Бiрiншi тарау



бет3/7
Дата30.12.2021
өлшемі0,68 Mb.
#106846
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
(pdf) Шығанақ (Ғабиден Мұстафин)

ҮШІНШІ ТАРАУ


АҚТӨБЕ САПАРЫ

I

Жаман айтпай жақсы жоқ. Олжабек екеуміз аурып қалсақ, не ажал келсе, біздің орнымызға кімді қоясың, Шəңгерей?

— Амантай мен Жанбота тұрған жоқ па?

Манадан бері отырғанда екеуінің сөйлескен сөзі осы-ақ. Шəңгерей шығып кетті. Шығанақ түйілген қабағын əлі жазған жоқ. Анада Ержан, Төкен болып бəрі бет ашқаннан кейін сөйлемейтін болған. Шəңгерейдің кеткенін де байқамады. Маңдайын ұстап, төмен қарап шұқшиып отыр. Бір қолымен анда-санда шоқша сақалын қайырып əкеліп, ернімен тістелеп қояды. Əлден уақытта белін ұстап керіліп, жоғары қарағанда ғана үй ішінде өзінен өзге жан жоғын білді. Арт жағында сүйеулі тұрған көне домбыраны алды. Тартып қалып, бұрап күйін келтірді де, құлаққа жайлы бір қоңыр күйді шерте берді...

Күндегі əдетінше жұмыстан қайтқан ауыл адамдары біртіндеп келіп жатты. Жұлқыса-жұлқыса Жанбота мен Амантай да жетті. Олжабек пен Кəрібай келді бір кезде, Шығанақ домбырасын сүйей салып, күліп жіберді. Келемеж күлкі емес, сүйкімді баланың мінезін, тілін қызықтағандай, жаны жай тапқан күлкі. Олжабек бала сияқты. Шығанақ оған əке сияқты болып кеткен. Сонау тау ішіндегі тар кезеңде жалғыз қалған Олжабекті ит-құсқа жем қылмай алып қайтқан мылтықты адам осы Шығанақ. Морт мінез Олжабек — осы Олжабек. Жамалдан əлі дерек жоқ. Емендей қатты — бір сынғанда екі сынды: колхозсыз ел таппай колхозға қорғалап, колхоздың адамы саналды. Жаудың таяғынан ба, Жамал мен жалғыз баланың қайғысынан ба, кім білсін, сөзден, топ-жиыннан ат-тонын ала қашатын, үндемес берік, момын болып барады. Адалдық, ұстамдылық мінездері беки түсті.

Осы жайдың бəрін білетін Шығанақ, Олжабекке жан теңгермейді. Ақылы жетіп тұрса да, ақылдасып, қалжыңдасып отыратын əдеті еді. Тағы да қолға алды.

Олжабек, екеуміз кезеңді жерде кездесіп едік. Тағы Да бір кездескелі тұрмыз,— дегенде Олжабек аржағын айтқызбай зыр қақты:

Қой, қой, жетті, Шығанақ!

Ендігің тіпті жеңіл. Қағазға қол қоя саласың.

— Ойпыр-ай, енді, қағазға іліктірмекпісің!— деп Олжабектің, көзі бақырайғанда, бəрі ду күлді.

Күлкі басылған соң Шығанақ сөзінің салмағы Кəрібайға ауды. Кəрібай парторг, əрі мұғалім. Осы ауылдың алдын болжап, жоғын жоқтап отыратын ақылшы адам. Шығанақ оған тек бала оқытушы деп қана қарамайды. Жаңа заманның ой-қырын, оң-солын көбінесе содан сұрап, қанып отырады. Ержанның бетін көрген соң: осы менің өз бетім дұрыс па?—деген ойға да келген еді. Шығанақ қазір сол ойын тексергелі отыр.

— Мен талпынғалы қай заман,— деді Кəрібайға. Ойына алыста қалған бұлдыр күндер елестеп кеткен сияқты.— Талабым бір жанбайды. Қостаушым кем бе, қолдаушым жоқ па? Əлде өзімнен бе кінə? Көзің ашық, көңілің а дал, көлденең адам едің, бетіме айтшы!

Жайдың бəрі таныс Кəрібай, Шығанаққа сабыр сала сөйледі:

— Сабыр етіңіз. Жеткенше сол боп жатқан шығар.

— Е-е-е! Сабырменен сақал, шашты ағарттық қой. Осы менің жолым дұрыс па? Соны айтып берші. Коммунист едің.

— Ол не дегеніңіз. Еңбек өнімін арттырамын, колхозды ауқатты, мəдениетті тұрмысқа жеткізем деген теріс болушы ма еді?

— Ендеше, Шығанақ 60-ты қусырып тастады. Ендігі шыдамдылық — ездік-тағы. Бес ұл, үш қызым бар. Көзім өлі жоғалса да, тірі жоғалса да нəсілім жоғалмайды. Қатты кеткелі отырмын. Тəн көмілсе — тəңір ісі, ой көмілсе — адам ісі. Ауданның аузы қисық келді. Облысқа жүрем, қалай қарайсың?

— Колхоз жіберсе, оның ешбір айып шамы жоқ.

— Ондық еркім болмаса колхоздың керегі не маған? Қағаз жасап бер жалғыз-ақ. Мені қостайтының — сол қағазға қол қой.

Бұл сөз Қабышқа ауыр тигені сонша,— ер батқан аттай кіржің-кіржің етті. Шығанақпен əзілі келіскен құрбы болса да, өрелі іске келгенде ол ел бетін бақылайтын. Бірақ, оның елі—басшылар. Ержанның, Төкеннің, колхоз бастығы Шəңгерейдің ыңғайын көрген соң, қағазға қол қоюға батпады. Шығанақтан тағы да аса алмай отыр. Мұндайда қолданатын екі əдісі бар: не жылға қуалап жылжып кетеді, не таразының басқан жағына шығады. Əзірге таразының қай басы басары мəлімсіз. Қабыш жылжытпалай бастады.

— Қағаз жасау қиын емес. Əуелі Шəңгереймен келіссеңші — дей бергенде Амантай киіп кетті:

— Созбұйданы соз, Қабеке!

— Қап, үзіп жібердің ғой!— деді Жанбота.

Қабышты екеуі біраз созғыламақ еді, Шығанақ оған келтірмеді.

— Кəрібай, қағазыңды жаз. «Сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды». Қорыққаның Қабышқа қосыл, қорықпағаның маған қосыл.

Кəрібай жазуға кірісті. Өзгесі оны айнала қоршағанда Қабыш пен Олжабек қана оқшау қалған еді. Олжабек те қосылып кеткен соң, Қабыш амалсыз қосылды. Жабырласып жатыр:

— Жаз! қатырып жаз!

— Ауданның өзін түйрей жаз!

— Азар болса көшке берген тайын алар.

Шығанақ өз ойымен болып отыр: «Көк Ойылды қоныс еткен көп жатақ, ауызың мүлде кепкен бе? Көптен бергі арманға артель жеткізер, артельге енгенде асығым алшысынан түсті ме деп едім, əлі де асулар жатыр ғой алдымда...»



II

Екі аяқты арбаның төріне қатар отырған Шығанақ пен Олжабек Ойыл өзенін өрлеп келеді. Өзенді жағалаған құм жол екі айрылып, бірі — сол жақтағы аудан орталығы — Көкжарға бұрылғанда, екіншісі — оң жақтағы Барқынды жұлықтай тартты. Делбе Шығанақтың өз қолында еді, оңға бұрылды. Өзгерген ойын айтқан жоқ. Қалаға алаңдап қиқаңдаған тортөбелді қамшымен тартып қалғанда, қалғып отырған Олжабек шалқасынан түсе жаздады. Көзін ашып алып жан-жаққа қарады.

— Теріс кеттік.

— Соқпай-ақ қояйық.

— Райкомға кірем,— деп едің ғой.

— Райком Ержанды білмейді деймісің.

Құланиек таң, Барқынның сүйір құмдарынан аса қара". батысқа қарай ығысқан түн қалдығын ысыра түсті. Себелеп тұрған салқын леп бір лып етті де, тына қалды. Тып-тыныш, маужыраған дүниеде құм жолды тіліп бара жатқаң екі дөңгелектің ызыңы ғана естіледі. Басқаның бəрі тұнып тұр. Тек, сырты тыныш Шығанақтың іші дөңгелекке Үн қосады. Оның ойы да осы кең далада құм кешкен арбадай өрде аяңдап, ылдида желіп, ішкі дүниенің ұшығына жете алмай келеді. Көкжиектен күн шашырап, сағым сəулеттене бастаған кезде, Шығанақ Мұхиттың «Айдайына» басты. Селт етіп оянып кеткен Олжабек өкінішпен көзін қайта жұмды. Жап-жаңа шұрқырасып табысқан Жамалы сағымша сылаңдап, алыстан ғана керінді енді. Көруге бар, құшуға жоқ, əдемі елеске елітіп Олжабек көп отырды...

Ой басқан Шығанақты Мұхит сергітсе, елеске ерген Олжабекті жақсы жора сергітті. Екеуі əңгімеге жаңа ғана келді.

— Жамалмен өңімдегідей кездесіп, Сағынтайымды маңдайынан сипап тұр едім... Сенің дауысыңмен оянып кеттім.

— Аман-есен табысады екенсіңдер. Таңертеңгі түске сене бер.

— Айтқаның келсін.

— Мен түсті ояу отырып көрдім. Қара машинаны Ойыл жағасына орнатып қойып күмп-күмп біскенімде, қайсар жер көпіршіп шыға келді.

— Сен осы машинаға қайдан үйір болдың?

— Дүниені мен де кезгемін біраз,— деді Шығанақ тортөбелге шыбыртқысын үйіріп қойып.— Өзіңмен кездесетін тар кезеңге кезіп жүріп барғанмын. Сенің мұнда келуіңе мен себепкер болсам, менің іле қайтуыма машина себепкер болған. Машинаны сол сапарда көргенмін. Оның өзі онша үлкен нəрсе көрінбейді, ел босқа қорқады. Бірақ тым шымыр, тым шапшаң. «Ойыл жағасына орнатсам» деген арман бастан кетпейді.

— Иə, иə, жол бойы айтып қоймап едің.

— Енді соны алып қайтсақ тымақты алшысынан киеміз,— деп Шығанақтың көңілі алдағы үмітпен көтеріле түскенде, Олжабек тез ойын білдіріп күңк етті.

— Бас арманы болмаса, мал арманын қойшы!

Бұл сөздің астында не жатқаны Олжабекке қандай айқын болса, Шығанаққа да сондай айқын еді. Екеуінің де ойына Жамал, Сағынтай, тар кезең елестеді...

«...Мөлдір көзі жаудырап, жібек мінез Жамал қашқындардың қолында кетті. Кіршіксіз таза арна, аш қасқырдай сұғынған адамдар жара салмай қояр ма? Шыдар ма соған Жамал? Əлде, періштедей таза жан арам удың зəрінен жан берді ме, біржола? Апалаған нəресте қай көденің түбінде қалды екен, шырылдап!.. Əлде... Əлде... əбден күдер үзген соң...»

Олжабектің ойы осыған дейін келді де тұрып қалды. Одан əрі беттер емес. іші оттай жанып кеткен сияқты. Қызғаныш пен аяныш екі жақтап қысқан адал жан, бір тыныс іздегендей ауыр күрсініп Шығанаққа қарады.

Жол қысқарсын бір əңгіме айтшы.

__ Кезгенді айтайын ба, төзгенді айтайын ба?

__ Бəрекелді! Екеуін де айт. Сынған көңілге сеп болар ма екен.

Шығанақ əңгімені тым əріден бастады:

— Мен 1881 жылы туыппын,— деді де өткен өмірдің, жүйесін іздеп аз мүдіріп қалды.— Есімді жия бастағанда біздің, үйде жеті жан бар еді: əкем, шешем, əкемнің əке-шешесі мен менің інілерім — Тақатар, Түнқатар. Кедей-ақпыз. Оның үстіне əкем бір кіндіктен жалғыз. Бала жас, мал табуға ұзап кете алмайды. Мен он жасымда əкеме көмекші болдым. Əлі есімде, əкем бір жақтан келді де:

— Азық əзірле!— деді шешеме. Шешем үндемейтін кісі еді. Сол күні бір дорба тарыны қайнатып, қуырып та үлгірді. Ертеңіне түске жеткізбей түйіп, ақтап болды.

Екінші күні таңертең əкем атта, мен азық-сайман артқан түйенің үстінде келе жатырмыз. Осы. сапар өзгеше бір қызық боп көрініп, түн бойы ұйықтамай шыққан едім. Сөйтсем, азап екен: түйе тербетіп «ұйықта»— дейді. Жыртық бешпеттен кеулеген өкпек жел ұйықтамақ түгіл ояу да отырғызбайды.

— Тоңдым,— дедім əкеме. Əкем сырт киімін шешіп бер¬генде камзолының жыртығынан иығы шығып тұрды.

— Қайтсін бишара, аяп кетті ғой баласын!— деп үндемей отырған Олжабек тағы да бір күрсініп қойды.

Шығанақ əңгімесін соза берді.

— Кешке жақын егіншілерге жеттік. Бізде баспана жоқ. Басқаның не қосы, не үйі бар. Ершабар деген кісінің үйіне паналадық. Біреу жыртып, біреу сеуіп, елдің бəрі тырбанып жатқан кезі. Менің əкем, қолында шапашот, бір ағашты тықылдатып шабады да отырады.

— Бұл не?— деймін əкеме.

— Соқа,— дейді əкем. Ағаштың басына темір кигізіп, шегелеген соң, соқа дайын болды, балам,— деді.

Осы соқамен егінге шықтық. Егіннің де, соқаның да, əкемнің де сырын білмеймін. Үшеуі де маған ғаламат болып көрінеді. Сол ғаламаттың қызығымен соңдарынан ере бердім.

Əкем бірде қатал, бірде мейірбан. Қаталдығы да, мейірбандығы да мен күтпеген жерден кездесіп отырады. Шабан көкті делбелеп жеккенде «құтылдым ба» деп едім. Егін басына келген соң мені көк шолаққа көтеріп мінгізді де:

— Анау шиге қарай тура тарт!— деді.

Жалғыз тіс, көк шолақ жалғанды жапырып келе жатқан сияқты. Қызығын көруге артыма жалт қарағанымда, əкем ақырып қойды.

— Алдыңа қара!

Алдыма қарап тарта бердім. Қызықтың бəрі артымда. Əкем бір уақытта тағы да айғайлады.

.— К,айт!

'.{,айта оралғанымда, əкем жылы жүзбен қарап тұр екен маған. Жылы жүз, алғашқы тартылған борозда көңілімді көтеріп жіберді.

— Мен ұстайыншы соқаны,— дедім.

— Ұстарсың, балам, ұстарсың,— деді əкем, бірақ ұстатпады.— Тілім тасқа тисін, алғашқы тартқан бороздам оқтай түзу шықты. Бетің дұрыс екен, балам,— деп маңдайымнан сүйді. Сөзінен қуаныш, өңінен аяныш көрінеді. Сүйгенде, көңілi бұзылып, аузы кемсеңдеп кетті. Енді ойласам, өз өміріне налып, менің өміріммен жұбанған сияқты.

— Міне, менің диқаншылығым осылай басталды. Егінді қанша ұқсатып салсаң да, аспаннан тамбаса еңбегің еш. Ол күндерде суарып салуды білмейді. Сендерді əлі күнге аспан асырайды. Сарыарқаның қасиеті осы ғой. Біздің жақтың аспаны жерінен де құрғақ. Еңбек жанар жер іздеп дүниені біраз шарладым сонысын...

Оқаптардан шоқалақтап келе жатқан қосаяқ арба тыр-тыр еткенде, тортөбел тұра қалды. Əңгіме де бөлінді. Шығанақ пен Олжабек атып түсіп, арбаның екі жағына шықты. Ондай ештеме көрінбейді. Арбаның жəшігі кейін ығысып, қалпақ темір дөңгелекті басып қалған екен.

— Əй, осы жақтың жолы-ай!— деді Олжабек.— Жол емес.

Кейіп тұрған Олжабекке Шығанақ сылқ-сылқ күлді.

— Е-е, саған арқасыз жер, Жамалсыз əйел ұнар деймісің.

— Шынында əйелдерің де тым күйкі.

— Сыртын айтқанша, ішін айт. Жанботалар жанып тұрған от емес пе, шіркін.

— Оның рас,— деп күмілжіп қалды Олжабек.

— Алар ма едің, тисе?

— К,ой, бір жерге жығып кетер.

Жəшікті орнына қайта келтіріп, қайыс шылбырмен таңып алды да, екеуі жүріп кетті.

— Онда, он бес-жиырма арасындағы кезім,— деп бастады Шығанақ ендігі əңгімесін.— Егіннен еңбек еш бола берген

соң, Гурьевке тарттым. Екі жүз жиырма шақырым жер елсіз. Терлікбай екеуіміз жаяу. Сағыз бойындағы ел қасқыр дегенде ішкен асын жерге қойып отырған. Айтқанындай үш қасқыр солбаң етіп алдымыздан шыға келді.

— Таянбайды-ау,— деді Терлікбай. Күлдіргі жігіт еді,

таяғын мылтық қылып кезеп-кезеп қояды. Қасқырлар одан сескенбек тұрсын, тақала түсті. Ақырып ұмтылсақ ожырайып бетімізге қарайды, ұлиды.

— Ох, антұрғандар, үйір шақырады ғой—деді Олжабек əңгіменің осы арасына келгенде.

— Иə, үйір шақырған екен. Ұли-ұли қасқыр сегіз болды.

— Ал, енді шабады.

— Шаба қойған жоқ. Біресе мына жағымызға, біресе мына жағымызға шығып, қарды бората береді.

— Сол шабар алдындағы айбаты.

— Біз де айбат көрсетіп, бастырып кеп бердік. Біреуі бұлаңдап алдымызға түсе жөнелгенде, екеуі артымызды айналды. Өзгесі тамашалап қарап түр. Күн батып кеткен, Қасқырлар жүргізбеуге айналды.

— От неге жақпайсыңдар?

— От қайда, отын қайда? Бірі де жоқ бізде. Сөйтіп алпарысып келе жатқанымызда Терлікбайдың етегінен келіп алды біреуі. Таяқпен жіберіп қалдым. Терлікбайдың етегі қасқырдың аузында кетті. Енді састық. Бір қара көрінеді Содан жанымыз қала ма дейміз. Сөйтсек ол жол аузындағы мола екен. Мола да болса Қорғады. Қасқырлар қуып тықса да, молаға енбей тұрып қалды.

Сілеміз құрып, келісімен жатып қалдық.

Таңертең абайласақ моламыз бір керемет. Көлемі алты қанат үйдей, үй бейнелес кірпіш күмбез. Дəл ортада нəн қабыр жатыр. Қабыр шəйі шымылдықпен қоршалған, ашуға батпай айнала сығалап біраз жүрдік. Төр алдында ақ киіз, оның үстінен кілемдер жайып тастапты. Самауыр, шай жабдықтарына дейін бар. Тот баспаған ақ семсер, қаны жуусыз, дүзі жоғары қарап ілулі тұр. Оның қасында желекті көк найза, бір дəу дойыр ілулі тұр...

Жапан даладағы салтанатты жалғыз қабырды тамашалап көп тұрдық. «Жазатайым мерт кеткен біреудің жалғызы ма? Жауымен жағаласқан бір елдің ері ме екен? Неге ардақты бұл өлім?..»—деген ойлар келеді. Сол ойдың шешімін таппай дағдарған бізді бір нəрсе тағы шатастыра түсті. Қабырдың екі басында жыландай асылып екі бұрым жатыр. Қап-қара, жарым құлаш қолаң шаш үш тілдеп өрілген де, дəл түбінен кесілген. Осы кесіндісі, осы жатысы

ғана жалын жүректі, сұлу сымбатты жардың жарық сəулесін түсіріп тұр. Неге кескен? Неге жатыр? Қабыр иесі өзі ме, əлде жанына балаған жары ма?— дейміз. Нан ізде. ген екі жас, ішпей-жемей болдық мас...

— Ойпырай, тамаша екен!— деп Олжабек ырғалып қойып көтеріліп отырды. Оның, ұшығына жеткенше асығып отырғанын сезген Шығанақ, қасақана зарықтырғысы келді ме, əлде əңгіменің бір өрі кездесті ме, бөгеліп қалды. Олжабектің үлкен көзі жалтаңдаған сайын Шығанақтың ерні жымырая береді.

— Енді қашан?— деді шыдай алмай Олжабек.

— Нан іздеген екі жас, ішпей-жемей болдық мас. Айықсын солар.

— Ту!— деп Олжабек қолын сілтеп тастағанда ғана Шығанақ əңгімесіне кірісті.

— Айтайын, айтайын! Ашуланба, аға баласы! Жұмбақ қабырдың жайын ол арада білмегенмен, кейін естідім...

Кіші жүзді білген ел, алдымен Адайды біледі. «Танысаң адайыңмын, танымасаң құдайыңмын»,— дейтін адайлар. Бай ұлының он екісінің ішінде анайы емес, əкесі белгісіз, олжа бала деседі. Біреу құндақтапты да, қызылшақа күйінде жолға тастап кетіпті. Кіші жүзден тарағанның көбі де, ері де сол. Адай. Рас-өтіріктігін кім білсін, өзара қалжыңда Адай ұрпақтарының оқыс мінездері көп айтылады. Əлім руының бір үйіне бір Адай кіріп келсе, жаңа бұзаулаған сиыр тұр екен. Шошып кетіп, дойырын көтеріп алыпты да:

— Əй, мынау итің қаба ма?— депті жаңағы. Адай. Шығанақ осыны айтқанда, көп күлмейтін Олжабектің қатты күлгені сонша, арбадан ауып түсіп қала жаздады.

— Мынау, мал көрген неме ме, жаным-ау!— деп күледі.

— Мал көргенде қандай! Шіріген бай,— деді Шығанақ.— Бірақ сиыр ұстамайды екен ертеде. Көшпелі жауынгер ел бопты. Патша отрядымен де, іргелес отырған түркпендермен де талай шабысқан. Сол шабыстың бірінде оттай жанған жас жігіт аты жығылып, жау қолына түседі. Құтқаруға ешкімнің күші де, айласы да жетпей дағдарып тұрған кезде, көк бестіге ер салып, көк сүңгіні қолға алып, бір қыз жау соңынан жалғыз шауыпты. Дəл əлгі мола тұрған белесте масайрап жатқан жауға түнде жетеді. Жетісімен:

— Ояу ма едің қара жау!—депті анадай тұрып.— Көтібардай күшім жоқ, Махамбеттей жүрекпен келдім. Ер олжаға сыйған ба, мə, керек болса мені ал. Мақпал қара

ым бар, əрбір талы бір-бір мал. Қарақаттай көзім бар, ашығынан от

лаулар. Сөзім шекер, тілім бал, лебізімнен

^^н нəр. Жүзімді айтсам, жаңа атқан таңдай. Сымбатымда мін жоқ, бір — туған нардай. Мінезім керек болса, түнергенде түнмін, күлгенде күнмін. Ел намысына, ер намысына бəрін бердім. Жалғыз ғана жүрегімді алып қалам.

Жеңген жау асыл сөзді, ару қызды ұқпай, ожар күшпен лап береді. Қыз мінген көк бесті Мұзбүйрек деген жүйрік екен, ұзақты күн шапқанда бір ғана бүйрегі жібіпті деседі. Біріне шалдырмай шығып кетіпті.

Жете алмай жау қайтқан соң, таң ата қайта оралып, қыз тағы да сөйлеседі:

— Айтқаным айтқан, есің болса — ел болмайтын ерді алма. Жат үшін жаралған қызды ал!—дейді. Сұлудың жүзін жаңа ғана көрген жау осыған көне қалыпты. Жігітті байлаудан босатады. Оқшау тұрған қызға жігіт жалғыз келіп:

— Əттең, дүние-ай, семсер асынғанша, мылтық, найза асынбай!— дегенде.

— Еркек болсаң ол да бар. ізімнен адаспа. Ұзамай табасың— депті қыз.

Жігіт көк бестіге мініп, кеткелі тұрғанда қызға бір-ақ нəрсені ескертіпті. — Шонжар Қарадан сескенем.

— Мен, қорқақ жүректен сескенем. Менің жауымды сен жеңсең, сенің жауыңды мен жеңер ем.

— Тұрдым осыған,— деп жігіт қол алысыпты да жүріп кетіпті.

Тапжылмай тұрып қалған қызға, жуықтап ешқайсысы келе алмапты. Əлден уақытта, басқан жері майысып, қызға Қарай Шонжар Қараның өзі жүреді. Бурасынды шіркін, өңін жылытпай, тіл қатпай келіп қыз белінен семсерді қолымен алады. Қыз сонда күліпті.

Тал бойымнан таңдағаның осы ма?

Ала берем осылай!

Ендеше, атап ал дер едім?

Сенбеймін семсерге, сонсоң алдым.

Онда əуелі жүрегімді ал.

Күш жеңбеген батыр жау сөзден жеңіліп, семсерді қызға қайта береді. Бір күңк етіп, құшағын жайып жібереді де:

— Əкел жүректі!— дейді. Жайылған құшаққа қыз барып ене, қойған жоқ. Енбеймін де деген жоқ. Алпамсадай антұрған ашуланса бүлдірер деді ме, емексіте сөйледі.

— Семсер алудан жүректі алу қиынырақ. Сабыр, батыр, сабыр.

— Маған бəрінен де сабыр қиын қазір. Келер болсаң дереу кел, жайылған құшақ жиылмай!

— Қазір алсаң міне семсер, жарып ал. Сабыр қылсаң, əлі де айтар сөзім бар?

— Айтшы, бол!

— Атам қазақ əдеті — ел көзінше ер құшағына қыз кірмейді.

—- А? Жүр ендеше тасаға, жүр?— деп тарта жөнеліпті Шонжар Қара. Екеуі аулаққа ойпатқа кетіп барады.

Олар кетісімен көк белден шаң бұрқ ете түсті. Əбігер болған жау ат, қаруын ала батырға шабады. Келсе батыры жайрап қапты. Қыз қолындағы көк семсерден қан тамшылап тұр. Ызалы жаудың бірі сөзге де келместен, дəл жүректен қызды түйрепті. Жығылған қыздың тұлымын бірі кесіп əкетті. Батыры өліп, сағы сынған жау одан əрі сабыр таппай қаша берді. Көк найзаны төсей, көкбестімен зулатып жігіт жеткенде қыздың жаны əлі кеудесінде екен. Сол қалпында жігітті құшақтап жатып жан беріпті.

Міне, біз көрген там, осы Адай қыздың тамы. Оны.салдырған өзінің сүйгені. Көкбесті астына, көк найза қолына тиген соң жауын да жеңіпті, жарына да ескерткіш қалдырыпты,— деп Шығанақ əңгімесін аяқтады.

— Жамалымның өлігі табылса, барлық еңбек күнімді берсем де, мен де бір ескерткіш орнатам...— деген ойда келе жатты Олжабек.



III

Жусанды далада ойқы-шойқы ауыл отыр. Бір шеті мен бір шеті атшаптырым. Екі үйінің арасынан ел көшіп өтеді. Құрым қос, ши туырлықты киіз үй, құм басқан кірпіш үй — бəрі араласып кеткен. Киіз үй, құрым қостар бұрынғыдай алысқа көшпесе де, айнала жылжуын əлі қоймапты. Олар бір шеттен бір шетке жылжыған кезде, өзі сирек ауыл, тіссіз ауыздай опырыла қалады.

Бұл ауылдың сиқы өзгерумен қабат, аты да өзгерген. Колхоз деп аталады. Шынында колхозға, ауылға ұқсайтыны да, ұқсамайтыны да көп. Елдің ауыл қалпынан колхоз қалпына келіп жатқан кезі ғой. Бір көш қуантады, екінші көш ренжітеді. Қуансаң — қызыл езу даңғой, ренжісең — кертартпа, қырсық атанасың. Үндемесең — ішінде үйдей пəле жатыр деп тағы күдіктенеді. Ел мінезі осылай. Есіргенді

де, өкінгенді де, үндеместі де жаратпайды. Қуаныш, қайғыға бірдей

төзімділік, ашық ой, қажымас қайрат— ел

Осы елдің бір жерінен шыққан Шығанақ дəл осы колхозға келгенде күнді батырды. «Қонақ таңдап қонады». Шығанақ таңдап келеді. Еңсесі көтеріңкі бір үйге жеткенде тұра қалады.

Берген бар ма? Бергенді көрген бар ма?—деді дауыстап. Сиыр сауып жатқан жас əйел аузын аңқита қарады да, үндеген жоқ.

Шығанақ екінші үйге келгенде сол сөзді тағы да айтты. Есік алдында қамыт жамап отырған шақшадай шал:

— Не іздеп жүр, осы?— деп бір шықылық етті де басылды.

Шығанақтың не іздегенін басқалар түгіл қасындағы Олжабек те түсінбеген екен. Ат басын бұрарда:

— Қонуға осы үй дұрыс,— деп күңк етіп еді.

— Тарта бер!—деді Шығанақ.

Қаракердің аяң жорғасымен келіп түсе қалған көселеу жігіт, осылай беттеген Шығанақтарды күткендей, үйіне енбей тұр. Ауыл қыдырған екі аяқ арбаның бір өзгешелігін сезіп тұрған сияқты. Шығанақтар бері бұрылғанда, сыртта тұрып үй ішіне хабарлады:

— Қонақ келеді.

Шығанақ келген жерден-ақ белгілі сөзін айтты:

— О, шырақ, берген бар ма, бұл маңда? Бергенді көр¬ген бар ма?

— Берген де бар, бергенді көрген де бар. Қош келдіңіз,— деп аттың шаужайына оралды жігіт. Шығанақ сонда ғана арбадан түсті.

Жұпыны ғана үй екен. Үш көрпенің екеуі қонақ астында, үш жастық екеуі қонақ шынтағында. Ерлі-байлы екі адам бірі оны, бірі мұны істеп, екеуі де қонақ жабдығында жүр...

Амандықтан кейін тым-тырыс отырып қалған қонақтар жай отырған жоқ, іштей бəрін байқап отыр. Үй адамдары ұнағанмен, үй іші сұйықтау. Қонақасының қалай келері белгісіз. Кереге басында тұздаулы жалғыз ғана төстік, белдеуде əлі күнге дейін ағытылмаған торы құлын тұр. Құлын тым кесек. Төстік тым ұсақ. Басқа ештеңе көрінбейді. Шығанақ торыққандай, сүйеулі домбыраны алып шерткенде, Олжабектің көзі ілулі тұрған дырау дойырға түсті. Топшысын, алақанын қорғасындап, сабын шандып тастаған жуан Дойыр, бір заманның мықты қаруы болса да, қазір көрмеге қалған. Ешкім ұстамаған соң, өрімдерін көк шалып, сабы керегеде, тұмсығы жер иіскеп жатыр.

— Мынау ат ұрғыш па?—деді Олжабек таңданып. Өз елінде ол болмайтын.

— Жоқ, кісі ұрғыш!— деді Шығанақ.— Осымен бір тартайын, мықты болсаң жығылмай кет.

— Қой, қой. Түрі бұзық екен.

Осындай бұралқы əңгімемен отырғанда дастарқан жайылды. Алқынып ақ самаурын, жалаулап қара таба келді. Қаймақ құйған қою шайды, майға илеген талқанмен сіміре бастады қонақтар. Басқа ел арақ, қымыз. сыра ішкенде жадыраса, бұл ел шай ішкенде жадырайды. Жол соғып келген Шығанақ, шай ішіне барған соң ғана үй иесін жоқтады. Шай құйып отырған қара торы əйел:

— Келеді. іше беріңіздер.— дегенде, тор құлынды ноқтасынан жетелеп жер ошақ маңына барған үй иесін көріп қалды Шығанақ.

— Шақырыңызшы.

— Келеді. Келеді ғой.

— Жоқ, шақырыңызшы.

Əйел орнынан амалсыз тұрды. Үй иесі келсе де отырған жоқ. Түрегеліп тұрып:

— Айыпқа бұйырмаңыздар. Мен бір жұмыс жасағалы жатырмын,— деді де шығуға бой ұрды.

— Тоқташы, шырағым!—деді Шығанақ. Жігіт тұра қалды.

— Атың кім?

— Қали.


— Азғана отыршы қасыма келіп.

Қали қасына келіп отырған соң, Шығанақ мəтелдей жөнелді.

— «Қаз орғанына семіреді. Қарақұс тойғанына семіреді». Біз қара құс емеспіз. «Асқанды айтпа, сасқанды айт». «Етті айтпа, ниетті айт» деген.

Бəрі де болды. Енді орныңнан қозғалма.

— Оның бəрі қонақ ырзалығы. Маған арнап бірдеме айтпасаңыз тоқталмаймын.

— Сенің іздегенің қонақ ырзалығы емес пе? Өзің жегің келсе, қарагер биені қоса сой.

— Ол не?—деп елең ете түсті Олжабек. Бəрі күліп жіберді. Күлкі Олжабекті одан ары таңдандырды.

— Бұл арқа жақтікі еді,— деді Шығанақ.— Олардың салтында қонаққа соятын малды əкеліп бата сұрайтын көрінеді. Сен бата сұрамаған соң, торы құлынның сойылғалы жатқанын сезген жоқ.

— А, солай ма!— деп Олжабек жаңа ғана түсінді. Торы құлынды соя алмай, басқа ештеңе таба алмай, ер көңіл Қали ойын əржаққа жүгіртті.

Енді жайын айта бастады...

— ...Колхозға биыл ғана ендім. Төрт-бес қараны ортаға беріп, əрі мінгіш, əрі сусын болар деген оймен, қарагер биені меншігіме алып қалған едім. Оның құлынын сыйғызбадыңыз. Қонақасы сұйықтау болды.

Колхозымыз да жаңа колхоз. Жаңа қоныс боп жатқан кезі ғой елдің. Айыпқа бұйырмаңыз, отағасы. Жоғары көңілге қысқа қол жете алмай тұр...

Айтпаса да Қалиға Шығанақ риза еді. Риза емес кісідей, үнсіз отырып қалды. Бұл мінезді бұрын сезген Қалидың əйелі Шығанаққа шайды баса құйып:

— Ішіңіз, ата, ішіңіз,— дей береді. Шығанаққа бір қараса, күйеуіне екі қарап, əйел қызара түсті. Шығанақ та мұны сезіп, алысқа кеткен ойын қайырып алды. Үлкен орамалымен бетінің терін сүртіп тастаған соң:

— Қонақ таңдап қонады,— деді,— бірақ қазақтың қай үйіне барсаң да тостағандай қарын тояды. Көлдей көңіл тола бермейді. Мен көңіл тойымын іздегем. Рақмет, шырақтарым, көңілім көрген жерде тойған. Сенің бір сөзің ой қозғап, бір қатар жерге барып қайттым.

— Қай сөзім? — деді Қали.

— «Жоғары көңілге, қысқа қол жете алмай тұр»,— дедің ғой. Мен де соған жете алмай жүргеннің бірімін. Қайтсек жетеді?

Сол шіркін жеткізбес, сірə.

— Жоқ, жеткізеді. Мынау жеткізеді!— деп Шығанақ майға илеген тары талқанды сұқ қолымен көрсетті.

— Осының өзі жеткізбей келеді ғой.

— Дұрыс айтасың. Əкем Берсе сақал, шашы ағарғанша Қуды. Өзім он жасымнан бері қуып келемін. Құйрығын ғана шалдырады. Талай отырғызып кеткен уақыттары да болды. Онымен адастырған жоқ. Қайда барар дейсің бұл шіркін. Осы сапарда бір жүйрік мініп қайтсам, тары құтылмас менен.

"— Оныңыз қандай жүйрік,— деген сұрауына Шығанақ машина жайында ұзақ əңгіме айтты. Табадағы шоқ үш рет жаңартылды. Самауыр екі рет еселенді. Шай əлденеше рет салынып жатыр. Əңгіме сонда да біткен жоқ. Терлеп алған Ғ. Мұстафин, I том.

шайқұмарлар сөзден шаршар емес. Олжабек атын əлдеқашан доғарып

келіп, жантайып жатыр.

— Машина, машина дегенмен, ол бəрін бітірмейді,-дейді, бір уақытта Шығанақ.— Машина тек су тарту үшін керек. Сусыз егін жоқ. Бірақ су да өздігімен жарылқамайды. Тарының дəні қандай көп болса, бабы да сондай көп. Бабын тапсаң — бермегенді береді. Сонда «жоғары көңілге қысқа қол да» жетеді.

Қали аз сөйлеп, Шығанақты көп тыңдады. Тыңдаған сайын құлақ құрышы қанып, үлкен мұрын қара шал оған түпсіз терең көрінді. Тыста, алғашқы кездескенде, сөзіне қарап, ескі сөзді, ескі əңгімешіл адам болар десе, енді ескі мен жаңаға бірдей, өз ойы, өз жолы бар, сирек кездесетін қарт екен,— деді. Ол қарттың, қарт мұның аты-жөнін, егжей-тегжейін əлі сұрасқан жоқ. Бірін-бірі жүрекпен танып, ұзақ əңгімеге кіріп еді.

Қали енді ғана:

— «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деп еді. Атыңыз қалай, отағасы?—деді.

— Əкем аты Берсе. Өз атым Шығанақ.

— «Аты шықпаған кісі ме? Мен естімедім бе?..»—деп ойланып қалды Қали.

— Қай русыз?

— Ақ кетеміз.

— Оның қайсысы?

— Жұлдыз боламыз. Жұлдыз болғанда Ойыл бойын¬дағы жатақпыз.

— Ағайын боп шықтыңыз ғой тіпті— деп Қалидың көзі күлімдеп кетті. Бірақ ағайынын əлі біліп болған жоқ. Екеуі де Жұлдыз болғанда бес-алты атадан қосылады. Қоныстарының арасы күндікке жетпейтін жер. Қали Шығанақтың аржағында күндік жердегі адамдарды, Шығанақ Қалидың аржағындағы күндік жердегі адамдарды біліп отыр. Бірін-бірі білмейді. Шығанақ сонсоң өзін-өзі міней қалжыңдады:

— Ертеде бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатсам, бір жігіт бір ақсақалды сыбап жатыр: «Алпысқа келгенше алты шақырымға атың шықпаған көк төбет»,— деп боқтайды əлгі антұрған. Сол сияқты мені де боқташы, Қали,— деп сылқ-сылқ күледі.

Əңгіме осымен аяқталғандай болды. Дастарқан жиылған соң Қали домбырасын алып шертті. Айтуға тіл жетпейді, жүрек қана сезетін бір күй, жанды шығанға алып шығып барады. Алдында алып дала, тебіренбестен ұйықтап жатыр.

Асау бұлақ бауырында ойнап, асқар тауы аспанмен сөйлесіп тұр. Жер бетін желпіген самал леп, əлде не деп сыбырлайды. Тыныш жатқан айдын көл ақырын ғана жыбырласа, меңіреу орман бас изеп мақұлдайды. Өлі жерден өзгенің бəрі бірдеме сезгендей, күткендей елең етіп, тын, тыңдап тұрған шақта, əлдеқайдан еміс-еміс үн келеді. Көз ұшында ноқаттай қара көрінеді. Сол үнмен ноқатқа қадалған жан алуан-алуан күйге түсті. Сүтке тойған сəбидей, уілдейді де күледі. Ботасы өлген іңгендей, боздайды да жылайды. Қырандай қалықтап көкке де шығады. Қияндағыны көріп, темен де құйылады. Біресе қалың, орманға сүңгіп кетіп, бұлбұлменен үн қосады. Біресе, қара бұлтты отқамшымен айдаған, қара орманды қалтыратып, теңізді торсықтай шайқаған дауыл болып ызғырады....

Жанды сонша құбылтқан осы үн, осы ноқат, міне, сары даланы гулетіп, қақ алдыңнан өтіп барады. Аяғында кісен, қолында домбыра, қияқ мұрт қарасұр кісі, кісені сылдырап, домбырасы зарлап барады. Домбырасын қалдырып, өзі бел асып, көзден таса болды...

Қали тартқан жанды құбылтқан осы адамның күйі еді.

— Күй иесі — Кұрманғазы!—деп домбырасын сүйей салды Қали тыңдаушылар сонда ғана өзіне-өзі келгендей болды.

— Жаталық!— деді Шығанақ.

IV

Шығанақ пен Олжабек үш күн жүріп, облыс орталығына жеткенде тортөбелдің қылшығы да сынған жоқ. Екеуі де мал қадірін білетін адам, қалаға келген соң, да көліктің, жүдемеуін ойлады. Шығанақ күндіз мекеме аралап кеткенде, Олжабек тортөбелді Елек жағасына алып кетеді.



Електің ойында бақша, қырында дəнді егіс. Бақша баққан, егін еккен жұрт құмырсқадай қыбырлап жүр...

Өзгеден оңаша өзен жағасында, баурын көкке төсеп жатып, Олжабек бүгін өзімен өзі көп сөйлесті. «...Бұл маңның жер реңі Ойылдай емес, біздің жаққа ұқсайды екен. Бұтасы кемдеу, əйтпесе кəдімгі шалғын, бетеге, шымайт емес пе °сынау жерлер. Трактор дегенді көргенім осы. Мына біреуінің соңындағы соқада тіс нешеу? Бір, екі, үш, төрт, бес... '"ер шыдамас мынаған. Мен келгелі айдағаны бұрынғы бір ауылдың егісі. Ойыл бойына осынын, бірі барса, жетіп тұр екен. Сөйлесейінші»,— деді де, аяңдап тракторға келеді.

Аю көргендей таңданып, о жағына, бұ жағына бір шығады. Тракторист шылымын саспай орап, жымиып тұр.

— Əй, жолдас, бұл неге қалшылдайды?

— Мотор істеп тұр.

— Ол немене?

Қалай ұғындырарын білмей:

— Жүрек,— деді тракторист.

— Жүрек? Мұның да жүрегі бола ма?

— Болады, жолдас.

— Көрсетші, кəні?

Тракторист қақпағын ашып моторды көрсетті. Мотордың атқаратын қызметі жайында біраз түсінік берді. Қаншасын ұғынғанын кім білсін, бəрін ұққандай, Олжабек басын шұлғып тұр.

— Қайдан алдыңдар мұны, базарда сата ма?

— Заводтан келеді.

— Завод қай жерде?

— Мұнда жоқ. Харьков қаласында.

Алыста екенін Олжабек жақсы түсінді. Өзіне ол дүниедей көрінетін Ақтөбе, енді онша болмай қалды.

— Біздің Ақтөбеден де үлкен болды-ау, ол?

— Иə, үлкен,— деді де, шылымын табанымен бір таптап, тракторист орнына барып отырды. Олжабектің əңгімелескісі келіп барады.

— Əй, тамыр, сатасыңдар ма, осыларыңды?

— Не берер едің?

— Сұрашы кəні?

— Он мың сом,— деп жүріп кетті тракторист. Оның күліп бара жатқанын Олжабек байқамады. Ере түсті де, тортөбелдің қасына келіп қайта жантайды. Тракторды қуған ой талай саққа жүгірді. «...Советтің ақылы да, айласы да асты ғой,— деді Олжабек өзіне-өзі.— Жауға бұйырған екі-үш қараны алып қашамын деп, ақыры мынау...»

Өткені есіне түсіп кетіп, Олжабектің ойы ауырлағаны сонша, қапелімде іші елжіреп, еріп бара жатқандай еді. Əрі-беріден соң өкініш оты қозданып, адал көңілді алай-түлей етті. Жанған жанға, басытқы көз жасы, тартылған демге зар болды. Жер бауырлап жатып зарлады, көз жасын көл қылды.

— «...Жібек мінез Жамалым. «Олжеке» деген назыңды қайтып есітер күн болар ма? Жаудыраған ботакөз қай сай¬да, қай үңгірде, тора түскен тұйғындай шерменде боп отырсың... «Көкелеген» Сағынтай, табаныңа қадалған шөгір, маңдайыма қадалсын деуші едім. Бір иіскер күн болар ма!

Жаратқан-ау, қатын-баласы қасында, ала қайғыдан аман, ел қатары еңбек еткеннің де арманы бар ма екен! Қорқытқан колхозың осы ма?

Құшағын жайып қарсы алды. Ержан мен Төкен болар бір мықты. Тайталасып қалаға келдік. Мендей момын қашан жетіп еді осыған...»

Олжабектің жанған ішін алдағы өмірдің нөсері ғана сөндірді. Бұрынғы алды тап-тақыр, айналасы астан-кестен болып көрінсе, ендігі алды жаңбырдан кейінгі жердей күлімдеп, сол жерге ел жайланып қонған сияқты. Əуелде оның басына сыймаған бірлестік еңбек, ортақ енші,— берік дəстүр, белгілі əдетке айналған сияқты. Басы осы болса, аржағы «қой үстіне боз торғай жұмыртқалайтын» əділ, молшылық заман екеніне Олжабек күманданған емес. Міне, сол сенбегеніне сеніп, сенгені жыл құсындай көріне бастаған соң, Олжабектің ойына үміт дүниесі келіп орнады.

«...Жамалым тірі болса, бір табылар. Өлі болса,— қара жер кімді алмайды. Əйтеуір заман түзеліп келеді. Момынның, адал еңбектің күні туды. Əлі-ақ теңеліп кетпеймін бе? Қазірдің өзінде үш жүздей еңбеккүнім бар. Өзімнен ешқайсысы артық емес. Абыройым жақсы. Атым газетке де шықты. Кісі түсетін үй болғалы-ақ тұрмын. Тек, Жамалға қарайлап...»

Олжабек Жамалға келгенде жөн таппайды. Көңілі қалмаған сүйкімді жардың қайдағы қылығы есіне түсіп кетеді. Əлі бір əйелмен жылы сөйлескен жоқ. Оны құдай алдында да, Жамал алдында да кешілмес күнə деп біледі. Əйтпесе, жасы қырық шамасында, тепсе темір үзерлік қайраты бар. Елуге келгендердің де кейбірі өкшесі сартылдап, кеудемен соғып жүрген жоқ па?

Бірақ көксеген ой кейінгі кезде бір жосық тапқандай, алабұртады. Астамдықтан емес зəруліктен, кезі келген жесір əйелмен ойнап-күлсе тəңірдің өзі де кешіреді-міс. Осы ой Олжабекті ойыстырып келсе де, Жамалға үйренген ,көз олай-бұлай əйелге тоқтамай жүр еді. Арт жағынан сыбдыр еткенге жалт қараса, бүлдіршіндей бір келіншек қасына келіп қалыпты.

— Жоғары шығыңыз!—деді Олжабек, қапыл-құпыл тұрып жатып.

Көрген жерден жүрегі бүлкілдеп кетті. Келіншектің қара көзі күлімдеп тұр.

о— Жоғарыңыз қайсы, төменіңіз қайсы?—деп жұғыса сөйледі. Даланың төрі, босағасы бар ма, сөз таппаған Олжабек қара мұртын дамылдамыл сипай берді. Келіншек тақымдай түсті.

— Мұртыңыз сонша бұла ма, сипай бересіз!

— Иə, бұла.

— Қырыққа келгенше, бұла болса, бұдан былай ештеме шықпас,— деді де келіншек кетпенін иығына салып жүре берді. Сабырлы Олжабектің, сасқаны сонша, орнынан ұшып тұрды.

— Тоқтаңыз, тоқтаңыз!— дегенде келіншек қайта оралды — Не айтасыз?

— Асықпаңыз, азырақ əңгімелесейік. Жөн сұрасайық.

— Ал айтарыңызды айтып, сұрарыңызды сұрай қойыңыз,— деді де келіншек тақала отырды. Олжабек ойындағысын тура айта алмай, бұрмалап келтіруге ебін таппай, өрескелдеу бір сұрақты қойып қалды.

— Жолдасыңыз бар ма?

— Е, жолдассыз кісі бола ма?

— Күйеуіңіз бар ма?— деймін.

— Əлі күнге қыз деп пе едіңіз?

— Жоқ, қазіргісін айтамын.

— Қазір жалғызбын ғой, к'өріп отырсыз.

— Мынау бір теріс азу болмаса еді,— деді Олжабек ішінен. Кезіне көзі түсіп кеткенде жүрегі тулай түсті.

— Неге жасырасыз? Мен шын сұрап отырмын.

— Сұрады екен деп ашып салуға бола ма, аға-ау,— деп келіншек əсем күлкімен сылқ-сылқ күлгенде, Олжабектің ішінде махаббат ұшқындары шашырап жатты. Дəл сол сағатта Олжабек қандай сөз таппаса, сол халді жазып отырған автор да Олжабектің жүрек күйін толық айтуға сөз таппады. Күн батып, елдің бəрі жұмыстан қайтқанша одағай сөзбен ойқастаған Олжабек келіншектің жесір екенін ғана ашты.

— Сонша ежіктерлік күйеуімде неңіз бар еді?—деді бір кезде келіншек.

— Бос болсаңыз бірдеме айтар едім.

.. — Ал боспын, айта қойыңыз!— дегенде, Олжабектің бетіне қан ойнап шыға келді. Үлкен көзі жаудырап келіншекке қарай береді. Келіншек қараса жымың-жымың етеді. Салқын денені қызу кеулеп, сонша аласұрғанда тапқан сөзі:

— Ойнап-күлсек қайтеді?

Келіншек сақ-сақ күліп жіберді. Олжабек қоса күлсе де, қай күлкі екенін аңдамады.

Неге күлдіңіз?

— Күлейік деген соң күлдім, ал, ойынды сіз бастаңыз,;— деп келіншек томсара қалды. Олжабек олай бір, бұлай бір дөңбекшіп отырып, келіншектің бəтеңкесінің тұмсығын ұстады

— Аузын ашып тұр ғой.

Келіншек сақ-сақ күліп жүріп.кетті... Олжабек өңкиіп отырып қалды...



V

Шам жағылған уақыт. Үш бөлмелі үйдің, орталығында, диванда Шығанақ ояу жатыр. Жалғыз өзі. Үн жоқ. Көзі бір жерге қадалған. Андасанда келтелеу қара сақалын тарамдап, сипап қояды. Төргі бөлмеде қатты ұйықтаған Сағындықтың, қорылы, көшеден өткен машиналардың гүрілі, ас үйдегілердің аяқ тықыры солғын естіліп тұр. Форточкеден еніп қалған қанатты қоңыз күж етіп, терезені кейде бір сүзіп кетеді. Мұның, бірі де Шығанақтың, ой өрмегін бұзған жоқ. Бір кезде елең етіп басын көтерді.

— Жаным-ау, Олжабек қайда?!

Кешікпей Олжабек кіріп келді. Екеуінің, даусымен оя-нып кеткен Сағындық төргі бөлмеден шықты.

— Жай кешіктің бе?— деген Шығанақтың, сұрауына Олжабек жауапты күлімдеп қайырды.

— Жай.


— Қой, сенде бір сыр бар, күлесің ғой?

— Огород басындағы əйелдермен əңгімелесіп қалған шығар, қайтесіз ежіктеп,— деді Сағындық. Олжабек үндемейді, жымыңдай береді. Шығанақ шын күдіктенді.

— Құдай ақына, сенде бірдеме бар?

— Онда досыңызбен оңаша сөйлесіңіз,— деді де, Сағындық шығып кетті. Бірақ Шығанақ одан əрі бұл əңгімені Қудалаған жоқ. Басын ұстап, төмен қараған қалпымен отырып қалды. Күнде бұл уақытта қысқа қалжыңмен біреуді іліп, біреуді соғыстырып, үй ішін күлдіріп отыратын.

Бүгін Қабағы жабыңқы қайтты. Тамақтан кейін көз шырымын да алған жоқ. Олжабек Шығанақтың, бұл күйін көріп өзінше жорыды

— Бір жерің ауыра ма?

— Жоқ,— деді Шығанақ əлден уақытта.

Не бітірдің? Айта отырсақшы.

— Əзір біткен де ештеме жоқ. Ержан мен Төкен осында жүрген көрінеді,— дегенде Олжабек шошып кетті.

" Ойпырай, ə?

" Кім біледі, өз жұмыстарымен келді ме? Əйтеуір қырын келіс қой бізге.

Əңгіменің ар жағын екеуі ішінен жүйелеп отырғанда ас үйден жылап шыққан Ерік Шығанаққа келіп мұңын шақты,

— Мама ұрды, ата.

Шығанақ үн-түн жоқ киіне бастады. Жылап тұрған бала да, тұнжырап отырған Олжабек те аңырып қалды.

Ас үйден Зибагүл келіп:

— Қайда барасыз, ата? Шай ішеміз,— деді.

— Мен ішпеймін.

— ішіп кетсеңізші. Қайда баратын едіңіз?

— Рақмет. Басқа бір пəтерге шыққалы барам.

Зибагүл жаман састы. Не айтарын білмей, көзі бажырайып сілейіп тұр. Араласып жүрген ауыл адамдарының ішінде, тіпті, жақсы көретін, сыпайы мінезді қарт, күтпеген жерден одағай мінез шығарды. Туған əкесіндей көріп, мəпелеп күткен Зибагүлдің бар жақсылығы зая кеткендей болды.

— Қайтейін енді, қала тұрмысы осынан артыққа жібермейді...— деп келе жатқанда, Шығанақ сөзін бөліп жіберді.

— Шырағым, ол жағын айтпа. Жан-тəніммен ырзамын. Осы жалғыз баланы неге жылата бересің? Саған бір қолқам еді ғой.

Зибагүл қуанып кетті. Жүгіріп келіп Шығанақтың, киіміне жармасты.

— Шешініңіз. Ендігəрі жылатсам менің бетімді көрмеңіз.

Шығанақ шешініп отырып, бала тəрбиесі жайында бірсыпыра сөз айтты.

— Осы шіркіндерге,— деді Ерікті маңдайынан иіскеп,— қол қалай батады екен. Не жазық бар мұнда? Нені көрсетсең соны істейді. Үйретіп аласың да, ұрасың. Əділдік пе сол? Ұрған өзің де, ұрылған бала да кейиді. Дүниесі бар болғырдың басқа кейісі жетпей ме!..

Əңгімені қабақтан біліп, ұрты салбырап, тып-тыныш тыңдап отырған Ерікті Зибагүл өз алдына алып, құшырлана сүйді. Ұшып тұрып сұрағанын да, сұрамағанын да алдына əкеп қойды. Байқап отырған Шығанақ мұны да онша ұнатқан жоқ.

— Баланы тым есіртіп, тым мəпелеу де пайда емес. Ол өскенде не даңғой, не əйеншек болып шығады. Оған дейін өзіңді де мазалап бағар. Нəзік баланың тəрбиесі де нəзік.

Зибагүл үй шаруасында жүрсе де, жап-жақсы оқыған əйел. Əсіресе өнер жағына бейім. Оқымаған Шығанақтың сөзінен көп нəрсені оқып отыр. Таяуда Шығанақтың үйіне барып қайтқан. Екі анадан тараған он шақты жан бір үйде.

Инженер де. мұғалім де, оқымаған агроном, еңбегі асқан екпінді де осы үйден табылады. Бəрінен де тамашасы — Осынша көп басты үйде бір ыңжың болсайшы!

— Бұл менің тəрбиедегі табысым,— деген Шығанақ. Зибагүл осыларын еске ала келіп:

— Егер осы кісі оқыған болса, жас шағы болса?..— деп өкінген-ді ішінен.

Шығанақ Зибагүлдің ол ойын қайдан білсін. Үндемей қалғанға əлгі сөзіме жабырқап қалды ма деп, көңілді бір көтеріп тастағысы келді.

— Зибагүл, қарағым, əн салшы бір, құрысқан көңіл жазылсын.

— Қайсысын айт дейсіз.

— Əуелі «Зəурешті» айтасың да. Шалдың мұңы шалға жақын.

Зибагүл Ерік алдында, кейде теңселіп кетіп, кейде ақырын ғана басын изеп, өзінің бір сыдырғы жақсы, майда қоңыр даусымен, шалдың жүрегімен «Зəурешті» бастан-аяқ айтып шықты. Шығанақтың ылғи айтқызатын, жақсы көретін əні еді.

— Бұл шіркін ауырлата түсті ме ойды, қалай. «Əсетті» жіберші қайтер екен,— деді.

«Əсетті» айтып бітіргенше жарыса сөйлеп отырды:

— Па! Па! Шырқап шыңға, құйылып құзға кетті-ау! Құйқылжыт, ерім!..

— «Əсет» жастың əні емес пе, ата? Сізге қатты ұнады-ау,— деп, айтып болған соң əзілдейді Зибагүл, Шығанақ күлімдеп:

— Атаң да жас болған. Адам жастықтың қызығын өз шағында көріп, бағасын кейін береді екен. Бағалап отырмын. қызықтауын мынау Олжабек қызықтамаса, біз өтіп кеттік Қой, шырағым,— дегенде, Олжабек тағы да бір жымың ете түсті.

Сағындық келіп Олжабекті қолға ала бастады. Сырын білмеген кісіге оның қалжыңын, шынын айыру қиын. Шай жасауға тұрып бара жатқан Зибагүлді қайта отырғызып, өзін суыта сөйледі:

Шықа, көңіліңізге келмесін, мына жолдасыңыз арам екен. Түнде Зибагүлді айналдырды. Ояу ма екен деп қызметтен Қайтып келе жатып қасына барсам, Зибагүл екеуі Шалқиып, əңгімені соғып отыр. Ат пен арбаны қоса алып кетсе де білетін емес. Бүгін, өзен бойында бір жеңгеймен кездескенін тағы да естіп келдім,— дегенде Олжабек күйіп кетті:

— Ол сені білмейді ғой, тіпті!— деді. Бəрі ду күлді. Ештемеге түсінбеген Ерік те сақылдап күліп тұр.

Жас бала мен сақалды баланың айырмасы тек сақал ғана болса керек. Олжабектің Еріктен оздығы шамалы Шай үстіндегі əңгімеден бəлки Ерік ересектеу ме дерсің.

Көптен бері көлбеңдеген қызықты арман, шай үстінде де Шығанақ алдында түлкіше бұлаңдап тұр еді.

— Осы шіркін, шынымен-ақ ұстатпай ма?— деп күрсініп қойды, Шығанақтың ойындағысын стол үстінен іздеген Олжабек, адасып қалған аш қандала шыға келіп, жалт бер¬генде:

— Ол шіркін, қайда барушы еді,— деді тарпа бас салып, Шығанақ мырс етті де, өз ойын қозғай берді.

— Ауданның қағазы керек көрінеді. Ержан мен Төкен машина алып берер ме бізге.

Олжабек жаңа ғана түсінді.

— Ақшаң жете ме?— деді Шығанаққа.

— Көп ақша да болмай тұр.

— Ақша тапшы. Машинаны мен табайын.

— Қайдан табасың?

— Табам. Мынау өзен бойынан табылатын көрінеді.

— Япырмай, ə? Бағасы не екен?

— Тракторға он мың сұрайды. Сенің машинаң одан қымбат емес шығар.

Шығанақ нанар-нанбасын білмей Сағындыққа қарады. Сағындық күліп жіберді.

— Олжекеңмен ойнаған ғой біреу. Жеке меншікті машина бар ма?

— Бəсе!— деді Шығанақ.— Ал, енді не істеу керек. Қағазсыз машина бермейді. қағазды Ержан мен Төкен бермейді.

Шай құйып отырған Зибагүл ернін бір тамсанып, əңгімеге араласты:

— Қандай адам өздері. Осындай игілікті істі алға бастаудың орнына, кейін тартады.

— Кейін тартпаған болар,— деді Сағындық. Тұйыққа тығылған əңгіменің түйінін шеше сөйлеген тəрізді.— Біздің жас индустрия машинаны əлі жеткілікті бере алмай жатыр. Көні кепкен ел шыққанын қылқып салып, алақанын жаяды да тұрады. Сырт мемлекеттер тебенін теңгеге балап, «Менсіз күнің белгілі» деп тұрған сияқты. Мұндай халде, жаңа туған жас машина мəпелеп ұстап, бар күшін алатын қолға бұрын тиеді. Өнімі көбірек, не қалаға ұрымтал жердегі шаруашылықтар алып жатыр қазір. Шынында, дəл бүгін

Ойылға апарған машина айтқаныңызды орындай алар ма екен?— деп ойланып қалды Сағындық.

Шығанақтың Сағындықтан күткені бұл емес еді. Сонау Ойылдан келгенде Сағындықты көңіліне тоқ санап келген. Бір мекеменің бастығы, басқаға да етімді, өз баласындай болып кеткен жігіт, бойын аулаққа салған тəрізді. Мұның себебі не? Машина жайында дұрыс айтса да, машина күшін жете пайдаланып, өнімді көп бергелі отырған адамды неге көрмейді? Маған сенбей ме, жеріме сенбей ме, осылар?— деген оймен Шығанақ көп толғатты. Кімнің де болса бетін ашып, белдесуге шыдаған қарт, көңілге түйткіл қалдырған жоқ. Айтарын айтып салды:

— Жерім жаман ба? Мен жаман ба? Аз да болса, көпке келген үлестен біз неге құр қаламыз?

— Көңіліңізге келмесін, жеріңіз онша емес қой,— деп күлді Сағындық. Шығанақ шамданып қалды.

— Өзің жаман десең шыдармын. Жерің жаман десең шыдаман. Жаман жердің белгісі — жел ғана еседі. Жақсы жерге ел көшеді. Бабамның бабасы мекен еткен, əлі күнге рулы ел қоныс еткен жер. Ол аз болса, атақты ғалымдар ең шыдамды, ең жақсы дəнді біздің жерден тапқан деседі. Америкаға жайылған ақ бидайдың атасы біздің жер деседі Қалай кеміте аласың?

— Сол қасиеті қайда қазір?

— Дəл Ойылда. Мына менің қойнымда.

— Кəне, көрсетіңізші?

— Көрімдігін бер. Əкел машинаңды, сонысын не көрер екенсің. Мен осы жолы алып кетем, не бəріңмен ат құйрығын кесіп кетем.

— Ойбай, Шықаң мəселені қабырғасынан қойды ғой,— деп сылқ-сылқ күлді Сағындық.

Білдірмесе де Сағындық қысылып қалды. Жақсы көретін қарты «көрінер жерің осы» деп отыр. Көріну үшін көз бір нəрсеге жету керек. Досын қасындай сынап, мақұл дегенін маңдайы жерге жеткенше сүйейтін мінезі бар еді. Шығанақтың ойына қосылса да, Ойылды мақұлдау қиын тұр. Жаңа туған жас машинаны бір бораған құм басып, тұншығып қала ма?

Жоқ, көк Ойылды сүйреп шығып, қаңсыған даланың сарығын баса ма? Екеуі де мүмкін. Қайсысы болары белгісіз. Тағдыр Шығанақтың қолында. Ол болдырам деп жұлқынады. Сонда көңіліне өнері сай ма? Осы арасына дүдамал Сағындық. Азар болса бір машина өлер, жақсы талапты жақтау керек деген қорытындыға келді ақыры. Бірақ бұл ойын Шығанаққа айтқан жоқ. Тұрып кетіп төргі бөлмеден телефон арқылы біреумен сөйлесіп келді де:

— Ертең обкомға ертіп барам. Сонда сөйлесерсіз,—деді

VI

Елек өзенінің жиегінде түймедей бір төбе тұр. Өзі қораш болса да, осы төбенің аты зор. «Ақтөбе» десе жұрттың бəрі біледі. Ондай ақ та емес. Сонша ағартып, зорайтарлық не қасиеті барын кім білсін, оны қоршай салынған қала да «Ақтөбе» аталған. Қаланың күншығыс жақ шетінде Елек жұлықтай ағады. Күнбатыс жақ шетінен Орынбор — Ташкент темір жолы өтеді. Бір жағы ырғалған көк, тып-тыныш, Бір жағы — сартылдаған поезд, сары құм. Екі аралықтағы қала бетін қалай бұрарын білмей тұрған сияқты. Алысырақ, жан-жаққа көз жіберсең бетегелі, құмайт жазық дала, жалпақ белдер созылып кете береді. Кен, аспанда еркін самғаған көк қаршығадай, осы далаға көз түскенде, көңіл шіркін де самғап-самғап алады.

Қаланың іші де көңілді. Бір кезгі жалаңаш көше ағаш егіліп, гүлдене бастапты. Ертеректе бұл қалада төбеңнен күн қарыса, табаныңнан жер қаритын. Тымырсық ыстықта тыныс тарылған соң өзіңді сабалап жел іздейтінсің. іздеген желің табылса, азабы ыстықтан да қатты. Құм аралас майда топырақпен қуыс-қуысыңның бəрін бітеп салып, сары боран ұйтқи соққанда, «жанып кетсем де желің құрсын» дейтінсің.

Ақтөбе күні осындай еді. Ол күнге сырмінез қала сыртын төсеп тұрса да, ішінен айласын да істеп жатты. Құм боранды қайта серпетін еңсесі биік ақ үйлердің иығы шыға бастаған. Елек суын жер астымен əкеліп, əр жерден суаттар ашқан. Таз басты емдегендей, тақыр жерді тырмалап көк егіп, тал егіп жатқандар көбейген. Ауыл қандай əбігер болса, қала да сондай əбігер. Жаңа қонысқа жаңа келіп таласа қонған ел сияқты.

Ондаған жылдар саудагер, қанаушылардың қалашығы болған Ақтөбе, қазір социалистік қала болғаны əр адамның сөзінен, əр үйдің өзгерісінен байқалады. Ертеде орнаған əжім бетті ағаш үйде су бастығы Төкен мен жас агроном Сергей сөйлесіп отыр.

— Бұл бір қарындасымның үйі. Қаланы қайта құру жоспары бойынша, бұл жерден көшіруге тура келіп тұрғаны,— дейді Төкен. Əңгімелері ауыл жайында еді. Төкен барлық жайдан торыққанын сездіріп отыр. Астанкестен бір дүние Аралай берсең бас қатады. Басалқа айтар шама ЛІОҚ- Бас қамын сағалау ғана қалды,— дегенде, бағанадан бері үнсіз тыңдаған Сергей, ез лебізін естіртті:

Бұл ұлы өзгеріс дəуірі. Бас та қатар, жайласар, бірақ басалқы айтар осы шақ. Жайласқан соң айттың не, айтпадың не. Менімше, колхоз барған далаға бəрі бару керек. Бүгін бе, ертең бе, тұтас па, біртіндеп пе... қалай бару керек? Мəселе осында. Бұл əр ауданның жағдайына қарай шешілмек.

— Сол жағдайды айтсақ, бірдемені жапсыра салудан тайынбайды жұрт.

— Сіз одан жасқанбаңыз... Біз ғылым адамымыз. Ғылым турасын айтады.

Төкен жуырда жауап қайырмады. ішінен: шағылмаған албырт жас арындай сөйлейді. Басыңа тас тигенде білерсің—деп отыр. Агроном ішінен: бүрі таусылған кəріге көгергеннің бəрі мұз,— деп отыр. Төкен бір кезде нұры тайған сулы көзін сығырайта түсіп, Ойыл даласын жылан жалағандай тазартып шықты:

— Колхоз дегеннің аты болмаса, заты жоқ. əр жерде бір үй. Жер дегенің жанып тұрған от. Құмайтқа біткен көк жусаннан өзгенің бəрі күйіп кеткен. Мал-жанның сарық басары жалғыз ғана Ойыл. Оны ел аузынан жырып алғанмен, қаңсыған далаға жұғын да болмайды. Сонау Шығанға машинаның соқа басы барғанда не бітіреді?..

— Шынында да бұл ауданның жағдайы өзгеше екен!— Деді агроном. Оның ойысқанын сезген соң Төкен үдей түсті:

— Мен бала күнімнен сол жердемін. Ойылды сағалаған азғана жатақ болмаса, ен далада аңша жортқан ел емес пе? Алыстан орап, еппен қайырмасаң, үркітіп аласың,— дегенде, Сергей бір тойтарды.

— Тым əрі кеттіңіз бе деймін. Тағылық дəуіріне бармай-ақ жаңағы жатақтар маңында айта беріңіз.

— Сол жатақтың өзі əлі жортуын қойған жоқ. Бір тостаған тарыны шашып жібереді де, күзетшіге қара торғайды Қалдырып, көше жөнеледі.

— Шығыршылар ше?

~— Рас, азын-аулақ шығыршылар қалады,— деп күмілжіді Төкен.

— Ендеше, ұйтқы сол. Машина орнайтын орын да сол болмақ.

Ал, түйеге теңдеп апарып машина орнаттық. Сол машинаның берерін аташы?

Міне, мəселе осында. Мен жаңа барғалы отырмын. Сіз айтыңыз.

— Менің машинаға қарсы қоятын төрт дəлелім бар, ендеше,— деді Төкен. Дəлел сайын бір саусағын бүге берді. Əдеті ме, əлде əл бермей ме, екінші қолымен мықтап ұстап, басып қалғанда, саусақтары сырт-сырт сынады.— Барған соң бір машина бармайды. Көп машинаға Ойылдың суы жетпейді. Ойыл жері ащылы, құмайт келеді. Су түгіл сүт құйсаң да шарқынан артық берері жоқ. Колхозда бір адам машина тілін білмейді. Мамансыз машина жүре ме? Бір винті ұшып кетсе, Ақтөбеден келгенше тұру керек. Май қайда əлі! Ең ақырғым нағыз ғылыми дəлел. Ойыл даласы жөнді зерттелмеген дала. Əуелі зерттеп алып, сонан соң шаруашылықтың түрін белгілеу керек емес пе?

Төкен дəлелдерін айтып болған соң, бұзып көрші дегендей кезек күтіп тұрып қалды. Агроном ойда отыр. Аяғын айқастырып алған, шашын ширата береді. Кеше оқымаған Шығанақ, бүгін оқыған Төкен кездесті. Екеуі екі жаққа тартады. «Біздің жеріміз тым қатыгез, тым сараң. Бірақ бабын білгенге тым береген, тым мейірбан»,— деген Шығанақ. Ол дəлелді ылғи өз тəжірибесінен алған еді. Төкен алыстан тартты да, ауыз аштырмады. Сондықтан, жас агро¬ном жауап қайтармастан орнынан тұрды.

— Мен су маманы. Сен жер маманы. Дегенмен ойымыз үйлесті білем? — деп, жымыңдаған Төкенге агроном қостамай, не қарсылық айтпай, кенеттен бір сұрау берді.

— Сол жердің бір шалы жүр ғой осында. Сіз білесіз бе?

— Қандай шал?

Агроном блокнотына қарады.

— Шығанақ.

— Білемін,— деді Төкен солғын ғана. Суық ой сынаптай ағып келіп, дəл жүрегінің басына тұра қалды. Селт еткен жүрек Шығанақтың атынан шошыса керек, атамайды.

— Ол неғып жүр екен?

— Машина сұрап келіпті. Оның айтуы мүлде басқаша.

— Мылжыңдау кісі болатын,— деді Төкен əлден уақытта. іші күйіп бара жатса да, сөзі сұп-суық. Білгісі келіп тұрса да, елемеген болды. Агроном:

— Өзі бір тəжірибелі адам көрінеді,— дегенде ғана жасанды мінезді жасырын пікір жарып шықты.

— Ол білімін Ойылға көрсетпей, осында əкелген бе?— деп, алтын тісін ақсита күлді Төкен. Агроном қай күлкі екенін түсінбеді. Күлкі мен келемежді айырғысы келгендей:

— Қолынан ештеңе келетін адам ба?—деп еді, Төкен өз бетін ашып салды:

.— Бұған дейін ештемесін білмеймін. Жасы менімен шамалас. Өсетін шығар əлі де, машина беріп қараңдар. г— Бір құмның астында қалмаса?

Сақ-сақ күліп жіберді. Төкен. Бойы да, ойы да сергіп кетті.

— Олар,— деді даусын көтере түсіп.— Машина барса, бəрін сол бітіретіндей көреді. Жатып ішеміз, қарық боламыз,— дей ойлайды. Техника сырын қайдан білсін. Надан елдің бір мінезі күйдірсе, бір мінезі өстіп күлдіреді.

— Ендігі əңгімені бара көрерміз,— деді де, агроном сағатына қарап, блокнотын қалтасына салды. Төкен үлкен де болса, кішідей жалпаңдай бастады.

— Сергей Александрович, сонымен қашан жүрмексіз біздің жаққа?

— Көп кешікпеспін.

— Мүмкін, бірге жүрерміз. Бастығымыз да осында. Таныс па едіңіз?

— Жоқ.


— Мен таныстырармын. Өте жақсы жігіт. Адамды ұғына біледі.

— Онысы жақсы екен.

— Əбден, əбден! Бас дегенде, құлақ деп отырса сордағы.

Агроном есіктен шыққанша Төкен қалбалақтап еріп отырды. Қанша баспалатса да айтам дегенін айтып бітірген жоқ. Қол ұстасып тұрып, келешек əңгіменің жобасын көрсетті:

— Кең отырып сөйлесу керек еді. Құдай жазып, біздің жаққа бара қалсаңыз, тура біздікіне келіңіз. Ұялмаңыз. Онда қонақ үй жоқ.

— Құп!..— деді де қоштасып жүріп кетті агроном.



VII

Шығанақ бүгін ой үстіне ой жамалып, қорғасындай ауыр тұр. Ой əуенімен түні бойы ұйықтамай шықты. СОЛ ойдың Шешілер сағаты қазір соғады. Өмірінде бірінші рет обкомның есігін ашады Шығанақ. Көптен бері қуған араны осынау Сұр үйге келіп енді. Төкенді ертіп Ержан келді. Сағындық пен Олжабекті ертіп Шығанақ келді. Обком не айтар?

төрешінің алдында сөзді қалай қаттау керек, өзін қалай ұстау керек? Көп сөйлеп қашаннан бергі мұңын шақса, Мылжың дер ме? Аз сөйлеп, түйінін айтса, жетпей қала ма? Үлкен қазанға түскелі тұрғаны осы. Қалай қайнары белгісіз. Жүрек құр дүрсілдейді, ой тек күбірлейді. Əділ төрешінің алдын, ойын ешқайсысы айтып бере алған жоқ, Бір ғана тəуекелмен үйге енді Шығанақ.

Атақты үйдің салты да басқа көрінді. Кіре берістегі əскери адамның өңі суық, сөзі қысқа. Бірақ ете əдепті, ете икем. Өзіне жеткенше үш рет тіл қатты.

— Есікті жаба кіріңіз,— деді Олжабекке. Одан кейін:

— Аяғыңызды сүртіңіз əне сүрткіш,— деді Олжабек аяғын тазартып болған соң, көмейін ашқысы келіп қатты қақырып қалғанда:

— Міне, түкіргіш!— деп лып етті.

Сақ сақшы келушілердің кім екенін күні бұрын білген Сағындықпен бір күбірлесті де, өткізіп жіберді. Оның аузынан шыққан үш сөз, зілсіз, елеусіз болса да, Шығанақ өзіне үш мін қып тақты. Олжабек үшін ұялып келеді. Обкомның ішін аралап келеді. Əр есіктің артында жабулы сыр жатқандай, əр көріністе үлкен мəн тұрғандай қадала қарайды. Алдарында қаншама адам отыр. Бəрі де ақырын сөйлеп, əдеппен отыр. Солардың ішінде Төкен мен Ержан да бар. Ауылда дөкей төрелер, Шығанаққа осы арада торғайдай боп көрінді. Ең үлкен адам екі қабат есіктің ар жағында. Елді біртіндеп шақырып, ұзақ ұстайды. Таласа кіріп, шаңқылдау жоқ. Хатшы жігіт сағатқа қарап, кезекпен жіберіп тұр...

Көзі көріп, құлағы естігенін ұстап қалған Шығанақ қорыта келіп:

— Тəртібі күшті екен!— деді ішінен. Ұнап кетті. Бірақ сыртқы тəртіп осындай болғанда, үлкен адамның алды қандай?—деген қауіп та күшті, Олжабек қозғалған сайын тақымын қысып қойып, əр минутты санап өткізіп отырғанда:

— Ойыл адамдары, кіріңіздер!—деді хатшы.

Шығанақ пен Олжабек соңын ала кірді. Басқалар жайласып отырып қалғанда, екеуі орын таппағандай тұрып қалды. Əркім өз бойын бағыпты. Сыбдыр шығармай төрде отырған сары кісінің аузына қарайды. Ол кісі кіріп келгенде зілдей ауыр, тым ызбарлы көрінсе де, ұшып тұрып, Шығанақ пен Олжабекке өз қасынан орын берді. Көптің ішінен екеуін жырып алып, көптен көрмеген досындай шүйіркелесе кетті. Күліп те, қалжыңдап та қояды.

— Ойыл тарысы есімнен кетпейді, Олжабек жолдас, тарың болса сал мына араға, бытырлатып бір шайнайық,— дегенде:

— Қап!— деп Олжабек санын бір соқты.

Үлкен кісі аттарын да сұрамай білген. Өзіне сусын құйып жатып:

.— Шығанақ қою шай ішетін шығар,— дейді. ішкісі келсе де үндемеген Шығанақтың, ішін біліп, хатшысын шақырып алды.

— Мына екі кісіге шай əкелсін.

Тəтті нан мен қою шай келгенде тағы да бір қалжыңдап қойды:

— Ғафу етіңіздер. Бізде тары жоқ.

Қою шайға терісі жадырап, жылы сөзге жаны жадырап, бұрынғы қалпына келген Шығанақ, ендігі сөзді жесір жіберетін емес. Сөйлейтін жерім жаңа табылды деп отыр. Үлкен кісі де осыны күткендей.

— Жə, бұл не жанжал?— деп Ержанға қарады. Ержан орнынан ұшып тұрды. Ауылда жүргенде шешен, сыншы, зілдей ауыр Ержан, осы арада тасырқаған күйкі торыдай кібіртік-кібіртік етеді. Оның бар сөзінің ішінен:

— ...Бұл кісілердің талабы дұрыс, бірақ жер жағдайы көтермейді,— дегенін ғана секретарь жазып алып сұрақ қойды:

— Жердің өзіне жағдай жасаса қайтеді?

— Оны мына Төкен жақсы біледі.

— Отырыңыз. Сөз онда Төкенге беріледі.

Төкен көзілдірігін киіп, қағазға қарап тұрып сөйледі. Сөзінде жарықшақ жоқ. Бір сөзін алып тастасаң, орны кеміп қалғандай, əр дəлелі зіл қара тастай. Айта берсе кете беретін еді. Секретарь:

— Түсінікті болды,— дегенде ғана, мұрнының ұшына барып қалған көзілдірігін қолына алды. Қанша қисындастырдым десе де, Төкенді де ұстаған екен секретарь. Орнына отыруға үлгіртпей-ақ сұрақ берді:

— Ойыл суы сағатына қанша ағады?

— Оны есептеп айтуға болады.

— Есептемей тұрып жетпейтінін қайдан білдіңіз?

— Жарайды, есептеп айтарсыз. Сіз қазақ психологиясына, қазақ қабілетіне соқтыңыз ғой. Ол қайтсе өзгереді? Əлде өзгермей ме, тіпті?

— Неге, социализм бəрін де өзгертеді?

Сізше, социализм не?

Төкен тағы да күмілжіді. Секретарь тағы да сұрады.

— Сол сараң жерді береген қылатын амал бар ма, жоқ, бітті ме?

"— Біткен жоқ, жолдас!— деп, Шығанақ ұшып тұрды орнынан.

— Бітпесе айтыңыз.

— Айтсам, сараң, жерді береген қылатын амал толып жатыр. Жер жайын жорытқан біледі. Мал жайын баққан біледі. Төкен не жорытқан жоқ, не баққан жоқ, қайдан біледі. Əкемнің, əкесі егінді кетпенмен салған. Əкем Берсе ағаш соқамен салды. Өзім темір соқаға түйе шығырды қостым. Осынын, бəрі тарыны көп салып, көп алудың алға басқан амалы еді. Сонда кетпеннен ағаш соқа, ағаш соқадан темір соқа көп бермеді ме? Бұл даусыз болса, енді машинаның, көп беретіндігіне дауласу күлкі емес пе? Күлмей қалай шыдап отырсыздар?— дегенде бірсыпырасы күліп жіберді. Төкен көзілдірік мінген мұрнының жауырын қаси берді. Жұртты күлдіріп алған соң, Шығанақ тіпті көтеріле сөйледі.

— Ойыл өзені қашан жасалғанын, қашан суалатынын Төкен болмаса мен білмеймін. Мен ағызған арық емес, ежелден ағып жатқан арық. Əйтсе де, Ойылдың, талай қауымды суғарғаны, əлі де талай қауымға жететіні күмəнсіз. Бірақ Ойыл да, машина да өздігінен ештеме бітірмейді. Ойыл даласының бабы бөлек. Ойыл даласының дəні бөлек. Соны тапқан адам тарыдан тау жасар еді, тақырға шалғын өсірер еді.

— Кім табады соны? Кім жасайды?—деп секретарь сөзді бөлгенде:

— Астамшылық болмасын, еншалла мен табар едім соны,— деді Шығанақ.— Түрткілеп жатқызбайды бірдеме. Əйтпесе елуден асқан шал ермек іздеп жүрген жоқ. Ойлағаным өз қарным болса, шығырмен құйып та толтыратынмын. Көптің, жұмырына жұғын болатын емес ол. Сонысын келдім үлкен кісі алдына. Жылы дидарыңды көріп, қуат алғандай болып тұрмын. Қара шаңырақтан дəм татып, дəм үстінде бір серт бергендей боп тұрмын. Бабам Махамбет екі сөзді білмеген, сене бер сөзіме!— деді де отыра кетті.

Шығанақ сөзі басқалар түгіл Ержан мен Төкеннің өзін де ойландырып тастады. Енді кім шығары, не айтары белгісіз. Сөз таусылған тəрізді. Сұлқ отырып қалды жұрт.

— Сөйлеуші бар ма?— деді секретарь. Онысы тек ат өтті сияқты еді. Сарындық қайырды жауабын:

— Олжекең бірдеме демесе.

— Е, сөйлесін.

— Жо-жо-жоқ. Шығанақ айтты болды,— деп ыршып түсті Олжабек. Шығанақ:

— Мен сен үшін айтқам жоқ,— дегенде, Олжабек ала көзімен қарады.

— Тек. Тек отырсаңшы!

Олжабектің жайын білген секретарь да тегін қызықты құр жібермеді. Қалжыңсыз айтқан болып күлкіге кəні қылды бəрін. Жайымен отырып:

.— Көпшілік ұйғарды ғой. Сөз Олжабек жолдасқа беріледі,— деді.

Олжабек не болғанын білмеді. Көзі алақтап, бойы шымырлап кетті. Біресе қызарад, біресе қуарад. Шығанақ «Бол, бол» деп, тақымын шымшылап бара жатыр.

— Не айтам?—деді сыбырлап. Алқынып демін азар алып тұр. Шығанақ та сасқан болып сыбырласты:

— Ұмытып қалғансың ба, машина керек десеңші!

— Бізге бір машина керек еді, жолдас. Соған бола келдік. Бұйымтайымыз сол. Сонсыз болатын емес. Соны бірдеме қылсаңыз қайтеді. Сонсоң... Сол-ақ енді,— деді де Олжабек отыра кетті. Осы сөзді айтып шыққанша жаны шығып кете жаздады. Бəрі де күлді. Қоса күлген секретарь толғанып та отыр:

«Ысылмаған ауыздан кедір-бұдыр сөз шығады. Кедір-бұдыр сұр тастан асыл қазына алтын шығады. Олжабек сөзі осы алтын. Шығанақ сөзі сапы алтын. Бірінің ойы да, бойы да ер жетіп қалған. Екіншісі, талпынған жас бала тəрізді. Жаңа дүниені қармайды, қарымына сыймайды. Сол бала тап бергенін тайқалақтап ұстап, уілдесе де, тоңқия құлап жыласа да қызық емес пе?—деп отыр еді секретарь!.. Ойын бөліп, манадан бергі əңгімені түймекші болды. Сөзін халық сүйген адамнан бастады:

— Іргесі бекіген ескілік, жаңалыққа жол бере қоймайды. Жаңалық жағаласып жеңіп алады,— дейді Сталин жолдас. Көрдіңіздер ғой, осы арада екі ойдың айқасы өтті. Бірі — жаңа. Екіншісі — ескі. Ескінің бəрі іріп тұрмайды, жаңаның бəрі жарқырап тұрмайды. Айыра білу керек. Мұның ең айқын белгісі сезім. Сол сезім аласұрып алға кетсін, маған десе шарықтап көкке шықсын. Ол жеткенге сен жетпесең де, орныңда тыныш қалмайсың. Алға, жоғарыға

тырмыса бересің. Міне бұл жаңалық. Мынау екі адамнан мен осыны көрдім. Егер сезім кейін тартса, онда да сені Қоса тартады, орныңда қала алмайсың. Сондықтан, алға жолдастар! Алға! Біз жан жүрмеген жаңа сапарға, жаңа Дүниеге шықтық. Абайлау да, ерлік те керек. Бірінсіз бірі жарымжан. Көп созатыны жоқ, берілсін машина!— деді секретарь. Шығанақ ұшып келіп қолын ұстады.

Ит мініп, ирек қамшылап келіп едім, тұлпар бердің астыма. Жетпесем енді маған серт!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет