаралыстың бір бөлігі, бұл жаралыстан, табиғаттан бөлек емес. Сондықтан адамның бұл дүниеде, табиғатта жоқ нәрсені ойлауының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады, бір. Екінші, сол қиял болмайтын нәрсе деп отырғанымыз ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін. Неге десеңіз, бұрын “фантазия”, “қиял” деп жүрген ойлар бүгін мүмкін дағдылы іс екенін танып, құтыла аламыз ба? Әрине, қиялдың да шегі бар. Меніңше, айтқалы отырған ойым болмайтын қиял емес, болуға мүмкін” /Сонда. – 540 б./.
Жарияланған кездері шамалас екі зерделі тұлғаларының қазақ әдебиет көкжиегінен көрінер-көрінбес қиял тақырыбының табиғаты турасындағы толғамдары біріне екінші астасып жатыр. Мысалы: қазақ әдебиеттану ісінің пионері – А. Байтұрсынов адам санасындағы сөз өнерінің үш негізінің екіншісі – “қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау” мәселесін баса көрсете отырып, “қиял кезуінің сөз болатын” әліптеме-суреттеу екенін баяндайды. Оның үстіне ұлы мәністемеші аталған әліптеме ғылым мағлұматын беру мақсатында да жазылатынын атай өтіп, жанрдың бүгінгі таңдағы ғылыми-фантастика саласының қалыптасатынын мезгегендей.
Шәкәрім болса, ғылым атаулының барлығы да қиялдан туатынын, ал адам жаратылыс-табиғаттың бір субъектісі есепті табиғаттан тыс нәрсені ойлауының өзі мүмкін еместігін, болуға тиісті нәрсені ғана ойлай алатынын қисындайды. Екіншіден, бұрын “фантазия”, “қиял” деп жүрген ойларды жоққа шығармайды. Осы тәріздес пайымдауларымен қармаласа, ғарышқа да қолы жететін жанр туындыларының бір-жар ерекше қасиеттерін ашуға тырысқан.
Өткен ғасырдың бірінші жартысында әдебиет қорымызда фантастика саласында қиял-ғажайып ертегілер, аңыз-мифтер, батырлар жырларындағы қиял, арман сарындары, одан беріде фольклор сюжеттері негізінде жазылған Абайдың үш поэмасы, Жамбылдың бір дастанынан басқа, Т. Жомартбаевтың “Қыз көрелік” романы, С. Ерубаеавтың “Келешек соғыс туралы” новелласы ғана бар болатын. Әрине, олардың негізінде жанр жөнінде баянды, тиянақты теориялар сараптау қиын еді.
Сондықтан да, академик М. Қаратаев айтпақшы, “қай кезде болғанмен, әдебиеттің жаңа дәуірі адамға деген жаңа көзқарастан және жаңа адамға айрықша назар аударудан басталады. Бұл дағы нағыз көркем өнердің негізгі мазмұны адам өмірі екенін растайды” /Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 2т. – Алматы: Жазушы, 1974. – 161 б./, деген бір пікіріндегі “адам” сөзінің орнын “қиял” не “фантастика” дегеннің бірімен алмастырса, қазіргі жанрымызға тура бағышталғандай пайымдау болар еді. Және де академиктің: “Әдебиетте және оның теориясында өзгермей, қатып қалатын және барлық кезге бірдей құбылыс болмайды. Әдебиеттің тегі, түрі, жанры туралы ертеде қалыптасқан ұғымдар… заманға қарай өзгеріп, жаңарып отыратыны белгілі” /Сонда. – 247 б./, – дегенін кәперге алсақ, өткен ғасырдың екінші бөлігінде дүниеге келген фантастика жанры хақындғы ой-пікірлер әлгі айтылған қағиданы қолдайтынына көзімізді жеткізеді.
Әдеби сын мен теориялық тұжырымдар көркем шығармалардың негізінде туындайтынын мойындасақ, жиырмасыншы ғасыр ортасында дүниеге келген жанр туындылары жөніндегі сын мақалаларының молдығы соған дәлел бола алады. Олардың авторлары – геология, физика, химия, медицина т.б. ғылым өкілдері қаламынан туған рецензия, сыни, шолу және жанр тарихы мен теориясын қозғайтын мақалаларымен баспасөз жүзін көрді. Әсіресе, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор А. Машановтың, өнертапқыш-инженер С. Қышқашевтің, тау-кен инженері Ш. Әбдірамановтың, физик Р. Баймановтың, сыншылар З. Серікқалиев пен Т. Мыңжасаровтың мақалалары қазақ фантастикасының кешегісі, бүгінгісі және, тіпті, ертеңгісі турасында елеулі-елеулі ой-пікір түйіндеген.
Солардың ішінде С. Қышқашев “Жас жанр” тақырыпты проблема мәселесін қозғайтын мақаласында: “Жаңа, жас жанр қазір алғашқы адымдарын жасап, үлкен жолға шығып келеді. Алғашқы талпыну, іздену үстіндеміз” /Қазақ әдебиеті. – 1963. – 26 қаңтар/, деумен шектелсе, Ш. Әбдіраманов: “Мәуелі ағаштай майыса толықсып, ауыз толтыра айтатын табыстары аз емес. Бірақ, басқа туысқан әдебиеттерде әлдеқашан түндік көтеріп, отау боп орнығып алған ғылыми-фантастика жанрының қазақ топырағында әлі де қоныс тебе алмай, кенжелеп келе жатқнын жасыра алмаймыз” /Қазақ әдебиеті. – 1966. –15 шілде/, деп, жанрды мүлде жетімсіретіп жібереді.
Фантастикатану туралы тұңғыш мәселе көтерген “Қисынды қиял да – әдеби жанр” мақаласынан бастап, “Әңгіме фантастикалық жанр туралы”, “Болжам батыл болсын” т.с.с. бір қатар мақала жазған маркшейдер-профессор А. Машанов “әлқиссасы” қиял-ғажайып дүниелерден басталған-ды. Ал, бүгінгі таңдағы ӘФ және ҒФ жанрына, белгілі сыншы, филология ғылымының кандидаты З. Серікқалиевтің пайымдауынша, “қиялданған, армандалған, кей салада ғылыми дәлелденген болашақ өмір сарыны, ғылым мен техника дамуының бүгінгі ұлы прогресі, болашақтың айқын сипаттамасын беретін, оны мейлінше жақындататын ғажайып жаңалықтар, космос кеңістігін игеру дәуірі басталып, табиғат байлығының ғылымға айналуы – бізде ғылыми фантастика туып, қалыптауына тікелей ықпал жасайтын қолайлы жағдай екендігі айтылған” /Ақ жол. Сын кітабы: мақалалар, зерттеулер. – Алматы: Жазушы. –1990. – 265 б./.
Аталмыш проблеманы осылай жалпылама қозғаудың табы кейінгі жылдардағы жарияланған белгілі, белгілі авторлардың көлемді-көлемді дүниелерінде байқалады. Мысалы, жазушы-медик С. Ғаббасовтың фантастикалық “Кәусар” романына атақты ақынымыз Ә. Тәжібаевтың білдірген пікірі: “Жалпы әдебиеттегі қазіргі фантастика жанрларының алуан-алуан түрлері бар. Солардың ішінде ерекше мәнді, тегеуріні темірдей логикаға құрылған нағыз ғылыми фантастиканың орны бөлек. Өйткені, ол бүгінгі қиял болғанымен, адамзат ұрпағының ертеңгі жетер мұраттарын сөз етеді. Ғасырлар асуынан асып, келер өмірдің бейнесін жасаумен бүгінгі ұрпақты алға ұмтылдырады. Олардың ертеңіне деген сенімдерін күшейтеді”/Социалистік Қазақстан. – 1987. – 23 мамыр/, – деген абзацпен басталып, жалпы жанр болмысы жөніндегі пайымдауы осымен шектеледі. Демек, біздің объектімізге атақты ақын, публицист тұрғысында назиралы ой күткен үмітіміз ақталмады деп білеміз. Өйткені: рецензент бағалағандай, “ерекше мәнді, тегеуріні темірдей логикаға құрылған, адамзат ұрпағының ертеңгі жетер мұраттарын сөз ететін” жағдайды біз тек қана ӘФ емес, сондай-ақ, барлық реалистік те әдебиеттен күтуге хақылы екенімізге талас болмас. Демек, Ә. Тәжібаевтың дуалы ауызын жанр мағынасын, табиғатын айқындауға септігін тигізер пайымдау есіте алмадық.
Академик С. Қирабаев “Балаларға арналған үлкен әдебиет жасайық” деген мақаласында тілге тиек еткенінен-ақ фантастика жанры жөнінде ұстанған позициясы қандай екенін аңғара алсақ керек. Автор жас ұрпақты білім, өнерге баулуда фантастиканың үлкен үлесі барын айта келе, ондай шығармалардың бізде кейінгі кездері туып жатқанын мәлімдейді. Мақаланың бізге қатысты үзігін: “Фантастикалық әдебиеттің дамуы жайлы тереңірек ойласу керек. Асылы, ғажайып оқиғаларға араластыра отырып, фантастикалық әдебиет адам тағдыры туралы әңгімелеуге тиіс”/Өнер өрісі. Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1971. – 71 б./, – деп, түйіндейді. Бұл қазақ әдебиеттану саласындағы жетекші ғалымдарымыздың бірінің тілегі болар. Алайда, сонымен қатар жанрдың алдында, өз зерттеулерін күтіп тұрған проблемалардың бірсыпыраларын мезгесе – фантастика теориясы ұтысқа шығары сөзсіз еді. Ол үміт ақталусыз қалды деп білеміз.
Жанр сырын ашуға біршама ұмтылыс білдірген белгілі әдеби сыншы З. Серікқалиев болды. ХХ ғасырдың 60-жылдарының бас шенінде қазақ фантастикатану саласында пікір білдірушілер легінің газет, журналдар беттеріндер жапа-тармағай жарық көрген мақалалар арасында оның “Болжал батыл болсын” деген дүниесі көлемі жағынан ерекшеленген еді.
Кейін автор осы мақаласына қайта айналып соғып, соның негізінде “Қиыл қанатында” аталатын кеңейтілген, толықтырылған нұсқасын сыни-зерттеу кітабына енгізген. Сыншы жалпы фантастиканың қазақ әдебиетінде, жеке жанр ретінде қоныс тебуінің қуаныш-реніші – өз алдына, кейінгі кезде бой көрсеткен үкілі үміт – сол жанрдың сыны да “өз дауысын білдіріп келе жатөанына” қуанышын білдірген.
Сонымен қатар өз халқын шын сүйетін, өз халқының білімді, мәдениетті, жан-жақты болуын шын жүрегімен қалайтын әрбір қазақ оқымыстысын, қазақ жазушысын ӘФ және ҒФ шығармалары мүддесімен ойланып-толғанатын мезгіл жеткенін ескертеді. Жанр табиғатына қатысты нақтылағанда, З. Серікқалиев: “Қазіргі заман фантастикасы, ең алдымен, шын мәніндегі көркем шығарма бола отырып, нақтылы ғылыми деректерге сүйенуге тиіс. Болашақ қоғам туралы, ғылым мен техника дамуының келешегі жайында батыл болжамдар ұсынып, қоғамдық мәні зор түбегейлі мәселелерді, адам баласының ең көкейтесті арман-үмітін жеткізіп беруге міндетті” /Ақ жол. – 274-275 бб./ деп санайды.
Мұндағы болашақ қоғам, ғылым мен техникада жаңа технологияларды жүрексінбей ұсыну секілді тағы басқа да ұсыныстарын жанрдың жалпы функцияларының үйреншікті, қажетті компоненттері есебінде қабылдауға болар. Алайда, фантастиканың нақтылы ғылыми деректерге сүйену тиістілігі жөніндегі талабы негізсіз деп білеміз. Оны қазақ фантастикасының өткеніндегі “Келесі соғыс туралы” новелладағы профессор Кувясидің адам ұйықтататын ультракүлгін сәулесі, атмосфераға таратылатын электр тозаңы, “қанаты жоқ, тұмсығы снарядтай сүйір” самолет-амфибия, “бір минутта Айды айналып келетін ракетопланның зертханалық нұсқалары мүлде жоқ және болуы мүмкін де емес өткен ғасырдың отызыншы жылдарында С. Ерубаев қандай нақтылы ғылыми деректерге сүйене алмақ еді? Әйтпесе, М. Сәрсекеестің “Жетінші толқын” романындағы негізгі фантастикалық идея – электр тоғын сымсыз, ауа толқыны – эфир арқылы тарату проблемасын оқымыстылар күні бүгінге дейін теория мен эксперимент жүзінде қарастырып жатқан-жатпағаны беймәлім. Болмаса, Т. Сұлтанбековтің повесіндегі тақырыбы бас кейіпкер профессор Созақов пікірінше, “адам бойында ойлау процесі арқылы пайда болатын токтың күшімен едәуір қашықтан көптеген жұмыстарды басқаруға – үй салуға, жер жыртуға, кен қазуға болады. Яғни алуан түрлі машина адам миында пайда болған биологиялық токты қуатты токқа айналдыратын” өнертабыс, шығарма жазылған өткен ғасырдың орта шені түгіл, әліге дейін дүниеде жоқтығы белгілі.
Осы тәріздес ғылым жаңалықтарына иек арту емес, олардың “гарвитациялық өрісіне” шырмалып қалмай, қайта, керісінше, алдына түсіп, ол аздай-ақ, нақтылы ғылымның өзіне жол сілтейтін әлгіндей қиял идеяларын қазіргі қазақ фантастикасынан, А. Машанов, Ш. Әбдіраманов, Р. Бектібаев, Р. Баймаханов, Т. Шаханов, Ж. Сахиев, Н. Кенжеғұлова, С. Исақов тағы басқалардың шығармаларынан жетерліктей мысалдауға болады.
Бұлардың бәрі – әдеби сынның жанрға қоятын талап-тілегінен туындаған жәйттер. Алайда, белгілі бір объектіге – қазіргі жағдайда фантастика жанрына артылар жүктемелер бар да, сонымен қоса, ол жүктеме-тапсырмаларды орындап шығар жолдарды меңзеу бар. Яғни творчестволық тәсілдер, шығармашылық әдістерді нұсқау бар. Бұл енді жанр теориясына ұласып кетер пайымдау, дәйектеулер болса керек.
Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы фантастика секциясының жетекшісі, қиялгер-жазушы, педагогика ғылымының докторы, профессор Ш. Әбдіраман осы мәселе аймағына жақындаған. “Қазақ қиялгерлері бүгінде не тындырып тастапты? Олардың ертеңге ұстанар бағыт-бағдары қандай? Ақыр-соңында күллі планетадағы фантастикалық шығармашылыққа қандай үлес қосты? Аталмыш жанрда әлем үлгілерімен ұқсастығы бар ма? Ал, қайшылықтары, айырмашылықтары қандай? Міне, осындай сұрақтарға жауап беру, тек қана қазақы қиялға тән проблемаларды айқындау мәселелері біздің алдымызда тұр” /Егемен Қазақстан. – 1999. – 18 ақпан/, – деп әңгіменің айқиқатын айтқан.
Мәселенің құдайлығына көшсек, соңғы жарты ғасыр беделінде қазақ фантастикалық әдебиеті турасында пікір білдірген А. Машанов, Т. Ахтанов, Ә. Тәжібаев, С. Қирабаев, З. Серікқалиевтен бастап, жанрдың жыртысын жыртқан авторлардың негізгі көзқарастары – осындай.
Алайда қаншама жарияланымдар қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрына жататын дүниелер турасында жан-жақты сөз қозғап, оның өткені мен бүгінгі бейнесін көрсетуге тырысқанмен, зерттеу сферасында “метағылым” атауымен қолданыста жүрген жанр тарихы мен теориясы бағыттарында түбегейлі, әдебиеттану әлемі бір ауыздан мойындайтын фантастика әдебиетінің поэтикасы ойдағыдай айқындалмай жүргені белгілі. Жоғарыда тілге тиек етілген сыни да, шолу да, проблемалық та мақалалар аталмыш тақырыпты тек қана төңіректеумен болатынын жасырғымыз келмейді. Ол материалдар, негізінде, жүртшылық бүгіндері қазақ қиялының дамып, кемелдену үстінде екенін құлақ қақпай мойындайды. Демек, қазіргі таңда күллі әдебиетіміздегі осы саланың теориялық проблемаларын қарастыру міндеті тұр деп есептеген абзал.
Осы заманғы қазақ фантастикасынан әлемдік үлгілермен бойтеңестіруге талпынысы бары байқалады. Мұндай тенденцияның бәрінен бұрын творчестволық қозғаушы күші – авторларымыздың табиғи таланты мен санаға сіңірген эрудициясы. Қазіргі тарихи ситуация жағдайында уақыт талап етіп отырған қиялгер-қаламгерлердегі интеллектіліктің бастауын қазақ арман, қиялының ауызекі және жазба әдебиетіндегі мол қазынаны ойдағыдай игергендіктерінен деп білу керек. Ал, олардың бүгінгі таңдағы сан салалы, жоғары дәрежелі, озық ғылым мен технологияларды жетік білуі және сол біліктілікті әдебиет пен ғылыми қиялдың симбиозы – фантастика жанрында оларға шығармалар туғызуға мүмкіндік беріп отыр. Авторлардың осындай ой, ақыл, идея, ғылым потенциалының арқасында жанр туындылары бүгінде екі бағыт-бағдарда дамуда екені айқындалуда.
Соңғы 50-60 жыл бедерінде қалыптасқан, кемелденген жанрда әлгі айтқан қос ағыс – әлеуметтік және ғылыми салалар – әрқайсысы әдебиет әлемінде өздеріне тән ерекшелік-даралықтарымен одан әрі өркендей беру құқына иелік алды дер едік.
Демек, қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасын теориялық тұрғыда айқындау үшін зерттеудің жаңа әдіс-тәсілін қолданған абзал. Атап айтқанда, зерттеу нысанына фантастиканың әлеуметтілігі және фантастиканың ғылымилығы немесе “әлеуметтік фантастика"[ӘФ] және “ғылыми фантастика”[ҒФ] салалары бойынша жіктеген жөн. Проблемаға осы жағынан келгенде, негізінде әлемдік фантастикатану ісін зерттеушілердің методологиясына, басқа да пайымдау, дәйектеу, түйіндеулеріне жүгінген иінді деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |