ҮШIНШI БӨЛIМ
АУЫР КҮНДЕР
I
Ақыр заманның дəл өзі сияқты. Дүние астан-кестен. Тынық мұхит, Мұзды мұхит, Атлантика таудай толқынды аспанға атып, құтырып жатыр. Аспан шашып, темірден сел құйып тұр. Жер дегенің лаулап жанып барады. Адам қаны өзен боп сарқырап, адам өлігі тау-тау боп үйіліп қалды. Жалмауыз неміс сонда да тойған жоқ. Тажалдай жалмап келеді. Париж, Прага, Варшаваларды Балканымен бір-ақ қылқып, Москваға жеткенде бір ышқынып тұра қалды.
Европа сыйған ауызға Москва сыймай тұр. Дүниенің өзгесі дене, Москва басы. Оны жұтса не қалады? Əйтсе де қанды аузымен қапсыра тістеді неміс. Ышқынып келіп тартады. «Өтіп кете ме көмейінен, өтіп кетер ме екен!» деп қылп-қылп етеді əлем.
— Москва үшін мал да, жан да фидə?..— деп жұрт шулап қоя берді.
Шығанақ бұл кезде өте ауыр халде. Бір күн ауру, бір күн сау. Бірі тəн ауруы — қылтамақ. Бірі жан ауруы — Отанға түскен салмақ. Өзі қарт адамды екі ауру қабаттап, жүдетіп жіберді. Сонда да жатпады. Белін мықтап буынып, таяғына таянып, жұмыс басында болады. Үш күннен бері ауылға қайтқан жоқ, Ойылда жатыр. Почта конторындағы оңаша радиоға құлағын төсеп, түнеріп отырғаны.
— Жолдастар,— деген үн шыққанда, оның көзінен жас бірге шықты. Сағынған дауысты салған жерден, бұлжытпай таныды.
Ой, садағаң кетейін!—деді, күшті қол шапалақ естілген кезде.— Отаннан аяған жан, бұдан аяған мал не керек!
Сөз бітісімен шыға жөнелді. Тым асығыс шықты. Таяғы конторда қалып қойды. Жебелей басып райкомға келеді.
Райкомның табалдырығын аттай бере-ақ:
— Жаз Кремльге!—деді Ермағамбетке.— Тары немістің көзіне құм боп құйылыпты. Бұдан бұрын төрт баламды, екі жүз елу пұт астығымды бергем. Үйде жүз пұт тары, жиырма мың сом ақша бар, соны тағы бердім. Алдағы жазда гектарынан екі жүз центнер тары аламын. Осылай деп атапатап жаз!— деп, қағазды нұқып-нұқып қойды да, сипалақтап жан-жағына қарады.
— Таяғым қайда кетті?
— Таяқсыз келдіңіз.
Таяғының ұмыт қалғанын жаңа ғана білді. Ойындағысын тықпалата айтып, жаздырысымен орнынан көтерілгенде:
— Тұра тұрыңыз,— деді Ермағамбет.— Екі жүз центнер алам деп салдыңыз ғой. Үкіметтің қандай көмегі керек?
— Тəйірі не дейді! Көмек бермесе, көмек алатын шақ па осы!
Басқа сөзге келместен шығып кетті. Таяғын барып алған соң, ауылға тура тартты.
Тез жетіп қайғылы ауылды қуантқалы келеді. Басшы сөзіне көңілі бір демделсе де, кең дала қапас! сияқты, бойды əлі серпілтпейді. Жақын ауыл алыс сияқты, шоқытса да жеткізбейді. Алыста жатқан Москва көз алдында. Москваны торыған неміс жүрегін топ қылып ойынан бір кетпейді. Жол үстіндегі жүргіншілер қатты жүргізбей келеді. Бəрінің беті колхозды қалың ел. Бəрінің тасығаны кемпір-шал, қызыл қарын жас бала. Жерін, мүлкін тастап босып шыққан украин, белорустардың бала-шағасын шана-шана қып колхозшылар əкетіп барады.
— Тоңып қалмасын, үсіп қалмасын,— деп өте шығады Шығанақ. Демі ішіне сыймай күрсінеді. Ыза кернеп жанып бара жатқандай, жағасын суық желге аша түседі.
Тар жолдың үстінде жалғыз жортқан бір адам қарсы кездесті. Бет-аузы аппақ қырау. Қараңғы түнде танып бол¬майды.
— Кімсің?— деді Шығанақ, үңіле беріп. Ол ыңыранып дыбыс бергенше, ойындағысын айтып тастады.— Басшы сөйледі... Жақсылық таяу.
Кездесушіге бұл сөз əсер етпеген тəрізді. О да үңіле қарап алып, шалқия сөйледі:
— Бишара, қалтақтап қайдан келесің?
— Мə, саған бишара!— деп Шығанақ таяқпен періп кеп жіберді. Таяқ екі бөлінді. Ат жалын құшып жүре берді əлгі адам.
Ызалы қарт оңаша шыққан соң өзінен-өзі сөйлеп келе жатыр:
— Е, тəйірі сенен-ақ өлдім ғой, осы! Қолда дойыр болмады, не керек!— таяқтың сынығын тастай берді жерге.
Кездескен, белгілі Төкен еді. Төкен соғыстан бері Шығанаққа баяғысындай қомсына қарайтын. Шығанақ онысын елемесе де, елетпей қоймады. «Ойыл жеріне өнімді егін шықпайды» деген сəуегейлігін Шығанақ бір емес, үш рет жер жүзіндік рекорд жасап талқан қылған соң, Төкен күрес əдісін өзгертті.
— Осы ауылда көмулі ұралар бар...— деп бықсытып жүрді бірдемені. Онымен ешкім шауып келе қоймаса да, жансыз байқаушылар болса керек. Шығанақ сезіп қалып қатты ренжіді. Төкен онымен де қойған жоқ. Кейінгі кезде аяғын кердең-кердең басатынды шығарды.
— Аты шығып қалғаны болмаса, Қашқын, Зəуре, Күлместер онан асып барады,— деп Шығанақтың озық шəкірттерін өзіне қарсы шығарудан да ойсыз болған жоқ.
Шығанақ осының бəрін ішіне сақтап:
— Тағы басынды. «Күнім туды» дегені ғой,— деп зығырданы қайнап жүргенде, Төкен ойламаған жерден кездесті. Қуанышты хабарды елемегені былай тұрсын, тым тəкаббар сөйледі. Өзі тақау тұрған қарт шыдамады, періп жіберді сонан соң.
Көк атты танаулата, қыраулата колхозға жеткенде, колхоз адамдары жиылып Шығанақтың үйінде еді. Ел жататын уақыт əлдеқашан өткен. Айтарын айтып болып, бəрі тұнжырап қалыпты. Көздері іскен, еңсесі түскен, зілдей қайғының астында уілдеген «уһлер» ғана естіледі.
Шығанақ кіріп келді. Бəрі шу ете түсті:
— Москваны алғаны рас па?!
— Бекер! Кім айтады?
— Кім біледі, бір хабар аяқ астынан дүңк ете қалды.
— Шəңгерей, Кəрібай, Жанботалар білуге кетті....
— Былшыл! Мен осы құлағыммен Кремльдің қоңырауын естіп келдім.
— Ой, аузыңнан айналайын!
— Жүрегіміз жаңа орнына түсті ғой.
— Басшы не деді!— деп бəрі Шығанақтың аузына төнді.
— Жау күйреуге жақын. Майданға барыңды сал,— дейді
Басшы. Өзі тіпті ештеңе сезбеген сияқты. Баяғысындай кең. айылын да жиятын емес. Партия халыққа сеніп тұр. Бəрің ортаға салыңдар. Мен тағы да жүз пұт тары, жиырма мың сом ақша берем.
— Мен, бір сиыр.
— Мен, отыз пұт тары.
— Мен, бес мың сом...— деп əркім əліне қарай жүрек сүйіншісін шығарып жатыр...
Көпшілік атарын атап болған соң, Шығанақ қойнынан бір бума пакет алып Ақжібекке тастады.
— Алып қой, қарағым, кейін оқырмыз. Ал енді, сол беретіндеріңді осы түннен бастап жөнелте беру керек. Отырмаңдар!— деді де əуелі өзі тұрды орнынан.— Кемпір, шам жақ. Қамбаға баралық.
Көпті таратып, Шығанақ қамба ішінде астық қаптап жүргенде Кəрібай, Шəңгерей, Жанботалар да жетті алқынып.
— Ойпырай, рас па, Шықа?—деді Шəңгерей. Үлкен мұрнының ұшы қып-қызыл, көзінің сорасы қатып қапты.
— Рас.
— Уһ, кеңірдегімнен біреу қиқылдатып тұрғандай еді, жаңа тыныстадым ғой.
— Босатқан жоқ əлі! Кес, сол қолды,— деп тұр партия. Бір тары — бір оқ көрінеді. Тарың бар ма?
— Табылады. Бір шананы өзім жөнелтемін. Колхоздың екінші қамбасын ашсақ қайтеді?—деді Шəңгерей. Сараң Шəңгерей тіпті дарқан. Кəрібай артын да ойлай сөйледі:
— Берген жақсы. Тұқым да, ішермен де қалған жақсы. Байқаңыздар, соғыс ұзайтын түрі бар ғой. Аудан ештеңе нұсқап па еді, Шықа?—деп бүлк еткенде, Шығанақ шарт етті:
— Е, тəйірі, сенің-ақ нұсқауың бітпейді екен! Сұрап бергенше соғып бер. Партиядан артық кім нұсқайды.
Кəрібай дым қоя қойды. Сазарып тұрған Жанбота жаңа ғана тіл қатты:
— Сізге кездеспеді ме Төкен?
— Кездесті.
— Ештеме айтпады ма?
— Айтқандай болған жоқ. Салған жерден «бишара»,— деді мені. Мен, мə бишара деп салып қалдым. Таяқ екі бөлінді. Ат жалын құшып кеткен.
— Жақсы істегенсіз!— деп күліп жіберді Жанбота.
— Өртеп жүрген сол көрінеді.
— Қап!— деді Шығанақ.— Амантай шіркін, зарың өтті-ау. Ол иттің ғана баласының мұнысын білгенде үйінен суырып алдыратын едім.
Жанбота да соғыста жүрген тентек Амантайды осы арада есіне бір алды.
— Азамат жоқ деп басынады ғой. Сол əуейге Амантайсыз да əлім келер.
Москва көмегін тез жіберуге Кəрібай, Шəңгерей асығып шыққанда, Шығанақ Жанботаны алып қалды. Қарт адам екі-үш күнгі үдре жұмысты елеп қалса керек, төрт бес қапты толтырғаннан кейін алқынып отыр. Қамба іші тұмандап, шынысыз шамның əлсіз сəулесі жүзін жөнді көрсетпейді. Не айтады?— деп Жанбота телміре күтіп тұр. Шығанақ жуырда айтпады.
— Өздерің жөнелте беріңдер. Мен жантая тұрайын,— деп астық жөнелтуді қатын-баласына тапсырды да, Жанботаға иек көтерді.— Үйге баралық.
Үйге келген соң да, төсегіне киімшең жантайып, біразға дейін үндемей жатты. Ұрты ішіне еніңкіреп, бет сүйектері шығыңқырап кеткен екен. Мұрны бұрынғысынан үлкендеу көрінеді. «Осы кісі жүдеп барады-ау!» деді ішінен Жанбота.
— Мен бүгін оразамды ашпасам керек. Кемпірдің қойғаны бар ма екен? Қарашы, Ботажан,— деп Шығанақ басын көтерді.
Қойғаны бар екен. Бір сүйемдей піскен қазыны алып келіп, күлдей қылып тұрады да, Жанбота алдына қойды. Шығанақ құмарта аузына бір салған соң табақты сырғытып жіберді. — Ботажан, жеп қой мынаны
− Жесеңізші.
— Бармаса қалай жейін.
Жанбота аяп кетті. Шығанақтың тамағынан өтпеген сары қазыға қарағысы да келген жоқ.
— Əттегене-ай, Москваға бара алмай қалдыңыз-ау!— деді өкініп.
— Е-е, шырағым-ай! Шығанақ қайда апарсаң да мың жасамас. Одан да сол Москваны ойла. Ол кетсе күндерің не болады? Ызамен аузымнан бір сөз шығып қалды. Екі айтуға болмайды. Олжабек малда, Амантай əскерде. Балаларым əскерде. Кəрібай мен Шəңгерей ат үстінде. Ойлап тұрсам қатын-қалаштың арасында екеуіміз ғана қалыппыз.
— Мен де əскерге кетем.
— Кетпе сен.
— Кетем, Шықа. Бұрынғыдай найза емес, оқ жүрек, айла екен ғой соғыс деген.
— Бəрін, кеткенде елді кім асырайды? Əскерді кім асы. райды? Соғыс майданда ғана емес, ел ішінде де. Ауру шалға бар салмақты тастап қайда барасың?
Жанбота ойланып қалды. Ел, майдан екеуі бір екенің Шығанақтан кем білмейді. Бірақ дəл қазір жан алқымға келген шақ. Не өліп, не өлтіру ғана қалғанда, əкесіндей сүйкімді қарт ертеңгі күнді ойлап тұрған сияқты.
— Москваны алып қойса да егін сала бермексіз бе?
— Ала алмайды! Ала алмайды!—деп Шығанақ дəуірлей жөнелгенде, Жанбота еңіреп жіберді.
— Ала алмайды дейсіз, төніп тұрған жоқ па?!
Шығанақ бəсеңдеп сала берді. Теріс қарап күйбеңдейді.
Болмаймын десе де кезіне жас толып, аузы кемсеңдеп кетті. Сөйлейін десе көңілі бұзылғаны даусынан белгілі. «Ауылда қалған қатын-бала, кемпір-шалға қазық болып отырған қарт босаса, басқасы еріп кетеді» деген сана ғана ширатты Шығанақты. «Күйбеңдегенім осы еді» дегендей, төсегінің арасынан бір тағым шек алып, Жанботаға он, қарады.
— Құрыш па десем, қоғадай майрылғаның не, Ботажан?
— ішім толып кетті.
— Мұндайда көз жасы көмек емес. Ширап соғу керек,— деп, Шығанақ Құрманғазыны тарта отырып сөйледі.— Екі талай күн туды, балам. Қабырғадан қан жауып, халқым қалқып тұрған кез. Ел — ерге, ер — елге қарайды. Екеуі де қысылды. Жасыңнан баптап келіп ем, енді томағаңды алып, жібергелі тұрмын. Көрермісің, көрмеспісің, білермісің, білмеспісің, алпыстан асып көрге аяқ салғалы тұрғанда, соны бір көргім келеді.
— Айтыңыз,— деді іркілместен Жанбота.
— Гектарынан екі жүз центнер берем деп, Кремльге хат жаздым. Осы уəденің орындалуын саған артамын.
Жанбота көп ойланды. Енді майданға барам деу осы ауыр сыннан қашу сияқты. Шығанаққа жетпесем де тақалған шығармын деп жүргенде, сыбағасына таудай міндет тиді. Гектарынан осынша алуға мүмкін бе?— деп күдіктенеді. Егер құламаса, алар едім деп қызығады.
— Дұрыс,— деді əлден уақытта.— Құлағанша мен өсірейін, құлатпау амалын сіз табыңыз.
Шығанақ жымиып қана күлді:
— Оған да бір амал табылар, балам.
Үй адамдарының оңаша қалған бір кезі. Тырс еткен дыбыс, қыбыр еткен жан жоқ. Бəрінің де қабағы салыңқы, иығы түсіңкі, зіл басқандай ауыр отыр. Ешқайсысы сөйлемейді, бірін-бірі іштен біліп отырған сияқты. Жалаң қабат терезеге жуан елі қырау тұрып, күңгірт сəуле қам көңілді баса түсіпті. Даладағы жынды жел мазақтай ма, күле ме, терезеден ысқырып кетеді...
Шығанақ жұмулы көзін ақырын ғана ашып, қатын-балаларының бетіне бір-бір қарады да қайта жатты. Бүл екінші рет қарауы. Ешқайсысы сезген жоқ.
Ұзын құйрық қап тесер ірге жағалап жүгіріп жүр. Оны ешкім көрген жоқ.
Кезін енді бір ашқанда Шығанақ тышқанды да, көңілсіз тыныштықты да айдап шықты.
— Кемпір-ай, кемпір, көйлегіңнің астына тышқан енді.
— Кетек!— деп ұшып тұрды Зəру. Көйлегін сілкілеп, тулап жүр. Басқалары күліп жіберді.
Шығанақ Шайқыны шақырды қасына. Бес ұлдан қолда қалған кенжесін маңдайынан сүйіп, басынан сипап көп отырды.
— Сен неге томсырайдың, Ботам? Ағаларың есіңе түсті ме? Əкеңді ойлаймысың? Əлде, заманды ойлаймысың? Сен бойлайтын ой емес қой бірі де.
— Ата, осы неміс қандай болады— деді Шайқы.
— Неміс пе?.. Немістің астыңғы тісі танауына, үстіңгі тісі иегіне жетіп тұрады. Аузы анау есіктей. Дəл маңдайында жалғыз көзі бар...
— Адам ба өзі?
— Адамның азғыны.
— Оқ өте ме оған?
— Олай-бұлай оқ өтпейді. Жабулы темір арбаның ішінде отырады.
— Онда қалай көреді?
— Жалғыз көзінің тұсы ашық.
— Сол тесіктен бұғып барып, істікпен пісіп алса, өле ме?
— Өледі.
Шайқы қуанып кетті. Атып тұрып, атасының қобдиын ашып, істік дайындауға кірісті. Шығанақ тағы да бір жымиып, Елеусінді қолға алды.
— Елеусін, сен маған өкпелеп отырмысың?
— Иə, сізге өкпеледім.
— Не жаздым?
— Төрт баланы бірден жөнелтіп, езіңіз тағы жатуды жиілетіп барасыз.
— Баласыз, шалсыз əйелдердің не жаны отыр екен?
— Тəңір салған соң шыдайды да.
— Тəңірдің еркесі сен бе едің? Тағдырдан шығып, елден шығып қайда бармақсың! Шыдау керек.
Елеусін бір күрсінді де қоя қойды. Зəру өзінің үндемес мінезін берік ұстап, төмен қарап жай отыр. Шығанақ көз қырын тастап қойып:
— Бəріңнен осы қара кемпір мықты ма деймін,— деді де, екі қызына қарады.—Ақбалжан, Ақжібек қарағым, Айттың өлеңін айтыңдаршы қосылып. Сол құртымдай неме шымыр болса керек өзі. Махмет науқастау еді. Жатып қалды ма бір жерде...
Ақбал мен Ақжібек таяна отырып, Айттың өлеңін əнге салып айтты...
Жан ата, жалғыз сені тастап барам, Майданға жолдасымды бастап барам. Қалғанша қасық қаным жығылмас ту, Советсіз басқа өмір маған арам. Ұяңнан ұшырып ен, бес балапан, Кез болды мына заман аласапыран.
Ыңыранған сол ұяда. ата, сені, Қырандай қанатымен қорғар балаң. Таққанмын өсиетіңді тұмар қылып, Бағынды маска орнына алдым киіп, Түскенде алтын бесік, ел есіме, Ызадан кетеді ішім күйіп-күйіп...
— Шымырын қарашы!— деді Шығанақ сүйсініп.— Бұл қайдан ақын болып жүр?! Нағашыға тартады, шешеге тартады деген бекер болса керек. Мына кемпірді ұрсаң да аузын ашпайды.
— Неге, арғы тегінде бар білем,— деп Зəру жаңа ғана тіл қатты. Шығанақ қытығына тие сөйледі:
— Аталарың онда тым тереңге көмген екен. Айт соны қазып жатты деймісің. Дəуде болса өзіміздің Телғараның бір жерінен алып кете барған шығар.
— Қайдам?—деді де аңқау Зəру үндемес қалпына қайта келді. Елеусін қалжыңдады:
— Бəрін өзіңізге тарта бересіз. Өзгемізге ештеңе қалды ма?
— Е, тəйірі, адырайған Адайға ақындық қона ма. Оның, ақылы қай жерінде тұрады. Тілегені төбелес еді, соны апар төркініңе, неміспен де бір дойырласып көрсін.
Бəрі ду күлді. Шығанақ Адайдың ертедегі одағай мінездерін айтып күлдіре түсті. Өзінің іші күлмей, сырты ғана күледі. Еріксіз біреу айдап салып отырған сияқты. Əлден уақытта:
— Балам, əлгі қағаздар жатып қалды ғой,— деді Ақжібекке.— Оқиықшы соны.
Орнынан созалаңдап көтерілгенде Елеусін ұшып тұрып белбеуін ұсынды. Белін берік буынып стол басына келді. Ақжібек хаттарды біртіндеп ашып оқи бастады:
«Құрметті Берсиев жолдас! Тары рекордын жасау күресіндегі тəжірибеңізді халыққа кең тарату үшін Бүкілодақтық ауылшаруашылық кермесінің бюросы бір мақала беруіңізді өтінеді...»
— Тілің қаптал, жете ме орысшаға?— деді Шығанақ Ақжібекке хатты оқып болған соң.
— Жетіңкіремейді. Мақала жазып та көргенім жоқ.
— Қол қысқалықтан, тіл қысқалық жаман, балам. Үйрену керек. Махметім болмады ғой. Сергейге айтып жаздырамын. Оқи бер.
— Мына хатты Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл-шаруашылық Ғылым Академиясы жазыпты. Асығыс екі суретіңізді сұрайды.
— Оны қайтеді?
— Кітапқа басатын көрінеді.
— Жіберіңдер.
«Құрметті Шығанақ жолдас! Алдағы жазда «тары егісінің стахановтық агротехникасы» деген кинокартина жасалғалы жатыр. Мен соның режиссері едім. Мүмкін болса көптен көп өтінемін, мына сұрақтарға кешіктірмей жауап берсеңіз екен:
Сіздерге ең жақын темір жол станциясы қайсы?
Ол станциядан сіздің колхоз қанша жер? Немец баруға болады? Сусынды ала жүру керек пе, жол бойы табыла ма?
Жазғы егіске қашан шығасыздар? Тарының көктейтін, су ішетін, оратын мерзімдері қай кез?
Сіздің тарының əбден піскенде сыртына майы шығып тұрады дегенрас па? Рас болса, аралағанда ерекше жұмыс киімін ала бару керек пе?
Осы сұрақтарға жауап алысымен кино жасауға бара береміз...»
— Əттең, соғыс уақыты-ау, əйтпесе мұнымен біраз қалжыңдасуға болады екен,— деді Шығанақ.— Сен жаз. Жауабын Ақбал берсін. Маған оқырсыңдар сонан соң.
Ақжібек қалған хаттарды ішінен оқып, жауабын бірақ берді.
— Бұлардың бəрі селекция станцияларынан көрінеді. Тəжірибе жасауға тары сұрайды. Тəжірибеңізді сұрайды.
— Дұрыс!— деп Шығанақ орнынан тұрды.— Тарысын қазір жөнелтіңдер. Жаңағы мақала жазылған соң бір-бір данадан жібереміз.
Үй адамдары əрқайсысы өз жұмысына кірісті. Ақбал мен Ақжібек тары жөнелтуге, Зəру бəйбіше ас қамдауға шықты. Елеусін күрек алып далаға барады. Темір істігін сумаңдатып, Шайқы да жөнелді. Бəрін көзімен ұзатып салып, оңаша қалған Шығанақ таяғына сүйеніп жан-жағына қарап тұр. Үйін жаңа көргендей əр нəрсеге байыппен қарайды. Ақырын жүріп келіп, ілулі тұрған қос ауызды алды. Алды да қайта ілді орнына. Өзі тоқыған ауға көзі түсті. Оның да қасына келіп, сетінеген жерін таяғының ұшымен түртті де жүре берді. Шкаф ішінде, піскен қарта тұр. Біраз қарап тұрды да, шкафты жаба салды. Түгелдеп шықты ма бəрін, түңіліп шықты ма бəрінен, қара шал түнерген бұлттай төр алдына келіп, салмағын сала тұрғанда, тал таяғы майысып, кірпіктері қабысып кетті. Ұйқы ма, ой ма, əйтеуір көзі жұмулы, ішіне ғана үңілген кезі еді. Көп кешікпей жалт етті көзі. «Уһ» болды шыққан үні:
— Дариға, шаттана бір күлсем, шартия бір тойсам, жалғанда арманым жоқ сияқты! Жазылған бар ма осы аурудан?! Хабар қайда Москвадан?! Арман. Арман. Жеткенімнен жетпегенім көп екен.
Алдың аран, артың тайғақ кең дүние-ай, мұнша сұлу болармысың! Қураған кəрі де, балдыр жас та саған құмар. Шіркін арман! Шаттана бір күлсем, шартия бір тойсам, жалғанда арманым жоқ сияқты. Жазылған бар ма осыдан? Хабар қайда Москвадан?— деп жападан жалғыз күңіреніп тұрғанда, қатын-балалары үйге дүрліге кірді.
— Телеграмма!..
— Сталиннен!..
— Сталиннен телеграмма!..
Ақжібектің қолымен дауысы бірден дірілдеп, қолындағы қағазды оқи бастады. Басқасы тырп етпей төніп қалды.
«Қазақ республикасы. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, «Құрман» колхозы. Звено бастығы Берсиев Шығанақ жолдасқа!
«Қызыл армияға істеген қамқорлығыңыз үшін, Берсиев жолдас, сізге рақмет. Біздің армияны ешбір күш жеңе алмайды.
Көп жасап, жаңа табыстарға жетуіңізге тілектеспін. Сəлемімді қабыл етіңіз.
Сталин.»
Оқи алмаса да, Шығанақ телеграмманы өз қолына алып, əрлі-берлі қарап тұрды да, Ақжібекке бұрынғысындай «сақтап қой» деместен, өзінің төс қалтасына салды. Шығып кететіндей түбіне апарып, түймесін мықтап салып, қалтаны сыртынан басып-басып қояды. Сөйлемейді. Аласұрған көңілдің əуенімен біраз ауытқып тұрған соң:
— Мен атқа мінем!—деп шығып кетті.
Қорада тұрған көк атқа міне салып, алдымен Жанбота, Кəрібай, Шəңгерейлерді қуантты. Қуаныш «Құрманға» сыймаған соң енді «Кемершинге» тартып барады. «Кемершинде» Зəуре, аржағында қоныстас отырған «Қаракөлде». Күлмес, оң бүйірде болашақ құдасы Қашқын бар. Үшеуі де Шығанаққа ілесе шыққан тарышылар. Əрқайсысында бір-бір машина. Жаз қашан шығады деп алақанына түкіріп тұр.
Қатты жүріп Шығанақ жеткенде, Күлмес осы ауылда екен. Зəуре екеуі қораның қабырғасына сүйеніп, үн-түн жоқ сілейіп қалыпты. Зəуре сылбыр жүріп келіп Шығанақтың атын ұстады. Солғын амандасып, үйге енген соң бұрынғыдай самаурынға жүгірген жоқ. Сарғылт бетінің түгі шығыңқырап, сазарып отырып:
— Не ойлап жатырсыздар?— деді.
— Не ойлаймыз?—деп Шығанақ таяғын бір қозғап Қойды.— Көлікті күтіп, тұқымды сайлап, сайман түзетіп, Қар ұстап жатырмыз. Қазірдің өзінде шитаны екі ауыстырып қойдық.
— Енді немісті тойындырмақсыз ба?
— Немісі несі?
— Москваны алған немістің «Құрман» мен «Кемер-шинге» əлі келмей ме?
— Осы Москваны алды деген хабар қайдан тарап жүр? Радиода, газетте жоқ.
— Дүрліктірмейін деп айтпайды ғой. Жақындағалы қашан. Үкіметтің көшуіне қарамайсыз ба, оңайлықпен көше ме үкімет? Ленинградтың халі анау...
— Ал сонда не істемексіңдер?
— Жұртпен бірге көреміз де.
— Жұрт не дейді? Мен сырқаттанғаннан бері кеп жүрмеймін.
Зəуре мүдіріп қалды. «Жұрт» десе де жұрттың бəріне сырын айта бермейтін сияқты. Бірақ Шығанақтан жасыра алмады.
— Əйелдер бас қосқанда айтылмаған сөз қала ма, Шықа,— деді.—Қазір əйел сорлы бəрін ойлайды. Бəрін істейді. Елін, жерін қиып кете алатын емес. Ерін, баласын, əке-шешесін, туыс-жолдасын тастап қайда барамыз? Қолда бар астықты тығу керек. Егін салмау керек. Малды елсіз құмға айдаса, шептен у жасап, келген немісті умен ғана қарсы алса деп далбасалайды. Далбаса да болса, осыған ұйып қалған тəріздімін. Орда жығылса, осыдан басқа не қалады?
— Орда жығылса, осыған мен де қосылдым. Бірақ жығылған жоқ. Жығылмайды!— деп Шығанақ телеграмманы суырып алды.— Міне, Сталиннің телеграммасы?!
Екі əйел қалай қуанарын білмей, бірін-бірі жұлмалап жатты. Шығанақ атына мініп, басқа ауылдарға жортып кетті...
III
Екі-уш күннен бергі үздіксіз бұрқақ, даланың ұңғыл- шұңғылын бітеп, бүгін ғана ашылды. Ең соңғы түскен ұлпа қар жер бетін безендіріп тептегіс, аппақ далада күнмен шағылысқан жұлдызша қылаулар жылт-жылт етеді. Аспанда алақандай бұлт жоқ, күн нұрымен көкшіл түсі жасыл тартып, күлімдеп тұр. Жалғыз адам жапан далада, басында маска, аяғында шаңғы ағызып келеді. Бірде ол — ақ қағаздың үстінде жалғыз ноқат тəрізді, біресе — айсыз түнде, жалтыр аспанда құйыла аққан жұлдыз тəрізді. Қар жамылған кең далада, тұнық əуеде жалғыз адам жүзіп келеді, жүзіп келеді...
Eгiс даласы ирек-ирек бел болып қалған. Шиталарды қар басып, борасын басынан аттап кетіпті. Бір топ əйел шиталарды қайта көтеріп, қар бұйраттардың арасында қаптап жүр. Жеке жүріп ақ қарда шықырлаған аяқ тықыры, жеке жүріп, əрқайсысының ыңырсыған қасірет мұңы тұтасқан бір күйге айналып, қар белестерді бесікше тербеп тұрған сияқты. Жай тербеп, ұзаққа созылған нəзік зар, бір кезде долданып кетіп шайқап-шайқап жібереді. Біресе буынғандай тына қалады. Тағы да нəзік зар. Тағы да долы үн. Өзгеше бір күй кең даланы күңіренте шайқай береді, шайқай береді...
Қар белестерден орғи-орғи жаңағы адам да жетті. Жетісімен маскасын жұлып алды. Жанбота екен. Əйелдер жиналып қалды.
— Жақсылық хабар бар ма?
— Москва не болды?
.— Хат жоқ па?— Тұс-тұстан сұрақты беріп жатыр.
.— Амантайдан хат келді,— деді Жанбота күлімсіреп.
— Не айтады?
— Оқышы.
— Жасырмай оқы.
Жанбота хаттың сөзін оқымай айта бастап еді, құрбы-жеңгелері болмастан оқытты.
— «Қатынеке!» Аманбысың?—депті Амантай салған жерден. Бəрі ду күлді. Сол күлгеннен езу жия алған жоқ.— Жанбота, сен қатын дегенге қамықпа. Дəл қазір сенің бас¬қан ізіңді хор қызына айырбастамаймын.
Ал, енді неміске келейік. Олармен аулымыздың арасында ауыл жоқ. Иттері сақ болады екен. жақ жаппайды. Əркімдер сонда да «тіл» əкеліп жатыр. «Тіл» дегенге түсінесің бе? Қолақпандай немісті қотаннан ұрлап алу керек. Ұрласаң мəртебе, қолға түссең құрығаның. Комбатымыз қалжың көтермейтін адам. «Бір тоқты ұрлау менің де қолымнан келеді» деп едім, ұрсып тастады. Əйтсе де, қыңқылдай берген соң, шолғыншы жолдастардың қасына қосып, «баулыңдар» деді. Мені құс десе керек. Былай шыққан соң қоям ба, «осы жолғы абройды маған беріңдер» деп жабыстым. «Неміс жетеді. Ала бер»,— деді жолдастарым.
Қалың орманның ішінде, қараңғы түнде, қалың қарға ақ тиіндей сүңгіп кеттік. Сені мен менің Ойылға сүңгуіміз емес — ол. Өліп кетсең де уақытсыз бас көтермейсің. Əйтеуір қар жұмсақ, шапанымыз ақ, қоянқолтық келгенше тықырыңды да, өзіңді де сездірмеуге болады. Тек епті бол. Есіңде бар ма? Бұғып келіп, сені су ішінде қалдырғанда бір Қысылған едім, содан кейін қысылғаным осы шығар. Демім кеудеме сыймай барады. Өгіздей бір неміс өңкиіп, алдымнан тұра келді. Жер беті жым-жылас. Басқа ештеме көрінбейді. Олар да қу екен, қар астына, жер астына еніп кетті. Шəуілдеген ит даусы ғана естіледі. «Ит» дегенім солардың мылтығы. Бір тынбайды. Аспан жарқ-жұрқ, алай-түлей. Менің көзім дəу немісте ғана. Атып тастасам «тіл» жоқ. Ұстай алсам ырық бермей ме деп сескенемін. «Сескенбеймін» дегеннің бəрі өтірік. О да сауысқаннан сақ. Торуылға шыққан түрі бар. Тура мені басқалы келеді. Қалай шыдарсың! Атып тұрып, іштен ала бергенімде, мылтықтың дүмімен бетке беріп кеп жіберді. Амантайдың екі тісі опырылып ауызға құлады. Бетті қан жауып кетті. Tic пен қанға алаңдасам өзімді алып кететін. Сасық күзенше жабыстым. Жұлқылап, сүйретіп жүр. Иттің күштісі-ай, іштен орай шалсам да, қырқа шалсам да түспеді. Мыңқылдап бір-екеуі тағы келіп қалды. «Біздің өзгелер қайда!» дедім сонсоң дауыстап. Мылтық даусы шықты. Сөйтсем, біздің қулар кейінгі екі немісті күтіп жатыр екен. Екеуін қалпақтай түсірді де, менің дəуімді бас салып, аузын буып, ала жөнелді...
Сөйтіп, қазір Амантай сөйлегенде тілі жылтыңдап тұрады. Бір себептен осының өзі жақсы болды. Алтын тіс салдырып, мəдениетті боп барам. Жаңағы немісті енесінен жаңа туғандай қылдым, комбатқа жеткенше екі тісімнің орнына төрт тісін қағып алдым. Бəрін қағып алайын деп едім, жолдастарым бермеді.
Неміс дегенді көргенім осы. Ақылы кем, қаруы көп жұрт екен. Москваны аламын деп үйдей-үйдей танк деген машина жасапты. Керемет! Ырқына жіберсең ештеңе қалдырмай ұйпай береді. Эр ағаштың, эр көденің түбінде біздің жігіт- тер аңдып жатыр. Мұнда да ауылдағыдай əдіс, жүрек керек. Бір бөтелке, бір оқ не жұмырықтай гранат дəл тигізсең үйдей танктің талқанын шығарады. Немістің ақылсыздығы сол емес пе, осы танкке сеніпті. Енді қадам баса алмай қалшиып тұр. Қызық əлі алда. Қатынеке, соғыс сырын айта беруге болмайды. Москваны алу неміске арам болар.
Кетпенге көп таласа беруші едің, қолыңа еркін тиді. Менің атыздарымды да суара сал. Шықаң ауру деп есіттім, сен саусың. Теңелем деп жүріп, еркектен аспасаң не қылсын, сен қасқа.
Тез хат жаз. Қалжың айтшы бір, сағынып жүрмін. Қош. Кетік тіс Амантайың».
Əйелдер күліп отырып, көз жасын төгіп отырды. Аман¬тай еңбектің де, көңілдің де думаны еді. Ол кеткен соң жастар да көңілсіз сияқты. Берікпін деген Жанботаның өзі де босаған тəрізді. Амантайдың «Қатынеке» деген сөзін мың «сіз-бізден» артық көріп:
— Əй, тентек, əй тентек!— дей береді. Екі тентек таң-таласып жүрсе де, бірін-бірі қатты бағалайтын. Сөзі, мінезі, қалжыңы тең келген соң, кейде тіпті, қасақана қағысатын. Енді ол онда, бұл мұнда, құлын-тайдай тебісе ойнап өскен күндер көз алдында көлбеңдеп тұр...
— Амантайды сағынып жүрмін!— деді сонан соң Жанбота күрсініп.— Бəрін тастап кетер едім. Бəрін бірге көрер едім. Болмай қалды...
Осы сөзімен екеуі ғана білетін жасырын сырды ашып салды. Ашпасқа болмады. Амантаймен қосылып қалған. Колхоз салтымен той жасауға үлгірмей, ол майданға жүріп кетті. Көрген қызық, өң мен түстей болып қала берді. Бірақ Жанбота жай қалмапты. іші күн санап томпиып келе жатқан сияқты. Бұрынғыдай қатты жүріс, оқыс қимылды де¬несі көп сүймейді. «Болмай қалды» деп отырғаны сол.
Амантаймен қоса біреу баласын, ерін, біреу туысқанын ойлап кетті. Жұмыс басқан əйелді қайғы қабат басып, қабырғалары сынып бара жатқан сияқты. Жанбота орнынан ұшып тұрды.
— Немене, болжырап барасыңдар! Жардан, аға-іні, əкеден айырып қан қақсатқан неміске көз жасы өтпейді. Еңбек соққысы ғана өтеді. Əскердің азық-түлігін, қару-жарағын молайт. Үйде қалған кемпір-шал, жас бөбектерін жүдетпе. Қайтып келер күн болып, қажып қайтқан ер налып отырса, одан ауыр бізге не бар? Азаматтың бізден тілегі осы. Жар сүйген, ата сүйген, бала сүйген əйел бүгін тек еңбекті ғана сүй. Амантай жаңағы хатта менің атызымды суара сал депті. Шықаң науқас. Осы даланың қожасы біз болып қалдық. Сағыныш, қайғы, ыза, ар-намыс істен жарқылдап көрініп жатсын! Екі жүз центнерді ұран етейік. Ал тұрыңдар, жолаушылар тез қайтады, сонда...
Əрқайсысы өзінің белестеріне қарай аяңдады. Біреу көзін сүртіп, біреу сіңбіріп тастап, қайсыбіреуі енді-енді солқылдап барады.
Жанбота мен Айсұлу бір кетті. Жанбота шаңғы таяғының басындағы қалпағын жұлып тастап, қардың қалыңдығын өлшеп келеді. Шита үшінші рет көтеріліп жатыр. Қар бірсыпыра қалыңдапты. Бірақ ала. Бір жері елу сантиметр, бір жері жетпіс бес, бір жерінің қалыңдығы бір жарым метр.
— Машина бар. Қар ұстап керегі не?—деді Айсұлу.— Əлгі ұзынның шығарғаны осы.
«Ұзын» дегені агроном Сергей. Ұзын екені де, қар ұстауды сол шығарғаны да рас. Шығанақ өңдеу тəжірибесін «арам» егіннен көргеннен бері Сергейдің сөзін жақсы тыңдайтын болған. Қар тоқтату əдісі бұл колхозда биыл ғана Қолданылып отыр.
Жанбота Айсұлуға жауап қайырған жоқ. Қағазын алып есептей бастады.
— Сенің-ақ түртінуің бітпеді-ау. Одан да оңашада сырласып алайық та.
— Орта есеппен алғанда он тоғыз гектар жерде жарты метр қар жатыр...
7 Ғ. Мұстафнн, I том. 193
— Жə, қойшы енді.
— Тұра тұр. Шықаң бір метрге жеткіз деген. Сонда бір гектарда мың бес жүз кубометр су болмақ.
— Машина немді бітіреді?
— Тұра тұршы қабаттамай. Ашық борозда жасамаса ағып кетеді-ау.
— Немене ағып кетеді?— Сыңқ-сыңқ күліп жіберді Айсұлу.
— Суды айтам,— деді Жанбота.— Ашық борозда жасамай болмайды. Шиталар жетіңкіремейді, аққала соғу керек. Əттең күш кем, əйтпесе егінжайдың бəріне қар ұстар ма еді.
— Қар мен қайғыны ойлап өлеміз бе? Басқа бірдеме айтсаңшы.
— Не айт дейсің, сен осы?—деді Жанбота қағаз, қарындаштарын қалтасына салып жатып.
— Көңіл шерін тарқат.
— Аққала соқ. Суды молайт. Сонда тары да көбейеді, көңіл шері де тарқайды.
— Əтек боп кеткенсің бе, өзің? Төсек аузыңа бір түспейді ғой!
Жанбота күліп жіберді.
— Бишара-ау, құр төсектен не шығады?
— Сонда да, жұбаныш-тағы.
— Ал. жұбатшы қане.
— Сенен жасыратын сыр жоқ,— деді Айсұлу.— Ұйықтасам да еркек есімнен кетпейді...
— Ту, антұрған екенсің!— деп Жанбота да күліп жіберді.— Еркектің, өйтіп қадірін кетірме. Ол — ата. Ата деген үйдің асқар тауы емес пе? Ол— азамат — ел шетіне жау келсе, қарсы шабатын ерің емес пе? Ол — жар — өмірдің ой-қырын бірге кезетін қосағың емес пе? Мен Амантайымды осылай бағалаймын. Оның тентек мінезі, өткір тілі маған басытқы тəрізді. Сенің Айтжаның тым сыпайы ғой, бабыңды білмеген шығар.
— Білсін-білмесін, Амантайыңа айырбастағым келмейді.
— Мен де айырбастағалы ынтығып отырғам жоқ!
— Екеуін де қоя тұрайық. Ермек тапшы бір,— деді Айсұлу.
— Сен де осындай ма едің!— деп Жанбота Айсұлуға жалт қарады.— Олар қалай шыдап жүр? Бас қамын ойлайтын шақта, басқаны ойлау басы дұрыс адамның ісі емес. Дəл қазір жарыңа істеген опасыздық, Отанға істеген опасыздықпен бірдей. Қиын күнде жан жолдасын қиған əйел,
Отанын да қиып жүре береді. Жүрегім тіпті суып кетті ғой! Неміс келсе алдымен сенен керерміз қорлықты...
Айсұлу үндей алмады. Жанбота шаңғысын аяғына байлай сала сырғып кетті. Жақсы көретін жолдасы жол бойы есінен шыққан жоқ. Жас кезінде өзін алдаған жігіт қоса елестеп, əйелден де соған бір сыңар тапқандай болып келеді...
— Опасыздық əр қилы. Бəрінің, тамыры бір,— деді Жанбота. Үйіне келіп қалған екен, жүрісін бəсеңдетті.
IV
Елсіз тауда көп уақыт батысқа телміріп басы ағарған Ақметтің көзі шайдай ашылып кетті. Қорыққан елі, қашқан колхозы басына қара күн туып, төмен қарап тұнжыраған тəрізді. Құла азбанға ер салып, аш қасқырдай көріне тиюге аттанса да, шошыған жүрек сап-сап дей берді. Кəрі азбан қатты жүрісті көтермей, қалта қарап тұрып қалды бір жерде. Атты тастап, Ақмет ыза кернеп жаяу тартты. Соғыс жайын, ел жайын əлі жақсы білмейді. Əйтеуір неміс қиратып келеді деген дақпырт елсіз тауды да жаңғыртқан еді. Кезе-кезе Ойылға жетті. Ойыл оның, өз жері емес. Бірақ Ойыл жəрмеңкесіне талай келген. Төкеннің үйінде жатып, Төкен мырза, Ақмет мырза талай түндерді дастарқан үстінде өткізген болатын. Төкенді бір көргісі келеді Ақметтің,. Ойында үлкен жұмбағы бар, бірге отырып шешкісі келеді. Көп уақыт өтсе де ұмытпапты, қараңғы түнде үйін тура тапты.
Төкен аттан жаңа түсіп, төсекте жатыр. Жол бойы Шығанақтың бір салғанын көтере алмай жатыр. Оң иығы, мойнының бір жағы қозғалтпайды. Сүйегі аман сияқты. Келісімен иод жағып орап тастаған.
Қара бəйбіше лағнатты жаудырып жүр. Бұл кісі Ақтөбеден біржолата келіп, ағасының қолында тұратын.
— Ана немені сотқа неге бермейсіз!— деп шабынады.
— Куə жоқ. Оған қазір соттың да шамасы келмейді,— деді Төкен. Қарындасы булығып жылайды. Ағасы ауыр күрсініп қайрат береді:
— Жылама. Бүгін бе, ертең бе біздің қолға да резинке қамшы тиер...
Мезгілсіз қағылған есік екеуін де селк еткізді. Қоңыраулатып Ақмет кірді. Қол алысып, қырауын қағып жайласқан кезде ғана Төкен басын көтерді.
— Ақметпісің, жаным-ау! ?
— Ақметпін. Өлді деп пе ең?
Төкен орнынан тұрып, қайтадан сүйісіп амандасты.
— Қайда болдың, қайдан шыға келдің? Көрмегелі қай заман! v
— Тірі болған соң бөденеше бұғып жүрдік, əйтеуір.
— Ештеме етпес, жарыққа шықтың ғой енді.
— Шын ба, өтірік пе, мейірімді қандыра айтшы.
— Күмəнденетін ештеме қалған жоқ,— деп ыржия күлді Төкен — Белоруссия, Украина кетті. Москваны алған шығар ендігі. Ленинград қамауда. Мына жағы Қара теңізден бері өтіп, қаптап келеді!
— Онда бұл неғып құламай тұр?
— Оңайлықпен жан шыға ма? Далбасалап жатыр.
Ақметтің жүзінде əлі де қуаныш жоқ. Электр шамға тесіле қарап, тіл қатпай отыр.
— Шайтан шам Ойылға да жеткен бе?
— Бұлар осы əлекей-шүлекеймен жүрген, неміс екен соғыс техникасын мықтай беріпті.
— Сен қуанасың, Төкен. Мен қуанарымды да, қайғырарымды да білмей отырмын,— деді əлден уақытта Ақмет.— Неміс дегенің өзінен өзгені жан демейді деп есітем. Əлімізге қарай əрқайсымыздың адам деген даңқымыз, елдік салтымыз бар. Бəрін неміс таптаса, одан артық қорлық, одан артық намыс бола ма? Егер бұл рас болса, кескілессең де өз елің, үйренген өз жауың артық. Бұға-бұға келгенде, күткенім менің бұл емес. Тағдыр əкеліп, сыбағаңа енді неміс қорлығын тартатын болса, тіршіліктің қанша керегі бар. Кəрі қойдың жасындай жас қалды ма, жоқ па, қалған өмірді қан майданға жұмсағалы шықтым. Кімді қорғап, кімді ұрарымды білмей тұрмын. Білгенің болса қалдырмай айт.
— Дұрыс айтасың, қимылдайтын күн туды,— деп Төкен шоқтығын көтере отырды,— Немістің дүниені өзім ғана билеймін, «жаңа тəртіп» орнатамын деп келе жатқаны рас. Ресейді үш жүз жылдан артық билеген ақ патшалық та «билеуші бір өзім» деп өткен. Қазақ сияқты бұратана ұлтқа Ресей төрінен ешуақытта орын сайлаған емес. Бірақ сол қазақтан шыққан Ақметтің ақысы кімде кетті? Ұлт теңсіздігі — ұлт ішінен жарып шыққан жақсыларға, оларды патша үкіметінің қолдауына бөгет болған жоқ. Неміс те осы жолдан шығып кетер деймісің. Ақмет пен Төкендерге амалсыз сүйенеді. Сол немісің, міне келді. Тірі екенімізді білдіріп, барымызбен алдынан қарсы шығайық.
— Неміс қолындағы елден хабар бар ма?
Бар. Жоралап отырғам жоқ. Жобалап отырмын...
Төкеннің сөзі Ақметтің миына қона кетті. Неміс Москваға төнген кезде бүкіл совет жұртшылығы былай тұрсын, советте кегім бар дегендердің көбі сол кегін ұмытып кетіп, Отан намысына шапқан еді. Ақмет ұмытам десе де ұмыта алмады. Өйткені, совет тұсында Ақмет пен Төкен ешуақытта алдыңғы қатарға шыға алмайды. Ол оның бұрын «болғандығынан» емес. «Бұрын болды» деген сөз ұмыт боп барады. «Болғандардың» талайы жаңа заманмен қабысып, еңбек жарысында жүлдесін алып жүр. Төкен мен Ақметте бұл қабілет жоқ. Өр кеуде, тас безерлікпен əлі өзі жатып, көпке істетіп, көп үстінде қалқығысы келеді. Осы үмітін совет кескен Ақмет неміске еріксіз келіп қосылды.
— Ел ішінде көп отырып етің үйреніп кетсе керек,— деді Ақмет бір кезде. Көзі əлі электрде.— Мына шамды əлекей-шүлекей дейсің. Осы, əлекей-шүлекейді ерте уақытта Ойыл түгіл Ақтөбе мен Оралдан да көргенім жоқ. Елден кеткелі жеті жыл. Кіші жүз бен Орта жүздің жапсарында, далда қуып жүрсем де көзім талайды шалған. Бірақ дəл Ойыл бойына мынау жете қойды деген жоқ едім. Жол үсті ағылған машина, жол жиегі трактор. Аспан аэроплан. Қандыағаш пен Гурьев арасы сартылдаған поезд деседі. Ойылдың өз бойында да түтін шыққан мұржалар көрінеді. Аз уақытта осынша істеп, елді қолына қондырып алған советті оңай үкімет дей алмаймын. Немісің қанша күшті болса да көмек керек. Біздің көмегіміз қандай болмақ, соны айт?
— Көмек түрі төртеу: дүрліктіру, бүлдіру, тыңшылық, басты адамдарын өлтіру. Қайсысы келеді қолыңнан?
— Бəрі де келеді. Жобасын көрсет.
— Мен Ойылды алайын. Сен елге шық...
— Қай жерде не бар?
— Іргемізде тарының кені боп отырған Шығанақ бар. Соны бүлдірсең, жүзді бүлдіргенге тұрады.
— Ол əлгі советтің ардақтысы ғой?
— Ардақтысы ғана емес. Құныкерің. Сенің тоқалыңды бір жақынына алып берді.
— Дұрыс. Мен сонда барам,— деді Ақмет. Өңі суып кетті. Қара бəйбіше тамақ əкелді. Дастарқан үстінде де Ақметтің көпке дейін өңі енген жоқ. Төкен байланыс жайын, жол жайын айтып отыр еді.
— Мен немен барам?—деді.
— Немен келдің?
— Бір машинаға ілесіп келдім.
— Менің атыммен жет те, жолға салып, қаңтарып қоя бер. Тура үйге келеді.
Тамақтанып алып, түн ортасы ауа, Төкеннің қарагеріне мініп Ақмет жүріп кетті.
V
Түн ортасында, «Кемершинде», үш-төрт колхоздың коммунистерін жинап алып Ермағамбет бүгін тек, қырағылық жайын сөйлеп тұр:
— ...Бұл соғыста еліміз екі сыннан өтпек. Бірі — елдің қашаннан бері бойына жиған елдік қасиеті. Екіншісі — ел ұстаған совет салты. Соның бірі əлсіресе, екіншісі сынып кетеді. Ел бастаған коммунистерге тағдыр ешуақытта мұндай ауыр жүк артқан емес. Мейлің көтер, мейлің күйре деп ақсақал тарих мойныңа асыла құлады. Ел тас боп түйініп алды. Темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалса да неміске қарсы жорықтан тоқтауға жоқ. Бірақ неміс майданда ғана емес. Аспанмен əкеліп, бүлдіргіштерін ортаға тастап жатыр. Қазір ауыл қасындағы құм Барқынға да елеусіз қарауға болмайды. Күш пен сақтық тең келгенде ғана жеңіске сенім бар. Əрбір коммунист өз тұрған жерінде бұта былай тұрсын, мияның да арасын ашып қарау керек. Қыбыр еткен көлденең жүріс, дүдəмал қара, бейсауат сөз тексерусіз қалмасын. Бүгін, ең қауіпті жау — бейқамдық!
Жиналыс ішкі қауіппен күресетін ерекше бригадалар құрды. Жер-жерді, елді учаскеге жауапты етті!
Жиналыс тарқасымен Кəрібай асығыс қайтты. Ауыл Москва көмегін жөнелтіп жатыр. Оған қарай алмай Шығанақпен қамба ішінде кездесіп шыққан бетінде жүріп кеткен. Жол бойы ойына əлденелер келеді. Қарайған көрінсе қадала қарайды. Жиналыста айтылған сөз тіріліп түрегеліп, көз алдынан өтіп жатыр... Неміс енді Москва түбінде ғана емес, осы буылтық далада да бұғып, сығалап жүрген сияқты. Браунингін қалтасынан алып, қонышына салды. Онымен көңілі дауалаған жоқ. Немісте айла көп. Қызылəскер түрінде де, жай адам боп та кездесе береді. Қалай айыру керек? Қырағылық қайтсе жетеді?..
Кəрібайдың кең даланы кезген ойын ауылда көтерілген қиқу ғана бөлді. Ауыл көшіп жатқан сияқты. Біреу түйеге, біреу шанаға тиеп, түн ішінде шықырлатып тартып барады. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, жол үсті ұзын тізбек. Ұласқан үн. Бəрінің беті Ойыл. Тізбектің алды ұзап кетіпті. Арты ауылдан əлі шыққан жоқ. Біртіндеп қосыла береді, жалғаса береді, тізбек шұбала түседі...
Мыналар ештеме қалдырды ма?—деп Кəрібай жүгіріп жетіп келгенде, Шəңгерей түпке сақтаған колхоз қамбасының есігін ашып, ішіне жаңа ғана еніп еді.
— Неғып жүрсің?—деді Кəрібай ат үстінде тұрып. Шəңгерей тысқа шықты.
— Осыдан да екі-үш көлік жөнелткелі тұрмын.
— Қой. оның қисыны келмес.
— Бүгін келмесе сірə де келмес.
— Жаңадан бір нұсқау алдың ба?
— Шықаң айтып келген жоқ па. Партиядан артық кім нұсқайды.
— Қамбаны тақырла деген нұсқау жоқ əлі. Колхоздың түпке сақтаған қорын қозғама. Ертең де күн бар.
— Шəңгерей бұл жолы қақпақылға көнсе игі еді! Елді қорғаудан аяп не деп тұрсың езің!—деді де қамбаға қайта енді.
Сараң Шəңгерейді тоқтата алмай тұрғанда, Шығанақтың үйінен шығып, Жанбота келді Кəрібайға. — Шықаң жатты ма? '
— Жоқ.
— Мынаны жібіте алмай əуре едік. Енді қатыра алмай əуре болмасақ не қылсын. Ашпайтын қамбаны ашып, қылықты қылып тұрғанын көрдің бе?
•— Жақсылық тезінен келер онда.
— Шықаңды шақыртайық,— деп Кəрібай атының басын бұрғанда:
— Қайтеміз, ауру адамды мазалап,— деді Жанбота.— Өзіміз-ақ бірдеме қыламыз. Шықаң жаңа тыныштық алғалы жатыр.
— Сонда бұл ожарды қалай көндіреміз?
— Оп-оңай. Болмай бара жатса Ермағамбетке айтам дей қойыңыз. Мойны астынан келеді.
Екеуі ақыл қосып қамбаға енді. Шəңгерей оң қарамай сырт айналады. Сыралғы боп алған, екі жақтағалы келгенін сезіп тұр. Жанбота бір жағынан, Кəрібай бір жағынан шығып тұра қалғанда Шəңгерей қалай бұрыларын білмей:
— Ал, немене?!—деді ежірейіп.
— Ақылмен істейік не істесек те. Мына Жанбота да, мен де басқарма мүшесі. Бірімізге айтпай мұның не?
— Е, ел қорғаудан аямақсыңдар ма?
— Қазнаның да қазнасы бар... Берістің де берісі бар. Соғыс ұзаққа созылады. ірке ұстап көп-көптен өндіре білу керек.
— Иə, тыраштық пен мырзалық бір емес,— деп Жанбота да қостай кетті.
Шəңгерей сөз таба алмай шыртылдап тұр. Осы жолы болмаспын-ақ деген еді. Тағы да көп ауыз бірігіп, бір ауызды басқалы келеді. Тұрыптұрып:
— Ой, шіркіндердің пысығын!—деді бір кезде.— Бүктемеге салып, тағы да бүктемексіңдер ғой? Ал, бүктей қойшы!
— Бүктесетін ештеме жоқ. Көнбесең райкомге барамын. Ермағамбет қамбаны қозғамаңдар деген,— деді де Кəрібай қасақана шығуға ыңғайланды. Шəңгерей босап сала берді. Есікті жапқалы кілтті қолына ала тұрып сөйледі енді:
— Өздеріне келгенде жəп ете түседі. Бəйгеге, сыйға, тойға деп, бір қой, бір қап астық берші деп маза бермейді, түге! Əкем келсе де көрермін бұдан былай!
Есікті тарс жауып, кілтін қалтасына салып, қорбаң-қорбаң жүріп кетті...
Ауыл тегіс жатқан. Күн қабағы салбырап тыныш тұр. Алыста, жол бойында кетіп бара жатқан жүргіншілердің дыбысы еміс-еміс естіледі. Кəрібай мен Жанбота үйіне əлі қайтқан жоқ. Қырағылық жайында, немістің айуандығы жайында əңгімелесіп отырып қалды. Немісті əп-сəтте ұйпап тастайтын күш, айла іздейді. Гитлерге жаза іздейді. Екеуін де таппайды. Тапқандары немісті құр жеңу, Гитлерді құрту боп шығады. Онымен қайнаған кек басылар емес. Төгілген нақақ қан қауыт болған дүние, көрген қорлық төленер емес. Жанботаның ойы шарықтай-шарықтай фантазияға барады:
— Өзім ғана көріп, басқа мені көрмейтін бір амал тапсам,— деді Жанбота.— Ұшып барып Гитлерді буындырар едім де соғысты дереу тоқтаттырар едім.
— Қауыт болған дүниені қайтесің?— деп күрсінеді онда Кəрібай.
— Немісті тепкілеп-тепкілеп істетеміз де, қалпына келтіреміз.
— Кек қайтты, дүние орнына келді. Ал, қырылған жанды қайтесің?
Жанбота жауап таппай тұрып қалды. Аздан соң Кəрібай тағы да сұрады: — Гитлерге қандай жаза қолданар едің?
— Атып тастау керек! Жоқ, өз істегенін өзіне істейміз. Дарға асамыз. Бұ да аз екен. Ол миллионды асты ғой. Отқа қақтап өлтіру керек. Жоқ, бəрі тез өлім... Таптым! Мұны кескілеп өлтіруге болады екен, мойнынан байлап алып бүкіл дүниені аралатса. Əр қалаға, əр ауылға келгенде денесінен бір жапырақ кесіп тастап отырса...
Бұлыңғыр түнде еппен басқан аяқ тықыры естілді. Екеуі де елең етті. Жалғыз жаяу көрінеді. Жүрісі тіпті өнбейді. Шаршап келе ме, байқап келе ме? Қарауы да, бөгелуі де көп.
— Бұл қайсың?—деп қарсы жүрді Кəрібай. Кенеттен естілген дауысқа сескене:
— Мен!—деп тұра қалды жаяу. Кəрібай мен Жанбота екі жақтан үңілсе де тани алмады.
Мезгілсіз неғып жүрсіз?
-— Ойылдан кешірек шығып едім, жеткенше сол болды.
— Қайда барасыз?
— Осы жақта бір туысым бар еді, соны іздеп келемін. Қалжырадым, жан шақыруға бола ма, шырақтарым?
— Болады. Жүріңіз.
Ертіп алып Кəрібай үйіне қарай аяңдады. Жанбота қай¬тып кетті. Үйге келген соң мүсəпір адамға күдіктене қарады Кəрібай. Мүсəпір боп отырған қайсар Ақметтің өзі еді. Бет кескіні-ақ «мені байқа» деп тұрған сияқты. Қанша бишара болса да, болып көрмеген мінез орашолақтығын істей берді. Үй иесі əдет бойынша жоғары шығыңыз дегенде, кішкене үйдің қақ төріне барып отырды Ақмет. Қабақ бітісін, көзқарасын байқап отырып сөз тартты Кəрібай:
— Ақсақал, жөн сұраса отырайық. Кім боласыз, қайдан келесіз?
— Ақтөбеден келемін. Руым Адай. Атым Сүлеймен.
— Қайда барасыз?
— Тайсойғанда жалғыз қарындасым бар еді, соны іздеп келемін.
— Түн қатып жүргеніңіз қалай?
— Осы ауылдарда сол жақтан келіп жатқан біреулер бар деп еді. ілесе кетем бе деп үртіс жүріп кеттім.
— Ақтөбенің өзінде тұрасыз ба?
— Өзінде тұратын едім. Бала əскерге кетті. Кемпір қайтыс болды. Сонан жалғыз қарындасымды іздеп шықтым.
— Қала не айтады соғыстан?
— Қайдан білейін, шырағым. Əйтеуір үрей жоқ. Неміс жан қоятын емес дейді ғой.
Есіктен əйелі ымдап шақырған соң, Кəрібай шығып кетті. Ақметтің көзі үй ішін тінте қарап келіп, Кəрібайдың саптама етігіне түсті. Етіктің қоңышынан браунингтің ұшы Қылтияды. Ақмет лып етіп алып қалтасына сала қойды. Кəрібай жол бойы қонышына салғанын ұмытып кеткен екен. Ауыз үйден келісімен есіне түсіп, қонышқа қолды салып қалды да, өңі бұзылып кетті. Қайда жоғалттым деп аң-таң. Аттан түскелі ешқайда бармағаны мəлім. Түсіп қалды деуге қисыны тағы жоқ. Үй ішін қарастырып, əйелінен сұрап болған соң, қонағына көз қырын тастап, үндемей біраз отырды. Қонақ ештеме сезбеген сияқты.
— Шаршасам да, сол адамдарды орнынан басқым келеді. Бой жылытқан соң жүрейін, мені жолға салып жібер, шырағым,—деді жайымен отырып.
— Қонбайсыз ба?
— Кетіп қалар. Ерінбейін.
— Қай колхозда екен олар?
— «Қаракөлде» деп есіттім.
— Ақсақал, қас пен көздің арасында мылтық жоғалды,— деді Кəрібай. — Осы үйдегі үш адамның бірі ұрлап отыр.
— Онда мен ұрлаймын да. Тынымын істеңіз.
— Беріңіз. Тынымы сол.
— Келгелі орнымнан қозғалғам жоқ. Тінт те, тауып ал, ендеше.
Кəрібай келіп қалтасынан суырып алғанда, сасудың орнына ыржиып қана күлді Ақмет.
— Мылтықты солай тастай ма екен. Əншейін бір састырайын,— деп едім.
— Сөйлеме, бетпақ, шпион!— деп Кəрібай мылтықты көздеп тұра қалды.— Тұр шапшаң!
Ақмет орнынан жай тұрып, саспай сөйлеп барады:
— Бүйені не айтып тұрған? Қайда барамыз?
— Сол бүйенді жаратын жерге барамыз.
Ақметті алдына салып, Кəрібай шығып кетті. Шай қамдап жүрген əйелі, самауыр қасында, қолында ақ шəйнек, аңырып тұрып қалды...
VI
Төргі бөлмеде ақ болыскей кереуетте екі-үш жасар еркек бала пыс-пыс ұйықтап жатыр. Жамал есіктен дыбыссыз енді, баланы аймалап, қымтай жапты, енді үй ішін жиыстырып жүр. Кереует басына іле салған пүліш пальтосын айналы гардеробқа əкеліп ілгенде, айнаға қарады. Ақшыл беті қоңырқай тартқан, ұзын кірпікті, мөлдір қара көзі əлі де нұрлы, тек айналасына азырақ əжім түсіпті. Сол əжімді саусағының ұшымен жазып тұрып:
— Кəрілік шіркін, келіп қалғаны ма?—деді ішінен. Бұрын үйді қазақша ұстайтын қылап əйел, енді қала салтын енгізген, үйде патефон, шамадан, биік стол, орындықтар да көрінеді. Бəрін сүртіп жайғастырған кезде ауыз үйдің есігі ашылды.
— Олжеке!— деп қуанып кетті Жамал.
Олжабек төрге өрлемей, босағада тұр. «Аяз бабай» сияқты. Сақалмұртына, басындағы түлкі тымағына тұрған қырау, мұздақтан көзі ғана жылтырайды. Үнсіз, баяғы əдетінше қолындағы қамшысын ұсына берді. Жамал қамшыны іле сала, сенекте тасып төгілген самауырға жүгіре шықты. Олжабек оны байқаған жоқ. Тымағын, белбеуін шешіп, бір қолымен ұсынып тұрғанда, екінші қолымен мұртындағы мұздақты алып жаты. Қайтып енген Жамал күліп жіберді.
— «Ауру қалса да əдет қалмайды» деген осы-ay,— деді күйеуін шешіндіріп жүріп,— менсіз жерде қалай шешінесің?
— Шешіндіре бер, ақыңды жемеспін,— деп Олжабек те бір жымың етті.
Жастардың көбі майданға кеткен соң, қарулы, байсалды Олжабекті Шығанақ броньмен ұстап, жылқыға салған. Жылқы отарда. Олжабек андасанда Жамалға бір соғып кетеді. Жамал да малшы: қой фермасын басқарады. Мал аулы колхоз орталығынан бөлек, түстік, жер. Екеуі мал жайында қысқаша амандық біліскен соң, Олжабек төргі бөлмеге ене бергенде:
— Тақалма,— деді Жамал,— денең суық, шошып кетеді.
— Айналайын! Сағынтайымның, төлеуі — Төлеутай,— деді де, Жамалды жетелеп ауыз бөлмеге келіп отырды.— Ал, майданнан не хабар бар? Москва не күйде?
— Жаманат естілмейді. Бір қалпы.
— Шығанақ қалай?
— Шықақның науқасы жеңіп бара жатса керек. Кеше Жанбота келіп еді.
Екеуміз біраз жылап алдық...
Олжабектің, Жамалды ұстаған қолы жаңа ғана жазылды. Қолы сылқ түсіп кеткенін өзі байқаған жоқ. Əкесіндей Қамқор Шығанақ ішін елжіретіп барады. Онымен бірге бастан кешірген күндері көз алдынан өтіп жатыр...
— Бетің домбыққан ба, үсіген бе?—деп үңіле қалды Жамал.
— Иə ,— дей салды Олжабек, əлі де ауыр ойынан айыға алмай отыр. Бетінің қалай үсігенін, өзінің үлкен қауіптен Қалай құтылғанын да айтпады.
Бұдан екі күн бұрын Олжабек сұрапылмен бір сəтке алысты. Таусыз, ормансыз жалаңаш даланың бораны қандай күшті! Жылқыны желге қаратпай, ыққа айдап барады.
Ықта үлкен oп — сор жатыр. Бұл бетімен бара берсе, сорға батып, қырылмақ бəрі.
Олжабек жалғыз. Жолдасы қоста қалған. Келсе керек еді, таба алмай адасып жүрген болу керек. Күн кешкірді. Жылқы ырық бермей ықтап келеді. Сасайын деді Олжабек. Шамалауынша, сор енді қашық емес. Дереу күрең айғырды ұстап мінді. Қашағанның шөбін жұтқызбайтын белгілі күрең, жарау болатын. Оған мініп құрық көтергенде, қандай асау болса да шипыңдап тұра қалады, не топқа тығылады. Олжабек айғайды салып, сойылын үйіре қайсыбірін қабырғадан көме тықсыра қайырғанда, жалдас қара айғыр басын тұқырып, желге тартты. Сол-ақ екен, басқа жылқы соқынан ере жөнелді. Айғайдың, сойылдың, айдынды айғырдың күшімен бірін шашау шығармай, қайрылуға мұрша бермей, үш жүздей жылқыны шоқтап, тықсыра айдап келеді Олжа¬бек. Қызумен бетінің ұшы шым еткенін байқаған жоқ. Қас қарая, қорыққа қалың түбекке жетті. Ойпат, соны түбекті жылқышылар осындай қиын күндерде пайдаланады. Боран мұнда басқа жерден саябыр. Қары онша қатпаған, шөбі тегіс жасырынбаған. Жылқылар келе-ақ тұра қалды. Олжабек енді алыстан айналып, сонда да шашау шығармай жүр. Көзі кенже туған бурыл жабағыға көбірек түседі. Нəзік аяғымен қалың қарды шекіп қалып, жерге еңкейеді жануар. Ересек жылқылар теуіп-теуіп жіберіп, қалың қарға басын бойлата, будыратып жеп жатса, бұл бишараның аузына жөнді ештеме ілікпейді. Тағы тебеді, тағы тебеді, тағы еңкейеді. Аяп кетті Олжабек. Жылқыда жүргенде аң аулап жүретін. Қанжығасындағы күрегін ала аттан түсті. Күрең айғырдың ауыздығын алып, шылбырына құрығын жалғап, оны да отқа қойды. Бурыл жабағыға келіп көмектесті. Лезде үй орнындай жердің қарын аршып тастап:
— Ал, жей ғой, бишара, жей ғой!— деп қызығына қарап тұр. Ол осынша малдың ұзын есебі түгіл, əрқайсысының түсіне, күйіне дейін біледі. Жабағыны жайғастырған соң, жай басып, жылқыны жаяу аралады. Енді іздегені тор бесті. Көп мінілген, еті жұқалау мал еді, ұшып қала ма деп жүр. Қараңғыда тор бестіні де тапты. Ұшатын емес. Əйтсе де бүрсіңкіреп шетте тұр екен, ортаға, ыққа айдап келді. Биелердің құлын тастағаны жоқ сияқты. Боранды, ұзақ түнді Олжабек осылай көз жұмбай өткізді. Таң ата боран ашылып, тиыштық орнаған кезде, күрең айғырды құрығына арқандай, қалың қарды кеулей жатып, мызғып кетті. Сол екі арада талай түстер көрді... Колхоз жиналысы. «Үлгі алыңдар Олжабектен. Үш жүз жылқыны сұрапыл боранға, опқа бермей жалғыз өзі аман алып қалды. Ер Олжабек. Стахановшы Олжабек!» деген дауыстар ду-ду етеді. Боран ашылған соң, аш қасқырлар жылқыға шапты. Бурыл жабағыны басып қалды бірі. Олжабек айғайлай оянды. Түсі екенін білген соң, атына қуана мінсе де, түсінен сескеніп, сақтығын күшейте түсті.
Осы көргендерінің бірін айтпай, Олжабек Шығанақты ойлап отыр. Жамал қаймақ əкеліп, үсіген бетіне жағып жатқанда ғана ол ойынан сергіп, Жамалды ішке түртіп қалды.
— Биыл ұрғашы мал қысыр қалған жоқ. Қар қалың, жер де буаз. Сенде іштеме бар ма?
— Қайдан білейін,— деп күмілжіді Жамал,— екеуміз мал басын көбейте білсек те, адам басын көбейте алмай жүрміз ғой.
— Қойларың не күйде?
— Күйі жақсы. Қырсық кездеспесе, жүз саулықтан жүз алпыс қозы алармыз биыл. Айтпақшы, жұрт тағы көмек жөнелтіпті майданға. Біз шетте жатып қалып қойдық.
— Шығанақ не берді екен?
— Жүз пұт тары, жиырма мың сом ақша беріпті, бұл жолы.
Олжабек үлкен қолын Жамалдың иығына сылқ еткізіп тастай бергенде, Жамал майысып қалды.
— Шығанақтың ақылы асса да, малы асқан жоқ бізден. Осы жолы содан бір асайықшы,— деді көтеріліп, Жамал күле қостады.
— «Аспан асты кең»,— деп адасқанда да ере бергем. Аса алсаң аса бер.
— Тəуекел, онда. Мен бес қой, бір жылқы, елу пұт тары берем. Бұдан жаман күйімде де тойға барғам.
— Бəрін берсең де мейлің. Тек неміс жеңілсе болғаны.
— Тəйірі, советті, колхозды жеңу қайда оған,— деп Олжабек лепіре жөнелгенде, төргі бөлмеден талтаң басып бала енді. Екеуі баланың үстіне шұрқырай түсті.
Жамал дастарқан жайды. Самауырды келтірді. Баланың Қасына қоянның көжегін, мысықтың күшігін де əкеп қойды. Бəйек болып:
— Қарашығым, атың қалай еді? Қай қаланікісің?—• Десе:
— Тре-во-га!—деп аузын қомпайтады бала. Бірінің сөзіне бірі түсіне алмай əрнемені айтып отырғанда:
— Бо-бомба-пиж!— деп, үлкен көзін бақжита қойды.
— О, түсіндім!—деді Олжабек,— соғысты айтып отыр, соғысты!
Жамал қазақ тілін үйретіп:
— Мынау мысық, мынау көжек,— десе:
— Місік, көжак,— деп бала да қайталайды. Олжабек оған мəз болады:
— Қазақ тілі оңай ғой, шіркін. Тез үйреніп кетеді. Өшкен жанып, өлген тірілді деген осы! Тек ұзағынан сүйіндірсін. Сағынтайымның — Төлеуі ғой...— дегенде Жамал егіле жылайды:
— Біреудің жанына теңгерген жалғызы ма? Маңдайдағы жұлдызы ма? Ботасынан айрылған іңгендей боздап қалды-ау, сорлы ана. Əлде ақырғы сөзі «құлыным» болып, жезтырнақ немістердің шеңгелінде жан берді ме, бишара?
— Иə,— деп Олжабек те ауыр күрсінді.— Украина қалың ел. Қабырғадан қан кешіп жатыр. Атаны баладан, баланы атадан айырды бұл найсап, найсап!..
Жамал мен Олжабектің сөзіне түсінбесе де, өңдерінен сезіп, сəби жалтақ-жалтақ қарайды. Екеуінің арасынан келіп, мойындарына асыла тұрғанда шырадай жанған көзі:
— Кейімеңдер. Мен сонда да бақыттымын!—дегенді айтып тұрған сияқты...
VII
Ауыл əлдеқашан жатқан. Колхоздың кішкене конторында іңірден отырған Сергей, Ақжібек, Жанбота — бəрі жабылып Шығанақтың ойын таппай жатыр. Бұлар жазады. Шығанақ айтады. Тыңдайды да қайта жаздырады. Бір мақаланы үшінші рет жазып, жаңа ғана бітірді. Ақжібек есіней бастады. Жанбота орнынан тұрып, жаңада келген соғыс плакаттарын қарап жүр. Сергей шылымын будақтатып, төмен қарап тек отыр. Далаға шығып кеткен Шығанақ кірді бір кезде.
— Болды ма?
— Болды. Енді ұнап қалар, Шықа,— деді Сергей.— Қазақ жазуын білмегенім діңкеме тиді.
— Біздің діңкеге талай тиген. Қатқан мойын сонда да бұрылмайды. Орысша білмегеніме мен де қатты қиналдым осы арада. Оқы, Ақжібек.
Ақжібек мақаланы оқи бастады...
Мақала оқылып болған соң, Шығанақ басын ұстап, төмен қарап көп отырды. Жаратқаны да, жаратпағаны да белгісіз. Басқалары жауап күтіп оның бетіне қарай берді. Кəресін шамның жарығы əлсіреп барады. Қыстың ұзақ түнінде, кішкене конторда, ауру Шығанақ алдағы үлкен істі толғап келіп түйгендей, бір кезде басын кетерді.
— Бұл мақалада бұрынғыға қосылған басты-басты бес жаңалық айтпақ едім: төрттің орнына бес суармақпыз, қар ұстаймыз, жерді жемдейміз. Бұл үшеуі айтылды. Екеуі қалып қойыпты.
— Осы үшеуі көңілдегідей орындалса, егіннің көңілдегідей шығуына мен кепіл,— деді Сергей. Шығанақ ақырын ғана басын шайқады.
— Көзді жеткізіп, кезінде бір-ақ айтармын деген едім. Оған өзім жетемін бе, жетпеймін бе, сендерге айтып қояйын. Көрмеге барғанда Лысенкомен көп сөйлестім. Ол кісіден бір нəрсені қолқалап сұрадым:
— Тарыны құлатпау амалын тауып беріңіз!— дегенімде ойланып отырып:
— Салқында суарса қайтер еді?—деді де, өзіме қарсы қолқа салды:
— Тарыны молайту жолында тоқтар жеріңіз қайсы?— деді маған. Мен жауап бермей, сұрақ бердім:
— Əуелі ілімнің жеткен жерін көрсетіңіз?
— Ен, білдім деген ғалымдар екі жүз центнерге дейін шамалайды. Бəтуəсін сізден күтем?
— Ала білсе, жер бере береді, бере береді...— дедім мен. Қазір біз сол ілімнің шамалағанын аламыз деп отырмыз. Бірақ осы мақалада айтылмай қалған екі нəрсені ілімнен ести алмадым. Кітабыңа қарашы, Сергей.
— Ол не нəрсе?— деді Сергей аңырып.
— Бəсе, не нəрсе?—деп Шығанақ қайта сұрады өзінен.— Екі жүз центнер, енді екі амал қос деп тұр.
Сергей аңырған бойы тұрып қалды. Шығанақ əрі беріден соң, баяу дауыспен үзіп-үзіп сөйлей берді:
— Ойдағы арман жердегі бел сияқты. Бірінен ассаң, алдыңнан бірі шығады. Егiс кезінде Каспий жақтан бір жел соғады. Қай гектар қашан егілгенін, қай уақытта қандай күйде болғанын білу аз. Күн райы əруақытта қалай болғанын да біліп отыру керек. Сол желден жер бетіне бұрын шыққан егін кейін шыққан егіннен түсімі кемдеу сияқты. Биыл егінді желден кейін ексек деймін.
Сергей қаламын ала сала блокнотына жаза бастады. Шығанақ тоқталған жоқ, сөйлеп отыр.
— Енді бір арман, егінді құлатпау. Жанбота! Тары сабағы көтергенше дəн бермек. Ол сабақты күшейтпесе екі Жүз центнерді көтере алмайды.
— Қалай күшейтпексіз сонда?—деді Жанбота.— Егіннің құлағаны, шегіне жеткені,— дейді жұрт.
— Əр сабаққа бір тіреуден қоя бер.
Сергейдің қаламы қолынан түсіп кетті. Екі құлағын да тас қылып басып алды. Шығанақ күліп жіберді.
— Қорықпа, Сергей, қорықпа, қалжыңдаймын. Лысенко кесіп айтпаса да сүйкей айтқаны көңілге қона кетті. Ыстықта кісі сусынды аңсап ішеді. Салқында шайқап ішеді. Шайқап ішкен сенімдірек. Егін де осылай ма деймін. Кезек кейін тиіп, кешкі салқынмен, не бұрын тиіп, таңертеңгі салқынмен суарылған егіндер, байқадыңдар ма, құлаған жоқ. Бұдан былай таңертеңгі, кешкі салқынмен суару керек. Бұл өзі тіпті шығансыз тəжірибе.
Терезеден жүгіріп өткен ат дүрсілі естілді. Бəрі елең ете түсті. Біреу сығалап, біреу тысқа шығып үлгіргенше, есіктен Ермағамбет, Василий Антонович, Төкен енді.
— Сүйінші! Шықа,— деді Василий Антонович, кіре берек-ақ,— немістерді Москва маңынан қуып тастады біз¬дің əскер!..
— Ризамын тəңірге,— деп жылап жіберді Шығанақ. Василий Антонович өлген, пленге алынған неміс əскерінің, олжаға түскен неміс соғыс қаруларының санын айтып жатыр. Жанбота мен Ақжібек ауылды хабарлауға ұшып кетті. Төкен де қуанған болып Шығанақтың қолын ұстай алды.
— Тарт əрі!— деп Шығанақ қағып жіберді қолын.— Сен не бетіңмен қуанасың!
— Осы өкпе, араздық сақтайтын кез бе, қуаныш үстінде қақпа қолымды! Таяғың сынғанша ұрсаң да, татуласқалы келдім. Жаман адамның кегі өле-өлгенше кетеді. Жақсы адамдікі ақ жаулық кепкенше ғана жетеді, — деді Төкен. Сөзі қанша қабынды болса да, Шығанақ қайыспады:
— Тағы не сұмдық жасап жүргеніңді білмеймін. Əнеугі ауыр күндерде «бишара» дегенің естен кетпейді. Жібімейді мына кеуде. Алдауға тəңірім олақ қылды мені. ішім мұздап жатқанда, сыртым қалай жібісін.
Төкен күрсіне беріп, отыра кетті. Сөз тоқталып қалды. Василий Антонович Шығанаққа оқтын-оқтын қарап қояды. Көрмегелі үш-төрт ай өткен. Қарттың өңі сынық. ОНЫ өзі сезбеген сияқты. Көңілін сұраушыларға «жақсымын» дейді. Василий Антонович Москва хабарын айтқалы ғана келген жоқ. «Шығанақты жіберіңіз, тəжірибесін айтсын, кергіміз келеді» деген хаттар маза бермеген соң, ел аралатпақ еді. Шығанақтың жүдеу өңін, баяу қимылын көріп, ол ойынан айнып қалды.
— Халіңізді білгелі келіп едім. Жаныңызды онша күтпейтін сияқтысыз. Күту керек қой.
Шығанақ бір мырс етті:
— Жанды тым күте берсе, нəуетек болады.
— Күтпесеңіз одан да жаман болады.
— Күт, күтпе, ол шіркін қаншаға барар дейсің. Бірсыпыра жасадық, көрдік, естідік дүние дегенді.
— Жасай берсеңіз көре бересіз, Шықа.
— Иə, көрген сайын көргің келеді. Тойған сайын араның ашылады. Сөйтіп жүргенде, күн бітеді.
Бүл қалжыңдардан да Василий Антонович «қарт өзін күтпейді» деген қорытындыға келді. Қарттың өмірін сақтау қамын ойлап отыр.
— Осы жолы сізді Ақтөбеге ала кетем, тағы да дəрігерлердің қарамағында біраз болыңыз.
— Мені енді əуре қыла көрме, үлкен кісі,— деді Шығанақ. Қиылып айтқан түрі бар. Шүкір, денсаулығым жаман емес. Майданнан, жан-жақтан хаттар түсіп жатыр. Бəрі тары жайында. Жауап беру керек. Қашқын, Күлмес, Зəурелер менің машинамдай бір машина ұстап отыр. Менің алғашқы рекордыма жетіп отыр. Енді оларды кейінгі рекордқа жеткізбей бола ма? Жұмыс деген бастан асады. Уақыт аз, аз уақытты аз өмірді көпке балап отырған жайым бар...
Шығанақтың болмасын білген соң Василий Антонович екінші түрде ұсыныс жасады:
— Онда, дəрігерді сізге жібереміз. Тек соның айтқанын тыңдай көріңіз, Шықа. Бұл уақытша шара. Москваның үлкен дəрігерлеріне қарату жағын қамдармын.
— Жарайды,— деді Шығанақ.
Ауыл адамдары жүгіре, алқына енді конторға. Қайғылы көңілдің қуанышын əркім əртүрлі білдіріп жатты: біреу күледі, біреу жылайды, кейбірі не дерін білмей сасқалақтайды. Жатып қалған жұрттың ұйқысы шайдай ашылған, ду-ду етеді. Бір кезде Олжабек пен Жамал да енді.
— Олжабек жылқыда емес пе еді?!—деді Василий Антонович.
— Жылқыда болатын. Бүгін менің халімді білуге келген. Түнде қайтпақ еді, мына қуанышқа кездесті, ырысты антұрған,— деп Шығанақ күлді.
Олжабек ыржия келіп, үлкен қолын созғанда, Василий Антонович қолын босатпай тұрып сөйлесті:
— Қалай, боран мен қасқыр мазалап тұр ма?
— Оларды жаңа көріппін бе?
«— Жоспардан артығың қанша болады биыл?
— Отыз жылқы.
— Жамал елу бермек, қалып қойғаның ба?
— Менің бір құлыным оның бес қойына тұрады.
— Дұрыс айтасың?— деді Василий Антонович.— Бірақ, жас əйелге қырындауыңды қой енді. Мына Шықаң қоятын емес деп отыр сені.
Олжабек нанып қалып, ала көзімен қарады Шығанаққа.
— Құдай сақтасын. Атай көрмеңіз. Өтірік айтады ол.
Шығанақ сылқ-сылқ күліп, Жамалға бұрды бетін.
— Жамалжан-ау, жалпақ елден осы аюды қалай таңдадың екен!
— Менің көзіммен бір қараңызшы.
— Дұрыс, дұрыс,— деді Шығанақ,— сұлу—сұлу емес, сүйген сұлу. Бір кезде біздің қара кемпір де сұлу еді маған.
К,ыстың ұзақ түні жалынды жиналыспен өтіп барады. Ешкім дайындамаған, баяндамашы белгіленбеген, басқарушы сайланбаған, өзгеше жиналыс. Əркім ойына келгенін еркін айтып жатыр, көп алдында сөйлеуге ысылмаған тілдер мүдіре қалса, екінші біреу түзеп жібереді, не төтеден киіп кетіп, өзі сөйлейді. Ол мүдірсе, Василий Антонович пен Шығанақ аузына ұмытқан сөзін сала қояды. Бірде-бірі майданға берер көмегін атамай кеткен жоқ. Тайынша, тоқты, тары, ақша дегендер əр ауыздан атқып шығып жатыр еді, Төкен де қарап қала алмады.
— Отан қорғау қорына мен бір айлық жалақымды шығардым,— деп қораздана айтқанда, манадан бері үндемей отырған Жанбота ұшып тұрды орнынан:
— Сіз үшін, соныңызды мен төлеймін. Кеше Айсұлуға айтқаныңызды айта кетіңіз осы арада!
— Не айтыппын оған? Не айтыппын?
— Есіне сал!—деді Жанбота. Айсұлу айта бастады.
— Кеше бұл кісі біздің бригадаға келіп, «Осы қарды колхоз үшін ұстайсыңдар ма, неміс үшін ұстайсыңдар ма?»—деді. Мен: «Немісі құрсын! Өзіміз үшін ұстаймыз да» деп едім: «Ұста, ұста! Москваны алған неміс мұнда келмес деймісің»,— деді де, жүріп кетті. Менің қолымнан күрегім түсіп кетті. Дереу Жанботаға келіп айттым...
Төкен сақ-сақ күліп жіберді. Жұрттың бəрі бетіне қарады.
— Мен ойнап айтып едім, байқауға. Шын көріп қалған екенсіңдер ғой!
— Бұл «ойынды» күлкімен, бір айлық жалақымен жаба алмайсыз,— деп Жанбота қызарып, булығып тұрды да,
Кəрібайға жалтақ-жалтақ қарады. Ол іле сұрақ қойды
Төкенге:
.— Төкен, сен Ақметті білемісің?
.— Қай Ақмет?
— Кəдімгі бай Ақмет, қашқын Ақмет?
.— Е, оны кім білмейді! Жас кезімде талай көргем.
-— Онда əлі жас екенсің,— деді де Кəрібай қалтасынан шұбар бəкісін суырды.— Мынау менің бəкім. Күздігүні Төкен екеуміз бəкі айырбастаған едік. Осы бəкі Ақметтің қалтасынан табылды. Мə, бəкің,— деп тастай берді. Төкенге. Төкен сұп-сұр боп, мелшие қалды. Ақметтің атын естіген Жамал шыдай алмай Олжабекке сыбырлай берді:
— Олжеке-ау, мынау да ит екен ғой! Ақметтің досы екен ғой! Неғып отыр мұнда? Екеуі де колхоз жауы...
Олжабек үнсіз тұрды орнынан. Неге тұрғанын ешкім байқаған жоқ. Барды да, Төкенді жуан жұдырығымен періп кеп жіберді. Қалпақтай түсті. Төкен бажылдап жатыр. Олжабек жұдырығына түкіріп алып тағы ұрғалы келе жатқанда:
— Тоқта!—деді Шығанақ,— үкімет қайда?! Заң қайда? Ұмыттыңдар ма?
Олжабек те, оған қосыла ұмтылған басқалары да тоқталды. Василий Антонович Жанботаның қолын қысып, маңдайынан сүйді, иегінен қақты.
— Қыран көзді Ботажан, жарайсың! Жарайсың! Бірақ, қабағың бұрынғыдан салыңқы. Əлде Амантайды қайғырамысың?? Қайғырма, келеді...
— Қайғырмайым!— десе де, Жанботаның көзінен жастар домалап кетті. Бұрыла беріп, сүрте бастады.
Василий Антонович байқамаған болып, Төкенге бұрды бетін:
— Рұқсат. Сіз қайта берсеңіз де болады.
— Иə, мен қайтайын!—деп тұра жөнелді Төкен. Кəрібай мен Сергей ымдасып, іле шықты соңынан...
VIII
Москва соққысынан жүрегі шайылған неміс Москваға қайтып беттей алмай, Совет жерін айнала жүгірді. Жаз шығып, жер аяғы кеңіген. Совет елінің қысылуы да қыспен бірге кеткен тəрізді. Жау жазым қыла ма деген қауіп енді жоқ. Жауды қалай жаншамыз деген кек қана қайнайды елде. Сол кектің күші ел жұмысын бұрынғыдан да қыздырып жіберді. «Құрман» колхозы жер жыртуын былтырғыдан биыл ерте бітіріп, тұқым себуге Шығанаққа ғана қарап тұр. Шығанақтың, ауруы күн санап дендеп барады. Əзір жатқызып тастамаса да, бойды сергітпейді.
Жанбота ат үстінде. Бүгін үлкен сыннан етеді. Шығанақ егіс даласын өз көзімен көріп, жұмысқа баға бермек. Қай жерімнен мін табады деп, Жанбота дала жұмысын тасқаяқтай қағыстырып келеді.
Агроном Сергей егін жайын өз бетімен жаяу аралап жүр. Оның ұзын бойы кең қарасынның үстінде əлдеқайдан көрінеді. Тұра қалып та, отыра қалып та жазып барады. Қарсы алдында, Ойыл қабағында тұрған Айсұлуға басын бір иіп, өте бергенде:
— Шұқылайсың да жүресің. Қағаздан су шыға ма?— деді Айсұлу. Сергей тұра қалды.
— Не дейсің?
— Қағаздан су шыға ма деймін.
— Судан да қымбатырақ шығады.
— Ол не?
— Шығанақ тəжірибесі агрономияны жаңа сатыға көтерді. Мен сол тəжірибені көтермекке зерттеп жүрмін.
— Шықаңды жұрт сенсіз де біледі. Одан да əйелдерді көтерсеңші,— деп əсем-əсем күлді Айсұлу.
— Əрине, əйелдерді де көтереміз.
— Қағазда көтергеніңді қайтейін...
Сергей Айсұлудың бетіне көз құйрығымен бір қарады да жүре берді.
Мына жақтан жүгіріп Жанбота келеді. Қанын ішіне тартып алған, көзінен Айсұлуға от шашырап келе жатқан тəрізді көрінді. Көрісімен орнынан ұшып тұрды.
— Неғып отырсың?—деді, Жанбота келісімен.
— Жай ыстық құмға белімді жылытып отырмын.
— Беліңе не бопты?
— Қыстай қарда жүрген соң суық ұстады да.
— Жұмысыңа бар. Мен баланы емізіп келемін,— деді де шоқыта жөнелді.
Оның жүрегіндегі екі қуаныш көңілге екі қанат боп байланып, алыпұшып келеді. Бірі—жаңа туған нəрестеге тез жетіп, баурына қысып, құшырлана сүймек. Бірі өз басқаруына тиген жаңа егісті Шығанақтың сынынан өткізіп, «жақсы» дегенін естімек. Оған ат екпіні қосылып, лепірген көңілмен үйге жеткенде, кəрі шешесінің «бəй-бəйі» естілді:
Жалғызымның жалғызы, уілдеші, бəй-бəй!
Асау Тайдан тіл келді. Бота да келер, бəй-бəй!
К,ос тентектен бір тентек туған екен, бəй-бəй!
Үш тентектің алдында алсын, тəңірім бəй-бəй!
Жанбота шешесінің бəй-бəйін тыңдап тұрып, үйге кіріп келді.
— Хат келді ме, апа?
— Келді! Мə, қарғам, мə!
— Іргені түрсеңізші. Үй ысып кетіпті.
— Балаға жел тие ме деп едім.
— Қымтай берсеңіз тез тиеді.
Айжан тысқа шықты. Жанбота отыруға шыдамай, хатты аяқ үстінде тұрып оқыды.
«Бота!
Мені бекер аяйсың. Дөдеңнің əлі қылшығы да сынған жоқ. Немістің аузын қан жалаттық. Қызыл жоса қылып қуып барамыз. Бұл хатты шабуылға шығар алдында жазып отырмын. Есіңде болсын, Берлинге жетпей Амантай елге қайтпайды. Жарылсаң да шыда. Бұрын барлаушы, «тіл» əкелуші едім. Екі жүз жетпіс бес еңбеккүн тауып, оның, үстіне сыйға бір орден алдым. Бұл өзі жақсы кəсіп болса да, жалықтырды. Сонсоң, ашық ұрысқа тіленіп шықтым. Қазір мені пулеметчик деп атайды. Мұның табысын сұрама! Кеше бір көпірдің түбінде бір топ неміс бір-ақ жусады. Командирім бетімнен сүйіп, арқаға қақты. Тірі болсам, үйге орден артып қайтатын түрім бар.
Осының өзі қалай тиер екен саған? Сенің сəуегейлігіңе қарағанда ерлізайып тең болғанда ғана махаббат, əділдік теңелмек. Мен асып барам. Сені тосып, аттың басын тежеуге уақыт жоқ. Сол пікіріңді қайта қарасаң деймін, жолдас. Асқан сайын саған махаббатым да артып бара жатқан сияқты.
Хатты жиі жазшы. Тарпышы мені, Ботақаным. Ойнақташы үстіме, жас баладай сақылдап бір күлейін...»
Жанбота көзіне келіп қалған жасты төкпей, сүртіп тас¬тап, іле-шала хат жазуға отырды:
— «Асау тайым, əлі жуасымапсың!— деп бастады хатты.— Еркектің əйелден қажырлы екенін енді мойындадым. Сенің өмірің ұйықтасам да, оянсам да көз алдымнан бір кетпейді. Сұр шинель, суық окоптың ішін көрмесем де, сен айтпасаң да жақсы білемін. Сонда да қажымаған құрышым екенсің.
Мені қазір Бота емес, інген деп біл. Өзіңдей бір тентек келді
дүниеге. Мен қазір ана. Жастық жалыны дəл бұрынғыдай лауламаса да, «ана» деген атты сенің барлық орденіңе айырбастамаймын. Асып барам деп аңдамай айтасың. Кішкентай тентекті құшырлана бір сүйгенде, мен кеудеме бір орден тағам.
Бірақ ана міндеті бала табу ғана емес. Еңбекте де сенен қалыспауға серт еткенмін. Сол серттің дəл шешілер шағы енді жетті. Биыл гектарынан екі жүз центнер аламыз деп тұрмыз. Шықаң науқас, күн санап ауырлап барады. Салмақ маған түсті. Осы жүкті көтеріп межеге жеткізсем, асау тайым, қолға тұруың шексіз.
Неге екенін білмеймін, қанша қатты айтайын десем де, мұқалып қалғанмын ба, бұрынғыдай тілім саған өткір емес. Тайынбайтын, қажымайтын сен айтшы. Сызылған «сіз-біз» ден артық, тап басар «сеніңді» мен де қатты сағындым...
Хат өте асығыста жазылды. Аманкелдіні емізе сала мен де шабуылға шыққалы отырмын. Солдат əке мен тірі жетім нəрестенің табысқанын көргенде, шыдар ма екем, жарылмас па екен жүрегім деген ойда отыр
Ботаң...»
Жанбота хатты тез жазып бітірді де, Аманкелдіні емізе отырып, даладан енген Айжанға Амантайдың жайын айтты. Оқ астында жүрген азамат екеуінің көзіне əр қилы елестеді...
— Е, тəңірім, осы үшеуінің алдында ал!— деді күңірене түсіп бəйбіше, содан кейін,— Шығанақтар атқа қонды қарағым,— деп ұмытып бара жатқан сөзін айтты.
Аманкелдіні қысып-қысып сүйді де, Жанбота үйден атып шықты.
Шығанақтар бір топ адам кетіп барады. Қыстыгүні хат жазған режиссер артистерімен, аппаратымен келген. Оған аудан басшылары, ауыл басшылары қосылып, екі-үш күннен бері ауру Шығанақты босатпайды. Қыбыр еткенін сырт-сырт басып жатқаны. Енді егін басына ере шығыпты. Шығанақ пен Қабыш ең алда, оқшау, Сергей мен режиссер олардың артында əңгімелесіп келеді. Басқалары кейін. Жан¬бота бəрін басып-озып, Шығанақтарға барып қосылғанда:
— Бүл қыз кім?— деді режиссер.
— Шығанақ звеносында істейді. Қыз емес, келіншек.
— Отчаянный келіншек!
— Қайдан білдіңіз?
— Кеше жұмыс басында біреулерді киноға түсіріп жатыр едім, осы келіншекті қыз екен деп қалдым, атты жүгіртіп, жетіп келді.
— Неге тоқтатасыз жұмысты!..— деп ақыра келді. Мен шайып жуа баста дым да, ашуын тоқтатуға ақырын иегінен қағып қойдым. Сол-ақ екен, шапалақпен жаққа тартып кеп жібергені, шайтан.
Сергей күліп жатыр. Режиссер кеше тиген шапалақты, елі ауырсынып келеді.
— Сіздің оны қызды басқаша ұғынған ғой. Өте талапты, өжет əйел. Звеноны биыл осы басқарып жүр,— деп Сергей шайып-жуғанда:
— Қарттың өзіне де түсінбедім,— деді режиссер.
— Бұл кісінің аз өмірі қалды. Ескі мен жаңаның, ғылым мен тəжірибенің арасында тұрған бір шың. Басына шықсаң төрт тарап түгел көрінеді. Менімше түгел көрсету керек.
Режиссер ойланып қалды. Сергей сөзін толықтыра түсті:
— Біздің жас қауым бүгінгіні, алдағыны ғана білгісі келмейді. Өткенді
де білгісі келеді. Өмірді дұрыс ұғыну үшін, толық көрсету керек.
— Ғажап нəрсе!— деді режиссер ойланып келе жатып,— оқымаған адам дүниеде болмаған жаңалық жасады.
Сергей басын шайқап қойып, сөзін бөлді режиссердің.
— Ол, қате пікір. Біз өмірдің көбін кітаптан оқып білеміз. Бұл кісі өмірдің өзінен оқыған. Өзгеше бір қасиеті: тынбай істейді. істегенінің бəрін жадына сақтап, бірін бақылаусыз, зерттеусіз жібермейді. Бұған байыптылығын, ақылдылығын қоссаңыз — үлкен ғалымның дəл өзі болып шығады.
— Осы кісі кейінгі кезде азырақ ауысқан деген рас па? Оңаша шығып кетеді, өзімен-өзі сөйлеседі дейді ғой?
Сергей күліп жіберді.
— Былтыр, бір күні ауданға ел жата қайттым. Ай жарық. Жол бойы тары арасында бір жаяу күйбең-күйбең етеді. Ұры ма деп жетіп келсем, мазасыз қарттың өзі екен,
— Неғып жүрсіз, Шықа?
— Осы айдың тарыға əсері бар ма екен, байқайыншы деп едім.
Қолында шелек, бір шаршы метр жерді суарып қойыпты.
— Мұныңыз не?
— Көбінесе ыстықта суарамыз. Салқында суарып та байқау керек,— деді.
Түсінбеген жұрт осындай мінездерін көріп «ауысқан» дейтін шығар. Əркім өстіп ауыса берсе, бұл дүние ғалымның дүниесі болар еді. Шығанақ сол тынбай зерттеуінің арқасында биыл өз тəжірибесіне тағы да екі жаңалық қосып отыр. Жылда бұл уақытта тұқым себіліп қалатын. Биыл,
Каспий жақтан соғатын бір жел бар, сол етсін деп септірмеді. Екінші жаңалығы—бұдан былай егінді салқынмен суармақ. Осы тəжірибесі ақталса, ғалым емес, данышпан деу керек бұл қартты.
Шығанақ егіске ойлы көзбен қарап, үн-түн жоқ келе жатты да аттан түсті. Режиссердің адамдары дереу аппаратын сайлап, анталап тұра қалды. Шығанақ қалай жүрсе, олар солай жүреді. Соңынан қалмай сыртылдатып баса береді. Жанбота келіп аппараттың алдын бөгеді бір кезде:
— Құтырып кеттіңдер ме? Дəрет сындырғалы жүр.
Құмартқан оператор сонда ғана ернін тістеп кейін қашты. Шығанақ аулаққа барып, дəреттен қайтқан соң, түсіңкі қабағын көтере түсіп, Жанботаның маңдайынан сүйді де, арқаға қақты.
— Жел өтті. Себе бер. Салқында суар. Алматыдан телеграм келді. Ленинградқа көмек апарамыз, Москвада емделе қайтармын. Саған тапсырдым бəрін...
Киношылар сыртылдатып басып жатыр. Шығанақ басқа сөзге келместен атына созалаңдай мініп, басыңқы отырып кете барды...
IX
Орақ кезі. Ойыл мен колхоз отырған қарасудың арасындағы кең қолтық тарыға лық толы. Қалың қамыс тəрізді. ішіне енсең жан-жақты болжатпай, төбедегі аспанды ғана көрсетеді. Анда-санда үп еткен ыстық жел, шəйі шымылдықты қозғағандай судыратып, толқытып жібереді. Атпен аралап келе жатқан Шығанақтың аты көрінбейді. Толқыған тарының бетінде өзі қалқып жүрген сияқты. Көп аралады. Қасында ешкім жоқ. Көз тұнған тарыға атын иектете дүзіп өтіп, ашыққа шыққан соң Шығанақ ілби аяңдап бара жатыр. Алдында, киіз үйде алқа-қотан отырған үлкен ауыл. Сол жақта қотаннан да кең қырман. Қырманның бір шетіне баулаған тарыны мая-мая қылып үйіп жатыр. Екінші шетінде тізбектелген машина тиеп-тиеп əкетіп жатыр. Дəл ортада маржандай ақ тары төбе-төбе боп үюлі тұр. Ойыл өзенін жиектеген жіңішке жолды машина табаны далитып жіберген. Қара құрық кең қырман мен жол айналған сонау сұр белдің арасында шаңнан құрылған перде аржағын көлегейлеп көрсетпейді...
Шығанақ өз еңбегінің сəулетіне байыппен қарап келе жатты да:
— Дариға! Шаттана бір күлсем, шартия бір тойсам, жалғанда арманым жоқ сияқты!—деді күрсініп.— Арман.
Арман. Жеткенімнен жетпегенім көп екен. Алдың арман, артын, тайғақ кен, дүние-ай, мұнша сұлу болармысың! Қуараған кəрі де, балдырған жас та саған құмар. Шіркін арман! Шаттана бір күлсем, шартия бір тойсам, жалғанда арманым жоқ сияқты. Жазылған бар ма осыдан? Қашан тоям қу арман!
Бет сүйектері шығыңқырап, ұрты ішіне еніп кеткен. Көз шарасы кеңіп, көзі бұрынғыдан кішірейе түскен. Сылбыр аяңдап, еңсесі түсіп келді де, созалаңдап аттан түсті. Белдеудегі ботаның қасында қызыл бұйра, тап-таза аруана, көзі мөлтілдеп Шығанаққа қарай берді.
— Ескі досым, аруана! Тамшылаған теріңе тарыны тонналап алдым, тегершікті талқан қып, арқаңды босаттым ғой,— деп аруананың ұзын мойнын құшақтап, мөлдір көзінен сипап біраз тұрды да үйге кірді.
Зəру бəйбіше де, дəрігер Мариям да демалуға жантайып еді. Шығанақтың, ауыр енгенін көрген соң, екеуі де ұшып тұрды. Сүйемелеп апарып төсегіне жатқызды да, Мариям тамырын ұстай бастады.
— Тағы да бір укол салсам қайтеді, ата?
— Соны қояқ қой, шырағым.
— Ас қазаныңыз ас тілеп тұр?
— Ол шіркін сұрай береді. Қабыштан да сұрамсақ.
— Жазыласыз. Ештеме етпейді, шаршап қапсыз.
— Е, жазылам, шырағым...
Мариям нандырғандай, Шығанақ нанғандай болды. Екеуі де ішінен нанған жоқ. Жалғыз-ақ Зəру бəйбіше нанып отыр.
— Күнін тоспай-ақ бара берсе қайтеді,— деп күңкілдеп Қояды.
Шығанақ Москва — Ленинград сапарынан ұзақ жүріп, таяуда қайтқан. Ленинградты немістің əлі қоршап жатқан кезі. Жай адам бара алмайтын болған соң, апарған бір поезд сыйлықтарын Ленинград обкомының секретары Москваға келіп өзі қабылдаған. Содан кейін Шығанақ Москва дəрігерлеріне қаралды. Асқынған қылтамаққа ешқайсысы ем таппады. Ұлғайған адамға операция жасап, түтікпен қоректендірудің қисыны тағы келмеді. Мұның бірін айтпастан, Дəрігерлер жылы сөз, жақсы жорамен ұзатып салды.
— Жазыласыз. Байқақыз. Болмаса тағы келерсіз,— Депті.
Шығанақ бұған өзі сенбесе де аңқау Зəруді, бала-шағаларын сендіріп қойған. «Көресіңдер ме, міне жазылып келем» дегендей көңілі селт етсе, атқа міне жөнелді. Оның ауылда болуы, ауру да болса ат үстінде көрінуі «Құрман» тұрсын, бүкіл Ойылға айбар еді. Ол жоқта Ойыл арнасы омсырая қалғандай, ол келгенде лық тола қалғандай бола¬тын. Онысын жақсы білген Шығанақ ауруға ішін бергенмен, сыртын бермеді.
Қырман басында қауырт жұмысты басқарып, аласұрған Жанбота, Шығанақты сырттан бақылап, ауылға қайтқанын, еңсесі түсіңкі бара жатқанын көрген соң, бір қаға берісте ұшыртып отырып ауылға келді. Аманкелдіні емізе салып, Шығанақтікіне енгенде, төрге өрмелемей босағада тұрып қалды. Басына орамал тартқан, желкесіне түйген шашы қобыраңқырап, қамшысын екі бүктеп ұстап тұр. Беті де, етігі де тозаң. Сары гимнастерка, кең шалбардың шаңы көрінбегенмен қыртыстары сынып, белбеуі босаңқырап кетіпті. Екі көзі қос шырақтай жанып, Шығанаққа қадала қарайды.
— Ботажан, қобырап кетіпсің ғой!—деді Шығанақ. Ақырын ғана езу тартып,— Екі жүз центнер ие бермей жатыр ма?
Шығанақ кемітіп айтты. Екі жүз емес, биылғы гектардың біреуінің бергені 1232 пұт. Жанбота бұған мəн берген жоқ. Үстін жөндеп. Шығанақтың қасына келіп отырды.
— Жатып қалдыңыз ба?
— Жай, тыныстап жатырмын. Кəрілік шіркін аяқтан қаға береді.
— Қайсар даланы жеңгенде, қаусаған кəрілікті неғып жеңе алмай жүрсіз?
— Ай шырағым-ай, оның сүйеушісі мықты ғой.
Жанбота аузына келіп қалған сөзді айтпастан, жалт берді. Шығанақтың «мықтысы» құдай еді. Құдайға тіл тигізгенді ұнатпайды. Сонсоң сыпайы қалжыңға сала қойды Жанбота.
— Жарықтық, бір сүйегенді өлердей сүйейді, білем. Шығанақ жауап қайырған жоқ. Тағы да бір жымиып күлді де басқа əңгімеге көшті.
— Сергей екеуің əнеугі телеграмды жібердіңдер ме, осы?
— Сол күні жібергенбіз.
— Алдағы жылдың қамын осы бастан ойлай беріңдер.
— Не ойлайтыны бар. Екі жүз центнер нормадағы.
-— Норма дегеннің өзін, өзіміз жасайтын болып алдық қой. Өсірмейсіңдер ме тағы?
— Бəле! Шықаң тіпті кете береді — деп Жанбота сақылдап күлді.— Осының өзіне жұрт жағасын ұстап талып қала жаздады.
— Бұл күнде совет жерінде рекорд беруші көп,— деп Шығанақ та езу тартты.— Көптің бірі болмау керек. Шын жүйрік алдын бермейді. Жұрт тəсіліңді үйреніп жатыр. Ертең біреуі қуып жетіп, озып кетсе қайтесің? Баяғыда Дүржығұлдың төріне бір шығып едім деп Қабыш сияқты құр кеудемен қалуға болмас.
— Ассалаумаликүм!— деп даусын көтере Қабыш еніп келді осы кезде. Шығанақ мырс-мырс күліп жіберді.
— Кімді айтсаң сол келеді. Зəру, шұбат əкел, бұл оңбаған, құлқыны кепкенде сəлемді осылай береді.
— Сенің құлқының жетісіп тұрған шығар.
— Əзір жұртта қалған жүн-жұрқаны жегенім жоқ.
— Дерт жеңбеген сені мен жеңе алмаспын,— деп Қабыш шұбатты сылқ-сылқ жұта бастады. Үлкен кəрден кесені басына бір-ақ көтеріп, қайтып бергенде, Зəру тағы да əкеп ұсынды. Мұны алыңқырап отырып барып ішті.
— Болдым.
— Мен үшін бірді ішші,— деді Шығанақ. Ол ішкенде өзі ішкендей сүйсініп отырды.— Ауданнан келесің бе, үйіңнен шықтың ба?
— Үйге соққам жоқ. Келіп түскенім осы.
— Соғатын қайбір үй бар сенде. Алпыстан асқанша ел ақтап өттің-ау, бишара.
— Өкінбеймін. Қартайғанда кенелгелі тұрмын.
— Е, байғұсым, көбірек боқтыққа кездестің бе?
— Боқтықты не қылайын. Сен өлгелі отырсың, орның маған босайды.
— Тəйт!— деді Зəру бəйбіше. Шығанақ та, Қабыш та сақ-сақ күліп жіберді. Күлкі үстінде Қабыш қалтасынан алып хат ұсынды.
— Бұл кімнен?
— Білмеймін. Почтаға соғып ем, ала келдім.
Жанбота хатты ішінен оқып шығып, орысша жазылған екен, қазақшаға айналдырып айтып берді:
«Аса Құрметті, Берсиев Шығанақ жолдасқа! Сіздің телеграммаңызды алғанда нанар нанбасымды білмей көп сенделдім. Ең білдім деген ғалымдар гектарынан 200 центнерден артық астық алу мүмкін емес дегенге бекіген еді. Бүл жай айтылмаған. Өсімдіктер күн қуатын бойына қанша сіңіре алатындығын есептеп барып айтылған болатын. Сіз осы есептен асып түсіп, егін шығымының мөлшері адамның өз қолында екенін дəлелдеп бердіңіз.
Бұрын-соңды дүние көрмеген, орасан егіннің мастері болған сізге кішілікпен бас иемін. Мəртебеңіз есе берсін. Денсаулығыңызды, ұзақ өмір сүруіңізді тілеймін.
Академик Т. Д. Лысенко»,
Шығанақ жастығына шынтақтап, хатты сұлық тыңдап отырған күйінде ойланып кетті. Жанботаның кеудесін қуаныш кернеп, «менің атымды қашан атайсыз?» дегендей дамыл-дамыл қарай береді. Қабыш та хатқа əбден түсінген сияқты. Анда-санда көз қырын тастай отырып:
— Бір туған қара нар, осынша неге шірендің?— деді. Сол кезде Шығанақтың өңінен өлім бейнесін көргендей болды. Көңілі бұзылып, сипақтап, Қабыш теріс қарады.
— Арман. Арман. Шіркін арман!— деді Шығанақ ақырын ғана.—Біздің Бота 240 центнер берем десе қайтер еді? Тары шіркін енді ілімге де азық болды.
Жанбота қуанып та, ойланып та қалды. Сөйлегенше Шығанақ оң жамбасына аунап, теріс қарап кетті. «Тыныштық алсын» дегенді біріне-бірі ыммен айтып, сыбдырсыз шыға бастады үйден.
Зəру ғана қаққан қазықша тапжылмай, үн-түн жоқ, Шығанақты күзетіп қала берді.
Соңы.
Table of Contents
БІРІНШІ БӨЛІМ
ЕКІНШІ ТАРАУ
ҮШІНШІ ТАРАУ
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
БЕСІНШІ ТАРАУ
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Достарыңызбен бөлісу: |