Бiрiншi тарау



бет1/7
Дата30.12.2021
өлшемі0,68 Mb.
#106846
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
(pdf) Шығанақ (Ғабиден Мұстафин)
7 БЖБ алгебра (1), 6 synyp Berik Zhubanyshov (1), тжб 7с, SOCh Algebra 7kl rus (1), Sor informatika, 7Геометрия БЖБ1, Абай өлеңдерінің тізімі, Абай өлеңдерінің тізімі, Абай өлеңдерінің тізімі, Абай өлеңдерінің тізімі, тжб 7с, тжб 7с, тжб 7с, 1598955718-BZHB-Algebra-11-synyp-ZHMB, тжб 7с




БІРІНШІ БӨЛІМ

БIРIНШI ТАРАУ


АДАСУ

1932 жылдың көктемі. Күн ұясынан жаңа ғана шыққан, аспан шайдай ашық. Сонау қырқада бұлдырап бара жатқан шоғырмақ Олжабектің көші. Оның жүрісі ондай шапшаң, бейнесі ондай көркем болмаса да сағым көтеріп құлпыра түседі, заулап бара жатқандай шапшаң көрінеді. Таң құланиектене бастағанда кешкен еді, қазір «Сарыадырдан» асты. Алдарында күнге шағылысып, айнадай жарқыраған Қурайлы көлі жатыр.

— Соға жүрсек пе екен, бұрылып кетсек пе екен?—деді Олжабек, көлге көзі түскенде. «Қурайлы» басқа болыстың жері, «Ықлас» колхозынан 40 километр. Олжабектің сонда да сақтанғысы келіп еді, Жамал ұнатпады.

— Тіпті, елдің бəрінен қашамыз ба!

—- Біреу бірдеме деп жүрмесе?

— Қойшы, немізді біледі олар.

«Сарыадырдан» көлге қарай тура тартқан қара жолды қалдырып, қамшылар жақтағы жам жолға таман Олжабек ойысса да, Жамалдың сөзімен қайтадан жолға келіп түсті. Жамал бұған қуанып қалды:

— Бəсе, елді аралай отырғанымыз жөн. Жайлы жер кездессе мекен етерміз,— деді Олжабекке, сен қалай көресің деген пішінмен.

Олжабектен жауап қайтпады, басын шайқады ма, жоқ əлдеқалай қозғалды ма, əйтеуір тымағының құйрығы шошаң еткенін Жамал анық көрді.

Қурайлы көлін қоршаған қалың егінші, түнде жауын болғандықтан жердің дегдуін күтіп, бүгін егінге күндегіден кешірек шыққан. Біреу өгіз, біреу ат, біреу түйе, қайсыбіреу аралас жегіп, қым-қиғаш қимылдаған жұртты Олжабек пен Жамал көріп келеді. Ертемен ауылдан шыққан айқайұйқай дауыстарды да құлақтары анық естіді:

— Əй, егеуді қалдырма, егеуді!

— Тоқта, доғарылып қалды!

— Аналар барып жырта бастады...

— Мəулікейді оятыңдар, Мəулікейді!

Eгіс басталғалы бірқатар күндер өтсе де, ауыл əлі даурығуын қойған жоқ. Көз алмай қарап келе жатқан Олжабек қабағын бір шытып күбір етті:

— Жұмыстарында өнім жоқ.

Өгіз бен сиырды аралас жеккен бір бөлек егінші қара жолды жиектей соқасын жаңа ғана салған екен. Олжабектер келіп солардың қасына тоқтады. Егіншілердің көлігі бастықпай, өздерімен өздері əуре болып жүр, бұларға қапелімде қарай қойған жоқ. Олжабек көзі көліктерде.

— Ана сиыр бұзау бере ме, енді! Обал-ай...— деген ойда тұрғанда:

— О, жігітім, жол болсын,— деді егіншілердің ішіндегі селдір сақал біреуі. Жасы үлкен адамға сəлем бермегені есіне түсіп, Олжабек:

— Ассалаумəлейкім,— дегенде, түйенің үстінде отырған Жамал мырс етті. Егінші де күліп жіберді.

— Е, бəсе, жасың кіші көрінеді ғой, шырағым,— деді де сорайған мойнын соза түсіп Жамалға:— есенбісің, балам. Ал, жөніңді білдір. Танымадық,— деді Олжабекке.

Олжабек жөнін жөнді айтпады. Сұрастыра келе шалдың кім екенін өзі жақсы біліп алды. Оған кездескен осы елдегі «пышақшы Мешел» дейтін адам еді, білгенінше жай-жапсардың бəрін айтты. Олжабек сұрай берді...

— Отағасы, сонымен колхоз егінін салып жатырмыз де.

— Иə, шырағым, əйтеуір қауым болып кіріскен іс қой, тəңірі тек оңын берсін.

— Осы маңдағы елдің бəрі де колхоз болды ма?

— Колхозсыз жер бар дейсіз бе? Əлде, сіздің жақ болыңқырамай келе ме?

— Кім қалпында отыр дейсіз.

— Бəсе, ел-елдің бəрі-ақ осыған келді деседі ғой.

— Дегенмен, «Ортақ өгізден, оңаша бұзау» жақсы да.

— Əй, балам-ай, ол заман мен бұл заман бір ме? Заманына қарай амалы да бар емес пе?

Олжабек көп əңгімелесіп тұра алмады. Даладағы егіншілерді аралап құйғытқан екі атты осылай қарай ойыса шапты. «Белсенділер екен» деген ой келді Олжабекке. Бар пəле белсендіде деп білетін еді. Жүрегі қобалжи бастаған соң, отағасыға жауапты келтесінен қайырды да, жөнеліп берді. Екі көзін аттылардан əлі алған жоқ. Ештемеден қаперсіз бара жатқан сияқты. Бірақ оның жүрегі сескенген аттылардың деңгейінен өткен соң, да артына қиғаштай қарай беруі сездірерлік еді. Егер аттылар осылай қарай тура беттегенде, Олжабек сасқанынан «ал, Жамал, ұсталдық» деуге де бейім еді. Олар өз бетінше кетті. Олжабек демін күрсіне алды да, тымағының құйрығын түре киіп, ерге бір жамбастай отырды. Жолындағы ауылдардың біріне соқпастан, келді жиектей жүріп келеді. Беті елсіз дала...

Аралары таяқ тастам ауыл, ауыл маңы өрістеген мал, қаптаған егінші, тынымсыз қыбырлаған жұрт, қалың ду¬май — бəрі артта қалып барады. Жамал шыдай алмады:

— Олжеке-ау, енді алдымызда ауыл көрінбейді ғой...

— Көрінбесе мейлі.

— Орнын, күреулі тұрғандай кідірместен тартып барасың, елді аралай отырып. мəн-жайын білу керек еді ғой.

— Бəрін көріп келем. Өзіміздегі колхоз. Өзіміздегі белсенді.

Өздеріндегі колхоз, өздеріндегі белсенді екенін Жамал да біліп келе жатыр. Бірақ Олжабектің іздеген елі қай жерде екенін ойлап-ойлап таба алмады. Жамал түгіл Олжабектің өзі де ондай елдің қайда барын білген емес. «Сұрай-сұрай Меке барады» демекші, əйтеуір совет қол астында бар болса сұрастырып таппақ. Бар болу керек, «ел ала, бұлт шола» дейді ол. Егер жоқ болып шықса қайтем?— деген ойға онша тоқталмады, тек Жамал ғана мұны көбірек ойлады. Əсіресе, мынау елді аралап өткен соң Жамал бұрынғысынан əрі күдіктене түсті. «Елдің бəрі колхоз болған ғой»,— деген қорытындыға келіп те қалған еді, сондықтан Олжабектің аужайын тағы да бір байқап өтті:

— Олжеке, елден ала-бөтен не іздеп барамыз, осы? Олжабек артына бұрылып, Жамалдың бетіне алара бір

қарады. Жауап қайырған жоқ. Оның осы қарасы ауыздан емес, жүректен қайтқан жауап екенін Жамал жақсы ұғынды. «Ұнатпай қалды-ау» деді ішінен. Бірақ, оны кек қылмады, жымың ете түсті де Олжабекті сөзбен түрткілей берді:

— Тым құрғанда бір əңгіме айта жүрші енді. Кешеден бері жөнді тіл қатпайсың, ашуың əлі тарқамай келе ме?

Шынында оның бойынан түндегі ашудың зардабы шығып болған жоқты. Ол тосын көзге қойдан қоңыр көрінгенімен, көңілі бір қайтса жуықта қалпына келе қоймайтын,.

томырық жігіт. Сонысына қарай бетінен де қайтпайтын мінезі бар. Ата мекенін, бірге өсіп, біте қайнаған елін тастап, құла дүзге шығып кетуі осы мінездерінің бойлауық асаудай ырық бермегені ғой.

Осындай иі қатты Олжабектің бабын табатын бір ғана Жамал. Жамалға ол сенеді, жанындай жақсы көреді, əлі күнге қамшымен бір тартып, не ашуланып, кісі көзінше бір ұрысқан емес. Ең мықтағанда көзін аларта қарайтын да қоя салатын.

— Тыныштық іздеп барамыз,— деді əлден уақытта Олжабек, ақырын ғана күрсініп қойып. Əңгімені тыныштықтан бастағанымен, айтайын дегені əуелі тынышсыздық жайында еді, сөзі үзіліп қалды. Жамал күліп жіберді.

— Ол қайда бар екен?

— Дүние кең ғой, соның бір жерінде бар шығар əйтеуір...

— «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас»,— деген қайда?

— Колхозға еріп солар-ақ қарық болсын,— деді Олжабек. Оның даусы сөзінің ақырында қатулана шықты. Өйткені, осы ұзақ сапарға аттанар алдында өзінің немере інісі Кəмеш үш-төрт кісімен келіп, бірқатар əурелеген болатын. Жалынған, ақылын айтқан. Əбден болмаған соң: «мен сенен бездім, бірақ ұмытпа, «азды аяған көптен құр қалады»,— деп тұра жөнелген-ді.

— Безсең безе бер. Безбегенде сенен көргенім белгілі. Комсомол болғанда, колхоз бастығы болғанда мен үшін болған екенсің ғой. Ой, сасық неме? Маған «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық». Аспан асты кең,— деп безере түскен еді Олжабек. Ашуланғаны сонша, қой көзі қып-қызыл болып қанталап, өңінде ызаның ұшқындары шашырап тұрды. Əншейінде басалқы айтатын Жамал, бүл жолы бірдеме деуге батылы жетпеді.

— Молдажан-ау, саған не болған, Молдажан,— дей берді Кəмешке.

Осы əңгіменің артынан, ел жата, Олжабек отауын жыққан да көше жөнелген. Жаңағы сөзінен сол өткен түнгі ашудың зардабы əлі көрініп тұрса да, Жамал өз ойын оның алдына ептеп тарта берді.

— Зады, колхозсыз ел естідің бе, Олжеке?

— Бұлт ала, жер шола емес пе, неге болмасын?

— Қай жерде екен?

— Білсем əлдеқашан айтпайым ба? Кім біледі қайда екенін. « Сұрай-сұрай Меке барады» деген, табармыз сұрастырып.

— Табылған уақытта да біз ол елге кірмеміз ғой. Кірменің күні белгілі еді-ау, Олжеке?

Жамалдың кейінгі сөзіне Олжабек кепке дейін жауап қайтара алмады. Бай билеген ескі ауылда кірменің күні қараң екенін жақсы біледі ол. Өз елінен, колхоздан сырғақтап, басқа бір елдің шетіне барып отырғанда көретіні кезіне елестеді... Күркетауықтың құйрығындай, одырайып тұрған тымағының құйрығы желп етіп түсіп кетіп еді, оны қайтадан қайыру да есіне келген жоқ... «Қазақ аулында кірме деген бұралқы иттей, оған кім қоқаңдамайды. Жалғыз биенің қымызын елдің аузына тосасын, жалғыз түйені кім көрінген жайдақтайды. Сөйтіп жағынбасаң есігіңді түріп қойып, шауып алудан да тайынбайды қазақ. Бұның несі тыныштық? Бірақ колхозға енсең, кəретінің онан да сорақы... Құдай-ау, ойдан-қырдан жиылған қырық құрақ ел еншілес болмақ түгіл, бір əкеден туған ағайынды адамдардың да еншісі бөлек-ау!..»—деген ойда келе жатты.

— Рас, кірменің де күні қараң. Бір беделді адамды сағалармыз. Мынау «күшік» аман тұрса, құда-жекжат, тамыр-таныс болып кетпейміз бе, əлі-ақ.

— Осы заманда құдалық бар ма, тəйірі. Тал қармағаның ғой,— деп Жамал күбір ете түсті. Олжабек сөз таластырған жоқ. Торыны сипай қамшылап, төңірекке көз жіберді...

«Сарыадыр» арт жақтарында көз ұшында қалыпты. Қурайлы көлінен ұзап кетсе керек, мүлде көрінбейді. Одан бергі жер мидай жазық дала, жұпар исі аңқып, масатыдай түрленіп түр. Гүл қуған көбелек, төбеден түйілген құладыннан басқа бұл даланы сайрандаушы жоқ тəрізді. Тек қана бозторғайдың көкте тұрып шырқаған əні естіледі. Денесін түйе тербеген Жамалдың көңілін торғайдың əні тербеп, баяулатып əндете бастады:

Ертістің. аржағында бір терек сай, Сүйреткен жібек арқан тел қоңыр тай, Басына миуа ағаштың қонып алып, Сайраған таң сəріден қара торғай. Қара торғай, ұштың зорға-ай, Бишара, шырылдайсың жерге қонбай...

Тамылжыған дала, жібектей жұмсақ əн, жым-жырт тыныштық — Олжабекті де əлдилеп келе жатқан сияқты еді, Əлден уақытта «уһ» деген даусы артта келе жатқан Жамалға естілді. Ерінің ішінен шыққан ыстық леп, Жамалдың нəзік əнін су құйғандай басып тастады.

— Олжеке, бір жерің ауырып келе ме?

— Жоқ, əлгі антұрғанды айтамын-ау, əншейін.

— Əлі де Молдажанмен болып келемісің? Комунес болған соң айтады да.

— Мен үшін болған ғой, сасық неме! «Құтырған ит иесін қабады»,— деп маған тап бергені несі екен!.. Ал, орныма бияз ексін, енді.

— Əй, Олжеке-ай, түбінде соның айтқаны келер деймін.

— Не білуші еді ол. «Колхоз, колхоз»... деп қоймайды, баяғыдан бері колхозсыз да күнелтіп келген жоқ па жұрт.

Алдарындағы биік жонға ерлі-зайыпты екеуі осындай шыңсыз қағысумен жетті. Жонның арғы беті қаптаған егінші, одан арғы жазықта қаптаған ел көрінеді. Жел айдаған қаңбақтай, жөн-жосықсыз көше беруге жалыққан Жамал. Олжабектің іздеген елі осы болғай-ақ деп дəмелене қараса да, көзіне өзгеше ештеме түспеді. Жонның бетін жапатармағай жосылта тілгілеп жатқан жұртты қақ жарып, Олжа¬бек бөгелместен тарта берді. Екеуінің де көзі егіншілерде. Бұларды өткізбеске əдейі жасаған бөгет секілді, алдарында айдап тастаған жалпақ тың жатыр. Жебелей басып бір жаяу, қызыл дəнді қара жерге серпе шашып, осылай қарай өрлеп келеді. Алты өгіз жеккен бір сабан, алдын бастаған қаршадай бала, артын ұстаған дода сақал қара кісі жер қыртысын таспаша тіліп, қара шымды төңкеріп барады. Олпы-солпысыз теп-текше, бір жал қалмай, шымдары қолың саласындай болып жатқан жалпақ тыңнан Олжабек көзін алған жоқ. Аузын бір тамсанып, Жамалға қарады:

— Сен анау бастан айналып өт. Мен мыналарға соға жүрейін, қазақ па, мұжық па өздері.

— Шын тани алмадың ба?—деп Жамал езу тартты.

— Жұмыстарын айтам...— деді Олжабек кетерде.

Анда-санда шыбыртқысын үйіріп, шарт еткізіп қойғанда «соп-соп» деген даусынан басқа дыбысы шықпаған дода сақал сабаншы, Олжабектің берген сəлемін ішпен ғана алды. Өкпелі адамша Олжабекке тура қарай қойған жоқ, екі көзі бороздада, ішкі өгіздің бірі аяғын шалыс басып еді, шыбыртқысы шарт етті, өгіз бір қайқаңдап бороздаға түсе қойды.

— Отағасы, бұларыңыз колхоздың егіні шығар, ə?— деді Олжабек біраз еріп отырған соң. Сабаншы жауап қайтармағанға «құлағының мүкісі бар ма?»,— деп дауыстағалы келе жатыр еді:

— Өз егінім,— деді сабаншы. Даусы тым нық шықты. Олжабек аңырып, өгізге бір, сабаншыға бір қарай берді.

— Япырмай, ə?.. Осыншама жер... колхозға қалай енбегенсіз?

Сабаншының аузына телміре қалса да, жуырда жауап ала алмады Олжабек. Мазасын кетіре берсе шыбыртқымен тартып жіберетіндей көрінді шал. Түсі суық, аузы ауыр болғанмен, шал ондай оспадар адамға ұқсамайды. Топырақ түсіп қызарыңқыраған көзінің құйрығымен бір қарағанда-ақ Олжабектің ішін шолып өтсе керек, «сендей еріккенмен əңгімелесуге уақытым жоқ» дегендей пішін көрсетті де, сабанның құлағын ырғап жіберді. Шайқала басып келе жат¬қан алты өгіз таспаша созылды. «Со-оп» деген сабаншының даусымен қоса, тобылғының түбірлері быртбырт үзілді. Шалдың айызы қанғандай, құшырланып, тісін басып-басып қояды.

Олжабек ере беруге жалықты. Берген сұрауына жауап қайтпаған соң өз сұрауына жауапты өзі берді де, кетуге оңтайланды:

— Отағасы, жай айта салдың-ау деймін, колхоз егіні болар бұл?—деп, атының басын бұра бергенде ғана, шал оған шүңірек көзін қадап, тура қарады.

— Колхоз егіні өз егінің емей немене? Салуын мен салып, өн'мін сен жемек пе ең?

— Жарықтық-ау, мен жеймін деп қашан айттым, сізге?!

Олжабек сасыңқырап қалды. Шал онысын сезді де, жылы шырай берді.

— Түсінбей тұрсың, шырақ. «Еңбексіз жейсің» деп байларды құртып жатқанда, еңбек істеуші өз еңбегінің игілігін өзі көреді де. Өз егінім дегенім сол. Колхоздың егіні сонда біздікі болып шығады.

Олжабек бəріне түсінген кісідей ыңылдады да, «қош» айтып жүріп кетті. ішінен «нағыз белсендінің өзі екенсің» деп бара жатты. Шал да оған артынан бір қарап, басын шайқады.

Бұл кезде Жамал егіншілердің арасынан шығып қалған. Ауыл жақ шетте біреулер жер жыртып жүр, солардың қасынан өте бергенде кенеттен бір жанжал көтерілді.

— Неге ұрасың?!-

— Неге айдамайсың, бос келеді!..— деп, керілдесіп тұрған екеудің жанжалын Олжабек тыңдамай кете алмады. Жамалды артынан қуып жеткені сол еді.

— Тұра тұр, мыналар қайтер екен,— деді атының басын тарта қалып.

— К,ойшы, елдің жанжалын тыңдағалы жүр ме едің. Жылжи берейік онан да,— деген Жамалдың сөзіне құлақ қоймастан, көзін бағжитып егіншілерге қарай қалды.

Егіншілер дабырласып жатыр... Сөз əлпеттеріне қарағанда ұрысарлықтай ештеме көрінбейді. Ортаға қатар жеккен екі өгіз екі кісінікі екен, екеуі соған шайырмалдасыпты.

— Мал-екеш малды да алалайсың, мал көрмегір!

— Арам қатқырың аяғын бір баспайды, бəрін менің өгізіме тартқызбақ па едің?!.

— Ау, жарқыным, бастапқы иесі сендер болғанмен, қазіргі иесі колхоз ғой осы көліктердің, қойсаңдаршы!..— деген басалқашыларға егескен екеу жуырда ырық берген жоқ.

— Ортаға салуын салдым, бірақ өз малыма өзім көз боламын.

— Бəрібір өзің билейтін болсаң, онда ортаға салғаның қайсы?

— Өйтіп ақжүрексімеңдер, білдің бе, қайсыңның болса да, жайың белгілі. Бірер қара қымқырмаған кім бар? Айтшы кəне! Дəл өзіңнен тауып берейін мен!..

— Таба алмассың,— дегенде тəпелтек сарының дауысы бəсеңдей шықты. оның міңгірлегені басқалар түгіл өзіне де түсініксіз болғанмен, бір кілтипаны бары түсінікті-ақ болды. Олжабек те соны сезгендей, торыны тебініп қалып, жүріп кетті.

Ауылға қарай кетіп бара жатқан жалғыз жаяуға жете жүріп ел жайын сұрай барғысы келді Олжабектің. Жол бойы кездескен екі егіншінің келбеті оған екі түрлі көрінді. Алғашқы дода сақал сабаншы қарттың жұмысынан мін таба алмаса да, «белсенділігі» жуып кетті. Кейінгі кездес¬кен егіншілерге үйірін көрген жылқыдай шұрқырай қалса да жұмыстарына қарап, «айтып ем ғой, құр əуре» деп, бұрынғы ойына кетті. Осы өзі көрген екі түрлі еңбектің түбінде қайсысы жеңерін анық болжай алмады. Бірақ дода сақал жүрген сонау беткейден бастары сынық сүйем, араларынан ит тұмсығы өткісіз егін тоғайы көзіне елестей береді...

— Əй!—деді бір уақытта, ойға батып келе жатқан Олжабек.

— Əу,— деді Жамал.

— Шіркін-ай, жаңағы бір егінді ұқсатып-ақ жыртқан екен, байқадың ба?

— Е, жақсы көрінеді. Бəрі көңіл қоюдан да, əйтпесе оқуы бар деймісің оның. ...

_ Иə бəрі көңіл қоюдан,—деп Олжабек демін ішіне молырақ тартып алып, аздап шығарды да сөзін соза түсті:

— Егер жұрттың бəрі жаңағы шалдай пейілімен істесе, бұл колхоз дүрілдеп-ақ кетер еді. Бірақ не керек, жанның бəрі бірдей емес, біреу олай, біреу бұлай, көрмейсің бе, жаңағылардың жанжалын... Сонсоң екі арада момын сорлайды. Əйтпесе...

Алдарындағы жаяуға жетіп қалған екен, Олжабек сөзін аяқтамай тоқтады.

— Ассалаумəлейкім,— деді жаяу, болдырған қасқырша артына алара қарап, алқынып тұрып. Аяқ басысы тым-ақ сылбыр тəрізді еді, мұнша деміккені тіпті ерсі көрінді Олжабекке.

— Əликсəлем,— деді жаяудың бетіне таңдана қарап.— Жүре сөйлесейік, құрбым, егіс қалай, бітетін бе?

Жаяу алқынған қалпында жауап бермей жүріп отырды да:

— Бір бітер əйтеуір, салып жатыр ғой,— деп күңк ете түсті. Бұдан əрі

Олжабек пен жаяу бұрыннан сыралғы адамдарша жампаңдасып кетті. Сөйлескен сайын Олжабек жанамалап таяна береді де, жаяу алқынуын қойып, сөзін ширата береді.

— Осы отырған елдің бəрі колхоздасты ма?

— Есебі, бəрі.

— Малдың бəрі ортада ма?

— Ортада болғанмен қазақ қазақшылығын істемей отыра ма? Бармақ басты, көз қысты бар ғой.

—- Ат аяғы жетер жерде колхозсыз ел естіле ме, сірə?

Жаяу жігіт үндеместен, жіпсік көзін сығырайта, алдындағы ауылдардың басынан аса қарады. Көз ұшында бірдеме көрінгендей, таяқпен солай қарай нұсқап тұрып:

— Мынау елдерде,— деді мүдіріңкіреп қалып. Оның «мынауы» жақынға, ал таяғының тым жоғары көтерілуі алысқа сермегендей еді. Олжабек қайсысын ұстарын білмей, таяқтың ұшына бір, жаяудың бетіне бір жалтақ-жалтақ қарай берді. Жаяудың одан арғы сөзі Олжабекті тіпті шатастырды.

„ Əуелде осындай колхоз болған екен, ештеме шықпайтын болған соң таратып жіберіпті ғой.

Қай елдер?— деп Олжабек елең ете түсті.

— Осы мына Кіші жүз. Білгіштері көзін тапса керек. Япыр-ай, анық хабар бар ма?

— Жел соқпай шөп басы қимылдай ма?..

— Солай-ау.

— Колхоздың жұмысы көп. Осы телегей-теңіз даланы да есептеп, жоспарлап жатыр... Байқасам, тіпті биыл бітер емес... Бір жоспардан соң, бір жоспар... Сонсоң ауырдым деп қайтып кеттім,— деді жаяу. Оның алғашқыда екі иіннен демін алып алқынғаны, Олжабекті осы елдің адамы деп «ауырғаны» екен, енді мүлде сауығып кетті. Манадан бері екеуінің əңгімесіне құлақ қойып үндемей келе жатқаң Жамал, жаяудың айласын естігенде еріксіз күліп жіберді.

— Япыр-ай, өтірік ауруыңыз шын ауруға бергісіз екен. Екі өкпеңізден қысып, жаныңыз мұрныңыздың ұшында тұрғандай болдыңыз ғой, жаңа.

— Өйтпесең нана ма? Бір жайлы болғанша, өстіп күнелте тұрамыз да.

— Ауырдым дегенге босатқандары жақсы екен.

— Е, ауруды босатпай, сонша нағыпты.

— Ауырдым деп əркім сіздей кете берсе, жұмысты кім істемек. Түбінде «ауруға» да бір тексеру болатын шығар.

— Əркімнің басынан бұл айла шыға бермейді, құрбым. Сонсоң жұрттың өзі колхозға көндігіп қалған түрі бар. Жалғыз апамды алған осында бір жездем болатын, өзі комсомол да емес, қолына «ағауыз» шығып, жұмысқа бармай жатушы еді, е, құдая, тоба, «жат» деп қанша қақсасам да болмастан, сол өзінен-өзі жұмысқа кетіп-ақ қалғаны. Не дерсің енді оған...

— Дені сау кісіге қарап отыру қиын ғой,— деп Жамал даусын солғындау шығарды. Сол кезде оның көзі ауыл жақтан келе жатқан құлақасқа аттыда еді. Жаяу да көрген екен, өңі өзгеріп дем алысы тағы да жиілей бастады.

Олжабек ештемені байқаған жоқ, «колхозын таратып жатқан елге барсам ба, жоқ əлде осы маңның өзінде айналсоқтап жүре тұрып, колхоздың тарауын күтсем бе...» деген ойда келе жатты. Бірақ ол ойын аяқтатпай, жаяу бұзып жіберді.

— Мынау келе жатқан, біздің колхоздың бастығы.

— Ə, солай ма? Қош болыңыз, ендеше. Жаңағы айтқан еліңізге қай тұспен асуға болады.

— Мынау қоңырды бетке ұстап жүре беріңіз,— деді жаяу, иегін көтеріп қойып. Ол иегінің астына ала сөйлеген қоңыр шоқы кемінде түстік жерде тұр.— Алдыңыздан үлкен қаражол кездеседі, сол жол қалың елді қақ жарып отырады да тура Кіші жүздің ішіне енеді. Қош, жолдарыңыз болсын, — деп жаяу жөніне кетті.

32

Олжабек пен Жамал қоңыр шоқыны бетке ұстап тарта берді Ақылдарына əлі үйір салған жоқ. Бірақ, екеуінің де көңілі көтеріңкі.



Əлдеқайда алыстан бұлдыраған үмітке лезде ақ жетіп қалған сияқты. Өкпелеген советке де, араздасып айрылған Кəмешке де Олжабектің іші енді бұрынғыдай бұра бастады.

Бұның тəртібіндей тəртіп бар ма, шіркін!— деді ол,

шырт түкіріп тастап. Көңілдене сөйлегенде түкірігін тісінің арасынан атқытатын, бұл жолы тіпті əсем атқытты. Жамал оның түкірісінен көңілді екенін, «бұның» дегені — совет екенін түсіне қойды.

— Ұрыға, байға қандай қас. Момынды сүйейді-ақ қой.

Жəрдемін бір жағынан беріп жатады. Обалы не «қара бұқараның табанына қадалған тікен, маңдайыма қадал»,— деп отырады. Жайсыз тигені осы бір колхозы еді. Байқамаған ғой, елдің бəрін бір қазанға қаратамын деуін қойғаны жақсы болды. Илаһи тек рас болсын. Əлгі бір антұрғанмен де түс шайысып қалдым. Оған да кінə жоқ, коменес қой.

— Енді неге қайтпаймыз?

— Қоя тұр. Көз əбден жетсін.

— Өзің көзі жеткен кісіше сөйлеп келесің.

— Қисыны солай. Қазақ — қазақ болғалы енші бөліскені болмаса, енші қосқанды көрген де емен, естіген де емен.

— Алда-жалда осы хабар бекер болса қайтеді?

— Мына екі-үш қараны бағып-қағып отырамыз.

— Елдің бəрі колхоз болса қайда отырасың?

— Аспан асты кең.

Жамал ернін бір тамсанды да, Сағынтайды аймалай бастады. Пыс-пыс ұйықтап жатқан бөбектің келешегі неше қилы боп елестеп кетті оған.



II

Шаңқай түс. Балбыраған жерге күн нұрын құйып тұр. Қаулаған көк қызулы нұрды құшқан сайын құлпыра түседі. Манадан бері басын жерден алмаған екі жылқы, бір түйе Қарыны шеңбірек атып, ыңқ-ыңқ етеді. Тымық далада баяулап ұшқан көк түтін басылған. Екі керегеден жасалған итарқаның ішінде, екі қолы екі жақта, шалқасынан түсіп Олжабек қор-қор ұйықтап жатыр. Қалыңдау жауып жатқызған Сағынтайдың танауы тершіп, қып-қызыл боп күреңітіп кеткен. Тек Жамал ғана əлі тыныштық алған жоқ. Ол сонау иірімдегі қарасудың жағасында, аппақ төсі күнге шағылысып. қара шашын тарап отыр. Оның айнасы алдындағы көк

2 Мұстафин, I том. 33

мөлдір су. Судан өзінің кіршіксіз тəнін айқын көрді... Бетін жел қағып,

күнге күйіп күреңітсе де, жаудыраған ботакөзі өзгерген жоқ, іші-тысын бірдей көрсететін айна сияқты. Денесі қандай ақ болса, жүрегі де сондай ақ екенін, су қандай мөлдір болса, ойы да сондай мөлдір екенін жаудыраған ботакөзі айтып түр. Арқасын жапқан қалың шашы күннен қандай қорғаса, ардақтап сақтаған ар-ұяты жамандықтан сондай қорғап тұр. Сонда да ол адалдықтың шыңына жете алмадым-ау деп, күрсінеді. Кезінен жас шықпаса да, кең кеудесін өкініш кернеп кетеді. Жамалдың көз алды. нан сонау алыстағы күндер өтіп жатыр... Онда қыз кезі, Бірақ Олжабекке атастырып қойған. Екеуінің əкесі қалыңмал жөнінде түс шайысып, бір жылдай қарымқатыс суысыңқырап кеткен болатын. Жамалдың онда өмірлік жарынан да əкесін жақсы көретін кезі. Содан ба, жоқ əлде сүйікті жеңгесі Əйімкүлдің азғыруынан ба, əйтеуір Бəкенмен кетуге бір ауытқыған. Ол екі арада екі құда табыса қалды, Бəкен жайына кетті. Бірақ осы Бəкен мен Жамал өңінде бір көрісіп, екі ауыз сөзге келіспесе де, түсінде бір төсекте жатқаны бар.

Міне, Жамал соны ойлап күрсінеді. Күнə деп біледі. Олжабектен оны əлі күнге жасырады. Көлденең адамға бұл күлкі боп көрінсе де, Жамал бұны опасыздық, жасырғанын арамдық деп біледі. Сонда да айтқан емес. «Айтсам көңілі қалар» дейді.

Шашын өріп болған кезде Жамалдың бұл ойы да жинақталып сыр сандығына қайтадан салынған еді.

— Ойбай, қайдасың, Жамал!— деген ащы дауыс құлағына саңқ ете қалды. Жүрегі алып-ұшып, жаппаға қарай жүгірді Жамал. Жаппаға келсе қолын ұстап Олжабек зар қағып отыр екен.

— Не боп қалды?!

— Жылан шағып кетті!

— Жасаған-ай, жапан далада қақсатайын дедің бе?! Жамал еңіреп келіп камзолының ішкі бауын үзіп алды

да, Олжабектің қолын шынтақтың тұсынан тас қып таңып тастады. Жылан тісін май алақаннан салған екен, лездің арасында ісік шынтаққа барып қалыпты. У жайылып, күптей болып талауратқан алақанды дəл жыланның тісі тиген жерінен Жамал тілімен сора бастады.

— Уы аузыңа жайылар, сормашы, сорма!—деді Олжабек. Жаны сауға іздеп отырса да Жамалды аяп кетті. Жамал онысын тыңдаған жоқ.

__ Сенен жаным артық па!—деді, уды сорып алып бір түкіріп тастаған кезде. Тағы да сора берді.

Олжабектің даусымен шошып оянған Сағынтай тыным таппай шырылдап отыр. Қаны қашып, сұп-сұр болған Олжабек, маңдайынан шыпшып шыққан суық терді сау қолымен бір сыпырып тастап, баланы бауырына тартты.

— Бишара, құдай бірдеңе білдірді ме саған,— дегенде дірілдеңкіреп, қарлыға шыққан даусынан аяныш пен қорқыныш бірден сезілген еді, кідірмей көзінен жас та парлап кетті.

— Шырылдамашы, балапаным, ештеме етпейді— деді Жамал. Баланы жұбатқаныменен өзін жұбата алмады. Екі көзі бұлаудай, бірақ даусын шығарған жоқ. Алақанды тілі ауырғанша сорды да, дереу Олжабектін, ерінің терлігін əкеп суға салып қайната бастады.

— Əй, əттегене-ай, жыланнан айрылып қалғанымызды қарашы! Табылмас па екен?—деп жаппаға тұра жөнелгенде:

— Əуре болма!— деді Олжабек.— Ол кəпірдің көз байлайтыны бар ғой. Тапқызбайды.

Жамал Олжабекке көңілдене қарады. Өйткені, бұл жолғы даусы сауындағыдай естілді.

— Көңілің қалай, тəуір ме азырақ?

— Шүкір. Алғашқыдай емес.

— Қап, ұстап алып, буындырып аспанға аса қойғанда, уыты тез қайтады деуші еді. Ояу ма едің, қалай шақты өзі?

— Ұйықтап кеткен екем. Бұл бейнетті қойсаңшы, қолыма сұп-суық бірдеңе тигенін сезіп жаттым. Сөйткенше болмады, тісін салып алғаны.

— Сол жерде жібермеу керек еді.

— Қайдан жібермейсің, есім шығып кетті. Сақырлап қайнай бастаған терлікті Жамал қазаннан алды да терлікпен Олжабектің қолын орап, байлап тастады.

Əжем марқұм, тер сіңген терлік бұған мың да бір дауа дейтін. Қозғалмай отыр. Терлесең тіпті жақсы, жантайсаң жастық əкеп берейін.

— Əуелі сусын берші. Күпімді ала кел.

„мал жаппаға еніп кетіп, құрымдай қара сүйретпені шайқап-шайқап жіберді де, шайқалып келген уыз қымыздан шүпілдетіп бір аяқ қымыз əкеп берді, Олжа бек тастап алған соң аяқты к,айта ұсынды. Оның маңдайынан бұрқ еткен терді көріп:

— Тағы да ішесің бе — деді Жамал. əкелсең əкел.

Қымыз екінші рет келгенде бетінде қалқыған қара түйір. шік майларына қарап отырып, Олжабек көтеріле сөйледі:

— Жарықтық, жіліктің майындай екен. Қымызға ас жете ме, тəйір! Елден бекер кеттік дей бересің, кетпегенде бұл ерніңе жағуға жоқ еді ғой...

— Қойшы, бəрінен де бас амандығы, ел іші жақсы да,— деді Жамал. Биеге қарай тұра жөнелді де, қайта айналып келіп Олжабектің, үстіне күпісін жапты.— Биенің сауыны асып барады екен, сауып келе қояйын. Қолыңды ішіңе алып жат.

Олжабек қолын ішіне алып жатып, ұйықтап кеткенін сезбей де қалды...



III

Алыстан қарағанда жасыл нұрға бөленген асқар тау, қасына келе бөлекбөлек қызылшақа тас болып кетті. Мал жерлік түбірі, тіс шұқырлық қылтанағы шамалы. Бірсыпыра ел сонда да осы тауды жастана етіпті. Құрт жеген мұрындай опырылып жатқан əр бөктерде бір тас кепе, тасмола, қу сүйектер кездеседі. Бұл жердегі ел мұрасын іздеген адам осылардан өзге ештеңе таба алмас. Бұл тау тек тағылардың ғана мекені болып қалған сияқты. Тас түбінде бұғып жатқан түлкі əне жерден де, мына жерден де бұлаңдап тұра жөнеледі. Аспанда қалықтаған қыран оқтай зулап жеткен шақта, түлкі қалың тастың арасына сүңгіп жоқ болады.

Аңның ойнағы болып қалған осы иесіз тауда таяуда ғана салынған жаңа белгілер бар. Сонау бір биіктің басына керегекөз ағаш, мұнара орнатылып қалыпты. Мына бір тұмсықты үңірейтіп, қазып тастаған. Қазушылардың жұрты да жасырылған жоқ, таяуда ғана көшкенге ұқсайды. Бөтелкенің сынығы, қаңылтыр сауыттар жатыр.

Олжабек бəрін керіп келеді. Тау іші əзір оған тамаша бір сайран тəрізді. Туып-өскен жерінде жай белес, адырлар болмаса, мұндай үлкен таулар болмайтын, жазық, өзенді, көлді, құйқалы дала болатын.

— Əй!—деді бір уақытта атына оңдала отырып. қаттырақ шыққан даусына Жамалдан бұрын жартастар қайырды жауапты.

— Айта бер,— деді Жамал, солғын дауыспен. Таудың ішіне енген сайын елегізіп келе жатқан Жамалдың көзі жан-жақта, көңілі алабұртуда еді.

— Сонау биіктің басындағы мұнараны орнатқан, мынау тұмсықты қазып тастаған кім болды екен, ə?

— Орыстың жер зерттеушілері шығар.

__ Япырай, зерттемейтін жері болсайшы солардың. іздемпаз халық. Жаңа кен көздерін таппақ қой.

— Талай белден асып, көпті көрдік. Менің жүре-жүре басым айналды. Қайда шығып кеттік осы! Əнеугі оңбағанның айтқан елі қайда?

Олжабек Жамалды жұбата-жұбата ұялды білем, үндеген жоқ. Бұлар əлі баяғы жалқау жігіттің иегінің астында келеді. Елден шыққалы бүгін бір ай он жеті күн. Талай өзеннен өтті, жоталы жондардан асты. Соның бірінде де іздеген елі жоқ. Оңтүстік-батысты бетке ұстап тартып келеді. Жер реңі де, əуе райы да өзгеріп барады. Енді алдынан таулар кездесті. Олжабек осы таулардан үмітті. «Жуықта аяқ жетер жер емес екен. Колхозсыз ел бір болса, осында»,— дейді ішінен.

Жөн-жосықсыз «аспан асты кен,», «жер ала, бұлт шола» деп шығанға шығып кеткен еріне Жамал енді қауіп-қатерді көрсете сөйледі:

— Бұл тек аңдардың, ұры-өтіріктің жүретін жері екен, Олжеке.

— Ұры деген құрып кеткен жоқ па, тəйір! Бір болса осы таулардың ішінде болады колхозсыз ел.

— Қойшы, жалықтырды ғой осы жүріс. Ит-құсқа жем болмай, əйтеуір бір елге жетсек екен.

Олжабек үндемеді. Тау жүрген сайын жиіленіп, іріленіп кетті. Қайдан келіп, қайда бара жатқандары белгісіз. Төбеде түндіктей ғана аспан қалды. Аспанға тілдесе қабат-қабат қоршаған заңғар тау кез тосып, өзінен өзгені көрсетпейді. Сай-саланы өрмелей, тар кезеңдерден асып келеді Олжабек. Тасырқаған торыға бір кезең бір күндік жолдай, жалыққан Жамалға бір күн — жылдай. Сонда, сонау жас баланың халі нешік? Олжабек осыны сезсе де морт мінезі бой бермеді.

Мұның ар жағы не болды екен?— деп бір қылтадан қылт еткенде, бес адам тап берді. Бесеуінің де сойылы иығында.

— «Бас көзіңді»,—деуге-ақ келді. Олжабек сойылын көтергенше олар сарт-сұрт ұрып өтті...

Одан əрі не болғанын білмеді Олжабек. Көзін ашып алса, жалғыз өзі жатыр. Қараңғы түн, түнерген тау ғана көрінеді. Денесі зілдей, қозғалтпайды. Басынан аққан қан ұйып қалыпты. Есін жиса да, ақылын, күшін жия алмады. Таң атқанша жатты. Құланиек таңды, шашырап шыққан

күнді оған биік таулар көрсетпеді. Тек дүние жарық болғанда ғана таң атқанын біліп басын кетерді. Мең-зең. Орнынан тұрып жүре бергенде аяғы сынып кете жаздады. Тізеден, қызыл асықтан да ұрған екен. Отыра кетті. Қазір бір арманы бір жұтым су.

— Ит, құсқа жем болды деген осы, ə!—деді Олжабек, тар кезеңде жападан-жалғыз шошайып отырып. Көзіне өлім ғана елестеді.

Күн көтерілген кезде, мойнында мылтығы бар бір адам келе жатыр еді. Ат аяғының тықыры естілгенде ғана артына жалт қарап, қолына тас алды Олжабек. Бұл тас алғанда, ол мылтығын алды. Бірін-бірі көзбен жесіп, тағыдай арбасып тұр.

— Ат! Ат!— дейді Олжабек.

— Үр! Үр!— дейді анау.

Екеуі де батпады.

— Кімсің? Жөніңді айт, жалғыз жаяу.

— Білмей тұрған шығарсың?

— Əй, есің дұрыс па? Қаның не?

— Бəсе, осы қан не? Мал-мүлкім, қатын-балам жетпеді ме?—деген кезде:

— Ой, бейшара!—деді атты кісі. Атынан түсіп келе жатып.

Олжабек ел екеніне, жау екеніне əлі де көзі жеткен жоқ. Тас қолында еді.

— Өлтіргім келсе осылай тұрып-ақ атып тастамаймын ба?— дегенде ғана тасын лақтырып жіберіп, еңіреп қоя берді.

— Ойпырай, қыдырмысың қолдауға келген!

— Қыдыр емен. Бірақ қолдан келгенді аяман.

Екеуі шұрқырасып жатты. Олжабекті тыңдап болғаннан кейін, мырсмырс күлді, бұл адам.

— Атым менің Шығанақ,— деді содан кейін,— талай шығанға шығып едім, сен менен өткен кезбе екенсің. Екі кезбе кезең үстінде кез болдық. Енді ел ішіне барайық. Сен колхоздан қашсаң мен колхозға қашам. Осы тау ішінде кен зерттеушілерге еріп біраз жүріп қалдым. Бұл қайтып бара жатқан бетім. Мін артыма. Тауып алған олжам демеспін. .Таңдап алған досым дермін.

Олжабек мінгесіп кете барды...



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет