Тұтас психикалық білім ретінде дүниетаным – күрделі де көп аспектілі құрылым. Оның ұйытқысы – қисынды ойлау, жоғары интеллектуалды сезімдерді білдіру, саналы мақсатты ерік-жігердің дамыған қабілеттілігімен үйлесімді көзқарастар мен сенімдер. Көзқарастар – адамның идеясы, білім, теориялық тұжырымдар мен болжамдар ретінде қабылдауы. Әрбір адамның дүние танымдық көзқарастары ұзақ та күрделі интеллектуалды қызмет- әрекет нәтижесінде қалыптасады. Ал, көзқарастар болса оның рухани мәдениетінің негізін құрап, оның «Мен» деген сезімінің мәнісін ашып, оның өмірлік ұстанымдарын, ар-ұятын анықтайды.● Сенім – көзқарастардың сапа жағынан мейлінше жоғары күйі. Сенім білім сияқты объективті шындықтың субъективті көрінісі, адамдардың ұжымның жеке тәжірибесін меңгеруінің нәтижесі. Сенім әлде бір «білетін» немесе «түсінетін» емес, ол – жеке тұлғаның ішкі ұстанымдарына айналған білім.● Сезім – сенімнің үйлесімді қасиеті. Сенімді өмірде басшылыққа алу таным қуанышы мен ақиқат шындығының, сұлулыққа эстетикалық сүйсіну мен оған берілгендік, әлеуметттік оптимизм мен мақсаттылық сияқты интеллектуалды сезімдермен байланысты.● Қажымас ерік-жігер– дүниетанымның маңызды элементі. Сенім адамды іс-әрекетке итермелейді. Ғылыми дүниетаным теориялық санамен шектеліп қана қоймай тәжірибеде сана мен жігерді іс-әрекетпен біріктіреді. Дүниетаным элементі ретінде теориялық ойлау дегеніміз – адамның білімді, болмыстың құбылыстарын шығармашылық түрде түсініп-ұғыну, дүниетанымды мейлінше жетілдіру, ерік-жігерді сенімді іске асыруға бағыттаудың қабілеті.● Арман-мұрат өмірлік мақсаттар ретінде дүниетанымның ең маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Сананың мазмұны сенім сипатына ие болған жағдайда дүниетанымға айналады. Адамның дүниетанымы көбінесе оның тікелей өмірлік тәжірибесіне негізделеді ● Көзқарастар– адамның қол жеткізген идеялары, білімдері, теориялық тұжырымдар мен болжамдар ретінде қабылдаулары. Олар табиғат пен қоғам құбылыстарын түсіндіріп, адамның мінез-құлық, іс-әрекет пен қатынастардың бағыт-бағдары қызметін атқарады.