АЛҒАШҚЫ РЕКОРД
I
Қар ери бастаған. Жер біресе жібиді, біресе қатады. Қарасын əлі кеңи қойған жоқ.
Шығанақ қыс бойы өзімен-өзі болып шықты. Жер өңдеуге керек деп құстың қиын жинады. Үш күннен бері, өзі ғана біледі, басқаның бəрінен жасырады,— бір нəрсемен əуре.
Алдыңғы күні, ел жатып қалғанда, кемпірінің қасынан ұрланып тұрып, далаға шықты. Аспан бұлт, көзге түртсе көргісіз қараңғы. Қора маңын түртпектеп жүріп, тығулы жатқан бір кеспекті сопаң еткізіп суырып алды. Домалатып барады, домалатып барады. Ескі қораның түбіндегі ескі орға əкеліп көмді де, бетін білдірмей тегістеп кетті. Таңертең дəрет сындырған кісі болып дəл сол арада тұрғанда, айнып қалған екен. Өткен түні қайта қопарып, маяның астына апарып тықты. Бүгін маяның, да бір осалдығын тапқан тəрізді. «Ойылға қатқақпен барып қайтамын» деп таң, атпай тұрды да, кеспекті тағы домалатты. Бұл жолы қора маңына жуыған жоқ, тіпті ауылдан безіп барады. Кеспек бұлталақтап, бұрыла қашып қоймаған соң екі ернеуден қолын алмай домалатты. Қабыршақ мұз сылдырласа да, өзі жөтелсе де біреу сезіп қалды ма деп жалтақтайды. Ауылдың жел жағында, екі-үш жүз қадамдай жердегі қалың бейітке жеткенде демін бірақ алды. Шаршап қалған екен, алқынып отыр. Алқынып отырып, ауыл жақтан шыққан бір жөтелді байқаған жоқ. Кеспекті орға көмді де, жолынан қалмай жүріп кетті.
Бағанағы жөтел тегін болмады. Бəрін көріп тұрған сияқты. Шығанақ кетісімен сумаң етіп бір адам жетіп келді. Келісімен кеспекті суырып алып, бұ да домалата жөнелді...
Берікке тығып, көңіл демдеген Шығанақ, кешке жақын Ойылдан қайтып келе жатып жол үстіндегі бейітке көз қырын тастаса, кеспектің құр орны жатыр. Бармағын мықтап бір тістеді де, қайрылмастан кете барды. Сыртқа шыққан өкініш белгісі осы ғана. «Ұрлаттым» деп Шығанақ айтқан жоқ. «Ұрладым» деп ешкім əкеп берген жоқ. Ұры да, ұрлатушы да жасырын, бірін-бірі білдірмей іздеумен болды. Аттан түскеннен бастап, айттаған кісідей Шығанақ ауыл қыдырды. Екі күнде бас сұқпаған үй қалмады. Бірі де іздеген жоғын айтпады. «Егін дайындығы» деген сылтаумен келеді де, аз əңгімелесіп кете барады. Сыртына шығармаса да, ішінен қан өтіп жүр. Өзі қара кісі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Өзге түгіл өз үйінен жасырған ардақты кеспекті қоярға жер таппай түндерде домалатқан Шығанақ, енді өзі сол кеспектей жай таппады. Таяғын беліне көлденең ұстап, көрші ауылдарға жаяу тартты. қарсы алдында, қанненқаперсіз бір бала келеді. Мұрнының боғына ақ тарыны илеп асап, малжаңмалжаң күйсеп келеді.
— Тоқташы, балам!— деді Шығанақ өтіп бара жатып.— Тарыңнан титтей берші.
Бала бір шөкім берді де кете барды. Шығанақ тарыны алақанына салып қарап тұрып күліп жіберді.
— Менің тарым!
іле кейін қайтты. Бала белгілі. Бара салып үйін астан-кестен қылуға бір лоблып, қайта басылды. Өз үйіне келіп, үй төбесіне шықты да, баланың үйін кешке дейін бақылаумен болды. Ештеңе сезе алмады.
Күн батып, қас қарайған уақыт. Шығанақ қара суды қараңғыда жағалап, құс ататын кісіше қамыс-қамыстың арасымен бұғып келіп, дəл сол үйдің желкесінен төнді. Ас пісіп, алдына енді алды-ау деген кезде терезесінен сығалады. Екі адам түрегеліп күбір-күбір сөйлесіп тұр. Кім екені белгісіз.
— Білінген күнде осы үшін мені соттай ма?—дейді бірі. Екіншісі:
— Соттамайды. Тауып алдым,—- дейсің деп шамға еңкейіп шылымын тұтатты. Сол кезде оның жүзін анық көрген Шығанақ, жүрегі су етті.
— Төкен ғой мынау! Бұл ит қайдан жүр?!
Төкен бөгелмей жүріп кетті. Ол кетісімен үй адамдары буын бұрқыратып, бірдемені борп-борп ұрттап жатты.
— Көже! Не көже?!—деп айыра алмай тұрғанда біреуі шашалып қалды.
— Тары. Тары көже.— деді Шығанақ ішінен.— Иттің баласының жаман терезесін жұлып алып кіріп барайын ба?!—деп тағы бір лоблыды. Бірақ ұрыдан тары қымбат. Тарыны табу керек деген оймен қайта басылды. Талай уақыт тауықша теріп, кезенген жылы тұқымға септірмей алтындай сақтаған ақ тарыны қылқып отырғандар Шығанаққа қанішерден бір де кем көрінбеді. «ісім сенімен түссін. Əуелі кеспек табылсын» деп тұрғанда ыстық көжеге тойған үйдің даусы жыртық терезеден анығырақ естілді. Үй қожасы болу керек. Бөтелке шамның сығырайған сəулесімен бет нобайы азар көрінеді.
— Кете берсем бе екен?— деді, əйелі:
— Ел жатсын,— дегенде, баланың бірі елең, етті:
— Қайда барасың, көке?
— Ешқайда бармаймын, қарағым. Тойдың ба? Жат енді.
Тойдым. Апа, таңертең тағы да тары бересің бе? Бүгін қарным ашқан жоқ.
Берем,— деді шешесі. Баласының жүзі гүл жайнады.
Атып тұрып, сумкасын жастығының астына əкеліп қойды да, томпиып жата қалды.
Бала көзін жұмған кезде əкесі əйелімен ашық сөйлесті:
— Ұрыны қарақшы ұрласа, уақа емес. Момындікі болса, ішінен қан өтіп отырған шығар, ə?
— Момындікі болса жоқтамай ма, əлі күнге?
— Жоқтағанша сол боп жатпаса?
— Ендеше ұрлап нең бар? Қайтып бер тарысын.
— Берсем берем, тап иесін.
— Тарының буымен абақтыға түсер бұл қатын,— деп күйеуі орнынан тұрды. Қолына күрек алып есіктен шыққан кезде, Шығанақ қамыс арасына барып тығылып, баспалап қарап тұрды.
Үй қожасы аяғын еппен басып, тын, тыңдап, ештеме сезілмеген сон,, қора алдындағы күл төбесін қопара бастады. Шығанақтың іші жылып кетті. «Кеспек үйге қарай домалағанда, төтеден қосылармын» деп тұр еді. Үйден күлге қарай домалағанда, тап беріп, тоқтала қалды.
— Ə-ə, жаңа көмгелі жүрмісің? Көміп бол...
Көміп болып, көңіл жай тапқан үй иесі үйіне барды да жатып қалды.
Ол кетісімен Шығанақ жетіп келген жоқ. Келмеске бекіп тұр. Ыза буып тұншығып барады. Дереу ақты жасатып, ауданға шаптырып, арамды орнымен құртып жібермек. «Бір малымды ұрласа, жаныма мұндай батпаған болар еді. Тырнақтап жинап, дəл кезеніп тұрғанда кесті қолымды. Кескені емей немене, тұқым келіспей, егін келіскен бе? Іріктеп қойған ақ маржанды ұрлағаны — бар егінді, бар несібені ұрлағаны. Тіпті атса да рауа екен өзін!...»— деп ашумен қазандай көтерілді де, басылып сала берді.
— Сап-сап, Шығанақ!— деп өзіне өзі ішінен.— Осы шіркіннің бұрын мұндайы жоқ еді. Қарны ашқан болар. Аш қарын арды не қылсын, арамды не қылсын, бір күн тоймаса қырық күннің ақылын бір-ақ жейді. Ал сонда қарын неге ашады?.. Жоқ! Мыжи берсін жұрт. Сайып келгенде ұры да, белсенді де, үкімет те кінəлі емес. Тарының аздығы кінəлі. Тары көбеймей шатақ құрымас. Шамаң келсе тарыны көбейт, Шығанақ! Құртпақ түгіл қорқытпа, ұялтпа сорлыны. Қалсын осы арада,— деп күлден кеспекті суырып алды да, үн-түн жоқ домалата жөнелді...
Өмір бойы сол адамды ешкімге айтпастан кетті ол.
Революция күндерінен кейін Ойылдың мазасы кеткені осы. Сайжыраның бəрі құйып, Ойыл арнасын кернесе, ағылған адам Ойыл қаласын кернеп кетті. Обком секретары, Шығанақша айтқанда үлкен кісінің өзі де ұшып келіп қалған. Аудан мекемелерінде біреу орнынан тайып, біреу сөгіс алып, қайсібірі отырып та үлгірген. Аулақта жатып, ұзын арқау, кен, тұсауға үйренген қала қазір тіпті ширақ. Аяқ ұшынан билеп тұрған сияқты.
Батысқа қарай, он, мен солдан жарыстыра салған қызыл кірпіш сарайлардың көк қақпалары тегіс ашық. Күндіз-түні алдынан топ тараған жоқ. Түйе-түйе, арба-арба қылып астықты ел əкетіп жатыр. Алуға тағы келіп жатыр. Құмырсқаның илеуіндей тынымсыз қыбыр толастар емес...
Бұл топыр əдетте күзге салым, орақ кезінде ғана болатын. Жан-жақтан сайша құйып, осынау дəу сарайларды толтыратын. Сарай толғанда көңілі толып, əр колхозда бір той жасалатын еді. Қазір сол береген ел алғанына қатты қынжылып барады. Уақыт аз қалды. Көктемде көлдей жұмыстар жатыр. Соның үстіне «белсенділер» берген аққұла бейнетке қалай күймесін.
Түйе тартынып қалса:
— Ой, көріңде өкір... белсенді!— деген дауыстар құлаққа сарт-сарт ұрады.
Көк бестімен жүгіртіп Шығанақ келеді. Жол бойы осының бəрін естіп келеді. Талай сөзі аузына лықып келсе де бөгелуге дəрмен жоқ. Үлкен кісінің шақыруымен келеді.
Қаладан дəл шыға берісте бір сайдың ішінде Амантай мен Олжабек кездесті. Екеуі де жалаң аяқ... Түрінген ақ балтыр тізеден жерге еніп, батпаққа батқан арбаны көтеріп жатыр. Олжабек «ауп-ауп» деп əупілдейді. Амантай əлдекімді сыбап тұр. Қастарына Шығанақ келді. Олжабекті боқтап тұр ма деп өңін суытып алды.
— Ассалаумаликүм,— деді Амантай ұялыңқырап. Шығанақ сəлемін алған жоқ.
— Кімді боқтап тұрсың?
— Кімді болушы еді, осы əуреге салған белсенділерді де!
— Ой, антұрған,— деді Шығанақ өңі жылып.— Бəріміз кеттік қой ішінде. Мен де, сен де белсенді. Тіпті, осы жұрттың бəрі белсенді. Белсенді деген жақсы сөз. Белсенбесе жұмыс біте ме?
— Жоқ, Шықа, жалған белсенділерді айтам.
— Онда атап айту керек.
— Ендеше, жаңағының бəрін Ержан мен Төкенге бағыштадым.
Шығанақ аттан түсіп жатып күліп жіберді.
— Ержанға айтайын ба, бəлем.
— Тыңдауға шамасы болса айтыңыз.
— Не бопты оған?
— Ойбай, сұрамаңыз... Собалаң туып жатыр. Ендігі отырып та үлгірген шығар.
— Өтірікшінің құйрығы бір-ақ тұтам,— деп Олжабек те ырзалығын білдіріп қойды. Арбаны саздан шығарысқан соң Шығанақ кідірмей жүріп кетті.
Қазақтың сымсыз телеграфы бар күшімен істеп тұрған кез. Таңертең жиналған бюро түс ауа азар тарады. Бюроның қаулысын ел езі жасап, алдақашан таратып жіберген сияқты. Шығанақ райкомге жеткенше кім орнынан алынды, кімге сөгіс берілді... Бəрін біліп келді. Бəріне ырза. Жалғыз-ақ Төкеннің аман қалғанына түсінбеді. Ол, бір кезде кейін тартып қасарысса, енді алдын орап бөгейтінді шығарды.
— «Осы итке осы жолы бір тосқын болар-ақ» деп еді, жылға тауып тағы да өтіп кетті. Райкомға кіріп келсе, Антоновтың оң жағында, Шығанақты мадақтай сөйлеп отыр...
— Жоғары шығыңыз, Шықа,— деп Антонов орнынан ұшып тұрды.
Қол алысып жайласқанша қалжыңдап жатыр.— Бұл қалай, берудің орнына алу болды ғой?
— «Берген мырза емес, алған мырза»,— дейді қазақ. Ала білген бере де білер —«Жүйрік атқа қамшы ауыр» деген де осы қазақ емес пе Биыл жүгіретін жыл. Жүгім ауыр демеңіздер соңыра.
— Кеме қанша үлкен болса да теңіз көтереді. Қайтер дейсіз.
— Теңіз қанша үлкен болса да түймедей темірді көтермейді. Оны да ойлаңыз.
— Рас,— деді Шығанақ. Шаттанып кетті тіпті.—Тауып айттың, үлкен кісі. Тауып тарттың сол темірді. Бəрін естіп қанып келдім. Əсіресе Ержанның кеткені дұрыс болған, обқа жығатын еді.
«Бəрін естіп қанып келдім» дегенде обкомның секретары таңдана қарады Шығанаққа. Бюро жаңа ғана тарады. Жұрт біліп қалған. ішінен:
— Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар екен,— деп айтар сөзіне тура көшті.— Хатыңызды алғамын. Партиянын, «жылына 7—8миллиард пұт астық» деген ұранына облыс атынан жауап жіберілді. Бұл уəденің орындалуына бəріміз жауапты енді. Тағы қандай көмек керек екен, халжайы қалай екен білейін деп шақырдым сізді.
Шығанақ біраз ойланып отырып қайырды жауабын:
— Жан тірі болса уəде бірдеме болар. Көмектесерсіздер. Бірақ мен көп беріп, бір өзім қарық қыламын деген ойдан аулақпын. Менің бергенім қанша көп болса да тіске жұғын ғана. Егер көпке нұсқа бола алса, сонда қарық боламыз. Ұнаса, осы жөнде айтарым бар азырақ.
— Айтыңыз.
— Менің машинем жаңа түскен келіншек тəрізді осы кезде. Көреміз деп келмегені жоқ. Сол келіншек əр ауылда түсіп,əркім өз қызығымен болып жатса қайтеді?
— Ештеме етпейді. Енді төрт машина бермекпіз сол маңға. Сіздер сонда «бес келіншек ауылы» атанасыздар.— Тіпті жақсы екен. Қартайсам да келіншекті жек көрмеймін,— деп күлімдеп қойды Шығанақ.— Ал, осы Ақтөбеңіздің өзі кейде мекеден де алыстап кетеді. Жақындатуға болмай ма? — Көп тарыны жеткізуді қиынсынасыз ғой. Партия мен үкімет мұны да ойлаған. Кандыағаш—Гурьев арасына темір жол салынады. Ақтөбе мен Ойыл арасында машина қатынасы күшейтіледі. Аспан жолымен Ақтөбеден екі сағатта келдім. Бұдан бұлай осы жолмен де барып тұруға болады. Бəрінен Ойылдың өз ішіндегі жол қиын екен. Қыңыр басшыларды кетірдік. Бұ да жөнделіп қалар.
Шығанақ та таңдана қарады үлкен кісіге. Ойындағысының бəрін айтпастан болжап қойған. Соны дегені шиір болып барады.
— Енді айтпаймын. Дəл үстінен шыға бердіңіз,— деді сонсоң.
— Онда мен де айтпай-ақ қояйын. Жаңа ғана бірсыпыра мəселелер шешілген еді, сіз де үстінен шығыпсыз.
Бір күлісіп алып, əңгімені тыңнан көтерді. Қатар отырған екі маманға кезек-кезек сұрақ қойды үлкен кісі:
— Агроном жолдас, мына шалға ілімнің қандай көмегі болды ?
— Бұл кісінің ішіне əлі бойлағаным жоқ,— деді Сергей. Жаңадан келген жас агрономға жықпалы көп қатпар сияқты екен Шығанақ.— Əзірге көзім жеткені бір-ақ нəрсе. Егер осы кісінің іріктеген тұқымымен ауданды қамтамасыз етсек, зор табыстың кілті қолға түскен болар еді.
— Көбігі жоқ па, осы сөздің?
— Жоқ. Жалаң өз тəжірибем емес, Лысенко жолдаспен хат арқылы байланысым бар. Ол кісі дəл осылай,— деді.
—: Лысенко айтса тегін айтпайды,— деп, Антонов Шығанаққа бұрылды.
— Қанша тұқым бар?
— Екі-үш гектарға жетеді.
— Баяғыдан бері жиғаның сол-ақ па, шал-ау!
— Ай, үлкен кісі-ай, тырнауыштап емес, тырнақтап жинаған нəрсе ғой ол,— деп күлді Шығанақ. Тез басылып, Сергейден көзін алмады.— Мен осы балаға қосшеңгел тары берген жерде-ақ көңілге бір түйіп едім. Дəн ырзамын, шырағым, іліммен əкеліп қабыстырдың!
— Ал, Төкен жолдас, сіздің көмегіңіз?
— Менікі, өзіңізге белгілі су жағы ғой, Василий Антонович— деді Төкен. Аржағын айтқанша Шығанақ қырындап кетті. "Үлкен кісі байқап қалды.— Суды тілеген жерінен беріп жатырмын. Су билігі Шығанақтың өз қолында.
— Ермағамбет, сіз Шығанақпен кездесіп тұрасыз ба?
.— Е, кездесіп тұрамыз.
— Келгелі неше рет кездестіңіз?
— Осымен үшінші рет.
Сұрақ тоқталды. Сөз де басылды. Үй іші тып-тыныш. Көшедегі қиқу құлаққа естіліп түр.
Антонов əлден уақытта, аз с.өзін нық тастап, əрқайсысына теңдей артты:
— Аудан жайында айтылды. Тиісті шаралар да қолданылды. Шығанақ жайында айтарым: бұдан былай суға байланысты кедергі болса саяси мəселе ретінде қаралады. Агрономдық жəрдем Шығанақ сұраса, ең алдымен берілу керек. Сұрамаса тықпаламау керек. Еркіне жіберіңдер, Ермағамбет жолдас! Ақтөбеде жатып Шығанақпен мен үш рет кездескенде (бірі хат арқылы), іргеде отырып сіздің үш рет кездесуіңіз қанағаттандырмайды. Кемінде бес күнде бір кездесіп тұрыңыз,— деп сөзін пышақ кескендей қиды да қош айтысып, киіне бастады.
Шығанақ кейінге сақтаған сөзін үйде айтуға үлгірмеген соң қоса аттанды. Үн-түн жоқ, еріп барады. Уақыты аз, ісі тығыз жолаушы əр минутты санап барады.
— Қайтыңыз, Шықа!— деді бір кезде.— Жұмыс күні бос өтпесін. Хатты жиі жазып тұрыңыз. Бұдан былай байланысты күшейтейік. Қош!— деп қол ұсынғанда Шығанақ қолын берген жоқ.
— Далаға келгендей болып барасыз. Бір малдың басын жегізбей жібермеймін.
Василий Антонович жаман қысылды. Бас жеуге мұршасы бар ма. Жыл тағдыры — көктем егісті көңілдегідей өткізуге шықты. Əр минут санаулы. Туған-өскен жері Атбасар еді. Қазақ тілін, қазақ салтын қазақтың өзінен кем білмейтін. Малын сойып, қолын қусырып тұрғанда қарамай кетсе, ол қазақтың бетін қайтып көрмек? Əсіресе Шығанақ сияқты қартты көндіру де, көңілін қалдыру да қиын.
— Япырай, өте асығыс едім,— деп ойланып қалды... Шығанақтың қазақшылығы дəл мұндай деген жоқ еді.
Ол бəрін біле тұра:
— Е-е-ей, үлкен кісі-ай, өмір шіркін асықпасаң да өтеді ғой,— деді.— Ауырып қалсаң қайтесің? Кеңшілікте əркімнің мұршасы бар. Таршылықта тап. Бүгінгі күн ертең қай¬тып келмейді, тегіс қамты бергенін.
Жалпақ тілді қара шал осы сөзімен Василий Антоновичке шалқыған көлдей көрінді. Ойынан бас та, егіс те шығып кетті. Жалпақ тілдің астынан терең, философия туып бойлап барады. Сол тереңнің түбіне жеткенде:
«Кеңшілікте əркімнің мұршасы бар. Таршылықта тап». «Бүгінгі күн ертең қайтып келмейді, тегіс қамты бергенін»,— деген сөзді тағы да оқыды.
— Ауыл қанша жер?— деді содан кейін.
— Мына дөңнің асты.
— Дəл осы дөңнің бе?
— Дəл осының.
— Жақын екен, бастаңыз онда.
Ешкімге айтпастан, аэродромға соқпастан, екеуі сол бетімен жүріп кетті. Ойылды жағаламай, жалпақ дөңнің үстімен ауылға тура тартты. Көк жусанның мүңкіген исі мұрын жарады. Борпылдақ жерге ат аяғы шашасынан батып, сылқ-сылқ желіп келеді. Жер сабыр, дала кең. Күн қызуы кемеліне əлі келмеген. Шықаңның «мына дөңі» жеткізер емес. Осы маңдағы екі белгі — шұбартып көрінетін «Ақшатау», қызыл сүйір құм «Барқын» алдақашан дөң астында Қалып қойды. Телегей теңіз далада қалқып барады, қай қайдағыны айтып барады екі адам...
— Бел дегеннің белі бүкір келетін еді. Мынау бір жеткізбейтін жалпақ екен,— деді бір кезде Василий Антонович. Арқа жеріне үйренген көзі жусаннан өзге шөбі жоқ, таңдан жібітер суы жоқ, егінсіз, бұтасыз сырдаң далаға тойып қалыпты. Ұнатпаса да, жамандамады, бірақ.
Шел де болса шөбі шүйгін,— деп өскен жерін Шығанақ мақтады...
Сонау ойда, орағытқан Ойылдың бойында қарауытқан ауыл көрінеді.
— Анау бітеу тамның түбі біздің ауыл.
— «Е-е-е, «дөң асты» отыз-отыз бес километрге кетті ме?
— Иə, солай деп жүретін. Есебіміз дөң еді ғой, бітіп келеді.
— Біздің жақтың жазығы жеткізбесе, бұл жақтың дөңі жеткізбейді екен.
— Олай болса, жер апшысын қуырып алалық,— деп Шығанақ тұра шапты. Жарыспаса да қатты шоқыраққа салып келе жатқанда, бір қасқыр солбаң етіп тұра жөнелді алдарынан.
— Жолың болды, үлкен кісі. Қасқырдың өзі қатты, жолы жұмсақ. Қоянның жолы қатты, өзі жұмсақ. Жылан кездессе тіпті жақсы...
Василий Антонович құлақ қойған жоқ. Өзімен-өзі болып келеді. Атқа мінбегелі қай заман. Етейіп, шəу болып қалғанын жаңа сезді. Шауып келе жатып сөйлеспек түгіл, ырсылдап азар алады демін. Ауылға жақындағанда:
— Тоқталық, Шықа,— деді.— Ет жемесем де сорпа ішкендей болдым. Рақмет сізге. «Аяма өзіңді» деген Горький де ырза шығар енді.
Құйымшағым қол тигізбейді.
Күлкі үшін айтылған сөзге Шығанақ қоса күлсе де, қудалап отырып
Горькийдің «өзіңді аяма» дегенін жеріне жеткізіп тоқтады. Василий Антонович түсіндіріп болғанда ауылға да келіп қалып еді. Жақындаған сайын Шығанақ қысыла берді. Үлкен кісі келе жатыр. Ауыл хабарсыз. Жайуат жатқан елдің жайсыз бірдемесін көріп қала ма деп қымсынады. Сол қымсынғаныңды көрсет дегендей қолқа салды қонағы:
— Ауыл менің келетінімді біле ме?
— Білмейді. Келе ме, келмей ме деп, үйге де айтпай кетіп еді. Соған қысылыңқырап келем.
-— Қысылмаңыз. Білмегені жақсы болды. Енді ешкім білмесін. Қолқам сол сізден. v
— Ол не дегеніңіз, үлкен кісі-ау, қалай жасырам сізді.
— «Кеңшілікте əркімнің мұршасы бар»,— деді Василий Антонович, Шығанақтың өз сөзін өзіне қайталап.— Кішкентайды əркім жасырады. Үлкенді жасыра білу керек. Үлкейіп барып сыпайыны көргенше, кішірейіп барып шынайыны көргім келеді.
Шығанақ үлкен кісінің шын тұлғасын жаңа көргендей сүйсіне қарады.
— Төлеусіз сөз екен. Тоқтадым.
Ат тұмсығы жампиған кірпіш үйге келіп тірелді. Құдайы мейманша аттан түсіп жатты екеуі.
* * *
Күн кешкірген. Үй іші алакөлеңке. Жазы-қысы ашылмайтын кішкене терезе жатаған үйге жарық та, ауа да жібермейді. Василий Антонович есікті аштырып, шам жақтырды. Шығанақ қонағының астына көрпе, басына жастық салды да шығып кетті.
Кішкене шамның əлсіз жарығы үй ішін анық көрсетпеді. Қабырғада бердеңке мылтық, оған таяу əлі тоқып болмаған ау көрінеді. Кровать жоқ, жертөсек. қоңырқай қара əбдіренің үстіне жиналған көрпе-жастық. Көп ұсталған көне домбыра жертөсектің бас жағында сүйеулі тұр.
Василий Антонович көзі жантайып жатып осыларға ғана түсті. Астының жер екенін, пол екенін байқамап еді. Жанбасына батқан бұдырды басып байқаса кірпіш. Тақтай орнына кірпіш төсеп, сəкі жасапты.
Тапқан ақыл,— деді ішінен.— Бұл жақта тақтай қат. Шалдың шынайы тұрмысы осы ғой. Шарқына қарай дұрыс келген бəрі де.
Даладан Шығанақ кірді. Қара өзек шаққа сақтаған бордақының басын қидырып кірді. Бұл жақтың əдеті «сояйын ба, соймайын ба» дегендей бата сұрап тұрмайды. Сойғысы келсе, бірақ қырқады. Василий Антонович бата сұраушы болмаған соң «қысылып қалды-ау сорлы» деп аяп отыр.
— Шықа, етке менің тіпті зауқым жоқ. Ет аспасаңыз да болады.
— Сіздің арқаңызбен басқамыз жемейміз бе?
— Отырамыз ба таң атқанша. Уақыт аз.
— Шай ішкенше ет те пісіп қалады. Екі-ақ ірейді. Тоқты еті қазанға түскен соң немене...
Қонақ қой сойылғанын жаңа ғана білді. Жаңа ғана жай тапқан көңілді жұлқыса енген Амантай мен Жанбота бөлді.
— Шықа, осы қыздың қорлығына қашанғы көнемін мен!— деді
Амантай есіктен кіре.
— Тағы да не боп қалды?
— Қайрап қойған кетпеннің бəрін өзіне таңдап алыпты. Бер десем, бермейді.
— Қайрап бер деп қашан айттым саған. Кетпен өзімдікі. —
— Еншіңе тиіп пе еді?
— Еншіме тиген. Былтыр біз ұстағанбыз. Əркім өз сайманына не. Биыл тағы ұстаймыз.
— Боқты ұстарсың. Тапқан екенсің тегін қайрақшыны.
— Ұстатпассың. Тапқан екенсің монды басты.
— Жай сөйлесіңдер. Кісі отыр,— деді Шығанақ. Екеуі де қонақты көріп басылыңқырап қалды. Көздері
тойған сияқты. Василий Антонович екі жастың мінезін қызық көріп,
айтыстыра түскісі келді.
— Шықа, осының төресін мен берсем қайтеді?
— Тіпті жақсы. Көлденең кісі көңілге қарамайды.
— Сіздер ризасыздар ма?
— Ретіне қарай көреміз. Айта беріңіз,— деді Амантай. Қонақ көңілінен шықпаса көнетін түрі жоқ. Шығанақ соны сезіп алдын ала қайырып тастады:
— Шіркін не деп тұр. Төреші сенің ретіңе қарай ма?
— Əйтпесе сотқарлығын қалай білдіреді!— деп Жанбота күліп жіберді. Амантай тағы да байланыса кетті.
— Еркек болсаң, сенің қасыңда мен жіп есе алмаспын.
— Еркектігіңе есіремісің?
— Есіремін. Сойыл соғатын, найза ұстайтын еркек.
— Онда кетпенді қайтесің? Төбелеске тұр сен.
— Қызыл тайыншаны алған соң, кетпеннен дəндеген екенсің.
— Дəндегенім рас. ішің күйсе тұз жала. Тайыншам сиыр боп бұзаулағалы тұр.
— Тым дəндей берме. Өзің де...
Василий Антонович еріксіз күліп жіберді де басыла қалды. Шығанақ та мырс етіп, Жанботадан ұялғаннан Амантайды бір нұқып қойды.
— Антұрған, жай сөйле, бұрқырамай.
— Құтты, Құбекеңнің қара буыршыны. Кісі көрсе құтырып кетеді, Шықа,— деді Жанбота.— Аузын буып, дізерлеп тастаңыз. Əйтпесе жазым қылады біреуді.
Бəрі ду күлгенде Амантайдың өзі қоса күле, сөйлеп жатыр.
— Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады. Ал, мен қойдым. Қонағым, қызға бұрма бірақ. Бұл қыз емес. Қызыл түлкі. Отырғызып кетеді.
— Əділ болмасқа амалым жоқ,— деді Василий Антонович.— Таразысын жайып өлшегелі Шығанақ отыр. Қит етсем түйрегелі сендер тұрсыңдар, қос найзаны жалақтатып. Екеуіңнің жасың да, сөзің де тең екен. Жынысқа бұрмалық. Ал, еңбекте қайсың ағасың. Аға сыйлаған қазақ баласысыңдар ғой.
«Сен айт, сен айт» пен Амантай мен Жанбота тұрып қалды. Қайсысы айтса да қып-қызыл дау дайын еді. Арадан Шығанақ айтты:
— Егестің дəл түйінді жерінен ұстадыңыз. Бұл екеуінің таласы түптеп келгенде сол ағалық. Қайсысы аға екенін білмейміз. Жаңа қонысқа кешу кезіндегі күзгі жарыстан Жанбота озып, бəйгеге бір тайынша алды. Жаңағы
«тайынша» деп тұрғандары сол. Ал, жыл бойындағы жұмыс қорытындысында Амантайдың еңбеккүні көбірек. Біреуін аға қылып кетіңіз, əйтпесе маған тыныштық жоқ.
Василий Антонович ат соғып, денесі жыртылғанын да, көктемге байланысты көп жұмыстарды да ұмытып кетті. Көкшіл көзі күлімдеп, қызара бөртіп, біразға дейін үндемеді. Қуанышы қойнына сыймай отыр. «...Колхоз, еңбек —адамдардың қанына сіңе бастаған,— деді ішінен.— Кетпен таласы: еңбек жарысы. Еңбек жарысы: мəртебе, бақыт жарысы.
Көктем егісі қандай ауыр болса да орындалады екен. Олжабек, Амантай, Жанботаларға қазық болып отырған мына қара шал Аязбидің дəл өзі емес пе? Қайрап салсаң қара тасты қақ жаратын ақ семсер, мынау тұрған екеуі емес пе!..»—деп ойын түйді де, төрелік айтты екеуіне:
— Əзірге біріңді аға, біріңді іні демей қоя тұралық. Осы жылдың қортындысында бірге қорытармыз. Қолайлы кетпеннің бəрін өзіне жинап алған Жанбота теріс. Құрал колхоздікі болса да, қолданушы ие. Біреудің сайманына қызығып, сұрамай алғысы келген Амантай теріс. Дұрысы: екеуің бөліп алыңдар.
— Тұрдым!— деді Амантай. Бірақ менің де кетпендерімді қайрап берсін.
Жанбота шыдамады:
— Жаныңа жағар еді-ау, мен қайрап отырсам.
— Əрине жағады. Қарымжым бар емес пе?
— Арамтер бол дегенім жоқ. Ақылсыз бастың аяқ басысын аңдуға уақытым тағы жоқ.
Егес қайта көтеріліп бара жатқанын көріп, Шығанақ басып тастады:
— Таласпа сен!—деді Амантайға.— Біреудің меншіктенген сайманына қол салғаның үшін айыптысың. Қайрағаның сол айыбына жатады.
— Бəрі қызға бұрады. Кесір екенін қайдан білсін,— деп Амантай орнынан ұшып тұрды. Жанбота жеңінен тартып тұр-тұрлап тұр:— Жүр, бөлісейік.
— Бөлісерсіңдер. Отырыңдар, қонақпен əңгімелесіп.
— Əуелі бөлісіп келейік. Шөбін жұтқызбай алмасам, сол тең жарымның өзінен айрыламын.
— Араша ызыңдап, маза бермес бұл. Құтылайын,— деп Жанбота орнынан тұрды.
Екеуі кеткен соң, олар туралы Шығанақ бірсыпыра əңгіме айтып күлдіріп отырды:
— Осылардың егесі ойын-шын екенін білмей қойдым. Күндегісі осы. Анау бір түнде, жапан далада, шыралжын арасында отыр екеуі. Шіркіндер, сонда да айтысып жатыр ма екен?—дегенде, Василий Антонович күлкіден құлап қалды.
Оңаша қалған аз уақытта үй қожасымен қонақ еркін сөйлесіп, көп əңгімені қамтыса да, осы үйдің өз ішіне соққан жоқ. Дастарқан жайылып шайға отырғанда жаңадан сегіз адам қосылды. Ауыл адамдары, үй адамдары қайсы екені белгісіз. Қонақ оймен жорып, ретін келтіре алмаған соң:
— Сіз бала-шағаларыңызбен таныстырыңыз,—деді. Шағанақ, кемпірі
Зəруден бастап, қыздары — Ақжібек, Ақбалым, ілгек; ұлдары — Жақып, Айт, Жүсіп, Шайқыға дейін атап келді де, шай құйып отырған əйелге тоқталмай, үйде жоқ баласынан бір-ақ шықты:
Махмет деген үлкенім оқуда. Инженерлік оқуын бітіргелі жүр.
— Мыналардың оқуы қалай?
— Айтым — зоотехник. Жақып 9-класты бітірді. Ақбалым 8-класта еді, оқудан кетпенге бейім көрінеді. Екпінді. Өзгесі оқып жатыр. Ұрпақсыз емеспін, үлкен кісі. Бірақ тары да бап таңдайды. Осылардың тəрбиесі қиын ғой,— деп түйіле тоқтады.
Василий Антонович оның, семья тəрбиесіне үлкен мəн бергеніне түсіне отыра, көңілі атаусыз қалған əйелде болды. Басқалары Шығанаққа бір, қонаққа бір қарап, аңырып қалды. «Үлкен кісі» дегенге түсінбей отыр. Қонақтың үлкен екенін Шығанақ үй ішіне де айтпаған. Жұрт қатары, өз үйін де бір сынатып алғысы келіп, «ескі досым» дей салған еді. Аңдаусызда айтып қалғаны есіне түсіп, бұлтақтай бастады:
— Арқа адамдары сүйекті келеді. Біздей күн қақты, кетпен басты ма? Сонсоң үлкен кісі деп жатырмын.
— Шай құйып отырған кісі кім болады?—деп Василий Антонович тікелей қойды сұрақты.
— Бұ да бір жақын адамымыз,— дей салды Шығанақ. Дауысы бəсеңдеп, өңі өзгеріңкіреп кетті. Əйел де бір қымсынып қалды. Қонақ одан əрі қазбалаған жоқ. Ойлана қарап, іштей жорыды да атын сұрады.
— Атын айтпадыңыз ғой?
.— Елеусін.
Елеусін келіндей алған екінші əйелі. Жасы қырықтан асып кеткен. Өткен заманда қосылуға ұялмаған Шығанақ, қазіргі заманда айтуға ұялды. Василий Антонович ұяттың үстінен шыққанын сезсе керек. Сезгенімді сезбесін дегендей, қаймаққа былғаған тəтті талқанды аузын толтыратолтыра асады. Талқан да, жент қылып қатырған да, ыстық сүтте бөртіп тұрған да тары. Қонақ пен Шығанақтан өзгесінің шайға салып жеп отырғаны да тары. Нан жоқ. Нанды жоқтаған жан жоқ. Сорлы тары бəріне төтеп беріп жатыр. Қорадағы қазанның ішіне де аузын буған бір дорба түсіп кеткен. Дəуде болса сол да тары...
— Осының өзі тəтті ме, тəтті қылып тұрған қаймақ па?— деп қояды қонақ.
— Өзі тəтті,— дейді Шығанақ.— Бұл шіркін шайға салсаң əрі нан, əрі сүт. Сүтке салсаң май. Құрғақ жесең сусын да, қорек те өзі...
Тары əңгімесі ұзаққа созылды. Ауыл адамдары күндегі əдетінше біртіндеп келе берді. Келгені шайға отыра берді. Бір үлкен мұрын тар ашылған есіктен сығыла кірді де, əдеп сақтап тұрып қалды. Басқа бейнесі көрінбесе де, таныс мұрынға:
— Кел, Шəңгерей, кел!— деді Шығанақ. Ар жағынан екпіндей келген Амантай мен Жанботаны да осы мұрын бөгеп қалған екен, үшеуі бірден кірді үйге.
Үй іші адамға толған сайын Шығанақтың көңілі толып, қалжыңмен іліп тастап, біреуді біреумен соғыстырып қалып отыратын мінезін жаңа бастады:
— Бұл отырғандар колхоздың бетке шығары. Басты адамдарымызды өлеңмен таныстыратын əдетіміз бар. Таныстыршы қонаққа!— деп бір балаға иек көтерді. Бала Домбыраны ала салып, əлдекімнің əуенімен, мінезімен əрқайсысына бір ауыздан өлең айтты. қай өлең кімге арналғанын жіңішке мойны бұраң етіп, мегзеп қойғанда жұрт ду күледі:
Тоқпақ мұрын Шəңгерей, Колхоздан бір дəн жемей,
Байытқанша асығад. Көтерсеңші қабақты, Жалаймыз ба табақты? Құр байлықтан не шығад.
Кəрібайдың көңілі бай, қой түгілі соймақ тай,
Айтатыным жалғыз-ақ; Шəңгерейді қасартқан. Бас орнына жақ тартқан, Тар пейілге болған сақ.
Қарын шіркін жұбанар, Жанботажан, болшы нар, Өкпелеме, Амантай. От жанады көзіңнен. Артылмас ешкім өзіңнен, Ащы-ау тілің, пай-пай-пай!
Қабыш отыр мұрт сипап Сөзге тағы тым қылап, Бəрін байқап көріпті. Ұнамапты бірі де, Жан жимаған тірі де Жүн-жұрқаны теріпті.
Туласа тайдан кем емес, Түйебас қылсаң, үндемес, Олжабек шіркін əлі енжар: Жамалын ойлап ылғи мас, Жолында бірақ жүк қалмас, Олжабек барда не қам бар.
Қартайғанда құрымай Қос буырылды бұтқа ұрмай, Шығанақ, сен тек отыр. Ақын тілі ашынса, Ашқан қарын ашыса, Жеп қоярмын, деп отыр.
Біреулер қатты-қатты қарқылдап, біреулер ақырын ғана ыржияды. Өлеңмен жапқан ақын шапаны өлшеп пішкендей, қатып қалыпты. Василий Антонович сүйсінгенінен:
— Кім шығарды мұны?—деп Шығанаққа жалт қарады.
— Нұрпейіс ақын. Дəм айдап осы ауылға бір келе қалған екен. Шəңгерейі бар болғыр жақ асып беріпті. Табақ алдына келгенде пышақ алудың орнына домбырасын ала салып, жаңағы өлеңді қоя бергені.
— Е, қойыңызшы, Шықа. Бəрін қоздыратын езіңіз,— деді Шəңгерей, орнынан бір қопарылып.
— Япырау, ақын тілі бой бере ме маған! Өзімді де оңдырған жоқ. Қабышты тіпті өлімші қып кетті. Сонда да шыдап отыр-ау, шіркін.
Қабыш құрдасы, колхозда əр жұмыстың басын ұстап, біріне шыдамай, ақырында жүн-жұрқа, тері-терсек жинайтын мекемеге агент боп кеткен. Бірақ үйі осы колхозда. Өзі осы дудың, ішінде. Сөзге тарықпайтын кісі. Еңбекте кемдігі бетіне шіркеу болып, манадан бой бағып отыр еді. Кезі келіп қалғанда, Шығанақты жанбасқа алып қалды:
Қос буырылды парлап жеккен саған жан ілесе ме?
Бірақ ақын айтыпты ғой, көп борбайлама.
— «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтыладының» кері келді. Қойдым ендеше,— деді де Шығанақ бəсеңдей берді. Василий Антонович əлі де ештеңе сезбегендей, сөзден сөз туғызып, қызыққа батып отырғанда құлағына Амантай мен Жанботаның əңгімесі шалынды.
Үлкендер ырық бермей кеткен соң, екеуі шеткерірек, өзара шүңкілдесіп отыр:
— Қонақтың өзі тəуір кісі-ау,— дейді Жанбота.
— Киімін айтасың ба, өзін айтасың ба?
— Екеуін де.
— Маған алдымен сырты ұнап тұр.
— Сауда орындарында істейтін шығар. Бұғағы да түсіңкіреп кеткен екен...
Василий Антонович одан əрі тыңдай алмады, талай қызығы бар еді. Жымиып бір күлді де, тысқа шықты.
Бұл кісінің өзгеше бір мінезі адамды еркін сөйлетіп қойып, сабырмен тыңдайды. Кездейсоқ оймен негізгі ойды айырып барып, өз ойын айтады. Соңынан іле шыққан Шығанаққа жалаң егін жайында ғана емес, қоғам өміріндегі жиреніштің бəрімен де күресуді айта келіп:
— Сіз маған бір күндік қарын азығы емес, сан күндік жан азығын бердіңіз,— деді. Рақмет, концерт те өздеріңізде екен. Тамақ жесімен жүрейін.
— Дұрыс. Өзім апарып салам.
— Өзіңіз апармаңыз. Олжабек қайда?
— Ол қасқа, түн қатып тұқым тасып жүр.
— Ауданда кездесермін онымен. Ат жектіріңіз, шаршап қалыппын. Амантай мен Жанбота барсын.
— Дұрыс,— деді Шығанақ тағы да бір.
Екеуі үйге енді. Ет те пісіп тұр екен. Тез қамдатып, жеп алған соң, Шығанақтың екі аяқ арбасына үш кісі отырып жүріп кетті. Амантайға орын жоқ, Құйрығы ғана іліккен, Қолында божы. Ауылдан шықпай-ақ:
— Божыны кезек ұстаймыз,— деп Жанботаға бір жанжалды ескертіп қойды. Осыдан басталған айтыс Ойылға жеткенше басылмады. Басылып бара жатса Василий Антонович көтермелеп қояды. Кедір-бұдыр жол. Қараңғы түн.
алғыласқан тіл. Қонақтың ұйқысы шайдай ашылды. Тыңдап барады,
күліп барады...
Кейін қалғандар тосын келіп, тез кеткен сыйлы қонақты анықтап білгенше асығып, Шығанақты ортаға алып жатыр.
— Үлкен кісінің өзі,—— деді Шығанақ жай ғана. Нанарын да, нанбасын да білмей аңырып қалды бəрі...
III
Міне көктем. Кепкен жердің көні бір жібіді, сары дала барын жайып салып, сағым құшып күлімдеп тұр. «Қуратам сені» деп күн кəріне міне бастаған. «Көгертем сені» деп құралды көп аттанған. Қашан бірі жеңгенше жер бетінің талқаны шықты...
Өзенді жағалап агроном Сергей келеді. Ойыл арнасы сумен толса, оның, көкірегі оймен толы. Бастықпаған жас маман жарқ етіп бір көрінгенше асық. Түсе қалып қамшысымен жер қазады. Шекіп-шекіп топырақ жейді. Қарайған жер көрсе қайрылмай қойған жоқ. Шипың торыдан да маза кетті. Бір түседі, бір мінеді. Жыртылған жерді құр өткізбей, көргенінің бəрін жазып, қалтасына салып барады.
«Құрман» колхозының егіншілеріне келгенде Сергейдің белі шодырайып, басы имиіп, екі тізесі аттың қамыттығына жеткен еді.
— Ей, белің сынады!— деді Амантай кетіп бара жатып.
— Мұрның бұзылды, бейшара,— деді Жанбота өтіп бара жатып. Одан əрі тəлкекке уақыт аз. Екеуі екі соқаның басын ұстаған, «қалды-ау, қалдыау есіл тəлкек!» дегендей арттарына қарайды.
Сергей ыржиып күлді де, атқа түзеліп отырды. Төкен айтқан екі тентек, екі салып өтсе де шамданған жоқ. «Осылар айта берсе екен, араласа берсем екен. Елдің тіліне, жеріне түсінбей жұмыстан жеміс шығар емес»,— дейді ішінен.
Олжабекке келгенде ол ойы өтпей тұр.
Шығанақтан өзгеге сыр ашпайтын Олжабек, агроном келді-ау деген жоқ. Бір иығы шапаншаң, бір иығы жалаңаш түзу бороздаға түсіп алып, қайырылмастан тартып барады. Қол сілтесі, аяқ тастасы өлшеп қойғандай, бірінен-бірі қалыспайды, не озбайды. Сеуіп барады. Сеуіп бара жатқаны бүркіп бара жатқан сияқты. Сары топырақтың бетінде шыпырлаған ақ тары, меруерттей жайнап жатыр...
Сергей көзіне сенерін, көңіліне сенерін білмейді. Қолдан сепкен тұқым мұндай біркелкі түскенін көрген емес. Олжабектің қолы оған машина сияқты көрінді. Көз алмай келе жатып:
Күніне қанша себесіз?—деді.
Жөнді амандаспаған Олжабек жауапты да тез қайырмады. Көзі де, көңілі де алдында, сілтеп барады.
Шығанақ біледі,— деді бар болғаны.
Бір гектарға қанша сеуіп жүрсіңдер?
— Шығанақ біледі.
— Іле-шала себесіздер ме?
— Шығанақ біледі.
Сергей атының басын бұрып алып жүріп кетті. Кеспе, тентектің бір түрі ме?— деп кетті. Олжабек бірақ шынын айтты. Бір күні аз, бір күні көп, бір жерге көп. бір жерге аз, кейде іле-шала, кейде кешеуілдеп себеді. Бəрі Шығанаққа байланысты. Ол сөзін ұстатпайды. «Жері біледі, уақыты біледі» деп құбыла берген соң, Олжабек айтқанын істейді де отырады.
Шығанаққа келгенде Сергей алдымен Олжабекті алды ауызға:
— Шіркіннің сепкіші-ай! Əттең бюрократ. Əйтпесе айналсаң да болар.
— Бюрократ емес, көңілі ауғанда, көзі ештеңе көрмейді оның,— деді Шығанақ күлімсіреп.
— Жоқ, көрді ол мені, көрді!— деп Сергей таласып жатыр.
Бірі оқыған, бірі оқымаған екі маманның іс үстінде кездескені осы. Əңгіме əуелі катоктен басталды. Жаңа біткен ағаш катокті атқа жектіріп, бір балаға мінгізді де, Шығанақ жүре сөйлесті.
— Мұны қайтесіз?— деді Сергей.
— Жыртылған жерді азырақ таптағалы барамын.
— Таптағалы?!
— Иə.
— Таптамаңыз. Топырақ жұмсақ, майда болса, дəн еркін өседі.
— Жоқ, топырақ тым қопсып жатса, арасына жел кіріп, тез кебеді. Тығыздаңқырап тегістесе, су тегіс жайып, дəн тегіс өседі.
Мұныңыз ілімге сəйкес келсе игі еді.
Онысын қайдам, əйтеуір егіске сəйкес келеді.
Тұқым сеуіп, малалап тастаған жерге келгенде, Шығанақ ,кідірместен катокті жүргізе бастады. «Есіл егінді бүлдірді-ау» деп Сергей түр. Каток бетін басқандай қынжылып Қояды. Қарсыласуға, тіпті. тоқтатып қоюға еркі бар. Əттең Василий Антонович «еркіне жіберіңдер» деген сөзінен аса алмайды. Шығанақ та сол сөзді бел көріп, еркін қимылдайды. Сергей блокнотына жаза берді.
— Бүртөкелдеп жатқан жоқпысың, бала?
— Мені милиция дейсіз бе?
— Сенің де айтқаның болсын. Осы жақ шеттен екі таяқ жерге каток жүргізбеймін. Орақ кезінде келіп көрелік сонан соң.
— Дұрыс,— деді Сергей. Терістігіне қазірден-ақ көзі жеткендей боп тұрса да, таласқан жоқ. Шалыс азу шалды ырқына жіберіп, алыстан толғап тартқысы келді.
— Жол бойы көріп келдім... Терең жыртыпсыздар: жиырма екі сантиметр. Жал қалмаған. Малалауы да жақсы екен...— деп шалдың ісін қостай келе, бір сұрақты беріп қалды:
— Жырту мен себудің арасындағы мерзім сақтала ма?
— Бірде сақталады. Бірде оған қарамаймыз,— деді Шығанақ. Сергей бұған да бір қынжылып қойды.
— Агротехниканы ескермегеніңіз бе, тіпті?
— Соның өзі топырақтың, дəннің бабын табу емес пе? Сіздер кейде кітапты құшақтап қатып қаласыздар. Күн кітаптың айтқанымен жүре бермейді. Кейде амал, кейде жаңбыр — суық. Мұндай райда сепкенмен дəн босқа бұғып жатады. Мен, күн қызуы жерге өте бастағанда себемін. Сонда іле көтеріледі.
Агроном жерді кептіріп ала ма деп қорыққан екен. Шалдың ойы одан əрі қамтыған соң көңілі жай тапты.
— Бір гектарға қанша себесіз?
— Жеріне қарай.
Шығанақ көк бестісін сипай қамшылап тағы да жүріп кетті. Шипың торы орнынан қозғалғанша, жылпың көк жорғалап барады. Алдарында бір топ адам, еркек-əйел боп екіге жарылып, атыз жасап жатыр...
— Шахмат тақтасына ұқсайды,— деді Сергей көз алмай қарап келе жатып. Шығанақ түсіне қоймаған соң анықтай түсті.— Қараңызшы, тіпті мінсіз жыртылған. Жыпырлаған текше сызық. Əр текшеде бір адам. Əйелдер жағы ақ, еркектер жағы қара, екі жар болып ұтысып жатыр...
Шығанақ та көзін қадап келеді. Ұтыстары ұрысқа бергісіз. У-шу. Парторг Кəрібай осылардың арасында. Екі жағын бітістіріп жүрген сияқты. Бірақ «бітімші» барған жағы еліре түседі. Сергей мен Шығанақ келгенде əйелдер шулап қоя берді. Алдымен Шығанақтың өз əйелі мен қызы арыз қылды.
— Шəңгерей суды аналарға бермек бопты,—деп Ақбалдың. аузы бұлтиып тұр. Елеусін еріне еркіндеу сөйледі: Ерік бермесе звено боп нең бар. Үлкен кісінің сөзі қайда?
Қой, бекер шығар,— деді Шығанақ. Басқан болып тұрып көтеріп жіберді.— Суды кейін алу деген қорлық та!
— Кəрібай өтірік айта ма?
— Шəңгерейден шығады ол.
— Суды да аяйды ол, Қарымбай.
— Жанбота келген соң көрер, жанжалдың əкесін,— деп, бəрі Шəңгерей сорлының шаңын қағып жатыр.
Бұлар бəрі бір колхоз, бір звено болғанымен, екі жік. Əйелдер Жанбота айдаған жерде, еркектер Амантай айдаған жерде істейді. Суды қай жағы бұрын алса, соның егісі бұрын өнеді. Егіннің шығымдылығы да сол бұрын өнуіне, жердің суға тоюына байланысты. Шығанақ осы жағынан қамтығанда, Кəрібай басқа жағынан қамтыпты. Кімнің не Істегенін, қалай істегенін бұлтартпай білмекке, жұмысты бөліп беріп, əркімді өз жұмысына жауапты еткен. Егін шықса да, шықпаса да, сол адам соңыра көп алдында не жайраңдап, не қайраңдап бір тұруы анық. Ешкімнің қайраңдағысы келмейді, Шəңгерейдің шаңын қағып жатқаны сол. Бірақ Шəңгерей жазықсыз. Бəрін «бүлдіріп» жүрген бітімші Кəрібайдың өзі көрінеді.
— Келістік, келістік, қимылдаңдар!— деп дауыстап келді анадайдан.
Əйелдер тағы да бір шу етті:
— Нені біліп қимылдаймыз?
— Қайтты ма сөздерінен?
— Қайтты, қайтты. Қай жақтың атызы бұрын бітсе, сол жақ суды бұрын алады.
— Е, бəсе! Тəуекел онда, ал, Ақбал, тұрма!— деді Шығанақ.
Кетпендер сарт-сұрт тиіп қалды жерге. Кəрібай мен Шығанақ бірінебірі қарап жымыңдасты да кете барды. Сергей жаңа ғана сезді. Блокнотына «көпшілік жұмысы қызған жер. Кəрібай жігіт» деп жазып жатып, «төрт гектарға удобрение» деген сөзге көзі түсті.
— Өңдеу жоқ қой сіздерде?—деді жұлып алғандай. Шығанақ үндемейді. Кəрібай күмілжіді:
— Соның өзі дайын еді. Ақсақал айнып тұрғаны.
— Онсыз егін шығымы артпайды. Жүз центнерге жүз жылда жете алмайсыздар.
— Тəуекел!— деді Шығанақ. Агроном сөзі əсер етпеген тəрізді. Eгiс даласын тінте қарап, əр жерге бір кідіреді.
6 Ғ. Мұстафин. I том.
Үңіледі. Аузы анда-санда жыбырлап қояды. Жайшылықта байсалды, кісіге кірімді адам, қатайып, қобалжып кеткен. Ойынан шықпаған сезді тыңдағысы да, жауап бергісі де келмейді. Өз ермегі өзімен.
Сергей Шығанақты бұл қалпында көргені осы. Өзімшілдік намысы қозып келеді. Бұрынғы «Алтын шал» енді мысқа айналды. Төкен айтқан «теріс азу надан» ғылымды баса көктеп, топас ойын іске асырмақ. Аға агрономмен қалай-қалай сөйлеседі өзі,— деді ішінен. Шалмен бет ашуға мықтап бекініп, сөзді басқаша саптады:
— Мен агротехниканы бұлжытпай орындауды талап етемін. Катокты тоқтатыңыз. Жерді өңдеу керек.
— Үлкен кісінің сөзі қайда қалады?
— Ол кісі сізді қуаттағанымен, Лысенкоға қарсы емес. Агротехника егін кəсібінің бас құралы қазір.
— Лысенкоға да, үлкен кісіге де түсінбей, мені менсінбей айтып тұрсың-ау осы сөзді, балам?— деп Шығанақ Сергейдің бетіне жаңа тура қарады. Жақсы көретін жас маманы шəпетер, шағын болып қалды. Толғағы жеткен ойы туар шағында ештемені тыңдатқан жоқ. Желе аяңдап, Амантайға жеткенде, түйілген қабағын жазбастан:
— Тоқтат!— деді борозданы көре салып.
Амантай тоқтап тұр. Түсіне алмай аң-таң. Шығанақ атынан түсіп, жыртылған жердің тереңдігін өлшеді.
— Қайта жырт!
— Неге?
— Екі сантиметр саяз алыпсың.
— Арам қатқыр мына ала өгіздің кесірі. Ештеме етпес деп едім, ендігісін терең алармын...
— Жоқ. Қайталамасаң болмайды. Сендер ауырлайды, өгіз ауырлайды деп Шығанақ тұқымды бүлдіре алмайды,— деді де атына мінді. «Сендер» дегені Амантайдан асып, Сергейдің басына барып сақ етті. Сергей бірақ ауырсынбады. Қышыған жеріне тигендей «дұрыс мұнысы»,— деді ішінен.
Амантай жарылғалы тұр. Жанбота соқасы заулап жүріп жатқан соң, қалып қоямын ба деп, жеңілірек алған. Енді тіпті қалып қоятын болды. Ала өгізді іштен бір теуіп, соқаны амалсыз тереңдетіп жатып, өзімен-өзі сөйлесті:
— Осы шал, құтырар бара-бара!
— Үлкен кісіні арқа тұтады ғой.
— Үлкен кісімен біз де танысып алдық.
Кейінгі сөзді қоразданып айтты. Қоразданатын жөні бар. Осыдан бірер жұма бұрын Жанбота екеуі Василий Антоновичты ауылға апарып салды ғой. Ауылда да, жол бойында Да Василий Антоновичтың кім екенін білген жоқ. Оның, көзінше екеуі сайысып бақты. Қалаға келіп, қоштасқалы тұрғанда Василий Антонович бір жапырақ қағаз жазып беріп: ...Осыны табыс етіңіздер. Ат теріндік бірдеме алар-
сыздар,— деді. Ойламаған жерден оралған олжаға Амантайдың іші
жылып:
— Адресіңізді тастап кетіңіз,— дегенде. «Құрдасының» обком секретары екенін бір-ақ білді. Сасып та, ұялып та қалды екі жас. Ат терін алғалы кооперацияға келгенде, ат тері ат құнынан асып кетті. Екеуі мұздай киініп шықты. Қуанғаннан ескі киімдері сонда ұмыт қалып қойыпты. Ауылға келгенде, мекеден келгендей екеуін ортаға алды жұрт...
— Əттегене-ай, мұнысын білгенде езім ертіп апаратын едім!— деді Шəңгерей.
Міне, Амантайдың қоразданатыны осыдан. Содан бері бұл ауыл жібі түзу, кішіпейіл кісі келсе, «осы үлкендердің бірі емес пе?» деп үңіле қарайтын. Көктем кезінде көп келетін уəкілдердің бірі Шəңгерейге бүгін өзгеше ұнап, Ойылға өзі ертіп кеткен. Содан міне жаңа қайтты. Қасында Төкен бар, үсті-басында өзгеріс жоқ. Қабағы түсіп, мұрны салбырап кетіпті.
— Қайдан қайттыңыз, Шəке?—деді Амантай.
— Ойылдан.
— Ойылдан?
— Əлгі уəкілді апарып едім. Терімді тірідей сыпырып алып, қоя берді.
— Не қыл дейді?
— Суарманы елуге жеткіз деп қысады.
— Соны жеткізіп тыныш болса қайтер еді?
— Шығанақ көніп отыр ма!
— Əй, осы шал-ақ!— деп Амантай соқадан басын көтергенде, Шығанақтар Жанботаның айдаған жерін көріп, бері беттеген еді. Амантай жалт берді.— Күн төбеге келіпті ғой. Тыныстасын,— деп көліктерін доғара бастады.
Eгiс басшыларының осы арада басы бір қосылды. Көлі доғарып Жанбота да, тұқымын сеуіп Олжабек те келді. Бəрі томсара қалыпты. Түртіп қалсаң тілін салып алғалы тұр. «Үлкен кісіден» олжа орнына сөгіс алып қайтқан Шəңгерей сөйледі алдымен:
— Бізде білгіштер көп. Əрқайсысы бір-бір тау, басына Шыға алмайсың. Үйде отырып күпілдегенде, төбесінен құс ұшырмайды. Ал, ауданды тоқтатып берші қане! Елу гектарға қайтсең де жеткіз деп жатыр. Осыған қасарыспайық, шама келмесе көз көрер деп едім, болдыңдар ма! Терімді тірідей сылып алып қоя берді. Көпшілік жұмысы нашар, ұғындыра алмадың көпті дейді. Бəріңнің ата сақал аузыңа біткен, не бар ұғынбайтын. Үкімет айтты болды...
Шəңгерей бəрін шарпығанда көздегені біреу-ақ сияқты еді. Шығанақ та шайпау сөйледі:
— Е, не бар шамданатын. «Болды» деп рапортықды бере бер.
— Болдырығалы тұр ма? Қырықтан асса жауапты емеспін деп əуелі қыңыр тартқан сіз ғой.
— Сөзің семіз болып, ісің арық болғанша, ісің семіз болып, сөзің арық болсын,— деді Шығанақ.— Көп егінді кім жек көреді. Сөзбен көбеймейді бірақ. ісіңмен көбейт. Күздігүні жыртып тастауға қол босамады. Енді жыртуға шама келгенменен бабы келмейді. Көп салып аз алғанша, аз салып көп ала біл. Өтірікші болар жайым жоқ. «Алдынан жүз, артынан қырық» деген уəде Москваға дейін кетті. Сонда мен ойлап-ойлап қырыққа тоқтағам. Елуге жеткізсеңдер нұр үстіне нұр. Бірақ осыған палуан болып шығатын кім? Шықшы кəне! Көлденең тұрып, қырқа соқ дегенге елірмейді Шығанақ. Басым таздан аман əзір.
Палуан болып ешқайсысы шыға алмады. Тоқырап тұрғанда Сергей сөйледі:
— Сіз сол берген уəдеңізбен бəріміздің басымызды байлап бердіңіз. Гектарынан 100 центнер деген — жер жүзіндік рекорд. Агротехниканы түбіне жете пайдаланғанда ғана ол мүмкін нəрсе. Мен бала емес. Ғылымның уəкілі. Неге тыңдамайсыз айтқанды? Осындай арық жер, өңдемесе семіре ме?
— Сен, бала, ылғи менің осал жағымнан шыға бердің. Осы ілім дегенің кітаптың бетінде ғана ма, жоқ мына жер бетінде де бірдеңе қалды ма?
Оқымаған адамның аузынан шыққан үлкен сұраққа Сергей бөгеліп қалды. Жер сыры тегіс ашылды, бəрі кітап бетінен табылады деуге аузы қалай барсын. Ғылым уəкілі болып, кітап жастана тұра осы даланың талай жұмбағын шеше алмай жүр өзі. Сазарған сары далаға қарап, талай телмірген жас-маман, шалдың сөзіне терең бойлап, таңданды да, «баласы инженер, естігені бар ғой»,— деді ішінен. Жорамалдауы дұрыс. Бірақ тап баса алмады.
Шығанақ пен Махмет əкелі-балалы екеуі, бірі кітаптан, бірі өмірден ұзақ əңгімелер қозғап, кітап пен өмірді аралас
сапырғанда, екі ой бірде араласып, бірде түйіртпектеп жүретін. Өзі оқи алмаса да, ілімді сүйіп, балаларын тегіс оқытқан Шығанақ, тарыға келгенде өзін артығырақ сүйетін мінезі ертеден бар-ды. «Тары ғалымы — мен» деп жарияламаса да, менің айтқаным болу керек деген берік ойын, қажымас қайрат талай қиядан шығарып келеді. Бүгін, жұртшылық алдында серт беріп, қиядан шыңға шыққалы тұрғанда етектен тартқанға шыдар емес. «Ұстамаңдар, міне, шықтым тұғырға, міне!» деп жұлқынып бара жатқан сияқты.
Бөгеліп қалған Сергей Шығанақтың, бұл сырын бірсыпыра ұқса да, өңделмеген жерге бітік егін шықпайды, ағаш каток жер бүлдіреді, деген ойынан қайтқан жоқ.
— Ғылым дегеннің ұшы-қиыры жоқ, кете барады,— деді бір уақытта.— Сіздікі бірақ тəжірибе егісі емес, белгілі ілімге сүйенген, белгілі мөлшерде өнім алатын жоспарлы егіс. Көп қолданған тəсілді сіз де қолдануға міндеттісіз.
— Үміт артқан баланың бірі едің, сенің де белің бұраңдады ма?— деп Шығанақ көк бестіні тебініп қалып, ілгерірек келіп тұрды. Қамшысьш көтеріп, ықшам сақалын тұтамдап ұстап алды.— Мына сақалға ақ енгенше, жақ сенбей, сол көптің бірі болып келгенмін. Енді көпсіз де, көптің бірі де болғым келмейді. Жас та болсаң аға тұтайын, айтшы, қане, сенің есебіңше: мына жерге қанша, анау жерге қанша тұқым керек? Мына жер неше суарғанда, əне жер неше суарғанда тояды? Толық шыққанда осы жердің тоқымдайында неше түп, бір түптің сабағы, басы, басында дəні қанша болады? Мұны білмей мөлшер айту, мұны білмей ақыл айту есуастың ісі.
— Өлтірді-ау, сорлыны!—деп сыбыр етіп, Жанбота күліп жіберді.
— Шал екеуіңнің бір шатағың бар,— деп Амантай сұқ қолын шошаңдатып тұр.
Сергейде де, басқаларында да үн жоқ. Ауыз тарс жабылып қалғанда, Төкен ыңырана бастады:
— Ей, Шығанақ! Сен қыңқ етпес қара нар емес пе ең. Бақырғаның қалай? Жаз жаңа шықты. Жұмыс жаңа басталды. Еге білсең уақыт та, жер де, су да жетеді. Сергей мен Шəңгерей үшін емес, халық үшін, үкімет үшін қасарыспай көнсең қайтеді? «Тəуекелге мінгенде алдымда тау тұрса да тайынбан» деуші едің ғой. Сол тəуекелге тағы да бір мінсең қайтеді?
Тəуекел өгіз емес, қақпалауға көне беретін,— деді де көк бестіні борбайға бір көміп, Шығанақ жүріп кетті.
Кəрібай қоса кетті. Басқалары томсарып тұрып-тұрып тараң бастады.
Оңаша ойда қалған Сергейге қайрыла қарап:
— Айтқаным келді ме? Нағыз самадур емес пе?—деді Төкен қарқ-қарқ күліп. Күлкісі Сергейге шаншудай тиді.
— Түсінбегенсіз. Терең адам. Бойлау керек,— деп тыжырынып Сергей қалды. Төкен көзін қиғаштай бір қарады да кете барды.
Жалғыз қалған жас агроном атынан жаңа түсіп, қолына қағаз бен автомат қаламын алды.
«Академия наук. Трофим Денисович Лысенкоға» деп астын сызды да, «тағы да сол мазасыз қарт жайында...» деп жаза берді...
Шығанақ бұл кезде ауылға барып қалған. Кəрібай анда-санда бетіне жалт-жалт қарап отырып, шал арнасына түскен кезде:
— Сергейдің сөзінің де жаны бар ма, қалай?— деп күңк етті. Оның Шығанақтың ішіне енетін жіңішке жолы осы еді. Шығанақ жауап қайырған жоқ. Естімеген кісідей келе жатыр. Есік алдында тұрған ақсақ шалдан өте беріп, қайта қайрылды:
— Боққа шыққан тарыны жеуге бола ма? Молда болсаң осыны айтып берші!
— К°Рь1та келе халалдың харам болатыны да, харамның халал болатыны да бар. Өнген тары əрдайым халал,— деді ақсақ шал. Көзді тарс жұмып алған. Ол көзін ашқанша Шығанақ тұрмады. Нəжестер үйіндісінің қасына келгенде:
— Болмас. Молдаға дейін Сергейді қостады,— деп күле қарады Кəрібайға.-—Осының өзін жинатарын жинатсам да, жиреніп едім. Тəжірибем де жоқ. Байқайық, бір гектар жер шығардым, төктіре беріңдер... — деді де жүріп кетті.
IV
Күнқақты далада жусан, мия, итсигек сияқты жуан тамырлы шөптер ғана қалыпты. Бетеге, бидайық, шалғын емге керек болса табылмас. Майда топырақ, ұсақ құм ыстық күнде табаныңды қарыса, желді күні тыныс, тынысыңды бітеп, тұншықтыра жаздайды. Алыстан қарағанда жадағай дала, таяна келе құмнан құралған төбешік, белес болып кетеді. Екінші жылы осы араны қайта көрсек өсіп қалған, не қалған. Құбылымпаз бір дүние.
Бəрінен де Ойыл құбылымпаз. Солтүстіктен оңтүстікке қарай жүргенде Ойылдан құтылып болмайды. Алдыңнан
олай бір, былай бір өтіп, беті қайсы, арты қайсы екенін де болжатпай
кетеді. Осал арнаны опырып, беті ауған жаққа қаңғыра берген соң, жұрт осы өзеннің атын «Ойыл» қойса керек.
Ойыл екеу. Бірі ащы, бірі тұщы. Екеуі қосылған қолтықта сұр даладан суырыла көтерілген көк жайқын көрінеді. Сол жайқын өзінен өзгенің бəрін жасырған. Жақындай келе жайқынның іші зарлап аққан көк қасқа бұлақ болып кетеді. Бірін жауып, бірін ашып, сумен ілесе сусылдаған қызкеліншектердің, көк кетпені күнмен шағылысып жарқ-жарқ етеді. Өзен жағасындағы шошайған жіңішке труба дір-дір қағып, боз түтінді атқытып тұр. Əлдеқайдан естілген тынымсыз күмпіл осы трубканың аузынан шығады. Текесақал, қаз мойын, қаулаған көктің қақ ортасында екі адамның төбесі ғана қылтылдайды...
«Жаннат» осы ма деп қаласың. Қысқа мойынның қасында, биік тарының көлеңкесінде кітап оқып, жантайып бір сəулім жатыр.
Қайрыла біткен ұзын кірпігі кітап бетін аударғанда бір көтеріліп, арыққа ғана қарайды. Қарашығынан от жарқ етіп, қайта жабылады. Қайта қадалады. Күн қақтап, жел желпіген күрең жүзі біресе күлімдеп, біресе түнереді. Тары Тоғайының ішінде, қасқа бұлақтардың арасында сұлап жат¬қан осы сəулім, айнасы кітап, көп əлемді көріп жатыр. Көргенін көңілге тоқып жатыр...
Қысқа мойынның аяқ шенінде, аласұрған жас жігіт өзімен-өзі əуре. Атыздары саңғырап тұр. Су жеткенше сабыр жетпей, кетпенімен ойнайды. Кетпенді шаншып қойып, кесекпен атқылап жүр.
— Маған тиетін болса, тиші.
— Үшке дейін тиші,— деп көздейді. Тисе сақ-сақ күледі. Тимесе:
— Мүлт кеттім!— деп атқылай береді.
Бір кезде кетпенді жығып, қызды алып, көңілі дауалады. Су əлі жоқ. Атызға бір, аспанға бір қарап тұрып, қысқа мойынды өрлей жөнелді. Қалың тарыға сүңгіп барады. Анда-санда қылт еткен басы ғана көрінеді. Тары кісі бойынан асып кеткен. Қыздың тұсынан кеп шықты бір уақытта. Ақырып та қалды, кетпенін ала сала айқасып та қалды. Бұрыла аққан арық суын дереу жөнге салып, қызға тап берді. Қыз тұра қашты. Тұра қуды. Жеткенше шыдамай, кесекпен атқылап барады. Қоймасын көрген соң, қыз тарыға сүңгіді. Жігіт те сүңгіді. Шабақ қуған шортандай əне жерде бір, міне жерде бір шалып, қолына түсіре алмай келеді. Айлалы қыз бітік тарыны бетке серпе қашты. Тары толқып, бетке ұрып, жігітті бөгей береді. Енді ұстадымау деген кезде қыз мұрттай ұшты. Жігіт тоңқалаң асты.
Құлаған екеу емес, төртеу болып шықты.
— Тарыны жапырып кетті-ау, тарыны!—деп ақыра түрегелді аяқ астынан Шығанақ. К,ыз бен жігіт екеуі екі жаққа қашты. Бірінің басындағы орамалы, бірінің кепкісі қалып қойды. Шығанақтың өз құлақшыны да ұшып кеткен еді. Бас киімдерді жиыстырып, алдына салып қарап тұр.
— Мынау Жанботанікі. Мынау Амантайдікі. Соққандардың жер таппағандай үстімізге келіп құлауын. Қиратып кете жаздаған жоқ па!
— Бұл ойындары ма, төбелесі ме?— деді Сергей, үстінің топырағын қағып жатып.
— Ойындарының өзі төбелеске бергісіз. Ана қыз суды жолдан бұрып алған ғой...
істеп отырған жұмыстарына қайта кірісті. Баланың ойыны тəрізді. Екеуінің қолында екі пышақ, тарыны пырт-пырт қырқып отыр. Бір метр жердің тарысын қырқып алған соң ашыққа шықты. Шығанақ сүр шекпенді жайып тастап, екеулеп қолмен үкті.
— Сіздің шамаңыз қанша? Есептемей тұрып айта аласыз ба?— деді Сергей.
— Екі айтқанды ұнатпайтын едім,— деп Шығанақ жымыңдап қойды.— Осы шіркін жүзден асып кеткен сияқты.
— Мен, жетсе де даусым қарлыққанша айғайлар едім.
— Онда айғайлай берсең де болады.
— Көз жетсін де əуелі.
— Бəсің бар ма?
— Сізбен таласқым келмейді. Дəлелін айтсаңызшы.
— Дəлелі көп қой мұның,— деп алып, Шығанақ əңгімені əріден қозғады.— Тұқым себілген соң үш күннен кейін дəн тегіс жер бетіне шықты. Осының өзі жақсылықтың бір белгісі. Содан бастап шыққан дəнді мəпелей бердік. Егін жауы — арам шөп. Шөп жердің өз баласы, егін өгей баласы. Қарамасаң қағажу қылады. Менің звеном арам шөпке пықпырттай тиді. Көріп отырсыз, бір тал шөп бар ма, осы егінде?
— Ол енді белгілі нəрсе ғой.
— Белгілі болса да, дəнді шөпке жегізіп, бірсыпыра жұрт шөп орады. Егінді суару да белгілі. Тарының жаны су. Соны біліп істеп жүр ме?
— Сіз қалай суарасыз?
— Жерге судың тегіс жайылуын өз көзіммен қадағалап отырамын. Егілген жердің ең азы — алақандайы да сусамау керек. Шығыр сорлының шамасы бұған келді ме? Машина ғана көзді ашты.
— Неше дүркін суарасыз?
— Сирек суарып, бір құйғанда қарық қылғаннан жиі-жиі, шақтап суарған артық. Шақтап суарсаң бойына баппен тарап, үздіксіз өседі. Тарының бұл мінезін байқаған соң мен төрт рет суаратын болдым.
— Мерзімдері қандай сонда?
— Ренжісең де айтайын. Мерзімді бұздым азырақ,— деп Шығанақ қарқ-қарқ күлді.— Мерзімді сіздер тарының бойына қарап белгілепсіздер. Ол дұрыс. Бірақ ойына да қарау керек емес пе? Бой өскенмен, ой өсе бермейді. Мен соны байқап, біріншіде — бес-алты құлақ шыққан кезде, екіншіде — тары бас жара бастағанда, үшіншіде — сүттене бастағанда, төртіншіде — пісіп келе жатқанда суардым. Суды жаппай жібермей, атызатызбен кезек жіберіп отырдық. Жаңағы екеуінің жанжалы сол кезектен шыққан.
Сергей блокнотын жанына жайып тастады. Қолы тары үгуден босамаса да, ара-арасында бір жазып қояды.
— Бүртекелдеп отырған жоқсың ба, бала?
— Қойыңызшы, мен милиция ма?— деп шамданып қалды Сергей, Шығанақ жымың-жымың етеді.
— Дүржығұл, Жүсібəлілердің сүйегі шірісе де, осы бүртекелі шірімейақ қойды.
— Мұның енді өсіруін білгенде, оруын да білетін шығарсыз. Пісіп қапты ғой.
— Əлі ертерек. Үштен екісі піскенде бытырлатамыз.
Əңгіме біткенше тарының үгуі де, санауы да бітті. Агроном жазып есептеп жатыр. Шығанақ бұдан бұрын талай рет ауызша есептеп, қорытындысын шығарып қойған.
— Бір шаршы метр жерде орта есеппен алғанда үш жүз сабақ. Əр сабақта екі мың дəн бар екен. Мен өлшеп келе Қояйын,— деп Сергей атына жүгірді.
Ол кеткен соң Шығанақ орнынан тұрды. Көңілі демделген қарт жай басып, жан-жағына байыппен қарап, тары тоғайының ішіне қайта енді. Өзі өсірген қалың тоғай өзін де бір таңдандырған сияқты. Түбіне үңіліп, сақалынан сипап, қаз мойын тарыға қалжыңдап қояды:— Теке сақал жарықтық, қырық,— деп тұрған жоқсың ба?
Сүйсінген сайын көңіл толып, толған көңіл тереңдей түсті. Тарылар басын ауырлап, бір жағына ауытқып кеткен. Толыға келе құлап қалатын түрі бар. Құламаса екен деп əр сабақты бір ұстап түзетеді. Түзелмейді.
Миллион сабаққа тіреуіш қойып тағы болмайды. «Əттең дүние, өсе берсе, құлақтар түбінен балапандай берсе» деп құнығады, «Құлатпаса, құлатпаса» мен бұл тоғайдан шықты.
Екінші тоғай жапырыла құлағалы тұр.
— Мынау «арам» неме, қайтеді жаным-ау!— деп басын шайқады. Осы «арамды» көп айналдырып, бір түбін жұлып алып шықты. Үгіп көріп арамдығын таппаған соң, адалмен араластырып:
— Айыршы қане? Арамы қайсы, адалы қайсы!—деп бір уыс тарыға қадалып отыр. Айыра алмады. Айыра алмағанына қуанып кетті.
— Ат ариды, жем керек. Жер ариды, оған міне осы керек. Сонсоң құлатпасаң болғаны. Кете береді екен бұл!— деп орнынан ұшып тұрды. Қуанышын айтқанша асығып, жан-жағына қарағанда, көзі Олжабектің төбесін шалып қалды.
— Əй, Олжабек, бері кел!
Ол саспай жүріп келеді. Келгенше тықыршып тұр.
— Қашқын Олжабек. Бас аяғыңды! Тұқымшы Олжабек, сушы Олжабек, құт Олжабек, бассаңшы аяғыңды?
— Е, не болды?
— Жамал келді!
— Аһ! — деді Олжабек. Кетпені қолынан түсіп кетті. Аузы аңқиып қалды.—Қайда?!
— Міне!— деп Шығанақ тарыны көрсетті.— Есіңде ме, бұл əлгі Сергейдің боқтығына шыққан тары. Құлатпау амалын тап!
— Ту, шын екен деп қалсам. Бəсе. Жамал қайдан келсін.
— Жамал сенің ғана қуанышың. Мынау сенің де, бүкіл елдің де қуанышы, қуанбайсың ба?
— Осының қызығын ел қатары бала-шағам көрсе, қуанбақ түгіл жарылып кетер ем. Жиғанда ие жоқ, далбаса бір дүние де біздікі.
Қайғысын сыртына көп шығармайтын Олжабек қамығып тұр. Елден кетті, ел тапты. Еңбек етті, мал тапты. Жамалдай бірақ жар таппады. Еңбеккүнге тиген тоқсан пұт тарының міні құрамай біреудің үйінде, бəйгеге алған қызыл тайынша сиыр болып біреудің қолында, үлкен кісіден киім алмай, сұрап алған кездемесі біреудің əбдіресінде — бəрі Жамалға, Сағынтайға сақтаулы. Мынау бітік егіннен тиетін мол үлесін қайда қоярын да білмейді. Опырып істей береді. Дүние жиыла береді. Осы кім үшін? Қайда қалады?— Деп кейде ішінен тынады. Жамалым, Сағынтайым ше!— деп тулайды жүрек. Күтеді, келмейді. іздейді, таба алмайды. Тулаған жүрек жуасып, сол кезде Олжабектің иығы салбырап кетеді.
Көп адам махаббатын қолға алып, айғайлап жүр. Мақтана ма, саудалай ма? Түсінбейді Олжабек. Өзінікі жүрек басында, өзі ғана біледі. Жүрек өлгенде бірге өледі. Осыны ең жақыны Шығанақ та абайламапты.
— Үйленсеңші. Тұғырдан түсіп тұрсың ба!— деді Шығанақ көңілін көтермекке.
— Үйлену оңай. Үйлесу қиын,— деді Олжабек күрсініп.— Жамалдай жан кездесе бере ме!
— Жамалың сұлу ғой сірə, қоймайсың?
— Əй, Шығанақ-ай, сыртын айтқанша, ішін айтсаңшы. Аузындағысын жырып беретін еді маған. Менің өкшеме қадалған шөгірді, өз маңдайына қадалса екен деуші еді. Бет жыртқан пенде емес. Ойыңды айтқызбай табатын. Бар мен жоққа бірдей шыдайтын. Суыңды сүт қылып отыратын əйелім де, ақылшым да еді ғой, ол бейшара! Ұмытайын-ақ деймін-ау, ұмыта алмаймын, тіпті. Күдер үзгенше көңілім жатқа қарар емес, көз алдымда елестейді де тұрады. Өлігін көрсем арман не! Жер шетіне жаяу іздеп барар ем. Тым болмаса моласын да құшпадым.
Олжабектің көзінен меруерттей екі жас домалап кетті. Бір кезде туыпөскен елден, кіндік кескен жерден кеткен, емендей қайыспайтын Олжабекті махаббат тал шыбықтай бүраіп-бұрап жіберді.
Карт Шығанақ аңырып отырып қалды. Аз сөйлеп, көп істейтін, көп түйіп, аз шешетін тұйық жанның сыры теңіздей терең көрінді оған.
— Сүйсең осылай сүй!—деді əлден уақытта.— Тауықша шапыр-шұпыр бола қалып, бетімен кете барса, сол тауықтан адамның несі артық. Шапыршұпырды айуан да біледі. Ыстық-суыққа, аш-тоққа, қуаныш-қайғыға, ақылға ортақтаса білгенді айт. Сүйген жүрек соның бəріне көнеді. қалған жүрек қит етсе айни қалады. Сен келгелі Айымкүл Үш байға шықты. Ерғали үшті тастап, төртінші алғалы жүр.
ктем жылында бір-ақ келеді. Пайдалана білсең жылдығыңды бір-ақ береді. Тау бұзылады. Берік көңіл бұзылмайды. Беріктігіңе сенсем де, жұмсақтығыңды жоқтаушы ем. и да табылды. Жамал да табылар. Қайғырма, дос.дүние деген шіркіннің тəттісіне түшіркеніп, ащысына ашырқанбаса, адам сорлы не көрдім деп кетеді. «Аяма өзіңді. ер жүзіндегі ең көркем, ең айбынды қасиет осы,»— депті
Максим деген жазушы. Мұндайда өзіңді аямағайсың. Аядың-ақ, ери бастайсың...
Василий Антоновичтен естіген Горькийдің осы сөзін Шығанақ өз ойының пэтуесі есебінде айтты. Махамбет, Шернияз, сияқтыларды көп білетін құйма құлақ қарт тір- шілік еңбек күресінде жаңа құрал тапқан сияқты. Қамыққан Олжабекті қатайтқандай, Горькийге ішінен тағы да бір ден қойып, толықсып отырғанда, қылт еткен екі адамның басын көзі шалып қалды. Жүрегі селт етіп, қапелімде денесі мұздап кетті. Көрмеймін, ойламаймын десе де, егін ішінен қылтиған екі бас ойынан шығар емес.
Оның бірі—жақсы көретін өз қызы Ақбал. қасындағысы — көрші колхоздағы Қашқынның ұлы. Қашқын Шығанақтай болмаса да, боламын деп аласұрып жүр. Сөзін де, ісін де артық өлшеп, кем пішетін ұрт мінезі бар. Кейде қарап жүріп Шығанақпен шатасып қалады. Соның бəрін кешірсе де, Қашқынның Төкенмен жақын жүргенін жақтырмайды Шығанақ.
Екі жас оған қарамапты. Қашқынның баласы қырындап келе береді. «Осы неге келе береді?» деп Шығанақ Елеусінге бір рет түйіле қараған да болатын. Ерін қабағынан танитын Елеусін, бұл жолы танымады ма, таныса да Ақбалға таныта алмады ма, көзге тағы түсті.
Шығанақ «бұл қалай? деп ойланып отыр. Үй ішінде алалық кездескені осы. Ойын айтқызбай білетін əйелі мен баласы жат мінез шығарды. Неге шығарды? Ежіктей келе Шығанақ тағы да махаббатқа тірелді. Кəрі жүрек өткен күндерді сүзіп келіп, «сүйген болса, сөз өтпейді. Сұра!»— деп тұр.
— Ақбал, ай Ақбал!—деді сонсоң, Шығанақ дауыстап. Алыстан іздегендей, бетін əдейі басқа жаққа бұрып дауыстағанда, жақыннан қылт етіп шыға келді Ақбал.
— Ақбалжан, егініңді аралап жүрмісің? Мына шіркін бəрінен асып барады.
— Осы «арамды» маған орғызыңызшы?— деп күлді Ақбал.
— Кім орса да, ақсақ молда адалдап берген,— деп Шығанақ та күлді. Ақырындап аттап, баласының бетін байқағалы келеді.
— Көрші колхоздардың күйі нешік екен, тілдескенің бар ма?
Олжабек үндемеді. Ақбал қайырды жауабын:
-— Жаман көрінбейді.
— Қашқын шіркіннен не хабар бар?
Ен, тəуірі сол.
Машина сұрап жүр еді. Онысы не болды екен?
__ Алмақшы бопты ғой.
__ Е-е, жақсы болған екен. Менімен кикілжіңі бар еді, көп келмейді.
__ Арадағы сез шығар.
— Кім біледі екі ұрық антұрғанды.
— Ақкөңіл кісі өзі.
. Соның, баласы ештеме істей ме, осы?—деп Шығанақ ештеңе сезбегендей аңқау қарады Ақбалға:
— Еңбеккүні менімен бірдей.
— Жақсы екен. Тек əкесінің мінезі жұқпасын де.
— Əкесіне тіпті ұқсамайды ғой,— деді Ақбал. Шығанақ осы арада баласын ұғынып жеткендей болды.
— Елеусінге айтшы, ертерек қайтсын үйге. Сол антұрғанның, дəм кезегі бар еді...
Ақбал əкесінің сөзіне жылып кетті. Тарының тасасына түскенде аяғын жүгіре басты...
Бұл кезде шын жүгіріс тары сыртында, ауыл мен екі арада еді. Сергей үккен тарысын таразыға өлшеген соң, атына міне шапты. Ермағамбет, Кəрібай, Шəңгерейлер құрғақтағы егісті көруге кеткен. Солардың алдынан шығып, бəрі қоса шауып келеді. Қалың тарыға тірелгенде аттарынан түсе қалып, жаяу жүгірді. Арғымақ Сергей ең алдында, есік пен төрдей жерді бір-ақ аттайды.
— Рекорд!
— Рекорд!— деп, келе Шығанақты көтеріп алып қақпақылдай бастады бəрі!..
Агроном Сергей алқынып тұрып қорытындысын естіртті:
— Шаршы метр жерде үш жүз сабақ. Əр сабақта мың жарым, екі мың дəн. Жүз дəн жеті грамм. Сонда бір гектардан жүз жиырма бес центнер.
Жер жүзіндік рекорд! Ешкім ешуақытта жеткен емес, бұған!
V
Жер жүзі дүңк-дүңк етеді.
— Жер шұрайы бермегенді, қураған дала берді!
— Ғалымдар таппағанды оқымаған дана тапты!..— деп дүңкілдейді. Шығанақ сөзі ауыздан ауызға, Шығанақ суреті қолдан қолға кетті. Өзін біресе самолет алып ұшады, біресе поезд алып қашады. Москва мен Алматы қақпақылдап, ортадағы Ақтөбе алақанын жайып тұр.
Ойыл мүлде аңырып қалды: Шəңгерей шыж-шыж етеді:
— Жұмыс істетпеді! Неме керек осы ахаху!—десе Зəру бəйбіше де:
— Шалымызға зар қылды ғой,— деп қостап қояды, Елеусіннің қаупі бəрінен зор.
— Шықаңа ие бол. Тым көтермелеп кетті...— деп Амантай антұрған қуыстандырып қойыпты.
Шығанақ шаршап жатыр. Осының бəрі көңілінде сайрап жатыр. Поездан түскелі маза жоқ. Жалаңдаған көп тілші бірін жөнелтсе, бірі қарындашын суырып тұра қалды... Суретші дегендер жан-жағынан сыртылдатып жүргізбейді. «Жұмысшылармен дидарласпайсыз ба?», «балалар сізге ынтық» еді деп, біреулер үйді жаңа ғана босатты, Бəрін жөнелтіп, енді тыныштық ала бергенде, есікті тағы қақты.
— Кіріңіз,— деді Шығанақ амалсыздан.
Кіруші ұзын бойлы, ілмиген қарт екен. Көзінде көзілдірік, қолында папка. Тілі күрмеліңкіреп сөйлейді. Арыстай боп жатқан Олжабекке, тізесін бүгіп құнтиған Шығанаққа кезек-кезек қарап тұрып:
— Мен художник боламын,— деді де жалма-жан папкасын ақтара бастады.— Айыпқа бұйырмаңыз, жоғалтып алыппын. Əлгі, тарының маманы қайсыңыз боласыз?
— Екеуміз де.
— Қап, жазып-ақ алып едім...
— Жоғалтпаса қартая ма кісі. Нешедесің, замандас?
— Алпыстамын. Қарғыс атқыр кəрілік қашсаң да қоймайды.
— Құрдас екенбіз. Қашып қайда барамыз.
— Япырай, таппадым. Аты тілімнің ұшында ғана тұр. Əлгі ең мықтысы...
— Е, ол ана кісі,— деді Шығанақ. Құрдасының түрін көрген соң қалжыңдасқысы келді азырақ. Олжабек ұйықтап жатыр. Художник оята алмай, қарай береді.
— Қажет болса мен оятайын.
— Рұқсат етсе, суретін салмақ едім...
— Ететін шығар.
Олжабекті оятып:
— Мына кісі суретіңді салғалы келіпті. Ал, сала беріңіз,— деді де Шығанақ шығып кетті. Үндемес Олжабекті отырғызып қойып, художник қолға алып жатыр.
Тыныштық іздеген Шығанақ жоғарғы этажға шығып, қалтарыстағы диванға келіп отырды. К,аба сақал, бір шонжар тағы отыр. Сөз əлпеті, бұ да ығыр болғанға ұқсайды:
— Осы даң-дұңның өзі қарт кісінің қолы емес,— дейді баяулап. Шығанаққа айтпай, өзіне-өзі айтқан сияқты. Қарамайды, қозғалмайды. Кəрліктің де бабын табу қиын. Қызу шақты, топ
жиынды көксеп көйгей тартқан көкірек, осындайда керден, етіп жалт
береді,— деді Шығанақ.
Сол көңіл дегеннің өзін еркіне жібере берсе опқа шығады. Оның өзін тізгіндеп ұстаған жөн. Е, жіберіп-жіберіп алған жақсы да. Арындап маза бере ме, əйтпесе.
— Арындағанның бəрін күш кернеп тұрмайды. Сор қысатыны да болады.
— Сор шықпай, бақ келген бе. Шықсын сол, қайта.
— Сордың бəрі бақ əпермейді. Осының өзін тереңірек ойласа деймін. Бізде Бекбау деген бір жігіт бар. Қарап отырғанша, əңгіме болсын. Жұмыстан қалмайды. Қара тақтадан түспейді. Жалқау емес, салқам. Берген сайманды жоғалтады, не бүлдіреді. Ең ақыры қамыт бау да шақ келмеді. Соның бейнетін, жаманатын алдымен өзі арқалайды. Жұрт демалған күндерде де онда тыныштық жоқ. Ең болмаса көшеде басын соғып жатқаны. Арқырағанда айғырдан артық. Сөйтсе де үй бола алмай, табысты мандыта алмай, тапқанын ұқсата алмай келеді. Осының өзін, мен сорлы білемін. Бұл сорға бақ келсе, бақтың да қалжырағаны. Ал енді, осында көп адам жиналыппыз. Құлақ салсам, жұрт бізді «өңкей ығай мен сығай» деп жүр. Соның ішінде мен де болуым керек. Өзіме қарағанда осы «ығай мен сығайлар» бұрынғы сорлылар сияқты. Мынау қолдың тұрпатын көресіз бе? —деп қаба сақал қарт сөзін бөлді де, алақанын жайды. Саусақтары сүймендей, алақаны теріліктей көрінді Шығанаққа. Күстері қопсып, құрыстары жазыла бастаған екен.
— Ащы и, қатты қайыстың істегені. Осы сорлы қол бүгін баққа жетті. Бақ дегеннің өзі: денсаулық, жанған еңбек тағы. Шығанақ деп жұрт шулайды. Бұрын болдым дегендер бір болыс елден көп аспайтын. Ол жер жүзінен асты Деп естимін. Еңбекті кім істемей жүр. Бірақ ұқсата бермейді. Ұқсатсаң — бақ. Ұқсата алмасаң — сор.
Шығанақ қапелімде тосын қарттың тұлғасына ғана сүйсінген еді. Енді іші де мығым екен деді. Сөзін баппен айтып, «осының өзін» деп нықтап қойғанда, Олжабектің əкесіме деп қалады. Əңгіме еңбекке тірелген соң шонжар қартпен шүйіркелесе сөйлесті.
Дұрыс айтасыз. Бақ пен сордың əкесі еңбек. Бізде де бір Бекбау бар. Аты Қабыш,— деп Ойылда қалған құрдасын есіне түсірді.— істегені көп, ұқсатқаны жоқ. Енді жұртта қалған жүн-жұрқаны тере бастады. Жұртта жатқан бақты естіген емен. Ол шіркінің арыстанның аузында, шыңыраудың түбінде жатады ғой. Аянбай қимылдап, айласың таппаса алдыра ма. Менімен бірге Олжабек деген жігіт келді. Соның, маңдайының соры тура төрт елі болатын. Қазір тоғыз жүз еңбеккүн тапты. Сор енді маңынан жүріп көрсінші!
— Жүрмейді!—деді қаба сақал қарт сөзді бөліп.— Біздегі бір сорлы əйел жүз саулықтан жүз жетпіс бес қозы алды. Ол да осында келді. Көрерсіз қазір, ханым сияқты.
— Өзіңіздікі қанша?
— Біз енді қартайдық қой. Жеті жүзден аса алмадым. Бірақ еңбеккүніміз күйсіз емес. Сіздердікі ше?
— Біздің еңбеккүніміз, тіпті семіз шықты биыл. Гектарынан жүз жиырма бес центнерге дейін алдық.
— Е-е, Шығанақтың колхозынан екенсіз ғой.
— Сол Шығанағыңыз мен боламын.
Қарт басын көтеріп алды. Кісіге тура қарамайтын қара көзі Шығанаққа қадалып қалды. Орнынан жаңа ғана тебіренді. Үлкен құлашын барынша жайып тұр.
— Кел, құшақтасып амандасайық!
Екеуі құшақтасып жатқанда бір əйел қастарына келіп тұр. Сынап тұрғаны, сүйсініп тұрғаны белгісіз. Езу тартып күлгенде маржандай тізілген ақ тісі жарқ етті. Мөлдір көзін көп қадамай, қап-қара ұзын кірпігін түсіріп жіберді де, диванның шетін ала отырды.
— Осының өзі неге тұрады!—деді қарт, қайта жайласқан соң.— Шұрқырасып қосылғанға ештеңе жетпейді!
Тып-тыныш отырған əйелдің көзінен домалаған жас коверкот пальтосінің етегіне сырт-сырт тамып кетті. Əйел сезбеген сияқты. Өңінде өзгеріс жоқ. Тек, жасты сығып қалғанда ғана көз құйрығындағы əжім анық көрінді. Өңі сынық, киімі түзік. Ақсұр бетінің дəл ұшындағы қара мең қарашықты өзіне суыра тартады. Кең отырып, қымсынған болады. Жай отырғансып, бəрін байқап отыр.
Жібек мінез, түсі шүйгін əйелді Шығанақ та байқап қалды. Қала адамы, дала адамы екенін айырған жоқ. Ақшыл бетте екі тарам жол жатыр. Шаттық жолы ма, қасірет жолы ма?—деп əлсін-əлі қарайды. Тани алмайды. Түбіт шəлісін тамағына орай байлаған. Кең маңдайы, үлпе бұғағы сібірлеген таң сияқты, айқын көрінбей, ақшыл сəуле ғана білінеді. Қозғалмайды. Сөйлемейді. Ол қозғалса қаны қызып кеткендей, ол сөйлесе самал бүркіп сепкендей, Шығанақ аңсап отыр.
Қаба сақал қарт Шығанақты да, əйелді де байқаған жоқ. Тұңғиық қарасудай түнеріп отырып, жел үргендей беті бір жыбыр етті:
— Осы, сіздің жердің өзін жайсыз деседі. Біздің жақтың адамы тұра алмаса керек. Сондай жерден осынша егін алу ғаламат боп көрінеді маған.
— Жеріміз тым қатыгез, тым сараң. Сырын тапса, одан мейрімді, одан береген өтпейді. Бермес сараң болмас, сұрауы табылмас. Жұрт кейде білмей айтады. Ғалымдар ең жақсы дəнді біздің жерден тапқан. Америкаға жайылған ақ бидай біздің жерден шыққан деседі. Жаман жерде жел ескен. Жақсы жерге ел көшкен. Он екі ру Байұлы, алты арыс Ақкете жайлаған жер жаман бола ма? Жақсысын ала алмай, жаманын жеңе алмай жатырмыз ғой, əйтпесе...
— Əлі де мүддең бар ма?—деп қарт жуан кеудесін Шығанаққа бұра қарады.
— Жеткенімнен жетпегенім көп сияқты.
Екеуі де кілт тоқтап, бір ойға бойлап кетті. Əйел ақырын ғана екеуін көз құйрығымен сипап өтті.
— Тамақты бүгін қайдан ішесіз, ата?—деді əлден уақытта əйел, назқоңыр дауыспен.
Қарт жаңа ғана көрді əйелді.
— Осында дайында, балам. Айырмен жеудің өзін біле алмай, қолмен жеуге ұялып, атаң қысылып жүр ғой, Екі шал еркін отырып, жиылыс ашылғанша қаузанып алайық.
Əйел сөз қайырмай тұрып кетті. Шығанақ білгенше асықты.
'— Бұл кісі қандай балаңыз?
— Тумаған бала. Туғаннан кем емес. Əлгі жүз саулықтан жүз жетпіс бес қозы алған осы кісі.
— Жолдасы бар ма, өзі келісті адам екен.
— Əзір жоқ.
Шығанақ енді Олжабекке алып бергенше асықты. Сөзді Қалай бастарын, ретін қалай табарын біле алмай тықыршып отыр.
— Шіркін, біздің Олжабекке қисыны келіп-ақ тұр екен,— деді бір кезде. — Жоқ. Күткені бар.
Тұжыра айтқан қарт сөзі Шығанақтың үмітін шорт кесті. Жақсы түс көріп оянғандай, əйел сонда да көңілінен шықпайды.
— Құтырдың ба, Шығанақ! Құтырған шығарсың! — Деп Олжабек келеді.
— Неге құтырам, қарап отырып.
— Біреуді босқа əурелегенің не?
— Өзі тіленсе ұстап тұрасың ба?
Папкасы будырап художник те жетті. Олжабектің, бет бейнесін салып қана үлгірген екен. Танауын əлі салып болмапты. Саңқиып тұр.
— Шығанақ жолдас, мұныңыз қалай! Мен искусствоның адамымын. Сіздің бейнеңізді бақи қалдырмақ едім.
— Құрдас кісі ойнай береді. Мынаның танауын келістірген екенсің.
— Əй, қарғыс атқыр кəрілік! Қашан келейін енді?
— Аузыңнан арақ иісі арылғанда кел.
Художник тайып тұрды. Ол кеткен соң:
— Үлкен сор осы мастық!— деді де шонжар қарт орны¬нан тұрды.— Дам татыңыздар. Жол азығын бөліп жеген қандай жақсы.
«Ауылдың алдыңғы адамдары, қош келдіңіздер!» деген сөз əр этажға, əр қақпаға, көше бойына тегіс жазылған. Қарасаң көз тұнады. Алматы қызылға бөленіп, тумен бірге толқып тұрған тəрізді. Келген адамға гостиница лық толы. Колхоз құрылысында өзгеше көзге түскен өңкей ығай мен сығайлар. Соның ішінде бір кезде колхоздан қашқан Олжа¬бек те жүр. Ол, осы сый-құрмет, мəртебені көрген сайын Жамалын есіне бір алады. «Неден қашып, неге ұрындым?» деген өкініш екі қарттың соңын ала үйге енгенде де қоса еніп еді. Өзімен-өзі болып төмен қарап отыр.
Қонақтар келгенде теріс қарап, шкафтан дəм алып тұрған жаңағы əйел екі қолында екі тəрелке, бері бұрылғанда қалшиып қапты. Тəрелкелер қолынан түсіп кетті. Қара көзі шатынап шарасынан шығып барады.
— Ол-же-ке!— деуге-ақ келді тілі.
Олжабектің де есі шығып кеткен.
— Жамал!— дегенде ашылған аузын жаба алмады.
— Түсім бе? Өңім бе? Жоқ, түсім, түсім... қазір оянып кетем...— дейді əйел. Жас балаша аяғын дір-дір басып жақындап келеді. Олжабек ұшып тұрып құшақтай алды.
— Жамалым, Жамалым!
— Олжеке, Олжеке!..
Достарыңызбен бөлісу: |