Фантастиканың әлеуметтілігі. Аңғал, жадағайлау арманнан жаралған әлеуметтік фантастика – жанрдың тұңғышы. Өз қоғамында туған, өз қоғамына қызмет етуге жаралған оның бүгіндері атқарар функциясы қыруар. “Қазақстан. Ұлттық энциклопедияға” жүгінсек, “қоғам” деп аталатын адамдар қауымының күрделілігі, көп қырлылығы, сонымен қатар тұтастығы оны әлеуметтік жүйе ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартады. Қоғам біртекті емес: оның алуан реттігі, әр қилы сипаттағы әлеуметтік құбылыстар мен процестердің бірсыпырасын қамтитын өзіндік түзілімі мен құрылымы бар” /Қазақстан Ұлттық энциклопедия. 1т. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1998. – 660 б./. Сол “әлеуметтік жүйе ретінде қалыптастыру” ісінде, энциклопедиядағы мақала иесінің аузына түспегенмен, әлеуметтік фантастика беделді орын алса керек.
ХХ ғасырдың бел ортасында тек орыс фантастикасының ғана емес, жанрдың дүние жүзілік үлгісіне айналған “Профессор Доуэльдің басы”, “Қосмекенді адам”, “КЭЦ жұлдызы” секілді үздік романдардың авторы Ал. Беляев жөнінде жазған монографиясында сұңғыла фантастикатанушы Б. Ляпунов күллі жанрды тұтастай көркем әдебиеттің аясынан қақпайлап, қашықтатып, оның орнына ғылыми-көпшілік тұрпатты саланың билігіне беруге талпынушыларға ренішін білдірген.
Зерттеуші сол кездің 20-шы және тіпті 30-шы жылдарындағы біздің әлеуметтік фантастика не келешек адамдарының өздерін, не сол болашақта тууы мүмкін қайшылықтарды көре білмегенін айтады. Б. Ляпуновтың ойынша, олар негізгі назарларын сыртқы көріністі – хал-жағдайды, тұрмысты, кейбір жеке характерді сипаттауға аударған. Сондықтан тұтастай полотно жасаудың сәті түспеген. Сонымен қатар, монография авторы ғылыми фантастика жөнінде сөз қозғағанда ұлы қиялгер-жазушы Ал. Беляев оның “міндетті түрде әлеуметтік фантастикамен астасып кететінін” баса көрсететінін еске алады.
Бүкіл әлемдік фантастикатану аясында “тек қана ғылым идеяларын өзек қылуы тиіс” деушілер мен, оларға керісінше, осы жанр туындыларына тұтастай өзек болуға міндетті әлеуметтік сарынды қолдаушы әдебиет зерттеушілері жетіп жатыр. Екі пайымдаулардың да өздерінше жаны бар. Өйткені: фантастикада әлеуметтілік те, ғылымилық та салалар өріс алу үстінде екенін тарих дәлелдеп отыр.
Әлеуметтілік сарынды ең әуелі фантастиканың көркем әдебиеттілігінен іздестіруге міндеттіміз. Рас, орыс фантастикасының классигі Ал. Беляевтің творчествосын шегіне жете зерттеген Б. Ляпунов айтпақшы, “фантастика әдебиетіміздің алуан қырлы һәм күрделі түрі екенін, одан әр алуан бағыттағы ересен хикаялы шығармалар талап етуге хақылы екенін жұртшылық ұмытып кете береді” /Александр Беляев. Критико-библиографический очерк. – М.: Советский писатель, 1967. – 124 б./.
ХХ ғасырдағы тек орыс ғана емес, күллі планета фантастикасының ұлы туындыгері, жанрдың әлемдік мақтанышы – “Андромеда тұмандығы” эпопеясының авторы, өзі полеонтология ғылымында тафонимия саласын негіздеуші зор оқымысты И. Ефремовтің пікірі, Г. Гуревичтің растауынша: “Жалпы фантастика тұрғындары әр тілде сөйлейтін көп ұлтты мемлекетке ұқсайды… Фантастика – шарттылық, әдеби әдіс… Фантастиканың еркін дамуы үшін нағыз тиянақты анықтама қажет: фантастика – бұл ерекше, дүниеде жоқ беймәлімділік, тек ойдан шығарылған нәрселерге қатысты ғана шешуші роль атқаруға тиісті әдебиет” /Беседы о научной фантастике. – М.: Просвещение, 1991. – 7-27 бб./. Ел мойындаған орыс фантастикасы патриархының дәйексөзін қаз қалпында бізге ұсынып отырған осы саланың майталман зерттеушісі, И.А. Ефремовтің өзі атындағы жанрға қосқан ерен еңбегі үшін берілетін сыйлықтың иегері тегіннен тегін келтірмегені хақ. Бұл – Г. Гуревичтің де осы принципті ұстанғаны.
Ағылшын тілді фантастика туындыларын зерттеушілерінің жүйрігі, америка фантастикасына еңбек сіңіргені үшін берілетін Хьюго Гернсбек атындағы ең беделді сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ю. Кагарлицкий: “Өзінің негізгі тенденцияларымен қазіргі фантастика әлемдік әдеби процестің сүбелі саласына айналды. Енді оны бұдан былай қарай тек қана осы тұрғыдан қарастырған абзал” /Что такое фантастика?.– М.: Художественная литература, – 1974. – 10 б./, – деп біледі.
Аталмыш пайымдауында ол: “Әдебиет пен ғылым өз міндеттерін неғұрлым біріне бірі жақын жанасатын тәсілдермен атқарған дәуірдің тамаша үлгісіне тарих куә. Ол кезде әдебиет ғылымның мүдделерін танып-біліп, көп жағдайларда оның түсіндіру әдісін өз кәдесіне жаратқан-ды. Ол әдіс тиімді, айқын, дәлелді еді… Сол дәуірде бүгінгі әлеуметтік фантастиканың негізі қаланған-ды” /Литературная Россия. – 1968. – 19 сәуір/, – деп, оған Свифттің “Гулливері” мен Вольтердің “Микромегас” әлеуметтік фантастикалық романдарынан дәлелді мысалдар алған.
Жанрдың және бір жанашыры, бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде аты кеңінен мәлім сыншы Ю. Никитин де фантастикалық әдебиетті бірде – ғылыммен, екіншіде – шытырман уақиғалы шығармалармен, үшіншіде – көпшілік-танымдық туындылармен қоса-қабат тізгіндейтін базбіреулердің жаман әдетіне қарсылық білдіреді. “Көбінесе “ғылыми” деген “сырға” тағуға құмар. Ал, өзін сыйлайтын кез келген сыншы оның әдебиет, әдебиет, әдебиет екенін оқырманның үнемі есіне салып отырылуы тиіс… Ел құрметтейтін академикті, жоғары дәрежелі сыйлық лауреаты, Король қоғамының мүшесі тағы сондайлардың “осындай ұсақ-түйекке” бола, бетін бері қаратпай-ақ, ондай әрекетке бармай-ақ, кейінгі жаңа, жас буынға “фантастика – әдебиет” деген ұғымды сіңірсек те – жетер” /В мире фантастики. Сборник литературно-критических статей и очерков. – М.: Молодая гвардия, 1989. – 116 б./, – деп, жанрдың басты бағдаршамы - әлеуметтік позиция, оның бірден бір қарулы құралы – әдебиет екеніне жұртшылықтың көзін жеткізуге күш салатыны байқалады.
Автор мақаласында мұнымен қоса фантастикаға арналған әдебиет зерттеушілері мақалаларында әлі күнге дейін жанрдың мән-мағынасын, ерекшеліктерін, негізгі заңдылықтарын айқын ашып бермей жүргендері жөнінде жазады. Жанр теория қажеттігін алға тартады.
Біз мысал келтіріп отырған әдеби-сын мақалалар жинағында Ю. Никитиннен басқа да бір автордың жарияланымына назар салайық. “Фантастика сабақтары” аталатын проблемалық мақаланың авторы Е. Тамарченко алдындағы әріптесінен де “қатты кеткен”. “Фантастика жөніндегі ғылыми түсінікті, яғни оның мән-мағынасын дәл ашатын дәйекті сөздіктер мен энциклопедиялардан іздемей-ақ қойыңдар: ондай жоқ. “Қысқаша әдеби энциклопедиядан” соған қатысты мақаланы тауып: “принцип жүзінде шындық элементтері сәйкес келе бермейтін көркемдік пішін – образды пайдаланатын өмірді бейнелеу әдісі…”, – дегенді оқимыз. Немесе “әдебиеттану терминдері сөздігінде”: “…Шындық өмірден ертеректе иемденген деректер негізінде қиялдан туған образдар мен ерекше елестетілетін әлем”. Алайда, фантастиканың шындықтан айрықша екенін сөздіксіз-ақ білуге болады. Бірақ, фантастика хақында, әдетте, ешқандай эпитетсіз фантастиканың фантастика екеніне жауап бермейді” /Сонда. – 130 б./, – деп бастап, “өркениетті ежелгі заман фантастиканы тек әдеби әдіс есебінде пайдаланғанын” мәлімдеп, сол ұстанымға тоқтайды.
Соңғы кездердегі жанрдың бағыттық, салалық ара жігін ажыртау тақырыбына бағышталған теориялық-зерттеу еңбектерінің елеулілерінің бірі – Ю. Смелковтың “Фантастика не жөнінде?” деген кітабы. Онда ғылымды насихаттаудың арғы жағында не тұрғаны, фантастикалық тұрмыс, адам және ҒТР турасындағы көзқарас алалықтары, схема-кейіпкерден дара-қаһарманға дейін, өркениет қарқыны, рухани ізденістер нысаны – болашақ адамы, біздің замандасымыз бен келешек заманның бетпе-беті тәріздес мәселелерге тарауланған жұмыста ӘФ хақында татымды да жаңаша пікірлер білдірілген.
Мысалы, жанр “өзінің тақырыптық ерекшелігін сақтай отырып, ортақ әдеби процеске бойлай ену үстінде екені” айтылады. Ол “ену” екі жолмен жүргізілуде. Бір жағынан, фантастикаға қиялгер емес жазушылар қарағыштауда. Екіншісі – маңыздырағы – “кәсіпқой” қиялгерлердің шығармаларында фантатсикалық еркіндіктің көркемдік маңызы оң баанр ғытта өзгеруде.
“Асылы: кез келген шынайы әдебиет қоғамды келешекке дайындамақ. Дегенмен, осы формуланы “ҒФ өзінің міндетін искусство амалымен шешеді; ол осы заманның жалпы әдеби ағымына қосылған”, деп толықтырғымыз келеді” /Фантастика – о чем она?. – М.: Знание, 1974. – 23-24 бб./, – дей келе, автор аталмыш негізгі пайымдамасын былай жинақтайды: “Ғылымды насихаттаудан оның адам өмірі мен қоғамды көркем зерттеу ықпалына бет бұруы ғылыми фантастиканы “техникалықтан” гөрі, “адами”, әлеуметтік-психологиялық проблематиканы бел алуына әкелді… Сонда қандай да фантастикалық гипотезаны бағалау безбені оның ғылыми жаңалығы немесе батылдығы емес, ол гипотезаның көркемдік басымдылығына қарай өлшелуі тиіс. Осындай талаптың тууын ғылыми фантастиканың күллі әдеби процеске заңды салдары деп сезінемін” /Сонда. – 57 б./. Фантастикатанушы автор Ю. Смелковтың жоғарыдағыдай тұжырымдары фантастиканың әлеуметтілігін айқындай түсетін салихлы пікірлердің санатына жатса керек.
Біздің іздестіру тәжірибемізде жанрдың түп-тамырын қуалап зерттеушілержің ішінде аталмыш объектімізге нақпа-нақ барлық талап-тілектер мүддесінен шығатын анықтаманы қарастырмағаны кем де кем. Мысалы, жанр жанашыры, әдеби сыншы С. Павлов өзінің ізденісін бірден үлкен “Кеңес Энциклопедиясының” он жетінші томынан бастаған. Онда бір анықтама: “Ғылыми фантастика – қазіргі заман ғылымының туа бастаған дәуірінен (17-18 ғғ.) 20 ғ.-да ақи-тақи қалыптасқан көркем фантастиканың ерекше түрі” десе, фантастиканың (ғылыми емес, қарапайым фантастиканың) сипаттамасын сол томда келесі автор: “Көркем әдбиеттің бір түрі” есебінде қабылдаған. Тағы да сонда үшінші дәйектеме: “Ғылыми фантастиканы ғылым мен көркем ой приниптерін органикалық түрде басын біріктіретін жаңа көркемдік әдіс”, – деп біледі. Сонда, “ерекше түр” мен “жаңа көркемдік әдіс” арасындағы бірінің екіншісінің қандай басымдығы болғаны?
Осы жерде тілімізге тиек қылып отырған “Терминдер жөнінде келісетін кез келді” деген мақаласында С. Павлов өзі көздеген мақсат жолында бірсыпыра әріптестерінің пікірлеріне жүгінген /Миров между двух. Сборник литературно-критических статей и очерков. – М.: – Молодая гвардия, 1989. – 151-163 бб./. Мысалы, А. Днепров, Кеңес Одағы кезеңіндегі белгілі қиялгер-жазушы, оқырмандар арасында кең тараған “Максвелл теңдеуі”, “Мен жоғалып кеткен әлем” тағы да бірсыпыра қызғылықты кітаптар авторының айтуынша: “Ғылыми фантастика – үздіксіз танымнан басқа ештеңе емес”. Әдемі шыққан. Бірақ, адамзат табиғатының кез келген игілікті ұмтылысын да солай атауға болады ғой.
Белгілі прозаик, Екінші дүние жүзілік соғыстан соң жарық көрген “Мәңгілік дауылды тізгіндеушілер” фантастикалық романның туындыгері В. Сытин: “Әлеуметтік фантастика – қарымды қиял, арқалы арманның қоздырғышы” санайды. Бір қараған көзге бұл да ұтқыр пікір секілді. Алайда, мұны тек қана әлеуемттік фантастикаға телу аздық қылар. Мәселен, осы баламаның бірінші жартсын айтайық, “өнертабыс потенциалы” деп, қалған тізбекті сол күйінде қалдырсақ та міні құрамас еді.
Қаншама ондаған жылдар бойы орыс фантастикасына қажымай үлес қосып келген, жанрдың бір корифейі саналатын, кіндік қаны Ақмолада тамған қиялгер-жазушы А. Казанцевке салса, “Әлеуемттік фантастика прогресс кемесіндегі алдағыны жарықтандырып келе жатқан прожектор іспетті”. Орынымен айтылған әдемі теңеу дерге керек.
Алайда, мақала авторының бір аңғарған сәті – осыншама анықтауыштың ішінде олардың иелерінің ешқайсысының аузына “әдебиет” сөзі түспегені. Барлық жанрларда да міндетті түрде қара көрсетіп қана емес, төрінен орын алатын, сөз сұлтаны – “әдебиет”!
Бұл жерде жанрға нақ берілгендер – ағалы-інілі Стругацкийлер болса керек. Олар: “Фантастика – әдебиет”, – дегендерінен бір жаңылмай: “Біз фантастиканы барлық әдебиет атаулыдан алшақтатпақ түгіл, қайта оның өзіндік ерекшеліктерін байқап, тауып, прозаның ортақ арнасына тоғыстыруға күш саламыз”, – деп түсіндіреді. Бұл жерде америкалық әйгілі қиялгер-классик Р. Брэдбери әлгі ағайынды қаламгерлермен үндес екендігін танытады. “Ғылыми фантастика – біздің заманымыздың нағыз маңызды жанры! Ол “бас ағыстың” арнасы емес, әдебиетте оның өзі – басты ағыс!” – деп кесіп айтады.
Жанр жөнінде беделі жоғарыдағылардан кем түспейтін Ф. Пол (АҚШ) өз кезегінде: “Шындықпен берік қатынастағы басқа да еш әдебиетті мойындамайтындығымнан ғана мен ғылыми фантастикамен шұғылданудамын. Біз адамзат алдында қандай өзгерістер күтіп тұрғанын түсіндіргіміз келеді”, – дегенде, қиялгер-жазушы тек қана жанрдың әлеуметтігін қызғыштай қорғайтынына көз жеткіземіз.
Зерттеу нысанымызды түбіне жете түсінуді мүлде күрделі санайтындар үшін чехтың қиялгері Й. Несвадбаның: “Фантастика ел біткенге түсінікті. Және әрқашан тартымды. Ол – әдебиет эсперантосы”, – деп ерекше теңеу тапқаны жанр әлеуметтілігінің мерейін үстеулей түсетін болар.
С. Павлов проблемалық мақаласында аталмыш жанрдың “ыстығына күйіп, суығына тоңған” әлемге аты әйгілі төрт қиялгер-қаламгерлердің пікірлерінен “әдебиет” терминін ұшырастырғанын атап көрсетеді. Демек, әдебиет бар жерде әлеметтілік әңгіме өзегі болатыны сөзсіз. Яғни әлеуметтілік байрағы – әдебиет екенінде талас жоқ шығар.
Біздің тақырыбымыздың ой толғар өрісін кеңейте түсуде өткен ғасырдың жартысында елеулі еңбек сіңіргендердің бірі – Вс. Ревичтің “Фантастика ақиқаты” атты көлемді мақаласының өзіндік үлесі бар. Автор Кеңес Одағының жетпіс жылы ішінде жанрдың елеулі-елеулі кезеңдері жөнінде салихалы мәселелерді қозғаған /Сборник научной фантастики. Вып. 33. – М.: Знание, 1990. – 181-218 бб./.
“Фантастиканы шындықтан қол үзген, тұрмыстан алшақ әлем есебінде қарау дұрыс емес. Керісінше, ол уақиғаның қалың ортасынан көрінеді, ол идеологиялық шайқастың алдыңғы шебінен табылады, ол әрқашан да күрескер немесе ең кемі жауынгер болуға тиіс” деп білген автор орыс әлеуметтік фантастикасының алғашқы қарлығаштары – А. Толстойдың “Инженер Гариннің гиперболоид” мен “Аэлита”, М. Шагинянның “Месс-Менд”, И. Эренбургтің “Д.Е. трест”, А. Богдановтың “Қызыл жұлдызы”, Е. Замятиннің “Біз”, М. Булгаковтың “Алқызыл арал”, “Қасіретті жұмыртқалар” мен “Ит жүрегі”, В. Никольскийдің “Мың жылдан соң” тағы да бір топ роман, повестер турасында кең теориялық толғау жасайды. Оның ішінде де сыншы назарына ілінген туындылар, біріншіден, бүгінгі күн талабынан қарастырылған. Екіншіден, олардағы идеяларға сол кездегі де, бүгінгі замандағы да әлеуметтік тұрғыдан келген. “Фантастиканың көркемдігі және ғылымилығы жөніндегі айтыс тек қана әдебиет айтысы, тек қана жанр тазалығы турасындағы академиялық әңгіме емес. Бұл – біздің жастарымыздың зердесіне қандай құндылықтарымызды құятынымыз қажеттігін әр түрлі ұғынуымыздың айқасы”, – деген түйіндеу ұсынады.
И. Ефремовтың “Андромеда тұмандығы” атты классикалық эпопеясы жарық көрген кезде “әдебиет пигмейлері” – жанр жолбикелері – өре түрегеліп, баспасөзге жан-жақтан жапа-тармағай жабылып жамандап, туындының әлеуметтік қазық-діңгегін өткен ғасырдың екінші жартысның бас кезіндегі “хрущевтік идеологияға” қарсы қоюға тырысқан-ды. Яғни коммунизм жөніндегі сол тұстағы көзқараспен ұлы қиялгер-жазушы туындысындағы әлеуметтік қағиданы теке-тірестіріп баққан. Өзі “публицистика” деп айдар қойған аталмыш мақалада сыншы Вс. Ревич әлгі мәселеге байланысты әйгілі академик-астроном В. Амбарцумянның: “В. Воеводин, А. Зворыкин, Л. Майстров, Б. Ржонсницкий жолдастардың бірнеше мың жылдан кейін адам өмірінің нақтылы қандай болары жөнінде мұнан да дәл мәліметтері бар ма екен? Егер олар Ефремов қиялының өте “сақтық жасамаған” самғауына іреніш білдірсе, ондай сыншыларға біз, оқырмандар: “Адамзат болашағы жөнінде фантастикалық романдар мен повестер туғызуға жазушыларға қолбайлар болмаңдар”, дейміз. Ол – қазірдің өзінде өзіміз негізін қалап жатқан келешек қой. Соған ең болмаса көзіміздің қиығын салғымыз келеді” /Сонда. – 213 б./, деген пікірін тегіннен тегін біздің есімізге салып отырған жоқ. Фантастикатанушы осы мақаламен ӘФ-ның орыс әдебиетінде де тар жол, тайғақ кешуден өткенінің бір бейнесін берген.
Енді бізге таныс жоғарыдағы пайымдауларға келгенге дейін жарық көрген “Шындық емес, бірақ, өтірік те емес” деген тақырыпты, көлемі төрт баспа табақтық шағын еңбегінде фантастикадағы әлеуметтілік проблемасына “барлау” жасағандай. Автор онда салған беттен: “Біздің елімізде ара-тұра оқшау жағдайлар ұшыраспаса, фантастика мүлде болмаған деген пікір (мүмкін, қазірде де бар шығар) тараған-ды, – деп бастаған. – Осындай дәйекті өз кезінде “Герберт Уэллс” кітабында Е. Замятин былай мәлімдеген: “…Әлеуметтік және ғылыми фантастиканың үлгілері жоққа тән; бұл жанрдың жалғыз-жарым өкілдері көркем әдебиеттік қасиетінен гөрі, публицистігі басым Куприннің “Сұйық Күн” әңгімесі мен Богдановтың “Қызыл Жұлдыз” романы болса –болар” /Не быль, но и не выдумка. (Фантастика в русской доревалюционной литературе). – М.: Знание, 1972. – 3 б./, – деген-ді кітапша иесі ондай пікірге қарсы шығып, бұрын да әдеби мұраларымыз бар еді деп немесе жоқ жерден жанрды бастадық деп таласып жатпайды. Салихалы да, үздіксіз “қиял дәстүрі” шынымен жоқ екенін мойындайды. “Не қылсаң да бізге Жюль Верндер мен Уэллстер бой көрсетпеген”, дейді.
Бірсыпыра жарық көрген қиял кітаптарын тілге тиек ете отырып, Вс. Ревич ХІХ ғасырдағы аталмыш жанрдың іліп алар бірі – В.Ф. Одоевскийдің толық аяқталмаған “4338 жыл” повесі хақында ұлы сыншы В.Г. Белинскийдің: “Адамзаттың ойдағыдай жетілуіне… сөзсіз сенімге негізделген романның басты ұстанымы – ақиқат дарынға сай келетін адал да асқақ ұстаным” /Сонда. –26 б./ дегенін келтіргені, зерттеудің тұжырымдарын толықтыра түспек.
Фантастика ғылым проблемасына жетімсіздік қылуы мүмкін адам қасиетіне элементтер қоса алатынына, ғылымның ерекше эстетикалық айнасы болуы тиіс және бола алатына кәміл сенетін Е. Парнов та жиі қалам тартқан. Ол – жанрды жан-жақты қарастыратын “Қазіргі фантастика”, “ҒТР заманындағы фантастика” және “Урания айнасы” тәрізді әдеби-зерттеу кітаптарының авторы. Қиял қаламгері де әдеби ізденушісі, химия ғылымының кандидаты ол аталмыш объектіге өзіндік көзқарастарын қашан да жариялаумен жүреді. “Сірә, мынандай заңдылықты аңғаруға болар, – деп, автор қызығушылардың назарын өзіне аударуға тырысады. – Оқымысты неғұрлым фантастикамен ұзақ айналысса, соғұрлым ғылымнан алшақтай бермек, соғұрлым фантастикадан әдеби сипаттарды айқынырақ көріп, соғұрлым байырғы жалпы кісілік тақырыптарға бара береді… Оқымысты-қиялгерлердің, жалпы қиялгерлер, күллі әдебиет атаулының негізгі зерттеу нысанына жан-жақты осылай келеміз. Және осы нысан – өздерінің кемшіліктері және асқақ армандарымен, оның күші және қауһарсыздығымен мәңгілік адамзаттық пендешіл өкілі екендігін білеміз” /Фантастика в век НТР. – М.: Знание, 1974. – 170 б./, деген қағида ұсынады.
Тұңғыш рет әр дәуір тұсындағы әр елдердің фантастикалық және утопиялық шығармаларының мың үш жүзге тақау авторлары жөнінде био-библиографиялық мақалалар, жүздеген тақырыптарға қатысты шолулар, рецензиялар мен кинофантастиканы қамтыған екі томдық, жалпы көлемі жүз жарым баспа табақ “Фантастика энциклопедиясын” орыс тілінде шығаруға мұрындық болған, аталмыш зор еңбекті құрастыруымен және кітаптағы ма ериалдардың жартысынан басым бөлігін жазған Вл. Гаков аталмыш жанрдың теориялық табиғатын ашуға да елеулі үлес қосқан. Мұндай байлам жасауымызға оның “Уақыт машинасымен жасалған төрт саяхат”, “Фантастикалық кітаптардың фантастикалық тағдырлары” тағы да басқа ғылыми-зерттеу еңбектерінің тақырыптарының өзі мүмкіндік берсе керек.
Фантастикатанушының, жанр тарихы мен кейбір қиялгер-жазушылардың жеке-дара творчестволары жөніндегі ой-толғамдарын келтірмей-ақ, тақырыбымызға қатысты кейбір дәйектемелеріне тоқтасақ та – жетер.
Жанр тарихы қаншама творчестволық талқы, әдеби де, әдеби емес те айтыстарды басынан кешіргені белгілі. Тіпті оны көркемсөз аясына жолатпауға талпынушылар да бас көтерген кездері бар. “Физиктер ме, лириктер ме?” деген де берекесіз дау-дамайлардың бір-екі емес, ондаған жылдарға созылған кездері де болды. Сондағы “физиктері” – табиғаттану ғылымдарының мамандары да, “лириктері” - әдебиетшілер. Ешқашан да нәтиже бермейтін, беруі де мүмкін емес осы тәріздес “творчестволық тартыстар”, шынын айтып, ағымыздан жарылсақ, кейбір тұстарда нысанымыздың теориялық қағидаларына бір-жар анықтаулар, детальдар да енгізіп жатқанын мойындауымыз керек.
Сондай айтыстардың бірі – “Фантастика болашақты болжалдай білуге қауһарлы ма?” деген тақырыпқа үн қосқан Вл. Гаков: “Біздің күндерде фантастиканың көркемдік бағалылығын, оның көркем әдебиет “ведомоствосына” жататынын жоққа шығаратын ешкім ұшыраспас. Келешекке көз қырын салғандық қалайша пайдакүнемдік болар! Осы құмарлық, аңсау, қызығушылық – қалай атасаңыз да өзіңіз біліңіз – қыруар ғасырлар бойы басынан кешкен, соншама бекзаттық драмалар туғызған оны өнер өрісінен аулақтауға ұмтылыс – ең құрығанда, әділетсіздік, – дей келе: – Бәрінен маңыздысы – бұл ғылыми фантастиканың әлеуметтік қызмет-міндеті” /Четыре путешествия на Машине времени. – М.: Знание, 1983. – 7 б./, – деген, қазір мамандар келісетін түйіндеу жасайды.
Әдебиеттегі көркем қиял мәселелерінің оңды-солын, кешегі-бүгінгісін, тіпті ертеңгісі жөнінде тынымсыз да жігерлі сөз қозғап жүрген қос автор Е. Брандис пен В. Дмитриевскийдің жанр поэтикасы турасында өзіндік пікірлері айқын. Олар ғылыми-зерттеу нысанасына көбінесе ағылшын тілді шығармаларды алады. Шынын айту керек, дүние жүзінде өзінің санымен де, сапасымен де әлеуметтік және ғылыми фантастиканың көркемдік дәрежесінің деңгейін көтеріп жүрген – сол ағылшын тілді туындылар. Демек, қос авторлардың алдынан кең өріс ашылып, үлкен мүмкіндіктер туды деп есептеуге болады.
Олардың сыншылық творчествосының “әп” дегенде көзге ұрып тұратын қасиеті – өздері талдау тәсілдерін дауыстап айтпағанмен, іс жүзінде, проблемалық еңбектер жазу процесінде әлеуметтік және ғылыми фантастикалық дүниелерді өнемейін жеке-дара қарастыратындары байқалады.
Қаншама қиял қанатында өмірден қашықтап, алысқа кетіп қалғанмен, кез келген фантастикалық шығармаларда ақиқат-шындықтың белгілі бір элементтері болатынын тел автор баса айтады. “Шынында да, фантастикалыө образ немесе гипотезаға таза ойды қайдағы-жайдағы “ойыннан” туған мүлде бөлек зат деп қарауға бола ма? Кез келген фантастикалық долбар ақыр-соңында өзі жазылған кезіне сай әлеуметтік-философиялық ой дәрежесінде болуға тиісті” /Зеркало тревог и сомнений. – М.: Знание, 1967. – 3 б./.
Мақала кейінгі жылдары фантастикада адамның өзіне және қоғамға тұтастай тигізіп жатқан ғылым мен техниканың жасампаз ықпалы нақтылы ғылым жетістіктері, теориялар мен гипотезаларды наисхаттау үрдісін артқа ысырып, тықсыру үстінде екенін дәл аңғарған. Осы тұста қос автор белгілі қиялгер-жазушы Ариадна Громованың: “Фантастика ғылыми идеяларды насихаттауды өзінің міндеті деп ұқпайды… Әлеуметтану саласында ойша экспреимент жүргізе отырып, белгілі бір жағдайда тууы мүмкін ситуацияны модельдейді”, – дегенін иінімен келтірген.
“Қазіргі фантастикалық әдебиет адамзаттың үмітін де, күдігін де – жарқын болашақ жөніндегі арманы мен төнуі мүмкін қасірет пен апаттан сақтандыруды – дабылдауы тиіс… Көркем шығармашылықтың кез келген түріндей, қиялгер-жазушы творчествосы да бейнелеу өнерінің заңдарымен дамиды… Фантастика – шетсіз-шексіз кеңістік. Адам ойының шексіздігі секілді. Туындыларды таңдау-іріктеу мен бағалау, олардың тікелей әдеби жетістіктерінен де басқа, біздер үшін жеке адамның дамуына септігін тигізуі, ой өрісін кеңейтуі, асқақ армандармен қанаттандыруы, моральдық және интеллектілік қасиеттерін шыңдауы… қысқасы, адамның шынайы кісілігін пәш етуі басты назарда болады”, – деп, күллі жанрдың әлеуметтілігінің мақсат-міндеттерін санамалап шыққандай. Англия, АҚШ, Канада елдеріндегі озық үлгілерімен де, пәсі төмендерімен де жақсы таныс фантастикатанушылардың осы ойлары көкейге қонса керек.
Жарық көрген дүниелердің санына қарағанда, оларды әдебиеттану қырынан келіп, ұтырлы пікір айтушылардың саны аса көп еместігі аян. Дегенмен, жұртшылықтың көңілі көншитіні – солардың еңбектерінде салихалы-салихалы идеялардың қалатыны. Д. Биленкин сол озық ойлы авторлардың алғы шебінде болатын. Ол мәңгілік көз жұмғаннан соң, артында қалған бір дүниесі – “Фантастика реализмі” тақырыпты проблемалық мақаласы /Сборник научной фантастики. Вып. 32. – М.: Знание, 1988. – 184-203 бб./. “Публицистика” айдарымен берілген жарияланымның бірінші сөйлемдерінің өзі: “Е. Брандис, А. Бритиков, Г. Гуревич, Ю. Кагарлицкий, Т. Чернышева тағы бірқатар зерттеушілердің еңбектеріне қарамастан, ғылыми фантастиканың теориясы әлі де бұлыңғыр. Күні бүгінге дейін “келешек жөніндегі әдебиет”, “әдеби арман” деген секілді анықтауыш қалыптасып кеткенімен, оның кез келген оқырманы ішінде болашақ жөнінде сөз болмайтын (мысалға, В. Обручев), сондай-ақ, арман ұшыраспайтын (барлық антиутопиялар) шығармаларды оп-оңай еске сала алар еді. Тіпті, “онда маңыздысы идея ма, көркемдік пе?” деген де айтыстар туда”, – деп бастап, алдына қойған мақсатын айқындап алады.
Фантастикалық әдебиет өзінің бет-бағытын ХІХ ғасырда штрихтармен айқындай бастағанын дүние жүзілік фантастикатанушылар мен жалпы әдебиеттанушылар мойындағаны рас. Автор “таяу арадағы кешегі әлемдік әдебиет осы тұста да өзінің қырағылығын танытты… Әдебиет ештеңеден көз жазып қалмаған!.. Тап сол кездегі фантастикалық туындыларда көркемдік сейсмографы “дауылды” көрсеткен, алдағы жетістіктерге ғылыми-техникалық прогресс мұрындық болатынына нұсқаған. Өмірдегі керемет құбылыстарды жасаушының образы нақ осы әдебиетте туғанын” мәлімдеді.
“Жұртшылық арасында Достоевскийдің: “Біздің бәріміз де Гогольдің “Шинелінен”, шықтық”, – дегені мәтелге айналып кеткені белгілі. Реалистік және фантастикалық элементтердің әдебиетте астасып кеткенінің бір мысалы – осы”. Өйткені: генералдың иығынан шинельді сыпырып алған да өлік емес пе?..” – деп, сыншы көркем сөз әлеміндегі екі саланың бірлігін, кейбір ситуацияларда өзара орын алмасу заңдылығы барын көрсетеді. Соның нәтижесі есепті әлемдік көлемде Гофман – Гоголь – Булгаков фантастикасы мен Жюль Верн – Уэллс – Ефремов фантастикасы пайда болды. Бұлар – фантастиканың әр өзгеше түрлері. Сондықтан “ғылыми фантастика” аталымының тууы тегіннен тегін емес. Дегенмен, ол оншама дәл мағына бермегенмен, типологиялау мен талдау үшін қажет. Оның артында келелі мағына тұрғанын айтады автор.
Д. Биленкин, басқа әріптестеріне қарағанда, жанр поэтикасына өзгеш қырынан келген. Оны тақырыптан бастайды. Және әдебиет өрісін үш метатақырыпқа шоғырландырады. Сонда сол триаданы былай сипаттайды. Бірінші метатақырып – адамның рухани, жеке басының әлемі. Екіншісі – өз қызметінде адманың басқалармен өзара қарым-қатынас, байланысы. Үшіншісі – адамжәне қоғам, кеңірек алсақ, адам және айналдағы қоршаған орта. Сыншының осындай саралауына ден қоюға болады.
Автор өз тарапынан бұларға төртінші метатақырып қосады. Тарихи жағдай жақын арада тудырған оны “Болашақ және прогресс көкжиегінің арғы жағында адам мен адамзатты күтіп тұрған барлық қиял құбылыстарымен бетпе-бет” деп анықтайды. Оны тағы да: “Бұл ғылыми фантастикадағы басқа метатақырыптар көрінбейді деген емес. Белгілі дәрежеде, кейде басым түрде олар, әрине, орын алады. Олардан ешқандай әдебиет қашып құтылмақ емес. Алайда, ғылыми фантастиканың доминанты – төртінші метатақырып. Әдебиеттің осы түрін өзгелерінен, тіпті қарапайым фантастикадан ажырататын ара жік – осы. Ғылыми фантастикада “ғылым” бар ма, жоқ па, онда кереметтей машинерия бар ма, жоқ па – бұлардың бәрі жанрдың міндетті белгілері емес, қосалқы нәрселер. Нақты бір туындыда қандай метатақырып басымдылық көрсетсе – ерекшеліктің басты критерийі – осы”, – деп шегелеп көрсетеді. Бүгінгі қазақ фантастикасында аталмыш творчестволық талап-тілек бірінші орынға шығып, авангардтық роль атқаруда екенінің куәгері бола отырып, Д. Биленкиннің теориялық қағидасын қолдамақпыз. Себебі: “арман әдебиеті”, “болашақ жөніндегі әдебиет”, “идеялар мен болжал әдебиеті” тәріздс анықтауыштар ең алдымен шығармадағы жалғыз метатақырып үстемдік құрған сәтте өз мазмұн-мағыналарына ие болады.
Фантастика әдебиеті сынының белсенді авторы санатындағы В. Бугров соңғы мақалаларының бірін полемикалық-ирониялық мәнерге құрған /В мире фантастики. – 163-171 бб./. “Фантастика төңірегінде жоқ-барды шатып қажеті не? Оның даралығын пәш етеміз, көп жанрлылығын дәлелдейміз, сала немесе түрге жіктейміз… Түптеп келгенде, мұның бәрі кімге дәрі?.. Амал не, сірә, шынында да фантастиканың мүддесі – оның айқын да құпия мақсаттары мен діттеген міндеттері жөнінде, оның нендей мәртебеден дәмелі екендігі турасында сырласу қажеттік қылар. Ескіден келе жатқаны бар, жаңа жарияланғаны бар дәйексөздерден бастайық… Тап қазір олардың иелерін атау мұқтаждық қылмас”, – деп бастап, жанртану әлемінде қолданыста жүрген базбір пайымдауларды келтіреді.
Олар – “татымды ғылыми-фантастикалық туынды – келісті әдеби мазмұндаумен берілген қызықты ғылыми ой (гипотеза, теория)”; “Фантастиканың ең тартымды гипотезалары техника емес, руханият әлемінде. Фантастика қаһармандары – адамзат әсемдігінің гипотезалары”; “Келешек келбеті жөніндегі ұғымды көркем бейнелермен әшекейлеу – ғылыми фантастиканың ролі, міне – осы”; “Ғылыми-фантастикалық романның көкейіндегісі космос немесе микрокосм емес (ол – ғылымның тіршілігі), осы заманға қадалатын көзқарастың жаңа бақылау нүктесін іздестіру”; “Фантастика – өз дәуіріндегі әдеби стильмен жазылатын ертегі”; “Ғылыми фантастика – жүйелі ойлау, ғылыми творчество мен арман әдебиеті”…
Осы пікірлер тізбесінің өзі-ақ әлеуметтік фантастиканың кешегі атқарылған, бүгін жасалып жатқан, алыс-жақын келешекте жүзеге асуы тиісті проблемаларын белгілі жоғары дәрежеде айқындап берген дей алар едік. Бұлардан басқа да аталмыш жанрмен “қоңсы қонатын” детектив, утопия, памфлет тәрізді әдебиет түрлеріндегі жақсылы-жаманды көзге түсетін ерекшеліктерді саралайды. Ақыр-соңында өзінің “оң жамбасына түсетін”, “отымен кіріп, күлімен шығуға” дайын нысаны хақында: “Фантастика бүгінде таза көркем сөз қызметін ұтымды атқаруда… Оның үстіне көп жерлерде, басқа әдебиетке қарағанда, бұл қызметін әсерлірек атқаруда. Өйткені: фантастика қаһармандары әдебиетте мінез-құлқының алғырлығымен, ерен қылық-қиялдарымен дараланып көрінуде”, – деп түйіндейді. Фантастикатанушы В. Бугровтың біз талдаған проблемалық мақаласын жалпы жанр поэтикасының ізденісі әлеміне қосылған елеулі үлес есебінде қабылдаған абзал.
Фантастика әдебиетін жан-жақты қарастыруда теориялық тұрғыда түйіндеулер жасап, дәйектеулер білдіріп, пайымдаулар айту, негізінде, аталмыш саланы зерттеуші-ғалымдар мен әдеби сыншыларының иелігіндегі творчестволық жүктеме болса керек. Алайда, бүгіндері біздер куә болып жүрген бір құбылыс – фантастика жаратылысы турасында салихалы ой қосып, пікір білдіріп жүрген басқа кәсіп саласының өкілдерінің жиі бой көрсетуі. Солардың арасында нағыз “ет жақын” саналатыны – библиографтары. Олардың ішінде де фантастикатанушы-библиографтар. Алайда, бір өкініштісі – осынау өрісі кең, тақырыбы қызықтырарлық іспен кешегі Кеңес Одағы кезінде творчестволық-ізденіс еңбектерімен көзге түскендері санаулы-ақ. Олар – И. Ляпунова, А. Кашарин және А. Осипов.
Бұлардың ортасында тек қана библиографиямен шектеліп қалмай, жанр турасында, оның тарихы мен жаңалықтары жөнінде үзбей ой танытып, пікір білдіріп жүргені – А. Осипов. Оның “Алақандағы әлем” (Чита, 1988 ж.) және “Фантастикатану негіздері” (М., 1989 ж.) атты кітаптары күллі әлемдік фантастика әдебиетінің поэтикасын зерттеуге едәуір септігін тигізгені сөзсіз. Әсіресе, оқымыстының алғашқы жұмысына өте-мөте зер салдық.
А. Осиповтың пайымдауынша, жанрды зерттеу процесінде оның туындыларын дәйектеп, классификациялап, типологиялап, эволюциясын саралап, теориялық даралықтарын бір арнаға түсірудің мезгілі жеткендігі. Классификация, типологияны саралау үшін өмір тарихын сонау ескіден алатын классикалық бағыт – утопиядан бастаған абзал. Антиутопия – бүгінгі фантастикада орын алатын бағыт – оның ізін шалуда. Бұнымен ХХ ғасырдың екінші жартысында бой көрсеткен роман-сақтандыруды шатыстырып алмау керек. Сатиралық фантастика сырттай соған жанасады. Жанрдың ғылымилықтан әлеуметтікке көбірек ойысып бара жатқан соңғы кездері лирикалық-психологиялық фантастика тағы бар. Шытырман оқиғалы фантастика ғылыми ізденіс, табиғат құпияларын ашу оқиғаларына құрылған детективке ұласса керек. Осы заман ерекшеліктері жаңа түр – фантастикалық ертегіні туғызып отырғанына куәгерміз. Өміріміздің жақсылы-жаманды көріністерін жүзеге шығаруда юморлы-әзіл фантастика да едәуір кәдеге асуда /Мир на ладонях. – Чита, Красноярское областное книжное издательство, 1988. – 11-16 бб./.
Әңгімелеу үстіндегі нысанның мақсат-міндетін, бағыт-бағдарын айқындауда зерттеуші-автор, бірізділік қисыны мен қатал принциптілігін көрсетеді. “Ғылым, техника, таным тағы басқа тақырыптар – олардың бәрі өз беттерінше емес, адам тағдырының қосымшалары дәрежесімен маңызды. Өйткені: фантастика – қаншалықты ерекшеленгенімен, түптеп келгенде, әйтеуір, көркем әдебиеттің саласы. Демек, бәрінен бұрын адами құбылыстың кескін-келбетін бейнелейді. Нағыз қиялгер-жазушының шеберлігі, көркем шығарма шеңберінде ғылыми және көркем сөз проблематикасын біріктіру болса керек… Адам сезімінен тыс ғылым мен техника – өлік. Қаншама тартымды сәуегейшілік болғанмен, құр-бос идея туғызушылықты жанрдың ешқандай ерекшелігі құтқарып қала алмайды!” /Сонда. – 50 б./, – деген А. Осиповтың түйіндемесін диссертациялық жұмыс иесі құптайды.
Оның үстіне “Алақандағы әлем” тақырыпты біз үшін шынында да бағалы зерттеу иесінің: “Фантастика адамға әдеби ықпал жасайтын әдемі қасиеттерді – оның күш-қуатын он еселеп күшейту, жалынды да сенімді сөздерімен келешекке итермелеу, болашақтың үрметі үшін бүгін адал да ымырасыз өмір сүруге шыңдай алатын қабілетті өз бойына жинақтаған”, деген тамаша түйіндеуі аталмыш жанр жанашырларының көкейінен шығар деп білеміз.
…Б. Ляпунов, Г. Гуревич, Ю. Кагарлицкий, Ю. Никитин, Ю. Смелков, В. Ревич, Е. Парнов, Вл. Гаков, Е. Брандис пен В. Дмитриевский, Д. Биленкин, А. Осипов… осындай әдеби сыншылар мен зерттеуші-ғалымдардың аттарын бірге-қатар көрген қиялқұмарлар әңгіме фантастика төңірегінде өрбитінін кезе қояр еді. Біз жұмысымыздың осы тараушасында бұлардан басқа да фантастикатанушылардың тек қана жанрдың әлеуметтілігін дәлелдейтін пікір, дәйектемелерін талдадық.
Жанрды жіктеуде оның бір саласы – ӘФ-ның қалыптасып, кемелденіп келе жатқанын қиялгер-жазушылардың өздері де растамақ түгіл, сол бағытта тұшымды-тұшымды дүниелер тудырып жүргені аян. Және ол қаламгерлердің аталмыш проблема турасында практикалық ой-толғамдары мен теориялық орнықты пайымдаулары жиі ұшырасады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында жанр классигі саналған И. Ефремов көбіне-көп фантастиканың ғылыми саласында творчестволық тер төгіп, тамаша туындылар бергені қиялқұмар ғана емес, жалпы әдебиеттен көзі ашық оқырмандарға аян. Сол оқымысты-қаламгер көзі тірісіндегі соңғы мақаласын “Ғылым және ғылыми фантастика” атап кеткен. Геологияның тұтастай жаңа бір тармағы – тафономияның негізін салушы ғалым және орыс әдебиетінде тамаша ғылыми-фантастикалық романдар галереясын жасаған тұлғаның мақала-өсиетінің түп қазығы: “Ұзақ уақыт бойы екінші сортты әдебиет саналып, сыншылар мен әдебиет зерттеушілерінің назарына іліге қоймаған әлеуметтік фантастика бүгінгі таңда беллетристиканың басқа түрлерін ығыстырып, қыруар оқырмандар аудиториясын өзіне қаратып алды” /Сочинения в трех томах. Т.1. – М.: Молодая гвардия, 1975. – 473 б./, – деуге әбден қисыны келеді.
Әдетте шығармашылар әдеби сын жазу немесе ғылыми зерттеу жасауға оншама үйір емес екені белгілі. Ондай қос саланы қатарынан тең алып жүрудің үлгісін ұлы лингвист, әдебиет теоретигі, ақын, аудармашы А. Байтұрсыновтың, ұлы прозаик, драматург, әдебиет тарихшысы М. Әуезовтің тағы да бірсыпыра қаламгерлердің творчестволық тәжірибесінен көреміз.
Ал, оқта-текте ғана өз айналысып жүрген шығармашылық салада, жоғарыда дәйексөз үзіндісін ұсынған И. Ефремов тәріздес, өздерінің жанры турасында практикалық пікір білдіріп немесе теориялық қағидалар ұсынатындары да ұшырасады. Оның кезекті мысалын ағалы-інілі Стругацкийлердің мақалаларынан таба аламыз. Айталық, аталмыш жанрдың озық туындыларына арналған ресейлік “Аэлита” сыйлығының лауреаты, “фантастика – кез келген ел атаулының жоғары мәдениетін айқындаушы белгі” деп білетін Б. Стругацкийдің пайымдауынша: “Фантастикалық әдебиеттің міндеті – ойдан шығарылған әлемді ақиқат кейпінде көрсету… Шынына келсек, фантастика неғұрлым шындыққа ұқсаса, соғұрлым ажарлана түседі”.
Мұндай байламға дарынды қиялгер кездейсоқ, кешелі-бүгін келмеген. Аталмыш мақаладан бірсыпыра жылдар бұрын ағасы А. Стругацкий екеуінің бір беделді басылымға берген интервьюінен аңғарылады. “Пайдалы әдебиет мәртебесіндегі фантастика естияр оқырманын нағыз жалпы, нағыз бүгінгі күнгі, нағыз мағыналы көркем әдебиеттің басқа түрлерінің назарынан тыс қалған проблемалар дүниесіне енгізеді. Олар: адамның әлемдегі орны, сананың табиғаты мен мүмкіндіктері, адамзаттың әлеуметтік және биологиялық перспективалары тағы басқалар. Қазіргі тірліктің айнымалылығы соншалық, қарым-қатынас байланысының көптігінен шырмалғаны соншалық, фантастикалық әдебиет өз міндетін тек белгілі әлеуметтік пайымдаулармен, әлеуметтік модельдер жасаумен ғана шеше алады. Ойдың тереңдігі мен кеңдігі, қуатты қызуқандылық – фантастиканың осы қасиеттері – әдебиеттің күллі тарихы бойында ірі жазушыларды өзіне тартумен келеді” /Иностранная литература. – 1967. – №1. – 257 б./, – дегенде, жанрдың қабілеті мен заман қойып отырған проблемаларын нақтылап айтқандарын байқаймыз.
Қиялдың әлеуметтік қадір-қасиеті турасында орыс әдебиетінің қарт өкілдерінің бірі, оқырман жұртшылыққа “Алты ғұлама”, “Қауіпке атталған үш қадам”, “Балтық теңізін жасаған кісі” фантастикалық кітаптарымен кеңінен таныс С. Гансовский америкалық классик Р. Брэдберидің әңгімелер жинағына жазған алғы сөзінде: “Искусствоның кез келген түрі тәріздес, әдемі, құнарлы фантастика біздер, адамдар жөнінде болуы тиіс, – деп жалпы жанрдың поэтикасын сөз қылады. – Әдебиет жанрының басқа түріне қарағанда, фантастиканың даралығы – оның ойға симайтын және мүлде жүзеге асуы мүмкін емес құбылыстар мен жағдайларда қолданатын оғаш, парадокс іспетті өзінің жанын жегідей жейтін мәселелер жөнінде оқырманмен сыр шертетінінде… Фантастикалық әдебиет қиялға құрылатын болғандықтан, кейбір сәттерде оқырманын беймәлім әлемге әкетеді, сосын оны жерге, біздің ғасырымызға, төңіректе болып жатқан құбылыстарды жаңаша ұғындырып, “адами әдебиет” мәртебесінде қайтарып әкеледі” /Брэдбери Р. Холодный ветер, теплый ветер. – М.: Мир, 1983. – 7 б./, – деп, жанрдың басты міндеттерін саралайды.
Тарих ғылымының докторы, Ресей Мемлекеттік сыйлығының иегері, тарих ғылымының докторы, қиялгер-жазушы К. Булычев оқымысты мен жазушының айырмашылықтарын салыстырып көреді. Өзін ғалым есебінде әдеби шығармаларын талақ етуге дайын екендігін мәлімдейді. Оқымысты тарихи деректерді шұқылап зерттесе, жазушы сіз бен біз жөнінде жазуға тырысатындықтан, ол ғалым санатында өзінің әдеби творчествосынан бас татынын ескертеді. “Әдебиетте “фантастикалық” сәйкессіздік арқылы біздің бүгінгі проблемаларымыз хақында әңгімелеуге тырысамын. Ал, тарихта сонау шалғайдағы өткен замандар кісілерін қандай мәселелер толғандырғанын түсінуге ұмтыламын” /Время. – 1999. – 9 желтоқсан/, – деп, екі бөлек салаларда жұмыс істеудің өз қиындықтарымен ортақтасады.
Автордың ұғымында, фантастиканың басты қызметі – сақтандыру. Біздің жүретін жолымыздан, негізінде теріс жолдан, сақтандыру. “Фантастика көп жағдайларда келешекке озып, қайдағы-жайдағы жағдайлар, гиперболалық оқиғаларға құрылады”. Келесі бір интервьюінде жанрдың әр түрлілігі жөнінде: “Әрине, ересектер және балалар фантастикасы бар. Олардың ерекшеліктері балаларға арналғандары жақсы не нашар болуында емес. Тек бұлар – мүлде бөлекше заттар. “Ересектер” фантастикасының негізгі қызметі – сақтандыру, яки автор шындықты әсірелеп, біздің басымызға нендей қауіп төнуде екенін суреттеу. Ал “балалар” фантастикасында ондай болуы мүмкін емес. Өйткені: бөбектердің зәресін алу – парықсыздық. Ересектер фантастикасына – пессимистік, балаларға – оптимистік қасиет тән” /Московский комсомолец. – 1991. – 18 ақпан/, – деп, алдындағы творчестволық ұстанымын қайтадан қадағалай түседі.
Бүкіл дүние жүзілік әдебиеттану ғылымына кереметтей үлес қосқаны талассыз деп есептелетін “Фантастика энциклопедиясы” (Минск, 1995 ж.) соңғы жарты ғасырда орыс тілді фантастикада алдыңғы орынға шыққан қиялгер-жазушы жөніндегі анықтамасы: “Ғылыми фантастикалық идеяларды бағалау үшін, П. Амунэльмен бірігіп, Альтов “Фантазия – 2” шкаласын жасаған. Оның көмегімен нақтылы идеяның жаңалығын, дәлелділігін, адамтану және көркемдік дәрежесін бағалауға болады. Көп жылғы жұмысының нәтижесінде Альтов күні бүгіндері де бағаланбаған (жарияланбаған) ғылыми фантастикада пайдаланылған ондаған мың идеяларды классификациялаған “ҒФ идеялар, сюжеттер, оқиғалар регистрін жасаған” /Энциклопедия фантастики. Кто есть кто. – Минск: ИКО «Галаксиас», 1995. – 33 б./.
Сол Г. Альтовтың “Фантастика векторы” проблемалық мақаласында біздің тақырыбымызға қатысты бірсыпыра теориялық мәселелер көтерілген /Фантастика 73-74. М.: Молодая гвардия, 1975. – 265-278 бб./. Қиялды құрайтын шығармашылық қасиеттерді автор органикалық қосылыстардың кім көрінгеннен табылуға тиісті көміртек химиялық элементіне сәтті теңейді. Творчестволық сапаны дамыту – қиялды байытудың кепілі деп біледі. “Қиял – векторлық мөлшер, ол сандық мән және бағытпен сипатталады. Қиялға жөн сілтеу – оны “қоса” не “ажырата” алу, оның “кернеуін” өзгертіп, ең бастысы – мүмкіндігінше ең жоғары шығармашылық “өнім алу”, – деп есептейді автор.
Мақала авторының, түптеп кегенде, негізгі байламы: “Бүгінде қиялға жөн сілтеуде біз алғашқы қадамдар жасаудамыз. “Қиялға жөн сілтеу” деген сөз тіркесінің өзі оғаштау көрінер. Алайда, бірсыпыра уақыт өтер, біз жоспарлы түрде арман-қиялды дамыту амалын үйреніп алармыз және соның негізінде шығармашылық қабілетті қалыптастырармыз. Мүмкін, бұл болашақ қоғамның басты ерекшеліктерінің бірі болар”.
Осы тұста “болашақ қоғам орнатушы” мақала иесіне сын айтқан абзал деп білеміз. “Творчестволық сананы дамыту – қиялды байыту” болсын. Бірақ, оған баратын жолды сілтегісі келген қиялгер-жазушы аталмыш қиялды электр жарығы тәрізде, бір өшіріп, бір жағып, керек десе “кернеуін” реттеп отыратын амал қарастырады. Оны “қиялға жол сілтеу” деген абстрактылы ұғыммен жүзеге асырғысы келеді. Сонда творчестволық потенциал өспек. “Әрине, фантастика – көркем әдебиет, әрине, ол адамтанумен шұғылдануына таласпаймын”, – деп ант-су ішкен әрі жазушы, әрі сыншы ешқандай тізгін-құрық көрмеген, сырттан келген “жоспарлы түрде” “жол сілтеу” әрекетіне қиялдың көне қоймайтынын ескермеген. Сондықтан да фантастика векторын айқындауға осындай жолмен жетем деуі – қателік. Мақала жанр теориясына мысқалдай да пайда тигізбеген.
“Өз” жанрының жай-күйі жөнінде ойланбаған әлемдік атаққа ие қиялгер-жазушылардың арасында кем де кем. Рас, коммунистік идеологияда “екі иығын жұлып жеп тұрғандай”, шет ел, әсіресе, “қарғыс атқан капитализм” елінен шыққан қаламгерлердің туындыларын көбіне-көп әлеуметтік фантастика ауылына мүмкіндігінше жолатпау тенденциясы болғаны анық. Қазір жете танысып, аңдап қарасақ, шет ел жазушыларының, тіпті басым бөлігі деуге болады, өздерінің шығармашылық кредосы есепті кісілік проблемаларын ұстанған.
А. Азимов – солардың алғы шебіндегі қаламгер. Ресейде туып, Америкада жерленген осы феномен-қиялгердің фантастика жанры саласындағы сол елдегі көптеген әдеби сыйлықтардың иегері. Кейбіреулерін атап айтсақ, “барлық уақытта да таңдаулы саналуы тиіс ғылыми фантастика үшін берілетін” “Хьюго” және “Небьюла”, сонымен қатар “Ғылыми фантастикаға ғылымды енгізгені үшін” ерекше “Хьюго” сыйлықтарын “қанжығасына байлаған”. Көзі тірісінің өзінде ресми түрде “құлы қиялгер-жазушы” атанған классиктің жарық көрген ұзын саны 400-ге таяу кітаптарының басым көпшілігі – ғылыми-фантастикалық шығармалары. Ол фантастикатану саласында да жалықпай қызмет жасап, “Азимов ғылыми фантастика жайында” (1981), “Ертеңгі күннің шекарасы” (1985) және “Азимов галактикасы: ғылыми фантастикаға көзқарас” (1989) атты кітаптары жанрға деген тарихи да, теориялық та терең пікір білдірген. Өмір бойғы саналы шығармашылық жолында жалпы әдебиетке қатысты ұстанған қағидасы: “Әдебиеттің басқа кез келген саласына қарағанда, ғылыми фантастика еркінірек… Фантастиканы сүю – қалай десеңіз де, түптеп келгенде, – адамзат болашағының қамын жеу; бұл сонау алыс келешектегі адам атаулының бәрін ұнату. Мұны мен қолыма қалам алған кезімде сезе қоймағанмын-ды. Алайда, фантастикадағы тер төккен қырық жыл соған көзімді жеткізгеніне бақыттымын” /Иностранная литература. – 1967. – №1. – 250 б./.
Қандай да бір құбыстардағы секілді біздің жанрда да жақсы дәстүр жалғасын табады. Соның көріністері – “творчестволық қанаты қатаймаған балғын кезінде осы А. Азимовке қыруар қолғабыс берген ағылшын тілді ғылыми фантастиканың “Алтын Ғасырындағы” классигі Р. Хайнлайынның қамқорлық үрдісін өзі де алға үластыра білген. Оның мысалын тағы бір америкалық фантастика классигінің: “Жеке өз басым оның қасында, тас бекініс немесе табиғаттың бой бермес құтырысының жанындағы бейшара шыбын-шіркей сезінемін” /Мир Айзека Азимова. Курсанты Академии. – М.: ЭКСМО, 2002. – 6 б./, – деп, ағынан жарылып, мойындағанынан білеміз. Ол – Р. Брэдбери.
“Шығармашылық әлемінде “қатты” (табиғи-ғылыми) фантастика, фэтэзи, логикалық роман, “үрей-роман”, сағыныш-аңсауға толы поэтикалық проза, соған қоса, техникалық өркениеттің келешегіне қатысты түңілу пессимизмі мен “балалар” романтизмі, “жер бетінде” қарапайым өмірді дәріптеудің басын біріктірген” /Энциклопедия фантастики. – 103 б./ Брэдбери. Көркем әдебиеттің бекзаттық-әлеуметтік игілігі өте мол екенін ұзақ жылғы творчестволық еңбегімен дәлелдеген қиялгер әр кезде де өз ойын ірікпей мәлімдеп жүргенін білеміз. Ол біздің дәуіріміз ғылыми фантастика үшін туғанына жұрт атаулының көзін жеткізгісі келеді. Біздің бәрімізді, барлық былық-шылығымызбен қоса, электрленген жолдың келешекке апара жатқанын аңғарудан қалса есінен жаңылып, творчестволық банкротқа ұшыраған пенде қатарына қосуға дайын.
“Бұдан былай да мен, сөзсіз, фантастика жаза беремін. Өйткені: біз адамзат тарихының аса маңызды дәуірін бастан кешіріп отырғанымызға және бізге ғасырымыздың мүдделерін пәш ету үшін қазіргі әдебиетте бар түрлердің ең маңдайалдысы – фантастика екеніне имандай сенемін… Із-түзсіз жоғалмаймын десе, фантастика ғасырмен тізгін қағысып жүруі тиіс… Адам хақында жазу қажет” /Иностранная литература. – 1967. – №1. – 256 б./, – деген, өз аузынан шыққан дәйектемесі бар.
Оның үстіне италиялық “Панорама” журналына жасаған бір мәлімдемесінде: “Кейбір менің шығармаларымнан техникаға теріс қарайтын сезім қалыптасатын шығар. Олай емес. Менде техника турасында көптеген әңгімелер бар. Бірі – сақтандыру, басқалары – машиналар қолғабыс берген өмірдің рахатын сезіну үшін жазылған”, – дегеніне сенгіміз келеді. Оны Р. Брэдбери тұтастай творчествосының ақиқат игілікті әлеуметтілікке бағышталғанымен дәлелдеуде.
Жалпы жанрдың өзін қасиетті әдебиет шаңырағына жуытқысы келмейтіндер де ертеректе кейбір сыншылардың пікірлерінің арасында қылаң бергенін жасыра алмаймыз. Сол кездері Р. Брэдберидің де өз нысанына ара түсіп: “Ғылыми фантастика тарихы – әлемді өзгерткен идеялар тарихы. Ғылыми фантастика – біздің заманымыздың нағыз маңызды жанры. Одан да бетер: ол – бүгініміздің көшбастар жанры. Ол әдебиеттегі “алдыңғы ағыстың бір бөлігі” емес. “Басты ағыс” – оның өзі”, – деп, пішіп-кешіп айтқаны бар. Бұл жерде “ғылыми фантастика” деп ағылшын әдебиет зерттеу аясында тұрақты тіркес түрінде жалпы жанр аталады. Ал, біздің “әлеуметтік” және “ғылыми” деп типтендіруімізді оларда “жұмсақ” (бекзаттық, әлеуметтік) және “қатты” (ғылыми-жаратылыс) мағынасында қолданысқа енгізген.
Брэдбериден бес-алты жастай-ақ кішілігі бар, жанр партиархының көзі тірісінде-ақ “Азимов Академиясын” ұйымдастырып, өздерін соның “курсанттары” санайтын, америкалық фантастиканы қазіргідей биік дәрежеде ұстап тұрған қиялгер-жазушылардың бірі – П. Андерсон. Келешектегі ғылым мен техника жаңалықтарына алғашқы аяқ алысында көбірек үйір болған. Аналогы басқа осы жанр саласында өздерін өркениетті санайтын елдердің ешқайсысында жоқ, ерекше творчестволық ұйым “Америка қиялгер-жазушылары ассоциациясын” басқарған. Фантастика әлеміндегі ең абыройлы “Хьюго” сыйлығын – 8 рет, “Небьюла” сыйлығын 3 рет алған. Қаламынан туған дүниелерінен аталмыш қиялгердің тек қана “таза фантастикалық” туындылар жасаумен шектеліп қалмағанын білеміз. Ол өз еліндегі жанрдың күнделікті жағдайы, жалпы осы саладағы әдебиеттің табиғаты, қыр-сыры хақында үзбей рецензия, шолу, проблемалық мақалалр жазып тұрған. Солардағы негізгі ой-түйіндеулерін: “Сөз жоқ, фантастика жанрының мүмкіндіктері шексіз емес. Онда, мәселен, кісінің сан алуан құбылмалы сезімінің қаймағын бұзбай жеткізу – қиямет-қайым шаруа. Алайда, екінші жағынан, фантастиканың бағына бұйырған өзіндік басым артықшылықтары бар. Ол оқырманына әлемнің ғаламат кеңдігін, әдемілігі мен шабыт шақыртатын құпияларын жеткізіп бере алады… Әлеуметтік жай-күйлерді көркем әдебиет тәсілімен әдейідей қарапайым қалыпқа түсіріп, әлеуметтік механизмнің авторлық ұғымын айта алады” /Сонда. – 251 б./, – деп келтіреді.
Біз жоғарыдағы негізінде фантастикалық шығармалар жазуға баса көңіл бөлген А. Азимов, Р. Брэдбери, П. Андерсон секілді америкалық классиктердің аталмыш жанр хақындағы пайымдауларына тоқтағанбыз. Ал, ғылыми-фантастикалық туындылары да өте жоғары бағаланатын Д. Найт жөнінде – сөз басқа. “Ғылыми фантастикалық сынның негізін салушы” деп бағаланған ол осы бағытта үлкен творчестволық тер төккен. “Америка қиялгер-жазушылары ассоциациясын” құрған. Жанрды жан-жақты зерттеу нәтижесінде “Ғажайыптарды іздестіру: осы заман ғылыми фантастикасы хақындағы эссе” (1967); “Чарлз Форт: түсініксіз әлемнің пайғамбары” әдеби-сын өмірнамасы (1970); “Жаңа кезеңдер: ғылыми фантастиканың искусствосы хақындағы эссе” және “Футурнандар: бүгіндері тамаша қиялгер-жазушылар мен редакторлар өсіп шыққан 30-шы жылдардағы ғылыми-фантастика “отбасының” тарихы” (1977), сонымен қоса, 1968-1980 жылдардағы ағылшын тілді ғылыми фантастиканың озық үлгілерімен таныстыратын “ерекше” “Орбита” антологиясының 21 томын жасаған. “Ғылыми фантастика зерттеушілері” аталатын арнайы “Пилигрим” сыйлығының иегері өзінің өмірлік шығармашылық та, зерттеушілік те нысаны турасында:
“Мен онымен (фантастикамен – А.-Х. М.) 1939 жылдан бері шұғылданып келе жатқандықтан көптеген уақыт бойы оның құлына айналдым. Басқа әдебиеттерге басымдық танытып, мені өзімен толайым тұтқындап алған жайы бар, – деп, қиялгер жазушы һәм зерттеуші өзінің көңіл күйін тартымды жолдармен кестелейді, сосын сүйікті ісінің табиғатына үңіледі. – Мен фантастикадан бөтен дәнеңе жазған емеспін. Қазіргі әлемімізге қарағанда, фантастика түр-тұрпаты бөлекше, ойдағыдай келісті дамыған, алуан-алуан бояулы да сүйкімді дүниеге енгізіп, сиқырлап алды… Бүгінде фантастикадан жаңа қасиеттер қарастырамын; ол мені философия мен искусствоның жетелеуші күші есебінде қызықтырады… Ең маңыздысы: ол – келешекке теріс бұрылып, арқа жонын беріп отырмайтын әдебиет” /Сонда. – 252-253 бб./, – деп дәйектеген. Ағылшын тілді фантастиканың поэтикасын зерттеуші мәртебесінде айтқан жоғарыдағы пайымдауын әлеуметтік фантастиканың қызмет аясына енетін міндеттерді айқындап берген қағидасы есепті қабылдасақ – болар.
Әлемдік әдебиеттегі ӘФ-ның орны төрде екенін тек өзі ғана емес, өзгелерге де мойындатуды едәуір ғылыми-зерттеу еңбектер мен әдеби-сын мақала жазушылардың беделді өкілдерінің бірі – А. Кларк. Солардың бірінде ғарыштық спутниктік байланыс идеясын ұсынып, бірақ, дер кезінде патенттемегені үшін өкінген қиялгер-жазушы ӘФ туындыларымен әлемге әйгілеген. Фантастикалық дүниелерге қатысты халықаралық сыйлықтардан ЮНЕСКО-ның Калинга, АҚШ-тың “Хьюго”, “Небьюла”, Дж. Кемпбел атындағы мемориалдық, Британияның ҒФ сыйлығының иегері. Америка қиялгер-жазушылар ассоциациясы “Ұлағатты шебер” атағын берген. Жанрдың алтын қорына енген “2001: ғарыш одиссеясы”, “2010: одиссея – 2”, “2061: одиссея – 3” романдарының авторының біздің тарауымыздың тақырыбына қатысты тек өздік байламдары бар.
“Шындықпен берік байланыстағы жалғыз әдебиет – әлеуметтік фантастика! Мен мұны шегелеп айтып отырған себебім: сыншы сормаңдайлардың фантастиканы “эскейизм” (философия ұғымында “шындықтан шығандау” деген мағына берсе керек. – А.-Х. М.) деп есептегендіктері. Алайда, ғылыми фантастика өзінің озық үлгілерімен нағыз мәйекті мәселелерді көтереді. Қиялгерлерді адам тағдыры, әлемдегі біздің алатын орнымыз хақындағы ойлар толғандырады… Айт-айтпа, қиялгердің басты мақсаты – өнер туындысын жасау. Өйткені: ол – әдебиеттің бүгінгі күн ақиқатын бейнелейтін озық жанры” /Литературная Россия. – 1982. – 10 қыркүйек/, – деп мәлімдеген. Осы қисынын классик-қиялгер өзінің шығармашылық ұзақ өмірінің талай тұстарында абыройлы дәлелдеумен болғанына шәк келтірмеу керек.
А. Кларктың отандасы, бірнеше жылдар бойы Британ ҒФ ассоциациясына президенттік жасаған, “үміт күттіретін ең жас автор” ретінде – “Хьюго”-59, “қысқа түрдің шебері” есебінде – “Хьюго”-62 сыйлықтарын иеленген Б. Олдисс жанрдың метағылымы – тарихы мен теориясына үлкен үлес қосты. Ол үш томдық “Пингвин” баспасының ғылыми фантастикасы”, тақырыптық “Ғарыш операсы”, “Ғарыш одиссеясы”, “Жау жерлер”, “Галактикалық империялар”, “Қауіпті планеталар”, Г. Гаррисонмен серіктесіп “Қош бол, фантастикалық Шолпан” антологиялар серияларын жасап, осы салада қыруар шаруа тындырғанын мақтанышпен айтқан абзал.
Сонымен қатар, “ғылыми фантастиканың озық шежіреші-тарихшысы және әдеби сыншысы” деген құрметті атаққа ие болды. Әлемдегі тұңғыш ғылыми-фантастикалық “СФ Хорайзонс” журналының редакторлық қызметін атқарған. Тағы да ғылыми фантастиканың беделді, әйгілі авторлары – А. Бестер, Г. Гаррисон, Д. Найт, Ф. Пол, Р. Силвербергтің өмірлеріне арналған “Тозақ картографтары” тақырыпты эсселер жинағын шығарған. Оның жанр проблемасын қозғайтын қыруар әдеби сын мақаллары “Алыс келешектің келбеті”, “Осы әлем және таяулары: таныс дүниелерді зерттеу эсселері”, “Ғылымның сұрықсыз көлеңкесі”, “…Және кометаның отты құйрығы” кітаптарын құраған. Ғылыми фантастиканың бүгінгі таңға дейінгі тарихын нағыз тиянақты талдаған “Миллиард жылға жететін жынойнақ: ғылыми фантастиканың ақиқат тарихы” атты зерттеу кейінірек “Триллион жылға жететін жынойнақ: ғылыми фантастика тарихы” деген тақырыппен толықтырылып, “Хьюго”-87 сыйлығы бұйырған.
Автор дарынының көп қырлылығы, эрудициясының өте жоғарылығы оған “Ғылыми-фантастикалық живопись” көркем сурет альбомын да құрастыруға мүмкіндік берді. 1978 жылғы “Ғылыми фантастиканың зерттеушілері” ассоциациясының “Пилигрим” сыйлығы лауреатының жанр турасындағы төте түйіндемесі:
“Қиялгер-жазушы бәрінен бұрын өз бойынан күллі адамзаттың моделі саналатын – суреткерді көруі керек. Өзге романшылар тәрізді оның да негізгі міндеті – адамдар хақында қалам тарту… Алайда, қиялгерлер адамзат пен оның проблемаларын ерекше қабылдайды. Бұл, әдетте, соңғы екі ғасыр бойы олар жасаған ғажайып техникалық төңкеріс даралықтарына байланысты. Күллі әлем аталмыш төңкеріске қуаныш не үреймен қарайды. Бірақ, әр кезде қызығушылық танытар болар. Мен техниканың өзінен гөрі оның әкеліп тірер салдары туралы жазамын” /Иностранная литература. – 1967. – №1. – 253 б./. Демек, осы пайымдауымен жанрдың бір жиһангері айналып-үйіріліп жанрдың басты қасиеті - әлеуметтілігіне келіп тірелген.
Біз жұмысымызда планетада аталмыш жанрда авангардтық саптағы ағылшын тілді қиялгер-жазушылардың фантастиканың әлеуметтік бағыты жөніндегі пікірлерінің біршамасын келтірдік. Әрине, осы мәселе турасында белгілі-белгілі америкалық, британдық, канадалық, қиялгерлердің әлеуметтік фантастиканың мерейін үстем қылатын сараптамаларын, дәйектемелерін молынан ұшырастырдық. Алайда, негізгі тоқтамдары жоғарыдағыдай сарындас боп келетіндіктен, пікір қайталауларды артық деп білдік.
Жалғыз әлеуметтік ғана емес, жалпы жанрдың “кіндік қаны тамған” Еуропа елдері де аталмыш бағытта көсемдік көрсеткендері айдан анық. Мұндай жағымды құбылыстың көріністерін Ст. Лемнің шығармашылық үлесінен әбден байқай алар едік. Оның “Момақан Ийонның жұлдыз күнделіктері”, “Момақан Ийонның естеліктері”, “Ғарыш кемешісі Пиркс жөніндегі әңгімелер” және “Кибириада” циклдерімен жазылған ғылыми-қияли ондаған кітаптар құрайтын хикаяттары – жанр тарихында бұған дейін ұшыраспаған әдеби әдіс. Біз үшін кереметтей, теңдессіз анықтамалық болып саналатын “Фантастика энциклопедиясындағы” қаламгерге арналған көлемді өмірнамасында тақырыбымызға қатысты мынандай анықтама бар: “Лемнің философиялық және әдебиеттану эссеистикасы ғылыми-фантастикалық творчествосымен органикалық жалғасын тапқан. Жазушының кейін көркем-әдеби кітаптарына көшкен көптеген фантатсикалық тақырыптар мен сюжеттерді табар едік. Лем – төрт ерен еңбектің авторы” /Энциклопедия фантастики. – 339 б./. Олардың ішінде біздің тақырыбымыздың кейбір проблемаларын сараптауға ойтүрткі жасарлық “Технология жиынтығы” және екі томдық “Фантастика және футурология” делінген аса бағалы монографиялары бар. Бұлардың алдыңғысы алыс келешектегі өркениет дамуының жолдары, ол жолдарда ұшырасуы мүмкін тұйықтар мен көп үміт күттіретін бағыттар жөнінде хикаялайды. Екіншісінде қазіргі батыстық ҒФ зерттелген. Әсіресе, ондағы бірқатар әдеби-сын мақалаларда америкалық ҒФ-дағы сюжеттік жұпынылық пен жалпы жершілдік қолпаштаушылық жағдайдың кең орын алғандығын қатал сынаған. Соның кері әсерінен Лем “Америка жазушы-қиялгерлер ассоциациясы” құрамынан шығарылған.
Міне, осындай жоғары принциптілік, бай интеллектілікті жанр тағдырына, өзі айтпақшы, “ой экспериментінің алаңы – фантастикалық әдебиетке” қатысты талай-талай тұстарда тайынбай көрсете алған. Жанрдың бүкіл әлемдік мақтанышы саналатын қаламгердің әдебиет жөнінде “Менің өмірім” атты өмірбаяндық повесіндегі мәлімдеген жағдайынан шынайы ештеңе болмас. Онда: “Мені ажал талай-талай қауіп төндіргенімен, тірі қалып, от пен судың, қиял мен шындықтың басын қосуға талпынған жазушы боп шықтым”, – дейді. Қалайша таңдап алғанын біле бермесе де, ғылыми фантастиканың адамзат тұқымымен тікелей қабысып жататынынан деп есептейді. “Менің кейінгі кітаптарым өзіміздің әлемімізге бет бұрғаны бесенеден белгілі. Кейде оны: “Ғылыми фантастикадағы реализмге ұмтылысым” деймін. Бұл болжал түрінде адамзат келешегі мен Әлемге деген тойымсыз қызығушылығымды сезінгенімнен шығар... Ертеде Мишель Бюто қиялгер-жазушылардың үлкен тобы бас біріктіріп, қиялдан тірі дүние, сапалы тіршілік иелерінің тууымен ажарланған жаратылыс эволюциясын қоса, оның тарихын, мәдениеті мен философиялық ілімдері т.б. жасауды ұсынған-ды. Өйткені: осы тәріздес мақсат-ойды жеке-жеке жүзеге асыру мүмкін емес. (Бюто өз заманындағы ғылыми фантастиканың күйкі тірлігін тап өйсітіп түсіндірген)”, – деп есіне алады.
Біздің тақырыбымызға тура қатысты өмірнамалық туындысындағы классиктің бір пайымдауы: “Фантастика мен футурология хақындағы менің монографиям көркем, сондай-ақ, өзін ғылыми санайтын әдебиетке деген іреніштен туған. Себебі: анаусы да, мынаусы да әлемнің шынымен қалай қарай дамып бара жатқан жағына оқырман назарын аудармайды” /Собр. соч. в десяти томах. Т. 1. – М.: Текст, 1992. – 28 б./. Осындай сыни тенденцияға адал екенін С. Лем өзінің жұртшылық сөзсіз мойындайтын тамаша романдары “Эдем”, “Солярис”, “Жұлдыздардан оралу” басқа да повесть, әңгімелерімен дәлелдеп шықты.
Жалпы планета бойынша жанрдың тақырыбы жағынан да, көркемдік дәрежесі жағынан да байып, көркейген тұсы – өткен ғасырдың орта шеніндегі онжылдықтарда фантастикаға деген творчестволық тұрақты ұстанымын таныта білген тағы бір тұлға – К. Чапек. Чех ұлттық әдебиеті мен әлемдік фантастикалық әдебиеттің классигі. Тек көркем сөзге ғана емес, күллі ғылымға термин боп сіңісіп кеткен “робот” (чехше – “жұмысшы”, “крепостной”) атауымен әйгілі қиялгер-жазушы “Р.У.Р. Россум универсал роботтары” фантастикалық пьесасындағы қолдан жасалып шығарылған “жанды пролетарлар” (бәрінен бұрын андроид-биороботтар деуге жақын келетін) бейнелері әлеуметтік проблемаларды шешуге бағышталған идея – автордың негізгі концепциясы. Бұл ұстаным оның қаламынан туған “Макропулос дәрісі” пьесасы, “Абсолют” фабрикасы”, “Кракатит”, “Саламандралармен соғыс” романдарының да өне бойын көктей өтіп жатады. Бұл дәйегімізді өткен ғасырдың екінші жартысында орыс фантастикалық әдебиетінің мерейін үстемдете түскен, әлемге әйгілі Аркадий Стругацкий айғақтай түседі. Чех классигінің туғанына 75 жыл толуына арналған симпозиумда ол: “Чапек ХХ ғ. әдебиеті мен искусствосында мүлдем жаңа саланың негізін салушылардың бірі болды. Бұл жаңа әдебиет – әлеуметтік фантастика, фантастикалық реализм әдебиеті” /День мира. – М.: Советский писатель, 1997. – 423 б./, – деп жаһанға жариялаған-ды.
Чапектің бір творчестволық тапқырлығы – аталмыш жазушылық позициясын туындыларындағы жағымды қаһармандарының аузына салады. Мысалы: “Машиналар мен техникалық өркениетке деген шаттығымыз адамның шынайы творчестволық қабілетін тұншықтырмай ма? Бәріміз де адамзат прогресіне сенеміз, алайда сол жетістігімізді бензинді моторлар, электр және де басқа техникалық өнертабыстар күйінде танитын секілдіміз… Біз өзінің техникалық жетістіктерімен қоса, Американы үлгі қылуға аңсарымыз ауып тұрады. Бірақ, бекзаттық мәдениет тұрғысынан алғанда, Америка соншама жоғары ма деп өзімізден сұрамаймыз”, – деген монолог бар “Жүйе” әңгімесінде.
Одан да тыс, “Саламандралармен соғыс” романы жөнінде жазған мақаласында: “Шындық және дүние жүзінде не боп жатқаны қызықтырмайтын әдебиет, төңіректегі нәрселерге сөз бен ойға дарытылған күшпен әрекет қылмаған әдебиет, мұндай әдебиет менің қолым емес” /Сонда. – 398 б./, – дегенімен-ақ жанр әлемінде рухани ұраны есебінде тұтатын саласы әлеуметтік идеялар екені айтпаса да түсінікті шығар.
Чех ойшылы осы қағидасына қайта айналып соға береді. “Робот” атауын қиялгердің аузына салған суретші інісі Йозефтің творчествосына қатысты бір мақаласында: “Адал шындық – живопись үшін себеп пен үлгі емес, тіпті, жоғары мақсат. Ақиқатты көшіріп алмай, жан мен жүректің толайым творчестволық қуатымен жасау керек”,– дегені де жоғарыдағы пайымдауымызды бекіте түседі.
Ал, жалпы жанр жөніндегі өз пайымдауын қиялгердің “Метеор” повесіндегі кейіпкері Қиялды жұрт кезбе деседі. Мүмкін, кей тұстарда (тек көркем әдебиеттен аулақ) солай да шығар. Бірақ, көбіне-көп, елгезек те зейінді, жаңа із кескіш құмай тазы секілді, қиял жүгіріс үстінде”, – деп, авторының шығармашылық позициясын айқындай түскен.
ХХ ғасырдың екінші бөлігінде шет елдік Азия әдебиетінде ӘФ сахнасына оза шыққан қаламгер К. Абэні жанр жанашырлары жақсы білуі тиіс. Өз елінде әдебиет саласында алмаған атақты сыйлықтары кем де кем автордың “Көше аяғындағы жол сілтегіш белгі” романынан бастап, “Басқа бет-пішін”, “Құдды адам дерсің” деген романдарында басты тақырыбы – адамзат және келешек қоғам проблемалары.
“Кез келген тәуір фантастикалық шығарманы жалпы тамаша әдебиетке тән – гуманизм рухы көктей өтіп жатады… Қазіргі фантастиканың ғылыми деректерді бейнелеуі міндетті емес. Егер фантастиканы тек ғылыми фактілерді сипаттаумен шектесе, онда көптеген тамаша туындылардан іргені аулақ салу қажет болар”, – дейді.
Беделді халықаралық журналға берген аталмыш интервьюінде жоғарыдағы ойын: “Адамзат үшін техникалық прогресс залалды” дегенді Жапонияда жиі естуге болады. “Техниканың бұдан бетер өсуі адамды аздырып жібереді, адам ойлаудан қалады, есептеу машиналары оның тұрмысын жеңілдететіні сонша, ол жұмыс істеу қабілетінен, оның ішінде творчестволық мүмкіншіліктен айырылады” деген пікірді көбірек есітеміз” /Иностранная литература. – 1967. – №1. – 264-266 бб./ – деп, үшкірлей түседі. Бұл техникаға қатысты автордың үрейленуі емес. Бұл – планетадағы бірден-бір жоғары саналы тіршілік иесінің басты қадір-қасиеті – ойлау, қиялдау, солардың салдары – өз таңдауымен жұмыс істеу қабілетінен айыру қаупінің туып отырғанынан сақтандыру. Демек, бұл – таяу да қашық келешекте негізгі мүдде – әлеуметтік, бекзаттық нормативтерді сақтай алатын адамзат өкілдерін баулуға шақыру. Бұл – сол жағдайларды әлеуметтік фантастика арқасында жүзеге асыруға мезгеу.
Осы сарындас пікір білдіріп, өз жанрларындағы әлеуметтілік тақырыбының өзектілігін қолдаушылардың бәрінің түгелдей дәйектерін тізу міндет болмаса керек. Ал, өз туындыларын тек қана әлеуметтілік әлемінен көргісі келетіндер – жапондар С. Комацу мен С. Хоси, чехтар Я. Вейсс пен Й. Несвадба, поляктар К. Борунь мен К. Фиалковский, даттар С. Хольм мен Н. Нильсен, немістер Г. Франке мен Г. Фивег, румындар Р. Нор мен И. Хобана, венгр Д. Хернади, италиялықтар Л. Альдани мен И. Кельвино, француздар П. Буль мен Р. Мерль, австриялықтар Дж. Тернер мен Л. Хардинг және көп сандылығымен бүкіл планетаның басым бөлігін құрайтын Америка, Британия, Канада қиялгер-жазушылары.
Аталмыш авторлар өз тұрғыларынан бұл мәселеде жеке-дара ой-пікірлерін көрсеткен. Алайда, сөз жанрдың салалануына тірелгенде, тұжырымдары бір тоқтамға тұрақталандығын байқатты. Ол: біріншіден, фантастика – көркем әдебиеттің жанры, екіншіден, оның басты саласы – ӘФ боп табылатынын, үшіншіден, мұның авторы – қиялгер-жазушы (А. Беляев айтқандай, “квадрат дәрежесіндегі” жазушы) екенін айғақтау.
Сонда, теоретик-оқымыстылар мен практик-қиялгерлердің меңзеген талап-тілектеріне зер салсақ, зерттеудің ең басты назар аударылатын сәті – талдайтын нысанға тек көркем әдебиет туындысы тұрғысынан қарап, соның мәртебесі деңгейінен баға беру. Яғни, академик З. Қабдолов ескертетіндей, жанрдың “теориялық мәселелерін бірыңғай қисынға ғана айналдырып, оны әлдебір қасаң ереже, кейде, қатал заң ретінде ұсынбай, теориялық толғамдарымызды жазушылық шеберлік мәселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем творчествоның психологиясымен байланыстыра жүйелеп” /Сөз өнері. – 6 б./ отыру әдіс-тәсілі басшылыққа алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |