Толымсыз сөйлем-ойға қатысты сөйлем мүшесінің біреуі түсіп қалған сөйлем түрі.Мысалы:Қарлығаштар тағы келді.Қайта-қайта келе берді т.б.
Атаулы сөйлем-кейбір жай сөйлемдер іс-оқиғаны баяндамайды,тек заттың,құбылыстың,мезгілдің,мекеннің атауын ғана білдіреді ондай сөйлемдер атаулы сөйлем деп аталады.Мысалы:Дала.Егін даласы рақат құшағында т.б.
Сөйлемдер айтылу мақсатына және дауыс ырғағына қарай хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты болып төртке бөлінеді.
Хабарлы сөйлем- сөйлемнің бір түрі. Хабарды, ақпаратты баяндау мақсатында айтылады. Хабарлы сөйлем деп біреу я бірдеме туралы хабарлай айтылған сөйлемді атаймыз. Хабарлы сөйлемді айтқанда, оның аяғында дауыс бәсеңдейді. Жазуда хабарлы сөйлем соңына нүкте қойылады. Хабарлы сөйлемнің негізгі грамматикалық белгілері:
Баяндауыштары негізінен ашық рай формалы етістіктен (немесе осы формаға сипаттас жұмсалатын есімдерден) жасалады;
Өзіне тән интонациясы болады. Хабарлы сөйлемдер баяу әуенмен айтылады. Жалаң сөйлемдер бірте-бірте қайырылса, жайылма сөйлемдерде дауыс сөйлемнің соңында бәсеңдей түседі. Мысалы, Түн жым-жырт. Жел де жоқ. Бірақ сәл ғана білінген салқын бар.
Арнаулы құрылысы бар баяндауыш мүшені тірек етіп құрылады. Мысалы, Оны бұзуға болмайды;
Бастауыш, баяндауыш деп тануға келмейтін, тірек мүше деп аталатын компонентті негіз етіп құрылады. Мысалы, Мидай дала. Жарқыраған ай.
Сұраулы сөйлем деп біреу я бірдеме жайында білу мақсатымен сұрай айтылған сөйлемді атаймыз. Сұраулы сөйлем соңына сұрау белгісі қойылады. Сұраулы сөйлемдер негізгі сұрақты, жетек сұрақты, анықтауыш сұрақты білдіреді Сұраулы сөйлемнің жасалуы:
сұраулы сөйлемдер сұрау есімдігі қатысуы арқылы айтылады;
сұраулық мағына ма (ме), ба (бе), па (пе) және ше деген сұраулық шылаулардың қатысуы арқылы да білдіріледі;
сұраулық мағына кейде ғой, -ау шылаулары мен болар, шығар, қайтеді деген көмекші сөздердің және ә деген одағайдың қатысуы арқылы беріледі;
сұраулық мағына сұрау дауыс ырғағының өзі арқылы да беріледі.
Лепті сөйлем деп ерекше көңіл күйіне, сезімге байланысты (қуану, ренжу, таңдану, аяу, бұйыру және т. б.) айтылған ойды білдіретін сөйлемді дейміз. Лепті сөйлем ішіндегі сөздер түгелімен (әсіресе баяндауышы) көтеріңкі дауыспен айтылады. Лепті сөйлем соңынан леп белгісі қойылады. Лепті сөйлем ішінде сұраулық мәнді сөздер де аралас келуі мүмкін. Мұндайда сөйлем соңында леп белгісі мен сұрау белгісі қатар қойылады. Егер сұрау мағынасы басым айтылса я сұрау мәнді сөздер бұрын айтылса, сұраулық бұрын (?!) қойылады, леп мағынасы басым айтылса я леп мәнді сөздер бұрын айтылса, лептік бұрын (!?) қойылады.
Бұйрықты сөйлем - қимыл-әрекетке итермелу мақсатында айтылған сөйлем.
Бұйрықты сөйлем көбінесе ауызекі тілге тән. Бұйрық мағынасы әр түрлі реңкте білдіріледі: егер бұйыру қатал талап мағынасында жұмсалса, дауыс көтеріңкі айтылады, ал өтініш, тілек мағынасында айтылса, бәсең айтылады. Бұйрықты сөйлемдердің баяндауыштары етістіктің бұйрық және қалау райлары арқылы жасалады
Достарыңызбен бөлісу: |