Құрамындағы сыңарларының саны қалыпты құрмаластағыдай екеу ғана емес, үш немесе одан да көп болып келетін



Дата08.09.2017
өлшемі110,98 Kb.
#31753
түріҚұрамы
Мейірманова Г.С – Қазақ филологиясы кафедрасының доцент м.а., ф.ғ.к.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты



Тараз қаласы



Көсемшелер арқылы жасалған күрделі құрмалас сөйлемдер
Көсемшелер күрделі құрмаластар жасауда түрлі қызметтерде жұмсалады және талданады. Құрамындағы сыңарларының саны қалыпты құрмаластағыдай екеу ғана емес, үш немесе одан да көп болып келетін құрылымдар тіл-тілде әр түрлі аталып жүр. Мәселен: иран тілдері жүйесіне енетін осетин тілінде бұл-күрделі синтаксистік бірлік (К.Е.Гагкаев) деп аталса, моңгол тілдерінде - құрмалас сөйлемнің күрделенген конструкциясы (Г.Ц.Пюрбеев) деп, орыс тіл білімінде - көп компонентті құрмалас сөйлемдер (Н.Н.Холодов, Г.Ф.Калашникова), құрмалас сөйлемнің күрделенген типі (М.В.Симулик) полипредикативті сөйлем (Г.П.Уханов), молдово тілінде - күрделі синтаксистік комплекс (НАКорчинский) және румын тілінде де осылайша (Х.Тиктина) аталады [1,2, 21].

Етістіктің функционалды екі түрінің есімше, көсемше аталуы құрылымдық жағынан бірдей болғанмен, ұғымдық белгіге сүйенуі басқа-басқа. Есімше ішкі лингвистикалық ұғымға сүйеніп жасалған болса, көсемше сыртқы құбылыстық ұқсастыққа сүйеніп жасалған.

Осыған байланысты қазіргі қазак тіл білімінде есімше есімдік қасиетінің (әсіресе, сын есімдік) молдығынан есімше аталғандықтан, көсемшені де үстеуше деп атайық дейтін ұсыныстар бар. Ұғым жүйелігін сақтау тұрғысынан алғанда, бұл әрине, қисынға келеді. Бірақ атау койылғанда әрқашан тек бір-ақ белгісі негіз бола бермейді. Қай белгісі басым, анық, көзге бірден түскіш, ұғым бірден қонымды, сол жағы бірінші кезекте болады.

Сөйтіп күрделі құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдер жеке тұрғанда дербес единица болғанмен, құрмалас сөйлем синтаксисі тұрғысынан алғанда күрделі құрылым құраудың шоғырланған тұтас материалды бөлшегі болып табылады. Құрмалас сөйлем тұрғысынан келгенде оларды сөйлем, сейлем емес деп таласудың еш қажеттілігі жоқ.

А. Байтұрсыновтың айтуында, бағыныңқы сөйлем - бітпеген шала сөйлем. Басыңқы сөйлем болмаса, толық мағына оның өзінен шықпайды. Бағыныңқы сөйлем - басыңқы сөйлемнің шылауындағы ғана қосымша есебіндегі сөйлем. Мұндай сөйлемдер екінші сөйлемге сүйеніп қана сөйлем дәрежесіне кіреді [3,303]. Бұдан бағыныңқы сөйлемдер сөйлем дәрежесіне жетпеген құрылымдар деген түсінік тумауы керек. Олар сөйлеушінің қажетіне қарай тиянақты ойды білдіріп, жеке тұрып та қолданыла алады. Мысалы: Аспанның қызылы ыдырап, төңірек бұлдырай бастаганда біз бір селенге келіп кірдік (Ш.Мұртаза).

Сөйлемді Аспанның қызылы ыдырады. Төңірек бұлдырай бастады. Сол кезде біз бір селенге келіп кірдік деп үш жай сейлем етіп құруға болады. Яғни, құрмаласты қүраушы бөліктер тиянақты ойды білдіретін өз алдына жеке-жеке сөйлем бола алады.

Екі сыңардан құралған себеп пен салдардың қатынасы тілімізде әр түрлі тәсілдермен берілетіні белгілі. Салаласа құрмаласу кезінде жалтаулықтардың қолданылуы сыңарлар арасындағы себептік қатынасты айқын көрсетіп тұрады. Сондықтан көсемше формалы бағыныңқыларда себептік мағына бар-жоғына көз жеткізу үшін себептік мағына айқын көрінетін осы жалғаулықты тәсілдерге және бағыныңқы жасаудың төл тәсіліне салып айтып керу керек.

Синтаксистегі сөйлем пікір алысуды, қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ететін тілдік материалдардың біртұтас бөлшегі деген талапқа Аспанның қызылы ыдырады деген де, Аспанның қызылы ыдырады, төңірек бұлдырай бастағанда біз бір селенге келіп кірдік те сай. Бұндағы айырма ойдың жай, күрделілігіне байланысты.

Ал бірдей лексикалардан құралған бірінші жай сөйлеммен екінші құрмаластағы бағыныңқының арасына теңдік белгісін қоюға болмайтыны түсінікті нәрсе. Бағыныңқы компоненттің баяндауышы қызметінде, әсіресе, көсемшенің -п формасы көп жүреді. Оны сабақтас құрмалас сөйлем жасаудағы қолданғыштығы жөнінде етістіктің шартты рай, есімшенің -ган форкаларымен қатар қоюға болады. Қазір тілімізде сабақтас сөйлемдердің тоғыз түрін танитын болсақ, соның жеті түрін (амал, мезгіл, себеп, мақсат, қарсылықты, үлестес, шартты) жасауға көсемше формалары қатысады екен.

Қазақ тіліндегі амал бағыныңқылы сөйлемдер синтетикалық тәсілмен де, аналитикалык тәсілмен де жасалады. Алғашқы тәсіл көсемшенің -п, (-ып,-іп); -а,-е (-ма)-й жұрнактары аркылы жүзеге асады. Ал аналитикалык тәсіл бір ғана жолмен болады. Мұнда бағыныңқы сөйлем баяндауышы басыңқы сөйлеммен шылау мәндегі деп көмекші етістігі арқылы байланысады. Көптеген амал бағыныңқылы сөйлемдерде бір субъект формальды түрде екіге жарылып, екі грамматикалық бастауыш болып тұрады. Жалқы және жалпы есімнен болған бастауыштар екінші сыңарда есімдік түрінде қайталанып қолданылады.

Көп бағыныңқылы сабақтастар қазақ синтаксисінде бірыңғай көп бағыныңқылы және сатылы көп бағыныңқылы деп екіге бөлінеді. Біріншісінде бағыныңқы сөйлемдер басыңқысымен бірден тікелей байланыса алады. Бірнеше бағыныңқылардың басыңқы. компонентке бағынуы өзара бірыңғай теңдестік дәрежеде болады. Мысалы: Басы салбырап, иығы түсіп, денесі былық-сылык етіп кетті. Мойны сорайып, басы бүгіліп, қолы денесіне жабысып сіресіп калыпты (Ж.Аймауытов). Бұл құрмаластардың әрқайсысында үш-үш сөйлемнен бар. Алдыңғы бағыныңқылардың әрқайсысы басыңқымен жеке-жеке тікелей байланыса береді.

Байқап отырғанымыздай, жоғарыдағы сөйлемдердің бағыныңқылары әр түрлі тұлғада келіп отырады. Бағыныңқы сөйлемнің ең соңғысы өзінен бұрынғыларды мәндік үйлесіммен жетектеп, бір жерге шоғырлаңдырады да, оларды өзі арқылы басыңқымен тығыз мағыналық қарым-қатынасқа түсіреді. Сондықтан да осылайша сатылай байланысу түрінде соңғы бағынынқы сөйлем бірден-бір шешуші рөл атқарады. Ол өзінен бұрынғы бағыныңқыларды басыңқымен байланыстыруда аралық дәнекер қызметке ие болып тұрады.

Қазіргі қазақ тілінде кесемшелердің жоғарыдағылармен қоса, баяндауыш қызметінде жіктеле келіп, шақты білдіретін мағынасы да бар [4,5]. Әрине, бұл - көсемше жұрнақтарының негізгі қызметтерінің бірі. Мұнда көсемшелер жеке-дара сөз есебінде қолданылмайды. Шақты білдіретін көсемше жұрнақтары негізгі және туынды түбірлерге, күрделі негіздерге тікелей де, қажетінше етіс жұрнақтарынан соң да немесе амалдың өту сипатын білдіріп, реңк жамайтын жұрнақтардан кейін жалғанып барып жіктеледі.

Күрделі тұлғаның о баста жай еркін тіркес болғаны белгілі. Бұлардың бірінен-бірінің қалыптасуы үстінде ешқандай формалық өзгерістің болмағаны байқалады. Өз алдарына жеке-жеке көрсеткіштері жоқ күрделі етістіктер мен етістіктің жай еркін тіркесін бірінен-бірін ажыратуда олардың құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы өзді-өзіне тән бастапқы лексикалық мағыналарын түгел сақтап тұр ма, сөйлем ішінде алды-алдына жеке сұрауға жауап беріп, дербес мүше болып тұр ма, жоқ әлде керісінше ме - осылардың бәрі негізге алынады.

Көсемше формалары арқылы байланысқан қос етістік әуел баста сөйлемнің жеке-жеке мүшесі болғандығы, одан кейін барып бөлшектенбейтін бір күрделі мүшеге айналғандығы және сол күрделі мүшенің өзі іштей бірнеше топтарға сараланғандығы ешқандай формалық көрсеткіштің қатысуынсыз-ақ бірінен-біріне өтіп жатқан құбылыстар сияқты. Ал анығында бұл көсемше формаларының көпмағыналық сипат алуымен тығыз байланысты.

Қазақ тіл білімінде күрделі құрылымдарға алғаш назар аударған А.Байтұрсынұлы болатын. Ақаң күрделі құрылымдар туралы "Тіл құралында" ғана айтпаған, "Әдебиет танытқышында" да айтқан болатын. Ғалым бұларды өрнекті сөйлемдер немесс оралым деп атап, олардың төмендегідей мағыналық тоғыз түрін көрсетеді: себепті оралым, мақсатты оралым, ұқсатпалы оралым, қайшы оралым, шартты оралым, жалғасыңқы оралым, серіппелі оралым, айырыңқы оралым, қорытпалы оралым [6,376].

Көсемше формалары арқылы байланысқан бағыныңқы сыңарлары бар мына бір күрделі құрмаластарды талдап көрелік: Жеңіл күйменің дөңгелегі қиыршық жолдың үстін қытырлатып келеді, қос қараның тағалары тасқа тиіп, караңғыда от жарқ ете қалады (Ш.Мүртаза).

Асан жылқысын суартып, Үсен бие байлатып жатканда, Шешенбай келіп, үлкен үйдің жанына атын байлап, үйге кіріп бара жатқанын Зылиқа көрді де, жіті басып келіп тыңдап тұра қалды (Шәкәрім).

Бір рет көзім түсіп кетті, аузы ыржиып, тісі ақсиып, қасыма келіп қалған екен (Б.Майлин).

Байқап отырғанымыздай, көп сыңарлы салалас сөйлемдерге қарағанда, әртектес байланыста келетін аралас сейлемдерде құрылымдық-мағыналық тұтастық мықтырақ болады. Ал көп бағыныңкылы сабақтастарда тұтастық алдыңғы екеуінен де жоғары болады. Өйткені оның құрамына енетін жай сөйлемдер мағыналык жағынан да, тұлғалық жағынан да тиянақсыз. Сонымен:

1. Сөйлем жай болсын, күрделі болсын сыртқы ой жалғыз. Сөйлемнін кұрылысы күрделенген сайын ой да күрделенеді, бірақ екеу болмайды, көбеймейді.

2. Жеке-жеке түрғанда өз алдына дербес ойды білдіретін жай
сөйлемдер күрделі құрылымның құрамында күрделі ойды
күраушы бөліктерге айналады, предикативтілігі солғындайды.

3. Формальдық тұрғыдан алғанда, күрделі құрылымдарды
қүраушы беліктердің саны ондағы жай сөйлемдердің санымен
өлшенеді. Бірак құрмаластардың ішінде болатын мағыналык
қатынастар сол жай сөйлемдердің санына тең болмайды.

4. Мағыналық тұрғыдан алғанда құрмалас пен жай сөйлем,
жай сейлем мен құрмалас, құрмалас пен кұрмалас қатынасқа
түсе береді. Яғни күрделі құрылымды құраушы жай сөйлемдер мен ішкі мағыналық қатынас құраушы компоненттер саны да тең болмайды.

5. Кейде жалаң ой құрмалас сөйлеммен немесе керісінше,
күрделі ой жай сөйлеммен беріле береді. Сондықтан жай сөйлем мен құрмалас сөйлем бір-бірімен тек семантикалық жағынан ғана емес, кұрылымдық жағынан да ерекшеленеді. Яғни
сөйлемнің негізгі бұл екі түрінің арасындағы өзгешелік сандық
өзгешелік, сапалық емес.

6. Көсемше жұрнақтары арқылы күрделі құрылымдардың екі
түрі жасалады. Олар көп бағыныңқылы сабақтастар мен аралас құрмалас сөйлемдер. Құрамындағы жай сөйлемдердің баяндауыштары үнемі тиянақты тұлғада келетіндіктен, көсемше жұрнақтары күрделі құрмаластардың үшінші түрі - көпсыңарлы салалас сөйлемдерді жасауға катыса алмайды.
Пайдаланылған және сілтеме жасалынған әдебиеттер тізімі

1. Абдурахманов Г.А. Синтаксис осложненного предложения // К некоторым спорным вопросам синтаксиса тюркских языков// Структура и история тюркских я зыков. Москва, 2006.

2. Садирова К. Қазіргі қазақ тіліндегі көп компонентті салалас сөйлемдер // фил.ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. Алматы,2006.

3. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992.

4. Есенов Қ. Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрылысы. Алматы, 1998.

5. Күрделенген және құрмалас сөйлемдердің прагматикалық аспектісі // Тілтаным. №1. Алматы, 2006.

6. Байтұрсынұлы А. Ақ жол. Алматы, 1991.



Резюме

В данной статье дается описание функции деепричастных форм казахского языка на уровне сложного предложения. А также рассматриваются функции деепричастии в образовании многокомпонентных сложных конструкций.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет