Астана. ҚазАқпарат Қазақтың арда азаматтары Алаш туын көтерген кезеңде тусаң не істер едің, замандас?! Асылдың соңынан еріп, басыңды бәйгеге тігер ме едің
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың арда азаматтары Алаш туын көтерген кезеңде тусаң - не істер едің, замандас?! Асылдың соңынан еріп, басыңды бәйгеге тігер ме едің? Қазақтың қамы үшін қарсы келген өлімге қасқайып тұра алар ма едің? Бұл сұрақ ХХІ ғасырдағы әрбір қазақты ойландыра алар ма екен? Елдің ертеңі бұлыңғыр, келешегі күмәнді болмауы үшін Алаш деп аттан түспей кеткен арыстарымыздың өмірін парақтаған сайын төбе құйқаң шымырлайды, көңіліңе зар, көзіңе жас келеді. ...100 жылдан кейінгі көзқарас һәм таным - Алаш автономиясының ғасырлық тойы қарсаңында «ҚазАқпарат» оқырман қауымның назарына бірқатар алаштанушылар мен тарихшылардың түйген ой-пікірін ұсынады.
«Жақында бір жұрналда 1933 жылы 16 ақпанда Архангельскте түрмеде жатқан кезіндегі Ахмет Байтұрсынұлының хатын жарияладық. Ол - Пешковаға (қызыл крест қоғамының бастығы - авт) жазған хаты. «Мен өз жұмысымды ағартушылық, қоғамдық мәдениет, публицистика мен әдебиет жолына арнаған педагогпын. Ұлттың ұлы ретінде белгілі бір саяси идеяға, қазақ халқының бостандығы идеясына жолын арнаған, қазіргі режимге қарсы күрес жүргізген педагогпын. Осы үшін Патша заманында абақтыға айдалып, түрмеде отыруыма тура келді. Мен көш соңында қалып қойған ұлттың ұлы ретінде өз-өзіме қатаң талапты энтузиазммен, барлық күш-жігерім мен қабілетімді, тіпті денсаулығымды бере отырып, қазақ халқының ағарту ісіне талмай жұмыс жүргіздім. Міне енді 62 жасыма келіп, қартайған шағымда түрмеде отыруыма тура келді» - деп жазады Ахмет. Бұдан кейін Әлихан Бөкейханұлы 1933 жылы 29 сәуірде Байтұрсынұлының жағдайы бойынша Пешковаға хат жазады: «Ол қазақ халқының ағартушысы. Кирилл де, Мефодий де - Байтұрсынұлы. Ол өз халқы үшін әліпбиі құрап шығарды. Профессор Маловтың пікірінше, ол әліпби - бұған дейінгі әліпбилердің ең үздігі. Байтұрсынұлы -грамматиканың, синтаксистің, букварь мен хрестоматиялардың авторы. Бірінші классты ақын, сатирик, ол - ұлтшыл, патриот, өз ұстанымының қорықпас пайғамбары. Сол ағартушы түрмеге қамалды», - деп жазады Әлихан. ...Алаш тақырыбына байланысты біздің елде екі топты, екі ұстанымды байқауға болады. Яғни, қазақтың ұстанымы мақтайды, аспанға көтереді. Орыс ұстанымдарының кейбіреуі осы күнге дейін топырақ шашуын қоймайды. Бұл не нәрсе? Жалпы біз мектептерде болсын, Жоғарғы оқу орындарында болсын, тарихты оқытуды дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Кезінде бұл бағытта игі жұмыстар, әрекеттер жасалды. Менің ойымша, игі іс әлі де жалғасын табуы керек. Неліктен мектептерде тарихты оқыту әлі де дұрыс жолға түспей келеді? Бұған кім кінәлі? Менің ойымша, мұнда кінә оқулықтарда да, оқытушыларда да бар. Біз тарихты оқытуды жаңа жолға қойып, жаңа сапаға көтеруіміз керек. «Ректорлар корпусы» бұл бағытта жұмыс жүргізуі тиіс. Оған көп жауапкершілік болуы керек. Өйткені, Қазақстан тарихын идеологиялық пән деп таниды. Идеологиясы жоқ мемлекет болмайды. Осы тұрғыда тарихшылардың атқаратын міндеті үлкен деп білемін. Алашқа байланысты үш тұжырымымды айтып кетейін: Бірінші ұстаным - Алаш қозғалысы неге қудалауға ұшырады? Алаш неге тыйым салынған тақырыпқа айналды? Оның бір мәселесі - геосаяси жағдайда жатыр. Геосаяси жағдайды коммунистік партия, Кеңес үкіметі әдейі жасырын ұстады. Халыққа көрсетпеді. Ал шын мәнінде, Алаш арыстарын қудалау, абақтыға жабу, ату мен асудың ар жағында геосаяси жағдай жатыр. Олар жасқанды. Егер Қазақстан мемлекет ретінде аяғынан тұрып кетсе, егер Түркістан мұхтарияты күшейіп кетсе, онда империя үлкен бөлігінен айырылып қалатын еді. Империялық мүддесі әлсірейтін еді. Осы жағдайды олар жақсы білді. Екіншіден, 1917 жылғы Қазан төңкерісі нәтижесінде билікке келген Кеңес үкіметі сол уақытқа дейін отарлықта болған қазақ халқына өзін-өзі билеу мүмкіндігін күн тәртібінен алып тастап, оның орнына тек кеңестік, яғни таптық негіздегі билік жүйесін енгізетінін мәлімдеді. Басқаша айтқанда, олар Алаш зиялыларына: «Сендер ұлт мәселесін көтермеңдер. Ұлт мәселесі керегі жоқ. Таптық мәселе алға шығу керек. Сендерге біздің беретініміз - ұлттық негіздегі емес, таптық негіздегі мемлекет» деді. Бұл не деген сөз? Бұл деген - Алаш зиялыларын большевиктерді жоғары тұрғызу. Байтұрсынұлы хатында ашық айтты: «Не надо нас обманывать всякими хитроумными сплетениями. Надо сказать правду. Нам нужно национальное государство! (Бізді бос сөзбен алдаудың керегі жоқ. Шындықты айту керек! Бізге ұлттық мемлекет керек!)» деп жазды. Бірақ, большевизм өз дегенін істеді. Мен айтқан болар едім - Ленин мен Сталин, большевизм - қазақ халқының таптық негізде жіктелуін танып, соны мойындатып, үлкен қиянат жасады. Қазаққа қиянат жасады. Біз оны мойындауымыз керек. Тағы да айтарым: Алаштың осынау мерейтойында Алашқа қатысты мынадай мәселелерге назар аудармау қисынсыз болар еді. Кеңестік тарихнама 1917 жылы Алашорда үкіметін құру туралы қаулы-қарарларын негізсіз контрреволюциялық әрекет есебінде бағалады. Кеңес үкіметі Алашорданы мойындаған жоқ. Екіншіден, Алаш үкіметі құрылған, Алашты автономия ретінде жариялаймын деген жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туған шара болған. Қазақ зиялылары съезді еріккеннен шақырған жоқ. Бүкіл империя көлеміндегі анархия жағдайында халықты сақтауды ойлады. Елдің дербестігін, оның мал-мүлкін сақтау керек еді. Ал оның бір-ақ жолы бар болатын - үкіметіңді құру, әскеріңді жасақтау, өзіңді-өзің қорғау. Міне, осы қажеттіліктен туған шара болатын. Алаш зиялыларының шешімін азаматтық шешім, үлкен патриоттық шешім деп мойындауымыз керек. Екіншіден, съезд қазақ қоғамында ескі замандардан қалып қалған салт-дәстүрлер бойынша шақырылды. Ал ол салт-дәстүр қандай еді? Олар бұл туралы мақала жариялап, «барлық қазақ ғалымдары, жүздері, рулары, ең ақылды адамдарын жіберіңдер. Біз шешім қабылдаймыз» деді. Рулар ондай адамдарын жіберді. Орынборда 80 адам жиналып, қаулы қабылдады. Үшіншіден, ұлттық құрылтай Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, оның Алашорда аталатын үкіметін және төрағасын сайлады. Қорыта айтқанда, елдегі аласапыран жағдайда қазақ қоғамының барлық өңірлерінен жиналған өкілдерінен сайланған Алашорда үкіметі легитимді, заңды үкімет болатын. Алаш үкіметі осы тұрғыдан мойындауды талап етеді. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Бізге дербестік құдайдың берген бақыты. Біз оны қорғауымыз керек. Ал енді осыған байланысты тағы бір айтарым - қазақ жерінде 18 ғасырдан бері орнаған Патша билігінде, оның үстінен ысырып тастаған кеңестік биліктің легитимдігі, заңдық негізі жоқ болатын. Заңдық билік - Алашорда, соның ізін жалғастырып келе жатқан бүгінгі Қазақстан Республикасы деп білемін. Зиябек Қабылдинов: Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласын жазғанда Алаш идеясына маңыз бергені байқалады «Алаш қозғалысы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай дейді: «Біз Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен азаматтарды құрметтеуіміз керек. Алаш қайраткерлері Патшаның тақтан құлауы қазақ халқына бостандықты алып келеді деп сенген еді. Бірақ, олай болмады. Ұлттық идея үшін арыстар өмірлерін қиды, бірақ олар тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды одан ары күшейте түсті. Ол бақытты күнге жету бүгінгі ұрпақ еншісіне бұйырды. Алаш аманаты - өзіміздің тарихи мәдени бірлігімізді сақтау, Алаш аманаты - келісімді сақтау және нығайту болып саналады». Ендеше, Алаш идеясы - Қазақстан азаматтарының бірігу идеясы, болашақ дамуының айқын бағыты, егемендігімізді нығайта түсетін ұлы жол деп түсінуіміз керек. Алаш идеясы бекерден-бекер пайда болған жоқ. Біріншіден, бұл қазақ даласына Ресей патшалығы әбден орнығып, патша үкіметі Қазақстан жерін мемлекеттік деп жариялап, ең шұрайлы, сулы әрі нулы жерлерін тартып ала бастады. Қазақ даласында шоқындыру саясатын күшейтті.Үшіншіден, қазақтар мемлекеттік думада сайлау құқығынан айырылды. Төртіншіден, қазақтар ең төмен сатыда тұрды. Бесіншіден, қазақ ежелгі дәстүрінен айырыла бастады. Осының барлығы қазақ зиялыларының намысына тимей қоймады. Осы себепті Орта Азия елдерінде ең мықты Алаш қозғалысы дүниеге келді. Ұлт мүддесі жолында қазақтың оқыған, ұлтшыл патриоттары алға шықты. ХХ ғасырда ұлы реформаторлар Әлихан, Ахмет, Міржақып ұлтты азаттыққа бастады. Осы қозғалыстың басты және түпкі мақсаты ұлтты азат жолға апару, қазақтың тапталған намысын қорғау болатын. Алаш қозғалысында тапқа, топқа, руға немесе тайпаға, жүзге бөліну деген ешқашан болмаған. Олар нағыз ұлт жанашырлары еді. Олар мыңжылдық тарихы бар дала заңын Батыс демократиясына ұштастыруды ойластырды. Және осы жұмысты жасаудың жолын білді. Алаш азаматтары жергілікті халықтың құқығы мен абыройын аяқасты етуге жол бермеу, патша үкіметі өкілдерінің жүгенсіздігіне көнбей, халықты ана тілінде білім алуын ұйымдастыру, қоныстандыру саясатын тоқтату, тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтару секілді талаптарды қойды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін қазақ халқының алдыңғы қатарындағы ұлт зиялылары қызметін күшейте түсті, үміт пайда болды. Сол жылы жазда Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ съезінде Алаш ұлттық саяси партиясы құрылды. Бұл партияның халық арасында беделі өте жоғары болды. Осы партияның көрші қырғыздар арасында да филиалы болатын. Партия құрылтайшыларының арасында басқа ұлт өкілдерінің де зиялылары бар еді. 1917 жылы желтоқсан айында Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінен кейін Алаш автономиясы құрылып, уақытша халық кеңесі жасалды. Кейбір жерлерде әскери жасақтар пайда болды. Әлихан Бөкейхандай Алаш көсемдері идеяны айқындап, нақтылап, халыққа жеткізуді білді. Біріншіден, Алаш зиялылары «жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмесін» деді. Екіншіден, елдегі барлық игілік халыққа қызмет етуі керек. Үшіншіден, қазақ елі толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс деді. Төртіншіден, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, діл, дін үстемдігі болуы керек. Бесіншіден, жапондықтар тәрізді ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Салыстыра қарасаңыз, Алаш идеясы бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясымен тура үндеседі. Елбасы экономикалық жаңғырту бағдарламасын бастап, саяси өзгерістерді енгізгенде, «Рухани жаңғыру» мақаласын жазғанда Алаш идеясына маңыз бергені көрініп тұр. Жылдар бойы халық қуғын-сүргінге ұшыраған арыстар туралы ештеңе айта алмай келді. Тек 1988-1989 жылдары Алаш зияларының біразы ақталды. Олардың ақталуына Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы көп еңбек сіңірді. Еліміздегі белді жоғары оқу орындарында, Абай, Гумилев, Әл-Фараби университеттеріне магистратура немесе докторантураға түскен жастардың жартысының көбі қазіргі уақытта Алаш, қуғын-сүргін, Ашаршылық тақырыбын зерттеуге оқталғаны қуантады. Тәуелсіздік - бұл біздің ең басты құндылығымыз бен ең маңызды байлығымыз. Тәуелсіздігімізді сақтау еліміздегі әрбір азаматтың басты міндеті мен қасиетті борышы. Осы жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай әрі күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болуы үшін кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек» деген. Осы ұлағатты сөздер өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Елбасы бұл туралы «Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе - соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның тәуелсіздігін аманаттау, тәуелсіздігімізді одан ары нығайту үшін бәріміз де атсалысуымыз керек» деген болатын. Шекарамыз берік, біргіміз мықты болсын. Әбдіуақап Қара: Мұстафа Шоқай - Алаштың автономиялық талаптарын тәуелсіз сатыға көтерген тұлға Мұстафа Шоқай осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың қазан айында іргетасы қаланған Кеңес одағына қарсы Қазақ елі мен Орталық Азия халықтарының тәуелсіздігі үшін бүкіл өмірін арнаған дара тұлға. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде қазақ халқы мен бүкіл түркі халықтарының қаһарман перзенті Мұстафаны фашистермен ауыз жаласқан опасыз құбыжық ретінде көрсетуге тырысты. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай пікірден арылып келеміз. Десе де, бұл пікірдің әлі де әсері мен ықпалы жоқ емес. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл сәуір айында «Болашақ бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл зиялы қауым мен халықты дүр сілкіндірді. Тарихты қайда жаңғыртуға тиіспіз. Бұл жерде атап өткім келетіні - Мұстафа Шоқайды тарихи тұлға ретінде айтып отырмын. Басқа да арыстарымыз да жетерлік. Оларды біз бөлшектемеуіміз керек. Алаш арыстарына қатысты «ананың қызметі зор, мынанікі аз» деп бөлшектемеуіміз керек. Отанға еңбек аз болсын, көп болсын - оның бәрі бізге қымбат болуы тиіс. Оларды (Алаш арыстары -авт) идеологиялық тұрғыда жіктеуге болмайды! Қызметтерін төмендету дұрыс емес! «Анау оңшыл, мынау солшыл, анау ұлтшыл, мынау социалист» демеуіміз керек. Басты өлшем - отанға адалдық, халыққа деген сүйіспеншілік. Мені көргендер «Мұстафа Шоқайды неге көп айтасыз? Туыссыз ба?» деп сұрайды. Бірақ, мен «Мұстафа Шоқай менің туысым» емес, бірақ халыққа кім қызмет етсе, соның барлығы біздің туысымыз» деп жауап беремін. 1920-1941 жылдар аралығында 21 жылға жалғасқан Мұстафа Шоқайдың күресін зерттей келе, оның баспасөзге ерекше мән бергенін көреміз. Осы орайда ол журнал шығарды, кітап жазды, Еуропадағы көптеген газеттер мен журналдарда мақалалары жарық көрді. Шоқай осы және басқа да саяси жұмыстарында екі ұйымға сүйенді. Оның бірі - Түркістан ұлттық одағы, екіншісі - Прометей одағы. Мұстафаның шетелдердегі баспасөз арқылы қалай жұмыс жүргізгенін айтып берейін. Ол 1921 жылдың жазында Ыстанбұл арқылы қажыға барғаннан кейін мақала жазды. Шоқайдың мақалалары орыс, түрік, француз, ағылшын тілдерінде әртүрлі газет-журналдарда жарияланды. Шоқай орыс тіліндегі мақалаларын көбіне босқын орыстардың Керенский мен Мулюковтың газеттерінде басып тұрды. Француз тіліндегі мақалалардың басым көпшілігі Прометей журналына шықты. Ағылшын тіліндегі еңбектері де беделді журналдарда орнын тапты. Шоқайдың орыс тіліндегі мақалалары, әсіресе кеңестік жүйені сынаған материалдары сол кездің өзінде Кеңес одағының құрамындағы халықтарға әсер еткенін көреміз. Міне, сондықтан Сталин мұны байқап, 1925 жылы 29 мамыр күні Қазақ өлкелік комитет бюросына хат жазып, ескерту жасайды. Сталиннің хатында Шоқайдың идеяларының Қазақстанда таралуына шек қойылмаса, ол Қазақстандағы коммунизмнің орнауына кедергі келтіруі мүмкін екеніне алаңдаушылықтарын тілге тиек етеді. Міне, осыдан кейін Мұстафа Шоқайға шабуылдардың басталғанын көреміз. Елін-жұртын ойлаған адамдарға да «шоқайшыл» деген айып-айдар тағылды. Мұстафа Шоқай үш кітап шығарған. Алғашқысы француз тілінде 1928 жылы Парижде жарық көрген. Бұл Орта Азиядағы кеңес елдері деп аталады. Бұл туындысында Мұстафа Шоқай Қазан төңкерісінің 10 жылдығына байланысты Францияға Кеңес одағынан келген кейбір француздар ол елді мақтап келеді. Әсіресе, олар Орталық Азиядағы халықтардың бейбіт, шат-шадыман өмір сүргенін, орыстардың қоян-қолтық, бауырлас ел ретінде өмір кешкені туралы әңгіме таратады. Мұстафа Шоқай бұның қате екенін, Кеңес одағы бұл кісілерді ұйымдастырып, әдейі солай айтқызып отырғанын атап өтеді. Ол кезде Орталық Азияда француз тілін білгендер болмағанын айта келіп, Кеңес одағының билігі бұның бәрін қолдан жасағанын келтіреді. Яғни, Мұстафа Қазақстандағы жағдай керісінше болғанын айтып, Қазақ жерінде шыққан газеттердегі мақалалар арқылы нақты дәлелдерді көрсетеді. Мысал үшін 1927 жылы желтоқсан айындағы «Еңбекші Қазақ» газетіндегі Голощекиннің бір мақаласын нұсқайды. Голощекин ол кезде «қазан төңкерісінің иісі қазақтардың мұрнына бармағанын айтып, олардың бұрынғы әдеп-ғұрыптары бойынша өмір кешіп келе жатқанын» келтіреді. Сол мақаланы келтіріп, Мұстафа Шоқай кеңестік жүйе қазақтың басынан сипамағанын нақты дәлелдермен келтіреді. Содан кейін Мұстафа Шоқай бұл кітабын орыс тіліне аударып. «Туркестан под властью советов» атты кітабын жазады. Оны біраз толықтыра түсіп, орыс тілін білетін адамдарға Қазақстандағы нақты жағдайдан хабардар етеді. Оның соңғы үшінші кітабы «1917 жылғы естеліктерден үзінді» деп аталады. Бұл кітабы Шоқайдың Ақпан төңкерісінен бастап Түркістан автономиясына дейінгі басынан өткен оқиғаларға байланысты естеліктер. Шоқайдың бұл естеліктерді жазудағы басты мақсаты 1917 жылы түркістандықтардың бетпе-бет келген қиыншылықтарын баяндау екенін айтады. Оның пікірінше, өткен кезеңнің қиыншылықтарымен танысып, олардан тағылым алғанда ғана Түркістанның тәуелсіздігіне қол жеткізуге болар еді. Міне, бүгін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да осы маңызды ой айтылады. Мұстафа Шоқай саяси жұмыстарында екі ұйымға сүйенді. Оның бірі - Түркістан ұлттық одағы. Бұның негізі 1920 жылы Бұхар қаласында қаланды. Және бұның қатарында түркістандық зиялылар болған. Оның ішінде қазақтардан да Мұхтар Әуезовтің болғанын Зәки Уәлиди Доған естеліктерінде атап жазған болатын. Кейін бұлар Түркістанда жұмыс жүргізе алмағаннан кейін бұл ұйым шетелге шығады. Екіншісі - Прометей одағы. Ол Польша үкіметінің қолдауындағы ұйым. Бұны саяси пікірлер клубы десек те болады. Көптеген журналдардың шығуына көмек береді. Біздің «Яш Түркістан» секілді журналдарға қаржылай көмекті Прометей одағы шеңберінде Польша үкіметі беріп отырған. Сонымен, қорытып айтар болсақ, Мұстафа Шоқай кеңестік билік пен оның идеологиясына қарсы 1921-1940 жылдар арасында Еуропа елдерінде әсерлі күрес жүргізгенін айта аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткеніндей, мықты әрі жауапкершілігі жоғары, тұтас ұлт болу үшін бұқаралық сананы дұрыс қалыптастыру барысында Мұстафа Шоқай секілді тарихи тұлғаларды дұрыс танып білген жөн. Мұстафа Шоқайды сатқын, фашистермен ауыз жаласқан опасыз ретінде көрсеткен сөздердің ешбір шындығы жоқ. Қайта ол елі үшін, халқы үшін Тәуелсіздік жолында құрбан болды. Осы орайда Шоқай Түркістан ұлттық одағымен, Прометей одағымен тізе қоса жұмыс жүргізді. Оның саяси басылымдарының ішінде «Яш Түркістан» журналының орны ерекше. 117 саны жарық көрген журнал - Шоқайдың пікірлерінің топтамасы. Шоқай күресі барысында Алаш қайраткерлерінің автономия талаптарын тәуелсіз сатысына көтерді. Міне, Мұстафа Шоқайдың Қазақстан тәуелсіздігі тарихының мәнін көтеріп, мазмұнын тереңдететін ең басты қызметі осы. Людмила Гривенная: Алаш партиясының идеялық ұстанымы халықты біріктіре білді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, доцент Людмила Гривенная: Осыдан 1 ғасыр бұрынғы оқиғалардан кейін Қазақстан тарихи өзгерістердің ортасында қалып, Патша үкіметі құлап, азаматтық текетірес басталған кезде Қазақ мемлекеттілігін құру мүмкіндігі пайда болды. Қазақ даласындағы барлық саяси және әлеуметтік өзгерістер қысқа хронологиялық аралықта өрбіді. Алға ұмтылуға ерік бермей, уақыт жан-жақтан қыса түскен кезең де сол шаққа тұспа-тұс келген еді. Дәл осы шақта Қазақстанда ұлттық демократиялық партиялар құрылып, қазақ мемлекеттілігін құрудың альтернативті нұсқасын ұсына бастайды. Көп партиялардың ішінде саяси және интеллектуалдық тұрғыдан пісіп жетілгені Алаш партиясы болатын. Алаш аталуының да қазақ тарихымен байланысты екені белгілі. Ал Алаш азаматтары «Қазақ» газеті халықтың өз құқығын қорғауға шақырып, мемлекет құру, жерді қайтару мен туған тілді қорғау идеясын ел ішінде насихаттай бастады. Алаш - колониализмге қарсы қазақтардың ұлтты азат ету жолындағы жаңа кезеңі. Алаш қозғалысының басты ерекшелігі - дәстүрге айналған соғыс жолымен емес, саяси әдістерді қолдану арқылы ұлтты еркіндікке жеткізу болатын. Алаш көшбасшылары барша халықтың мүддесін қорғап, ең бастысы, саяси, саяси-әлеуметтік, мәдени тыныс-тіршілікті дамытуға ден қойды. 1905 жылдан бастап қазақ интеллигенциясы Патша үкіметіне қарсы күрес жүргізіп, ұлттың өз құқығын қорғауда оянуына күш салды. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Алаш қайраткерлері халықты мәнсіз құрбандықтардан сақтандырды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін ортақ идеяны іске асырып, Қазақ автономиясын құру талпынысы жасалды. Алаш интеллигенциясының еңбегі қазақ даласына мемлекет құру идеясын алып келумен шектелмейді, осы идеяны шын мәнінде жүзеге асыру талабымен ерекшеленеді. Либералды демократизм, қазақ халқының мүддесін қорғау - Алаш партиясының саяси платформасын өзгелерден гөрі биікке көтеріп тұрды. Осының нәтижесінде, 1917 жылдың қараша айында құрылтай жиынында Алаш партиясы 200 мың дауыс жинап, Ресейдегі елуге жуық партияның ішінде 8-ші орыннан көрінген. Партияның бағдарламасы демократиялық қағидаттарға негізделе отырып, жалпыұлттық бірлікті көздеді. Екінші жалпықазақ съезінде, яғни 1917 жылдың желтоқсан айында аумақтық ұлттық автономияны белгілеумен бірге, автономияны құрайтын барлық ұлттық азшылықтар назардан тыс қалған жоқ. Айта кетерлігі, Алашорда үкіметі кезінде биліктегі 25 адамның 10-ы (демек, 40 пайызы) қазақ даласында өмір сүріп жатқан орыстар мен өзге де азшылықты құрайтын ұлт өкілдіктеріне берілді. Облыстық съездерде аз ұлттардың мәселесіне мән беріліп, Алаш интеллигенциясының әділеттілігін дәлелдей түсті. Алаш зиялылары автономия аумағында өмір сүріп жатқан барлық ұлттарға теңдік берді, Алаш партиясының жалпыхалықтық, идеялық ұстанымы халықты біріктіре білді. Олар дәл сол кезеңде қазақ қоғамының саяси іргетасын көтеру керектігін сезінді. Күш көрсету қағидатынан бас тарту, таптық күрестің алдын алу жолындағы Алаш қайраткерлері мен большевизмнің ойы бір жерден шыққан жоқ. Текетірес - тең күште болмай, Алаш қайраткерлерінің талап-тілегі орындалмай қалды. Алаш қозғалысының маңызы - қазақ ұлтына тіл мен ділін сақтау басты мақсат пен мүдде екенін ұқтырып кетті. Сонымен бірге, Алаш көшбасшыларының ойынша, аймақтың дамуының авангардында барлық ұлттарды біріктіретін, қазақ халқы болуы керек еді.